Қазақстан республикасының конституциялық кеңесі қазақСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ конституциялық кеңесі қаулыларының жинағы астана-2010



бет35/45
Дата29.01.2018
өлшемі7,99 Mb.
#35947
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   45

ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 4-тармағын, Республиканың сот жүйесi Конституциямен және оған сәйкес келетiн конституциялық заңмен белгiленедi деп түсiнген жөн.

Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi деген конституциялық норма, мынадай белгiлермен сипатталатын соттарды құруға тыйым салынатынын бiлдiредi:

1) олардың құрылысы, құзыретi және құрылу тәртiбi Конституциямен және конституциялық заңмен емес, арнаулы нормативтiк құқықтық актiлермен регламенттеледi;

2) олардың сот төрелiгiн жүзеге асыруы, өзге соттар үшiн заңдармен белгiленген сот iсiн жүргiзу тәртiбiнен алынып тастаулар қолданыла отырып жүзеге асырылады, бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiрiлуiне жағдай жасайды;

3) олар құрылған және қызмет iстеген кезде Конституцияның 3-бабының 4-тармағымен көзделген мемлекеттiк билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну принципi сақталмайды, бұл арнаулы соттардың билiктiң атқарушы тармағы органдарынан ұйымдық бағыныстылығынан немесе тәуелдiлiгiнен көрiнедi.

Конституцияның 75-бабының 4-тармағында берiлген "арнаулы сот" ұғымы, қорыта алғанда, осы көрсетiлген белгiлердiң тым болмаса бiреуiне ие болған соттарды белгiлеу үшiн пайдаланылады.

2. "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы
N 132-II Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының
3-бабының 3-тармағымен көзделген мамандандырылған соттар, Конституцияның 75-бабының 4-тармағында көрсетiлген арнаулы соттардан айырмашылығы, Қазақстан Республикасының бiрыңғай сот жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.

Қазақстан Республикасының мамандандырылған соттары Конституцияның талаптарынан келiп туындайтын мынадай сипаттарға ие болуға тиiс:

1) мамандандырылған соттар Қазақстан Республикасының бiрыңғай сот жүйесiне жергiлiктi соттар ретiнде кiруге тиiс;

2) олардың сот жүйесiндегi орны (облыстық немесе басқа жергiлiктi соттарға теңестiрiлуi) конституциялық заңмен


айқындалуы тиiс;

3) мамандандырылған соттарда сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылуы тиiс;

4) мамандандырылған соттардың соттылығы заңмен белгiленуi тиiс;

5) мамандандырылған соттарға қатысты сот шешiмдерiн қайта қарау мүмкiндiгi толық күйiнде қамтамасыз етiлуi тиiс. Шағымдану және қадағалау сатыларының соттары ретiнде тиiстi мамандандырылған соттар да, басқа соттар да, соның iшiнде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты да болуы мүмкiн;

6) мамандандырылған соттардың ұйымдық-құқықтық құрылуы және оларда сот төрелiгiнiң жүзеге асырылуы, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына, сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрiнiң теңдiгiне деген конституциялық құқықтарына нұқсан келтiрiлуi мүмкiндiгiн болдырмайтын заң нормаларына негiзделуi тиiс.

3. Мамандандырылған соттардың осы санамалап берiлген сипаттамалары оларды арнаулы соттардан ажырататын негiзгi белгiлер болып табылады.

4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

5. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.



Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының

7) тармақшасын ресми түсiндiру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2006 жылғы 18 мамырдағы N 2 қаулысы


Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi, Төраға
И.И. Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
Н.В. Белоруков, С.Ф. Бычкова, А.М. Нұрмағамбетов, Ү.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Р.Т. Шырдабаевтың, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттары


Н.Ш. Жолдасбаева мен О. Сәпиевтiң,

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi – Қазақстан Республикасы сыртқы iстер министрiнiң орынбасары


P.C Жошыбаевтың, Қазақстан Республикасының әдiлет вице-министрi С.П. Нұғымановтың, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың,

Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi – халықаралық-құқық департаментiнiң директоры З.А. Аманжолованың қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бiр топ депутаттарының Конституцияның 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.

Конституциялық iс жүргiзу материалдарын зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Ү.М. Стамқұловтың хабарлауын, өтiнiш субъектiсi өкiлiнiң және отырысқа қатысушылардың сөздерiн, сондай-ақ сарапшы – заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сәрсембаевтың қорытындысын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң халықаралық және конституциялық құқық кафедрасының меңгерушiсi заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.О. Құлжабаеваның пiкiрiн тыңдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны


АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiне
2006 жылғы 26 сәуiрде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бiр топ депутаттарының Конституцияның 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келiп түстi.

Өтiнiш субъектiсi мынадай сұрақтарға жауап қайтаруды сұрайды:

"1. Халықаралық шартты ратификациялау туралы заң мен ратификациялауға жататын халықаралық шартқа қосылу туралы заңның арасында айырмашылық бар ма?

2. Сол кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес ратификациялауға жатқызылмаған, бiрақ заңнаманы өзгертудiң салдарынан соған қайшы келген Қазақстан Республикасының күшiне енген халықаралық шарты ол өзгертiлгенге дейiн немесе оның қолданысы тоқтатылғанға дейiн толық көлемде орындалуға тиiс пе?".

Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының
7) тармақшасын ресми түсiндiрген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алды.

1. Конституцияның 54-бабы 7) тармақшасының мазмұнына түсiндiрме Конституциялық Кеңестiң 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 16-17/3 қаулысында берiлген.

Халықаралық құқық нормаларын талдау көрсеткенiндей, халықаралық шартты ратификациялау да, оған қосылу секiлдi, халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттi екендiгiне мемлекеттiң келiсiм беру тәсiлдерiнiң бiрi болып табылатынын және ол дәл осындай атауы бар халықаралық акт түрiнде ресiмделетiнiн атап өткен жөн (1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена Конвенциясының 2-бабы 1-тармағының "b" тармақшасы (бұдан әрi - Вена Конвенциясы).

Халықаралық шартты ратификациялау – оны мемлекеттiң уәкiлеттiк берiлген органының түпкiлiктi түрде бекiтуi. Ол мынадай екi акт арқылы iске асырылады: халықаралық (ратификациялау грамотасында) және iшкi мемлекеттiк (әдетте – заңда).

Конституцияның 54-бабына сәйкес ратификациялау, Палаталардың бөлек отырысында тиiстi мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы жүзеге асырылатын Республика Парламентiнiң өкiлеттiгi болып табылады.

2. Вена Конвенциясының нормалары халықаралық шартты ратификациялау мен халықаралық шартқа қосылудың арасында құқықтық салдары жағынан айырмашылық белгiлемейдi (11, 14 және 15-баптар). Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Құқықтық мәселелер жөнiндегi басқармасының Келiсiм-шарт секциясының түсiндiрмесiне сай, "қосылу да, ратификациялау секiлдi сол бiр құқықтық салдарға әкеп соқтырады".

Халықаралық құқық пен Республиканың ұлттық заңнамасының нормаларынан келiп шығатыны, халықаралық-құқық аспектiсiнде қосылу, егер Парламент оны заң қабылдау арқылы iске асырған болса, онда ратификациялау секiлдi сол бiр құқықтық салдарға әкеп соқтырады.

Қазақстан Республикасында халықаралық шартты ратификациялау туралы заңдар мен ратификациялауға жататын халықаралық шартқа қосылу туралы заңдар қабылдаудың бiрдей рәсiмiнен өтедi. Сондықтан олар өзiнiң заңдық күшi мен құқықтық салдары жағынан тең.

Осыған орай Конституциялық Кеңес, Республика үшiн мiндеттiлiгi халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдармен немесе халықаралық шарттарға қосылу туралы заңдармен белгiленген халықаралық шарттарды ратификацияланған деп есептеу керек деп пайымдайды. Сонымен бiрге, ратификация және қосылу толығымен барабар ұғым болып табылмайды, сондықтан, Конституцияның 54-бабы
7) тармақшасының мазмұнынан келiп шығатынындай, Қазақстан Республикасының ратификациялауға жататын халықаралық шарттарға қосылатындығы туралы шешiмдердi халықаралық шарттарға қосылу және оларды ратификациялау туралы заң қабылдау арқылы ресiмдеген тиiмдiрек болады.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағына сай Конституция нормаларына сәйкес келетiн Республиканың халықаралық шарттары мен өзге де мiндеттемелерi Республиканың қолданылатын құқығының құрамдас бөлiгi болып табылады.

Бұл ретте Қазақстан, Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады деп Конституцияның 4-бабының 3-тармағында белгiлей отырып, ратификацияланған халықаралық шарттарға айрықша мән бередi.

Вена Конвенциясының 26-бабымен белгiленген "pacta sunt servanda" принципiне сай қолданыстағы әрбiр шарт оның тараптары үшiн мiндеттi және адал орындалуға тиiс. Бұл принцип сондай-ақ, БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес мемлекеттердiң алған мiндеттемелерiн адал орындау принципi ретiнде, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық принциптерi туралы 1970 жылғы 24 қазандағы декларацияда да бекiтiлген.

Сонымен бiрге, Конституциялық Кеңес 2000 жылғы
11 қазандағы N 18/2 қаулыда көрсеткенiндей, Вена Конвенциясы "шарттың орындалу тәртiбiн айқындамайды. Бұл мемлекеттердiң конституциялық және заң шығарушылық төтенше құзырына жатады және халықаралық құқықтың жаппай танылған принципi – мемлекеттердiң егемендiк теңдiгiнен келiп шығады".

Осыны негiзге ала отырып, Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелерi белгiленген тәртiппен, Негiзгi Заңның 4-бабының


2-тармағына сай Республиканың аумағында ең жоғары заңдық күшi бар Республика Конституциясына қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт толығымен немесе Конституцияға сәйкес емес деп танылған бөлiгiнде орындауға жатпайды деп пайымдайды.

Конституциялық Кеңестiң 2000 жылғы 11 қазандағы N 18/2 қаулысына сай Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған шарттарының Республика заңдарынан басымдығы болмайды және "олар Республика заңдарына қайшы келмейтiндей шамада орындалуға тиiс. Араларында қайшылық болған жағдайда, шарттасу тараптары Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшiн жою туралы" заң күшi бар Жарлығына, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларына сәйкес, келiсу рәсiмдерi арқылы оларды шеше алады".

Сонымен бiр мезгiлде бұл қаулыда сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiн жасалған, ратификациялауға жатпайтын бiрқатар халықаралық шарттарының, егер осы халықаралық шарттар үшiн мұндай басымдық Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар саласын реттейтiн заңдарында тiкелей көзделген болса, Республика заңдарынан басымдығы сақталады деп атап көрсетiлген.

Конституцияның 3-бабының 3-тармағына сәйкес халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сәйкес Парламент қабылдайтын заңдар арқылы iске асырылады.

Республика Парламентiнiң заңдар қабылдау жөнiндегi өкiлеттiгi болса мемлекет егемендiгiн жүзеге асыру нысаны болып табылады. Бұдан келiп шығатыны, ратификацияланған халықаралық шарттардың Республика заңдарынан Конституциямен белгiленген басымдығын заң шығарушы Қазақстан Республикасының өзге де халықаралық шарттарына таратуы мүмкiн. Бұл қалыптасып болған заң шығарушылық практикасымен дәлелденедi (1994 жылғы 27 желтоқсандағы N 268-XIII Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi (Жалпы бөлiм), 1995 жылғы
30 наурыздағы N 2155 "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Заң).

Демек, Конституцияның 62-бабы 8-тармағының мағынасын ескере отырып заң шығарушы келiсу рәсiмдерiн жүргiзу кезеңiне, Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған халықаралық шарттарына қайшы келген заңдарды осы халықаралық шарттар реттейтiн құқықтық қатынастарға қолдануға немесе қолданбауға хақылы.

Бұл ретте нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу кезiнде Конституциялық Кеңестiң 2001 жылғы 12 сәуiрдегi N 1/2 қаулысында көрсетiлген, Қазақстан Республикасының халықаралық құқық принциптерi мен нормаларын құрметтейтiндiгi туралы Конституцияның 8-бабының ережесi, iшкi мемлекеттiк құқық құру кезiнде оларды ескеруге деген ұмтылысын бiлдiредi, деп есептейтiн Конституциялық Кеңестiң құқықтық позициясын басшылыққа
алу қажет.

Жазылғанның негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы


3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы
1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 7) тармақшасы, өтiнiш нысанына қатысты қолданыста, Республиканың Негiзгi Заңы халықаралық шарттың өзi үшiн мiндеттiлiгiне мемлекеттiң келiсетiндiгiн бiлдiру тәсiлi ретiнде ратификациялауға айрықша маңыз беретiнiн бiлдiредi.

2. Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының актiлерi және халықаралық шарттарға қосылу туралы Қазақстан Республикасының актiлерi өзiнiң заңдық күшi және құқықтық салдары жағынан тең мағыналы болып табылады. Бұл орайда, заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi, Парламентi) қабылдаған және Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар Жарлықтарымен қабылданған, Қазақстан үшiн мiндеттiлiгi халықаралық шарттарға қосылу туралы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген халықаралық шарттар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға теңестipiледi.

3. Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған халықаралық шарттарының Республика заңдарынан басымдығы болмайды және олар Республика заңдарына қайшы келмейтiндей шамада орындалуға тиiс. Араларында қайшылықтар болған жағдайда шарттар тараптарының 2005 жылғы 30 мамырдағы N 54-III "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Заңға , сондай-ақ халықаралық құқық нормаларына сәйкес оларды келiсу рәсiмдерi және қайшылықтарды еңсеру жөнiндегi басқа да шаралар қабылдау арқылы шешуге мүмкiндiгi бар.

Заң шығарушы Конституцияның 3-бабының 3-тармағына,


61-бабының 3-тармағына және 62-бабының 8-тармағына сәйкес заң қабылдау арқылы, Қазақстан Республикасының заңдары мен ратификацияланбаған халықаралық шарттарының қолданылуының ара-қатынасын айқындай отырып, Республиканың өзiне алған халықаралық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ететiн тәртiп белгiлеуге хақылы.

4. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелерi белгiленген тәртiппен Республика Конституциясына қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт немесе оның тиiстi ережелерi орындауға жатпайды.

5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, түпкiлiктi болып табылады.

6. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.



"Астана қаласы сотының ұсынысы бойынша "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы

3-тармағының конституциялылығын тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Қеңесiнiң

2005 жылғы 31 қаңтардағы N 1 қаулысына

түсiндiрме беру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң

2006 жылғы 6 шiлдедегi N 3 Қосымша Қаулысы


Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi, Төраға
И.И. Рогов, Кеңес мүшелерi Х.Ә. Әбiшев, Қ.Ж. Балтабаев,
Н.В. Белоруков, С.Ф. Бычкова, А.М. Нұрмағамбетов, Ү.М. Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ. Дауылбаевтың,

Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Халыққа құқықтық көмек көрсету және заңгерлiк қызметтi ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы Т.Ж. Қожамжаровтың,

Республикалық нотариаттық палата төрағасының мiндетiн атқарушы А.Х. Аленованың қатысуымен,

өзiнiң ашық отырысында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Астана қаласы сотының ұсынысы бойынша "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 3-тармағының конституциялылығын тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 2005 жылғы 31 қаңтардағы N 1 қаулысына түсiндiрме беру жөнiндегi қолдаухатын қарады.

Қолдағы бар материалдарды зерделеп, баяндамашы – Конституциялық Кеңестiң мүшесi Х.Ә. Әбiшевтi және конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi мынаны


АНЫҚТАДЫ:
Қазақстан Республикасы Үкiметi "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Конституциялық заңның 35-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, "Астана қаласы сотының ұсынысы бойынша "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 3 тармағының конституциялылығын тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, мынадай: "нотариаттың қызметi жария-құқықтық сипатта болғандықтан, мемлекетке адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудiң, оларды қорғау мен сақтаудың құқықтық механизмдерiн белгiлеудiң заңдық мiндетi жүктеледi", – деген құқықтық позиция берiлген,
2005 жылғы 31 қаңтардағы N 1 қаулысына түсiндiрме беру жөнiндегi қолдаухатпен Конституциялық Кеңеске жүгiндi.

Кеңестiң осы құқықтық позициясының мазмұнын түсiнудегi және нотариаттың құқықтық табиғатын айқындаудағы қиыншылықтарға орай және бұл қиыншылықтар, өтiнiш субъектiсiнiң пiкiрi бойынша, Қазақстандағы нотариаттық қызметтi жетiлдiру процесiн тежейтiн болғандықтан, Республика Үкiметi мынадай сұрақтар қояды:

"1. Конституциялық Кеңестiң 2005 жылғы 31 қаңтардағы N 1 қаулысында берiлген, нотариаттық қызмет жария-құқықтық сипатта болады деген ескертпе, нотариаттық қызметтi жария-құқықтық қызмет ретiнде, ал нотариат институтын – толыққанды жария-құқықтық институт деп заң жүзiнде тануға негiз бола алады ма. Соған орай, нотариустар мемлекет атынан билiк етуге хақылы ма;

2. Нотариаттың құқықтық табиғатына (оның жария-құқықтық институт деп танылуына немесе танылмауына) байланыссыз нотариустардың жеке мөрлерiнде мемлекеттiк елтаңбаны пайдалануға болады ма".

Үкiмет қойған сұрақтарды ескере отырып, Конституциялық Кеңес мынаны қосымша түсiндiру қажет деп санайды.

1. Конституциялық Кеңестiң аталған қаулысында нотариаттың қызметi жария-құқықтық сипатта болады деп атап көрсетiледi.

Жария-құқықтық қызмет дегенде, ашық, жария сипатқа ие және өкiлеттi мемлекеттiк органдардың белгiленген өзiн-өзi ұстау ережелерiнiң мiндеттi түрде орындалуын қамтамасыз етуiне негiзделген қызметтi түсiну керек.

Нотариат қызметiнiң сипатын жария-құқықтық деп тану, бұл қызмет нотариустың мемлекеттiк органдарға тән жекелеген функцияларды орындауымен (дау туғызбайтын заңдық фактiлердi куәландыру немесе растау, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде оларға бiлiктi заң көмегiн көрсету) байланысты екендiгiн бiлдiредi.

Мемлекеттiк нотариустардың, сондай-ақ нотариаттық iс-әрекеттер жасауға заңмен уәкiлеттiк берiлген өзге де мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметi заңнамамен белгiленген шектерде жария-құқықтық сипатта болады.

Жекеше нотариустарға келер болсақ, олардың қызметiнде жария-құқықтық элементтердiң болды, жекеше нотариат толығымен жария-құқықтық институт болып табылады дегендi бiлдiрмейдi. "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы


14 шiлдедегi N 155-I Заңына сәйкес жекеше нотариустар қызметiнiң ұйымдық нысаны кәсiпкерлiк (коммерциялық) қызметке теңестiрiлмейдi. Алайда, жекеше нотариустың өзiне жеке меншiк құқығы бойынша тиiстi мүлкi мен қаржысы шегiндегi жеке (мүлiктiк) жауапкершiлiгiн, өз атынан қызметпен айналысуын, мүлiктiк қатынастарға қатысушылардың теңдiгiне негiзделген бәсекелестiк ортада болуын, және оның ерiктi негiзде құрылуын ескере отырып, жекеше нотариустың қызметi жария-құқықтық та, жеке-құқықтық та сипатта болады деп таныған жөн.

Конституцияның 13-бабы 3-тармағымен кепiлдiк берiлген бiлiктi заң көмегiн көрсете отырып, нотариус заң бұзушылықты анықтаған жағдайда мәжбүрлеп әсер ету шараларын пайдалануға, сондай-ақ құқықтық реттеудiң мемлекетке тән мiндеттеу және тыйым салу секiлдi әдiстерiн қолдануға хақылы емес. Нотариустар актiлерiнiң орындалуын, соның iшiнде мәжбүрлеу механизмдерiн қолдану арқылы, мемлекет қамтамасыз етедi.

2. Конституцияның 3-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Yкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде ғана мемлекет атынан билiк жүргiзедi.

Конституцияның бұл ережелерi мемлекет атынан билiк жүргiзу құқығын, Негiзгi Заңның өзiнде көрсетiлгендердi қоспағанда, өзге субъектiлерге берудiң кез келген нысандарына жол берiлмейтiнiн бiлдiредi. Демек, жекеше нотариустар мемлекет атынан билiк ете алмайды.

Мемлекеттiк нотариустарға, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың нотариаттық iс-әрекеттер жасауға заңмен уәкiлеттiк берiлген лауазымды тұлғаларына келер болсақ, олар, мемлекеттiк қызметшiлер болғандықтан, өз өкiлеттiктерi шегiнде мемлекет атынан билiк етуге хақылы. Мемлекет бұл ретте мемлекеттiк нотариустың нотариаттық iс-әрекеттерi үшiн мүлiктiк жауапкершiлiк арқалайды.

3. Республика Конституциясының 9-бабына сәйкес мемлекеттiк нышандардың ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының бейнесiн мөрлерiнде орналастыру құқығы берiлген тұлғалар шеңберi "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының
8-бабында айқындалған.

Жазылғанның негiзiнде, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Конституциялық заңның 35-бабы


1-тармағының 1) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын және
41-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. "Астана қаласы сотының ұсынысы бойынша "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 3-тармағының конституциялылығын тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 2005 жылғы 31 қаңтардағы N 1 қаулысының дәлелдеме бөлiгiнiң 1-тармағының мынадай: "нотариаттың қызметi жария-құқықтық сипатта болғандықтан, мемлекетке адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудiң, оларды қорғау мен сақтаудың құқықтық механизмдерiн белгiлеудiң заңдық мiндетi жүктеледi", – деген құқықтық позицияға қатысты бөлiгiндегi ережесi:

- нотариат толығымен жария-құқықтық институт болып табылмайды. Нотариустың қызметi жария-құқықтық сипатта да, жеке-құқықтық сипатта да болады;

- мемлекеттiк қызметтегi нотариустар (мемлекеттiк нотариустар), мемлекеттiк органдардың нотариаттық iс-әрекеттер жасауға заңмен уәкiлеттiк берiлген лауазымды тұлғалары ғана мемлекет атынан билiк етуге хақылы. Жекеше нотариустар мемлекет атынан билiк етуге хақылы емес дегендi бiлдiредi.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасын ресми пайдаланудың тәртiбiн айқындау заң шығарушының құзыретiне жатады және конституциялық заңмен белгiленедi.

3. Осы қаулы түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген реттi ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет