2.«Ойынның психологиялық-педагогикалық негіздері» пәнінің дәрістік материалдары.
1 тақырып: Ойын - психологиялық феномен ретінде
Ойыншық – шынайы заттардың нақты бейнесі, балаларды қызықтырарлық түрде оқытуға және ойнауға арналған арнайы зат: идеалогиялық әсер ету мен тәрбиелеудің негізгі құралы. Жас ерекшелігіне байланысты ойыншықтарды және балаларды негізігі міндеттеріне байланысты оларды ақыл – ой , ерік – жігер және эстетикалық тәрбиелеуге , денесінің дамуына және ермек – ойыншықтар деп бөлуге болады. Балалардың ақыл – ойын дамытатын ойыншықтардың ішінде дидактикалық ойыншықтар үлкен орын алады. Олар ақылын, ойлауын, тілін дамытып, білім, дағды мен іскерлік жайлы бірқатар түсінік береді. Олармен ойнай отырып , бала заттарды тануды , айыруды, заттың түсін, көлемі мен пішінін атап, сандармен, цифрлармен танысып, ұсақ бөлшектерді тұтас бір затқа жинап, оларды қайта бөлшектеді үйренеді. Олардың ішінде халық арасында кеңінен қолданылатын мынадай ойыншықтар бар: бір түсті шеңберлерден тұратын конусты қамалдар (1.5-3ж) , түрлі -түстілері (3-7 ж) , әр түрлі «бір – бірінің ішінен шығатын» - бөшкелер , жұмыртқалар, шарлар (1,5-5ж) ,матрешкалар (1,5-6ж). Балаларға берілген дидактикалық ойыншықтардың қай жаасқа нақты берілгенін көрсету мүмкін емес, өйткені ол ойыншықтармен әр түрлі деңгейдегі ойындар ойналуы мүмкін.
Жиналатын дидактикалық ойыншықтар балалар үшін ең бірінші өзіндік конструкторлар. Бұралатын бөлшектері бар ағаш ойыншықтар 4,5 – 5 жастағы балаларға арналған.
Баланың политехникалық біліміне техникалық ойыншықтар негіз болады. Әр түрлі жастағы балалар үшін дайын техникалық ойыншықтар мағынасы бойынша да, образы бойынша да ерекшеленеді. Мысалы, 2 – 4 жастағы балалар үшін паравоз үлкен, ашық түсті бірнеше бөліктерден – дөңгелектен, машинист бөлімшесінен тұрады; 5 – 7 жастағы бала дәлдікті қажет етеді – дөңгелектердегі рычагтар деген сияқты , ал кіші мектеп жасындағыларға өте үлкен бөлшектер қажет және де паравоздың орнына тепловоз, электровозға ауыстыруды қажет етеді. Дайын техникалық ойыншықтар қазіргі техниканы, өткен заманғы техниканы және болашақтың техникасын да көрсетіп, бейнелуі мүмкін.
Мектепке дейінгі балаларға арналған техникалық ойыншықтар бала қолының түрткісімен қозғалуы мүмкін, инерттік механизммен қозғалысқа түсуі мүмкін. Мектеп жасына дейінгі бала мен кіші мектеп жасындағы балалар үшін кейбір техникалық ойыншықтар дәлірек айтсақ, транспорттық және жолдық – құрылыстар үлкен мөлшерде жасалады және бала өзі мұндай машинаға отырып қажет жұмысты ойында атқару үшін рөл мен рычагты қозғалысқа келтіреді.
Мектепалды даярлық сыныптарында сабақтың өн бойы ойын әрекетін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады. Себебі, 5-6 жасар бала сабақ оқығаннан гөрі ойын ойнағанды қалайды, зейіні тұрақсыз, бір іспен ұзақ уақыт шұғылдана алмайды. Бала ойынмен өседі. Халқымыз бала мінез-құлқының қалыптасуында ойын әрекеті де елеулі мән атқаратынын жақсы аңғарған. Ойында баланың қарым-қатынасы кеңейіп, таным қабілеті өседі, мінез-құлқы қалыптасады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімділік, тәрбиелік, дамытушылық, мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынды әрбір адам ойнап өседі, ойынды көп ойнаған адамның дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік сезімтал тұлға болмақ. Ойын адамның дамуына, қалыптасуына әр түрлі әсер береді.
Кей бала ойында шынайы өмірді бейнелесе, кей бала ішкі сезімін білдіреді. Ойын – бала табиғатымен егіз, өйткені бала ойынсыз өспек емес, жан-жақты дамымақ та емес. Ол – бала миын жаттықтыратын әрі тынықтыратын негізгі жаттығу. Мағжан Жұмабаев: «Ойын - баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсе бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болуы керек, бақылау деген сөз - қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қарап тұр деген сөз емес, олай тұрсаң бала ойынына кірісуші болма!».
Ойынның дамуына және баланың ойынға араласуына әсер ететін факторлар өте көп. Мысалы, үлкендердің ойынға басшылық жасауы, ойыншықтар, баланың өсетін ортасы, балалар ұжымы, баланың тәрбиесі т.б. Дегенмен де ойын тек әрекет емес, балалардың да, үлкендердің де қызығушылық ермегі, адамды рахат пен қанағат сезіміне бөлейтін іс-әрекеті. Бала тұрмақ, үлкен адамдар да әлі күнге дейін ойнайды, әрине ойынның түрлері де, мазмұны да сан алуан. Балалар ойыны әр алуан, оның өзгеріп отыруы балалардың жас және дара ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, сюжеттік рөлді, қимыл-қозғалыс, драматизация, музыкалық, дидактикалық, құрастыру, ұлттық, спорттық, дамытушы ойындардың түрлері бар. Әрқайсының өзіндік мәні, ерекшеліктері, мазмұны, ережелері, тәртібі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық функциялары бар.
Ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады.
Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін, еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады».
Ойын - қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады. Ойын туралы көптеген теориялар бар. Солардың бірін алғаш рет жасаған Ф.Врубель. Ол ойын арқылы бала өзін-өзі көрсеткісі келеді дейді. М.Лазарус жұмыстан кейін дем алу теориясын, Г.Спенсер денедегі артық энергияны шығару, К.Круз тіршілік үшін күреске әзірлеу ойындарының, С.Л.Рубинштейн еңбекке дайындайтын ойындарының теориясын жасады.
Ойын әлеуметтік қызмет, ол баланың жасына қарай, өзін қоршаған ортаны танып білуге, оны өзгертуге құштарлығын арттыратын құрал. Онда танымдық және бағдарлық қызмет бар. Ойын арқылы бала білім алады, тәрбиеленеді, қоғамды құрметтеуге үйренеді, ынтымақтасып жұмыс істеуге дағдыланып, ұтылуға емес, ұтуға тырысады. Ойын баланың психикасында сапалы өзгерістер туғызады, оқу әрекетінің негіздері қаланады.
А.М.Горький: «Ойын арқылы бала дүниені таниды» - десе, А.С.Сухомлинский: «Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы жоқ және болуы мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» - дейді.
Н.К.Крупская ойынның байқағыштыққа, ептілікке және басқа мінездерге тәрбиелейтін атап айтқан. Ол адамның дербестігін, ұйымдастырушылық дағдыларын дамытады. Оқытудың түпкі мақсаты – оның сапалы болуы, яғни сабақтың түрлері мен әдістерін, мазмұнын жетілдіру, оның танымдық, білімдік, тәрбиелік жағынан сапалық жаңа деңгейдеге көтеру.
Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин сияқты белгілі психолог ғалымдар: «Ойын баланың өзіндік өмірі» - деген ортақ тұжырым жасайды. Ал біздің халық даналығы: «Ойлы бала, ойыннан өседі» - дейді.
Қазіргі кезде “ойын” ұғымының мағынасы кеңейіп, тұрмыс пен мәдениеттің түрлі салаларын қамтуда. Бұрын балалар ойыны мен актер ойыны педагогика мен өнертанудың ғана зерттеу нысандары болып келсе, қазіргі таңда ойын проблемасы психология, әлеуметтану, мәдениеттану, әдебиеттану, т.б. салалардың көкейтесті мәселесіне айналып отыр. Ойын арқылы оқушы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып тұлғаны дамуын қалыптастыруға болады.
Ойын – оқытуда жаңа технологияның маңызды бөлігі болып табылады. «Ойын »ұғымына түсініктеме берсек – бұл адамның мінез- құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізінде әс-әрекеттің бір түрі. Ойын әрекеті мынадай қызметтерді атқарад:
Ойын – сауық
Коммуникативтік немесе қарым-қатынастық
Диагностикалық (ойын барысында өзін-өзі тану)
Коррекциялық (өзін-өзі түзету)
Әлеуметтендіру
Ойын – адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Сондықтан ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып білімін жетілдіреді.
Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды, отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Ойын балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін қалыптастырады. Ойынның ережелері ойнаушының қисынды ой қабілетінің дамуы, бір-біріне деген сыйластық, қажеттіліктерімен санасуы әр оқушының жеке әрекетінен туындайды. Ойынның басты шарты жеңіске жету болса, әр ойыншы өз қарсыласының мүмкіндігімен санасып, бір-біріне деген сенімен арттырады.
Ойын түрлері өте көп. Соның ішінде ойын-сабақ, ойын-жаттығу, сергіту ойындары, дидактикалық мақсаттағы ойындар, логикалық ойындар, грамматикалық ойындар, ұлттық ойындар, т.б. Мұндай ойындар оқушыны жан-жақты дамытып, білімді толық игеруіне көмектеседі.
Ойын арқылы ұйымдастырылған сабақ балаларға жеңіл әрі тартымды, әрі түсінікті болады. Ойын сабақтары оқушылардың өздігінен жұмыс істеуге, ойлау қабілетін дамытуға үйретеді. Ойын кезінде балалардың достық сезімін оятып, бір-біріне қамқорлығы, ұжымдық бірлігі нығаяды. Балаларды жақсылыққа, қайырымдылыққа, ізгілікке, әдептілікке тәрбиелеуге болады. Ойын түрлерін сабақта тиімді пайдалана білу мұғалімнің меңгертіп отырған білімін ықыласпен тыңдап, білімді берік меңгеруіне көмектеседі.
Ойынды түрлендіруге жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды жатқызуға болады. Олар әр тілді, әрі ақыл-ойды дамытуға, демалыс сәттерін тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Оқушы әрекет үстінде өзін-өзі еркін ұстауға, қысылып-қымтырылмауға, басқалармен тіл табысуға, жолдастық, достық сезімінің оянуына мүмкіндік жасайды.
Ойынның негізгі мақсаты-баланы қызықтыра отырып білімді меңгерту болса, мұғалімнің міндету-сол ойын түрлерін пайдалана отырып оқушылардың өздігімен жұмыс істей білуге, ой белсенділігі мен тіл байлығын арттыра түсуге түрлі дағды мен шеберлікті меңгертуге қол жеткізу. Оқу-тәрбие жұмысында ойындарды қолданудың кең спектрін сипаттау мақсатында көптеген ғылыми зерттеулер жасау арқылы мынадай мәселелердің басы ашылды:
ойлау, ес, сөйлеу, жігер, назар үрдістеріне дидактикалық ойындардың әсер ету сипаты;
жеке оқыту маңызының артуы;
оқу ойындарына қатысушылардың таным қызығуы арқылы шығармашылық ізденіске ұмтылуы, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |