ӨТКЕН 3AMAHFA ОРАЛУ
Өзіне беймәлім ортадағы қазақ еліне келіп түскеннен кейін, ел басшысының ұсынысымен арнайы киіз үйден орын алғаннан кейін Шолпан шамалы ақыл тоқтатып, айналасын барлай бастаған. Киіз үй кәдімгі киіз үй. Ол Жер ғаламшарында сирек қолданылатын болғандықтан Шолпан қызыға қарады. Қанша қазақпын десе де, өзі білмейтін тұстары көп- ақ. Жаңа заманға, жаңа уақытқа сай жасалынған өзгерістер де баршылық. Адам баласы бірқалыпты тұра бермейді. Уақыт талабына, дамуға, ой-сананың өсуіне, қателіктерге ұрынып, кейін нен барып қайта дұрыс жолға түскенін де есіне алды. Ал мына туыстары сол өз жолдарымен келе жатқан абзал жандар екен.
Шолпан киіз үйдің керегесіне, уықтарына, шаңырағына, тіпті сол шаңырақтың күлдіреуіштеріне дейін зер салды. Бәрі де қолдан жасалған. Жасандылық сезілмейді. Киіздері де қолмен басылған. Онысы қазақтың киіз үйінен хабары бар кез келген адамға білініп тұр. Шолпан киізді де, ілінген кілемді де, басқа әсемдік бұйымдарды да қолымен ұстап көрді. Сыртта ылғи гүрілдеген бұрғы қондырғыларының қасында жүріп құлағы тұнған Шолпан енді шынымен-ақ өткен заманға оралғандай күй кешті. Мұндағы салт-достүрдің бәрі де сол қазақтың ескі заманына тон. Бірақ өзгерістер де жоқ емес. Ежелгі салт-дәстүрді қатаң ұстағанымен бүгінгі күннің техникасымен байланыстырылған. Шолпан өзі көзін ашқаннан білетін электроника мұнда баланың ойыншығына айналған. Адамның қайбір әрекетін де бұлжытпай қайталайтын жасанды пенделер де баршылық. Шолпан ондайлардан жалыққандықтан қарағысы да келмеді. Оның бар ойы, бар мақсаты — осы туыстардың кімдер екенін, не себепті мұнда жүргендерін, қай жұлдыз жүйесінен келгендерін біліп алу болды. Ал содан соң өз достарына оралуды жоспарламақ. Шадыманның өзін шарқ ұрып іздейтінін, оның жүрек сезімінің оянғанын ішінен жақсы білетін. Енді мына елге келген соң байланыссыз қалды. Ел болғанда да бөтен емес. Өзінің қандастары. Осы жөнінде Шолпан достарына тездетіп айтқысы да келеді. Бірақ онысы жүзеге аспайды. Тіпті бұлар жібере қойғанда да қайда барарын білмейді. Сондықтан қашуға да талпынған емес.
Бүгін ол ерте оянды. Кәдімгі жұмсақ, құс төсекте жатыр еді. Киіз үйдің күн шығыс жағынан жарқырап көтерілген Күнді де көзі шалды. Аздап самал соқты. Айнала әсем көрініске бөленді. Шолпан “Жерге қайта келген жоқпын ба” дегендей басын төсектен көтеріп алды. Жоқ, Жер емес. Айнала табиғат бөтен. Таулар да, ойпаттар да, ағып жатқан өзен де басқа. Сонда мұның не болғаны? Елес пе. Шолпан енді орнынан түрегеп, комбинезонын іздеді. Ол жоқ. Онын орнында қазақ қызына тон ұзын көйлек, камзол, тақия ілулі. Шолпан мән-жайды тез түсінді. Сол ілулі киімді киді. Бірақ киіз үйде айна атаулы жок еді. Шолпан сықырлауықтың ернеуінен ұстап сыртқа шықты. Расында да, айнала ғажайып табиғат. Мезгіл көктем сияқты. Даланы неше түрлі гүлдер көмкерген. Аздап самал еседі. Анадай жерде жайылып жүрген қойлар, сиырлар мен жылқылар көрінеді. Шолпан әзірге ештемені түсінбеді. Туыстарының өзін қайда әкеліп тастағанын ажырата алмады. Бір ғажабы, төңірегінде жан баласы жоқ. Сонда бұл не болғаны. Өзін мазақ еткені ме. Осындай ойлар Шолпанды мазалай бастаған. Ол енді жылдам жүріп өзенге келді. Оның суының мөлдірлігі сондай, қыз өзінің бейнесін ап-анық көрді. Енді оған айнаның да қажеті жоқ еді. Суға қарап тұрып киімін де, шашын да түзеді. Сөйтіп айналаға көз жіберді. Сол кезде барып бірен-саран адамдар көзге шалынды. Шолпанды ең бірінші рахаттандырған нәрсе — тамаша тыныштық еді. Сол тыныштықта жүре бергісі келді. Енді біраздан соң қыр өрлеп, қызғалдақ, сарғалдақ және тағы басқадай гүл де тергісі келіп кетті. Ұзын көйлегінің етегін екі қолымен көтере ұстап, ілгері қарай жүрді. Құлағына таққан сырғалары теңселіп, қолдарындағы білезік- жүзіктері сылдыр қақты. Манағы көрінген бірен-саран адамдар өзді-өзді үйлеріне кіріп кетті. Содан соң-ақ Шолпан өзін еркін ұстап, гүл теруге көшті. Шамалы уақыттың ішінде қалың гүлдерден бір уыс жинады. “Енді не істесем екен. Кімге жолықсам екен?” деп ойлады содан кейін ол. Сөйтіп қайтадан өзінің киіз үйіне қарай бұрылды. Сол кезде көрді, ол үйдің жанында өзіне күле қарап Абзал тұр. Шолпан өзінің бөтен елде екенін қайта сезініп, кілт тұрып қалды. Абзал да қазақша киінген. Қазақ ұлтына тән оюлы шалбар, оюлы бешбет киген. Белінде жалпақ белдік. Қолында қамшы. Өзіне қарай жүріп келеді. Жігіт болса, батыл басып келеді. Айнала тамаша табиғат, киіз үйлер, жайылған малдардан басқа ештеме жоқ. Шолпанның ештеме жоқ деп тұрғаны — ғарыш кемелерінің көрінбегені. Ұйқыға жатқанға дейін өзі осы маңнам талай техникаларды көрген сияқты еді. Енді түсінер емес.
Абзал жақындап қалды. Бұл сол орнында әлі тұр. Жігіт жақындап келіп, өзіне қолын созды. Шолпан да он қолын ұсынды. Өзін билеген қандай да бір құдірет күшті жеңе алмады. Содан екеуі киіз үйге қарай бет алған. Шолпан әлден уақытта шыдамады:
— Абзал, бұл не елес? Түсіндірші, — деді.
— Бұл елес емес. Біз өткен заманға оралдық, — деді Абзал.
— Қалайша?
— Қалайша дейтін ештемесі жоқ. Біз осындай көріністерді жасай аламыз. Былай Карағанда шынында да елес тәрізді.
— Бәлкім, бұл көз бояушылық шығар?
— Ол да емес, Шолпан. Бұл шын табиғат.
—Қалайша шын болады?
— Шын болмаса, мына гүлдерді қалай теріп алдың?
— Тергенім рас.
— Енді не дейсің. Киіміңде ұлтымыздікі. Саған қандай жарасады. Ал комбинезон сенің қызға тон қылығынды бұзады. Не ер емес, не қыз емес, бір суық бейнеге көшіреді. Қазір қандай тамаша. Біз өткен заманға оралдық.
— Мен оны көріп тұрмын, - деді Шолпан, - бірақ қалайша оралды. Уақыт кемесімен бе?
— Жоқ, — деді Абзал, — уақыт кемесі деген қиял. Ал бұл шындық қалайша шындық болады. Басқа адамдар қайда?
— Олар өзге әлемде.
— Өзге әлемі қалай? Әлем біреу емес пе?
— Әлем біреу. Бірақ көрініс біреу емес.
— Сонда қалай болғаны?
— Егер жарық болмаса, сен көрінер ме едің?
— Жоқ.
— Әлемнің бар бейнесі сол жарыққа байланысты.
— Жарық деп біз Күн сәулесін айтамыз. Егер ол болмаса, Күн жүйесі бір сәтте жоғалар еді.
— Біз сол жарықты құбылтуды игергенбіз.
— Онда не тұр?
— Бар мәселе сонда, Шолпан. Жарықты игерген адам дүниені қалай құбылтамын десе де еркінде.
— Сонда біз тек жарықпыз ба?
— Иә, жарықпыз.
Ендеше, Әл-Фараби бабамыз дүниені нұрдан жаралған деп бекер айтпаған екен ғой.
Егер біз жарық жылдамдығындай шапшаңдықпен ұшсақ, сол жарық сияқтанып кетер едік.
— Бұл да ойланатын нәрсе екен, - деді Шолпан, - осы көрініс жетер. Мен қашан достарыма ораламын?
— Достарыңызды ұмытыңыз. Олар сенен әлдеқашан үмітін үзген. Сен енді оларға тек елес болып қана көріне аласың.
— Елесі қалай? Не үшін мені мұндай жағдайға әкелдің, Абзал?
— Сен маған ұнайсың, Шолпан! Дәл сендей пәк қызды, әдемі қызды әлі кезіктірген жоқ едім. Өзінді көріп тәнті болдым. Бұлай жасағаным үшін кешір мені, Шолпан.
— Кешірмегенде не келеді менің қолымнан. Халқымызда: “Қыз жат жұрттық” деген сөз бар. Сол тағдырымды бастан кешіп тұрмын мен.
