Компаративизм
Компаративизм (латынша comparatives – салыстырмалы, қ. Әдебиет танудағы әдістер) - әдебиет тану ғылымындағы салыстырмалы-тарихи мектеп. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап ғылымда ерекше орын алған зерттеу әдісі.
1974.
Корей әдебиеті
Жапон колонизаторлары қуылғаннан кейінгі алғашқы жылдары (1945-48) көптеген жазушылар өз шығармаларында елінің тәуелсіздігінен үміт етті (Ли Ха Юн (1902 жылы туған), Ким Соп (1906 жылы туған), Ючи Хвандардың (1897-1967) өлең жинақтары). 1948 жылдан бастап әдебиетте антикоммунистік тенденция күшейді. Прозаиктердің аға буын өкілдері (Ем Сан Соп, Чу Е Соп, Ли Му Ен) натуралистік және декаденттік әдебиет дәстүрлерін жалғастыруда. 1954 жылдан бері француздың экзистенциализмі мен «жаңа сын» конценциясы т.б. ағымдардың әсеріндегі жас жазушылар бой көрсете бастады. Соғыс, торығу, зарығу және абсурдтық тақырыбы Ким Сон Хан (1919 жылы туған), Сону Хвилердің (1922 жылы туған) проблемалық прозаларында белең алды. Ли Дон Джи мен Ли Хен Гидің прозаларында мистицизм және арнайы «шығысша ойлау» бағытындағы ізденістер кездеседі. 1960 жылы апрельдегі көтерілістен кейін әдебиетте прогресшіл тенденциялардың қайтадан жандануы байқалды. Оңтүстік Корея шындығын сынайтын, былайша айтқанда, қатысу әдебиеті дами бастады.
1974.
Кешоков
Әлім Пшемахович (22.7.1914 ж. т., Қабарда-Балқар СССР-і, Чегем ауданы, Шалушка с.)-қабарда совет ақыны. 1941 жылдан КПСС мүшесі. Солтүстік Кавказ педагогика институтын (1935), КПСС ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1953) бітірді. Алғашқы шығармалары 1934 жылдан жариялана бастады. «Тау етегінде» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1941 жылы шықты. Кешаков «Салт аттының сапары» (1946), «Жастық өлкесі» (1948), «Өлеңдер мен поэмалар» (1946), «Киелі тас» (1964) т.б. шығармаларында қабарда-балқар халықтарының жарқын өмірін шынайы суреттеді, жасампаз совет адамдарының жаңа қоғам орнату жолындағы ерлік күресі мен еңбегін шабыттана жырлады. Кешоков бірқатар прозалық және драмалық шығармалар да жазды. Оның «Ғажайып кезең» атты романында (1-2 кітап, 1960) тау халқының революция жеңістері үшін күресі, таптық тартысы, ұлттық қалыптасуы секілді әлеуметтік маңызды мәселелер реалистік шеберлікпен суреттелген. «Альхо» (1950), «Соңғы шақырым»(1967) т.б. пьесаларында, «Тау көшкіні» (1957) атты кинолсценарийінде совет адамдарының патриотизмнің, рухани сезімдерін тартымды суреттеді. Кешоковтың орыс тілінде «Жырлар» (1951), «Жаңа үйде» (1956), «Өлеңдер, поэмалар» (1959), «Таңдамалы лирикалар» (1971) т.б. көптеген өлең кітабы жарық көрді. Кешоков-Қабарда-Балқар АССР-і халық ақыны (1964), РСФСР-дің М.Горький атындағы мемлекеттік силығының лауреаты (1968). Балаларға да арнап кітаптар жазды, орыс классиктері мен совет ақындарының шығармаларын қабарда тіліне аударды. СССР Жоғарғы Советінің депутаты (7-8-сайланған), 5 орденмен және медальдармен наградталған.
1974.
Лейтмотив
Лейтмотив (немісше Leitmotiv – жетекші әуен) – музыкалық шығарманың өзекті образы ретінде қайталанып отыратын әуен айналымы (әуен, ән бөлшегі, бүтін музыкалық тақырып, кейде гармониялық аккордтар тізбегі). Ол шығарма идеясын айқындау немесе шартты түрде белгілі бір кейіпкерді, затты, көріністі эмоциялық жағынан сипаттау үшін қолданылады. 19 ғасырдан бастап операда, балетте және аспаптық-программалық музыкада кеңінен пайдаланылып келеді. Р.Вагнердің операларында лейтмотив музыка-драмалық өрістеудің негізгі өзегіне айналды. Лейтмотив орыстың класски композиторлары М.П.Мусоргский, П.И.Чайковский, Н.А.Римский-Корсаков шығармаларынан елеулі орын алды. 20 ғасырда жаңа музыкалық жанрларының дамуына байланысты лейтмотивтің басқа да түрлері пайда болды. Лейтмотив қазіргі музыкалық шығармаларда да (мысалы, Прокофьевтің опералары мен балеттерінде) жиі кездеседі. Қазақ музыкасында (негізінен Брусиловскийдің операларында) лейтмотив кеңінен қолданылды (мысалы, «Қыз Жібектегі» «Гәкку», «Ер Тарғындағы» «Қорлан», «Жалбырдағы» «Елім-ай» т.б.). Лейтмотив әдебиет тануда жазушы творчествосының басты арқауы, идеялық-образдық тұтастығы деген мағынада қолданылады. Лейтмотив қайталанып отыратын тақырыптық жүйе, көркемдік құралдар бірлігі, детальдар системасы орайында да танылады. Көркем шығармада дыбыстық, ырғақтық, әуендік т.б. лейтмотивтер мол. Портрет жасауда детальдық лейтмотивті Лев Толстой, дала бейнесін беруде жолды суреттеу лейтмотивін Мұхтар Әуезов жиі қолданған.
1975.
Либретто
Либретто – (итал. Libretto, сөзбе-сөз – кітапша) – музыка-драмалық шығармалардың (опера, оперетта, кантата, оратория т.б.) сөз тексі. Балет, пантомиманың да әдеби сценарийі либретто деп аталады. Либретто драматургиясының жалпы заңдылықтарына сәйкес жазылады. Либретто сюжеті, көбіне дәстүрлі оқиғаны ала отырып, музыкалық композиция шарттарына сәйкес ықшам құрылады. Либреттоның алуан түрлері бар. Оның тарихы операның тарихымен тығыз байланысты. Қазақ өнерінде М.Әуезов («Абай» операсы, «Қалқаман-Мамыр» балеті), Ғ.Мүсірепов («Қыз Жібек» операсы) либреттоның классикалық үлгілерін жасады.
1975.
МОРАВИА
Моравиа (Moravia) Аьберто (лақап аты; шын фамильясы Пинкерле, Pincherle; 28.11.1907 ж. т., Рим) – итальян жазушысы. Моравианың творчествосындағы әлеуметтік-психологиялық проблематика оның италия буржуазиясының жас буындары арасындағы бойкүйездікті суреттеген «Селқостар» (1929) романы арқылы байқалды. 30-40 жылдардың басында фашистік режимге қарсы сықақтарын жазды. Оның «Римлянка» (1947), «Жылмысқы» (1951) романдары да фашизмді әшкерелеуге арналған. Моравианың буржуазиялық қоғамының құлдырау сатысын суреттеген «Чочара» (1957), орыс тілінде (1958), «Іш пысу» (1960), «Назар» (1965), «Мен және ол» (1971) т.б. романдары, «СССР-де бір ай» (1958) атты сапарнамасы бар.
Әдеб.: Потапова З.М., Неореализм в итальянской литературе. М., 1961.
1976.
МОРИАК
Мориак (Mauriac) Франсуа (11.10. 1885, Бордо, - 1.9.1970, Париж) – француз жазушысы. Француз академиясының мүшесі (1933). Мориактың алғашқы романы – «Бұғау астындағы перзент» (1913), «Сүйкімсізді сүю» (1922), «Ана» (1923), «Тереза Дескейру» (1927, орыс тілінде 1927), «Ордалы жылан» (1932, орыс тілінде 1934), «Кесілген жол» (1939, орыс тілінде 1957) атты романдары оның даңқын шығарды. Соғыс жылдары антифашистік бағыт ұстап, «Қара дәптер» (1943) мақаласын жариялады. Соғыстан кейінгі жылдары «Агнец» (1954), «Бағы заман жеткіншегі» (1969, орыс тілінде 1970) т.б. романдарын жазды. Мориактың эстетикалық көзқарасы «Роман» (1928), «Романист және оның кейіпкерлері» (1933, 1970) т.б. еңбектерінде баяндалған. Ол реализмді қолдап, модернизмге қарсы болды. М.Нобель сыйлығының лауреаты (1952).
Әдеб.: Кирнозе З.И., Франсуа Мориак, М., 1970.
1976.
2. ҚАЗАҚ ССР. ҚЫСҚАША ЭНЦИКЛОПЕДИЯ
ДРАМА
Драма (грек. drama - әрекет) - өмір құбылысын шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, кейіпкерлердің әрекеті арқылы бейнелейтін әдеби жанр. Драмалық шығарма театрға арналып жазылады да, сахнада өзінің көркемдік деңгейіне көтеріледі. Драма бастапқы кезде хор, диалог, би, ым (пантомимо) аралас келіп, көркем өнердің күрделі саласы ретінде дамыған. Кейін драма бұлардан бөлінді. Трагедия, драма, комедия жанрлары қалыптасты. Драма жанры көне Грецияда туып, Эсхил, Софокл, Еврипид трагедияларында, Аристофан комедияларында жоғары көркемдік дәрежеге көтерілді. Қайта өркендеу дәуірінде Англия (К.Марло, У.Шекспир) мен Испанияда (Лопе де Вега, П.Кальдерон) дамудың шырқау биігіне жетті. 17 ғасырда Батыс Еуропада драматургияда классицизм үстем болды (П.Корнель, Ж.Б.Мольер, Ж.Расин). 18 ғасырда феодализмге қарсы күресті бейнелейтін буржуазиялық ағарту драмасы пайда болды. Империализм кезінде құлдырай бастаған буржуазиялық драмаға қарсы Батыс Еуропадағы жұмысшы қозғалысының мақсат-мүддесімен тығыз байланысты прогресшіл драма дүниеге келді. Россияда драма ауыз әдебиетінің негізінде 17 ғасырда туды. 18 ғасырда классицизм ықпалымен дамыды. 19 ғасырда Н.В.Гоголь, А.С.Пушкин, А.Н.Островский орыс драматургиясын реалистік бағытта өрістетіп, ұлттық дәстүрді одан әрі А.П.Чехов, А.М.Горький жалғастырды. Совет заманында драматаругияның дамып, қалыптасуы К.С.Тренев, В.Н.Билль-Белоцерковский, Вс.Вишневский, Б.А.Лавренев, А.Н. Афиногенев, Н.Ф.Погодин, А.Е.Корнейчук, А.Н.Арбузов, В.С.Розов, М.Ф.Шатров т.б. есімімен тығыз байланысты. Қазақ драматургиясында кейбір пьесалар Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бұрын жазылғанмен, нағыз драма совет дәуірінде туып, қалыптасты. Жалпы драмада күнделікті тұрмыстың әртүрлі құбылыстары жан-жақты бейнеленді. Сан алуан тартыстар қаһармандарды ауыр шайқастарға салып, олардың рухани-адамгершілік қуатын сынап көреді, алға қойған мақсат, нысана үшін күресу үстінде адамдар мінезінің жан-жақты қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту сияқты кейіпкерлер әрекеті тартысқа толы оқиғалармен, жағдайлармен шиеленіседі. Тұрмыстың семьяның, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драманы ұлғайту (гипербола), өсіру (гротеск), әсірелеу тәрізді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне нақты детальдар, табиғи бояулар дәуір, өмірді реалистікпен бейнелеуге көбірек мүмкіндік береді. Драма кейіпкері ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын кезеңін басынан өткереді; тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып шығады, не ешнәрсеге мойымай, басқа түскен ауыртпалықты қайыспай көтеріп, белеске шығады, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылады. Әдебиетімізде көп жылдар бойы жинақталған дәлелдер, көркемдік процесс негізінде, қазақ драмасын мынадай үш салаға жіктеуге болады: 1) қаһармандық драма – қажырлы кейіпкердің қиындықтарды жеңген, арман-мақсат, еркіндік үшін арпалысқан жолын бейнелейді, сұсты тіршіліктің тартысты ағысын, ызғарлы оқиғаларын көрсетеді. Отан үшін, азаттық үшін күрескен ерлердің жағымды мінездері, игі қадамдары мадақталады. Басқыншыларға; зұлмат күштерге қарсы сұрапыл шайқаста кейіпкерлер көбінесе жеңіске жетіп, салтанат құрады. Басты кейіпкерлер – ер жүректі, үлкен мақсатты, қажырлы, жігерлі адамдар, азаттық үшін алысқан ерлер, ескілікті күйретіп, жаңа өмір жасаған революция ардагерлері, қас дұшпанмен күрескен Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Мысалы, С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» (1922), І.Жансүгіровтің «Кек» (1936), М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Сын сағатта» (1942), «Қобыланды» (1945), С.Мұқановтың «Күрес күндерінде» (1938) т.б. пьесалар; 2) саяси-әлеуметтік драма - өмірдің жаңа құбылыстарын келісімге келмейтін қарама-қарсы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы бейнелейді. Өмірге, жақсылыққа деген көзқарастар ашық, айқын айтылады, қантөгіс шайқас, үлкен құрбандықтар болмайды, кейіпкерлер арасындағы кезексөз (диалог) ұлғайып, философиялық толғанысқа айналады. 30-40 жылдардағы драмаларда таптық, әлеуметтік тартыс үстем болса, кейінгі кезде реалистік ұғым басым түсіп, идея мен образ бірлігі күшейді. Мұндай туындыларға С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында» (1917), Ж.Шаниннің «Өлімнен үмітке» (1930), М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» (1917), «Шекарада» (1930), «Алуа» (1953), С.Жүнісовтің «Өліара» (1985) пьесалары т.б. жатады; 3) тарихи-ғұмырнамалық драма – белгілі тарихи тұлғаның өмірін арқау етеді. Эстетикалық шындықпен бейнеленген көрнекті адамның іс-әрекеті, күрес жолы, идеялық нысанасы бүгінгі өмірімізге үлгі етіп ұсынылады, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде алынады. Бұл жанр қазақ әдебиетінде Ұлы Отан соғысынан кейін жақсы дамыды. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай» (1950, Л.С.Соболевпен бірге), С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» (1954), «Сәкен Сейфуллин» (1964), Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» (1939), «Ақан сері - Ақтоқты» (1942), Ә.Тәжібаевтың «Майра» (1962), Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани» (1967), Ә.Әблшевтің «Сәкен аманаты» (1987), Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспіз» (1987), Ш.Мұртазаевтың «Қызыл жебе» (1987), «Сталинге хат» (1988), С.Жүнісовтің «Өліара» (1985), О.Бөкеевтің «Зымырайды поездар» (1984), Д.Исабековтың «Әпке» (1983) пьесалары т.б. Қазіргі кезде драма мен театр – социалистік қоғамда өмір сүрген қазақ халқының өмірінен ерекше орын алатын көркемдік игіліктің, эстетикалық байлықтың бірі. Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі мерзім ішінде ұлттық драматургия қалыптасып, халқымыздың рухани дәулетінің қатарына қосылды.
1989.
ДРАМАТУРГИЯ
Драматургия – қазақ әдебиетінде 20 ғасырдың басында әлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа жанрлық түр. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі фактордың бірі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшелген бай фольклоры. Тұңғыш қазақ пьесаларына ауыз әдебиетінің жасаған әсер-ықпалы жанрлық формалардың дамуындағы күрделі процестен айқын көрінеді. Алғашқы драматургтар эпостық материалдарды арқау ете отырып, Еуропа, орыс, татар әдебиеттеріндегі драмалық формаларды пайдаланып, жаңа жанрдың үлгілерін жасады. Сюжеті, образдары эпостан, ауыз әдебиетінен алынған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесалары драматургияның жанрлық сырларын, поэтикалық ерекшеліктерін меңгерудегі қазақ әдебиетінде ең алғашқы тәжірибелер. Бұл пьесаларда эпоста баяндалатын оқиғаларды диалогқа көшіру, жырдағы толғауларды өз қалпында алу, детальдарды, сөйлемдерді сөзбе-сөз пайдалану жиі кездеседі. Эпос үлгілерін сахна ерекшелігіне қарай ықшамдап, артистер ойынында лайықтап, драмалық формаға түсіре, инсценировкалау тәжірибесі де көрінеді. Фольклор материалында сүйеніп жасалған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов шығармалары бұл жанрға деген жаңаша көзқарастың, әдебиеттің дамуы жолындағы жауапкершіліктің айғағы. Эпостан алынған дүниелер көп зерттеліп, авторлық идеал, суреткерлік концепция тұрғысынан қайтадан сомдалып шыққан. Олар фольклор үлгілерін сөзбе-сөз көшіріп, вариация жасамайды, белгілі мотивтерді қайталамайды. Халық даналығына өз тараптарынан терең ой қосып, реалистік, типтік деңгейге көтерілген образдар жасау арқылы өнерді байыта түседі. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Айман-Шолпан», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесалары – эпостық дәстүрлер мен әлемдік драматургия сабақтарын шебер ұштастырудан туған кесек шығармалар, әдеби дамуға ықпал еткен ұлттық классика. Қазақ драматургтарының социалистік реализм әдісін меңгеру жолындағы ізденістерді ең алдымен жаңа тақырыптарды, Ұлы Октябрь социалистік революциясы тудырған әлеуметтік өзгерістерді, халық санасындағы айрықша құбылыстарды бейнелеу мақсатымен терең ұштасып жатыр. Бұл жаңалық С.Сейфуллиннің революционер бейнесін жасаған «Қызыл сұңқарлар» драмасынан басталып, қазақ әдебиетіндегі берекелі, жемісті мақсатқа айналды. М.Әуезовтің ескі ауылды көрсететін пьесалар топтамасының өмірдегі құбылысқа лайық түр тауып, негізінен трагедия болуында заңдылық бар. Бұл туындылар формасы жөнінен Еуропа, орыс әдебиеттеріндегі классикалық пьесаларға ұқсас. Социалистік қазақ ұлтының өміріндегі елеулі кезеңдердің бәріне де драматургтар үн қосып отырды. Бұл орайда М.Әуезовтің жаңа адамды, советтік шындықты, социализм мұраттарын арқау еткен пьесалары тақырыптарының әр алуандығымен көзге түседі. Революционерлер, тарихи адамдар бейнесі («Октябрь үшін»), советтік интеллигенцияның қалыптасуы («Тартыс», «Алма бағында», «Дос – бедел дос»), жаңа семьяның тууы («Тас түлек»). Ұлы Отан соғысындағы халық қаһармандығы («Сын сағатта», «Қынаптан қылыш», «Намыс гвардиясы», «Асыл нәсілдер»), партия қызметкерлерінің, коммунистердің тұлғасы («Шекарада», «Алуа») – осы секілді әр саладағы идеялық-эстетикалық ізденістердің өзегі типтік ортада шынайы тартыс үстінде көрінген типтік ортада шынайы тартыс үстінде көрінген типтік характерлер жасау, қаһарманның психологиясын ашу талаптары болып табылады. М.Әуезовтің советтік өмірді бейнелейтін пьесаларында ұзақ мерзімді тартысты қамту, көпшілік көріністеріне айрықша мән беру, астар, символ, шарттылық, фантастика, эпика элементтерін кірістіру секілді қазақ драматургиясында тұңғыш рет қолданылған формалық жаңа сипаттар бар. Алғашқы қазақ комедияларының арқауы – халық арасында ұрпақтан ұрпаққа жетіп, үнемі жетілдірілумен келген аңыздар, күлкілі әңгімелер, болған оқиғалар. Ж.Шаниннің шағын көлемді, қысқа қайырылған «Торсықбай», «Айдарбек» секілді комедияларының сюжеті ел аузында айтылатын қалпынан көз өзгеріске түспеген. Фольклор материалын сахнаға лайықтау, диалогтар жасау, кейіпкерлер мінезін айқындау, тартысты күшейту арқылы драматург-аңыздан төл шығарма жасаған. Ж.Шаниннің «Қара құлып», «Жанды сурет» сияқты шағын пьесаларының сюжеті авторлық қиялдан туғанн. Қазақтың тұңғыш сатиралық комедиясы «Үш бажа» - эпостық дәстүрлер арнасынан әлі шығып болмаған, сюжетін, ситуациясын, көркемдік құралдарын фольклордан алып жасайтын кезеңнің жемісі. «Айман-Шолпан» пьесасының соңғы вариантында М.Әуезов фольклорды пайдалана отырып, реалистік комедия жасаудың творчестволық үлгісін көрсетті. Қазақ комедиясының атасы аталған Б.Майлин драматургиясының реализмі ең алдымен шығармаға күнделікті өмір құбылыстарын комедияға лайық ситуацияларды екшеп, сұрыптап ала білуден аңғарылады. Комедиограф қоғамдық аренадан кететін таптардың моралін, психологиясын характерлер арқылы көрсетіп, күлкіге әлеуметтік салмақ артқан. Б.Майлин комедияларының жанрлық формалары сан алуан, олардың ішінде водевиль де, скетч те, сатира да бар. Күлкі тудыруда ситуация, психология ерекшеліктері, характерлер тартысы, шарттылық амалдар, затты, детальды ойнату, тілдік сипаттамалар, неше түрлі көркемдік құралдар еркін қолданылған. Б.Майлин комедиялары атының өзі астарлы, символды мәні бар болып келсе, кейіпкерлердің есімі олардың әлеуметтік ортасының моралінен, идеалынан жақсы хабар береді. Кейіпкерлер тілі лексикалық, синтакситік, интонациялық жағынан өзара дараланып берілген. Әлеуметтік мәнді мәселелерге құрылған, әр түрлі мінез-құлықтары бар, сан алуан күлкіге негізделген, жанр шарттарына толық жауап беретін Б.Майлиннің реалистік комедиялары қазақ драматургиясының кейінгі дамуына үлкен әсер етті. Қазіргі қазақ комедияларында социализм табиғатына жат құбылыстар, адам мінезіндегі олқылықтар – бюрократизм, махаббат тұрлаусыздығы, жағымпаздық, парақорлық, зиянкестік, дүниеқоңыздық күлкі болады. Комедиографтар бүгінгі драматургияның жетістіктерін, театр, кино ықпалымен келген жаңалықтарды, шарттылық тәсілдерін, соны формаларды творчестволарында қолдана бастады. Ә.Тәжібаев, Қ.Сатыбалдин, Қ.Мұқамеджанов, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов секілді комедиографтардың сахнада қойылып жүрген шығармалары ситуациясы, күлкі тудыратын тәсілдері, жасаған бейнелері жағынан бір-біріне ұқсас болғанмен, олар – дараланған мінездер бар, неше түрлі жанрлық формаларда туған реалистік комедиялар. Өмірлік шындық пен көркемдік арасындағы диалектикалық байланыстың қырлары қазақ драматургиясында тарихи-революциялық, ғұмырнама өмірбаяндық тақырыпты игеруден де көрінеді. Творчество адамдары, Абай, Шоқан, Ақан сері туралы пьесалар сол тұлғаның тарихтағы рөлі жөніндегі маркстік-лениндік ілімнің тұжырымын терең ұғынып, күрескер тағдыры мен халық тағдырын ұштастыра суреттеуден туған. Әр драматург дәл фактіні, нақты деректі, негізгі оқиғаны пьесаға арқау еткенде өзінің идеалына мұратына орай оларды әр түрлі пайдаланады. Бұған ақын-революционер С.Сейфуллиннің өміріне арналған. С.Мұқанов, Қ.Сатыбалдин, Ә.Әбішев, А.Сатаев пьесаларын зерттегенде айқын көз жекізуге болады. «Майра», «Дала дастаны» драмаларының тарихи материалды зерттеп пайдалану принциптерінде, характер жасау, тіл ерекшеліктерінде поэзия дәстүрлері, ақындық тәжірибелердің ықпал-әсері бар. Бірқыдыру тарихи драмалары психологиялық тереңдік, астарлы ойлардан гөрі публицистикалық, патетикалық идея басымырақ. Қазіргі қазақ драматургиясында қызықты творчестволық процестер жүріп жатыр. Ескі дәстүрлер жаңғырып, оның орнына жаңа тенденциялар көріне бастады. Совет адамдарының, социалистік қазақ ұлтының бүгінгі өмірін бейнелейтін драматургиядағы негізгі, орталық қаһарман – күрескер, жаңа дүниетанымның, жаңа моральдің, жаңа психологияның адамы З.Шашкиннің «Ақын жүрегі», Т.Ахтановтың «Сәуле», Ә.Әбішевтің «Белгісіз батыр», Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестер» пьесаларындағы кейіпкерлер әр түрлі мінез-құлықтың, әр түрлі мінездің адамдары, бұл шығармалардың өмірлік материалды сұрыптау әдістерінде, стиль қалыптарында көп ерекшеліктер бар. Деректі материалды, фактіні, шартты тәсілдерді пайдаланып жазылған, күрделі мәселелерді қозғайтын, қазақ драматургиясының тақырыптық шеңберін кеңейткен Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде», Ә.Тәжібаевтың «Қыз бен солдат» драмалары сахнада қойылып келеді. Жанрлардың өзара тоғысуынан, бір-бірін байытуынан туған формалар, драмалық тартысы күшті, характерлері айқын туындылар негізінде жасалған инсценировкалар қазақ драматургиясында көріне бастады. Драматургияда реалистік тіл үшін күрес, ақ өлең жасау ізденістері бел алды. Қазақ дараматургиясының дамып, өсуіне классикалық туындыларды аудару тәжірибесі үлкен әсер етті. Алғашқы аудармашылардың М.Дәулетбаев, Н.В.Гогольдің «Үйленуін», У.Шекспирдің «Гамлетін» қазақшаласа, М.Әуезов аударманың драматургиядағы классикалық үлгілерін тудырды («Ревизор», «Отелла», «Асауға тұсау», «Любовь Яровая» т.б.). Театр репертуарларына әр түрлі тақырыптарды арқау еткен, Ә.Әбішев, М.Хасенов, С.Жүнісов, Ә.Тарази, Ш.Мұртазаев, Қ.Ысқақов, Р.Сейсенбаев, О.Бөкеев, Д.Исабеков т.б. драматургтардың пьесалары енді.
1989.
КОМЕДИЯ
Комедия (лат. comoedia, грек. komodia - - сауық-сайран, әуезді ән) - өмір құбылыстарының, мінез-құлықтың, іс-әрекеттің күлкілі жақтарын көрсету мақсатымен сахнаға лайықталып жазылған драмалық шығармалардың бір түрі. Жанры түрліше: водевиль, фарс, сатиралық комедия, юморлық комедия, лирикалық комедия, музыкалық комедия т.б. комедияның алғашқы белгілері Ежелгі Грецияда шарап тәңірісі Диониске құрмет көрсетуге арналған ойын-сауықтан басталған. Оның сол дәуірдегі көрнекті өкілі – Аристофан. Өмір құбылыстарын бейнелегенде кейіпкерлер,жағдайлар, оқиғалар өсіріп, ұлғайтып суреттеледі де, күлкінің күшімен олқылықтар, кемшіліктер, қателіктер сыналып, озық идеялар, биік мұраттар мадақталады. Характерлер қақтығысы, мінездер шайқасы бірінші қатарға шығады. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлер тартысының үстінде жеке бастың мақсаты мен құлқының қамы үшін ұнамсыз кейіпкерлер өзара кикілжіңге батады, күлкіге ұшырайды. Комедияның ерекшелігі тартыспен, сюжетпен, қызықты оқиғамен қатар тіл өрнегіне де қатысты. Дараланған, өзгелерге ұқсамайтын әр кейіпкердің тілі күлкі шақырса, сахналық туындының ажары кіре бастайды. Бұл тұрғыда әсірелеу, ұлғайту (гипербола), өсіру (гротеск) сияқты көркемдік құралдары кеңінен пайдаланылады. Комедияда көбінесе жамандық жеңіліп, жақсылық үстем болып анықталады. Жағымсыз кейіпкерлер бармақ шайнап, қателігін мойындайды, жеңіліп тізе бүгеді, сөйтіп адал ниет, ақ тілек, әділ іс салтанат құрады.
Әлем әдебиетінде комедияның көптеген классикалық үлгілері жасалды. Англияда – У.Шекспир, Испанияда – Лопе де Вега, Францияда – Ж.Б.Мольер, П.Бомарше, Италияда – К.Гольдони тамаша комедиялық шығармалар берді. Орыс әдебиетінде Д.И.Фонвизиннің «Тоғышары», А.С.Грибоедовтің «Ақылдың азабы», Н.В.Гогольдің «Ревизоры» шебер жазылған туындылар қатарына жатады. Қазақ әдебиетінде алғашқы комедиялық шығарма Б.Майлиннің қаламынан туды («Шаншар молда», «Неке қияр», «Талтаңбайдың тәртібі» т.б.). М.Әуезов («Айман-Шолпан»), Ж.Шанин («Торсықбай», «Айдарбек»), Ә.Тәжібаев («Той боларда»), Қ.Мұхамеджанов («Бөлтірік бөрік астында»), Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаев («Беу, қыздар-ай»), Қ.Аманжолов («Досымның үйленуі») т.б. көптеген комедиялар жазды. Бүгінде қазақ совет комедиясы белгілі жанрлық жүйесі бар арналы салаға айналды. Ол көп ұлтты совет әдебиетінің партиялық, халықтық, шеберлік принциптерін айқын нысана ете отырып, социалистік реализмнің жемісті арнасымен дамып келеді. Комедия театр өнерімен қатар киноға да енді (қ. Кинокомедия).
1989.
3. «АБАЙ» ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ
Алғы сөз
Құрметті оқырман! Сіздерге ұсынылған бұл көлемді де күрделі еңбек – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азия республикалары тарихында алғаш шығарылып отырған жеке мәдениет, әдебиет қайраткеріне арналған, энциклопедиялық басылым. Кітап қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі мен ақындық жолына жан-жақты шолу жасап, әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан талдауды мақсат еткен. Осы оймен ақынға қатысты атауларды мейлінше мол қамтуды көздеп, алфавиттік сөзтізбені жасамас бұрын, оған енгізілетін атауларды іштей шартты түрде мынадай тақырыптар бойынша жинақтадық: 1) Абай шығармалары; 2) Абай шығармаларының кейіпкерлері; 3) Абай және әдебиеттану ғылым; 4) Абай және тіл білімі ғылымы; 5) Абай және Шығыс әдебиеті; 6) Абай және Батыс әдебиеті; 7) Абай және орыс әдебиеті; 8) Абай және туысқан халықтар әдебиеті; 9) Абайдың дүниетанымы, көзқарасы; 10) Абай және өнер; 11) Абай өскен орта; 12) Абай шығармаларындағы геогр. атаулар; 13) Абай шығармаларының басылымдары; 14) Баспасөз және Абай зерттеушілері; 15) Абай сыйлығының лауреаттары. Бұл тақырыптардың сыртында ақын заманында және оған дейін өмір сүрген, нақты деректер болмауына қарамастан, Абайдың өмір жолын біліп, олар жайлы мағлұмат жинауы әбден мүмкін қазақтың белгілі хандары мен би-шешендері, батырлары, өнер адамдары туралы және ұлы Абайдың әдеби мұрасын бүгінгі таңда зерттеп, халық қазынасына айналдыруда елеулі үлес қосып жүрген ғалым-академиктерге де қатысты материалдар енгізілді. Осы негізгі тақырыптар бойынша жинақталған сөзтізбе Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми институттары мен республиканың Жоғары оқу орындарына, абайтану мәселелерімен айналысып жүрген белгілі ғалымдарға, әдебиет, тіл мамандарына, жазушы-журналистерге, тарихшы-этнографтарға, өнер қайраткерлеріне, композиторлар мен музыка зерттеушілерге үлестіріліп беріліп, талқылаудан өткізілді. Мазмұндық жағынан кеңейтіле түскен сөзтізбе Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясының арнайы отырысында қаралып, бекітілді. Сөйтіп, болашақ энциклопедияның сөзтізбесіне 2 мыңға тарта атау енгізілді.
“Абай” энциклопедиясының авторлары негізінен абайтану мәселелерімен айналысқан белгілі ғалымдар, зерттеушілер, жазушылар, журналистер. Өнердің сала-саласы бойынша ақын мұрасын зерттеп жүрген бүгінгі ғалымдармен қоса, кезінде абайтану ғылымына белгілі дәрежеде үлес қосып, ақын мұрасы жайлы алғаш тұжырымды пікір айтқан, дүниеден өткен марқұм М.Әуезовтен бастап, Құдайберген Жұбанов, Ә.Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, Ә.Жиреншин, Қ.Өмірәлиев т.б. мақалаларын да пайдаландық. Бұл ғалымдар материалдарының өз уақытына тән тіл мен стильдік ерекшеліктерін сол қалпында сақтадық, тек абайтану ғылымында бүгінгі күні шешілген кейбір мәселе қоятын тұстарын ғана қысқарттық. Атау ретінде ақын өлеңдерінің түгелдей алғашқы жолын алдық (Мыс., “Жарқ етпес қара көңлім не қылса да…”). Тақырыптары қайталанып келетін (“Татьяның Онегинге жазған хаты”) аударма өлеңдер атауларын да осылайша бердік (Мыс.: “Амал жоқ қайттым білдірмей…”). Ал орыс ақындарының өздері қойған тақырыптарын сақтадық та, анықтық үшін жанына өлеңнің алғашқы жолын таратып бердік. Өйткені И.А.Крыловтың “Қарға мен түлкісі” екеу ғой. Ақын өмірі мен шығармашылығына арналып орыс тілінде жарық көрген зерттеу еңбектердің атаулары қазақ тіліндегі негізгі атаудың жанына орыс тілінде қосымша берілді. Ал ұлы ойшылдың ғақлия сөздері жайлы талдау оқырмағанға ыңғайлы болуы үшін М.О. Әуезовтың көлемді мақаласымен біріктіріп, бір атау ретінде жарияладық.
Энциклопедияға енгізілген мақалаларда келтірілетін ақын өлеңдерінің үзінділері бірыңғай М.Әуезовтың басқаруымен 1957 ж. ҚазССР ҒА Тіл және әдебиет институты шығарған Абай шығармаларының 2 томдық толық жинағынан келтірілді. Сол сияқты энциклопедия соңында берілген “Ұйқас сөздігі”, “Тіл жилігі сөздігі” және “Абай пайдаланған басқа тілдер сөздігі” де осы басылым бойынша әзірленді.
Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы данышпан ақынымыз, қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған осынау күрделі еңбекті әзірлеуге ат салысқан Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның ғылыми ұжымдарына, Абайдың Семейдегі әдеби-мемориал, қорық-музейі, Қазақстан Республикасының Орталық музейі, Қазақстан Республикасының өнер музейі, Қазақстан Республикасының кітап музейі, Қазақстан Көркемсурет көрмелер дирекциясы, М.Әуезов мұражай үйі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік кітап палатасы қызметкерлеріне, энциклопедияға мақала жазған барша ғалым-авторларға рахмет айтады. Көптің күшімен әзірленген басылым көптің игілігіне айналады деп үміттенеміз.
Рымғали НҰРҒАЛИЕВ,
Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы, филология ғылымының докторы, проф.. Қазақстан Республикасы
ҰҒА-ның корр.-мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Достарыңызбен бөлісу: |