БАҒдарламасы бойынша шығарылды шолпанға көшкен ауыл Жетінші роман



бет11/17
Дата31.01.2018
өлшемі3,73 Mb.
#37192
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17

ЖЕРДЕН КЕЛГЕН КӨМЕК

Шолпан ғаламшарында болып жатқан түрлі оқиғалар Жердегілерді де тыныш қалдырмады. Ғарыштық телебайланыс адам көңілін орнықтырмады. Қанша дегенмен де телебайланыс арқылы қиын да күрделі мәселе шешілмейді. Шолпан қыздың үй-іші де күнделікті жаңалықты көріп отырғандарымен көңілдері бір орныққан емес. Арада біршама уақыт та өтті. Бірақ болжамнан басқа ештеме жоқ. Үш биороботтың Шолпанмен кездескені жөніндегі хабар да кешікпей Жерге жеткен-ді. Бұл оқиға Шолпанның әкесін қатты елендетті. Шешесінің көңілін босатты. Ағасы Қаяшбекке жігер туғызды. Қарындасын бір іздеп Шолпан ғаламшарына бармау ол үшін намысқа айналды. Содан ол ғаламшараралық кемелер сапарын басқаратын Орталыққа тартқан. Сол жерде жеңіл дәрігерлік бақылаудан өтті. Бүгінде бір ғаламшардан екінші ғаламшарға барып қайту Жерден бір қаладан екінші қалаға барумен бірдей болғандықтан екінің бірі сапар шеге алатын. Бірақ, Шолпан әлі толық зерттеліп болмағандықтан оған көрінген бара бермейді. Ал Қажыбектің жөні басқа еді.

Қарындасы үшін отқа да, суға да түсуге даяр Қажыбек басқару орталығына келіп, өзінің жағдайын түсіндірген. Ондағылар да қарсылық білдірген жоқ. Оның үстіне Қажыбек дене шынықтырумен жастайынан айналысқан, техникаға жақын жігіт. Соңғы кездері бір кісілік аса жылдам ұшатын кемемен дүниежүзілік жарысқа да қатысқан. Елеулі баға алған. Ғаламшараралық кемелерді басқару орталығындағылар онысынан хабардар еді. Оның бәрін былай қойғанның өзінде Қажыбек Шолпанға аттанатын кемеге экипажы құрамына кіруге хақылы-тын. Өйткені өзінің ханындай жақсы көретін қарындасы жоғалып отыр. Шолпан ғаламшарында болып жатқан оқиғалар да әзірге адам санасы жетпейтін құпия. Қажыбек оның бәрін мен ашамын деп бара жатқан жоқ. Өзі барса, үйдегі әке-шешесі де, іні-қарындастары да үміттеніп қалады. Сонымен қатар, ғарыш сапарының қауіптілігі де ескерілмей жатқан жоқ. Қажыбекті әкесі Ералы да, анасы Перизат да ақ баталарын беріп шығарып салған. Інісі Арғынғазы мен қарындасы Айымгүл де сәт сапар тілеп қала берген. Тек олар емес, күллі ауыл ақсақалдары, үлкен аналар да баталарын аяған жоқ. Бәрінің де тілектері іреу ІІІолпан қыздың табылуы, ауылға аман-есен оралуы болатын. Қажыбек сол тілектерді арқалап аттанған.

Ғаламшараралық кемелерді басқару Орталығындағы қысқа дайындық аяқталғаннан кейін кемеге отыру басталды. Бүгінде кеме тек санаулы ғарыш алаңдарынан емес, кез келген қаладан аттана береді. Оған сонау бір кездердегідей аса мұқият дайындық та қажет емес. Қала мен қаланың арасына ұшатын көлік секілді жылжып-жүгіріп барып қалықтап көтеріліп жөнеледі. Мұндай ұшуға бүгінде әркім машықтанған. Осыдан біраз жылдар бұрын ғарыш кемелерімен ұшуға тек денсаулықтары мықты адамдар жіберілетін. Енді онымен тіпті шамалы ауруы барлар да ұша береді. Бірақ Шолпан сияқты алыс ғаламшарға аттануға спорттық денсаулық, батылдық, ілім керек. Қажыбек оған сай еді. Экипаж құрамына отыз адам енді. Кеме де әжептәуір үлкен. Оның ішінде барлық жағдай жасалған. Шолнан мен Жердің арасына аз уақыт ұшпайды. Сол екі аралықта ғалымдар кеңістікке, Айға, Күнге, ірі ғаламшарлар мен олардың серіктеріне, астероидтар елдеуіне, алыс жұлдызды жүйелерге тынымсыз зерттеулер жүргізеді. Бұл о бастан қалыптасқан дәстүр. Қажыбек мұндай зерттеулер жөнінде баспасөзден оқитын, теледидардан, экрандардан көретін. Енді ойламаған жерден сондай кеменің ішінде отыр. Бұл қарындасы Шолпанның арқасы еді. Шолпан кішкентайынан дене шынықтыруға құмар, жұлдызды әлемге әуес болатын. Ақыры сол арманына да жеткен-ді. Тек мына құпия жоғалысы Жер ғаламшарындағы адамзатты елендетті. Қажыбектің бар мақсаты сол қарындасын табу. Бар күш-жігерін, білімі мен қабілетін соған жұмсамақ.

Үлкен кеме Жерден алыстай берді. Енді ол бірте-бірте кішірейе берген. Кеменің жылдамдығы секунд сайын артып отырды. Бұл жылдамдық алу кезеңі. Қажыбек оны да бұрыннан біледі. Осы кезенде өткен уақыт аралығында ғалымдар талай жұмыс тындырды. Қажыбек бұл тұста оларға көмекші ретінде қызмет атқарды. Сөйте жүріп өзінің де білімін, дүниетанымын кеңейтті. Кемеде болған талай күндер университеттің біраз сабағын оқығанмен бірдей еді. Жүз рет естігеннен бір рет көргеннің қаншалықты әсерлі болатынын да Қажыбек енді білді. Ол аз демалып, көп қозғалды. Мынандай ғажайып әлемде қалықтап кетіп бара жатқанның өзі бір ғанибет еді. Бұл туралы қаншама адамдар кезінде армандады десеңші. Олардың ғұмырлары бұл уақытқа жетпеді. Сондықтан да көпшілігі жұлдызды әлемге Жерден қарап, қызықтап, армандап қала берді. Ал бүгінгі заман адам баласының мәңгілік өмір сүруге құштарланатын нағыз қызық заман. Күн жүйесіндегі ары-бері ағып өтіп жатқан түрлі ғарыш кемелерінің өзі бір кезде тып-тыныш, тіршіліксіз тұрған ғаламат кеңістікті абыр-сабырға айналдырған. Былайша айтқанда, тып-тыныш жатқан ауылдың улы-шулы үлкен қалаға айналғанындай.

Қажыбек Шолпанға дейінгі аралықта осындай ойларды да бастан кешірді. Кемеде түрлі ғылым саласының мамандары бар еді. Олар өздерінің тапсырмалары бойынша жұмыс жасауда. Ғалымдардың арасында әйгілі физик Елназар Үдербайұлы да бар. Оның соңғы жылдары ашқан жаңалықтары Жер шарын тандандырған. Елназардың бұл экипаж құрамына енудегі мақсаты да әлгі қара дененің құпиясын ашу болатын. Онымен бірге астрофизик Бейсекей Тоқпанұлы да келе жатыр. Үлкен экипаждың құрамында сондай-ақ биолог Ақылбай Сағатұлы, психолог Сағым Тынымбайұлы, географ-картограф Тілеген Жалғасұлы, математик Жамбай Шәукенұлы және тағы басқа мамандар бар.

Кемеде тек мамандар емес, қосымша қызметкерлер де орын алған. Мамандардың мұншалықты ғана алынуы кемедегі техниканың күрделілігінен де еді. Бүгінде техника адамнан озған. Олардың сезіп-білетіндерін адам баласы сезіп-біліп үлгере алмайды. Кемедегі кибернетик, техник, операторлардың қызметтері де мұнда ерекше болмақ. Шолпандағылардың техникалары қара денені анықтауға шамалары жетпеді. Сондықтан да Жерден күрделі техникалар жіберіліп отыр. Сол техникалардың көбі дерлік кемеге жапсырыла орнатылған бірнеше барлаушы кемелердің ішіне орнатылған. Олар қара денеге қарай ешбір адамсыз аттанады. Олардың ішіндегі биороботтардан да күрделі, сезімтал жүйелер ол дененің не нәрсе екенін алыстан анықтап бере алады. Сонымен қатар оларға аса күшті тартылысты жеңе алатын қондырғылар да орнатылған. Бәрі де Шолпандағыларды айтқан, жеткізген мәліметтері бойынша жасалған-ды.

Жылдамдық алу кезеңінен өткеннен кейін тежеу басталды. Сол кезде Шолпан ғаламшары да ақ бұлттарын өрнектеп, бұрынғысынан анықтала түскен еді. Қажыбек мұндай көріністің алғашқы куәгері ретінде терезеден көз алмады. Шолпанның лапылдасы секунд өткен сайын күшейген-ді. Енді ол азайып, ала бұлттарының қозғалысы да байқалды. Бұлттарының бұл қозғалыстарына қарағанда Шолпан өз осінен жылдам айналатын сияқтанады. Бірақ қайдан. Ол екі жүз қырық үш тәулікке созылады. Айналасы да керісінше. Жерден алғаш келген адам үшін оның орын алмастырғандай болатын батысы мен шығысы да біртүрлі болады. Бірақ қонғаннан кейін ол кері айырмашылықты ешкім де сезбейді. Шығыс пен Күн көтерілетін тұсты айтады. Қажыбек бұл жайлы бұрыннан біледі. Сондықтан оның бар ойы белгіленген аймаққа аман-есен қону. Бүгіндегі кемелер мейлінше сенімді. Анау-мынау кілтипан мейлінше сирек кездеседі. Кеме бір жағдайға ұшыраған күнде отырған әрбір адамның үстінде қалың комбинезон бар, оған ғарыш мотоциклі, әуе дельтапланы бекітілген. Қатер ғарышта төнсе, ыстыққа төзімді дельтаплан қолданылады. Ол баяғы бір заманғы дельтаплан емес, тек аты ғана сақталған. Ал өзінің қолданылуы жағынан мейлінше ыңғайлы. Жылдам жылытқыш моторы да бар. Онымен адам құсша ұшады.

Кешікпей кеме Шолпанның ақ бұлтына енді. Оның қабаттары да, құрамы да Жердікінен бөлек. Ол бүгінде әрбір жас балаға да түсінікті. Сонда да болса Қажыбек оның ерекшеліктеріне баса назар аударды. Алғаш көрген нәрсенің таңсық болатыны белгілі емес пе? Кеме төмендеген сайын кеме сыртындағы өлшеуіштерден беріліп жатқан ыстық-суық та құбылып отырды. Ал біраздан соң Шолпанның сарғылттау тартқан бет-бедері көрінді. Ең қызығы да осы еді. Қажыбек терезеге үңіле түсіп, айналасындағы отырғандардың бәрін ұмытып, төмен көз жіберді. Осында ұшар алдында өзі әбден қарап алған картаның үлкейтілген түрін көріп отырғандай. Әйгілі алапат жыра, өзен мен көлдердің құрғақ орындары, тау мен тас, қыраттар мен төбелер, жанартаулар, ойпаттар, өзіне Жерден жақсы белгілі. Кең тегіс көз алдынан өтіп жатты. Ал жоғарыда солардың бәрін жасырып тұратын бұлттар жөңкіп кетіп барады. Бір қарағанда адамның басы да айналып кетеді. Соны сезген Қажыбек дереу қайтадан төмен бұрылды. Сол кезде көзіне Емшектау түсті. Жүрегі аздап соғыңқырап кетті. Ол бір ғажап көрініс еді. Ұйықтап жатқан арудың анарындай. Қандай дәл. Табиғат әдейі көр дегендей айнытпай-ақ жасапты. Қажыбек оған ұзақ қадалды. Бірақ сол ұзақтың өзі де көпке созылмады. Кеме тік төмендеген бойы Емшектаудың маңындағы тегіс алаңға таяп қалды. Қажыбек оның табаны әне тиді, міне тиді деп ойланғанша болған жоқ, кеме аунап кеткендей мәнер жасады да, қос қанатын шығарып жіберіп, көлденендей ұшты. Кемені басқарып отырғандардың алдарындағы панельден түрлі-түсті шамдар жыпылықтап жөнелді. Емшектаудағылардың дауыстары да кеме ішін жаңғырықтырып жатты.

Емшектау биіктеп кеткендей болып, көз алдарында ұлғая берді. Енді бір сәтте оның осы бүйірінен үлкен қақпа ашылды. Кеме соған енді. Ұзын құбыр басталды. Кеме сол құбыр ішін күңірентіп барып шағын алаңға қонды. Артынша әлгі қақпа қайта жабылды. Ысылдаған дыбыс шықты. Сырттан кірген ыстық леп бірте-бірте салқындай берді. Енді бір сәтте кәдімгі Жер ғаламшарындағы адам төзіп жүре алатын, тіршілікке қолайлы температураға келді. Қажыбек те сол замат қозғалақтап, бар қауіптің артта қалғанына іштей қуанып отыр. Бірақ кеме дыбысы сөніп, есік ашылғанша ешкім қозғалған жоқ. Қажыбек те әдеп сақтап, айналасындағылардың қимыл-қозғалыстарына қарады. Бұрыннан келе жатқан дәстүр бойынша әуелі кемеден ұшқыштар шықты. Содан кейін кемедегі жолсерік салонды аралап өтіп, бұларды сыртқа шақырды. Үлкен ғалымдар бастап кемеден шықты. Қажыбек әдеп сақтап ол кісілердің соңынан жүрді.

Кеме тепкешегінен төмен түскен сәтте өздерін бір топ адам қарсы алды. Қажыбек олардың ішінен Шадыман Есмұхан, Алдиярды бірден таныды. Өйткені, олар жайлы, олардың істеп жатқан зерттеулері жайлы Жерде стереотеледидардан жиі хабар беретін. Тек ол емес, Қажыбек қарындасы Шолпан арқылы олармен бір-екі рет жүздескені бар. Ғарышкер-геологтардың ұзақ зерттеуден жүдегендері де бірден байқалады. Ғалымдармен олар құшақ айқастырып, арқа қағысып амандасып жатыр. Қажыбек те сол құшақтардың арасына кіріп кетті. Шадыман мұның жағдайын сұрап жатыр. Өзіне жаңа бір тірек, жаңа күш тапқандай толқып та тұр Қажыбек онысын бірден түсінді. Шадыманнан кейін Есмұхан Алдиярмен де әңгшелесті. Сөйтіп жаңа келгендер шағын үишікке кіріп, комбинезондарын шешіп, Жердегідей ортаға тән жеңіл киімдер киді. Содан соң-ақ Шолпанға келгендерін ұмыта да бастағандай болды. Бейне бір түс көрген сияқты. Тек шектеулі демесе, бәрі де Жердегідей. Аллея, көл, ағаштар, сайраған құстар, тау-тас, аспан. Тек соның бәрі де қолмен жасалған, қолмен егілген, қолдан жіберілген. Қажыбек мән-жайды тез түсінді, Егер бұл орта болмаса, Шолпанда мұншалықты уақыт тіршілік ету мүмкін емес. Кішкене үишіктен шыққаннан кейін Жерден келгендер екі қабат «Ғарышкерлер үйіне» қарай жүрді. Көп уақыттан кейін жолыққан ғалымдар бір-бірімен шүйіркелесіп әңгімелесіп келеді. Емшектаулықтар Жер жайлы, оңдағы халықтар, табиғат, тағы басқадай нәрселерді сұрайды. Стереотеледидар, арнайы хабар, арнайы байланыс арқылы алынған мәліметтер аз сияқтанады. Адамның аты адам. Жүздесіп, тілдескенге не жетсін Емшектаудың астында шағын қалашық болып, көптеген адам өмір сүріп жатса да, Жер ерекше көрінеді. Жердің кең-жазира даласы, теңізі мен мұхиты, орманы мен шөлейті енді сағындырғандай. Бір жасанды ортада айнала берсе, кім жалықпасын. Адам түгілі, хайуанат екеш хайуанат та тыпыршып кетер еді. Бірақ мұнда адамның айналысатын ісі бар, алдына қойған белгілі бір мақсаты бар. Сондықтан да шектеулі ортадағы өмір аса білінбейді.

Жерден келгендерді Емшектаулықтар бірден асханаға әкеледі. Осы жерде олар жуынып-шайынып, дастарқан басына отырды. Бұл жолы асханадағы үлкен үстелдерді де өзгерткен. Күнделікті тұрғандай емес, бәрін біріктіріп той жасардай, ұзына бойына тізген. Келгендер сол үстелдердің екі жағындағы тізілген жұмсақ орындықтарға жайғасты. Мұндағы мақсат, бар әңгімені осы жерде айту емес-ті. Бір- бірін сағынысқан ғалымдар жүзбе-жүз отырып тамақтанғанды жөн санаған. Жерден келгендер де бұл құрметке қуанысып қалды. Қажыбек дастарқанның орта тұсынан орын алды. Келгендерді жайғастырып жүрген кезекшілер солай жасады. Артынша әркім өзінің алдындағы тағамынан ала бастады. Қажыбек те Емшектаудың дәмі деп наннан үзді. Шадыман осы шағын елдің басшысы ретінде сөзді өзі алды.

— Біз бүгін үлкен қуаныш үстіндеміз, — деп толқып бастады ол сөзін, — өзімізге аса ыстық Жер ғаламшарынан көмекке бір топ ғалымдар келіп отыр. Әйгілі физик Елназар Үдербайұлы, биолог Ақылбай Сағатұлы, психолог Сағым Тынымбайұлы, географ-картоғраф Тілеген Жалғасұлы, математик Жамбай Шәукенұлы енді араларыңызда отыр. Ғалымдармен бірге өзіміздің сүйікті қарындасымыз, ғарышкер-геолог Шолпан Ералықызының туған ағасы Қажыбек Ералыұлы да келді. Бұл жігіт те бізге көмек көрсетпек. Ал енді, әріптестерімізді шын жүрекпен қарсы ала отырып, Емшектаудың дәмінен татуларын өтінелік.

Жергілікті болып қалған геологтар қол соғып жіберді. Жерден келгендер де қосылып қол шапалақтап жатыр. Шадыман сөйлеген кезде ешкім үн қатпай, тек соған қарап отырғандар енді еркінсіп, қозғалақтап, бір-бірімен күбірлесіп сөйлесіп, алдарындағы тағамдарынан алып жатты. Бір сәт үнсіздікті шамалы тық-тық еткен ағаш тостақтардың, ағаш қасықтардың дыбысы бұзды. Тамақтан шамалы алғанша мәдениеттілік сақтап ешкім сөйлемеді. Тек сәлден соң ғана барып, алдындағы кішкене орамалмен аузын сүртіп алған қасқа бас, қой көзді, қыр мұрынды, көзілдірік таққан физик Елназар Үдербайұлы сөз бастады.

— Адам баласына үйдегі дәмнен түздегі дәмнің дәмділеу болып көрінетіні бар, — деп қойды ол сөзін әзілден сабақтап, — кеме ішінде қаншама рет тамақтансақ та, мына дәм өзінше тәтті керініп барады. Шолпан дейтін қасиетті ғаламшардың да дәмін тататын күн бар екен. Бұған да шүкіршілік. Осында айлап тіршілік кешіп жатқан әріптестеріме мұндай құрметтері үшін алғысымды білдіргім келеді.

Шадыман басын изеп қойды. Отырғандар дәмнен алып, тағы біраз үнсіздік орнады. Расында да Жерден келгендерге Шолпандағы дәм ерекшеленіп кеткендей көрінген-ді. Жер-де болса, бәлкім осы тағамдарға назар да аудармас па еді. Оның үстіне жаңа ғана кемеден өздері көріп келғен Шолпан табиғаты да ерекше әсер берғен. Кеме сыртындағы термо- метрлер көрсеткен ыстық та адамға біртүрлі үрей тудыратын сияқты. Мұндайда адам тамақ жегіш болып алады. Жерден келгендердің көпшілігі дерлік сондай күйде еді.

Елназар Үдербайұлынан кейін де алғыс білдіргендер болды. Тамақ желініп, қол жайылды, келгендер арнайы бөлмеге бет алды. Мұнда Жердегі бір қаладан бір қалаға келген сияқты кең уақыт жоқ. Бұлардың алыс сапардан келгеннен кейінгі демалысы да, дем алысы да жаңағы болатын. Асханадан шығысымен әрқайсысы өзінің қүралын қойын дәптерін қолына алған. Ал бөлмеге кірген бетте Шадыман нұсқап көрсеткен жұмсақ орындықтарға жайғасты. Жерден келгендердің назарын айнала қабырғалардағы қазақтың ою- өрнектері, түс кілемдері аударды. Бәрі де қазақ ұлтына тән. Бір кездері барып келудің өзі орындалмастай арман болған Шолпан үстіндегі үлкен тау іші бүгінде осылайша қазақ жұртына айналыпты. Көмекке келгендердің бәрі де ризашылық сезімде отырды. Қай халықтың болмасын өз салт- дәстүрі бар. Ол сақталмаған жерде ұлт та болмақ емес. Ша- дыман бастаған геологтар тобы сол жағына баса назар аударған. Бұл Емшектауға кейде Жердегі басқа ұлттың өкілдері де келіп-кетіп жатады. Мұндағы адам қолымен жасалған тіршілік ортасына тәнті болып қайтады.

Бірақ бұл жолғы сапардың жөні басқа болатын. Келгендер де тек қазақ халқының зиялылары. Әр түрлі мамандықтың иелері. Шадыман көрген құпияны тек өздері шешпек. Әзірге басқа ұлттың өкілдерінен көмек қажет болған жоқ. Қажет болса, олар да келуге дайын. Жалпы, Шолпан бетінде зерттеу ісін жүргізіп жатқан тек бұлар емес. Басқа аймақ- тарда жұмыс істеп жатқан өзге ұлттардың өкілдері де бар. Бірақ ең басты, ең негізгі зерттеу орталығы осында еді. Сондықтан да Жердегілердің назары осыларда. Мұнда болып жатқан құпия көріністердің барлығын бұлар Жер шарына баяндаған емес. Ғарышкерлерге тән құпияны ұстап отыр. Тек Шолпанның жоғалғаны, онан кейін ауылында бір жігітпен бірге көрінгені Жер шарына тарап кеткен. Соның артынша басқа елдің ғарышкерлері де Шолпанның көптеген аймақтарын мықтап зерттеуге алды. Бірақ олардың бір де бірі осы кезге дейін ешқандай құпия көріністің куәсі болған жоқ. Ол да өзінше бір жұмбақ болып келеді.

Бөлмеге жиналғандар негізгі істеріне кірісіп кетті. Осыдан шамалы уақыт бұрын болған мәжілісте қара денеге кімдердің ұшатыны белгіленген еді. Ол жайлы Шадыманның өзі ғалымдарға қысқаша түсіндірді. Содан кейін әр саланың мамандары кезегімен мінбеге шығып, қара дене жайлы өздерінің пікірлерін айтты. Жерден келген ғалымдар ол пікірлерді мұқият тыңдап отырды. Содан соң барып өздерінің ойларын ортаға салды.

— Менімше ол қара ойықтың өзі, — деді әйгілі физик Елназар Үдербайұлы, — жаңағы айтып жатқан пікірлерден мен сондай қорытындыға келіп тұрмын. Тек сол қара ойық адам үшін қызмет ететін сияқты. Қара ойық қашаннан бері жұмбақ болып келді. Қаншама кемелерімізге залал келтірді. Ал жаңағы мәдени дамуы жоғары адамдар оны билеп алған сияқты. Шолпан бетінде көрінген бар керініс те сонан шыққан деп ойлаймын. Әрине, мұны зерттеулеріміз көрсетеді. Пікір көп. Болжам да жетеді. Бізге енді әрекет керек. Онсыз іс бітпейді. Болжамнан ақиқатқа кешуіміз қажет. Біз де сонау Жерден сол үшін кеме сабылтып келдік. Ол қара дененің құпиясын тек біз әкелген мейлінше сезімтал түсіргіш камералар мен күрделі жүйелер анықтай алады. Қара денеге аттанатын кемеге осыларды орнатамыз. Менің пікірім осы.

Әйгілі физик сөйлеп болған соң Шадыман орнынан тұрды. Ғалымдарға сахнадан түсіп, қатардағы орындықтарға жайғасуды ұсынды. Өзі экранға бейне түсірушілерге “Бастай беріндер” деген белгі берді. Артынша бөлмедегі шамдар өлеусіреп барып сөнді. Қарсы алдарындағы экранда өткенде геологтардың өздері көрген көріністер өте бастады. Артынша айнала экрандарға айналды. Жерден келғен ғалымдар отырған орындықтарын олай бір, бұлай бір бұрып, бұрын-соңды көрмегендерін тамашалауға кірісті. Көрініс тез бітті. Оның бас биороботтың басындағы жазғыштан алынғанын да Жерден келгендер жақсы білетін. Енді ез көздерімен көрді. Одан кейін Жерден әкелінген күрделі құралдардың ерекшеліктері тамашаланды. Бәрі түсінікті, бәрі дайын болды. Ендігі мақ- сат — қара денеге қарай шабуыл жасау еді. Оған қарай ұшатындардың құрамына Шолпанның ағасы Қажыбек те қосылды. Экипаждың басшысы — Алдияр. Көмекшілері — Ғалиакпар, Таймас және Қажыбек. Мәжіліс осыларды бір ауыздан бекітті.

ТОЙ АЛДЫНДА

Бұл күндері Абзалдың ауылында қарбалас іс болып жатты. Ол үйлену тойына дайындық еді. Абзалдың әке-шешесі Жерден келген инабатты жас қыз Шолпанды ұнатып қалған-ды. Абзал есімді ұлымен бірге өткізген осы уақыттың ішінде оның артық қадамы, өрескел қылығы байқалған емес. Халқы құмырсқадай құжынап жатқан Жер шарындағы елді мекендерден де мұндай инабатты, пәк қыздың шығатынына алғашында қайран болып жүрген-ді. Енді оған әбден көздері жетті. Шолпанның барлық ісі, жүріс-тұрысы көпті көрген әкенің, де шешенің де ойынан шықты. Тек Шолпанның кейде техникалық дамуға қарай мойын бұрып тұратыны бар. Бұл оның елінің ол кезеңнен толық өтіп болмағанын сездіреді. Ал Абзал туған ауыл тұрғындары үшін әлемде танданарлық ештеме қалмағандай. Бәрін игерген. Бәрін баяғыда түсінген. Дүниенің көзін де тапқан. Бірақ ол адам баласы жинайтын дүние емес, әлемнің көзі еді. Оны білген адам бәрін де біледі. Күллі ғаламды басқара алады. Абзалдың ата-бабалары сондай дәрежеге жеткен адамдар еді.

Бүгін де Абзал мен Шолпан беткейде кезікті. Екеуі әдеттегіше екі ақ киіз үйде тұратын. Ауыл салты бойынша жігіт пен қыз қашан үйленгенге дейін бір үйде қонбайды. Тек күндіз, табиғат аясында ғана кезіғеді. Бірге қыдырады. Әңгіме-сыр шертеді. Мауықтарын басады. Бұл нағыз шынайы сүйіспеншілік. Екі жас бір-бірін сағынып көріссе, араларындағы махаббат сезімі де арта түседі. Ежелгі қазақ ақсақалдары мен аналары оны жақсы білген. Екі жастың бір- бірін ұнатқанын сезгеннен кейін олардың әке-шешелері бір-бірімен танысып, туыстасып кететін. Сол дәстүр мұнда бұзылған емес. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жанданып келеді.

Абзал мен Шолпан бір-біріне қадала қарап, жақындай түсті. Сонан соң алақандарының саусақтары айқасты. Сөйтіп, қатар жүріп әңгімелерін бастады. Шолпан қаншалықты келісімін берсе де, той алдында толқып та жүрді. Арманы сол тойында өзінің әке-шешесінің, ағасы, інісі мен сіңлісінің болғанын қалайды. Оған Абзал да қарсы емес. Бірақ олар Жерде, бұлар Шолпанда. Қалай бірікпек. Егер біріккен күнде Шолпанның әке-шешесі бұл келісімге рұқсат бере ме? Осы жағын да ойлады Абзал. Шолпанның ойында тек ол емес, онан да маңызды нәрселер бар еді. Ол осы құбылыстың құпиясын қалай да білу болатын. Абзалдың алдында сол шартын да қоюды жөн көрді.

— Абзал, — деді ол жігітке бота көзін қадап, — үйленер алдында менің қояр шартым бар.

— Ол қандай шарт? — деп Абзал елең етті.

— Сіз маған көп нәрсені көрсеттіңіз. Аралаттыңыз. Бірақ соның сырын әлі толық түсіндірген жоқсыз.

— Ненің сырын?

— Ана аспандағы қара дененің. Ол не? Кім жасаған?

Және не үшін?

Абзал ойланып қалды. Ата дәстүр бойынша, оның сырын ешкімге айтпауға тиіс еді. Бірақ Шолпан сүйген жары емес пе? Өмірлік серігі. Сондықтан осы жолы, үйленер алдында оның сырын айту да артық емес-тін. Оның үстіне Шолпанның өзі де шарт етіп қойып отыр. Абзал осындай ойды бірнеше секунд ішінде саралап үлгерді. Содан соң Шолпанның нәзік алақандарын қыса түсіп:

— Айтайын. Бірақ ол үшін екеуміз ғарыш кемесіне отырып сол денеге баруымыз керек, — деді.

— Барайық, — деді Шолпан жадырап.

— Ауылдағылар бізді іздемес пе екен?

— Ескертіп кетеміз. Той дайындығы жүре берсін.

— Мүның да дұрыс. Кеттік, ендеше!

Абзал мен Шолпан қол ұстасқан күйде ауылға қарай жүгіре жөнелді. Бірақ бұл жолы екеуі Абзалдың әке-шешесі тұратын үлкен ақ киіз үйге қарай бет алған еді. Қазақтың салты бойынша әлі келін болып түспеген қыз ондай жерге баспайды. Шолпан да сол салт-дәстүрді сақтап, беріде қал-ды. Абзал жылдам басып, сол киіз үйге кіріп кетті. Біраздан соң қайта шықты. Келіскен сияқты. Абзалдың жүзі қызыл-шырайланып кеткен. Келе Шолпанның қолынан ұстады да, арнайы орында тұрған шағын екі кісілік кемеге ертіп барды. Екеуі соған отырды. Абзал басқару пультін қолына алды. Кеме ешбір отсыз, моторсыз қалықтап көтеріле берді. Енді бір кезде үп-үлкен ауылдың ақ киіз үйлері жыпырлаған жұмыртқалардай болып көзге шалынды. Кеменің ұшу жылдамдығы арта түсті. Шолпан енді терезе жаққа қараған жоқ. Жанындағы Абзалдың иығына басын сүйеп отырды.

Кеме Шолпан ғаламшарын бір-екі рет орап откен соң әлгі қара дене дейтін нәрсеге қарай бет қойды. Кеменің жылдамдығы да сол замат арта берген. Шолпан мұндай ұшуды көрген емес-ті. Сондықтан да отырған орындығындағы жалпақ белдікті сырт еткізіп іле салды. Абзалдың екі көзі қарсы алдындағы қара денеде. Қара дене деп аталғанымен оның айналасында жарық бар. Қақ ортасынан Күннен шыққан сияқты сәуле көрінеді. Лазер сәулесі сияқты өткір. Оған тіке қараға болмайтынын Абзал ұшпай тұрып-ақ Шолпанға ескерткен. Қараған күнде де онан ештемені түсінбес еді. Тек көз жанарын құртып алмақ.

Қара дене бір орыннан қозғалмайтын тәрізді. Аи іш жағында не бар екенін Шолпан әзірі білмейді. Абзал үшін бәрі таныс, бәрі белгілі. Сондықтан ол кеменің басқару пультіндегі небір түймелерді бірінен соң бірін басып келеді. Шолпан онан ештемені түсінген жоқ. Өзінің төл мамандығы геолог болғандықтан ғарышкер-ұшқыштың ісінен бейхабар-тын. Ал Абзал өнерпаз жігіт. Оның қолынан келмейтін іс жоқ сияқ-ты. Шолпан оның бұл қасиетіне тәнті. Онымен бірге қол ұстасып, серуен қүрып жүргенінің де бір себебі сол еді. Оның үстіне жас жүрегі де соған бұрылған. Мұндай махаббат сезіміне бөленгені де алғаш рет. Енді бұл өмірде Абзалдан басқа ешкім де қажет емес. Ал Абзал үшін бұл сезім екі есеге артады. Ол Шолпан үшін жанын пида етуге даяр. Айтуға, көрсетуге болмайды делінетін мына құпияны да Шолпанға ашқалы келе жатыр.

Кеме қара денеге жақындаған сәтте Абзал бұрылмастан:

— Шолпан, белдігіңізді тексеріңіз! Босап кетпейтіндей болсын! Қара денеге таяп қалдық! Біраздан соң оның төңірегіне шығамыз! Сол кезде мына кемеміз шыркөбелек айналатын болады! Осы бастан ескертіп жатқаным ғой! Бірақ еш қорықпаңыз! Басыңыз айналса да шыдаңыз! Қара дененің тартылыс күші ғаламат! Оны жеңу мүмкін емес! Амалсыз солай барып қонамыз!

— Түсіндім! — деді Шолпан сәл қорқып, — тек аман- есен қонсақ екен!

— Қонамыз! — деді Абзал, — бұл бірінші сапарым емес! Бұлайша қону мәнерін жан баласы білмейді! Өз адамдарымыздан басқаларды айтып тұрмын, Шолпан!

— Түсіндім! — деді Шолпан қарсы алдындағы терезеден қарая берген кеңістікке қарап, — бірақ мына дүние неге қараңғыланып барады?

— Солай болады! Шыдаңыз! Бұл қара дененің төңірегі! Оңда ешқандай дене айналып жүре алмайды! Бәрі де жұтылады!

— Түсінбедім!

— Қазір...

Сәл де болса дұрыс ұшып келе жатқан кеме қайтадан айналып-төңкеріліп жөнелді. Абзал сөзін тыйып, алдындағы тетікпен алысып кетті. Шолпан да енді мән-жайды түсініп, үнсіз қалды. Сол кезде алдарынан жылт еткен жарық пайда болды. Ол секунд өткен сайын көбейе берді. Енді бір сәтте кеменің ішіндегі шамдар да жанды. Шолпан ұйқыдан тұрған- дай мең-зең. Неден, қайдан өткенін түсіне алар емес. Бірақ қалай болғанда да бар қиындық артта қалған сияқты. Енді Қатер де жоқ. Шолпан соған қуанды. Абзал кемені тежей түсті. Оның тетіктері де енді басқаруға көне бастағандай. Мана Абзал асаумен алысқандай тыпыршып еді, қара кеңістіктен өткен бойда тынышталып қалды. Жарық көбейе түскен сайын айнала да бір ғажап болып кетті. Шолпанның шамалауынша ғаламат бір станция. Өзінше бір қала сияқты. Шағын-шағын болса да жыпырлаған көшелер бар. Сол көше- лермен ары-бері биороботтар ағылып жатыр. Ондай көмекшілердің бұларда да барына Шолпан қуанып қалды. Бірақ олар жөнінде ештеме айтқан жоқ.

Абзал сол шағын қалашақтың үстінен ұшырып өтіп, кемені тегіс алаңға қондырды. Мұнда екеуін ешкім қарсы алған жоқ. Әркім өзінің ісімен әуре. Былайша қарағанда, қара дененің бұл ішкі жағындағы көрініс термоядролық станцияны еске түсіреді екен. Ондай станциялардың талайын көрген Шолпан. Тіпті оның бір үлгісі Емшектау ішіндегі планетарийге ұқсас жұлдызды аспанда да бар емес пе. Сондағы жасаңды Күн де осы принциппен жасалған. Шолпан езі күтпеген осындай жаңалыққа тап болды. Абзал әлі сөз айтқан жоқ. Кемені тоқтатып басқару тетігіндегі бірнеше түймелерді басқан соң ғана барып Шолпанға бұрылды.

— Мен жігіттік сөзімде тұрдым! — деді ол жүзіне сәл қан жүгіріп, — міне, біздің бар құпиямыз!

Мен мұнан ешқандай да құпия көріп тұрған жоқпын, — деді Шолпан, — термоядролық реакция Жер адамдарына о бастан белгілі.

— Бірақ бұл ол емес, — деді Абзал, — бұл өте күрделі станция.

— Көріп тұрмын.

— Ана жүргендер өздеріңіздегі сияқты биороботтар. Бірақ бұлар осы станцияның тұрақты тұрғындары. Тек осы жерде“өмір сүреді”. Басқа ешқайда бармайды. Жұмыстары пешенеленген. Соны атқарумен жүреді. Станция өзіңіз көріп тұрғандай мейлінше үлкен. Мұның мына өзегіне мол жарық жиналған. Жарық емес-ау, өмір жинақталған.

— Сонда қалай болғаны?

— Өмір — жарық, жарық — өмір.

— Жарықсыз өмірдің жоқ екені түсінікті. — Шолпан баяғы сұрағына қайта көшті, — ал сіздер мұнша жарықты жинап алып қайтесіздер?

— Қалай түсіндірсем екен. Мұның ішінде неше түрлі өмір бар.

— Өмір?

— Иә, Өмір.



— Өмір дегеніміз жарық емес қой! Онда тіршілік иелері

болады. Өсімдіктер әлемі...

— Солардың бәрі жарық болмаса қайдан...

— Жарайды, Абзал, - деді Шолпан мән-жайды енді түсіндім, дегендей жұмсарып, — құпия станцияға алып келгеніңізге рақмет. Енді ішкі жағын көрелік.

— Қарсы емеспін.

Екеуі кемеден түсіп, шағын жол үстімен жүрді. Айналада ызылдап, ысылдап, тырсылдап жатқан дыбыстар. Оған Абзал назар аударған жоқ. Бірақ оның есесіне Шолпанға бәрі де қатерлі еді. Әсіресе, станцияның орта тұсындағы алапат кинескопқа ұқсаған бірдеменің сытыры қорқынышты екен. Шолпан ондай вакуумдық ыдыстардан қатты сескенетін. Ол ол ма, ал мынау ғаламат. Егер бұл жарылса, ездері түгілі мына станциядағы күллі күрделі жүйелердің бір бөлшегі де қалмайды. Осыны ойлаған Шолпан ішінен “Неменеге сұранып едім, бұл жерге. Аман-есен қайта кетсек екен деп қойды. Сөйтіп, Абзалдың қолтығынан қос қолдап ұстап алды. Жігіт те өзінің сүйіктісінің қорқып келе жатқанын сезеді. Өйткені, мұнда өздерінен басқа жан баласы енген емес. Ене де алмайды. Ал қара дененің маңына келгендер ана ғаламат кинескоп сияқты жұтқышқа тап болады да, секундттың бөлшегі өтпей басқа әлемге тап болады. Ондай адамды қайда жіберу осындағы тұрақты тұтқындағы биороботтардың қолдарында. Ал оларды басқаратын Абзалдың ағалары, аулының азаматтары. Шолпан бірдемені түсіне бастады. Өздерінің биороботтарын қалайша ауылға тап болғанын да білді. Бірақ Абзалға ештеме деген жоқ. Ол станцияны аралатып келеді.

Мына көріп тұрғаныңызды дүниенің көзі десе де болады,- деді ол сәл үнсіздіктен соң, - барлық тіршілік осыдан шығады.

— Қалайша? — деді Шолпан.

— Өйткені бұл жарық шашады.

Шолпан тағы да түсінбеді. Бірақ бір сұрағын қайт-қайта қоюға батпады. Өзінің білімінің аздығын танытып алғысы да келмеді. Абзал айтқан нәрселерге басын изеп келеді. Ол Шолпанның өзі кинескопқа ұқсайды деген ғаламат нәрсенің қыр-сырын айтып шықты. Содан соң екеуі ілгері кетті. Енді оның айналасында жыпырлаған күрделі жүйелер назарларын бірден аударды. Ызыңдаған төрт қырлы цилиндр пішінді, төрт қырлы алапат бірдемелер тұр. Олардың араларынан жуандығы құшақ әзер жетерлік құбырлардай сан- мың сымдар өткен. Абзал солардың арасындағы өзі білетін жіңішке жолдармен ертіп жүрді. Шолпанның қолынан мықтап ұстап алған. Кездейсоқ нәрсеге тап болмасын дегендей. Қыз да оны түсінеді. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды.

— Дәл айтасыз, Шолпан. Егер қажет болса, екеумізді қазір басқа бір әлемге апарып тастай салады.

— Немен сонда?

— Жарықпен.

— Біз сонда жарықпыз ба?

Абзал жымиып қойды. Шолпанның нәзік алақанын қыса ұстап, тағы ілгері жүрді. Енді әлгі ызыңдаған күрделі жүйелердің арғы жағына шықты. Сол тұста биороботтардың тұрақтары бар екен. Олар абыр-сабыр. Егер мұнда Абзал болмаса, дабылдар беріліп, мына станңия іші абыр-сабырға айналар еді. Абзал өздерінің иелерінің бірі болғандықтан ештеме болмағандай бәрі өз ісімен әлек. Шолпан болса, олардың әрқайсысының жүрісіне, іс-әрекеттеріне қарап қояды. Биороботтардың түрлері түгілі, адамдардың өздері де бір- біріне танданысады. Қара адам ақ адамға таңырқайды емес пе. Сол сияқты биороботтардың да түрлерін көру адам баласына ой туғызады. Шолпан сол тұрғыдан зер салып келеді. Абзал үшін олардың ешқайсысыда таңсық емес. Сондықтан ол станциядағы жұмыс процестеріне назар аударады.

Біраздан соң Абзал кейін бүрылды. Шолпан да “Енді мән-жай түсінікті” дегендей бота көздерін Абзалға қадап, басын изеп қойды. Абзалдың айтуынша бұл көріп келе жат- қандары осы қара денедегі бір ғана жүйе. Ал Айдың үлкендігіндей мұның үстінде бұл сияқты көптеген жүйелер бар еді. Бәрінің қызметі бір. Бір орталықтан басқарылады. Оның қожасы Абзалдың ауылының адамдары. Абзалдың өзі де қожа.

Шолпан кеп нәрсені білді. Негізінен мұндағы күрделі жүйелердің құрылымы таныс еді. Жердегілер де біраз мәдени сатыға көтерілген. Техниканың біразын игерген. Шалғай жұлдызды жүйелер болмаса да, мына Күн жүйесіне емін- еркін сапар жасайды. Талай ғаламшарды тіршілікке қолайлы етіп те үлгерді. Сөйте-сөйте бүкіл Күн жүйесін игерді. Сонан соң одан әрі қарай шыға бастайды. Шолпан оны да ішінен бір ойлап қойды. Ал аңғаруынша, Абзалдар үшін мына шексіз дүние дейтінің түк емес. Бұлар жылдамдықтың бар мүмкіндігін игерген. Кемемен де, кемесіз де кеңістікте емін еркін қозғала алады. Бір орыннан екінші орынға жылдам ауысады. Шолпанды тәнті еткен де сол жағы еді. Абзалға деген махаббаты болғанымен іштей осындай құпия жақтарды да біле жүрмек ойы барды. Сол ойының бірі орындалған сияқты. Абзалға қойған шарты жүзеге асты. Көрем деген қара денеге де келді. Енді қайтар мезгіл де жеткен. Абзалдың өзі де уақыттың секундтық бөлшегімен санасатын адам. Қара денедегі біраз жүйелерді көріп шыққан соң:

— Шолпан, ауылдағылар бізді күтіп қалған шығар. Кайталық, — деді.

Қайталық, деді Шолпан оның қолтығынан қос қолымен ұстап.

— Түсіндіңіз ғой? — деді Абзал.

— Түсінген сияқтымын.

— Ендеше, мақсатыңызға жеткеніңіз.

— Өзіңіз де жеттіңіз, — деді Шолпан Абзалға жымия қарап.

— Рақмет. Ал, аттаналық.

Абзал Шолпанның қолынан мықтап ұстап, келген жолға түсті. Оны тез-тез жүріп өтті екеуі. Содан соң өздерін күтіп тұрған кемеге келіп отырды. Енді Шолпан бар көріністі шыны терезе арқылы бақылады. Биороботтар тынымсыз еңбек етуде. Ештемемен шаруалары жоқ. Адам сияқты алда тұрған көкейкесті мәселелерін де уәйімдемейді. Шолпан бір сәт осыны ойлап қойды. Содан соң ұшуға дайындық басталды. Абзал алдындағы пульттегі жыпырлаған түймелердің бірнешеуін қатар басты. Кеме сәл қалт-құлт етіп барып, жоғары қарай көтеріле берді. Шолпан беліндегі белдігін мықтап бекітіп, келерде болған құбылыстың қайталатынын сезіп, соған дайындалды. Бірақ ол келгендегіден жеңіл өткендей болды. Кеме айналып-төңкеріліп кеткендей болып, айнала қараңғыланып кетті де, сәл өтпей жарық дүниеге шықты. Енді бір кезде Шолпан түс көргендей болды. Теменде ақ киіз үйлері ақ жұмыртқадай жыпырлап үлкен ауыл жатыр. Абзалға қараса ол кеменің тетіктерімен әлек. Осы кезде барып Шолпан енді өзінің сол ауылға келін болып түсетінін сезді. Бір түрлі сезім биледі тұла бойын. Бұрын-соңды қыз ұзату жайлы оқып білгендері жай екен. Енді өз басына келгенде кәдімгідей толқып көз шарасына жас тығылды. “Жо-жоқ, - деді бір кезде ішінен, — менің шартым біткен жоқ. Менің әлі екі шартым бар. Тек сонан соң тұрмысқа шығамын”. Осы кезде кеме өзіне таныс әсем табиғаттың аясына, жазық бір алаңға табан тіреді. Абзал шаршағанын енді сезгендей орындығына шалқая түсіп, көзін жұмып, тым-тырыс отыр. Сол кезде ауыл жақтан кемеге қарай бір топ адам жақындап келе жатты.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет