22. Акционерлік қоғам түсінігін көрсетіңіз
85-бап. Акционерлiк қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлiк қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлiк қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлiк қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттiк кәсiпорындарды жекешелендiру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
23. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұғымын көрсетіңіз
77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актiлерiнде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Достарыңызбен бөлісу: |