411
маңдай терінің арқасында қамбасын толтырған ас та төк өніммен қарын
тойдырып қана қоймай, бос уақытқа кенелді және мәдениетпен жан-
жақты айналысты. Таяу Шығыс қалалары мен Еуропада Бір Құдайға деген
сенім басқа негізгі діни идеологиялармен үзеңгілес дамыды. Бірақ ауыл
шаруашылығына сүйенген барша өркениеттің осал тұстары бар еді. Олар
тұқымдық, астық шығымдылығы, ауа райы
және топырақ тозуы сияқты
құбылмалы нәрселерге тәуелді болатын. Әр патшалық іргесін кеңейтіп,
оның міндеткерлігі мен жауапкершілігі көбейген сайын қазынадағы
байлығының шеті көріне бастайтын. Қуатының шырқау шегіне жеткен соң,
құлдырауы мен шөгуі болмай қоймайтын. Дегенмен, жаңа тұрпатты Батыс
ауыл шаруашылығына байланып қалмаған еді. Оның техникалық тегеуріні
жергілікті жайсыз жағдайлар мен сыртқы, өткінші қолайсыздықтарға
тәуелсіз болуын қамтамасыз ететін. Ал капитал қоры соңғы кезге дейін
үнемі жаңалану үстінде сияқты көрінетін экономикалық арналарға барып
құйылды. Модернизация үдерісі Батысты лек-легімен түбегейлі
бетбұрыс
жолына түсірді: ол индустрияландыруға, ауыл шаруашылығын бірте-бірте
жаңғыртуға, интеллектуалдық «ағартушылыққа», саяси және әлеуметтік
төңкерістерге бастады. Әлбетте, бұл зор өзгерістер адамдарды өздеріне де,
дәстүрлі түрде «Құдай» деп аталатын Ұлы Ақиқатқа да қарым-қатынасын
қайта қарауға мәжбүр етті.
Батыстың техникалық қоғамында белгілі бір кәсіпке мамандану шешуші
маңызға ие болды: экономикалық, зияткерлік және әлеуметтік салалардағы
барлық жаңашылдықтар әр алуан бағытта жинақталған әмбебап тәжірибені
қажетсінді. Ғалымдар, мәселен, құрал-сайман жасаушылардың біліктілігіне
иек артты; өнеркәсіп жаңа машиналар мен қуат көздерін, сондай-ақ ғылыми
теориялық білімді талап етті. Әртүрлі мамандықтар бір-бірімен араласып-
құраласып, уақыт өте келе өзара тәуелді сипатқа көшті: қайсыбір кәсіптің
иесі осыған дейін өзіне мүлдем қатысы болмаған басқа бір салада жаңа
нәрсені қолға алып, соған құштарлық танытып жатты. Бұл үдеріс сан тарапты
тоғыстырды. Бір мамандықтың табыстарын тұтынушылар
басқа салаларға
енгізді және ақырында бұл олардың өз деңгейінің өсуіне де септігін тигізді.
Капитал жүйелі түрде қайта қорланды және үздіксіз даму үстінде қомақтана
412
бастады. Өзара өзектес өзгерістер қарқынды өрлеудің толассыз серпінін
танытқандай болды. Уақыт өткен сайын барлық әлеуметтік жіктен шыққан
қалың көпшілік түрлі салаларда модернизация өрісіне тартылды. Өркениет
пен мәдени жетістіктер бұдан былай үркердей топтың игілігі болудан
қалып, зауыт жұмысшыларына, кеншілерге, сондай-ақ жұмыскер ретінде
ғана көрінбей, аясын кеңейтіп келе жатқан нарықта тұтынушыға айналып
үлгерген қарапайым қызметшілерге де пайдасын тигізе бастады. Күндердің
күнінде осы төменгі топтағылардың білімін
көтерудің және олардың
қоғамдық байлықтың белгілі бір мөлшеріне ортақтасуының қажеттілігі туды;
бұл тұрақтылықты сақтаудың кепілі еді. Өнімділіктің едәуір өсуі, капиталдың
қорлануы және қоғамдық нарықтың кеңеюі, сондай-ақ ғылымдағы жаңа
интеллектуалдық табыстар әлеуметтік төңкеріске алып келді: жер иеленуші
таптың қауқары азайды және оны буржуазияның қалталы алпауыттары
ығыстырып шығарды. Қоғамдық құрылыс мәселелерінде де соны
талпыныстар сезілді. Бұл Батысты бірте-бірте әлемнің Қытай мен Осман
империясы секілді аймақтарында бағындырылған
белестерге жетелеп,
түптің түбінде оларды басып озуына мүмкіндік берді. Францияда революция
болған 1789 жылдан былай қарай қоғамдық қызмет оның тиімділігі мен
әкелетін пайдасына қарай бағалана бастады. Еуропа үкіметтері өзгеріс
үстіндегі заманға бейімделу үшін заңдарды ұдайы жаңартып және үздіксіз
түзетіп-толықтырып отыруы керектігін көрді.
Қатып қалған және көктен түсірілген дейтін заңдары бар бұрынғы
аграрлық өмір салты тұсында мұндай өзгерістер қаперге кіріп-шықпайтын.
Бұл техника өндірісінің Батыс қоғамына әкелген жаңа еркіндігінің нышаны
еді: адамдар бұрын-соңды болмаған дәрежеде өз істеріне жауапты
екендіктерін сезінді. Дәстүрлі қоғамда жаңашылдық пен өзгеріс қатты
қорқыныш туғызды, өйткені онда өркениет
алдамшы жетістік саналатын
және бұрынғымен сабақтастықтың үзілуіне қарсылық күшті болатын. Бұған
қарамастан, Батыстың заманауи техникалық қоғамы тұрақты даму мен алға
жылжу үмітіне арқа сүйеген еді. Өзгерістер орнықтырылды және үйреншікті
қалыпқа түсірілді. Шынында да, Лондондағы Король Қоғамы сияқты ұйымдар
ескі таным-түсінікті шеттетіп, оның орнына жаңа сипаттағы білім енгізуді
413
қолға алды. Түрлі ғылым саласының өкілдері осы үдеріске атсалысып, өздері
тапқан олжаларын бір жерге шоғырландыруға ықылас байқатты. Жаңадан
құрылған ғылыми ұйымдар ашқан жаңалықтарын құпия ұстамай, көпшілікке
таратуға ынталы болды; осы арқылы өздерімен қатар басқа салалардың да
дамуына үлес қосқанды қалады. Осылайша, өркениетті әлемнің керітартпа
жоралғысын Батыстың төңкерісшіл рухы мен тұрақты дамуға деген сенімі
алмастырды. Жас толқынның жаман жолға түсуінен қауіптенетін байырғы
үрейдің орнына, енді аға ұрпақ балалары өздерінен жақсы өмір сүреді деп
үміттенді. Тарих толқынында
Достарыңызбен бөлісу: