АНЫҚТАДЫ:
"Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарын Қазақстан Республикасының Парламентi 2005 жылғы 29 маусымда қабылдап, 2005 жылғы 4 шiлдеде Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына ұсынды.
Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысы аталған заңдарды Негiзгi Заңға сәйкестiгi тұрғысында қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтiнiш жолдады.
"Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны ескердi.
1. "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрi – Заң) шетел қатысатын коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан аумағындағы қызметiн құқықтық регламенттеудi қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттiң осы саланы заңнамалық реттеуге хақылы екендiгi тұрғысынан қарағанда бұл әбден орынды болып табылады. Мұндай құқық Республика Парламентiнiң құзыретiне жатады, ол Конституцияның 54-бабының 1) тармақшасына сәйкес, елiмiздiң бүкiл аумағында мiндеттi күшi бap, заңдар нысанындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдай алады. Парламент заңдар арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне, сондай-ақ меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлеуге хақылы (Негiзгi Заңның
61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшалары. Бұл ретте, Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес, адамның және азаматтың жеке де, ұжымдық та құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада шектелуi мүмкiн. Сол арқылы, Конституция заң шығарушыға мемлекет пен қоғамның айрықша қорғалатын мүдделерi мен құндылықтарына төнетiн қауiп-қатерге бара-бap құқықтық шаралар айқындау мүмкiншiлiгiн бередi.
Бiрлесу бостандығына құқығын шектеудiң мүмкiншiлiгi мен шарттары БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 1966 жылғы 19 желтоқсанда қабылдаған және оған Қазақстан Республикасы қол қойған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiде де көзделген. Осы құжаттың 22-бабына сәйкес "әрбiр адамның қауымдасу бостандығына, соның iшiнде кәсiподақ құруға және өз мүдделерiн қорғау үшiн оларға мүше болуға құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану, заңда көзделгендерiнен және мемлекет қауiпсiздiгi, қоғамдық тәртiптi, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау немесе өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында демократиялық қоғамда қажет болатындарынан басқалары, ешқандай шектеуге жатпайды".
Халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан аумағындағы қызметiн реттей отырып, заң шығарушы оларды құқықтық мәртебесi арнаулы заңмен регламенттелетiн жеке топқа (түрге) бөледi (Заңның 1-4-баптары). Жекелеген коммерциялық емес ұйымдардың құқықтық жағдайының ерекшелiгiн заң жүзiнде бекiту мүмкiншiлiгi "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы
16 қаңтардағы N 142-II Заңымен ( 3-бап ) көзделген.
Осының бәрi қоғамдық бipлестiктердiң заң алдындағы теңдiгi туралы конституциялық принциптi бұзбай отырып, жекелеген заң шеңберiнде халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдар үшiн құрылуының тәртiбi мен қызметiн реттеудiң ерекшелiгiн белгiлеуге мүмкiндiк бередi (Конституцияның 5-бабының 2-тармағы).
Мәселен, Заңның 7-бабының 1-тармағы шектеулер белгiлейдi, ол шектеулерге сәйкес Қазақстан азаматтығында жоқ адамдар халықаралық немесе шетелдiк коммерциялық емес ұйым филиалының немесе өкiлдiгiнiң басшысы бола алмайды және "Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық емес ұйымының" атқарушы органының құрамына кiре алмайды. Бұл шектеулер Конституцияға қайшы келмейдi, өйткенi Негiзгi Заңның 12-бабының 4-тармағында Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады деп бекiтiлген. Конституциялық Кеңестiң 2003 жылғы
1 желтоқсандағы N 12 және 2004 жылғы 21 сәуiрдегi N 4 қаулыларында баяндалған құқықтық позициясына сәйкес Конституция азаматтар, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар үшiн олар пайдалана алатын құқықтар мен бостандықтардың әртүрлi көлемiн, және оларға жүктелетiн мiндеттердiң әртүрлi көлемiн белгiлейдi. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн шектеулi конституциялық-құқықтық мәртебе көзделген.
Заң "Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық емес ұйымдары", халықаралық немесе шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары және өкiлдiктерi үшiн қаржыландыру мен ақша жұмсаудың ерекше тәртiбiн, қаржылық есептiлiктi және өздерiн құрған құрылтайшылар туралы мәлiметтердi Қазақстан аумағындағы баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялау мiндеттiлiгiн белгiлейдi, сондай-ақ террористiк немесе экстремистiк деп танылған ұйымдардан анонимдiк қайырмалдықтар мен қаржыландыру алуға тыйым салады
(5-баптың 3-тармағы, 9-баптың 1 және 2-тармақтары, 10-баптың
2-тармағы). Халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметiндегi ашықтықты көбiрек қамтамасыз етуге бағытталған осындай шектеулердi енгiзу мүмкiншiлiгi Конституцияның 6-бабы 2-тармағының ("меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi") және 23-бабы 1-тармағының ("қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi") ережелерiнен келiп шығады.
Қаралып отырған Заңды қабылдау рәсiмi Республика Конституциясының ережелерiне сәйкес келедi. Заң жобасы Конституцияның 61-бабының 1-тармағы негiзiнде бiр топ депутаттар тарапынан Парламент Мәжiлiсiне енгiзiлген және оның әрбiр Палатасында өз кезегiмен қарау арқылы Негiзгi Заңның 61-бабы
3-6-баптарының талаптарын сақтай отырып қабылданған.
Сонымен бiрге, талдау көрсеткенiндей, "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" Заңның кейбiр нормалары Конституцияның жекелеген нормаларына сәйкес келмейдi.
Осы Заңның 2-бабының 3-тармағына сәйкес "Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттiң заңнамасында не Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың ережелерiнде өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, тiкелей немесе өзiнiң уәкiлеттi органдары арқылы Қазақстан Республикасы, тiкелей немесе өзiнiң уәкiлеттi органдары арқылы шет мемлекеттер, Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар, азаматтығы жоқ адамдар, халықаралық ұйымдар халықаралық немесе шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары бола алады". Заңның 9-бабының 1-тармағына сай "осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiнде, сондай-ақ аумағында халықаралық немесе шетелдiк коммерциялық емес ұйым құрылған мемлекеттiң заңнамасында тыйым салынбаған кез келген түсiмдер халықаралық немесе шетелдiк коммерциялық емес ұйымның мүлкiн қалыптастыру көздерi болып табылады".
Алайда "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы N 213-I Заңының
1-бабының 2) тармақшасына сәйкес, заңдар белгiленген тәртiппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң, соның iшiнде заңға тәуелдi актiлердiң де жиынтығын өз мазмұнымен қамтиды. Бұдан келiп шығатыны, қаралып отырған Заңның 2-бабының 3-тармағы бiрлесу бостандығына құқығын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқық қабiлеттiлiгiн заңмен ғана емес, заңдық күшi аздау нормативтiк құқықтық актiлермен де шектеуге мүмкiндiк бередi. Бұл Конституцияның 39-бабы 1-тармағының ("адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңмен шектелуi мүмкiн") және Негiзгi Заңның 61-бабы 3-тармағының ("Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiне қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы") талаптарына қайшы келедi.
Одан тыс, Заңның 2-бабы 3-тармағының және 9-бабы
1-тармағының редакциясынан келiп шығатыны, жеке және заңды тұлғалардың құқық қабiлеттiлiгiн айқындауға байланысты құқықтық қатынастарды, сондай-ақ Қазақстан аумағында құрылатын заңды тұлғалардың мүлкiн қалыптастыру тәртiбiн реттеу үшiн ұлттық та, шетел де заңнамасын қолдануға жол берiледi. Бұл орайда, Конституцияның 4-бабының 1-тармағында шетел заңнамасының нормалары Республиканың қолданыстағы құқығына жатқызылмаған. Конституциялық Кеңестiң 1996 жылғы 28 қазандағы N 6, 1998 жылғы 27 наурыздағы N 1/2 және 2001 жылғы 7 мамырдағы N 6/2 қаулыларында осыған назар аударылған. Одан тыс, заңды тұлғалардың құқық қабiлеттiлiгiн айқындау тәртiбi Қазақстанның қолданыстағы құқығымен регламенттелiп қойылған. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шiлдедегi N 409-I Азаматтық кодексiнiң (Ерекше бөлiм) 1101-бабының 1-тармағына (7-бөлiм "Халықаралық жеке құқық") сай заңды тұлғаның азаматтық құқық қабiлеттiлiгi заңды тұлғаның заңымен айқындалады. Бұл ретте, осы заңды тұлға құрылған елдiң құқығы заңды тұлғаның заңы деп есептеледi (Азаматтық кодекстiң 1100-бабы).
Соған байланысты, қаралып отырған жағдайға қатысты қолданыста, Қазақстан заңнамасы қолданылатын құқық болып табылатын жағдайларда, ол реттеп қойған құқықтық қатынастарға шетелдiк нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуы Конституцияның 4-бабы 1-тармағының ережелерiне сәйкес келмейдi.
Осылайша, Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" Заңның 2-бабының 3-тармағы және 9-бабының 1-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағына, 39-бабының
1-тармағына және 61-бабының 3-тармағына сәйкес емес деп есептейдi.
2. Республика Парламентi Конституцияда көзделген тәртiп пен рәсiмдердi сақтай отырып қабылдаған, "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" Заңмен өзара байланысты.
"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң, қолданыстағы заңнамалық актiлерге шетел қатысатын коммерциялық емес ұйымдардың қызметiн құқықтық реттеудiң жорамалданып отырған жаңа тәртiбiнен туындайтын түзетулердi енгiзетiндiктен, және, бұл ретте Конституцияға сәйкес келмейтiн заңның нормаларына негiзделе отырып, осы түзетулердiң орындалмағаны үшiн жауаптылық белгiлейтiндiктен, ол, Негiзгi Заңның 4-бабы 1-тармағының мағынасын ескере отырып, сондай-ақ конституциялық деп таныла алмайды.
Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы"
1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Конституциялық заңның
17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33 және 37-баптарын, 38-бабының 1-тармағын және 41-бабы 1-тармағының
2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасының Парламентi 2005 жылғы
29 маусымда қабылдап, 2005 жылғы 4 шiлдеде Қазақстан Республикасы Президентiнiң қол қоюына ұсынған, "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 1-тармағына сай "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес ұйымдардың қызметi туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне коммерциялық емес ұйымдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойылмайды және күшiне енгiзiлмейдi.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.
4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының
4-тармағын ресми түсiндiру туралы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң
2006 жылғы 14 сәуiрдегi N 1 қаулысы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға И.И. Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
Н.В. Белоруков, С.Ф. Бычкова, А.М. Нұрмағамбетов, Y.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
өтiнiш субъектiсiнiң өкiлдерi – Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгiнiң төрағасы Ә.К. Арыстановтың және Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi Д.Р. Құсдәулетовтың,
Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Қ.Н. Келiмбетовтың,
Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Р.С. Жошыбаевтың,
Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң өкiлдерi – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары
А.М. Жамалов пен М.Б. Тiнiкеевтiң,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкiлдерi – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары
Ж.Н. Бәйiшев пен А.Н. Жайылғанованың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкiлi – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары
А.Қ. Дауылбаевтың қатысуымен,
өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Д.К. Ахметовтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 4-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашының – Конституциялық Кеңестiң мүшесi С.Ф. Бычкованың хабарламасын, өтiнiш субъектiсi өкiлдерiнiң және отырысқа қатысушылардың, сондай-ақ сарапшылардың – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық-заң университетiнiң Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.К. Сүлейменовтың, заң ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң ғылыми жұмыс жөнiндегi проректоры Б.Х. Төлеубекованың сөйлеген сөздерiн тыңдап және заң ғылымдарының докторы, профессор, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң ректоры Е.Қ. Көбеевтiң қорытындысымен танысып шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне
2006 жылғы 23 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Қазақстан Республикасы Конституциясының
75-бабының 4-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi, онда мынадай сұрақтар қойылған:
"1. Көрсетiлген конституциялық нормада арнаулы сот деп не ұғынылады?
2. Конституцияның 75-бабы 4-тармағының контексiндегi "арнаулы сот" пен "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Конституциялық заңда көзделген "мамандандырылған сот" ұғымдары арасындағы айырмашылық қандай?"
Конституциялық Кеңестiң отырысында өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабы 2-тармағының 4) тармақшасымен және 3-тармағының 1) тармақшасымен көзделген құқығын пайдалана отырып, Конституциялық Кеңестiң мынадай қосымша сұраққа жауап беруi туралы өтiнiшiн мәлiмдедi: "Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзген "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының контексiнде Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының мамандандырылған сотының негiзгi сипаттамалары Қазақстан Республикасының Конституциясынан келiп туындайтын қандай талаптарға сай
келуге тиiс?"
Бұл өтiнiштi Конституциялық Кеңес iшiнара қанағаттандырды. Өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң келiсiмiмен, бұл сұрақ мынадай редакцияда қарауға қабылданды: "Қазақстан Республикасының мамандандырылған соттары Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарынан келiп туындайтын қандай негiзгi сипаттарға ие болуға тиiс?"
Отырыста анықталғанындай, көрсетiлген қаржы орталығына қатысушылардың дауларын қарайтын соттың құрылуы мен қызметi мәселелерiн регламенттейтiн "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңдар жобаларының нормаларына қатысты Конституцияның 75-бабы 4-тармағының ережелерiн бiркелкi түсiнудiң болмауы Конституциялық Кеңеске жүгiнуге себеп болған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының
4-тармағын ресми түсiндiрген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.
1. Негiзгi Заңның 75-бабының 1-тармағы "Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады", – деп белгiлейдi. Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 15 ақпандағы N 1 қаулысына сай, бұл конституциялық норма мемлекеттiк билiктiң сот тармағын бiлдiретiн органдар ретiнде соттар ғана сот төрелiгiн жүзеге асыратындығын бiлдiредi. Бұл ретте, Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленетiн Республиканың бiрыңғай сот жүйесiне кiретiн, заңмен құрылған Жоғарғы Сот және жергiлiктi соттар Республиканың соттары болып табылады (Конституцияның 75-бабының 3 және 4-тармақтары).
Негiзгi Заңның 75-бабы 3-тармағының және 82-бабының ережелерi соттардың үш деңгейлi жүйесiн және оның құрылымына қойылатын жалпы талаптарды айқындайды: Жоғарғы Сот, облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы
25 желтоқсандағы N 132-II Конституциялық заңға (бұдан әрi – Конституциялық заң) сәйкес басқа соттар дегенде түсiнетiн аудандық және оларға теңестiрiлген соттар.
Негiзгi Заңның "Соттар және сот төрелiгi" деп аталатын
VII бөлiмiнiң нормаларын дамыта және нақтылай түсетiн Конституциялық заңның 4-бабында, Қазақстанның сот жүйесiнiң бiрлiгi:
1) барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен;
2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;
3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;
4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн
баянды етумен;
5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;
6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi, деп бекiтiлген.
Конституцияның 75-бабының 4-тармағында "қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi" деген ереже бар.
"Төтенше соттар" және "арнаулы соттар" ұғымдарының анықтамасы оларды түсiнуге деген әртүрлi (тарихи, салыстырмалы-құқықтық, логикалық және т.б.) көзқарастарға негiзделедi.
Мәселен, отандық сот төрелiгiнiң дамуына жасалған талдау, оның түрлi кезеңдерiнде төтенше де, арнаулы да соттардың құрылып, қызмет iстегенiн көрсетедi.
Төтенше соттар (революциялық трибуналдар, БТК органдары, IIХК-тiң "үштiктерi" мен "екiлiктерi", әскери-революциялық және әскери-дала соттары және т.б.) тоталитарлық режим жағдайында, дағды бойынша, саяси сипаттағы нақты бiр оқиғаларға байланысты құрылатын арнаулы сот немесе квазисот органдарын бiлдiретiн. Әдетте олар сот жүйесiнен тыс қалыптастырылатын. Төтенше соттардың қызметi сот төрелiгiнiң түбегейлi демократиялық принциптерiнен (соттың тәуелсiздiгi, заңдылық, жариялылық, айыпталушының қорғалу құқығы және т.б.) бас тартумен қатар жүретiн және жеңiлдетiлген процедура бойынша iске асырылатын, бұл адамның құқықтары мен бостандықтарына елеулi нұқсан келтiрiлуiне әкеп соқтыратын.
Соңыра кейбiр төтенше соттар және соттан тыс органдар арнаулы соттар болып өзгертiлдi. "КСРО-ның, одақтық және автономиялық республикалардың сот құрылысы туралы" КСРО-ның 1938 жылғы 16 тамыздағы Заңының 53-бабынан келiп шығатыны, КСРО Конституциясының 102-бабы негiзiнде КСРО-ның мынадай арнаулы соттары қызмет iстеген: әскери трибуналдар; темiржол көлiгiнiң желiлiк соттары, су көлiгiнiң желiлiк соттары.
Көрсетiлген арнаулы соттар мынадай белгiлерге ие болатын: 1) жалпыодақтық соттар болып табылатын; 2) iстердiң ерекше күрделiлiгiне, судьялардың оларды қарау үшiн арнаулы бiлiмi мен тәжiрибесi қажет болатынына қарай отырып немесе қылмыстық iс-әрекеттердiң жекелеген санаттарының елдiң қорғаныс қабiлетi мен шаруашылық дамуына ерекше қауiптiлiгiн ескере отырып жеке бөлiп алынған арнайы санаттағы iстердi қарау үшiн құрылатын; 3) КСРО-ның сот жүйесi шеңберiнде, КСРО Жоғарғы Сотының арнаулы алқалары басшылық жасайтын соттардың дербес үш буынды кiшi жүйелерiн құрайтын; 4) олардың құрылысы, құзыретi және судьяларға өкiлеттiк берудiң тәртiбi, әркезде де заң деңгейiнде бола бермейтiн, арнаулы (кей кездерi құпиялылық белгiсi бар) нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттелетiн; 5) тиiстi атқарушы билiк органдарынан ұйымдық бағыныстылықта немесе тәуелдiлiкте болатын; 6) олардың кейбiр жағдайларда iстер бойынша сот төрелiгiн жүзеге асыруы, iс жүргiзу заңдарымен басқа соттар үшiн белгiленген сот iсiн жүргiзу тәртiбiнен бөлiп ала отырып iске асырылатын, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлуiне жағдай жасайтын.
Бұдан бұрын болған арнаулы соттарға жасалған талдаудан, сондай-ақ Конституцияның 75-бабы 4-тармағының мағынасынан, олардың мынадай белгiлермен сипатталатындығы туралы ұйғарым келiп шығады:
- олардың құрылысы, құзыретi және құрылу тәртiбi Конституциямен және конституциялық заңмен емес, арнаулы нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi;
- олардың сот төрелiгiн жүзеге асыруы, өзге соттар үшiн заңдармен белгiленген сот iсiн жүргiзу тәртiбiнен алынып тастаулар қолданыла отырып жүзеге асырылады, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлуiне жағдай жасайды;
- олар құрылған және қызмет iстеген кезде Конституцияның 3-бабының 4-тармағымен көзделген мемлекеттiк билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну принципi сақталмайды, бұл арнаулы соттардың билiктiң атқарушы тармағы органдарынан ұйымдық бағыныстылығынан немесе тәуелдiлiгiнен көрiнедi.
Конституцияның 75-бабының 4-тармағында берiлген "арнаулы сот" ұғымы, қорыта алғанда, осы көрсетiлген белгiлердiң тым болмаса бiреуiне ие болған соттарды белгiлеу үшiн пайдаланылады.
2. Негiзгi Заңның 13-бабының 2-тармағымен кепiлдiк берiлген әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы, Конституцияға және конституциялық заңға сәйкес құрылып, сот төрелiгiн жүзеге асыратын соттарда ғана жүзеге асырылады. Бұл конституциялық құқықтың жүзеге асырылу механизмi "сот жүйесiнiң ұйымдық-құқылық құрылуының және сот төрелiгi iске асырылуының мәселелерiн реттейтiн Республика заңдарында белгiленедi" (Конституциялық Кеңестiң 1999 жылғы
5 мамырдағы N 8/2 қаулысы). Соттар құрылған кезде Конституцияның 14-бабы 1-тармағының заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгi туралы талаптары сақталуға тиiс.
Бұл әскери, экономикалық, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi және басқа соттар түрiнде құрылу мүмкiндiгiн Конституциялық заңның 3-бабының 3-тармағы көздейтiн мамандандырылған соттарға да қатысты.
Мамандандырылған соттар құрудың қажеттiлiгi, дағды бойынша, сот iсiн жүргiзудi оңтайландыруға байланысты факторлардан келiп туындайды, iстердiң бөлiп алынған санаттарымен айқындалатын судьялардың мамандануы солардың iшiндегi ең бастысы болып табылады.
Мамандандырылған соттар Республиканың сот жүйесiнiң бiрлiгiн қамтамасыз ететiн конституциялық талаптарға сәйкес болуға тиiс. Сондықтан олардың сот жүйесiндегi орны конституциялық заңмен айқындалуға тиiс. Барлық соттардағы секiлдi, мамандандырылған соттарда сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстың және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады (Конституцияның 75-бабының
2-тармағы).
Конституцияның 75-бабы 3-тармағының "заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергiлiктi соттары Республиканың соттары болып табылады" деген ережесiнен, мамандандырылған соттар жергiлiктi соттар ретiнде ғана құрылуы мүмкiн екендiгi келiп шығады.
Мамандандырылған соттардың мәртебесi Конституциялық заңның 3-бабының 2 және 3-тармақтарымен айқындалады. Олардың мазмұнын негiзге ала отырып, мамандандырылған соттар облыстық та, аудандық та соттарға теңестiрiлуi мүмкiн.
Мамандандырылған соттардың соттылығы iстердiң өзiндiк ерекшелiктерiн, күрделiлiгiн, қоғамдық маңыздылығын, тез және тиiмдi түрде шешiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгiн ескере отырып процессуалдық заңдармен белгiленуге тиiс (Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 6 наурыздағы N 3 қаулысы).
Сот жүйесiнiң бiрлiгi принципiн негiзге ала отырып, Конституциялық заңда қандай да бiр мамандандырылған соттар туралы айтылуы олардың Қазақстан Республикасының барлық аумағы бойынша құрылуы мүмкiн екендiгiн көзде ұстайды. Елдiң сол немесе өзге бiр өңiрiнде нақты мамандандырылған соттардың iс жүзiнде құрылуы экономикалық, әлеуметтiк және өзге де факторларға байланысты.
Заңдылық және сот қателiгiн болдырмау мүддесiне орай мамандандырылған соттарға қатысты сот шешiмдерiн қайта қарау мүмкiндiгi толық күйiнде қамтамасыз етiлуге тиiс. Шағымдану және қадағалау сатыларының соттары ретiнде тиiстi мамандандырылған соттар да, басқа соттар да, соның iшiнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты да болуы мүмкiн. Бұл ретте Жоғарғы Сот Конституцияның 81-бабына сай азаматтық, қылмыстық және Республиканың барлық соттарының соттылығына жататын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады.
Мамандандырылған соттардың ұйымдық-құқықтық құрылуы және оларда сот төрелiгiнiң жүзеге асырылуы, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы), сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгiне деген конституциялық құқықтарына (Конституцияның 14-бабының 1-тармағы) нұқсан келтiрiлуi мүмкiндiгiн болдырмайтын заң нормаларына
негiзделуi тиiс.
3. Мамандандырылған соттардың осы санамалап берiлген сипаттамалары, оларды ерекшелiктерi жоғарыда көрсетiлген арнаулы соттардан ажырататын негiзгi белгiлер болып табылады.
Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы
3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы
1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi
Достарыңызбен бөлісу: |