Бізді жат жұртқа санама ІІІолпан. Біздің туыстығымыз әріде жатыр. Сендер Жер ғаламшарының бір бөлігін алып жатқан ел болсаңдар біз түгелдей бір ғаламшардың иесіміз. Өздеріңнен көп ілгері дамып кеткенбіз. Жарықтың небір құпияларын игердік. Сендер болсандар Шолпан ғаламшарынан су іздеп әуре болып жүрсіндер. Ал біз ондай құбылысты жарықтың күшімен жасай салар едік. Мәселен, мына көрініс сияқты.
Шолпан айналасына ойлы жүзімен қарап шықты. Тау- тас, сай-сала өзен, ойпат бәрі де табиғи. Мұнда қолдан жасалынған ештеме де жоқ. Жаңа ғана өзі ана қыр басынан гүл де терген. Ол гүлдері қолында. Оны ешкім алып қойған жоқ. Зым-зия болып жоғалмады да. Ендеше, бәрі де шындық. “Бірақ бұлар осыншама көріністі қалайша жасайды” деген ой келді Шолпанға. Ол енді өзінің сол ойына жауап алғысы келді.
— Абзал, — деді ол, — сіздер мына Шолпан ғаламшарының бар табиғатын тіршілікке көшіре аласыздар ма?
— Көшіруге болады. Бірақ ол кезде бұл үшін үлкен талас туып кетуі мүмкін. Жер ғаламшарларыңызда онсызда халықтар бір-бірімен жерге таласуда емес не? Шолпан үсті тіршілікті жағдайға ауысса, олар мұнда лап қояды. Оның соңы қатерлі соғысқа айналып кетуі де мүмкін.
— Сонда біздің Жерді де тіршілікке айналдырған сіздер ме?
— Иә.
— Қандай ғажап адамсыздар, сіздер. Мен өз басым, тіршілік десе кәдімгі тіршілікті айтушы едім. Ал сіздер оны тек жарық деп есептейсіздер. Сонда біздің күллі күйкі тіршіліктеріміздің бәрі де жай нәрсе болғаны ма?
— Жай нәрсе деуге болмайды, Шолпан. Тіршілік те, тірлік те бар. Тек соның бәрі жарықтан тұрады. Жарықсыз дүние жоқ.
— Ол түсінікті. Ал мына біз, мына айнала табиғат қалайша жарық қана болады. Біз бір-бірімізді ұстаймыз. Сөйлесеміз. Бір-бірімізге күлеміз, ренжиміз. Тағы басқадай түрлі құбылыстар өтіп жатады өмірімізде.
— Иә, өтіп жатады. Бәрі де өтеді. Дүниедегі құбылыс алуан. Оны тізігі шыгу мүмкін емес. Сол алуан құбылыстың бәрі де жарық. Ол жарықтар әлемге тарап кетіп жатады. Сіңіп кетіп жатады. Ал өмір өте береді. Адам дүниеден өткен соң оның жарығы да бітеді.
— Жарық дүние деп айтатынымыз содан екен ғой. “Көрер жарығы сол болыпты. Көрер жарығы бар екен” деп айтылып жататын сөздердің мәні де терең екен ғой. Оған кім ес бөліпті. Біз күнделікті тіршілікпен ол жағын ұмытып кетеміз. Ісімізді ойлаймыз, болашағымызды жоспарлаймыз. Сөйтіп өмір өте береді.
— Иә. Күллі тіршілікті пайда ету де, жоғалтып жіберу де жарыққа байланысты. Сондықтан ана жарқырап тұрған Күннің ғүмырының ұзақ болуын тілеу керек.
— Күннің ішкі жағдайын ғаламдарымыз көптен бері зерттеп келеді, — деді Шолпан аспанға қарап, — оның қанша мерзім өмір сүретінін де есептеп қойған. Ал сол Күнді мына Шолпан үстінен көру де киын. Ылғи бұлт бүркеп тұрғаны. Оның кешіне мұнда ыстық. Мейлінше тымырсық. Онан құтылу да оңайға түспес. Ал мына жерге келгелі басқа әлем- ге тап болдым. Мына табиғат қандай тамаша. Тап осындай табиғат достарым жұмыс істеп жатқан аймақта да орнаса.
— Мұндай көріністі кез келген уақытта жасай беруге болмайды, — деді Абзал, — қай нәрсенің де өз орны бар. Біз көшпенді халықпыз. Еркіндікті жақсы көреміз. Кең даланы, әсем табиғатты аңсаймыз. Сондықтан ғылым мен техниканың жетістіктерінен жалыққан кейде, шаршаған сәтте осындай табиғатты жасап, демалып аламыз. Мен сені өткен заманға шақырдым. Осындай далада, осындай жыл мезгілі—көктемде, мынандай тамаша табиғатта жолығуды, армансыз қыдыруды жөн санадым. Айналадағы көріністі сол үшін жасаған едім.
— Мен әлі де көп нәрсені түсіне алмай тұрмын, — деді Шолпан Абзалдың қолынан ұстаған бойы тау жаққа қарай жүріп, — осыншама табиғатты, тау мен тасты, мың-сан гүл- бәйшешекті, арқырап жатқан өзенді қалайша қолмен жасауға болады. Бұл бізді жаратушының жасаған кереметтері емес пе? Ал сіз оны қолмен жасаймын дейсіз. Онда да бұл фильмдердегідей, я болмаса голографиялык көрініс болса екен. Екеуіне де ұқсамайды. Мұнда ешқандай да жасандылық жоқ. Мен бәрін көріп тұрмын. Бәрін ұстадым. Сезіндім. Гүл иісі де мұрнымды жарып барады. Осының бәрі де шын өмір.
— Мен сізге жалған деп тұрғаным жоқ, — деді Абзал жымиып, — егер бұл көріністер жалған болса, мына сен де елеске айналар едің. Ал мен ондай елестен қалай ләззат ал- мақпын. Мен сенің ыстық алақаныңды ұстап тұрмын. Жүрегіңнің лүпілін, сөзінді, күлкінді естіп махаббат буына балқудамын. Қалайша жалған болады бұл. Тек сен түсінші, Шолпан. Егер біз жоғалсақ, бірге жоғаламыз.
Ендеше, жоғалайық! — деп Шолпан сықылықтай күлді, — қане, қалай қарай жоғаламыз?
- Жұлдызды әлемге қарай! - деді Абзал да жымиып.
- Кеттік!
- Тұра тұр! - Абзал айналасына қарап қойды. - Мен әлі мауқымды баса қойған жоқпын. Сенен айрылу маған жеңілге түспеиді. Мына тамаша әлемді де жоғалтқым келмейді. Түсінесің бе?
Түсінемін! — деді Шолпан.
Сөйтті де гүл-бәйшешек көмкерген қырға қарай жүгіре жөнелді. Соңынан Абзал да жөнелді. Бірақ ол да өзінің әкесінен сұрап алған уақытының өтіп бара жатқанын сезбеген еді. Кенет бар табиғат айналып-төңкеріліп кеткендей күйге көшті. Абзал Шолпанның қолынан ұстай алды. Іштей мән-жайды түсінген еді. Шолпан ғана ештемені білмеді. Басы айналып қара жерге отырып қалды. Абзал да оның жанына жайғасқан. Енді бір сәтте жаңағы табиғат жоғалып, өзі келген қыртыс астындағы қалашықта екендерін сезді. Артынша денелі үлкен кісі-баяғы Шолпанды қабылдаған ақсақал өздеріне қарай балпаң басып келе жатты. Абзал орнынан тұрып оң қолын жүрек тұсына басып, еңкейіп тәжім етті.
- Балам, - деді сол кезде ақсақал, - бұл жарық дүниеде артық уақыт жоқ. Сен махаббат буына беріліп, сол жүйені бұзуға талпындың. Ол мүмкін емес. Әр нәрсе, өзінің уақытымен. Енді өзіңнің міндетіне кіріс. Шолпан біздің құрамымызга енген қыз. Ол ешқайда да кете алмайды.
- Түсіндім, әке! Кешіріңіз мені! - деді Абзал тағы да әкесі бас иіп, — арамызда бөліп тұрған уақыт кесіндісін мен қысқарта алмаймын. Оны ешкім де қысқарта алмайды. Сон- дықтан да тағдырымыз бөлек. Мен Шолпанды сүйемін. Өзіме өмірлік жар етемін. Тек сіз бата беріңіз, әке.
Ақсақал аз ойланып, екі алақанын жайды. Абзал оның алдына тізерлеп отыра кетті. Екі алақаны жаюлы. Шолпан да бір тізерлей отырып, екі алақанын сүйірлендіре біріктіріп ұстаған. Ақсақал ішінен бірдемелерді оқыды. Содан соң дауыстап:
Дегендеріңе жетіңдер. Араларыңа шоқ түспесін. Махаббаттарың баянды болсын. Тағдыр сендерге ұзақ ғүмыр бсрсін. Жаратушы жандарыңда жүрсін. Әрқашан жолдарың болсын! — деп бетін сипады.
Абзал да бетін сипап орнынан түрегелді. Әке оның бетінен өпті. Шолпанның нәзік қолын сүйді. Енді жігіт пен қыз қол ұстасып кейін шегінді. Өздерінің отауына қарай бұрылды. Ақсақал екеуін басын баяу шұлғып, үнсіз көзбен шығарып салды.
ЖЕРДЕН КЕЛГЕН САҒЫНЫШ
Шадыман бүгін ерте оянды. Әдеттегісінше жуынып-шайынып, жаттығу жасады. Содан соң өзінің пәтерінен шығып, аллеяның бойымен жүрді. Әдеттегі көрініс. Таң қылаң беріп келеді. Жасанды күннің алтын шапақтары да күмбезге қарай шашырап, жарықты молайта түседі. Ол жарық молайған сайын күмбездегі жұлдыздар елеусіреп көрінбей барады. Бәрі де Жердегі сияқты. Сондықтан Шадыман ешқандай да таңданыс білдірген жоқ. Осы Емшектаудың астындағы барлық көрініс адам қолымен жасалған. Бірақ Жердегі табиғи көрініске бергісіз. Шадыман оған әрқашан риза болатын. Күнді де, Айды да, жұлдыздарды да тамашалай алады. Тек бір-ақ кемшілік — мұнда кездейсоқ құбылыс деген жоқ. Өйткені, бар көрініс Емшектаудың ойылы жасалынған күмбезінің астында.
Шадыман аллея бойымен ара-тұра қолын сермеп, терең тыныс алып біраз жүрді. Қарсы алдында шалқып жасанды қол жатыр. Оның айналасына бірнеше орындық орнатылған. Түнгі шамдар да бар. Ол шамдар таң қылаң берісімен-ақ сөндірілген. Анда-санда арнайы желдеткіштерден берілген самал еседі. Аллеяның екі қапталына тізілте егілген түрлі ағаштардың жапырақтары сыбдырлайды. Қолға үйретілген бұлбұл және тағы басқа сайрағыш құстар да бүгін көңілді сияқты. Шадыман өсіресе бұлбұлдың үніне тәнті. Ол сайрағанда өзі қай кезде де тұра қалады. Бұлбұл таң алдында сайрайды. Шадыман да сол сәтті жібермеуге тырысады. Құстар да өздерінің мынадай ғажайып ортасын ұнатады. Олар тіпті, осындағы барлық табиғи көріністің адам қолымен жасалғанын сезбейтін де сияқты. Ағаштан ағашқа қонып, сайрап, арнайы орындардан су ішіп, жемін жеп, жүре береді.
Қолдан жасалынған көлдің жағдайы да сондай. Оныц ішінде балықтардың бірнеше түрі бар. Ал дельфиндерді олардың қожасы десе де болғандай. Шадыман көлге жақындағанда дельфиндер бірнеше рет шорпып, қайта сүңгіп жатты.
Бұл да олардың өздеріне қамқорлық жасайтын адамына деген ілтипатының белгісіндей әрекеті еді. Шадыман өзінің жақын “достарына” қолын көтеріп койды. Содан соң көлді айнала жүріп, қол-аяқтарын сермеп бірнеше түрлі жаттығу жасады. Аздап жүгіріп те алды. Жалпы, таңғы кезде жүгірудің зияны барын да ол жақсы білетін. Сондықтан әуелі түрлі жаттығулармен денесін қыздырып алды. Содан соң көлге келіп, салқын сумен жуынды, денесін ысқылады. Спорттық киімін қайта киіп, жеңіл жүгіріспен пәтеріне оралды.
Бұл кезде сол екі бөлмелік пәтеріндегі биороботтар өздерін есте сақтау бөліктеріне жазылған тапсырмаларын орындауға кірісіп кеткен-ді. Бірі Шадыманның төсегін жи- нады, екіншісі үйді жинастырды, үшіншісі асханада тамақ әзірлеп, төртіншісі дастархан жайды. Барлық геологтар осында жиналады. Әрқайсысының екі бөлмелік пәтері бар. Онда барлық жағдай жасалған. Бұл Емшектаудың астында не жоқ. Жерден келгендер үшін барлық жағдай ойластырылған. Геологтар қолы бос кездерінде спорт бөліміне барып шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнай алады. Биллиард та бар. Футбол ойнайтын, баскетбол, хоккей ойнайтын аландар да жасалған. Емшектау астындағы қалашықтың орталығында кинотеатр, театр да салынған. Онда түрлі фильмдер, концерт пен спек- такльдер де өтіп тұрады. Оған Жерден артистер, актерлер келеді. Шолпан табиғатын тамашалап қайтып кетіп жатады. Оларға барғысы келмегендер оранжереяны аралайды. Сөйтіп, уақыт өтіп жатады.
Шадыман өз пәтеріне келді. Өзінің төсек-орнының, бөлмелердің тап-тұйнақтай жиналғанын көріп, онан сайын көңілі серги түсті. Енді ол ыңылдап ән де айтты. Сол кезде қабырғадағы жерден, өзінің туған қаласынан берілетін хабарды таза қабылдайтын үлкен дыбыс күшейткіш электронды сағат 06.00 цифрын көрсеткенде қазақ әуендері төгіле жөнелді. “Күй сазы” деп аталынатын концертте күй күмбірлеп бастады. “Көкейкесті”, “Көңіл ашар”, “Қаратаудың шертпесі”, “Серпер” және тағы басқа күйлер Шадыманның жан-дүниесін тербеді. Әдетте адам баласы өзінің сағынғанын ән мен күй тыңдаған сәттерде есіне алады. Тебіренеді Шадыман да дәл қазір сондай бір сезімге бөленді. Алда тұрған қиын ісін ұмытып, бір сәтке қиялмен Жерге оралды.
Ондағы кең табиғат, әсем көріністер жылжып осында келгендей болды. Ал мына Емшектау тек бір алапат киіз үй сияқты. Егер мұнан сыртқа шықса дархан далаға таң бол- мақ. Шолпанның адам түгілі техника төзгізсіз ыстығы мен аптабы да жок. Аспанда неше түске құбылған әсем бұлттар жылжиды. Олар да Шолпандағыдай емес, баяу орын ауыс- тырады. Самал жел соғады. Тау тас дейсін бе, орман дейсің бе, бәрі бар. Ең бастысы — онда ешқандай да комбинезонның қажеті жоқ. Тынысың кең, көңілін көтеріңкі. Сондай бір тамаша табиғат аясында Шадыман балалық шағын өткізген еді. Туған ауылдың оңтүстік тұсында өзен ағып жатады. Солтүстігінде созылып таулар жатыр. Сол таулардың сайларында, бұта-ағаштардың арасында талай қыдырғаны бар. Сол балалық шағында Шадыман осы Шолпанды талай көрген. Бұл таң алдында да, кешбатарда да ерекше жарқырап көрінетін. Бірақ сонда ойлап па, сол жұлдызға барып, тап осындай оқиғаны бастан кешемін деп. Адам тағдырының құпиясы да осында. Шадыман ғарышкер боламын деп те ойлаған жоқ-ты. Бірақ уақыт соған әкелді. Бүгінде ғарышқа ұшу тансық емес. Денсаулық жараса болғаны. Ал мұнда ұшуға ең басты себеп болған өзінің сүйікті қызы Шолпан еді. Шадыман басшы болғанымен қыз атаулыға епсіздеу. Сонысына өзі де қынжылатын. Жас шағында Шолпан көрші ауылда тұрған. Бірақ екеуі бір мектепте оқыды. Ол қызға деген сезімі балаң кезінен-ақ оянған-ды.
Уақыт жылжып өтіп жатты. Мектеп бітіргеннен кейін әркім өз жолымен, өз мақсатымен кетті. Шадыман геология институтын бітірді. Шолпан да геолог болып шықты. Бірақ ол басқа қалада оқыды. Айналып келіп, екеуі ғаламшараралық сапарға ғарышкер даярлайтын орында кездесті. Егер өзі қол ұшын бермегенде Шолпан бұл құрамға ене алмайтын еді. Махаббаттың құдіреті Шадыманның өзінен де күшті болып шықты. Әлі есінде. Шолпан екеуі Жерден аттанардан екі күн бұрын қалашықта қыдырған. Ол қалашық тап осындағы Емшектауға ұқсастандырылып жасалған. Құрылысы да осыған ұқсас. Ол бұларды болашақ сапарларындағы ортаға үйретудің жолы еді. Қандай ғарыштық сапар болмасын, ұшатын адам соған сай дайындықтан өтеді. Ол бұрыннан келе жатқан дәстүр. Сол күні екеуі далаға шықты. Ай толған мезгіл еді. Шадымен мен Шолпан қол ұстасып, қалашықтан ұзап кетті. Түн басталған соң айналада тыныштық та орнаған. Екеуі жүре берді, жүре берді. Ұзақ уақыт бойғы шектеулі ортадағы жаттығу, жасанды орта жалықтырып жіберсе керек. Салқын самал тыныстарын кеңейтіп, ерекше бір күш қосқандай болды. Екеуі тау басына шықты. Айнала табиғатқа, аспандағы жұлдыздарға қызыға қарады. Өздерін ғаламшараралық сапарға итермелеген де сондай бір қызы- ғушылық еді. Мамандықтары геолог болғанымен өз беттерінше жұлдыздарды бақылаумен де айналысатын. Сол әуесқойлықтың соңы ғарышкерлікке жеткізді.
Жер табиғаты қашан да ғажап. Оған Шадыман да, Шолпан да бір тойған емес. Көктем көктемімен, жаз жазымен, күз күзімен, қыс қысымен ерекше. Жаз болса, күзді, күз болса, қысты, қыс болса қайтадан көктем мен жазды аңсайтын адам баласының әдеті бар. Ал Шолпан ғаламшарында жыл мезгілі ауыспайды. Біркелкі ыстық, тымырсық, бұлтты күн, тыныш тау мен тас адам баласын жалықтырады. Ол ортаның осы Жердегі лабораториясы соны сездіреді. Шадыман мен Шолпан ұшпай жатып-ақ сондай ортадан жалыға бастаған еді. Бірақ ұшу тағы керек. Сол ұшуға екі күн туғаннан ыстық, Жер табиғатын тамашалауды мақсат тұтқан-ды.
Екеуі Айдың жарығымен түнгі тылсым тыныштыққа бөленген айнала табиғатқа қарай берді. Ай жарығынан кейбір шоқжұлдыздар да ұялғандай әзер-әзер жыпылық қағады аулар мүлгіп тұр. Олар да түн тыныштығында демалғылары келетіндей. Ара-тұра ағып түскен ақпа жұлдыздардың көрінісі де көңілді жиі-жиі бөледі. Шадыман Шолпанды өзіне тарта түсті. Жас қыздың денесі түршіге бастаған еді. Қанша дегенмен күз алдындағы ай болғандықтан салқын түсіп қалған. Шолпан шыныққан қыз. Ғаламшараралық сапарға дай- ын. Бірақ ол дәл сол шақта жеңіл киінген-ді. Шадыман қыздың денесінің түршіккенін мұздаған қолынан сезіп тұр.
— Шолпандағы ыстық бойыңда қандай суық болса да айдап шығады! — деп жымиды Шадыман сонда.
— Сен де айтасың-ау! Ол ыстық емес, от қой! Бес жүзге жуық градус ыстық! Ойлап көрші!
— Ондай ыстық мұндағы лабораторияда да бар емес не? озу қиын-ақ. Бірақ біздің комбинезондарымыз бен барлық техникалық жабдықтарымыз онан да қатты ыстыққа төзе алады. Сондықтан ол біз үшін.
— Қайдам. Ол жақ осындағы дайындық орталығындағы лаборатория емес. Мұнда қиналып бара жатсаң, сыртқа қашып шығасың. Ал Шолпанда киналсаң, қайда барып тығыласың?
— Емшектау бар емес пе?
— Емшектау тап осы дайындық орталығының лабораториясы іспетті орта. Бірақ керісінше. Онда Жерге тән температура мен табиғат аясы бар. Ал онда қандай да бір кілтипат кезіксе, онда тұншығып өлеміз!
— Қайдағыны айтпашы, — деген сонда Шадыман Шолпанды қойнына қыса түсіп, — ондағы техникалардың бәрі сенімді. Мұнда қанша дегенмен лаборатория емес пе? Ал ол
— Шолпан. Жерден сол-ақ кіші ғаламшар. Тағы бір жақсысы, Шолпандағы көмір қышқыл газы Жердікімен бірдей.
— Онан бізге не пайда? — деді Шолпан Шадыманның жүзіне қадала қарап.
— Пайда жоқ. Бірақ ұқсастықтың өзі жақсы емес пе?
— Несі жақсы. Онан да оттегі, су жағынан ұқсас болса ғой.
— Шолпан Күнге жақын. Онда су су күйінде қала алмайды. Буға айналады.
— Ендеше, Шолпанды жылжытып Жердің айналым жолына түсірейік!
Шолпан сықылықтай күлген. Шадыман оның ол ойына шынымен-ақ ойланып қалған. Бірақ оны бір нәрсе күмәндандырды. Күн жүйесіндегі ғаламшарлардың айналым жол- дарын бұзуға болмайды. Ол үлкен қатерге әкеліп соғуы мүмкін. Оның үстіне Жер мен Шолпан бірін-бірі белгілі қашықтықта айналып жүре алмайды. Соқтығысып қалса ше. Шадыман бір сәтте сондай ойды да басынан өткерген-ді. Содан соң Шолпан екеуі қол ұстасып, кейін қарай жүрген. Сол түні ешкім шек қойған жоқ. Ұзақ сапар алдында Жер табиғатын тамашалап алсын дегендей ғаламшараралық сапарға дайындау орталығындағылар да тым-тырыс. Дем алғысы келгендер ұйқыда. Екеуі салқын самалды, әсем Айды, жұлдыздарды, айнала мүлгіген тауларды қарайлай-қарайлай пәтерлеріне оралған. Шағын қалашықтың жіңішке көшесіне түсіп, тағы біраз жүрді. Содан соң көше шетіндегі үлкен орындыққа жайғаса отырды. Бірақ Шадыман Шолпанға өзінің жүрек сезімі жөнінде сөз қозғамады. Бәрін де Шолпан ғаламшарына қалдырған. Осында келген соң білдірермін көкейімдегі арманымды дер ойлаған еді. Енді ойламаған жерден Шолпан жоғалды. Қалай таппақ. Қайдан таппақ оны. Бұған дейінгі өзінің барлық күш-жігері, өмір сүруге деген үміті мен арманының бәрі де сол Шолпан үшін екенін кеш түсінді. Бұл оқиға Жер шарында болса, іздеудің түрлі әдістерін қолданар еді. Мұндағы тіршілік ортасы шектеулі. Шолпан даласының кендігінен не пайда, онда емін-еркін алшаң басып жүре алмаған соң. Онан тар да болса, Жер артық екен.
Радиодағы әсем күй бітіп, дикторлар соңғы жаңалықтарды айтқан сон Шадыман асханаға келді. Бұл кезде барлық геологтар жиналып қалған екен. Асхана іші абыр-са- быр. Аспазшы роботтардың қимыл-қозғалыстары дабыр-дабыр сөздермен қабаттасып, сықыр-сықыр етеді. Бірақ бұл үйреншікті көрініс болғандықтан оған ешкім назар аударып жатқан жоқ. Геологтар өзді-өзді дастархандарына отырып, аспазшы роботтардың дәмді тағам әкелулерін күтуде. Шадыман әлі де жаңағы қиялынан арыла алмай мең-зең болып келеді. “Осы көрініс Жерде болса ғой, қасымда Шолпан жүрер еді” деп бір ойлап, күрсініп қойды. Геологтар да өздерінің қапы қалған сәттерін ұмыта қойған жоқ. Басшыларының қандай күйде жүргенін де біледі. Ол жайлы әңгіме қозғайын десе, Шадыманның жүрегіне жара салып аламыз ба деп ойлайды. Сондықтан олар мүмкіндігінше әңгіменің бағытын басқаға аударып, ара-тұра бір-бірімен әзілдесіп те алады. Кейбірі өздеріне қызмет көрсетіп жүрген биороботтардың қызық жүрістерін сұқ саусағымен көрсетіп, рахаттана күледі. Енді бірі сол роботтармен сөз таластырып, олардың ми қабілетін тексереді. Үшіншісі роботтардың есте сақтау жүйелерін пайдаланып, есеп те шығартып алады. Олар жан- жақты. Қай саладан сұрақ қойсаң да тақылдап тұрады. Қандай тағам барына дейін айтып береді. Бүгінде робот ешкімге таңсық емес. Ол адамға көмекші болғалы қашан. Тек мұндағыларды қызықтыратыны олардың түрлері. Киім киістері. Кейде геологтар сол потшағарлардың өзін басқамен шатастырып та алады. Сөйтіп ыңғайсызданатын да жағдайлары бар.
Бірақ бұл жолы әзіл-қалжың аз болды. Шадыманның көңіл-күйі қай-қайсысының да жүрегін ауыртпай қоймады. Шолпанға деген қызығушылық әрбірінде де бар еді. Олар жас қызға іштей тәнті-тін. Бірақ Шадыман үшін өздерін өздері тежеп келген. Енді ол қыз ешқайсысына да бұйырмады. Зым-зия жоғалды. Жер ғаламшарындағы қазақ халкында тараған аңыз осы жерде шынымен-ақ болғандай. Шолпанның ылғи да қыз, әйел есімімен аталуының өзі де бекер болмағандай. Бірақ бәрі де жұмбақ күйі қалды. Шадыман енді жайымен келіп, өзінің жақын көмекшілерінің жанына отырды. Олар мұнымен қол қысысып амандасты. Соның артынша жылдам басып биоробот та келген. Дастарханда отырғандар үстелдің қырындағы таблодан қажетті тағамдарды белгіледі. Робот бас иіп кейін қарай жылдам басып кетті. Енді отырғандар үстелдің қалың қырының астыңғы жағындағы кішкене суырма секілді бірдеме тартып шығарды. Оның ішінде екі қол сиятындай шыны форма бар екен. Отырғандар сол шыныларға қолдарын сұқты. Ол кептіргіш еді. Шамалы ызындаған дыбыс естілді. Қолдары әп-сәтте құп-құрғақ болып шыға келді.
Соны күткендей биороботтар да бірінен кейін бірі тағам салынған табақшаларын көтеріп, жылдам жүріп келіп қалды. Әрқайсысының қалаған тағамдарын алдарына қойып, бастарын изеп, төбет тілеп, кейін қарай кетіп жатты. Дастарханда отырғандар біраз әңгіме айтып, дәмнен алып, біршама уақыт өткізді. Мұнда олар роботтар сияқты уақыттың кіші бөлшегі — секундпен санаспайтын. Көп істерді сол биороботтар атқарады. Оған геологтар арқа сүйер әбден сеніп алған. Осы асхананы түгелдей роботтар басқарады. Олар үш мезгіл тамақ әзірлеп, мамандарды дер кезінде арнайы дабылмен шақырып отырады. Асхана іші таза ұсталады. Биороботтар асханада жұмыс жасағандарымен бір түйір де дәм татпайды. Бірақ астың дәмін, тазалығын, жағымдылығын өздерінің құралдарымен тексерігі отырады. Сондықтан да сенімді.
Геологтар әкелінген тағамдардан алғаннан кейін, әңгімелерін аяқтағаннан кейін жоспарлары бойынша күнделікті істеріне кірісуге дайындалды. Күнделікті дегенде осы Емшектаудың ішінде ғана тәулік айналысы бар. Ал сыртқа шыққан адам мезгілдің де, тәуліктің де не екенін ажырата алмас еді. Тып-тыныш табиғат, тымырсық ыстык, түнерген бұлт. Кейде ол көрініс адам көңілін құлазытып та жібереді. Бірақ геологтар өздерінің алдарына қойған мақсаттары бар болғандықтан табиғаттың ол көрінісіне мән бере бермейді. Қызу еңбек бәрін де ұмыттырады. Бүгін де сондай еңбек басталып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |