Сыздыков С.М.
Астана/Қазақстан
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ «МӘҢГІ ЕЛ» ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ
Түркілердің «мәңгі ел» идеясы өзінің бастауын прототүріктерден, яғни ғұндардан алады. Батыс ғұндар көсемі Атилла өлімінен соң, еуропадағы ғұндар империясы ыдырап, әлсіреді. Ал шығыстағы ғұндар Қытай табғаштары мен сянбиліктермен күресте жеңіліс тауып, бір бөлігі басқа халықтарға сіңіп, қалған бөлігі Алтай тауларын паналады.Адамзат тарихында ұлы тарихи оқиға сол кезеңдегі рухы биік елде ғана болуы мүмкін. Міне осындай оқиға түркілер тарих сахнасына шыққанда болды. Оның мифологиялық тұрғыдағы сюжеті бозқұрт тарихи әпсанасында айқын көрініс береді. Бозқұрт түркі әулетін жалғастырушы және қорғаушы, яғни мәңгі етуші, қасиетті – тотемдік аң болды.
Қорқыт Ата кітабында «мәңгі ел» идеясы түркілер мемлекеттілігінің негізін қалаушы Тұман қағанның дүниеге келіп, оған ат қою рәсімінде көрініс берген. Оғыз түркілерінің барлық жайсаңы жиналып, туған нәрестеге Тұман деп неге ат қойдыңыз дегенде Қорқыт Ата: «тұман сейіліп, міндетті түрде күн шығады» деп жауап береді. Мұнда түркілер үшін қиын-қыстау, «тұманды» кезеңнен кейін мемлекеттілігі нығайып, «мәңгі елге» айналады, яғни түркілер үшін күн туады. Ол - мәңгілік.
Түркілердің «Мәңгі ел» ұстанымы келешекке идея ретінде көне түркі жазба ескерткіштерінде аманат етіп қалдырылған. Күлтегін жазуында бірнеше рет «мәңгі тас» аталған ескерткішті түркілердің «он оқ» ұлына, «татына» дейін көріп – білуін өсиет етеді.
Мұндай тас ескерткіштегі жазудың «қасиеттілігін» түркілердің түрлі тарихи кезеңдеріне арналған қырғыздардың атақты «Манас» эпосынан да көруге болады. Ежелгі түркілерде «мәңгі ел» идеясы өздері мекендеген жерінен, тәңірілік дүниетанымынан бөлінбей, біртұтас қарастырылған. Мысалы Күлтегін жазуында: «Көкте түркі Тәңірісі, Түркінің қасиетті жері-суы, Былай депті: «Түркі халқы жоқ болмасын, Халық болсын»- деп келтірілген. Бұдан ежелгі түркілердің ұғымдық өлшемінің де қаншалықты кең екендігін байқауға болады.
Көне түркілердің «мәңгі ел» идеясы кейін, Қарахандар әулеті тұсында да өз жалғасын тапты. Оны Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасынан көреміз. Қарахандар әулеті тұсындағы түркілер кезеңі өркениетке, біліктілікке ден қойған заман еді. Сондықтан да, «Құтты білік» трактатының негізгі идеясы тұрақты мемлекет, берік ел болу үшін құтты тұғыр – біліктілік, білім екендігі уағыздалады. Сонымен қатар, Қорқыт Атаның прототипі ретінде Қарахандар әулетінің тұсында бүлік жасаған селжұқтардың сұлтаны Санжардан қысым көрген, көшпелі-әскери оғыз-қарлық ру-тайпа басшыларының бірі Қорқытты айтуға болады. Ол өте танымал қайраткер ретінде өз елін бүліншіліктен аман алып шығып, Шыңғыс хан шапқыншылығы алдында жекелеген көшпелілігі басым хандықтың құрылуына зор үлес қосқан. «Тауарих Хамса» шығармасында (қазақтың шығу тегі туралы тарихи аңыздағы) Қызыл Арыстан ханның ( селжұқ Санжар сұлтан) жанында жүрген қазақтардың үш жүзге бөлініп барып, Алаш елін құрауы да тарихи шындыққа өте жақын.
Қазақ хандығы құрылар кезеңде түркілердің «мәңгі ел» идеясы Асан Қайғы философ - жыраудың мәңгілік қоныс – Жерұйықты іздеуінен көрініс береді. Бұл заман түркілік тұтастық бұзылып, М. Жұмабаев айтқандай түркілердің «енші алып, тарасқан» кезеңі болатын. Әбілхайыр хан иелігінен бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей бастаған қазақ елінің өмірін қауіп-қатерден, жаппай жойылып кету қаупінен сақтау және ел бірлігі Асан Кайғының Жерұйықты іздеуіндегі басты мақсаты еді.
Сонымен, ежелгі түркілердің «мәңгі ел» идеясы асқақ рухты түркі халықтары бірлігінің, тұтастығының айбынды нышаны.Ендеше, Елбасы Н.Назарбаевтың «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттілігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн»- деген ұлағатты сөзі ежелгі түркілердің «мәңгі ел» идеясын меңзейтіні анық.
Достарыңызбен бөлісу: |