Жел арқан жел соғатын жаққа қағылған, кей жерде күйеу қазық деп аталатын қазыққа мықтап байланады. Өйткені бұрынғы салт бойынша ұрын келетін күйеу жел көп соғатын ауылдың сырт жағымен келетін болған.
Жіп дегеніміз жүннен есілген кішігірім арқанша. Жіп әр уақытта да қандай шаруаға болса да жұмсала береді және ешбір затқа ұзақ уақытқа тұрақты байланып бекіп қалмайды. Ондай жіп түрлеріне мынадай бұйымдарды жатқызуға болады: бас жіп – мал байлауға арналған жіп, өре жіп – аттың аяғына өре салатын жіп, тең жіп – теңді буып қоятын жіп, тұсау жіп – аттың екі аяғынан байлап, тұсап қоятын жіп, тіз жіп – түйені тіздейтін (тізерлеп байлайтын) жіп (тізде, тізе сөздерінің түбірі – тіз), үзеңгі жіп – түйеге ерсіз мінгенде аяқты салып отыратып, үзеңгі орнына қолданатын жіп, күрде жіп – бие сауғанда бір аяғын мойнына аса байлап қоятын жіп, яғни биені күрделеуге арналған жіп, бұғалық жіп – жылқыны бұғалықтауға арналған жіп, т.б.
Бұлардан басқа эстетикалық қызмет атқаратын бау-шу, басқұрлардың түрлері болған. Мәселен, аяқ бау, қызыл басқұр, ақ басқұр, үзік бау, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |