ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТТЕРІН СЫН ТҰРҒЫСЫНАН
ОЙЛАУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ
Мурат Жупар Мураткызы
Қарағанды қ., «№64 негізгі орта мектебі» КММ
Қарқынды дамып келе жатқан қазіргі заманда ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену
арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті.
Бәрімізді қазіргі уақытта алаңдататын басты мәселе – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Білімді, сауатты адамдар - бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының
негізгі қозғаушы күші» деуінің өзі – жас ұрпаққа үлкен үміт артқанының белгісі. Бүгінгі
таңдағы оқыту үрдісі жаңа әдіс-тәсілдерді, жаңаша идеяларды қолдануды талап етеді.
Сондықтан қазіргі заман көшіне ілесу үшін әр мұғалім өз білімін жетілдіріп отыруы қажет.
«Мен шәкірттерімді ешқашанда үйретпеймін, мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдай
жасауға тырысамын», - деген А.Эйнштейннің асыл сөзі менің сындарлы оқыту теориясын
оқып-үйреніп келгеннен кейінгі ұстаздық жолымда негізгі ұстанымыма айналды. Сындарлы
оқытудың мені қатты қызықтырған тұсы – оқушының өзі ізденуі, өз ісін дәлелдей білуі. Ол
бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім іс-
әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. «Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге
деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат», - деп К.Д.Ушинский айтқандай, баланың білім
алуға деген құштарлығын ояту үшін қазіргі заманда мұғалім көп ізденіп, сабақтың тиімді
өтуіне жұмыс жасауы қажет. Білім сапасы оқушының білімге деген құштарлығы мен
қызығушылығына тікелей байланысты.
Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін үйретудің ең ұтымды жолы –
оқушылардың тілді оқып-үйренуін нәтижелі ұйымдастыра білу. Оқушыларды алдымен тілді
үйренуге қызықтыра білу керек. Әр сабақ сайын тілдегі сөздік қорларын көбейтіп келе
жатқандығын оқушы өздігінен сезіп отырғанда ғана ол сөздерден сөйлем құрылымдарын
құрастырып, бір-бірімен сөйлесуге, тілдік қатынасқа түсуге ынталануы мүмкін. Қазақ тілі
сабақтарын өткізу үшін мұғалім алдымен әр баланың есте сақтау, ойлау, зейін қоя тыңдау
739
739
қабілеттерін жақсы біліп, тілді оқып-үйрену кезіңдегі белсенділігіне назар аударып отыруы
керек. Осы тұрғыдан алғанда сын тұрғысынан ойлаудың алатын орны ерекше.
Сын тұрғысынан ойлау әдісі оқушының еркін сөйлеуіне, өз пікірін айтуға,
достарының ойын тыңдауға, жағдаяттарды шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты
шешуге бағытталған өте тиімді технология. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз - ой қозғай
отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген-білгенін талдап,
салыстырып, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық
жұмыс жасау. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының дәстүрлі оқытудан басты
айырмашылығы – оқушыға білімнің дайын күйінде берілмеуі. «Не істеу керектігін» нақты
жағдайда көрсетпей, мұғалімнің шеберлігі арқылы оқушының өзінің шығармашылық
ойлауын, білімге қызығушылығын ояту, шешім қабылдауға үйрету, жауапкершілігін
арттыру. Себебі, сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер - оқушы. Сондықтан оқушының
бойына өз бетімен білім алу, ол үшін іздену, терең ойлау, зерттеу дағдыларын
қалыптастыруға ықпал ету қажет.
Жалпы сын тұрғысынан ойлау бағдарламасының мақсаты үш кезеңнен тұрады. Олар:
қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдері. Оқушыларды ойлауға
үйретуде, тілдерін дамытуда «Бес жолды өлең», INSERT, «Семантикалық карта»,
«Хронологиялық кесте», «Болжам», «Венн диаграммасы», «РАФТ», «Ойланудың алты
қалпағы», «Ыстық орындық» және т.б. стратегиялардың тиімді де ұтымды жақтары өте көп.
Әрбір сабаққа жоспар құрар алдында алдымен: «Менің оқушыларым не істей алады?» -
деп ойланып аламын. Сабақ жоспарын оқушылардың өз беттерімен меңгеруіне ыңғайлы етіп
және олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып құрамын. Сондықтан да сабақта
қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан
басталады. Осы кезеңге қызмет ететін “Миға шабуыл”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта
талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” және т.б. стратегияларды қолданамын.
Қызығушылықты оятудың мақсаты – оқушының белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену –
енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске
түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Осылайша шыңдалған
ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат
жинап, оны алдыңғы алған білімімен ұштастырады. Сабақтың екінші кезеңі мағынаны тани
білу сатысы. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс
істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне
жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту
стратегиялары бар. Солардың бірі өзім көп қолданып жүрген INSERT стратегиясы. Ол
бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V - “білемін”, - - “мен үшін
түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырды” белгілерін қойып отырып
оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық ете отырып, ойын
білдіруге үйрететін ұтымды әдіс.
Сабақтың үшінші кезеңі ой толғаныс сатысы. Бұл кезеңде жаңа алған білімді
айқындайтын және ұштайтын деңгейде оқушыда шешім қабылдай алатын мүмкіндік болу
керек:
оқығанын өзіндік ойлау тұрғысынан көрсете білу;
өз сұрақтарын қою және оған жауаптар табу;
болжау жасай білу және олардың дұрыстығын тестілеу;
жаңадан пайда болған жағдайларды тез түсінуде осы білімді қолдану [1]. Мысалы,
орыс мектебіндегі 6 сыныпта Ә.Тәжібаевтың «Толағай» әдеби ертегісін өткен кезде
оқушыларды төрт топқа бөліп, әр топқа мынадай тапсырмалар берілді.
І топқа «Ерекше өскен
740
740
Толағай», яғни Толағайдың басқа балалардан ерекшелігін сипаттау берілсе, ІІ топқа «Әкесін
өлімнен құтқаруы», яғни жолбарыспен айқасын суреттеу тапсырылды, ал ІІІ топ «Елі үшін
құрбан болған Толағай», яғни Толағайдың елі үшін жасаған ерлігін суреттеуді еншілесе, ІV
топ «Егер мен автор болсам...», яғни егер сендер автор болсаңдар әдеби ертегіні қалай аяқтар
едіңдер деген тапсырма берілді. Оқушыларым топта бір-бірімен диалогтік қарым-қатынасқа
түсе отырып, тапсырманы сәтті орындап шықты және өздерінің жасаған жұмыстарын қорғай
білді. Төмендегі суреттер осы тапсырманың нәтижесі.
Сын тұрғысынан ойлау - бұл кез-келген мазмұнды сынау емес, оны зерттеу, бақылау,
талдау, әртүрлі стратегиялар арқылы өзінің ойлау негіздерін сыни тұрғыда дамыту. Жаңа
технологияның арқасында оқушының белсенділігі артып, жан-жақты талдауға, ойын ашық
айтуға, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауға үйренеді. Осындай жұмыстардың
нәтижесінде бүгінгі күн талабына сай сауатты, білімді оқушылар тәрбиелеуге болады. Ол
үшін мұғалім көп ізденіп, көп оқып, ізденіс үстінде болу керек. Нағыз өз ісінің шебері ғана
жоғары жетістіктерге ие бола алады. Ал білікті маман болу үшін көп ізденіс керек. Әр
оқушының жүрегіне жол тауып, оларды білімге қызықтыру - біздің міндетіміз. Әр
технологияны қолдану арқылы белгілі бір жетістіктерге жетеміз. Мұндай технологияларды
қолдану кезінде біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыра алады,
оқушының пәнге деген қызығушылығын оятады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның
тақырып бойынша танымы кеңейді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне
оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы арта түспек деп
ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Мирсеитова С. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде: оқушылардың сын
тұрғысынан ойлауын дамыту нысандары мен әдістері – Қарағанды: 2011. – 201 б.
Достарыңызбен бөлісу: |