Сағат саны: 4
Тақырыптың негізгі сұрақтары / жоспары:
1.Акмеологияның ғылым ретіндегі пəні жəне міндеттері.
2.Пайда болуы, қалыптасуы жəне дамуы.
3.Акмеологияның адам жəне қоғам туралы ғылымдармен байланысы
Дәріс тезисі
Акмеологияның пəні ретінде, кең мағынасында, адамның өз дамуында жетістіктерге жетуінің, өзін-өзі жүзеге асырудың оңтайлы жолдарына жетелейтін, адамды индивид, даралық, еңбек субъектісі, кəсіптегі, қарым-қатынастағы тұлға ретінде жетілдіру үдерістері, оның заңдылықтары мен механизмдері алынады. Бұл ең алдымен, кемелденген тұлғаның үдемелі, ілгері дамуына ықпал ететін, жоғары тұлғалық-кəсіби жетістіктерге əсер ететін заңдылықтар, механизмдер, жағдайлар мен факторлар болып саналады. Тар мағынасында, акмеологияның пəні ретінде, өзіндік ұйымдасу мен өзін-өзі түзету, өзіндік білім алудың алуан түрлі аясында өзін-өзі жүзеге асырудың, кемелденген тұлғаның өзін-өзі дамытуының жəне өзін-өзі жетілдірудің заңдылықтарын іздеу алынады. Акмеологияның мақсаты – адамды жетілдіру, оған дене, рухани адамгершілік жəне кəсіби дамуда шыңға жетуге көмек беру, аталған дамуды ізгіліктендіру. Акмеологияның нысаны – өзінің дамуында жоғары жетістіктерге жететін жəне кəсіби іс-əрекетте өзін-өзі жүзеге асыра алатын, ілгері дамушы кемелденген тұлға.
Н.В.Кузьмина акмеологияның пəні ретінде, шығармашылық тұрғыда өзін-өзі жүзеге асырудағы біртұтас адамды атаған. Кемелдену – адам өмірінің кəсіпті жəне оқу орнын дербес таңдауынан бастау алып, жұмыстың ырғағы мен тəртібін жоспарлау, өз уақытын ұйымдастыру мен қалаған нəтижелерге жету тəсілдерін жоспарлау аралығындағы кезең. Бұл кезеңде білім беру, тəрбие, оқыту үдерістерінің орнын бірте-бірте шығармашылық əлеуетті дамытуға бағытталған өзін-өзі тəрбиелеу, өзіндік білім алу, өзінөзі бақылау, өзін-өзі жетілдіру түріндегі өзін-өзі жүзеге асыру үдерістері алынады.
Акмеологияның бастау көздері Ежелгі Грекияға байланысты. Бұл кезеңде адам ақыл-ой жəне дене дамуының шыңдарының үйлесімі ретінде кемелдену идеалына ұмтылған болатын. Адамзат қоғамының дамуының əртүрлі тарихи кезеңдерінде идеалдар алуан түрлі болды, алайда олар əрдайым интегративті құрылымдар, табиғаты бойынша гетерогенді үдерістердің шыңдарының үйлесімі нəтижесі ретінде қарастырылды. Ежелгі Үндістанның данагөйлері адамның жер бетіндегі өмірінің жақсаруын оның тұлғасын жетілдірумен байланыстырды; Конфуций жəне Лао Цзы азаматтық жəне əскери жетілдірудің біріктіруін негіздеді; Демокрит, Сократ, Эпикур өзін-өзі дамытуды адамзат өмірінің мақсаты деп санады; Марк Аврелий, Плутарх, Сенека адамгершілік жетілдірудің өзіндік сана мен аскетизм түрінде көрініс беретінін атап көрсетті; Фома Аквинский, Д.Бруно, Г. Лейбниц, Б. Спиноза жетілдірудің мүмкіндігін рухани дамытуға деген сенімділікпен байланыстырды; еркіндік, жалпыадамзаттық құндылықтар, адамгершілік мəселелерін Г. Гегель, И. Кант, И. Фихте, Ф. Шеллинг зерттеді.
Акмеология (ежелгі грек тілінен аударғанда akme – шың, ежелгі грек тілінен logos – ілім) – даму психологиясының бөлімі болып саналатын адамның биік, жоғары шыңға жетелейтін жетістіктері туралы ғылым. Оның құрушысы, негізін қалаушысы Н.А.Рыбников болып саналады. 1928 жылы ол «кемелденген адамдардың дамуы» туралы ғылым ретінде аталған терминді қолдануды ұсынды. Содан кейін ХХ ғасырдың ортасында Б.Г.Ананьев оны адам туралы ғылымдар жүйесіне жатқызды. Ол аталған ғылымның негізгі идеясын – тұлғаның жоғары жетістіктеріндегі «шыңды» зерттеу идеясын құрастырды. Адамтану мəселесін дамыта отырып, ол ересек адамның даму үдерісін сипаттайтын заңдылықтарды, механизмдер мен феномендерді зерттеудің кешенді міндетін ұсынды. Оның шəкірттері ретінде – А. А. Бодалев, А. А. Деркач, Н.В.Кузьмина жəне т.б. болды, олар акмеологияның адам жəне оны жетілдіру туралы, білімнің жаңа кешенді саласы ретінде негізін қалады. 1995 жылы Санкт-Петербург психология жəне акмеология институты құрылды.
Достарыңызбен бөлісу: |