БАҒдарламасы бойынша шығарылды шолпанға көшкен ауыл Жетінші роман



бет2/17
Дата31.01.2018
өлшемі3,73 Mb.
#37192
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

ЕЛЕСКЕ ІЛЕСКЕН ҚЫЗ

Бұрғылау қондырғыларынан шыкқан бу қоюланып, аспандағы бұлттар жөңкіп, найзағай ойнаған кезде Шолпан оның қызығына қарап тұрыңқырап қалған еді. Ол достарының “Шолпан, тездет! Үйшікке кір! Найзағай күшейіп барады!” деген даусын да естіген. Әншейінде бұл ондай жағдайда үйшікке бірінші болып енетін. Достары да мұны ерекше қадағалаушы еді. Бұл жолы неге екені белгісіз, ешкім назар аудармады. “Әдеттегіше үйшік ішінде отырған болар” деп ойлаған болулары керек. Енді олардың Шолпанды таба алмағандарын өзі де сезіп келеді. Өйткені, соңғы жарқ еткен найзағайдың отынан кейін өзін ток соққандай сезінді. Артынша: “Бейтаныс ғаламшардың найзағайының оғы маған түсті ме” деп те шошынған. Бірақ денесінде бір жарақат болсашы. Есінен де айрылған жоқ. Тек бір ғажабы, көз алдында қатар әлем пайда болды. Онды неше түрлі жұлдызаралық кемелер ағып жүр. Соның бірі ана бір төбеге қоныпты. Ішінен шыкқан екі сымбатты жігіт бұған қолын бұлғайды. “Кімдер болды екен, олар? Бұл бір ғажап қой? Барып көре салайыншы, достарым мені тастап қайда кетер дейсің” деген оймен Шолпан солай қарай жүгіре жөнелген.

Бірақ әлгілер оңайлықпен жеткізбеді. Бұл жүгірген сайын оларда алыстай берген. Шолпан алқынып қалды. Бес жүз градусқа жуық ыстық аптап шыдатсын ба. Комбине- зонның ішкі тысындағы салқындатқыштың өзі де қыза бастаған. Оның үстіне жүгірген адам оттегіні де көптеп жұтады. Біраз жүгірген қыз өзіне тиесілі оттегінің біразын жоқ еткенін де сезді. Ерні кезеріп, шөлдей де бастады. Бірақ сонда да әлгілерден үмітін үзген жоқ. “Бір көрсем, бір тілдессем солармен” деген үміт оны ілгері жетелей түсті. Енді бір кезде теп-тегіс көрінген Кең тегістің өзі де дөңестеніп кеткендей болып, бұрғы қондырғыларының ұшы ғана көзге шалынды. Шолпан ара-түра кейінгі жаққа көз тастап қояды. Бұрғы қондырғылары алыстап барады. Содан қыз көкірегі тұсындағы микротелеқабылдағышының түймесін басып қалып:

— Шадыман Жасамысұлы! Мен Шолпанмын! Бейтаныс кісілерді көріп, бір тілдесу үшін кетіп барамын! Мені күте тұрыңыздар! Өздеріңіз де келемін десеңіздер мен оңтүстік- шығыс бағытта кетіп барамын. Ізім сайрап жатыр. Кең тегіс құмды ғой! Айыпқа бұйырмаңыздар! — деп хабар берді.

