Эпилог
Бұл кітап — менің алыста калған аяулы шағым —балалығымның жаңғырығы.
О баста жазғанымдай, бүл кітап — өмірдің өзі.
Әлбетте, менің көргендерім мен көңілге түйгендерім өте көп. Мен солардың ең елеулілерін ғана қағазға түсірдім.
Мен біттім.
Кім не түсінеді, не түйсінеді, еркі, өзі білсін.
Осымен тоқтаса да болар еді, бірақ адамдардың оқыған кітаптарының кейіпкерлерінің кейінгі тағдырын білгісі келетіні бар.
Мүмкін, бұл кітапты оқығандар да сөйтер, онда айтайын.
Апам мен жездемнен, яғни әкемнен басқамыздың бәріміз аман-есен, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп жатырмыз.
Біздің тілеуімізді тілеп әпкем, яғни шешем отыр.
Апамның аяғым сынғанда, қатты ауырып қалғанымда құдайға жалынып-жалбарынып мені айналып, өз басын өлімге тіккенін ілгеріде жаздым ғой, бір жақсысы — мен де, апам да аман қалып жүрдік.
Беріде, менің балам Бауыржан емшектегі кезінде суық тиіп ауырып мұрттай ұшты. Баланың ыстығы шамадан тыс көтеріліп, өмір мен өлім белдесті дейтін сәт туды.
Кешқұрым бала дем ала алмай, кірпігі әрең қимылдап қалды.
Бәріміздің үрейіміз ұшып кеткен, кейбіреулер көз жасына ерік бере бастаған.
– Баланың бесігін ортаға қойыңдар! Сөйтіңдер де бөлмені босатыңдар!
Есі шығып отырған ел кім не айтса, соған мақұл.
Апамның айтқанын істедік. Біз шықпай жатып-ақ апам күбірлеп бесікті айнала бастаған.
Апам көпке дейін шықпады.Үнсіздік орнаған.
Бала мен апам қалған бөлмеге әпкем кіріп кетіп еді, кемсеңдеп жылап шықты.
Менің әйелім Бану шыңғырып жіберді:
– Бауыржа-а-ан!..
Әпкемнің даусы сыбырлағандай болып әрең шықты:
– Бала қалды... Апасы кетті...
Бәріміз демімізді ішке тартып отырып қалдық.
Әкпемнің аңыраған даусы шықты:
– Ұрпағы үшін шыбын жанын аямаған, анашым-ау!
Жаппай жылау басталды. Апамды ақтық сапарға шығарып салдық. Бауыржан жазылып кетті. Бұл қалай, білмеймін. Білетінім — бұл болған әңгіме.
Әкем бізді, өз сөзімен айтқанда, үйірімізге қосып кетті.
Біздің үй аудан орталығындағы аталастарымыздың арасына жетпісінші жылдың көктемінде көшіп келді.
Әкем туысқандарымен аралас-құралас жеті жыл өмір сүріп, осынысын өлшеусіз бақытқа балап барып озды бұл дүниеден.
– Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді. Менің сүйегімнен өткен екі сөз бар еді, екеуінен де құтылдым. Бірі — қаңғыған күнту, екіншісі — күшік күйеу, деген сөздер еді. Құрысын. Мені енді ешкім кемсіте алмайды, — деп шексіз қуанған әкем қоныс аударған тұста.
Әкемді армансыз адам санағанмын.
Сөйтсем...
Әкем қайтыс болған кезде мен облыс орталығында қызмет істейтінмін, естісімен құстай ұшып жеттім.
Хабар алған кезде де, жолда да жылай алмадым. Қайтіп жылаймын, әкем менің "жездем" ғой. Жездеге де жылай ма екен?
Қаралы үйге жақындап келеміз.
Бану да, Бекежан да, Күләш келін де көз жастарына ерік берді.
– Ата-а!
– Атам-ау, атам-ау!
"Мен не деп жылайын, әке! "Әке" — десем, елден ұят, "жезде" — деуге бүгін тілім келмейді, әке!"
Мен улап-шулап көрісіп жатқандардың ешқайсысына қарамай, түпкі бөлмеге кіріп, бір бұрышқа отыра кетіп, солқылдап жылай бастадым. Сол сол-ақ екен, әкеме деген керемет сөздер кеудеме сыймай, тілімнің ұшына тығылды, бірақ бір де біреуін айта алмадым.
Фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып бара жатқан мына алып адамның маған әке екенін өзі де, мен де білеміз, ел де біледі.
Біраз адам менің не деп жылағанымды көрмек болып ентелеп тұр.
Мен естіртіп "әке" дей алмадым, іштей мың мәрте айттым.
Айналайын жаратушым-ау, сені "әке" демей, кімді "әке" дейін!
Бізді арқа етің арша, борбай етің борша болып жүріп асырап, қатарға қосқан, қасиеттім-ау, сені "әке" демей, кімді "әке" дейін!
Ұрмай, ұрыспай, бір қарасыңмен-ақ шексіз-шетсіз тәлім берген, тереңім-ау, сені "әке" демей, кімді "әке" дейін!
Өзіңді ұмытып, біздің тілеуімізді тілеп отыратын қамқорым-ау, сені "әке" демей, кімді "әке" дейін!
Әлдеш абайласаңшы, — дейтін ақылдым-ау, сені "әке" демей, кімді "әке" дейін!
Әкемізді ақтық сапарға шығарып салып келігі, жұрт аяғы саябырсыған кезде күйеу бала — Бағдаштың жолдасы Жақсылық айтты:
– Аға, тура атамның айтқаны болды.
– Не айтып еді?
– Өлердің алдында атам: "Қап, қайран балам қор болатын болды-ау! Мен өлемін, Алданыш келеді. Ел-жұрттан ұялып, "әкем-ау!" — деп жылай алмайды. "Жезде" — деп айтқысы келмейді, солқылдап жылайды" — деді. Дәл солай болды.
Әке!
Көзіме бір көрінбейсің ғой енді! Көрінсең, ешкімнен ұялмай, қаймықпай, "Әке!" — деп құшағыма алар едім.
Оған қайда-ан! Адам өмірге келеді, кетеді. Менің апам да, әкем де сөйтті. Олардың артында біз қалдық. Өсіп-өніп жатырмыз. Шүкір!
Базаркүл ше?
Бұл әңгіме біз — Здән, Бағдаш, апам және мен Шоқпарға көшіп барып оқыған жылы болды. Бірінші тоқсан аяқталуға таяп, біз Кербұлақ жаққа тағатсыздана көз тігумен жүргенбіз. Әсіресе, мен асығамын. Ауылда қарауыз бар. Мен үйге бара салысымен қарауызды ертіп алып, аң қағамын.
Ауылда Базаркүл бар. Мен Базаркүлге арнап төрт өлең жазғанмын. Мен үйге бара салысымен Базаркүлдікіне тартамын. Базаркүлді оңашалап өлеңдерімді оқып беремін.
Бір өлеңім былай басталады:
Базаркүл, сені сүйемін,
Алыссың, соған күйемін.
Сағынғанда сені ойлап.
Сырқырайды сүйегім.
Ойбай-ау, мен мұны қайтіп оқимын?!
Мен де, Базаркүл де әлі жаспыз.
Әзірге ол ештеңе білмей, мен өлең жазып жүре беруіміз керек.
Дәл бірінші тоқсан аяқталған күні Шәкен келді арбамен. Жездем мен әпкем: "Ұлы Октябрь мерекесі күндері аз да болса, аунап-қунап қайтсын, алып кел," — деп жіберіпті.
Біз дереу жиналып, арбаға міндік.
Шәкен, әлбетте, біздің ауылға асығып отырғанымызды жақсы біледі, аттарды сар желдіріп келеді.
Кербұлаққа Далауыздан кірдік.
Арба дөңгелегі жұмсақ сазға тиген соң, қаңғырлап-саңғырлағанды қойды. Екі ат желдей есіп желіп, арба жеңіл зулайды.
– Шәкен, ауылдың әңгімесін айтпайсың ба, жол қысқарсын, — деді апам.
– Не айтам, қазір барғанда көресіздер бәрін.
– Қарауыз неғып жүр?
– Қарауыз сені сағынып жүр.
– Сағынса, ертіп келмедің бе?
– Ол — пәле, арбаға ілеспейді. Біздің арбамен аңға шықпайтынымызды біледі.
– Қарауыз — сондай, ақылды.
– Апа, Базаркүл тұрмысқа шығатын болды.
Біреу төбемнен суық су құйып жібергендей, денем дір ете қалды.
Апам да шошып кетті:
– Қойшы, құрысын!
– Рас. Құтым апай Базаркүлді төркіні жағына ұзатқалы жатыр.
Апам біраз ойланып отырып барып, Шәкенге қарап сөйледі:
– Бір жағынан ол да дұрыс. Базаркүл Алданыштан бір ай бұрын ақпанда туған, он алтыда. Құтым бейшараны енді оқыта алмайды, қолы қысқа. Не оқу жоқ, не жұмыс жоқ, үйде қарап отыру қыз балаға жараспайды, орнын тапқаны жөн.
– Солай болатын болды.
– Тағы не әңгіме бар?
– Колхоз Қарауылтөбеден штаб ашып жатыр.
– Ол не пәле?
– Пәле емес, штаб. Штабта бастауыш мектеп, клуб, емхана, магазин — бәрі болады, — дейді. Біраз ел көшіп келетін көрінеді.
– Оныңды штаб емес, береке десеңші. Кербұлақ — ешқашан иесіз қалмайды. Бұл әуел бастан түгін тартсаң, майы шығатын, құт-береке дарыған жер. Кербұлаққа әлі-ақ оралады көшкен жұрт.
– Апа-ау, адамдардың өзіне салса, бүгін-ақ көшіп келуге бар. Оған өкімет жібере ме, бәрін колхоздың қызылшасына салып қойған.
– Сол колхозыңның бар малы мен бүкіл ақ егісі осы Кербұлақ өңірінде емес пе. Мал баққан, егін өсірген ел үзілмейді Кербұлақтан.
– Рас айтасыз. Кербұлақ — бай өлке.
Менің құлағыма мына әңгіменің бірі кірді, бірі кірген жоқ.
Әлде аяныш, әлде өкініш еңсемді езіп егілтеді. Үйге кіргенде сүлесоқ күйде едім. Себебін бәрі сезетін сияқты.
Біздің келгеніміздің абыр-дабыры басылған соң далаға шығып, тасалау жерде Құтым апайдың үй жағына қарап біраз тұрдым. Есіктерінің алдында Базаркүл жүр тынбай қимылдап. Біздің үй жаққа қарап-қарап қояды. Мені күтеді-ау!
Әй-шайға қарамай, Базаркүлдің үйіне қарай тартып отырдым.
Базаркүл табаға нан салып көріп отыр екен, мен жақындай бергенімде орнынан үшып тұрды.
– О-о, Әлдеш! — деп қуанып қалды.
Ізінше менің өрт өшіргендей түрімді көріп, екі бетінің ұшы қып-қызыл болып кетті.
– Базаркүл, сен айтшы, мені сағындың ба?
– Сағындым.
– Қайда-ан!
– Неге олай дейсің?
– Сағынсаң, неге құда түскізесің?
Базаркүл үндей алмай қалды. Басын төмен салды, қос танауы қусырылып барады.
– Саған құда түскені шын ба, Базаркүл?
– Шын. Сөйтгі.
– Неге?
– Алданыш, сүт көп, көмір аз.
Мына мәтелді Базаркүл нені мегзеп айтып тұр, қапелімде біле алмай дал болдым.
Есік сықырлап, ашылуға айналды. Мен аяғымды тез-тез басып үйді айнала бердім.
Құтым апайдың қарлығыңқы даусы шықты:
– Базаркүл, бұл кім?
– Вова ғой.
– Ол жынды не іздеп жүр мұнда?
– Жынды! Мені іздеп келіпті.
– Ол сені қайтеді? Сені енді ешкім іздемей-ақ қойсын.
– Апа!..
– Тоқтат сөзді! Сенің теңің бұл ауылдың баласы емес, Қайрат.
– Ой, сіз...
– Жә-жә, көбейтпе сөзді.
– Апа, сүт көп, көмір аз.
Апыр-ау, мына Базаркүл нені жұмбақтап айта береді, түсінсем, бұйырмасын. Тоқта-тоқта, өз жайын сүтке, қолынан келерін көмірге балап айтады ол бұл сөзді. Шарасыз күй кешіп тұр, Базаркүл!..
Алқымыма өксік тығылды.
Мен үй тасасымен алыстап кете бардым.
Шоқпарға келген соң көп ұзамай естідім, Базаркүл шешесінің төркініне — Қордай жаққа ұзатылып кетіпті.
Базаркүлмен қайтып кездескен емеспін.
Сарғайған қойын дәптерімде Шоқпарда оқып жүргенімде Базаркүлге арнап жазған төрт өлеңім бар. Соларды кейде бір оқып қоямын, балалықтың белгісі ғой, ыстық.
Балалық- ау, балалық!..
Кетермісің естен.
Соңы
Достарыңызбен бөлісу: |