Жолжанов М. Қазақ тарихы, тіл – әдебиеті және топонимикасының өзекті мәселелері. - Атырау, 334-б.
Шамғонов А. Күйшінің туған жылынан қателеспейік // «Егемен Қазақстан», 25.01.2018 ж.
Дәрелов Т. Жолжановты неге ұмыттық? // «Ана тілі», 23.11.2017 ж. 4.
КӨНЕ ШАҺАР - САРАЙШЫҚ
Е.С.Сарсенбаев - магистр, тарих пәні мұғалімі,
№31 мектеп-гимназиясы, Атырау қ.
Қазақ даласында тарихтан сыр шертетін археологиялық ескерткіштер сан мыңдап артылады. Осындай археологиялық ескерткіштер арасында қазақ тарихында ойып тұрып орын алатыны Сарайшық қаласы десек қателеспейміз. Сарайшық қаласы Атырау облысына қарасты Махамбет ауданында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан [1].
Жошы ханның ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің транзиттік орталықтарының бірі Сарайшық қаласына қатысты деректер ХІV ғасырлардан бастап кездеседі. Себебі, бұл қалашық ХІV ғасырда тұрақты сауда керуен жолында орналасқандықтан ол туралы суреттемелер мен ескертпелер жазыла бастады. Оның ішінде батыстан шығысқа сапар шеккен Ибн Баттуттаның саяхат еңбектерінде аталып өтеді [2]. Бұл еңбегінде саяхатшы Ибн Батутта Сарайшық қаласын «Сарайджук» деп атап көрсетеді.
«Сарай» қала мағынасын, ал «джук» сөзі кіші немесе кішкене деген мағынаны білдіреді. Аталған Сарайджук қаласының жанынан ағысы қатты Ұлысу өзені бойында орналасқанын өз еңбегінде жазып қалдырады [3]. Саяхатшының Ұлысу деп отырғаны қазіргі Жайық өзені екені белгілі.
Көне шаһар аталған Сарайшық қаласын зертеу барысында бірнеше ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Жалпы алғанда Сарайшық қаласын зерттеушілерді екіге бөліп қарастыруға болады. Олардың бірінші тобына Сарайшық қаласының пайда болуы мен қалыптасуын тарихи деректер мен ортағасырлық саяхатшылардың жазбалары арқылы зертеушілер, ал екінші тобына қаланың тарихын археологиялық дәлелдерге сүйену арқылы зертеуші археологтар деп бөлуге болады [4]. Өйткені, Сарайшық қалашығы туралы деректер арқылы бірнеше зерттеушілер өз тұжырымдарын болжаған болатын. Зерттеушілердің пікірі бойынша қаланың салынуына байланысты екі болжамды алға тартады. Біріншісі Сарайшық қаласы моңғол дәуірінде Бату ханның бұйрығымен салынған делінсе, ал екінші тұжырым бойынша Сарайшық қалашығы ертеректе болған Саксин қаласының деректерде жаңаша аталып кеткен қаласы деп көрсетеді. Зерттеушілердің ойынша Сарайшық қаласы Хазар қағанаты дәуірінде салынған болуы мүмкін [5].
Сарайшық қаласы туралы алғашқы мәліметтерді ертеректе ұйымдастырылған ғылыми-экспедициялар мен саяхатшылардың жазбалары, ортағасырлық тарихшылардың еңбектері арқылы өздерінің жорамалдарын жасаған болатын. Зертеушілердің көпшілігі қазақ даласы арқылы батыстан шығысқа немесе шығыстан батысқа қарай саяхаттап өткен Ибн Батутта, Вильгельм Рубрук, Плано Карпини, Антони Дженкинсон сияқты саяхатшылардың жазбаларына, ағайынды Пегелотти және монах Фра Маураның 1459 жылы жасаған картасына сүйенді [6]. 1367 жылы ағайынды Пициганилердің картасында Сарайшық қаласын Сара өзені маңында деп көрсетіп, бұл қалаларда императорлар қайтыс болады деп жазып қалдырған [7]. Осы дерекке сүйене отырып ортағасырлардың өзінде батыс елдері
Сарайшық қаласы туралы азда болса хабардар болғанын дәлелдейді. Бұл жерде император деп отырғаны Сарайшық қаласында өмір сүрген хан сұлтандар екені белгілі. Әрине, Сарайшық қаласында атақты 7 ханның жерленуі тарих ғылымында өзіндік орны бар. Сарайшықта қойылған құлпыстастарда орта ғасырдың белді хандары болған Мөңке Темір, Тоқтағу (Тоқты), Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Шейх Мамай және Жүсіп хан деп есімдері анық жазылған [8]. Олардың төртеуі Алтын Орданың, біреуі Қазақ хандығының, екеуі Ноғай Ордасының хандары болғанын атап өтуіміз қажет. Бұл дерек арқылы Сарайшық қаласының қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді.
Атырау аймағында 20-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Батыс өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге 1921 жылы құрылған Орал бөлімшесі өзіндік үлесін қосты. Бұл бөлімшенің белсенді мүшесі болған И.В. Ларин Сарайшық қалашығы туралы осыған дейінгі бар деректерді талдап, субъективтілік тұжырымын жасайды. И.В. Ларинмен бірге археологиялық зерттеу жұмыстарымен П.В. Калачев пен Е.М. Тимофеев қатар жұмыс атқарды. Зерттеушілер өздерінің алдына бірнше мақсат қойып, екі түрлі бағытта қызметтер атқарды. Олардың алғашқысы қоғамның күшімен археологиялық барлау жұмысын атқару, ал екіншісі алдыңғы қатарлы ғылыми ұйымдардың көмегімен археологиялық қазба жұмыстарын зерттеуге ат салысу. Аталған қызметкерлер аймақты толыққанды зерттеу үшін жергілікті тұрғындарға арнап сауалнама жүргізіп, аймақтағы тарихи- мәдени ескерткіштердің нақты қай жерде орналасқандығын анықтап алады. Олар осы сауалнамалар арқылы Сарайшық қалашығының Жайық өзені жағалауында орналасқандығын, қалашықтың әлі күнге дейін зерттелмей келе жатқандығын қынжылыспен жеткізеді. Аталған зерттеушілер анықтамалық- зерттеу жұмыстарын 1930 жылдарға дейін жүргізген [9]. Бұл Атырау аймағын археологиялық зерттеу жұмыстарының артта қалғандығын көрсетеді. Бұл мәліметтер ХХ ғасырдың 20-30 жылдары шамасында жазылып, өлке тарихына қатысты санаулы деректер қатарына қосылды. Осы ғасырдың 30-40 жылдары шамасында Сарайшық қалашығын зерттеушілер қатарында Н.К. Арзютов қана өз үлесін қосады [4]. 1940-1950 жылдары арасында Сарайшық қалашығын зерттеу жұмыстары осы уақыт аралығында болған Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысы әсерінен тоқтап қалады. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы өз ғылыми зерттеу жұмыстарын бастайды.
ХХ ғасырдың басынан қазіргі кезге дейін Сарайшық қаласын зерттеуге бірнеше зерттеуші-археологтар өз үлестерін қосты. Олардың қатарында Л.Л.Галкин, С.П.Толстов, Н.К. Арзютов, В.К. Афанасьев, Ә.Х. Марғұлан, П.В. Калачев, Е.М.Тимофеев болды. 2000 жылдардың басынан бері әр жылдары археолог З.Самашев археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп
келеді. Қазіргі таңда Сарайшық қаласын аспан астындағы мұражай қызметінде сақтап қалу жұмыстары жүргізілуде.
Көне қаланың орнын сақтап қалу мақсатында Астана қаласында 2017 жылдың ақпан айында "Сарайшық: ұлы қала тарихы" халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылып, конференцияда қаланы сақтап қалу мәселесі талқыланды [10]. Бұл конференциядан кейін қаланы ғылыми- реставрациялау мен консервациялау жұмыстары атқарыла бастады. Бұл қорғау шаралары әлі де жалғасын табуда. 1999 жылы 3 қыркүйекте Сарайшық қалашығы тарихи-мәдени қорық болып құрылып, ал осы тарихи- мәдени қорықтың 20-жылдығына орай 2019 жылы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны ретінде акридеттелген болатын. Осыған орай Сарайшық қалашығын зерттеуге шетелдік ғалымдардың септігін тигізуге мүмкіндігі бар. Сонымен көне қалашықтың зерттелуі жаңа кезеңдерге аяқ басады.
Сарайшық қаласының зерттелуі мен оның ары қарай мұражай ретінде қызмет етуі өскелең ұрпаққа қазақ елінің тарихын түсіндіруде маңызды қызмет етпек. Археологиялық қазба кезінде табылған құнды жәдігерлер мен тарихи артефактілер таласты мәселелерге жауап береді деп есептеймін.