Ескерту: I. Мезгіл-мекен есім мен зат есімге шөре-шөре болатын сөздер де бар: жыл, күн, жаз, күз, бас, аяқ, орта, шет, т. т. сияқты. Бұлар әрі зат есім, әрі мезгіл-мекен есім. Сондықтан екеуінің белгісі де бұлардан табылып қала береді.
Ескерту: II. Басқа есімдер, басқа сөз таптары сияқты, мезгіл-мекен есімдер де екі түрлі болады: бірі-негізгі түрі (жоғарғы келтірілген сөздер сияқты), екіншісі- туынды түрі. Басқа есімдер мен есімшелерге мезгіл-мекен үстеуі (жұрнағы) болған—да қосымшасын жалғап, мезгіл-мекен есім жасаймыз.
Мысалы: Ағашта, ауылда, ұзында, сегізде, жазғанда, оқығанда сияқты. Мұндай туынды мезгіл-мекен есімдер де морфология жағынан ана негізгілер сияқты: ағашта+ғы, ауылда+ғы, ұзында+ғы, сегізде+гі, жазғанда+ғы, оқығанда+ғы болады. Оқығанда жарық сол жағыңнан түссін. Жарық оқығанда сол жағыңнан түссін. Жарық сол жағыңнан оқығанда түссін.
Мұны екінші сөзбен айтқанда, бұрынғы жатыс жалғау дегенді септеулердің қатарынан, тіпті жалғаулардың қатарынан шығарып, үстеу (жұрнақ) қатарына қосқан десек болады.
Сөйтіп, мезгіл-мекен есім деген істің мезгілін көрсететін, сын үстеуі -ғы-ны ертетін, сөйлемде анықталушысынан бұрын келе тұрып, қай жерде болу жағынан орны еркін болатын түбірлер болып шығады.
Орынбасар есім (есімдік) деп түбірдің де қосалқы шылаулардың да орындарына жүре беретін түбірлерді айтамыз: мен, сен, ол (з.есім орнына), бұл, сол, ол (зат пен сын орнына), мұндай, сондай (сын е. орнына), өйткені, онда (жалғауыш орнына), т. т.
Морфология, синтаксис жағы да қай сөз табының орнына жүргеніне қарай, есімдер мен етістіктердің тонын кие береді.
Етістік те есімдер сияқты, өз ара сала-салаға бөлінеді. Мұны былтырғы программадан (орта мектептердің) қарарсың. Түсінбегеніңді сұрасаң, айтармын. Сөз таптары туралы берер жауабым осы.
6-сұрауыңа. «Қазақ тілінің грамматикасы» (V кластікі) V класс програмының бәріне емес, жартысына арналған. V кластың жартысынан VI кластың жартысына дейін оқылатын кітап II бөлімі, ол биыл шығады. V класта, менің кітабымдағының үстіне, сөз таптарынан есімдер (есімдіктен басқасы) өтілер деп шамаладық . Көп десең ойынды жаз.
7 - сұрауыңа. «өлі қосымша, өлі түбір V класқа ауыр соғатын сияқты» депсің. Сенбеймін. Меніңше, бұларды оқытпасаң, ауыр соғатын сияқты. V класта түбір мен қосымшаны оқытпасқа ғой амалың жоқ. Оқыттың. Ал, бір күні бір бала тұрып, ұят,оян деген сөздердің түбірі қайсы? деп сұраса, не дейсің? Ұят тұтас түбір десең, ұял болғанда, т-ның орнына л қалай келді демей ме? Оян тұтас десең, оят болғанда т келіп н-ның орнын қалай алды демей ме? Сонда ұяттың түбірі өлі ұя; т- есім жасаушы (киіт, құры-т сияқты) өлі қосымша; оят-тың түбірі - өлі оя; мұндағы т қара,-т дегендегі сияқты өзгелік етістің тірі қосымшасы деп шынынды айтқан оңай емес пе?
Оңай болу мен қиын болу кітаптан болмай, мұғалімнен де
болып қалады. Сол себепті бұл жөнінде сенің менде ....(шәгің) болса, менің сенде .... (шүбам) бар. Өйткені басқа мұғалімдер мұнан қиындық көрдік деп айтқан жоқ. Бұларды қалай оқытып едің? Неден бастап, нені үлгіге алып, нені іздеп, нешік жаттықтырып, немен аяқтадың? Неден нендей қиыншылық көрдің? Осыны түгел жаз, сендіре алсаң, мен өзеленбеймін, қол қоямын.
Сәлеммен Құдайберген. 1936 жыл.
(Мақала Қ.Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» кітабынан алынды. — Алматы: Ғылым, 1996.-229-237 б.).
Достарыңызбен бөлісу: |