Дәрістің мақсаты: Қазақ этнолингвистикасының зерттеу әдістерін саралау
Негізгі ұғымдар: этнолингвистика, қазақ этнолингвистикасы, этнолингвистика ғылымы, этнолингвистикалық бағыт, әдіс-тәсіл
Қаралатын мәселелер:
Этнолингвистикалық деректі саралау ерекшеліктері
Этнос тіл әлемін түбегейлі меңгеру, игеру жолдары, әдістері
Тіл байлығын этнолингвистикалық тұрғыдан зерделеу тәсіл-әдістері, бұл — этностың тіл әлеміне тән лексикалық байлықты тұтас та түбегейлі меңгеру, мән-жайын, мағына-мазмұның терең түсіну және түсіндіру арқылы этнос болмысын (рухын, бейнесін, өзіндік қасиетін) паш ету деген сөз.
Этнос тіл әлемін түбегейлі меңгеру, игеру. Басқаша айтқанда, бұл принцип тіліміздегі ұшан-теңіз лексикалык байлықты тек сан жағынаң ғана түгендеп шығу емес, сонымен қатар оны сапа жағынан да саралай түсу, яғни сөз мұхитының түбіне терең бойлап,«інжу-маржанға» толы қазынасын түгел ақтарып, оның сан ғасырлар бойы сақтап келе жатқан сырын аша түсуге барып саяды. Этнолингвистикалық зерттеудің қиын да, күрделі мәселелерінің бірі осы болмақ.
Этнолингвист-ғалымға койылатын басты талап — жалпы тіл табиғатын білумен қатар оның әрбір сөзінің мағына астарындажатқан этнолингвистикалық деректі тамыршыдай тап басып, тани білу және таныта білу. Ал, бұл міндетті орындау кез келген адамның, тіпті тілдің структуралық (грамматика, фонетика, лексика, т.б.) проблемаларымен ғана шұғылданушы мамандардың да қолынан келе бермейді десек, артық айткандық емес. Өйткені бұл салада лексикалық байлықтың тек тіл факторы, сөздердің жиынтығы ретінде ғана емес, этностың тілдегі болмысы, бейнесі, көрінісі, негізі ретінде қаралатындығы. Этнолингвистикамен шұғылданамын деуші талапкерлердің осы бір талапты білгені абзал.
Тіл байлығындағы заттар мен кұбылыстардың атауларын үлкенді-кішілі (макро-микро) тақырыптық-мағыналық тұлғалық топтарға (салаларға, кластарға, тарау-тармақтарға т. б.) бөліп қарау ғылыми тұжырымды (концепция) іске асырудыңұстанымы (принципі) ретінде талап етілмекші. Этнолингвистикалык еңбектерде адам өзіне қажетті сөздерді оның мағына, түсінігі арқылы іздеп, ол жататын тақырыптық топтардың жүйесінен тез тауып, сол сөзді қоршаған контекст арқылы оған қатысты басқа да мағлұматтармен таныса алады.
Этнолингвистикалық материалды топтастырудың принциптері, әдетте, зерттеу объектісі мен оны танып-білу мақсатына байланысты жүзеге асырылады. Егер зерттеу объектісін «қазақ этносы», «этнос болмысы» деп жалпылама қарайтын болсақ, онда тіл байлығы — «тіл әлемі» түгел қамтылуы тиіс. Біздің кейінгі жылдардағы зерттеу тәжірибемізде «тіл әлемі» түгел қамтылып, ол «Адам», «Қоғам», «Табиғат» дегі аталатын үш үлкен салаға жіктеліп, олар іштей 30 (6 + 17 + 7) үлкен (макро) топқа, ал олар өз ретінде 200-дей микро-топқа бөлініп қарастырылуда.
Тіл байлығын этнолингвистикалық тұрғыдан зерделеудің тағы бір принципін біз «індете зерттеу» деп атадық. Аңшылар лексиконында: «аңды іңдетіп алу» — тазылардан қашып келіп, жан сауғалап кез келген інге тығылған андарды (түлкі, қаскыр, қарсақ, борсық т.б.) аңшы амалдап, су құйып, түтін салып, таяқ жүгіртіп т.б. қолғатүсіру әдісі.
«Індете зерттеу» деп, шартты түрде алынып отырған бұл терминнің мәнісі — зерттеушінің тілімізде күнделікті айтылып, жазылып жүрген («қолбала, елгезек») сөздермен ғана шектеліп қалмай, неөзі білетін, шеті көрініп тұрған, не ұмыт болған тіл фактілерінің «ізіне түсіп», лексикалык қордың қойнау-қолаттарынан іздеп тауып, түп тамырымен қопарып, түбегейлі айқындауға тырысу деген сөз. Сонда ғана этнос табиғатын толык танып-білуге қажетті тілдік фактілерді сол фактілердің қабатында, астарында, қайнар көзінде жатқан небір ғажайып этнолингвистикалық деректерді тауып, сөйлетуге болады. Олардың «ірілерін» ғана емес, «майда-шүйделеріне» дейін түгел қамту ләзім. «Індете зерттеуге» әрбір зат пен құбылыстың, ұғым мен түсініктің жеке бастарын ғана емес, олардан туындап, өркенден, бұтақтап, балалап, тарап жатқап туынды да қатысты дүниенін бәрін (олардың атауы арқылы) түгел қамту міндеті де жатады. Бір-екі мысал келтіре кетейік.
Мәселен, қазақ тілінде адамның дене мүшелері мен ішкі ағзаларына байланысты 500-ден астам атау бар екен. Этнолингвистика саласында өзінің бай өмір тәжірибесін, ел арасынан жинап-тергендерін жариялап, өнімді еңбек етіп жүрген Жағда Бабалықов ақсақал, мәселен, малдың тек бас сүйегіне қатысты тілімізде 500-дей атау қалыптасқанын айта келіп, осы бас сүйектің бір өзінен ғана неше жүз жік-жапсар, бөлік-бөлшек атауларын тауып жазып отыр.
Ол қазақ малшылары мен емшілері «...тек қой басы сүйегі бөлшектерінін 170—180 жік арқылы байланысатынын да айтады. Тағы бір ғажабы: сүйек жіктерінің табиғи ерекшеліктеріне орай,— 60 қақ жік, 40 ұңғылы жік, 30 жапсар жік, 30 жанас жік, 10 киілмелі жік» дел бөлгені таңқалдырады...» деп жазады.
«Олардың айтуынша: «қақ жік» дегені — әрі қалың, әрі мықты сүйектердің тығыз біріккен жіктері. Бастың миы тұрған қуысы — милық сүйектер жігі, сол қақ жіктерге жатады. Ұңғылы жіктер бір-біріне қағып кіргізілгендей, күш сала суырғанда бөлек алынатын сүйектер. Бұған тіс пен жақ сүйектер жігі жатады. Киілмелі жіктер қақ сүйектер бір-біріне шарпылар, жарғышақтар арқылы кіргізгендей болып келеді, сәл қозғалса, иіледі, аздап суыра тартса, суырыла салатын жіктер. Жалпы сүйек құрылысында қазақша аталатын 95 бөлік бар. Олар емшілер арасында қақсүйек, қағажақ, шеміршек болып үшке жіктеледі...» дей келіп, автор қонақ күту, мал сойып, мүше тарату сияқты халқымыздың салт-дәстүрін білудің бүгінгі үлкен-кішінің бәріне қажет екенін ескертеді.
Бір ғажабы, біз ұсынып отырған «індете зерттеу» тәсілін лексикалық байлығымыздың белгілі бір саласында, не тарау-тармағында, такырыптық тобында ғана емес, кез келген мағыналық бірліктің тамырын қуала таратып, танып-білу үшін де пайдалануға болатындығы.
Достарыңызбен бөлісу: |