Бірақ онысына бұрғы қондырғылары тұрған жақтан жауап келмеді. Содан қыз не істерін білмеген. Қайтайын десе, талай жолды артқа тастады. Әлгі тебе де, кеме де, екі жігіт те жақын қалған сияқтанады. Енді бір кезде Шолпан ызаға булығып жылап та жіберді. Молт-молт ыстық жасы шлемінің ішіндегі тыныс алар жерге екі самайы арқылы жылжып келіп төгіледі. Оның үстіне тұла бойы да терлеп кетті. Шыдамаған соң сәл кідірді де, оң бүйіріндегі бір түймені нұқи қойды. Оның астыңғы тұсынан кішкене қақпақ ашылып, кішкене ыдыстың мойны көрінді. Шолпан оны тез суырып алып, салқын судан ұрттап-ұрттап жіберді. Егер олай етпесе, мына ыстықта ыдыстағы суы буға айналып үлгереді. Шолпан оны тез орнына сұғып жіберіп, қақпақты жабатын түймені басты. Кішкене ол жинағандай болды. Әлгілер әлі де қаша түсетін сияқты. Сол кезде Шолпан: “Мен қайда кетіп барамын? Мына өзі елес пе? Әлде оң бе? Өстіп жүріп бірдемеге ұрынбайын” деген ойға тірелді де кілт тоқтап кейін бұрылды. Талай жерге алыстап кетіпті. Кең тегістің кішкене-кішкене деген төбелері енді бір жерге жиналып, қыратқа айналып кеткендей. Шолпан айнала бір қарап шықты. Содан соң жаңағыларға соңғы рет қарады да, қолын бір сілтеп кейін жүре бергені сол еді, қандай да бір күш оны ілгері қарай тарта жөнелді. Шолпан бір құбылысқа тап болғанын сезді де, есінен танбауға тырысып, көзін ілгері тікті. Әзірі айқайлаған жоқ. Шолпанның мұндай батылдығы ерте жастан қалыптасқанды. Осындай бір беттігі ержүректігі үшін ғарышкерлер құрамына енген-ді. Сол сенімді ақтау үшін, қорқақ деген атқа душар болмау үшін дыбысын шығармады. Тіпті енді ол микротелебайланысты да қосып әуре болған жоқ. Тек оның басын айналдырған бір нәрсе, Шолпан ғаламшары бетінің бұрынғысынан өзгешеленіп кеткені. Мұндай көз қырағылыққа душар боламын деп әсте ойлап көріп пе? Енді Шолпан көре алмайтын дүние жоқ сияқты. Тек олардың фильмдегі сияқты қосарланып көрініп жатқаны ғана қынжылтты. Сондықтан да кейде өздерінің бұрғы қондырғылары тұрған Кең тегісті де жақсы ажырата алмай қалады.

Сөйтіп, ол әлгілердің құдіретті тартылысымен ілгері жүре берді. Енді еш қиналған жоқ. Манағыдай тер де шықпады. Шөлдемеді де. Өзін кәдімгі комбинезонсыз, Жерде келе жат- қандай сезінді. “Бұл бір ғажап нәрсе екен, достарым да осындай күй кешсе, мына Шолпанда талай жылдар бойы тұра беруге болар еді-ау. Онда ана Емшектаудағы Жер табиғатына ұқсастырылған ортаның да қажеті бола қоймас еді. Осыдан аман-есен достарым оралсам, бәрін де көзге көрсеткен- дей етіп баяндар едім” деп бір ойлады. Енді болар іс болды, қуғанда жеткізбеген жігіттердің өздері тартып барады. Бара көрмекші, Шолпан бар істі. Сөйтіп, жылжи-жылжи әлгі өзі арман еткен үлкен кеменің мінер тепкешегіне де таяды. Сол кезде сол тепкешектермен екі сымбатты жігіт бері қарай түсті. Үстеріне киген жеңіл комбинезондары Шолпан ғаламшарының сарғыш түсінен жылтырап көрінеді. Шолпан олардың мына ыстыққа қалай шыдайтынын түсіне алмады. Егер ондай жұқа комбинезон кисе, өзі баяғыда алқынып қалар еді, мына қалың, ішкі тысында салқындатқыш жүйесі бар комбинезонының өзімен терлеп, шөлдеп, алқынып қалған. Тек әлгілердің өзіне жұмбақ кұдіретімен жеңіл басып жөнелді. Енді міне, көздеген мақсатына да жеткен тәрізді. Екі жігіт мұның екі қолтығынан демеп, кеменің ішіне алды. Ол сыр- тынан ғана кішкене болып көрінеді екен. Іші жатқан кеңістік. Айнала қабырғаларда жұлдызды жүйелердің анық түсірілген қарталары. Шолпан бар дүниені ұмытып, соларға қарай берген. Жыпылықтаған түрлі түсті шамдар да, құралдар да саналы адам мәдениетіне тән болғандықтан қыз өзін еркін ұстады. Ол енді өзіне қол ұшын берген екі жігіттің жүздерін шолды. Өзінің ағаларына ұқсайды. Жүріс-тұрыстары да, сөйлеу мәдениеттері де өз ұлтына тән. “Сонда қалай болғаны? — деп таң болды Шолпан, — бұлар Жерден келген қазақ ғарышкерлері болмасын? Бәлкім, олар әзілдеп жүргсн шығар?”. Осы оймен қыз сымбатты жігіттердің бойы биіктеу, денелісіне қарап тұрып:

— Сіздер мені не үшін шақырдыңыздар? — деді.

— Біз сізді шақырған жоқпыз, — деді денелі жігіт қазақ тілінде сөйлеп, — өзіңіз келдіңіз.

— Иә. Солай екен ғой. — Шолпан кеме ішін тағы бір барлап шықты. — Мен өзім. Сіздермен осылай жүздескім келді. Сөйлесуді мақсат еттім.

— Ол арманыңыз орындалды, — деді жігіт жымиып.

— Енді мен өз ортама оралуым керек, — деді Шолпан.

— Ол мүмкін емес.

— Мүмкін емесі қалай? Мен сіздердің кімдер екендеріңізді анықтауға келгенмін.

— Жақсы. Анықтаңыз. Біз айтуға дайынбыз.

— Сіздер кімсіздер?

— Кім екенімізді көріп тұрған жоқсыз ба?

— Қазақ тілін кім кім де біле алады. Ал сіздердей аса білімді кісілер үшін тілді игеру ештемеге тұрмас.

— Ол жағынан қам жемеңіз, Шолпан. Біз өзіміздің ана тілімізде ғана сөйлейміз.

— Ендеше, ағаларым болып шықтыңыздар. Оған шексіз қуаныштымын. Жұлдызды әлемнен өз ана тілімді білетін ағаларым келсе, оған шаттанбай қайтейін.

— Сіз әлі де күмәнданып тұрсыз ба?

— Әрине. Біздің санамызда жұлдызды әлемнен саналы адам келуі мүмкін, тек қазақ болмауы керек деген жаман ұғым бар. Сонан арыла алмай тұрған сияқтымын.

— Қызық екен. — Денелі жігіт жанындағысына қарап қойды. — Жұлдызды әлем үлкен емес пе? Онда бір-біріне ұқсас ғаламшарлар да, адамдар да бар. Біз сол үлт жағынан сай келіп тұрмыз.

— Жарайды, бұған сенейін. Қазақсыздар. Ағаларымсыздар. Ал менің есімімді қайдан білесіздер?

— Өз қарындасымыздың есімін білмегеніміз өзімізге ұят болар — деп жымиды денелі жігіт.

— Дегенмен, қайдан білдіңіздер?

— Біз сізді біраздан бері бақылауға алғанбыз.

— Ал менің достарыммен неге тілдеспедіңіздер?

— Оны кейінірек түсіндіреміз. Қазір уақыт тар. Аттаналық.

Денелі жігіт қасындағы ым қақты. Ол кеменің басқару пультіне отырды. Сол замат терезеден көрініп тұрған Шолпан ғаламшарының табиғаты айналып-төңкеріліп кеткендей болып кетті. Шолпан жұмсақ орындыққа қалай сылқ отырып қалғанын сезбеді. Енді бір қарағанда кеме биік таудың үстіндегі шеңбер қазаншұңқырдың орта тұсына қарай құлди- лап бара жатты. Бірақ онан басқа кеме атты көзге шалынбаған еді. Шолпан терезеге жақындай түсті. Өзінің қай ендік пен бойлықта келе жатқанын анықтап қалмақ болды. Бірақ бейтаныстар онысына да мүмкіндік бермеді. Қопарылғандай көтеріліп, ашыла берген шеңбер қақпақтың астына қарай енген кезде ғана өздеріне құпия бір елге келе жатқанын түсінді. Бірақ кеш еді. Енді оның қайбір әрекеті де көмектесе алмайды. Неде болса, бара көрермін деген оймен қозғалмады. Қарсы алдындағы денелі жігіт мұның жүзін барлап қояды. Шолпан болса, әлі де бөтен кеменің түрлі жүйелерін зерттеумен отыр. Бір кезде Шолпан өзін батылдандырып, көкейіндегі сұрағын айтты.

— Сіздің есіміңіз кім?

— Абзал, — деді денелі жігіт кідірместен.

— Жолдасыңыздың есімі ше?

— Арман.

— Екеуі де қазақта жиі қолданылатын оңай есімдер екен.

— Иә, оңай. Сіздің есіміңіз де жақсы. Шолпан.

— Ал сіздер Шолпанды қай кезден білесіздер?

— Баяғыдан. Біз емес, біздің ата-бабаларымыз білген.

— Біздің де ата-бабаларымыз білген. Олар осы Шолпан ғаламшары жөнінде небір қызықты аңыз ойлап тапқан. Ал бір ғажабы, Жер ғаламшарында тұратын кейбір халықтар- дың аңыздары бір-біріне ұқсап келеді. Ұқсағанда, олардың бәрі де Шолпанды қыз есімімен байланыстырады. Бірақ әр- қайсысы оны өз тілдерінде айтады.

— Оны білеміз, — деді денелі жігіт алдыңғы жақтағы үлкен терезеге қарап қойып, — біз де солай атаймыз.

— Қызық. Сонда біздің тарихымыз да, ұқсас па?

— Мүмкін солай шығар.

— Сіздер мені алдап келесіздер. Сіздер ешқандай да жұлдызды жүйе емес, Жерден келгенсіздер. Неге алдайсыздар а?

— Біз ешкімді алдап көрген жоқпыз. Кішкене сабыр етіңіз. Кейін де түсінесіз.

Денелі жігіт тағы да алдыңғы жақтағы терезеге қадалды. Осы кезде кеме жан-жағында жыпырлаған шамдар бар құбырдың бойымен ұшты. Шолпан үшін енді бәрі бірдей еді. Қашып құтылатын жер жоқ. Байланыс болса да үзілді. Енді мандайына жазғанын көрмек. Абзал айтқаннан кейін сабыр- лылықтың да керектігін мойындап бір сәт тыныш отырды. Бірақ өзін таңдандырған нәрсе, Шолпан ғаламшарының қой- науының осыншама үңгіленгені еді. Кеме ғарышта үшып келе жатқандай еркін қозғалады. Кейбір жерде бүрылып- бүрылып кетеді. Егер енді Шолпанды кемеден түсіріп, келген жеріңді тауып ала қой десе де қайда барарын білмей басы айналып отырып қалар еді. Соны түсінген қыз екі жігіттің іс-әрекеттерін бақылаумен ғана шектелді. Кеме олай бұрылды, бұлай бұрылды. Біресе кең, біресе тар құбырмен ұшты. Содан бір кезде қайтадан сыртқа шыққандай құбы- лыс болды. Шолпан терезеге жақындай түсті. Жоқ, сырт емес қыртыс астындағы шағын қала екен. Ғаламшар қыртысының астына қала салу ісі Жерде де әлдеқашан басталған. Сондықтан Шолпан үшін бұл көрініс таңсық емес. Оны ойлантып келе жатқан басты нәрсе жұлдызды әлемнен келгендердің қазақ болып шыққаны. Өзінің туыс болып та- былғаны. Ал бірақ өзін не үшін әкетіп бара жатқанын әлі түсінген жоқ. Жігіттердің айтқандарына әлі де болса сенген жоқ. Осы жағы ғана Шолпанды қиналтты.

Енді бірнеше минуттар сырғып өткенде кеме жылдамдығы кілт тежеле беріп, шағын алаңға қонды. Осыншама жылдамдықпен келе жатып кілт тоқтауды Шолпан бұрын- сонды көрмеген-ді. Мыналар ондай әдісті де меңгеріп алыпты. Кеме дыбысы сөнген соң есік ашылды. Абзал ІІІолпанға шығуды өтінді. Қыз үндеген жоқ. Бұлардың да бір құпия- сын біліп алғысы келіп, нұсқаған жаққа қарай жүре берді. Қала үлкен екен. Шолпан оны кеме тепкешегінен көрді. Бірақ дәл қазір оны тамашалап тұрудың жөні емес еді. Сон- дықтан өзі де жүлдызды әлемдегі тіршілікті ғаламшардың бір пендесі ретінде бейтаныс қалашыққа ене берді. Бұлар кемеден түскенде қарсы алдарындағы киіз үй пішіндес үйге қарай жалпақ ою-өрнекті жолша төселген еді. Шолпан соның үстімен келеді. Енді бір сәтте ол өзі бір елдің басшысындай сезінді. Өзіне деген құрмет шексіз сияқты. Алғаш рет бұлардың кемесіне мінген кезде бойын билеген күдік те енді сейілген тәрізді. Емін-еркін келеді. Ойында мұнда мәңгілік қала қоймаспын деген сенімді пікір де бар. Екі жігіт екі жағында. Алдында бастап бара жатқан тағы біреуі. Соңғы жағында да келеді. Өзін мемлекет басшысы тәрізді мұншалықты қоршауға алғанын Шолпан әзірге түсіне алмады. Оның себебін сұрағысы да келмеген. Енді алдында не болатынын ғана ойлайды. Өзін күтіп тұрған ғажайып жұмбақтардың тезірек шешілуін тілейді. Сөйтіп, үлкен үйге де келді-ау.

Бәрі де ежелгі қазақ дәстүріндей. Жігіттері де, қыздары да қазақ ұлтына тән ою-өрнекті киім киген. Жігіттер ұқыппен сақал-мұрт қойған. Қыздары ұзын көйлек киген, шолпы таққан. Шолпан ойламаған жерден мұндай ел ортасына түскеніне қайран болды. Енді ол өзін үстіне қарап, ер адамға тән комбинезон кигеніне ыңғайсыздана да бастады. Бірақ өзінің ғарыш сапарында жүргенін, онысын бұлардың түсінетінін сезді. Сол үшін де кешірер деп ойлады. Сөйтіп, айналасына қарайлап-қарайлап ілгері жүре берді. Екі жа- ғындағы екі жігіт те мәдениетті түрде сөйлеседі. Ілгері жүруді қол созып, әдеппен көрсетеді. Шолпан кейде өзін-өзі ұстай алмай, Жер ғаламшарындағы кейбір жеңіл мінезді ұлтқа тән қимыл-әрекеттерін жасап қалады. Сөйтеді де артынша өз ұлтының арасына келгенін тез есіне түсіріп, қазақ қызына тән ілтипатқа көшеді. Басқа ұлтқа қаншама еліктесе де, қаны қазақ болған соң әйтеуірі бір қасиеті тартып тұрады екен. Шолпан жас кезінде, Жер ғаламшарында жүрген кезінде жеңіл мінезді ұлттарға еліктеп те көрген. Өз ұлтының мынандай тамаша салт-дәстүріне мән бере бермеген. Ал Шолпан ғаламшарына келіп, тап мынандай елге, өз ұлтына, өз салт-дәстүріне тап боламын деп үш ұйықтаса ойлап па? Енді бәрі де күтпеген жерден келгендей.

Үлкен киіз үйдің алдына келгенде есігінің екі шетінде тұрған екі кісі оң қолдарын жүрек тұстарына апарып, сәл иіліп амандасты. Шолпан да өз дәстүрін ұмытыңқырап қал- са да қарап қалмай сәл басын иіп қойды. Содан ішке кірді. Міне, ғажап! Шолпан жаңа ғана: “Осы үйге кірсем болды, басшысын көремін. Төрге шығамын” деп ойлаған. Жоқ, үйге кірген соң оның арғы жағы тағы жалғасты. Тағы да жолша. Әсем, ою-орнекті жолша. Бұлар сонымен жүріп келеді. “Бұл ұзақтан ұзақ жатқан неғылған үйлер” деп бір ойлады Шолпан. Бірақ ол сұрағын жанындағы екі жігітке қойған жоқ. Неде болса, бар нәрсені бара анықтағысы келді. Үлкен үйдің ішімен біраз жүрген соң оңға қарай бұрылды. Сонда түсінді, мұнда бір ғана үй емес, бірнеше үй екен. Олар бір-бірімен қандай да мықты құбырмен жалғастырылған. “Бұл не үшін екен?” деп бір ойлап қойды Шолпан. Бірақ ол сұрағын да жігіттерге қоймады. Жүре берді. Оңға бұрылған соң сәл отпей қарсы алдарында тағы да екі кісі тұрды. Олар да бас иіп амандасты. Шолпан бұл жолы қызға тон ілтипатпен әуелгіден де иіліңкіреп сәлем берді. Үйдің есігінің екі жағында тұрған екі кісі ризашылық білдіргендей сыңай танытты. Содан үшеуі ақ киізбен жабылған ақ үйге кірді.

Шолпан кірген бойда жолша тағы да жалғаса ма деп ойлап үлгерген еді, жоқ, соңғысы да бастысы да осы ақ үй екен. Төрде сақалы ағарған, денелі, көзі сол шүңірейген, үстіне қазақтың оюлы шапанын жамылған қартаң кісі отыр. Оның осы елдің ақсақалы екенін Шолпан бірден түсінді. Енді өзін өмірде емес, бейне бір ертегі елінде жүргендей сезінді. Айналасына қарайлап, әлгі кісіге жақындай берді. Қарсы алдына келген кезде екі жігіт тізерлеп отыра кетіп қолдарын айқастырып, көкіректұстарына жапсырып, бастарын иіп сол кідірді. Мұны Шолпан олардың ақсақалға тағзым еткені емес, оған үлкен құрмет көрсеткені деп түсінді. Ақсақал да ризашылық сезімін білдіргендей басын иді. Шолпан да қызға тән сәлемін жасады. Содан соң екі жігіт бастарын көтеріп, қолдарын түсіріп, қайтадан тік тұрды. Сөзді Абзал бастады.

— Шолпан ғаламшарын барлап-зерттеу барысында мына бір қызға тап болдық. Сөйтіп, осында алып келуді жөн санадық. Бұл қыз жалғыз емес. Жанында замандастары бар. Біздің зерттеуімізше бұлар Жер ғаламшарынан келген. Емшектауға орналасқан. Біз олардың жұмыстарына кедергі болған жоқпыз. Мына қызды өзімізге тарттық. Ендігісін өзіңіз шешіңіз.

Ақсақал Шолпанның жүзіне барлап қарады. Шолпан Қызға тән ұяндығымен сәл бір қырын бұрылды. Ақсақал жұмсақ орындығына сәл шалқайып, оң қолының саусақта- рымен мандайын сипады. Көзін жұмды. Содан соң бар тарихты көз алдынан әп-сәтте өткізіп үлгергендей селт басын көтеріп алып былай деді.

— Қызым, сен бізден корықпа. Сескенбе де. Біз өз қандастарыңбыз. Қазақ деген ұлтпыз. Бұл сәйкестік. Ғажап сәйкестік. Біздің дәстүріміз де ұқсайтын көрінеді. Манадан бері, өзің мына үлкен табалдырықты аттағаннан бері бақылап отырдым. Мына жұмсақ орындығымдағы күрделі құралдар арқылы біліп алдым. Енді сенің барлық өмір тарихың маған жақсы белгілі. Сондықтан сен бізден ештемені жасырып әуре болмағын. Біз де өзімізше дамып-жетілген елміз. Ғаламшарымыз да сол Жерге ұқсаған. Біз бұл Күн жүйесін көптен білеміз. Сен енді біздің адам боласың.

— Ол қалай? — деп Шолпан елең ете қалды, — мен өз ортама оралуым керек. Достарым іздеп жатыр.

— Достарың іздегенмен сені енді таба алмайды қарағым. Сен біздің елге қосылдың. Ал елімізге келген қандас адамды қайта жібермейтін салтымыз бар. Сол себепті, сен енді осы елдің қызысың. Барлық жағдай жасалады. Салт-дәстүріміз де бір. Біз жақында елімізге аттанамыз. Сен де аттанасың.

— Ол мүмкін емес, ата, — деді Шолпан онан сайын шошынып, — мен осында қаламын. Бұл елге менің не қажетім бар?

— Сен қазақ ұлтының өкілісің, қарағым, қызым. Бізге сендей инабатты, салт-дәстүрді жақсы қадірлейтін, білімді, батыл қыз қашан да қажет. Сен ораласың. Бірақ қазір емес...

— Сонда қашан, ата?

— Оны өзім айтамын, қызым.

Шолпан үлкен кісі алдында шалт мінез көрсеткісі келмеді. Қазақ дәстүрінде үлкен адам ақыл айтқанда, ұл болсын, қыз болсын тақ тұрады. Үлкеннің ізін кеспейді, үлкеннің сөзін жерде қалдырмайды. Шолпан сол дана дәстүрді ойына түсірді. Неде болса, соңын күтейін деген тұжырымға тірелді. Бірақ “Жарайды, қалайын” деген нақты шешімін ашып айтқан жоқ. Ішіндегі бір жоспары: “Бұл елді әбден зертеп алсам, қандай қызық. Ораласың деді ғой” деген сөз болды. Содан қайтып тіл қатпады. Ақсақал да бұған қадала қарап отырды да:

— Шолпан, қарағым, енді арнайы үйге барып демал. Мына ағалар апарып салады, — деді.

Жігіттер қызға бұрылды. Шолпан тіл қатқан жоқ. Қаншама жылы сөйлесе де, әзірге айналадағыларды бөтен санап, кейін бұрылды. Жігіттер екі жағында жүрді. Артында-ал- дында бастаушы мен еруші болды. Жігіттер енді Шолпанды басқа киіз үйге қарай алып кетті.



ЖОҒАЛҒАН ІЗ

Шағын төбе басына барып зым-зия жоғалған із Шадыман бастаған топты қайран қалдырды. Бір оқиға болайын десе, оп-оңай екен. Табан астында найзағай ойнап, аздап жел есіп, бу бұрқырап, бір қыздан аңыздағыдай айрыламыз деп кім ойлапты. Енді міне, шынымен-ақ сондай адам сенгісіз оқиғаның куәгері болып тұр бәрі де. Шадыман енді өзінің бір кездегі қай ғаламшарда да тау бар, тас бар, онан өзге қандай құпия құбылыс бола қояр дейсің деп санайтын пікірінен де тез қайтқан. Өған себеп — мына оқиға. Мана өздері жерге қарамай, әдетке айналған аспанды бақылау ісімен жүргенде бар оқиға өтіпті. Қыз өз еркімен келген. Басқа іздің көрінбеуі, онымен ешкімнің алыспауы соны дәлелдейді. Ал Шолпанның не себепті бұлай қарай асыққаны, нендей көріністің тартқаны түсініксіз. Геологтар аң-таң.

Шадыман аса қуатты дүрбісін тағы да айналаға қаратты. Ештеме көзге шалынбайды. Тау тауымен, тас тасымен, ой- пат ойпатымен тып-тыныш жатыр. Сарғыш дүние өзінің сары уәйімін тұрғандардың бастарына төге салғандай. Ешкім сөйлемейді. Не деп сөйлесін. Айтар болжамы, пікірі жоқ болса. Осылайша біршама минуттар сырғып өтті. Шадыман қайта-қайта ізге қарайды. Шолпанның табаны бедерлі аяқ киімінің іздері бадырайып-бадырайып жатыр. Бірақ ол Айдағы ізге Қарағанда солғындау. Айда керісінше суық. Топырағы да сәл ылғалданғандай болып жатады. Сондықтан да онда із құмға басылғандай бадырая таңбаланады. Шадыман оны да ойша салыстырып өтті. Бірақ салыстырғанда не, мәселе іздің анық, күңгірт түскенінде емес, Шолпанның зым- зия жоғалғанында болды.

Енді бүкіл жоспар бүлінді. Бейтаныс табиғатты зерттейміз, су шыгарамыз деп жүріп күтпеген жерден орталарындағы жалғыз қыздан айрылғандары намысқа тиерлік жағдай болды. Оны тек Шадыман емес басқалар да іштерінен сезеді. Кейбірі, тіпті, ертегідегі бір құбылыс болардай сезіктеніп те тұр. Бірақ ішінен. Сыртқа білдіргілері келмейді. Осылайша геологтар төбе басында топтанып тұрып қалды. Егер Шолпанды 33океткен қандай да бір пенде, я болмаса кеме болса, неге із қалдырмасқа. Моселенің жүмбақтанып түруы да содан-ды. Ешқандай із жоқ, түз жоқ. Ештеме бол- мағандай. Тек олар Шолпанның ізін ғана ошіре алмапты.

Шамасы, қалай карай кеткенін, осы арада жоғалғанын білсін деген болулары керек. Бүл да Шадыманның ойы еді.

— Жігіттер, не амал істейміз? Шолпанды қайдан іздейміз?

— деді ол әлден сон толқып сөйлеп.

— Менімше, оны қандай да бір ғарыш кемесі алып кет- кен, — деді жігіттердің бірі.

— Ғарыш кемесі болса, мұнда неге із қалмаған? — деп оған екінші жігіт қарсы пікір айтты.

Әлгі найзағайдан бірдеме болған жоқ па екен? — деп үшінші жігіт аспанға қарай қойды.

— Найзағай бірінші рет көріп жүрген құбылыс емес, — деді келесі жігіт.

— Бәріңнің де пікірің дұрыс! — деп Шадыман қолындағы дүрбісін қорабына салды, — бірақ нақты шешім жоқ. Не істейміз? Сол қажет қазір.

— Дәл қазір ештеме істей алмаймыз, — деді оған Алдияр бір қарап алып, — тымырсық ыстық мынау. Камераларымыздағы оттегі де жиі тыныс алған соң азайып барады. Комбинезондарымыздың ішкі тысындағы салқындатқыш та көпке төзе алмайды. Тездетіп Емшектауға оралайық. Біз қазір құрылыққа шығып қалған балық сияқтымыз. Қайта тіршілік ортамызға бармасақ, тағы біріміздің өмірімізге қатер төнеді.

Шадыман ойланып қалды. Расында да шлемінің маңдайшасындағы температура мен оттегінің қанша қалғанын көрсететін өлшеуіштердегі цифрлар куанарлық емес еді. Төңірегінде тұрғандар да жаңағы Алдиярдың сөзін қолдағандай үнсіз. Шадыман ауыр күрсінді. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының сәті келгендей күй кешуде. Шолпанды жанындай жақсы көретін. Жан-дүниесімен сезінетін оның да өзіне деген көңіл-күйін. Енді ғана-талтүсте онан айрылып отыр. Шолпанның екі жүз қырық үш күндік тәуілігі мұндай жағдайда іздеу салуға мүмкіндік береді. Онысына да шүкіршілік етті Шадыман. Егер Жер шарында осы оқиға бола қалса, әлдеқашан түс ауып, Күн батып, қас қараяр еді. Ал мұнда Күнді батыра алмайсың. Бұлттың арғы жағында болса да, айналаң бұлтты күндердегіше жап-жарық болып тұрғаны. Ұзақ тәулік өзінің мәресіне жа- қындаған сәтте бұл аймақта қараңғылық патшалық құра бастайды. Ол да ұзаққа созылады. Ал оған дейін қайда. Оған дейін бұлар Емшектауға он барып, он келе алады. Шадыман- ның демігін басқанда Шолпан ғаламшарының осы қасиеті еді.

Ол қыз ізіне соңғы рет қарады. Содан соң өзінен жауап күтіп тұрған достарына қарап:

— Шолпанды біз қалай да табамыз. Бірақ қазір емес. Алдияр дұрыс айтты. Емшектауға оралуымыз керек. Жермен байланысайық, ондағы ғаламшараралық ұшу орталығындағы білікті кісілермен ақылдасып әрекет жасайық, — деді.

Ешкім сөз алған жоқ. Мән-жай түсінікті болғандықтан бәрі де шлемдерінің мандайшасындағы өлшеуіштерге бір-бір қарап, кейін қарай тартты. Енді олардың іздері Шолпанның қалдырған ізінің екі жағында қатарласып, олай да, бұлай да жарысып жатты. Құмды жерлерде ол іздер анық түседі. Геологтар бұрғы қондырғыларына жақындағанда олардың қалқаларының да шектен тыс қызып, дабыл шамдары жыпылық қаға бастаған. Геологтар тездетіп олардың жұмыс тетіктерін жинастырды. Енді бір сәтте Кең тегісте ештеме болмағандай көрініс орнады. Бұлардың келіп жұмыс істегендерін ойылып қалған бұрғы орындары ғана дәлелдегендей. Шадыман бұрғылар алынған бойда олардың орнына алты жүз градустық ыстыққа төзімді құбырларды сұғуды ұсынған. Солар ғана әр жер, әр жерде қарайып қала берді.

Кемелер тез жиналып, тез көтерілді. Шадыман әлі де Шолпаннан күдерін үзер емес. Әдеттегіше кеме ұшып шығысымен өзінің жұмсақ орындығына да жайғасқан жоқ. Терезеге жақындап, айнала тау-тасты ойпатты, жыралар мен қазаншұңқырларды мұқият қараумен болды. Тек Шадыман емес, басқа кемедегі көмекшілері де сондай күйде еді. Кемелер тізіліп ұшқан тырналардай келеді. Тап солардың жасайтынындай бұрыш жасап ұшуды Шадыман өзі ұсынған. Ал егер осыны Шолпан ғаламшарының бетінде тұрған адам көрсе, шынымен-ақ ала бұлттардың астында жылы жаққа ауып бара жатқан тырналарды көргеңдей болар еді. Бірақ бұл адам қолымен жасалған ғарыш кемелердің бұрыштық тізілімі еді. Шадыман Емшектауға бет қоярдан бұрын барлық кемер Кең тегісті бірнеше айналып ұшуды ұсынған. Сол бойынша кемелер азығына көзі түсіп, қанатын жайып, көлеңкесін түсіре бірнеше рет айналып ұшқан бүркітше мәнер жасады. Ештеме көзге түспеді. Түрлі күрделі жүйелерді де қосып байқады. Шолпанның кеудесіндегі микротелерадиоқабылдағышы да жауап қатпады. Бұл Шолпанның шынымен-ақ жоғалға- нының айқын белгісі еді.

Шадыман әлі де сенбеді. Әлі де үмітін үзбеді. Терезеден Сол төбеге қадалып, арман-қиялға берілгені сондай, кенеттен сол жерде Шолпан пайда бола қалатындай сезілді. Егер шыға қалса, күллі кемелерді солай қарай бұруға, тездетіп қондыруға дайын тұрды; Енді бірде қос жұмырығын қыса түсіп, кейде сол жұмырықтарымен екі шекесін соққылап-соққылап, өкінішін гориллаларша білдіріп те алады. Қарауындағы достарының біріне де қимай, іштен қызғанып, іштен арман етіп жүрген қызының беймәлім біреуге кеткені өзін ешқашан кешпестей күйге әкелді. Ол тіпті өзін аспанда келе жатырмын-ау деп те санағысы келмеді. Дәл казір кілтипан болып, кеме кенет төмен қарай құлдилап жөнелсе де бәрібір оған. Тек онда достарының өмірі үшін жанталасар еді. Бірақ сенімді кеме сылт еткен жоқ. Мұның ұсынысын күткендей Кең тегістің төңірегінде айналып ұша берген. Шадыман енді достарын бұдан әрі кинағысы келмеді.

— Кемені Емшектауға қарай бұрындар. Бұл аймаққа шамалы дамыл алған соң ораламыз, — деді.

Шадыманның бұл сөзі басқа кемелердегі дыбыс күшейткіштерден де қайталанып жатты. Кемелер тобы ұшу манерлерін кілт өзгертіп, Емшектауға қарай бағыт алды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет