Сердәлі.Б.К.
Түркістан/Қазақстан
«ҚЫРҒЫЗСТАН БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА» БАЯНДАМАСЫНЫҢ ТЕЗИСТЕРІ
Көршілес қырғыз еліндегі саяси толқулар билік жүйесінің жаңа радикалды формасының қалыптасуымен қатар, қоғамның түрлі тармақтарында бірқатар түбегейлі өзгерістерді де ала келді. Роза Отунбаева басқарып отырған қазіргі президенттік құрылымның алдына ауыр міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеліп отыр. Бұрынғы Кеңестік жүйе арқылы қырғыз журналистикасында үлгі болар бірқатар үдерістер бар еді. Бұл үдеріс саяси ортада жаңа субьектілердің пайда болуынан түбегейлі өзгеріске ұшырады. Мысалы, посткеңестік жүйеде Қырғызстанда журналистика ғылым ретінде белгілі бір деңгейде теориялық жетістіктерге жетіп, саяси ортада өз орнын тапқан болатын. Бұл бір жағынан ғылыми публицистиканың дамуына себеп болды. Қырғызстанда БАҚ-тың да, электронды медианың да материалдық-техникалық базасы өте нашар болатын. Аймақтың кемшілігі Мәскеуде жарық көретін орталық баспасөз үшін шет жаңалық болып есептелді де, мұндай көзқарас Кеңестік кезеңінде терең тамырлап, 15 республиканың қатарында Қырғызстанның Кіндік Азиядағы маңызы жағынан салмағын әлсіретіп, «ақ алтын» мекені Өзбекстаннан, «алтын дән» өлкесі Қазақстаннан төмен дәрежеге сүйреді. Қырғыз медиасының барлық жағынан артта қалғандығы кәсіби-техникалық базаның әлсіреуінен де байқалып тұрды. Мемлекеттің өзі де, маңызды стратегиялық аналитикалық ұйымдар болмағандықтан, мемлекеттің либералды жолмен тез дамитынына сенді. Мемлекет тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де БАҚ саласында бірқатар өзгерістер болды. Бірақ бұл кайта құру кезеңінде БАҚ-тың санының өсуі және олардың тұрақтылығының дәлелі емес еді. Көптеген басылымдар ашылып үлгермей жатып-ақ өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. 1999-2001 жылдар аралығында БАҚ саясаты сол қалпында еш өзгеріссіз қалды. Бұл уақытта қырғыз журналистикасы бірін-бірі өзара бақылап, қадағалап тұрған, бірақ бірі-біріне мүлдем ұқсамайтын кезеңдерді бастан кешті. Жалпы, 90-жылдардың орта шеніне дейін Қырғызстандағы ақпарат үдерістері Ресейдің журналистикасында болып жатқан өзгерістермен қатар дамыды. Ресейдің ақпарат таратудағы тәжірибесі қазіргі таңға дейін мұнда өз ықпалын тигізіп келеді. Журналистикадағы аналитикалық зерттеулер дәлелдегендей, Қырғызстанның ақпарат тарату тармағы да сол тұстағы Қазақстан сияқты БАҚ-тың жеке меншікке көшуі мен саяси ортадағы плюрализациямен септескен Ресейлік үлгіге ұқсайды. Әрине, бұл Қырғызстанның басқа аймақтары үшін осы бағытта батыл әрекеттер жасауға негіз қалады. 80-жылдардың соңында Қырғызстанда партиялық ұйымның жанынан «Вечерный Фрунзе» деген атпен күнделікті қалалық газеттің шығуы да осы сенімнен туды. Қырғыз Республикасының 1992 жылы қабылданған «БАҚ туралы заңы» журналистиканың либералды жолмен іс-әрекетке жетуіне бағытталған. Заңда журналистикадағы іс-әрекеттерді іске асыру механизмдерінің анық еместігі және ойлардың ашық жазылмағандығы сезілгенімен, іс жүзінде оның басылымдардың еркін дамуына мүмкіндік бергендігі байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |