К.Мұқажанұлы
Күнгей Мұқажанұлы 1929 жылы маусымында КХР, СУАР Алтай аймағы, Буырылтоғай ауданының Күнгейті деген жерінде дүниеге келген. Шешесі шешен болғандықтан, бала Күнгей де сөз өнеріне ерте талпынып, 15-16 жастан бастап айтысқа қатынасып, халық өлең-жырларын, дастандарын жатқа айтып көзге түседі. Ол 1942-1947 жылдары ауылдық бастауыш мектепті бітіреді де, 1950 жылы Алтай орта мектебін тәмамдайды. Содан 1950-1951 жылдары Үрімжіде кадрлар жетілдіру орнында ақпарат мамандығын оқиды. 1951-1962 жылдары “Алтай газетінің” редакторы болып, шығармашылыққа талпынады. Жазушының “Тың тірлік”, “Тайталас” (бұл еңбегі Ұйғыр, Қытай тілдеріне аударылған) повестері мен “Борандағы бала” атты әңгімесі ілгерінді-кейінді өлке дәрежелі жүлделерге ие болған. Автордың “Игілік” атты романы 1983 жылы Шын Жаң жастар-өрендер баспасында (Үрімжі), “Алтай әңгімелері” жинағы 1984 жылы Ұлттар баспасында (Пекин) басылған. Бұлардан басқа “Махаббатқа жол”, “Көкеннің би болуы”, “Өгіздің терісі”, “Қазақтың күй-дастандары”, “Қоржын”, “Қайта табысу”, “Әдебиетке дұрыс ниет керек” т.б. отыздай әңгіме, очерк, сахналық шығарма, әдеби сындары бар.
Марқұм Күнгей Мұқажанұлы тірі кезінде Қытай жазушылар қоғамының мүшесі, Шін Жаң өлкелік ауыз әдебиеті қоғамының орынбасар төрағасы, Буырылтоғай аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы сындық қоғамдық жұмыстарды атқарған.
“Өр Алтай” тарихи роман. Шін Жаң халық баспасында (Үрімжі) 1997 жылы бірінші рет басылған.
Кейіпкерлері: Шәріпқан, Жеңісқан төре, Метіке, Бақыш, Шайман, Шайсан, Жанасыл, Кабира, Серікбол, Гүлсім, Көгедай, Ген амбы, қара Оспан, Арқалық батыр, Қамшыбай, Салақбай, Мәйен, Жамал, Уәли үкіртай, Лақ би, Мешітқан, Айқап би, Наурызбай, Далабай, Байтан, Бықыш шешен, Сиырбай, Әбен, Тайлақбай, Мәнібай, Қайырбай, Мәми бейсі, Үрістем, Жаңгір, Сау Сызы (қытай шаруа), Баймолла, Жәке би, Бәден, Ошарбай, Намазай, Закария төре, Асық, Өрдебай, Ожаубай, Әтік, Жұртбай, Мұсабай, Иманбай, Тоқбай, Ажы төре, Боранбай, Ежен хан, Мамыт, Демежан, Мамыртай, Өсер, Нуқат, Тетей, Тайқара, Кәрібай, Қылышбай, Шапақ, Мықи, Жапалақ, Қышай, Шал шешен, Зағипа, Шәрбану.
“Өр Алтай” романы “Қауымда”, “Қыранда”, “Ертісте” сынды үш бөлімге бөлінген. Алғашқы бөлегінде автор негізгі кейіпкер Шәріпқанның Жеңісқан төре кішілікке алған әйелі, қараның қызы Метікеден туғандығын, азан аты “Шақторғай” екендігін, оны Тоқбай туысқаны тоғытпай: “Шақ” деген шектілікті білдіреді, ал торғай құстың кішкенесі, онанда заманның шектеуіне ұшырамай, өрісті болсын” – деп Шәріпқанға өзгерткенін, бұл басы бақырдай ұлдың дүниеге келгеніне қызыл көздене қарайтын күл күндес бәйбіше ханым – ақсүйек Бақыштың ішіне өрт түскенін, содан бастап айылын жимаған қызғаныштың қозғанын тілге тиек ете отырып, әр жерден шұрық етіп қайнаған қазандай қаймалы қазақ сахарасында болған ірілі-ұсақты тарихи оқиғаларға шоқ тартады. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашына дейінгі кездердегі Алтай өңіріндегі көріністер көз алдыға елестейді.
Шәріпқан ес біліп, етек жиғаннан тартып, “тектінің тұқымы, темірдің сынығымын”, - деместен төленгіттермен (Төленгіт – төре ордасының шайт десе жусап, шүйт десе өретін басы байлы адамдары. Бұл “төреңді күт” деген сөзден шықса керек) тонның ішкі бауындай, үйір болып өсті. Кіші үй атанған Метікенің отбасы қарашалардың қаймықпай кіретін қормалы еді. Төре ауылына тымақ киіп кірмейтін, қамшы ұстап үйге енбейтін, төре тұрмай, сәбағат сұрамай ордаға бармайтын т.б.с.с. көнеден келе жатқан “жол-жосындар” кіші үйде сақталмаған.
Төрт атасынан төленгіт Жанасыл қарт қалың сауыр тірліктің тырбаңына қыңық етпейтін қайратты, көпті көріп, көнек түбін тескен көкірегі қазына қария еді. Оның немересі Серікбол Шәріпқанның жартыны жарып жейтін жандосы, иткөйлекті бірге тоздырған ұяласы. Ауыл балаларының ойын ошағы осы қараша үй болатын. Бұлангер шешен шал домбырасын тыңқылдата отырып, күйлердің шежіресін қоса шертетін. Онан қалса, тереңге бой тартып, арғы-бергі тарихты да тарата айтып құлыншақтардың құшық кеудесіне құя білетін. “Әліп бимен” тіл сындырған балпанақтардың ендігі үлкен мектебі Жанасыл ақсақал болатын. Көгедай төренің тұсында Пекинге төте қарап келген Алтай елі, кейін Тарбағатайдағы Ген амбыға бағынады. Ол жай бұқараға бүйідей тиіп, ауыр алман-салық алады. Азуы алты қарыс алпауытке аянбай қарсы шыққан жалаңтөс батырдың бірі қара Оспан болды. Қара сөздің қайығы атанған қария бұл ерлікті арғыдағы Арқалық батырдың арсыз Ажы төренің шаңырағын шайқалтқан өрлігімен, тіпті сонау Абылай ханның Жәнібекті ыстық ішуге отынға жұмсап сынаған сындарлы сынымен тең өре отырып, тартымды тілімен сәбилердің санасына сіңіріп, жас жүректерін атасы жаудан қайтпаған бабаларының батырлығымен ұштай түсетін.
Сырттан жау келсе жұмырықтай жұмылатын, өкпеге қисада өлімге қимайтын, аразы болса да безері болмайтын қоңырқай ауылдың бейбіт күндегі берекесі де бұзылмай тұрмады. Соның бірі, ала құйын, лыпылдақ қаққан қулауыт Қамшыбай шабарманның бейкүнә момын Мәйенге жауған қой ұрлау жаласы болса, бірі “Қубас айғыр құнанын қажайды” дегендей қарабауыр Айқап бидің қараубай Мешітқанға тізесін батырып, қыс қыстайтын қыстауын тартып алуы. Жеміттердің жымы бір болып, асқақ би мен адуын шабарман жең ұшынан ұштасып, Мәйеннің бел баласы Байтанды сойылға жығып дүрелеуі... Алты бақан алауыздықтың алауын көтеріп, өзара шарпысқан осынау қасат даудың түп-төркіні тереңде болатын. Бұл бұрыннан бүлкілдеп, үзеңгі бауы қалыңдап келе жатқан қазақы қаймалы қайшылық еді. Осылай шиеленіскен шиені төрт бидің төрелігінде шешпек болып алғашқы бөлім ақырласады.
Орта бөлімде, Шәріпқанның нағашы атасы Мәнібайдың көңілін сұрауға барғандығын, кетерінде қайсар атаның нұсқауымен жолшыбай Абақ Керейдің ақылы болған Жұртбайдың Мәмиіне амандаса баруын, Мәмеңнің мәнді әңгімелерін майын тамыза отырып, сол кезде іргелі елге сіңіп, атам қазақтың салт-дәстүрлерін, ғұрып-әдептерін игеріп 13 Абақ Керей атанған жырымды Қытай шаруаларының қарым-қатынасын кіндігін төңкере баяндайды.
Өз ортасының сөз тізгінін ұстаған Сау Сызы шал Мәмидің әкесі тұрғылас болатын. Ол осы ауылға маңдай терлерімен өсірген көкөністері мен базардың таңсық тәтті-құжырларын қанжығалап жылқы тезегін құғатпай жиі келіп-кетіп тұратын. Еруліге қарулы осынау алыс-берістің басы, бұрынғы бабалардан басталса керек. Ел іші тентексіз болған ба? Үрістемнің шәргез, жұқа шеке Бәден деген жігіті ұйыған бірлікке ірткі тастап, қызыл төбел шу шығарды. Бұдан ілгері Үрістемнің өзі найзаның ұшы болып, Закария төремен тіресіп, тағы бір жіктің арасын шалғайлатты. Осындай әрекенің ісіне берекенің өрісін меңзеп, қиысын келтіріп қиыстыратын құдыреті күшті, сұңғыла Мәми еді. Бірақ, бұл заңғар тұлғаға да құралын көтеріп, қандықол бола жаздаған құдайсыз табылды. Ол жүрегін ыбылыс жалаған азулы Жаңгір болатын. Мұндай дөкірлік ел ішіне сұмдық боп тарап, халықтың кегін қара қазандай қайнатып, көп ауылды атқа қондырды. Елге бас! Қайран халық-ай! Қайтсін, “Керейден Мәми кетсе ақыл да кететінін” біледі қой. Бұқараның бұрқ еткен кегін кең босағалы, кертолғау кешірімшіл Мәмеңнің өзі басалқа басу айтып, өршітпей құндағында тұншықтырды. Осы дауға ұйтқы болған айыпкердің де айызды қандырар айбарлы ерлігі болған. “Есірік болмай ер болмас” дегендей сол Жаңгірдің от пен судай боп, ұзыннан өштесін жүрген Ожаубай батырын жауларының қолынан жамбы беріп алып қалған адамгершілігі де бар еді. Бұл бұғаудан құтылған Ожекең қара нарға халы кілем жайып, қас болған Жаңгірге “Құдай алдына дейін дос болайық!” – деп серт ұстатыпты. Жаңгірдің жаңжалынан туған кершалғай істің шаңы алыс түкпірлерде ұзаққа дейін басылмай, ақыры Лақ бидің бастауымен, атқа мінер игі-жақсылар үн қосып, Жаңгірдің жамбы айып төлеп, ақеділ Мәмеңнің алдына барып “Сендей арысымнан айырылып қала жаздаппын-ау, мен ақымақ!” – деп кешірім сұрауымен ақырласады.
Абылпейіз ханның Абылмамбеті төре кергудің талайын тауысып, төре сұрауға барған Тауасар батырға 17 жасар Көгедайды азар қиді. Ол қара халықты қамықтырмай басқарды, бірде Шегетай батырға бастатып Пекинге барып ханның қолынан қаса көктас тағынып, билігін нығайтты. Жаугершілік кезде билік тізгінін ұстаған Көгедай қаза табады, оның намысын жыртқан Абақ Керей жеті кісінің құнын алған соң бітімге келіп, баласы Ажыны таққа қояды. Ажы төре қорғансыз елге, қормалсыз жерге жегідей тиіп бөрі етектен алса, Еженханның (Қытай патшасы) Жидайшалары жау болып жағадан алып, есеңгіреген елдің еңсесін көтертпеді. Жұт жеті ағайындасып, “Аңқау елге арамза молла” – дегендей ханның шабарманы боп жасанған Қалқаның Қалмақтары да буынсыз жерден пышақ салып, бұлап жүрді. Бұл сұмдықтың бетін ашқан Көкен болатын, осы батырлығымен кейінгі би сайлауда ол билікке отырды... Көңілін сұрай барғанда, кеудесіне керуен сиятын, жаны таза Мәмеңнің осынау оқиғаларға қаныққан бала Шәріпқанның едәуір есейіп қайтуымен екінші бөлімнің ері алынады.
Ақырғы бөлімде, автор Алтай-Сауыр болып бас қосқан жиыннан сөз бастайды, төрт би-төренің талқысынан өткен бұл отырыс алғашында Көгедай барған Пекиннен хабар келгенін, оған кімді жіберіп, қалай сөз ұстату керектігін ақылдасады. Етті жасап болып, қос қазыны табақты айналдыра қойғанда шетін көмкеріп тұрады, мұны “Абақ табағы” атаған. Бұған кезінде Құнанбай қажы да таң қалыпты. Ол кісі Мәмеңнің әкесі Жұртбайдың тұсында бір қашқынның дауымен осы елге ат басын бұрған екен.
Шәріпқан мен Серікбол жиынға жиналған ауылға бара жатып, жолшыбай су жағасында сейілдеп жүрген Баймолламен жолығысады. Бұл жігіт оқыған, көзқарақты, ел деп еңіреп туған ердің бірі еді. Атын бұрыннан еститін сол Баймолла Мәмең бейсі ашқан “Абақия” мектебін айтып, балаларды оқуға шақырды.
Жиынның төрінде Керейдің “Құлашегірі” атанған жасы үлкен Жәке би отырды, оның оң жағынан Лақ би, онан төмен Өсер зәңгі; сол жағынан қара Оспан, Бықыш шешен орын алды. Айында немесе жылында жүздесетін осынау керімдаланың көкжалдары кеуде соғыстырып, шұрқырай амандасқаннан кейін, өзара бұрын-соңды болған өтміштерді тілге тиек етіп, бірін-бірі әзілдің асау жамбасына басып, итжығысқа түсті. Соның бірі, Өсер зәңгінің “Төбелес қайдан шығады?” – деп тақаурап, қадалған жерінен қан алатын Сібе Қалдайды шапалақпен тартып жіберіп “Әкеңнің езу құқасын жегір, тыртық шеке, осыны да білмейсің бе!?” – деп сұрағына жауабын беріп, күліп қол алысқан ерлігі болса; Қайталап айтса да құлағына қыстырмай, жеріне баса көктеп кіре берген Нуқаттың тымағын, мініс аты мен ошағын ұрлап әкеліп ыммен ескерту жасап, алдына келтіріп айыпқа жыққан алғырлығы болса; Бірде сары Ноғайдың үйінде қонақта отырғанда отағасы өгіздің терісіндей жер бер деп қолқалаған, жындысудың желігімен бере салып, ұлан-қайыр жерінен айырылып қалған ездігі қызыл тілінен қыран ұшырғандардың қақтығысында тұздық болды. Мініне мойынсал болса да азулы, өршіл Өсер патшасының бұдан да көп құтты жерден айырылып қалғандығын айтып, ақталып жатты. Міне бұл жер ашуы – жан ашуы деп білетін халықтың кейінгіге өсиет етіп қалдырған “Өсер берген өгіздің терісіндей жер” – дейтін аңызы.
Сөз қуған, сары қарын билер ортақ сөзге ойысты, Пекинге барудың жол шығынына бірлікке келгендей болды да кімнің баратындығы жөнінде біраз ауыз ауыртып, ақыры Әділ төренің (Найман руының төресі) тұқымы Закария төрені сайлап, оған серік болып Баймолла баратын боп бірлікке келді. Жиын осылай пәтуаласып, құйысқан көтеріле бастағанда Жанасыл шал Мәйенді ертіп нақақтан жабылған жалаға ақтаушылық тіледі. Бұл дауды көп би білмейтін, ақылдаса келіп, ақ-қараны ажырататын әділ билікті Мәми айтатын болып мақұлданды. Мәмең тізгін ұшымен алыс-жақынға ат шаптырып, айғақтың дұрыс-бұрыстығын анықтап, қолдан жасалған жаласы үшін Қамшыбай шабарманды айыпқа жығып, нақақ төленгітті ақтайды. Ақ түйенің қарны жарылған қараның қуанышына ортақтасып қасына барғанда, көзінен күн көрінген Жанасыл қарт Шәріпқанды қапсыра құшақтап кеудесіне басты. Жақсылыққа жаны үйір Жәкеңнің жасаған игі ісінің дақпыртымен қаршадай баланың да аты алысқа тарап, құлақтан-құлаққа қоспа, жамау жамап ұлғайып жайылды. Пекинге баратындардың қоржын хабары тіпті де жоталанып жетті.
Қазақта әріден жалғанған алысқа баратын жолаушы үлкен үйлерге барып дәм тартып, батасын алып, қош айтысатын әдет бар. Тонның ішкі бауындай көретін ағайын-анжы, туыс-тұрғыластарының қонаққа шақырып, ақ жол тілейтін дағды тағы бар. Осы үрдіспен Баймолланы Шапақ отауына шақырып, ауыл жастарының басын қосып думанды кеш өткізеді. Қылыштай қылшылдаған құрбылар сауықтың сәнін асырып, атырапты ән-күйге бөлеп, көңіл көтереді. Қызу шаттық құшағында Баймолла ауылдың маңдайға басқан аруы Зағипамен танысып, ынтығын білдіреді. Ертесі мұғалім жігітпен “Абақия” мектебінің жұмысымен кеңес құрып отырған Баймоллаға атқосшылар жолға шығудың даярлығын айтады. Жалпы жұрт жалқы жігіттің сапарын жалғызсыратқан жоқ, Алатаудай ақсақалдар баталарын беріп, мейірі мол ақ жаулықты аналар шашуларын шашып, бүкіл ауыл болып, ақ жол тілеп жолға шығарады. Баймолла ұзақ сапарға Жеңісқан төренің қара шаңырағынан шықпақ болып, барлық елімен қоштасып осында келген. Бұл кезде қарт төре ерден түсіп, науқастанып жатқан еді. Жешің төре Баймолланы оңашалап алып, ақтық арыз-армандарын айтып оң сапар тіледі. Шәріпқан мен Серікбол болашақ мектептеріне Баймоллалармен бірге аттанбақ болып, аттарына мінумен “Өр Алтайдың” ақырғы бөлімі аллаәкпарын айтады.
Ұ Ұрпағың үзілмесін И.Қабышұлы
Ислам Қабышұлының “Ұрпағың үзілмесін” романын тарихи оқиғалардың хроникалық тізбегі десе де болғандай. Роман үш тараудан тұрады.
Бірінші тарауда Алтайдан Қобда бетіндегі туыстарына келіп қосылған Расол, Жекейлердің көші баяндалса, екінші тарау Қобда керейінен “Сары ноқта” салығын талап еткен Қытай ұлығы Мадарыңның Асылбек Көбешұлының басын алуымен аяқталады. Ал, үшінші тарауда әйгілі “Жалама айдаған” жылғы қазақтардың басынан өткен нәубет суреттеледі.
Роман авторы – тарихшы ғалым. Сондықтан болар романда тарихи оқиғаларды баяндау басым. Кейіпкерлердің қатысуымен, кейде авторлық баяндаулармен ел-жер тарихы көптен орын алған. Мысалы, тек Жәнібектің тарихы төрт бетке созылған. Моңғолия тарихында баяндалатын Галдан бошиг, Мандухай қатын, Баянмөнх, Шыңғыс хан мен Эрдэнэзуу, Қарақала тарихтары осының дәлелі. Бұның көркемдік тұрғыдан сәтті шешімін таппаса да, танымдық тұрғыдан алғанда берер жемісі аз емес.
Біздіңше, жазушыда фантазия жеткіліксіз. Роман ұзақ кезеңді – Алтайдан Қобдаға ауған қазақтардың Моңғолияға қоныстану кезеңінен бастап, 1917 жылғы Абақ Керей қазақтарын Моңғол мемлекетінің құрамына қабылдаған Богдыханның жарлығы шыққанға дейінгі оқиғаларды қамтиды. Осы уақыт ішінде ерлікке, талас-тартыс, қайғы-қасіретке толы қаншама оқиғалар өтті. Бұл оқиғалардың барлығы дерлік романда көрініс тапқан. Тас пен кірпіші дайын романның қалануындағы олқылық сол – үнемі дамып отыратын тұтас оқиғалы желі жоқ. Үзік-үзік оқиғалардың көп баяндалуы шашыраңқылық пен шұбалаңқылыққа жол берген. Оқиғаны авторлық баяндау басып кетеді. Осыдан барып кейіпкерлердің мінезі авторлық ремарка арқылы көрінгені болмаса, өз қимыл-әрекетімен білінбейді.
Автор идеясы өте көп кейіпкерлерге үлестірілгендіктен образдар сомдалмаған. Аз көрінсе де Асылбектің характерін автор шағын диалог, штрихпен дұрыс ашып көрсеткен. Ойындағысын ойлап айтар ел ақсақалы Жанай бейнесі де біршама ашыла түскен. Алайда дараланған типтік характер жоқ. Басты кейіпкер Сарыбайдың бейнесі тым жасанды. Ол жылқы отарлатқан 4-5 айда моңғол тілін меңгеріп, хат танып алады. Шын мәнісінде Сарыбай ортада Көпберген мен Қайдардың қасында болды емес пе? Моңғол жылқышылары Аюур, Баталардың қасына соңғы бір-екі айда ғана келеді. Моңғолдың “Алтын шежіре”, “Асыл шежіре” сияқты жыр-қиссаларын еркін оқиды. Моңғолдың қанатты сөздеріне дейін біліп алғандығы өте қисынсыз. Ол табынушылармен ілесіп, Богда ханның ордасына барып, обаға, бурханға табынады. Сөйте тұра, олардың тамағын татпайды. Сонымен қатар, романда жасанды сюжеттер көп. Мысалы, Назарбек ұры табанын тілгенде өлген адамдай мыңқ етпейді. Үйдегі қызды іргеден көрпесімен орап қымтап алып кету, Биндарья қыздың Богдаханға қанжар шығарып, сес көрсетуі, тірі сойып, терісін сыпырып қоя берген қасқыр бір шақырымдай жерге дейін жүріп барып жығылады, тағысын тағылар оқырмандарын сендіре бермейді.
Ислам Қабышұлының “Ұрпағың үзілмесін” романында да ұлттық салт-дәстүрдегі ерекшелік өзіндік арнасын тапқан. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан тектілігіміз, салт-дәстүріміздегі айрықша қасиеттерге басым тоқталған. Мәселен, іргесіне келіп қоныстанған ағайыны Жекей мен Расолға ауыл – үй жиналып үй көтеріп береді. “Жанай ауылдағы туыстарын шақыртып алып, бидайдай қуырды. Өңі тотығып шынымен ашуланыпты.
Бәтшағарлар, ақылдарыңды неге шайнайсыңдар. Қой баққаның қой болып кетті дегенде, жылқы баққаның үйірсек жылқыны көрмедіңдер ме? Сол үйіріне қосқан тай-құнанын иіскелеп, өз тұқымын таниды. Сонау Алтайдың атырабынан ағайыным бар, туысым бар деп аңырап келгенде, қара күркеге қалай ғана қаңсытып қойып дәттерің шыдап отырсыңдар. Адамда зерде, жете деген болмайтын ба? Біз де елміз, жанашыр ағайынбыз деп шақыртқанбыз. Сондағы көрсеткен сый-сияпатымыз осы ма? Мына қылықтарыңды бөтен біреу білмесін. Болмағанда Расолға бір үйдің уығы мен керегесі шықпады ма, осы ауылдан? Расолды қора шетіне қоспен қойып қойсам, рулы елге не бетімді айтпақпын. Бүйткен кісіліктеріне болайын!”.
Романда қытай, орыс, моңғол халықтарының де салт-дәстүрлері де сәтті көрініс тапқан. Басқа ұлттың көзге ұрып тұрар ерекшелігін жазушы кейіпкердің таңданысы арқылы жеткізіп отырған.
Әскер ұстамайды. Анау сары шапанның етегіне сүрініп жүргендері осы хүрээнің гэлэндері.
Әйелдері көрінбей, еркектері сиыр сауғаны несі?
Кешілдер әйел ала ма екен?
Кешілі несі?
Ламаның банділері.
Роман социалистік дәуірдің бет-бейнесін айқындау үшін таптық мүддені жоғары қоюы керек еді. Бірақ, жазушы ұлттық мүддені ту еткен. Ірі ұлттардың ұсақ ұлттарға басымшылық көрсетіп, басқыншылық әрекетке жиі баратындығын негізгі идея етіп алған. Бұл үлкен батылдық, ірі жетістік. Шын мәнісінде Моңғолия қазақтары таптық шиеленістен гөрі, ұлттық тартысты басынан көбірек өткізді. Мәселен, ұрпағын аман сақтап қалу үшін Гоминдаң құрығынан қашып Қобдаға ауса, ақтың әскерлерімен де ұлт тұтастығы үшін күресті. Тіпті, моңғол төрелерімен арадағы қақтығыстың өзі мекен-жерінен ауған аз ғана қазақтың халықтығын сақтап қалу жолындағы күресі еді. Сондықтан да Ислам романындағы негізгі тартыс ұлтаралық алауыздық пен достық, басқыншылық пен мейірбандыққа құрылған.
Ұрпақ тағдыры
М.Сұлтанияұлы
Мағауия Сұлтанияұлының бірінші кітабы – 1981 жылы жарық көрді. Басты идеясы – революциядан бұрынғы аласапыран заманның сыр-сипатын, бет-бейнесін анықтау. Роман қазақ ауылдарындағы араздықты негізгі арқау етеді. Көбікті өзінің немере ағасы Иса байдың тегеуірініне төтеп бере алмай, Алтайдан Қобда бетіне қашып барып, төре ламаның қатал шарттарының бәріне мойынсұнады. Тіпті, Иса байдың атақты жүйрігін алып келуге де бел буады. Мұның арты кекшілдікке ұласып, ағайын арасындағы араздық жауыздыққа апарады. Көбікті төре ламаның сеніміне еніп, әрі Доржыдай орта шаруа адамымен достасып, ірі байлыққа қол жеткізеді. Мақым Жапсарбайға ілесіп, Алтай асып кеткенде оның жұттан аман қалған бір-екі тұяқ жылқысы келер жылы жер көксеп қашып келеді. Бұл ушыға бастаған жанжалдың өршуіне отқа май құйғандай әсер етеді. Ортадағы араздастырушылар: “Мақымның екі атын ұрлап алып, әдейі ұрып көзін ағызыпты, құйрығын кесіп шұнтитып қойыпты, соққыға жығыпты” деп гуілдеген өсек таратады. Онсыз да ұрынарға қара таппай жүрген Мақым екі атының қарымын 200 атпен қайтаруды мақсат тұтады.
Әкесінің ауылын алашапқын еткен Мақымның соққысының кесірінен Мырзабек мерт болады. Кенжесінің ажалы өзгеден емес өзінің кіндіктесінен болғаны Көбіктіге қатты батады. Көбіктінің мінезіне де күрт өзгеріс әкелген қанды қырғын оны есалаң халге дейін жеткізеді. Оңды-солды ашуланып, қит етсе кемпіріне қамшы үйіретінді шығарады. Көңіл-күйдегі осы өзгеріс Көбіктінің бойындағы бұрынғы тектілігін ада қып, келініне қол жұмсауға дейін апарады. Бірақ, өзінің бұл ойсыз қылығын Көбікті кешіре алмай, өз басын өзі өлімге тігеді. Бұл туралы Нұрқасым Қазыбек: “Жат жер жат елде жүрсе де, баяқы қысқа күнде қырық рет қырқысатын қазақы кикілжіңнен ажырамаған, сәл нәрсеге өкпелесе үдере көше жөнелетін, жауласып шыға келетін ағайындардың берекесіз тірлігін автор күйіне жазады” – деп көрсетеді.
Автор бұл эпизод арқылы тектілікті ғана меңземейді, сонымен қатар, құсалық, яғни ұрпағының азғындауына деген Көбіктінің қарсылығын құсалық арқылы танытады. Бұл әрекетінде қырық пышақ боп керіскен ұрпағының көкейіне жылт еткен сәуле дарытармын деген үміт те болуы ғажап емес. Автордың көздегені осы. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы мұрат тұтқаны тыныштық, татулық, береке-бірлік. Көбікті ұрпағының араздығы арқылы қазақ баласының басын шырмаған шырғалаңды ашып көрсетеді. Оқиғалардың ширатыла ширығуы Мақымның Жапсарбайға ілесіп Алтай асуы сойқанының басы еді. Көбікті ауылы содырлықты өзгеден емес өзінен күтеді. Романның астарында бірін-біріне айдап салатын ішкі алауыздықты пайдаланып, өз ұпайын жинайтын төрелердің зымияндығының аса қауіпті екендігін ескеретін мұрат бар. Қазақтың “іштен шыққан жау жаман” дейтін философиялық ойына жетелейтін түйін түйіледі.
Иса бай немере інісінде кеткен кегін алу үшін оның өз ұлы Мақымды пайдаланады. Рас, романның ортасына дейін осылай сабақталып келе жатқан шығарманың соңы күрт өзгеріп, осы қауіпті дерттің шешімін автор дұрыс шеше алмаған. Роман авторы әйгілі “Құпия шежірені” қазақшалаған аудармашы. Бірақ, Мағауия ақсақал Шыңғыс ханнан сый күтіп Отырар қақпасын ашып берген сатқынды керісінше ұлы қағанның жазалайтынына жете мән бермесе керек. Шыңғыс ханның бұнысында: “Өз ұлтын сатқан адам өзгеге де жақсылық жасамайды” деген философиялық тағылым жатыр. Ал, кіндіктесін аямаған Мақымнан Иса бай іш тартуы керек еді. Шығарма оқиғасы басқаша өрбиді. Барлық билік Мақымның қолына көшеді. Дойыр да содыр Мақым билеп – төстеп бара жатқанын байқаған Биағаң Иса бай есейіп-ержетіп қалған Мырзабектің қос ұлы – Бақберген мен Көпбергенге иек артуды мұрат тұтады. Өзінің қарақан басынан басқаға жақсылық ойлап көрмеген зымиян Жапсарбай, әсіресе бірбеткей, намысқой Көпбергеннен құтылудың жолын қарастырады. Қой отарына барғанда, тепкі көрсетеді. Бұған төзбеген қайсар Көпберген қосты өртеп, Жапсарбай мен Домбайды таяққа жығып, иен далаға безіп кетеді де, ит-құсқа жем болады. “Ұрпақ тағдыры” романы “Қобда қойнында” романымен салыстырғанда жоғарыда аталған кемшіліктерді қайталамауға біршама тырысқан. Дегенмен авторлық баяндау мұнда да орын алған. Тартыс, шиеленіс өте босаң. Ширыққан сюжеттің жоқтығы көп жағдайда, нанымсыздыққа жетелейді.
Ү
Үркер
Достарыңызбен бөлісу: |