Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Қалдыбаев Ә. Қ- 24 Мен апамның баласымын / Роман. Астана: Фолиант



бет11/13
Дата20.06.2018
өлшемі0,59 Mb.
#43780
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
екен, ертеңіне боран басылып, жұрт аяғы қыбырлай бастайды. Осы тұстан шанамен өтіп бара жатқан Төлеуіш аға үресін қар үстінде қаңтарулы тұрған боз биені көріп қалады. "Ойбай, жездем жазым болып жүрмесін!" — деп үлгергенше қар астынан әкем сопаң етіп шыға келеді.

Мынау — дәл сол көрініс.

Қазір қар астынан сұр аттың иесі сопаң етіп шыға келер.

Мен сұр аттың жанына жақындадым. Сұр ат басын жерден алмаған күйі қозғалған болды, шылбыры жібермеді.

Кенет сұр ат маған таныс жылқы сияқтанды. Ия, соның өзі — Вова менімен жарысатын сұр құнан. Жамбас торыға жеткізбей діңкелеткен серейген сұр құнан жұмыр жон, оқтаудай жараған дөнен айғыр болыпты. Аш, көзі кіртиіп кеткен. Есті жануар менен бір көмек күтіп оқыранды.

Аттан түсіп, сұр дөненнің шылбырын қос қолыммен ұстап, шірене тарттым. Алдымен шылбырды мықтап ұстаған қол шошаң ете қалды, ізінше қар бетіндегі қатқақ быт-шыт жарылып, астынан бір адам сүмірейіп тұрып жатты.

Алғаш қорқып қалып едім, оным бекер екен, қар астынан шыққан адам маған көзінің қиығын бір тастады да әрі қарап үстін үнсіз қаға бастады.

Не деп тіл қатарымды білмей тұрмын.

Қар астынан шыққан адам гүр ете қалды:

– Әй, бала, бұл қай жер?

– Кербұлақ Әбиірбай сайы.

– Мен мұнда қайдан келіп қалдым?

– Қайдам?

– Мына сұр ит ығып әкелген ғой. Бала, ана қоржынның сол жақ басында арақ бар, бір бөтелкесін әперші маған.

Қоржынның сол жақ басына қолымды салдым. Қолым бөтелкеге тиді, көп сияқты, біреуін суырып алдым.

– Бол, әкел бері!

– Ағай, сізді мұнда әкелген сұр дөнен емес, арақ-ау деймін.

– Ия, арақ Мас боп қалыппын.

– Онда ішпеңіз, тағы мас боласыз.

– Әй, бала, үлкенге ақыл айтатын сен кім едің сонша! Былжырамай тез соз андағы арақ ұстаған қолыңды бермен қарай!

Арақты бермесем, болатын емес, ала көзімен атып тұр. Енді сәл қитықсам, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығатын.

– Мә. Аз ішіңіз.

Қолы қалтырап тұр екен, сонда да бөтелкені шап беріп ұстап, басын дереу аузына апарып, тығынын тістеп жұлып алып, түкіріп жіберді. Іле арақты қылқылдатып жұтып жатты. "Апырау, бөтелкенің аузын қалайша тез ашты?" — дей бергенімше ішіндегі арақты ішіп бітіп, бөтелкені лақтырып жіберді.

– Әй, жүгермек Аңырақай қай жақта?

– Ана солтүстік жақта.

– Сен кімнің баласысың өзі, тап-тұйнақтай екенсің.

– Ыдырыстың баласымын.

–Кербұлақтың басында Ыдырыс деген адам жоқ күнту Қалқабай деген диірменші-ұста бар еді ғой. Диірменіне ұн тартқызуға талай барғанмын. Қалқабай кейінгі кезде жылқы бағатын сияқты еді ғой, тоқташы-тоқташы, мен сені бұрын көрген сияқтымын.

– Ия, көргенсіз. Мен де сізді көргенмін. Сіз – теміржолшысыз. Мына атыңызды — сұр құнан, жоқ сұр дөненді де танимын.

– Қайдан танисың?

– Мен жазында осымен жарысамын деп аяғымды сындырып алғанмын.

– Е-е, бәсе, Қалқабайдың баласы екенсің ғой. Бірден солай демейсің бе, әлдеқашан бас сүйегі қурап қалған Ыдырысты айтқанша.

– Сіз олай демеңіз, Ыдырыс — менің атам.

– Шамшылын қарай көр мұның. Ия, Ыдырыс – атаң, нағашы атаң.

– Сіз оны қайдан білесіз?

– Мен бәрін білемін.Түбім – осы ауыл барлыбаймын. Ана Әбиірбайдың қорасы–менің ата қонысым. Мен – Әбиірбайдың немересі Әліпбаймын. Әй Әміржан әкпемнің баласы – жиен, тарт сұр дөненді көлденең мінейін де Аңырақайды бетке алайын.

– Қойыңыз,сіз жете алмайсыз Аңырақайға.

– Неге?

– Сіз массыз.



– Тапқан екенсің бір бөтелкеге мас болатын адамды. Мен мас болу үшін бір бөтелке емес,бір қоржын арақ керек. Арақ! Қарашы, бар ма екен қоржында?

– Жоқ


– Әй, сен не, "Байдың малын байғұс қызғаныптының" кебін жасап?

Бағанадан бері бір орнында қозғалмай сөйлеп тұрған Әліпбай ағай атына қарай жүрмек болып еді, тәлтіректеп кетті. Ой, мынау қайтеді-ей?! Атаңа нәлет арақ бұл сөйтеді енді, алдымен буынды алады, содан соң тілден қалдырады, ақырында естен тандырып алып ұрады.

Әліпбай ағай осы сөздерді айтып болғанша буыны құрып, тілден қалып, естен танып бітті. Тәлтіректеп барып қалың қарға етпетінен құлады. Оң жамбасына қисайған, қор етіп ұйықтап кетті.

Не істеу керек?

Дал болдым.

Шылбырдан қатып ұстап Әліпбай ағай жатыр ес-түссіз, сұр дөнен тұр сүмірейіп. Кәдімгі үйреншікті тірліктері сияқты.

Екеуіне кезек-кезек қараймын. Елсіз-күнсіз айдалада, қар үстінде қаннен-қаперсіз жатқан адамды қалай тастап кетпекпін?

Басын көтермек болып әрекеттеніп едім, болмады, қатты ұйықтап кеткен, денесі — былқ-сылқ.

– Алданыш, неғып тұрсың? Андағы кім?

– Қалай келіп қалғанын аңғармаппын, Мұхтар ағай ақ жал атының үстінде бізге төніп тұр.

– Әліпбай деген кісі. Қар астында ұйықтап жатыр екен, жаңа шықты.

– Алда ақымақ-ай, а! Арақ деген пәле — осы, адамды жолдан шығарады. Мұны қайттік енді? Қой, тұрмайық мен Әліпбайды өңгерейін, сен аттан түс, екі қолын маған әпер.

Мен Мұхтар ағайдың айтқанын істедім, аттан түсіп Әліпбай ағайдың екі қолынан ұстап, жоғары шошайттым. Мұхтар ағай керемет қарулы адам ғой, Әліпбай ағайдың екі білегінен ұстап, лып дегізіп алдына бір-ақ салды.

– Ал, Алданыш, сен шаруаңнан қалма, жылқыңды түгелде. Сендей баласы бар Қалекең — бақытты. Мені айтсаңшы... Мен Әліпбайды үйге – жылы жерге апарайын. Айтпақшы, біз отырған үй – Әліпбайдың атасының үйі. Мұның сол үйде тууы да мүмкін. Сол үйден жазылып шығады бұл енді, — деп Мұхтар ағай ауылын көздеді.

Қырға шықтым. Төмен қарадым.

Әліпбайды өңгеріп, сұр дөненді жетектеп алған Мұхтар ағай бірталай жер ұзап қалыпты. Ақ жал ат та, сұр дөнен де бастарын төмен салып ілбіп барады. Кеудемді әлде қандай аяныш кесіп өтті. Кімді аяймын, баласы жоқ Мұхтар ағайды ма, жоқ араққа мас болып ес-түсінен айырылған Әліпбай теміржолшыны ма, білмеймін, әйтеуір мәре-сәре болып біраз тұрып қалдым.

Бурыл атты тебіндім, жылқыны ертерек түгелдеу керек.

Үкінің шоқысына шыққанша осы жақта жайылатын жылқыны санап отырдым. Жиырма ат, он жекеменшік биелер мен тай-байталдар.

Шаруаны бітіріп, көңілді демдеп алып, қайтып келемін. Әжінің қорасының артындағы қыратта жездеме ұшырастым.

– Жылқың түгел ме екен? — болды жездемнің алғашқы сөзі.

– Түгел. Сізге айтатын бір әңгіме бар.

– Ия, айта ғой.

Мен болған жайды асықпай айтып шықтым.

– Солай. Мұхтар өте дұрыс айтқан, арақ — адамды аздыратын пәле. Сен әлі-ақ жігіт боласың, заманыңның асы осы болған соң қайда барасың, ішесің. Сонда осы көргенің, Мұхтар төре екеуміздің айтқанымыз есіңде жүрсін.

– Жоқ мен ішпеймін.

– Іше-е-сің. Ақылыңды ішпесең болыпты, әйтеуір.

– Сөйтемін.

Осылайша ақ қар, көк мұз айдалада менің алдағы күніме бағытталған бір түйін жасалып еді.

Қысқы каникулға балалар келгенде мен қолыма таяқ ұстағаным болмаса, көп кемдік көрмейтін дәрежеге жеткенмін.

Мен оқуға бармақ болдым. Үлкендер бұл мәселе жөнінде екі ұдай болып бөлінді.

Жездем айтты:

– Аяғың әбден жазылғанша оқуды қоя тұр.

Апам айтты:

– Сөйт, балам. Оқу табылады, денсаулық табылмайды.

Әпкем айтты:

– Барсын. Бала қатарынан қалып қояды.

"Қатарынан қалып қойды" — деген қандай ауыр сөз еді, жездем де, апам да үндей алмай қалды.

– Ия, мен оқимын, ешкімнен қалмаймын.

– Мейлің, оқығын. Біздікі аяғың тағы ауырып қалып жүре ме дегендік қой,- деп алдымен апам ыңғайға жығылды.

– Бар, бара ғой. Аяғыңды абайлап жүрерсің, - деп жездем де көнді.

Мені Шоқпарға шанамен Шәкен алып жүрді. Бұл бір аттық шананы жездем талдан шапқан. Бүкіл Кербұлақ өзеніндегі шана жалғыз осы ғана. Тау елінің көлігі – ат, түйе. Қарды қақ жарып жатқан жол – жалғызаяқ. Қыстай шанаға жегіп шөп тасып жүрген, аузынан жем үзіліп көрмеген қара айғыр қан сорпа болды. Сонда да астаудай сауыры бұлт-бұлт етіп бүкектеп желді де отырды. Шана қатты қардың үстіне келгенде жеңіл сырғи жөнеліп, жұмсақ қарды таспадай тіледі.

Шоқпарға сәске түсте жеттік.

Әбдірахман атайдың үйіне әкелген сәлем-сауқатты түсірдік.

Әбдірахман атай да, Адас апай да кәдімгідей қауқылдап қалды.

Бабахан мен Күләш оқуда екен.

Оқу деген сөзді естігеннен жүрегім зірк ете қалды. Мектепке мені кім ертіп апарады? Директор оқуға қабылдар ма екен? Осы тәрізді сұрақтар сансыратып барады.

Шәкен мектепке дейін ертіп келді де әрі қарай баруға жүрексінді.

– Енді өзің бар, — деп қарап тұр.

– Неге? Мені директорға ертіп кір, айт: "Оқуға алыңыз", — деп.

– Ой, құрысын. Ұрсып жүрсе, қайтемін?

Шәкен өзі бармағаны былай тұрсын, екі ортада менің кеудеме қорқыныш ұялатты. Үлкен үмітпен келіп едім, демнің арасында жігерім құм болды.

Мектеп директорының есігін қаққанымда мен сенім атаулыдан айрылып біткенмін.

– Да, – деді әріден.

Есікті жасқана ашып, ішке ендім. Төрдегі қызыл мата жабылған стол басында қалың қара шашын кейін қайырған толық жазық маңдайы жарқыраған, қабағы қалың сұсты адам отырды.

– Кел. Иә, неғып жүрген баласың?

– Ағай, мен — сіздердің оқушыларыңызбын.

– Оқушымыз болсаң, бар, оқы.

Қуанып кеттім, тез бұрылып есікті көздедім.

– Әй, бала, тоқташы!

Төбеме біреу су құйып жібергендей болды, кілт тоқтадым.

– Сен, бала, тоқташы. Қайдан келіп, қайдан тұрған оқушысың өзің?

– Ауылдан келдім.

– Ауылдан екеніңді түрің айтып тұр, қаланың баласы сендей болмайды.

– Ағай, мен жетінші класта оқуым керек еді, аяғым сынып...

Директор дүр сілкінді.

– Е-е, әлгі күзінде ауданға есеп бергенде еш құжатың жоқ әбден қорлық көрсеткен қу сен екенсің ғой.

– Ағай, мен қу емеспін, озат..

– Тоқта, білемін. Қайбір озатпын дейсің. Фамилияң қалай еді сенің?

– Ыдырысов.

– Ыдырысов, сенің шаруаң біткен, есеп өтіп кеткен. Күзде кел.

– Ағай, мен қазір оқысам деп едім.

– Жоқ оқымайсың. Үлгере алмай, мектепті артқа тартасың.

– Ағай, үлгеремін. Мен — озат оқушымын.

– Бала, сен өзі маған ұнап бара жатырсың, бірақ айттым ғой, күзде кел. Оқуға аламыз ба, жоқ па, сонда сөйлесеміз.

Шошып кеттім, қазір алмаса, алмасын, күзде алсын.

– Ағай, жарайды, күзде келейін, алыңызшы.

– Міне, мұның дұрыс енді. Сен шынымен тәуір оқушы боларсың тегі. Келістік. Күзде кел де, ың-шыңсыз жетінші кластың партасына отырғын. Ыдырысов, сен жетінші емес, одан жоғарғы класта оқитын, ересек тартып қалған балаға ұқсайды екенсің.

– Оныңыз рас, ағай. Мен оқуға сегіз жасымда барғанмын.

– Бәсе. Бара ғой, ендеше.

– Сау болыңыз, ағай!

– Сау бол!

Мен директордың кабинетінен басым салбырап, жүдеп-жадап шықтым.

Шәкен менің бұл халімді бірден байқады.

– Не, алмай қойды ма?

– Алмай қойды.

– Мейлі, күзде келесің.

– Директор да солай деді.

– Бәсе. Босқа әуре болмай, күзде бір-ақ келу керек еді.

– Жездем келгенде алатын еді.

– Қалалықпа?

– Айтып түсіндіретін еді жағдайды.

– Заңы солай болса, қайтіп айтады?

– Үлкендер біледі қайтіп айтуды.

– Мейлі, бір жыл оқымай қалған екенсің, онда тұрған не бар?

Екеуміз енді үн-түнсіз Әбдірахман атайдың үйіне қарай тарттық.

"Әй, Шәкен-ай, онда тұрған көп нәрсе бар. Сен оқудың не екенін білмейсің ғой. Бастауыш класты бітірдің де, колхоздың шаруасына араластың да кеттің. Оқу — балалардың жарысы. Жолдастарым озып кететін болды енді менен. Күзде мен жетіншіге келгенде олар Шуда оқып жүреді. Теміржолдың балалары Шу қаласындағы мектеп-интернатқа барады, мен сияқты колхоз балаларының қайсысының қайда оқитынын бір құдайдың өзі біледі. Мен бірге оқыған достарымнан көз жазып қаламын! Қайтемін, көнемін!"

Біз салымыз суға кетіп үйіне келгенде Әбдірахман атай:

– Сен келгенде қатты қуанып қалып едім. Қыстай кітап оқытып, рахатқа батам ғой деп ем, қап! — деп көкірегі қарс айрылды.

Біраз ойланып қалды да:

– Қой, мен барайын, директорға айтайын, — деп орнынан тұрмақ болды.

Адас апай шар ете қалды:

– Қой, әрі, тыныш отыр! Директор сені қайтсін?

– Қайткені қалай? Айтам: "Алданышты оқуға ал", —деп.

– Алмайды ол. Өзі бір дөрекі адам көрінеді, сөзі тиіп жүрер.

Әбдірахман атай өзіне де, маған да басу айтты:

– Солай, ожар дейді осы директорды жұрт. Бірдеңе деп жүрсе, жарамас. Алданыш, күзде кел оқуға. Оған дейін мен жақсы кітап қолға тисе, сақтап қоямын.

– Мейлі, сөйтемін.

Әбдірахман атай — кітап сөзін тыңдаудан жалықпайтын адам.

Адас апай шай қамына кірісті.

Әбдірахман атай Абай домбыра деп аталатын шағын домбырасын қолға алып, үн-түнсіз отырып шерте бастады. Сарнамай, тұншықпай шыққан қоңыр үн жанға мұң ба, сағыныш па, аңсау ма, жайлы бір сезім ұялатады.

Күй аяқталды. Әбдірахман атайдың екі көзі жасаурап қалған ба, қалай? Бұл күй емес, ұзақ сарын тегі. Мәселе атында емес, затында, көңіл қылын шерткен сазды әуезде. Мұндай аты жоқ саз халықта өте көп, оларды тартып отыратын домбырашылар да аз емес. Солардың бірі — Әбдірахман атай.

Кітапқұмарлығы да ерекше бұл кісінің.

– Шіркін, Абай адамзаттың асылы ғой. Абайды осыншама келістіріп жазған Мұхтар Әуезовты айтсаңшы, данышпан-ақ екен! — деп таңданғаны бар бірде Әбдірахман атайдың.

Сонда менің жүрегіме әдемі бір сезім құйылған. Өмірі мынандай үлкен кітапқа арқау болған ақын Абайды керемет жақсы көріп кеттім. Абайдай болсам, шіркін! — деген бір арман ұялады кеудеме.

Әбдірахман атай әуелім мені ойынға жібермей оқытатын болды кітапты.

Әлібек ойнауға келген, Әбдірахман атай қадала кетті:

– Әй, Оңғарбай тәтемнің баласы, немене, Алданышты ойынға шақырып келдің бе?

Әлібек сасып қалып жалтарды:

– Жәй, әншейін.

– Ой, жолың болғыр, өтірігіңе болайын! Бала жәй жүрмейді. Бар, өзің ойнай бер. Алданыш маған кітап оқып береді. Құр тентіреп сандала бергенше бір мезгіл кітап оқысаңдар қайтеді? Әй, балалар-ай, білмейсіңдер ғой, ақыл-білімнің бәрі — кітапта.

Қызық осы әңгімеден кейін Әлібек те бір мезгіл кітап бетін ашатын болды.

– Кітапты Алданыш құсап бір де бір бала оқи алмайды. Оларға оқытып кітапты қор қылғанша, екі қолымды алдыма салып қарап отырғаным жақсы.

Мен қысқы, көктемгі каникулға үйге кеткенде Әбдірахман атай осылай деп қолына тиген кітапты тығып қойып отыратын болған.

Міне, енді менің де, атайдың да жолымыз болмай, ауылға қайтып барамын.

Түрлі ой буып тұншығып келемін.

Соншама арман болып, сеніммен күтіп жүрген оқу Шоқпар станциясымен бірге алыстай берді. Шоқпардан ұзаған сайын өкініш ішімді күйдіріп, еңсемді езіп барады.

Менің оқуға мерзімінен кешігіп барғаным жалғыз бұл емес.

Үшінші, төртінші кластарды да жартылай оқығанмын.

"Кербұлақ", "Қарауылтөбе" колхоздары Шу бойына көшіріліп, тауда қалған бірен-саран үйдің, малшылардың балалары қайда оқырымызды білмей сандалып қалғанбыз. Жездем оқуға әне апарамын-міне апараммен жүріп қыркүйек айының орта шенінде барып әкеліп Жақып төренің үйіне жатқызып еді.

Ол оқудан Бейсебек ағайдың балдызының қоқан лоққысынан қорқып қалай қашып кеткенімді ілгеріде жазғанмын, білесіңдер. Содан жездем қысқы каникулдан соң Қордайдың Көкқайнарындағы Бүбісара әпкемнің үйіне апарған, еш қиындық көрмей оқып кете бердім.

Ал, төртінші класқа барар кезде таудың балаларына мектеп ашты.

Мұғаліміміз Керейқұлов деген жас жігіт. Біз, тау балалары, мектеп ашылатыны жайлы ерте құлағдар болғанбыз.

Бірінші қыркүйек күні оншақты бала жиналдық. Мектеп — Атабек төренің үйі.

Үй есік-терезеден ада, аңғал-саңғал.

Ағай Кербұлақ өңіріндегі малшылардың бастауыш кластарының балаларын сазға алқа-қотан отырғызып, бір ескі есікті тасқа сүйеп тақта қылып, бес-алты күн оқытты да жоқ болды. Естуімізше, үйленіпті. Әне келеді-міне келедімен бір ай өтті, екі ай өтті, ағай келмеді.

Кербұлақтың жыра-жырасына кіріп кеткен балалар қайтып жиналған жоқ.

Ел енді мектебі бар жердегі ағайын-туғанын, жекжат-жұратын іздей бастады.

Біздің баратын жеріміз — Көкқайнардағы Бүбісара әпкемнің үйі.

Жездем мені апаруды кешіктіре берді.

– Бажам — селсебет, қашан барсақта алдырады оқуға. Қысқы кәнікүлден кейін бір-ақ апарамын. Ештеңе жоқ оқып кетесің, – деп қойды жездем маған.

Шынында да сөйтті, қыс ортасында бір-ақ апарды мені оқуға. Ал, мен үлгермек түгілі төртінші класты мақтау грамотасымен бітірдім.

Жезде, бүгін де ерінбей, өзің алып келіп, директормен сөйлесіп, оқуға алғызғаныңда арғы жағын өзім көретін едім ғой. Ешкімнен кем оқымайтын едім.

Жезде, Әлібектер менен озып кететін болды, олар биыл жетінші класты бітіреді! Әне, осылай болды.

Мен егіліп келемін. Қайта-қайта мөлт етіп көзімнен ыстық жас үзіліп түседі. Шәкен бәрін біліп келеді, бірақ үндемейді. Шіркін, қазір астымда бурыл ат болар ма еді, болса, басын ауылға дейін қоя беріп, бара апамның қолтығына басымды тығып өкіріп жылар едім.

Қара айғыр қара шананы асықпай сүйрейді. Біз қайтарда Қызылқора арқылы жүргенбіз. Шәкен бұл жол ашық деген. Өкінішке орай, олай болмай шықты. Шана қалың қарды тіліп келеді. Қара айғыр қара терге түсіп, қамшының күшімен жүретін болды.

– Ойбай, мынау болдыратын болды, — деді Шәкен біз Әулиеқорадан өте бергенде.

– Онда қайттік?

–Алпысбайдағы Бижан қойшының үйіне жетсек болды, қара айғырды шалдырып аламыз. Басын біраз шөпке қойып, суарып, бір атдорба жем жегізсек, бұл ауылға дейін ойнақтап отыратын болады.

Алпысбай қорасын қыстап отырған Бижан қойшы – Шәкен екеумізге нағашы болып келеді, әпкемнің жақын аталасы.

Нағашымыздың сақау әйелі Күлімхан апай – сұмдық ақкөңіл адам, бізді көрген бойда кәдімгі бір төркіні келгендей құрақ ұшты:

– І-ій, айналайындай-ай, келіңдей-келіңдей. Тоңып калыпсыңдай ғой. Жиен (Шәкен), жеңешем (апам), қыз (әпкем), күйеу (жездем) аман-есен бе? Мынау аяғы сынған қайным екен ғой. Алда айналайын-ай, а, биаз қойлық көйген екенсің де. Аяғың жазылды ма енді, әке?

– Жазылды.

– Жақсы бопты. Ал, енді қайдан келесіңдей?

– Шоқпардан. Алданышты оқуға апарып едім, алмай қойды.

– Онысы несі?

– Білмеймін. Күзде кел деп жіберді.

– Мұғалімдей де қызық екен. Неге алмайды. Жақсы оқиды деуші еді ғой бұл қайнымды, алмай ма?

Күлімхан апайдың сөзі жүйке-жүйкемді босатты. Шын пейілмен айтылған сөз жабырқау көңілдің ең нәзік қылына тиеді.

Шәкен қара айғырды шанадан шығарып, жем-су беруге кірісті.

Күлімхан апай демнің арасында шай жасап, айтқанымызға көнбей, қазан көтерді.

– Түстеніп кетіңдей, балалай. "Үлкеннің мыңына бейгенше, баланың биіне бей", — деген бұйынғылай. Сүй ет би қайнаса, піседі. Асықпаңдай, байайсындай. Аттайың да тыңайып алсын.

Осыншама аңқылдақ ақкөңіл адамның айтқанын орындамау мүмкін емес еді.

Шәкенді қайдам, бұл менің өмірімде өзіме әдейі арналып асылған алғашқы түстік болатын, соны жеп жолға шықтық.

Күлімхан апайдың кең пейілі барлық қайғы-мұңымды ұмыттырып жіберіп еді, былай шыға бере қайта қозды.

Шана есіктің алдына келіп тоқтағанда мен жылап отырғанмын. Үйге кірген бойда еңіреп барып, төрге ұзынымнан түстім.

Үй іші болған жайды бірден түсінді.

– Не, алмады ма? — деді апам сонда да.

– Алмады.

– Шәкен, бір жері ауырғаннан аман ба өзі мына баланың?

– Аман.


Мен солқ етіп өксіп кеттім.

Апам мен әпкем жездемнің миын жеуге кірісті.

– Біліп ем ғой осылай боларын. Баланың сағын сындырып...

– Өзің апар десе, болмадың.

– Бұл осы ғой, осы. Қашан болсын, құдай кежегесінен кейін тартады да тұрады.

– Ия, еріншектік жетеді біздің түбімізге.

– Қара енді, баланың жер болып қайтқанын көрмейсің бе...

– Директор баланың сөзін қайтсін? Өзің барсаң ғой, үлкен деген атың бар, директор ең болмаса, оң жауабын айтар еді ғой.

– Бәсе, десеңші!..

Апам мен әпкемнің мына шайпау сөздері жездем тұрмақ менің сай-сүйегімді сырқыратты.

Жездем сонда да үндемеді. Сонысы жақсы, әйтпесе, бір көтерілсе, қиын.

– Әлдеш, тұр! — деді бір уақытта. — Әлдекім құсап жасымсығаның нең? Ер жігіт жылай ма екен? Оқисың әлі-ақ. Үстімдегі жалғыз көйлегімді сатсам да оқытамын мен сені.

– Мен енді оқымаймын. Жезде, сен сияқты ұста боламын.

– Міне, жігіт! Төрт мүшесі түгел адамның айтатын сөзі — осы болуға керек. Жаның тірі болса, бәрін көресің әлі-ақ. Оқушы бол, ұста бол, бәрінен бұрын аман бол, адам бол!

Үй ішінің көңілі орнына түсті. Апам мен әпкем бос сөзді қойды. Екеуінің шыж-быж болып жатқаны мен үшін, әрине. Мен сергіген соң, олар жадырап сала берді.

– Әлдеш, әлі оқыған зиялы адам болады, — деді апам.

– Кім болса, ол болсын, аман болсыншы, — деді әпкем.

Өстіп менің оқуды бір жыл доғара тұруыма бәріміз көндік. Көнбегенде қайтеміз, амал қайсы?

Мен ертеңіне жездеммен бірге жылқыға қайта шықтым.

Біз аттарды жинап түгелдеген соң жездем:

– Әлдеш, сен үйге қайт. Мен көк биелерді бір көздеп қайтайын, — деді.

Жездемнің "көк биелер" деп отырғаны — ішінде біздің күзде Бүбісара әпкеме берген боз биенің орнын басқан көк биеміз бар біраз жекеменшік жылқы. Олар өзінше бір үйір болып, саяқаттардан бөлек жайылады. Аттардың ішінде бір күрең айғыр бар, биелерді сол иемденіп, Үкінің қорасы жаққа айдап әкеткен. Жездем анда-санда барып көріп қояды. Мен үйге бесін әлетінде келдім.

Жездем кешікті. Күн батып, ымырт жабылды, жездем жоқ. Шам жағылып, ел орынға отырды, жездем жоқ.

Бәріміз мазасыздана бастадық.

– Апыр-ау, бұл Қалқабай қайда жүр? — деп қойды апам.

– Келеді де, — деді әпкем.

Деуін деді, бірақ үнінде мазасыздану бар еді.

Кешкі ас пісті, әпкем жездемді күтіп, қазанды түсірер болмады.

Біздің көзімізге ұйқы тығыла бастады.

Қара қаншық шәу етіп үрді.

Ізінше атты адамның келіп түсіп жатқан тықыры білінді.

– Шәкен, далаға шықшы, папаң келді-ау деймін, — деді әпкем.

Шәкен орнынан тұрғанша сыртқы есік, сосын бергі есік ашылып, үйге бір қап аяз бұрқ етіп кірді.

Бәріміз елеңдей қалдық. Дүниедегі ең жақын жолаушының келуі, оның үстіне оның зарықтырып келуі кімді бей-жай қалдырсын.

Жездемнің жүзі пәс. Біз бір жайсыздықтың болғанын тез ұқтық бірақ ешкім тіс жарып ештеңе сұрамады.

Жездем шешінді, маған су құйғызып беті-қолын шайды. Дастархан басына келіп отырды.

– Қара тайды ұрлап кетіпті.

Апам жездемнің сөзін шорт үзді.

– Қай қара тай?

Әпкем шошып кетті.

– Құтымның қара тайы болып жүрмесін!

– Ия, Құтымның қара тайы қолды болды. Екі атты адам алыпты. Тайды бірінің жетектеп, бірінің артынан айдаған ізі сайрап жатыр.

Апамның жүрегі қарс айырылды.

– Ойбұй, сорлатқан екен ғой Құтым сорлыны! Қандай иттің балалары болды екен?

Әпкем адамгершілік тұрғыда сөз айтты:

– Құтымға қиянат жасаған бұл маңның адамы емес шығар. Тегі бір пір атып кеткен болмаса, шиеттей жан, шикі өкпелерді аяр еді ғой.

– Мүмкін. Майтының жайлауына дейін із әр жерден бір көрініп қалып отырды, әрі қарай түн болып кетіп, ізден айырылып қалдым.

– Біткен екен шаруасы. Майтының жайлауынан әрі асса, шығандап кеткен екен.

– Кім білген, ертең тағы бір байқап көремін. Қарауыз ізді алатын сияқты, бір жайлы қылармыз деймін.

– Апыр-ау, мұны енді қайтіп айтамыз Құтымға?

– Ия, маған да сол қайғы болып тұр.

– Сенбейді ғой енді ол жазған!

– Сенен көретін болды.

– Көрсін, қайтеміз, айтамыз. Шәкен, Алданыш, барыңдар, Құтым апаларыңды ертіп келіңдер.

– Қой, осы жеті қараңғы түнде ме? — деді әпкем.

– Ия.


Әкеміздің айтқаны — бізге заң. Шәкен екеуміз киіне бастадық. Бізде қайбір керіліп-созылып киініп жататын киім бар, күпәйкемізді иығымызға іліп, басымызды тымағымызға сұғып, аяғымызды етігімізге сүңгітсек, болғаны. Сол аз ғана тірлікті атқарғанша менің ойым сан саққа жүгіріп үлгерді. Жездемнің бізді Құтым апайға жұмсағанынан гөрі осы жеті қараңғы түнде қара тайды тауып келіңдер дегені жақсы еді.

Құтым апай біздің үйден әжептеуір жер жоғарыдағы Дәмбай атайдың ескі үйін иемденген.

Шәкен екеуміз далаға шықтық. Сүттей жарық ай сәулесі себелеп тұр.

– Не деп айтамыз? — деді Шәкен былай шыға бере.

– Біз ештеңе айтпаймыз, шақырамыз.

– Сол шақыру үшін бірдеңе деу керек қой.

– Қайдам, сен үлкенсің, сен айтасың.

– Сен мұндайда кіші бола қаласың, басқа уақытта жол бермейсің.

– Шәкен, ағатай, мен айта алмаймын, батылым бармайды.

– Менің де. Енді қайттік?

– Барамыз, айтамыз.

– Мақұл, сөйтпесек, болмайды.

Құтым апай — аурушаң адам. Шалы Жаманқұл төре қайтыс болып кеткен. Бұлар төрелер ауылының жұртында Шуға көшпей, жалғыз үй қалып қойған. Жалғыздық кімге жарасқан, алдыңғы жылы біздің үйді қара тұтып осында көшіп келген. Жамекеңнен қалған жатаған маңғұл күрең биесі, дәу қара сиыры бар. Күрең бие жазбай құлындап, қара сиыр жылда бұзаулап, шелек-шелек сүт береді. Шиеттей жан соны талшық етеді, күзгі жиын-терінде Жайсаңдағы қырман басына барып, анау-мынау жұмыс істеп, азын-аулақ азық жинап алады. Күрең биенің құлынын тайдан, қара сиырдың бұзауын танадан асырмай жұмсайды. Енді мына әдемі, шұжықтай семіз қара тайды малдану ойларында бар еді. Үнемі құлағын жымқырып, аяғын қиналып санап басатын күрең бие қартайған, қара тай орнын басар деп жүрген. Құтым апайдың бұл ойы орындалмайды енді. Қандай аянышты.

Құтым апай:

– Қара тайды үйретіп бер, — деп Шәкенге қолқа салып жүрген.

Үлкендігі биедей қара тайды үйрету оңайға соқпайтынын біліп, Шәкеннің мойны жар бермеген.

Сол қара тай қолды болыпты.

Біз Құтым апайдың үйіне жасқана ендік.

Терезесі бір елі қырау, жетілік кірәсін шамның алакеуім жарығы талмаусыраған үйде балаларының ортасында пеш түбінде Құтым апай ыңқылдап ауырып жатыр.

Мен әлі күнге осы кісінің сау жүргенін көрген емеспін. Жаманқұл төре барда шалына еркелейді дейтін ел, ендігісіне не жорық. Ең үлкені – Базаркүл менімен жасты, тағы екі қызы мен бір ұлы өзіне қарап қалған Құтым апайдың өтірік ауыратын жөні жоқ әрине. Төрт баланың қарнын ашырмай асырау, үстілеріне бірдеңе жапсыру керек. Рас, күрең бие мен қара сиырға қысқа арнап шөп дайындамайды, екеуі де аяғымен жайылады. Мұндай жалғызілікті адамды, бас иесіз үйді қинайтыны – отын. Ал, тауда қалған азын-аулақ үйге отын жинау еш қиындық туғызбайды.

Кербұлақ – берекелі, құйқалы өлке. Тау беткейлері қаптаған түп-түп ақтаспа, тобылғы, жыра-жыра қызыл мия, самсаған қурай, қолат-қолат жыпырлаған тезек. Әйелдер жалпылдақ отынды да, тезекті де алысқа бармай, ауыл маңынан-ақ ат-көпір қылып жинап алады. Сөйтеді де қыс бойы шетінен кертіп алып отқа жаға береді. Қой қоралардан ойылған сап-сары көң қандай қуатты. Қыстайғы қайрат қылар отын – сол.

Құтым апай үйінің тірлігі осындай ойларға жетелей берген.

Біздің келгенімізді аяғымыздың тықырынан біліп жатқан Құтым апай:

– Бұлар кім жеті қараңғы түнде түртінектеп жүрген? – деп кергіді теріс қарап жатқан күйі.

– Шәкен аға мен Алданыш аға ғой, — деді Медер.

– Бұлар не ғып жүр?

– Сізге келдік. Папам шақырып жатыр.

– Не боп қалыпты түн ішінде дірдектейтін?

– Сіздің қара тайыңыз жоғалыпты, соны айтамын, — дейді.

– Өзім де білгенмін жоғалатынын. Айта барыңдар, енді күрең биенің өзін де сойып жесін Қалқабай. О неменем ол, құртатын тайды құртып алып, мезгілсіз уақытта балаларын шұбыртып жібергені? Құдай бар болса, жазасын берсін Қалқабайдың! Мына шиеттей жан, шикі өкпелердің көз жасы ұрсын! Жамекеңнің аруағы атсын!

Құтымның мына сөзі біздің бетімізден осып-осып жібергендей болды. Үлкен адамға не деп болады, әйтпесе, өзім қатарлы бала осылай деп көрсінші, қолында өлейін.

Шәкен екеуміз Құтым апайдың үйінен жер болып шықтық.

Үйге жақындағанда Шәкен уайым қылды:

– Құтым апайдың сөзін қайтіп айтамыз папама?

Мені де осы ой қинап келе жатқан.

– Білмеймін.

– Онда айтпай-ақ қояйық.

– Неге, мен айтамын.

– Ия, айтамыз. Папам Құтым апайдың қарғысына лайықты адам емес.

Біз болған әңгімені айтқанда үй ішінде өлікті естірткендей тыныштық тұна қалды.

– Құтымның қасиетсіз адам екені бесенеден белгілі емес пе, неменеге түнере қалдыңдар! — деді апам.

– Әруағыңнан айналайын Жамекең төре: "Қалеке, қарайласа жүр!" — деп тапсырып еді өлерінде. "Жамеке, тірі кісі тірлігін істер. Ал, мен қолымнан келген көмегімді аямаспын”, — дегенмін. Мен сөзімде тұрдым, Құтымның біреуі екеу болсын, деумен келемін. Құтым сол қасиетімді білмеді. Атаңа нәлет қос қарақшы, осыдан таң атсын, апта іздермін, ай іздермін, жамандатқыр қара тайдың бір хабарын шығармай тынбаспын.

Әкем бұдан әрі сөйлей алмай, өндіршегі бүлкілдеп үнсіз отырып қалды.

– Сөйт, әйтпесе, Құтымды айтасың, бүкіл ел-жұрт сенен көріп жүрер.

Әпкем айтқан осы қауіп бәріміздің көкейімізді тесіп тұрған.

Әңгімеге нүктені әкемнің өзі қойды.

– Ел-жұрт Қалқабайдың ешкімнің ала жібін аттамайтынын біледі. Қалқабай екі қолы еңбегіне сенген адам. Әкем екі алақанын жайып бізге көрсетті. — Солай, балаларым, сендердің де еңбеккер болып өскендеріңді көргім келеді менің.

Шәкен екеуміз үнсіз келісіп тұрмыз.

Ертеңіне әкеміз жылқыны жинап, қоғамдап қайтуды Шәкен екеумізге тапсырды да өзі қарауызды ертіп алып атқа қонды.

Біздің үйдің іші түгел тілеуін тілеп қала бердік.

А, құдай, бар болсаң, көмектесе көр әкеме! Қара тай табылмаса, әкем намыстан бір кәдік болып жүрер! Құдайым, айналайын, өзің оңда!

Кешке қарай жылқыны түгелдеп болып келе жатып, анадайдан байқадық мама ағашта қарагермен бірге бір жылқы байлаулы тұр. Қарагер қатты жортуыл көріп, қан сорпа болған екен, ес жия алмай мүлгіп тұр. Жанындағы семіз торы биенің де шекесі қызбапты, үсті-басы ақ қырау.

"Не болды екен, қара тай табылды ма екен?" Күдік пен үміт қатарласып, кеудемді қысты. Шәкен де сондай күйде болды, әрине. Мұндайда адам аузына келіп тұрған сөзді айта алмайды, ең әдемісі — үнсіздік, әліптің артын бағу. Шәкен екеуміз үйге алабұртып кірдік. Үйдегілердің бәрі көңілді сияқты. Шәкен екеуміздің де бетімізге қан жүгірді.

Әкеміздің сыры маған жақсы мәлім, не бітіріп келгенін бірден айта қоймайды, ешкім оның алдын орамайды.

Шәкен де, мен де екіұдай мәре-сәре күйден жөнді арыла алмай, дастарханға құлықсыз жақындадық.

– Батырлар, қалай, жылқы аман ба екен? Неменеге ұнжырғаларың түсіп кеткен, бастарыңды көтеріңдер, қара тай табылды.

– Қайдан?

– Кім ұрлапты?

– Көпесбай.

– Қалай таптыңыз?

– Тапқан мен емес, қарауыз.

– Қалайша?

– Сендер келсін деп айтпай отыр едім, айтайын, шынымен, қарауыз тапты. Мен кеше қара тайды алғандардың ізін жоғалтқан жерге барып, қалай жүрерімді білмей, дал болып біраз тұрып қалдым, Қарауыз маған жалтақтап қарай берді. "Лашын, қара тай қайда? Түс ізіне!" —дедім қатты бұйырып. Сол сол-ақ екен, қарауыз қара тайдың ізіне тұмсығын тығып иіскелеп-иіскелеп алып, ілгері қарай бүгжеңдей жөнелгені. Содан қарауыз қар бетін тұмсығымен сызғандай болып тартты да отырды. Сездім, қарауыз ұрылардың ізінің сорабына түсті. Отыз үйдің өзеніне құлдағанда бұл ойымның дұрыстығына көзім кәміл жетті. Өзеннің екі жағындағы саздағы қарды жел жөнді суырмапты. Екі ұрының да, қара тайдың да іздері сайрап жатыр. Қарауыздың қара тұмсығы сол іздерге келіп тірелгенде пәленің қайдан келгені де анықтала бастап еді. Ұры Көпесбай болды деген бір сенімді ой мені қарауыздың алдына түсірердей етіп ентелетті. Бірақ қайда, алда әлі талай ойпаң, бел-белес жатты. Ұры Көпесбай болмай, басқа болса, қарауыздың алдына түсудің қажеті жоқ онда бүлдіремін. Ең жақсысы қарауыздың соңынан ілесу. Сонымен, қойшы, қарауыз адастырмай тура Көпесбайдың үйіне алып келді. Бұрынғы "Қарауылтөбе" колхозының бұл қияндағы қорасын бұрын көрген жоқ едім, бірақ Көпесбайды білемін.

Жуық маңда ел жоқ жұрт жоқ әбден еркінсіп кеткен Көпесбай бала-шағасымен жабылып әдеп қара тайды жәукемдеп жатыр екен, үстінен түстім.

Құдай адамның басына салмасын, жаңа ғана мәз-мейрам болып жатқан бір үйлі жанда үрей қалмады. Бәрі ұяттан өртеніп, күніміз енді не болар екен, деп үрпиіп тұр.

– Қалеке, аттан түсіңіз, әңгімелесейік. Болар іс болды, – деп мүләйімсіді Көпесбай.

Қаным қарайып кетті, қақ басқа қамшымен салып жібергім келіп бір тұрдым, әйелі мен балаларын аядым.

– Әй, Көпесбай, құдайдан қорықсаң не етті? Құтымның қара тайын ұрлағанша, менің көк биемді ұрласаң етті! Жамекең төренің әруағынан қорықсаң қайтеді? Мен енді қара тайдың етін артып жүрмеймін, бұйырсын, жеңдер. Әкел ана торы биеңді, соны жетектеп қайтамын. Айыбы да, өтеуі де сол, — дедім Көпесбайға.

Құдай адамды өйтіп сорлатпасын де, ләм-мим деуге шамасы жоқ Көпесбай төмен қараған күйі маған торы биенің шылбырын ұстатты.

Мен орнымнан қозғаларда Көпесбай.

– Қалеке, бір сұрағаным болсын, мені құдай ұрғанын ешкімге айта көрмеңізші! Сүйекке таңба ғой бұл. Естіген елдің бетіне қалай қараймыз? Әсіресе, балаларымның бетіне шіркеу болады ғой,-деп үзеңгіме жармасты.

Жаңылмайтын жақ сүрінбейтін тұяқ жоқ, Көпесбай да сөйткен шығар. Бір үйлі жанды әбиірсіз етпейін, ешкімге айтпаймын деп сендіріп кеттім, ауыздарыңа абай болыңдар. Қара тайдың орнына бие алған соң Құтым тыншыр, біз енді ана бейшараларды аяйық Көпесбайды қойшы, балаларына обал, — деп барып басылды жездем.

Үлкендер өздерінен гөрі балалардың абыройын көбірек ойлайды екен.

Қарауыздың қасқырға қатысты біраз әңгімесі бар, енді соған көшейін.

Қасқарып қашқан қасқырға тазының тазысы жетеді. Таулы өңірде қасқыр қалай қашуды жақсы біледі, не бір қиынға салып, ат бауырын жазып шаба алмайтын қиялармен құйғытып ұзап кете барады. Мұндайда қасқыр мен адамды маңайластыратын құдірет — тазы. Аңшылар мақтанып: "Итім қасқыр алды" — деп жатады. Ешқандай иттің қасқырға әлі келмейді. Ал, батыл, жүйрік тазы қасқырға жеткен бойда таңынан алып бір көтеріп тастайды. Енді қасқыр тазыны аузына түсірмек болып әуреленіп, тазы жай оғындай жарқыдап әрлі-берлі ұйтқып, бір майдан басталады. Қасқыр қашпақ болса, тазы тартып кетіп, қасқарып қашуына мүмкіндік бермей, дымын құртады. Өстіп жүргенде тазының иесі келіп жетеді. Әрі қарай мәселе адамға келіп тіреледі, қасқырды ұрып аласың ба, атып аласың ба, өзің біл.

Жездем жылқыдан кештетіп келе жатып Секітастың желкесінде шоқиып отырған касқырды көріп қалыпты. Қарауыз, әрине, қасқырды жездемнен бұрын көреді, тұра ұмтылады. Күн болса, кеш, оның үстіне Секітастың етегіндегі сайдың екі беті де тік жар, арғы бетке өту үшін сай басындағы жазықпен айналу керек. Бір жағынан қарауыз қасқырды тоқтата алар ма екен деген күдік те болып, жездем ауылға кете барады.

Содан қарауыз үйге ел жата келді. Өкпелеп, жүдеп, берген тамақты ішпей, жатып алды.

Жездем бүлдіргенін сезді.

Қарауыз өз бағасын біледі екен. Қайтсін, ол иесі үшін жан беріп, жан алысуға барады, ал, иесі онысын бағаламайды, қауіп-қатерге басын тігіп тастап кетеді. Жоқ қарауыз, біз сені жақсы көреміз. Мынау – бір білместік.

Жездем басынан сипап отырып, қарауыздың ашуын әрең тарқатты.

Ертеңіне ізбен барып қараса, қарауыз қасқырға көп ұзатпай-ақ жетіпті. Қарауыз бен қасқыр біраз жерді майдан қылыпты. Содан қарауыз қасқырды шоқитып отырғызып қойыпты да иесін күтіпті, айналып жүріпті. Қасқыр шоқиған күйі айнала беріпті, отырған орны көк мұз болып қатып қалыпты. Жездем мұны көргенде қатты өкініпті.

Неге екенін қайдам, қысқа қарай Құстүтін нағашым қойды тастап, бойдақ сиыр баққан.

Кербұлақта малшыға үй, малға қора іздеудің қажеті жоқ, өңшең бос тұрған үй, қалағаныңа өзің кір, қалғанына малыңды қама дейтіндей молшылық еді.

Нағашым да сөйтті, біздің үйдің жоғарғы жағындағы әңірейіп-әңірейіп тұрған тамның біреуін өзі иемденді, екі-үшеуіне таналарды қамады.

Малды ауылдың бір қызығы — соғым басы. Кербұлақ тың басын ала қыстап отырған малшылар бірін-бірі соғым басыға шақырып, түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрады. Жердің оты, малдың күйі айтылып, ел мен жер туралы өткен-кеткен қопарылып қозғалады. Бұрынғылар айтқан екен делінетін көп-көп ақылды сөздер ортаға салынады.

Осындай бір шырайлы отырыс нағашым үйінде болып, дастархан енді жинала бастаған.

Нағашымның иттері абалап үрді.

Әпкемнің дауысы шықты:

– Мыналар қайтеді-ей, біреуі шықпай ма?

Ізінше әпкемнің өзі кіріп келді, асығыс, абыржулы екені бірден байқалды.

Төрдегілер де, берідегілер де дүрдиіп қалды.

Әпкем жездеме қарап сөйледі:

– Көкқасқа сиырды қасқыр талапты, ауызғы үйге келіп тығылды. Қан-қан болып қорада тұр.

– Кербұлақ тыныш еді, қайдан келді екен бұл пәлелер, – деді жездем орнынан тұрып жатып.

– Бәріміз түгел атқа қонайық. Ай сүттей жарық шошытып, ұзатып қуып тастайық әйтпесе, күн көрсетпейді ол атаңа нәлеттер, — деп Мұхтар шапшаң киіне бастады.

Соғым басына жиналған малшылар түгел атқа қонды, бірақ Мұхтардан басқасы: "Қой, үйге ертерек жетейік", "Ол қанды ауыздар біздің ауылды да шулатып жүрмесін"деген тәрізді сөздер айтып, асығыс жыра-жыраны өрлеп бара жатты.

Біз үйге қарай ентелей жөнелдік.

Келе дереу ерттеп, жездем қарагерге, Шәкен кер дөненге, мен бурылға мініп, мұрынды айнала бере аттардың басын қоя бердік.

Бағана, кешке жақын көкқасқа сиыр төменгі саздағы маяда қалған, өзеннің арғы бетіндегі маяда арық-тұрақ аттар тұрған.

Жездем қарагер аттың басын солай қаратқан.

Жақындай бере көрдік, маяда жылқы жоқ. Жүрегім секем алды, немене қасқыр бәрін қырып кеткеннен сау ма?!

Бір сұмдықтың болғаны анық еді.

Қарауыз маяға қарай құстай ұшты. Сол сәт маяның бүйірінен бір көк шулан атқып шығып, домалаңдап қаша жөнелді.

– Қасқыр! —деді Мұхтар. — Ажалына кезіккен шығар, неғыпты. Бұл қазір тоқ қарауызға жеткізеді. Қарауыз жетіп, бір тартып, тоқтатса, болды, арғы жағын маған қоя беріңдер. Ал, атқа қамшы басыңдар. Қарны қар сызған тоқ қасқыр жолға түсіп қашады, қазір-ақ жетеміз.

– Ал, кеттік! Ия, аруақ!

Бәріміз аттың басын қоя бердік. Мұхтар ағайдың айтқаны келді.

Қасқыр өзеннен өтіп, жолға түсіп алып заулап барады.

Біз де жолға түсіп атқа қамшы бастық. Жездемнің қарагері, Мұхтардың ақжалы, Шәкеннің кердөнені бірінен бірі озып аға жөнелді, менің тайбурылым да төгіп келеді.

Жездемдер көріп келе жатыпты, төрелердің бергі жағындағы қалың қамыстың тұсына таяғанда қарауыз қасқырға жетіпті де таңынан алып көтеріп тастапты. Қасқыр бір сүрініп барып ұмтылған екен, қарауыз бұлт етіп артына шығып тағы бір тартыпты. Қасқыр қалың қамысқа артын беріп жата кетіпті.

Мен жеткенде жездемдер аттан түспепті, қарауыз қасқырдың алдында дүрдиіп жүр. Көкжалдың екі көзі — қарауызда.

– Мұны қалай аламыз, жазым қылып жүрмей ме? — деп жездем Мұхтарға қарады.

– Көрейік!

Мұхтар ақжал аттан қарғып түсіп, тізгінін маған ұстатты да қолындағы жуан сойылын оңтайлап ұстап, қасқырға қарсы жүрді. Жүректі, батыр адам ғой Мұхтар!

Қасқыр басын қақшитып, ырылдап айбат шекті.

– Қарауыз, бас!

Қайран қарауыз иттің сырттаны ғой, оқтай атылып барып қасқырдың құлақ-шекесінен ала түсті. Үлкендігі тайдай қасқыр арылдап-гүрілдеп орнынан атып тұрды.

Мұхтар қандай шамдағай, шіркін, көз ілеспес шапшаңдықпен қасқырдың екі құлағынан шап беріп ұстай алды. Қасқырдың бір кез тұмсығы сорайып жылмиып тұр.

Жездем аттан түсіп, Мұхтардың сойылын қолына алды.

– Қалеке, ұр дәл қара тұмсықтан!

– Саған тиіп кетсе, қайтем?

– Ұстасыз ғой, көздеп ұрыңыз!

Жездем сойылды жоғары көтеріп, сәл бөгеліп тұрды да оңтайын тауып сілтеп кеп қалды. Қасқырдың мұрнынан қара қан бұрқ ете түсті.

Қасқырды жездем байланды.

Біз жер-суға сыймай дәудірлеп келеміз.

Мұхтардың таңданысы ерекше:

– Қалеке, бұл қарауыз сұмдық екен! Бұл өңірде қасқырға түсетін тазы жоғалып еді, мынау ерледі. Жарамды атпен жақсылап қосса, қарауыз қашқан қасқырды құтқармайды екен.

Сөзге Шәкен араласты:

– Қарауыз емес, сіздер ғой қасқырды соғып алған.

– Әй, баламысың деген, қасқырды ешқандай ит өлтіре алмайды. Қасқарып қашқан қасқырға тазының тазысы жетіп, батылы барып тартады. Мына қарауыз — сол тазының тазысы, иттің иті.

Жездемнің қанжығасындағы қасқырға көзім түсіп кетті, салбыраған аяқтары қар сызады.

Жездем де қанжығасына бұрылып қарап таңданды:

– Апыр-ау, мынау неткен үлкен қасқыр еді!

– Айтпаңыз тегі. Бұл — бір ноян, керемет қу қасқыр. Бүгін Кербұлақтың басынан келіп тиіссе, ертесіне аяғынан, одан соң ортасынан кірісіп ойрандап жүрген пәле. Өне бойы бір-бірден ірі қара жейтін.

– Талайдың сауабын алатын болыппыз да, Мұха!

– Бұл сөзді қарауызға арнасақ болар.

– Жоқ, адам болмаса, ит не ол?

Өстіп самбырлап сөйлеген күйі маяға келіп қалыппыз.

Маяға таяй бере көрдік, бір ат теңкиіп жатыр. Жылқыда бір денесі шағын көк ат бар еді, қасқыр соны жайратыпты.

– Жылқы мал емес, — деді Мұхтар. — Жалғыз көк сиыр жегізбей, ауылға жеткенде бұлар бір қора болып алып жолдастарын қасқырға жайратып, тұр енді түк болмағандай маяны кеулеп.

Шынында, солай, жылқылар маяға басын тығып, көк бояқ шөпті күрт-күрт шайнап тұр.

Біз ауылды бетке алдық.

Жездем кешке жақын көк қасқа сиыр қалған маяға бұрды ат басын.

– Мұха, жүріңіз көк қасқа сиыр мен қасқырдың айқасын көрейік.

– Жүріңіз.

Біз маяға таяп келіп, ауылға қарай жолға түстік.

– Міне, мына жерде бір айқас болыпты, қарға қан тамыпты.

– Көк қасқа сиыр қасқырды қуып барып, жолға қайта түсіпті.

Үлкендердің айтып келе жатқанының бәрі рас. Жолдың әр жер-әр жерінде қасқыр мен көк қасқа сиырдың айқасының ізі шиыр-шиыр болып сайрап жатыр.

– Көк қасқа сиыр керемет екен, мына пәлемен әбден алысыпты. Жалғыз қасқырға жақсы сиыр алдырмайды. Ал, оншақты сиыр болды ма, бітті, қанша қасқыр болса да денелеріне тісін тигізбейді. Сиырлар бұзау-торпақтарын ортаға алып иіріліп тұра қалып, қасқырға мүйізін тосады. Жұрт біле бермейді, әйтпесе нағыз қасиетті мал — осы сиыр. Жазатайым қасқыр жеген сиырдың өлігін көрсінші, бәрі жатып өкіріп, жер дүниені азан-қазан қылады. "Ойда отыз сиыр өкірсе, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды" — деген сөз содан қалған. Керемет бауырмал мал бұл сиыр дегенің. — Мұхтар төре әңгімені бір бастаса, біраз көсіліп барып тоқтайтын әдетіне басты. — Қасқырға мұндағы осал мал — жылқы, бұл шіркіндер қасқыр көрді екен, үркіп, жөңкіп қаша жөнеледі. Қасқыр қуып беріп, жеткен бойда жылқының құйрығынан алып табандап тұра қалады да жібере салады. Алға қарай тырмыса тартқан жылқы екпінімен етбетінен түседі, қасқыр ес жиғызбай шабын жарып жібереді.

Қасқырдың ендігі бір әдісі — жылқыға ит құсап құйрығын бұлғаңдатып жақындайды. Аңқау құлынтай қызық көріп, топтан бөлініп, қасқырға жақындайды. Қасқыр төрт аяғын аспанға келтіріп жатып, еркелеген болады. Жас жылқы иіскемек болып ентелейді, сол сәт қасекең көз ілеспес шапшаңдықпен мұрнынан ала түседі. Қасқыр бері, жылқы әрі тартады. Қу қасқыр шірене тартқан жылқыны жібере салады, жылқы шоңқиып отыра кетеді. Қасқыр тап беріп тамаққа жабысады да орып жібереді.

Қасқыр түйені де оңай жейді. Қасқыр оны да ойнаған болып жақындатып, мұрнынан ала түсіп шөгеріп алып, өркешін ойып жей беретін көрінеді. Түйе қасқыр өркешін жәукемдеп жатқанда орнынан тұруды білмейді екен. Өркеш – қалың май, ауырмайтын болуға керек.

Мұхтардың әңгімесіне елітіп, ауылға қалай жеткенімізді білмей қалыппыз.

– Ал, Қалеке, мен кеттім, — дегенде барып серпілдік.

Мұхтар біздің үйдің артындағы сайға түсіп, Әбиірбайға қарай тартты.

Ол енді жалғыз өзі талай қырдан асып, талай сайды өрлейді. Ойпырмай, қорықпай ма?! Денем түршікті.

Мұхтар төре ештеңе ойлайтын емес, ақжалмен сұр қарды қақ жарып барады.

Ертеңіне жездем жылқыны жинауға Нарқызыл жаққа тартты.

Маған бұрынғыша Үкінің қорасы жақтағы жылқыны қоғамдап қайтуды тапсырды.

Кездесетін жер де бұрынғы — Әжінің қорасының желкесіндегі шоқының басы.

Мен өзіме тапсырылған шаруаны бітіріп келіп, шоқы басында тұрмын. Ат үстінен еңкейіп ауыздығын алдым. Бурыл ат қызыл тобылғының басын үзіп, күрт-күрт шайнайды. Әккі жылқы біледі жерге жабысқан селдір бозды шымшығанша, түп-түп тобылғы басын порт-порт үзген жақсы.

Қыстың қысқа күні байып келеді.

Көкжиекке арқан бойы жетпей тұтасып тұрған зіл батпан ауыр бұлттардың бауырын өрттей қызыл жалқық шарпыған. Одан берідегі селдір бұлттар да қызғылтым тартқан.

Айнала ақырын-ақырын сұрғылт тартып келеді. Енді біраздан соң маңайды салбырап түн басады.

Жездем неге кешігіп жатыр?!

Осы оймен жоғары жаққа қарай бергенмін, жездем келесі қырдан асып, бері түсіп келеді екен. Қарагер ат — аяғын керемет еппен, құжынаған тастың арасынан саңылау тауып, қашап басатын тау жылқысы. Шамасы шаршаған-ау, бір-екі рет тұяғы тасқа тиіп сүрініп кетті.

Жездем зекіген де, тебінген де жоқ сұлқ отыр.

Қарауыз көрінбейді.

Жүрегім бір жайсыздықты сезгендей болды.

– Жезде, Лашын қайда?

– Лашын жоқ айырылып қалдық.

– Қалайша?

– Қарауыз мен үшін жанын пида етті.

– Айтыңызшы, не болды!

– Айтайын. Қарауыз иттің сырттаны ғой, қайран! Жылқыны түгелдеп болдым да Нарқызылдың төбесіне шығып түлкі қақтым. Етігімнің қонышын қамшыммен сарт-сарт ұрғаным сол еді, жар астында бір топ ұялы қасқыр жатыр екен, өре түрегеліп, маған қарай ұмтылғаны. Қарагердің басын кері бұрып, қамшы бастым. Қасқырлар қырға шыққанша мен сары жазыққа түсіп алдым. Қарагер құстай ұшты, қарауыз қапталдасып заулап келе жатыр.

Ұялы қасқыр андыздап ағып келеді. Пәлелердің сұры жаман, бірте-бірте жақындай бастады.

Мен де, қарауыз да, қарагер ат та түсіндік, өмір мен өлім белдесетін сәт жақындап келе жатыр. Тақымымдағы сойылды қолға алдым, қарауызға қарадым, көзіміз айқасты. Қарауыз қорықпапты, екі көзі қанталап, долданып алыпты. Қарауыз менің кейпімнен не көрді, не түсінді, білмеймін, екпінін басып кейіндей берді. Әне-міне дегенше, қасқырлар қарауызға жетпек болды. "Апыр-ау, мұнысы несі? Бір жері кетті ме, не болды бұл қарауызға?!" Алда дара келе жатқан көкжал қарауызға ауыз салмақ болды. Сол сәт қарауыз түлкінің өзін талай-талай алдаған әдісін қолданды, бұлт етіп оң жаққа қарай ыршып түсті, көкжал ағып өте берді. Қарауыз сытылып шығып, қырындай салып, әрі, Нарқызылға қарай тартты. Бір мойын қасқырлар кері бұрылғанша қарауыз ұзап қалған.

Түсіне қойдым, қарауыз мені құтқармақ болған. Аттың басын тартып, қарап тұрмын. Қарауыз не жеткізбей, не қара үзіп кетпей, қасқырларды шұбатып ерткен күйі бел асып кете барды.

Көзіме жас келді .Қандай керемет еді бұл қарауыз!

Содан күттім-күттім, қарауыз жоқ. Нарқызылдың басына шығып, айқайлап шақырдым, қарауыз жоқ. Қасқырлар да жоқ. Нарқызылдың адырлары түк болмағандай бедірейіп жатыр. Қайтейін, қайттім. Әкем маған, мен әкеме қарадық Қарауызды қатты аяйтынымыз білініп тұр.

Бірақ қолдан келер амал жоқ, көнуге тура келеді, ат басын ауылға бұрдық.

Сол сәт бурыл ат елең етіп жаңа жездем асып түскен қырға қарады. Мен де қарадым, қыр басында қарауыз тұр.

– Жезде, қарауыз!

– Қане?


– Әне!

– О, айналайын құдай, бар екенсің ғой. Мына қарауыз қалай құтылды екен пәлелерден? Шұбатып Соғандыға апарып тастады-ау, білсем. Біраз созылып жүгірген соң бұл қарауыз қасқыр тұрмақ атқан оққа жеткізбейді.

– Қасқырлар кеп қалар, мүмкін.

– Жоқ келмейді. Олар алыста қалды.

– Сөйткен шығар.

– Сөйтті. Қарауыз қасқырларды әдейі алысқа алып барды.

Шынында, керемет екен бұл қарауыз!

Қарауыз біздің өзіне разы сөз айтып жатқанымызды біліп тұр. Жақсы сөз жан семіртеді. Қарауыз да марқайып тұрған шығар, бірақ ол мұнысын сездірмейді, өзінің әр кезгі байсалды қалпынан айныған жоқ.

Осындай зат қой ол.

Қарауыз біздің үйдің адамдарынан басқа жан атаулыға құйрығын бұлғап көрген емес. Паң, өр күйінде өлді.

Ол өз иелерінің бәрін жақсы көретін, ал, маған деген ілтипаты ерекше еді. Өмірі мені сағынумен өтті. Аяғым сынып окымай қалған бір жылдан басқа жылдары мен жазда болмаса, қарауыздан жырақта оқуда жүрдім. Мен ауылға келген сайын қарауыз керемет қуанатын. Сонда да кейбір ит құсап қутыңдап аяққа оралмайтын, құйрығын бұлғаңдатып жағынбайтын, біртүрлі момақан мүлгіп тұрып білдіретін жақсы көретінін.

Ит жасымен өлшегенде қарауыз көп жасады, он екі қар басты. "Жақсы ит өлігін көрсетпейді" деген сөз рас екен, қарауыз да сөйтті.

Бұл беріректе болды. Теректі — Кербұлақтың түстігінде, Жайсаң жотасының бүйірін сағалап ағатын өзен, сол өзеннің екі қапталын алып жатқан кең өлке. Біздің "Кербұлақ" колхозы қосылған Ленин атындағы колхоздың жері екен бұл.

Соңғы кезде біздің үйдің еңбекке жарарлары шаруасына тартылған колхоздың сиырлы ауылы Теректінің Бұқпан деген жеріндегі үлкен қайнардың басында отырған.

Жездем мен Шәкен – сиыршы, әпкем мен Кенен – сауыншы.

Біздің үйдің үлкендері колхоздың кез-келген жұмысын істеп кете береді. Олар — колхозшылар.

Колхозшы — бұл қара жұмысшы. Колхозшы – қолынан колхоздың қара жұмысының бәрі келетін адам. Колхозшы шөп жинаса пішенші, егін орағына қатысса диқан, төрт түлік малдың қайсысын бақса, сонысына қарай қойшы, жылқышы, түйеші, сиыршы болып шыға келеді.

Сол жылы Лашын қатты қартайды. Аузының айналасындағы қара жүні, қара құлағы, қара кірпігі — бәр-бәрі ағарып кетті. Адамға жасып, жасқанып қарайды. Қайран, жайнап, жұтынып тұратын қарауыз күйтиіп қалды. Аянышты!

– Қарауыз, күшігім-күшігім! Лашын!

Қарауызды еркелетпек болып басынан сипадым.

Қарауыз мөлиіп тұр. Жасынан әдеті, басынан, мойнынан, арқасынан сипағанды жақсы көреді, ләззат алып, мүлгіп тұрар еді. Қазір де сөйткен болды, бірақ құлықсыз, енжар.

Бір күні қарауыз үй маңынан көрінбей қалды. Оған ешкім анау айтқандай назар аударған жоқ, жатқан шығар бір жерде. Кенен түскі астың қалғанын итаяғына құйып:

– Лашын, кә-кә! — деп айқайлап шақырып еді, қарауыз бұл ауылда жоқ болып шықты. Біздің үйдің адамдары бір кәдіктің болғанын бірден білді. Содан қарауыз зым-зия жоғалды.

Ол өлуге кеткен еді. Қай жерге барып өлді екен, ешкім білмейді. Түс әлетінде біздікіне Атабай төре келді.

Төрені төркіні келгендей қауқылдап қуанып қарсы алды біздің үйдің адамдары.

Бір себептен солай. Төре Кербұлақтан келіп отыр.

Кербұлақ қазір қаңырап бос қалған. Мал жайлауда, ел көшіп кеткен. Тек Қарауылтөбе ауылының ескі жұртында бес-алты үй отыр, соның бірі — Атабайдікі.

Дастархан басында жездем мен төре екеуі біраз әңгіменің басын шалды.

– Қалеке, қарауыздың қайда барып өлгенін білесізбе? — деді төре бір мезгілде.

– Жоқ — деді жездем жұлып алғандай.

– Өзі туған жардың астына барып өліпті.

– Қой!


– Рас. Осы жуырда сол маңнан өтіп бара жатып жардың жанына бара қалмасым бар емес пе. Жар ернеуіне жақындай бере көрдім, қарауыз жар астында, баяғы күшік кезінде бауырын талай төсеген жерінде ұзынынан түсіп өліп жатыр. Қарауыз — иттің сырттаны ғой, туған жеріне жетіп жан тәсілім етіпті.

Жездем таңданар деп едім, жоқ өйтпеді, үнсіз отырып қалды.

Ертеңіне ертеңгі шайдан соң жездем:

– Әлдеш, сен күрең бие мен торы атты ертте, Әміржан, сен қарынға біраз сары май сал, — деді.

Әпкем де, мен де "Неге?" — деп сұрамадық.

Бәрін ішіміз сезеді, жездем мені ертіп Кербұлаққа қарауыздың өлігін көруге барады.

Сөзді ұзартып не қылайын, дәл солай болды.

Суыт жүріп отырып Кербұлақтың Барлыбай ауылының жұртына түс әлетінде жеттік. Қаңырап бос қалған ауыл көңіл құлазытады. Біз отырған үй төбесі жоқ қабырғалары қалқиып тұр. Диірменнің орны төмпешік болып жатыр. Бәрі аяулы, бәрі жоқ Тек елесі бар. Өкініш өзек өртейді.

Таяй бере көрдік, қарауыз, дәл Атабай төре айтқандай, жарға жабысып өліп жатыр екен.

– Апырау, бұл не өліс?! Сұмдық екен бұл қарауыз. Көп жыл досым болып едің сен, Лашыным, басыңа май кұяйын.

Жездем қарындағы еріп кеткен сары майды қарауыздың басына лақылдатып құйып жатыр.

Мен көз алмай қарап тұрмын.

Қарауыз сары майды үнсіз сіміріп жатқан сияқты.

Жездем майды құйып та бітті, ол құмға сіңіп те бітті.

– Әлдеш, кеттік! — деді жездем.

– Жүріңіз.

Жездем күрең биеге мініп: "Шу!" — деді.

Мен де міндім торы атқа. Торы күрең биенің соңынан ілесіп жүріп берді.

Көпбай сайын өрлеп қырға шықтық.

Тыныс тарылтқан қапырық Кербұлақтың қалың тасты сайларында қалып, Жайсаң жотасының аңқылдаған самалы кеуде кеңітті.

Кішкене жүрген соң жездем:

– Ал, балам, бүгінгі көргеніңнен не ұқтың? — деді.

– Қайсысын айтасыз?

– Қарауыздың өлігін айтамын.

– Өзі туған жарды қалай тауып келген бұл Лашын, соған таңқалып келемін.

– Ия, бұл — таңқаларлық жай. Тағы басқа не ұқтың?

– Қарауыз...

– Жоқ сен тұра тұр, өзім айтайын. Қарауыз маған үлкен ой тастап кетіп отыр. Адам тұрмақ итке де туған жері ыстық екен. Туған жер тіріге ғана емес, өліге де керек екен. Ит екеш ит өстіп отырғанда маған не жорық?! "Ер — туған жеріне, ит — тойған жеріне", — дейді атам қазақ. Осы ұғым енді керісінше болып отыр. Сұмдық қой бұл, сұмдық. Адам жер бесікке тал бесікке бөленген жерінен аттануы керек екен. Жан бар жерде қаза бар. Менің көбім кетіп, азым қалды. Қой, көшпесек болмайды екен күнтулардың ортасына. Ит құрлы болмағаным ба немене?!

– Жезде, койыңыз, қапа болмаңыз. Сіз бізді жетілдірем деп жүрдіңіз ғой мұнда.

– Дұрыс айтасың. Бұл — өзім сендерге талай айтқан сөз. Осы айналайын Кербұлаққа о баста өзім үшін, денсаулығым үшін көшіп келіп едім. Пішпектен ауру мендеп әзер жеткем, Кербұлақтың таза ауасы, мөлдір суы дертіме шипа болды, құлан-таза айығып кеттім. Осында сендерді көрдім, өсіп-өндім.

Біз Сөрелі сайдың басындағы биік сөреге шықтық.

Төменде Кербұлақ алақандағыдай болып көрініп жатыр. Сонау Шатыртөбеден Далауызға дейінгі әр сай, әр төбе — бәрі ыстық бізге. Біз өрлемеген жыра, өрмелемеген биік жоқ. Атпен де, жаяу да кезген жерлер.

Жездем көзі жасаурап отырып Кербұлақтың ой-шұқырын, тау-тасын түгел сүзіп шықты. Мен де сөйттім.

– Шіркін, Кербұлақ жер жаннаты ғой. Бұл дүниенің пейішін көрдім мен осында.

Кербұлақты енді мен де, сендер де сағынып жүретін боламыз. Хош, Кербұлақ!

– Хош!


– Әлдеш, сен қоштаспа. Кербұлақ — сенің кіндік қаның тамған жерің. Сен анау төменгі Бөкей ауылындағы қоржын тамды ұмытқан жоқ шығарсың.

– Ия, ұмытқаным жоқ.

– Сен сол тамның күншығыс жақ басында ел наурыз көже беріп жатқанда туғансың. Кейін, қанша алыс кетсең де, сол тамның орнына барып жүргін, көп нәрсе есіңе түсер. Туған жер адамға несімен ыстық оны сол кезде түсінетін боласың. Сендер — Кербұлақтың балаларысыңдар.

– Айтқаныңыз болады, жезде.

– Әлбетте, солай болуы тиіс.

Әкем мені бұдан әрі сөзге тартқан жоқ.

Суыт жүріп отырып, ауылға күн батпай жеттік.

Кешкі ас үстінде төрт көзіміз түгел отырғанда жездем бекініп келген ойын айтты.

Ешкім қарсы болған жоқ.

– Көшетін болсақ мұндай жаз ортасы емес, көктемде көшу керек, — деді Шәкен.

– Неге?

– Көктемде сол елдің шаруасына кірісіп кетеміз. Қазір жиын-терін бітейін деп қалды, не анда жоқ не мұнда жоқ боламыз.



– Мұның жөн екен, ендігі жылы көктемде көшеміз онда.

Оған дейін мен барып ағайындармен ақылдасып, үй жағын ойластырып қайтайын.

Тоқтам осы болды.

– Жар астында жатқан шынымен-ақ Лашын ба екен? Қарауыз расында өзі туған жеріне барып өліп пе? — деді Шәкен мені оңашалап.

– Ия, сөйтіпті. Баяғы екеуміз барып алатын жардың астында жатыр жер құшып.

– Ғажап! Ол о бастан сондай қасиетті болатын.

– Айтпа тегі. Қарауыз керемет екен. Жездем де таңданды.

– Әрине. Ойпыро-о-ой, мына Теректіден сонау Кербұлаққа сүлдесін сүйретіп қалай жетті екен?! Оны сонша ентелеткен не күш?

– Оның аты — туған жерді сүю.

– Ия, қарауыз бұрыннан жершіл болатын. Жердің түбінен қоя берсең тауып келетін Кербұлақты.

– Қайран қарауыз! Күшігім менің.

Өстіп менің балалығымның желден жүйрік, аса алғыр, апай төс тазысы — талай-талай мерейімді өсіріп, қиялымды сан-саққа жүйткіткен қарауыз өмірбақи есте жүрер аяулы бейнеге айналып еді.

Міне, енді ол жөнінде ұзақ хикая жазып отырмын. Қарауыз — менің ешуақыт аузымнан түспес әңгімем. Менің ойыма қарауыз түссе, балалығым елес береді. Қайтіп көре алмас балалық елі, қандай ыстық едің, шіркін!

Жас ұлғайған соң аңсайтының көбейіп, асығатының азаяды екен. Адамға өткеннің бәрі қымбат болып көрінеді, бірақ бір де біреуі балалыққа татымайды. Балалық жай қиял емес, ол — көрген-білгендерің, ақтық демің біткенше естен кетпес өткенің. Менің бала кездегі көргендерімнің ішіндегі ең елеулісі — осы Қарауыз.

Лашын! Қар бетінде қызыл түлкінің соңында қалқып бара жататын, қайран қарауыз! Балалық деп аталатын тәтті күндерімді желдей ескен екпініңмен бірге ала кетіпсің сен. Қарауыз! Сен ешуақыт естен кетпейсің. Балалығым жөнінде әңгіме айтсам, аузыма алдымен сен түсесің.

Менің аяғым сынған жылы қыста көргендерім туралы айтылар әңгіме өте көп. Солардың бір парасы — Мұхтар төре жайлы.

Мұхтар төре Әбиірбайдың қорасында бойдақ сиыр бағып отыр. Бір үйде үш жан: Мұхтардың өзі, шешесі — Қатша әжей, әйелі — Ақтамақ жеңгей. Балалары жоқ, Ақтамақ жеңгейдің пұшпағы қанамаған.

Үшеуі де ғажап жақсы адамдар. Бала көрсе, мейірімдері төгіліп тұрады. Бала атаулыны сөздерімен, әрекеттерімен жақсы көретіндіктерін білдірмей тұра алмайтын.

"Өз балалары жоқ болған соң сөйтеді-ау" — деген бір ой келетін маған. Сол ой ұлғая келе мен оларды аяйтындай болып жүретінді шығардым.

Осыншама ақкөңіл, аңқылдаған балажан адамдарды құдай неге қысты екен?!

Мұхтар ағай — атбегі, аңшы адам. Денесінде қырымға артық ет жоқ, өң серіппелі сіңір, қайратты, шамдағай, ержүрек.

Кербұлақтың құз-қиясында ақжал атымен құйғытқанын көрсеңіз, жағаңызды ұстар едіңіз. Өлем-тірілем дегенді білмей, ақжалды танаулатып, түлкіге ақ тазысы мен көк итімен бірге жететін.

"Апыр-ау, бұл не деген жүрек жұтқан адам!"

Мен осы ойымды жездеме айттым:

– Жезде, Мұхтар ағай қалайша тау-тастан қорықпай шабады? Атты мертіктіремін, өзім жазым боламын дегенді білмейтіні несі?

– Мұхтар — батыр адам. Мұхтардың... Оны өзінен сұра.

Сұраса да болар еді, бірақ бір түрлі жүрексіне бердім.

Қаңтар айының басы.

Мұхтар ағай айтады: "Түлкі — қазір бір ішек. Бұл кезде ол тасқа көп тығыла бермей, қар үстінде қалқып қашқанды жақсы көреді. Қаңтарда түлкіге тазының тазысы ғана жетеді. Тазыға жүйрік атпен жәрдемдеспесе болмайды.

Мұхтар төре мұны бізге әдейі айтып отыр. Біз карауызды түлкіге қосып жібереміз де артынан ізбен барамыз. Ал, Мұхтар түлкіге тазымен бірге ұмтылады. Қысында түлкі тегіс жерде жүрмейді, таста болады. Тастан тазы айдап шыққан түлкі өң кедір-бұдыр жерге, қия жарға, үресін жалға салады. Мұндай жерде қу түлкі — тазыны алдауға шебер. Тазыны адастырып, тасқа тастап, немесе өзін көтеретін, тазыны көтермейтін жұқа үресінге омбылатып кетеді. Сондайда адам айқайымен, лаж болса, жүйрік атпен түлкінің бетін қайтарып көмектессе, тазы күш алады.

Тазымен түлкі алу — жатқан бір айқас.

Осындай бір айқаста Мұхтар аттан жығылды.

Ақжал айрықша қарулы, жүйрік ат қой, шіркін, ылди қарай шауып келе жатып сандықтай тастан қарғып өтіпті. Есілдерті түлкіде болып, сақтықты ұмытқан Мұхтар ағай аттан ұшып кетіпті. Біраз жер аунап барып отыра кеткен.

Жездем екеуміз ентелей жеткенде үзеңгіге аяғын салып жатыр екен. Сірә, бір-екі рет ұмтылып міне алмаған, тағы сөйтті, үзеңгіге сәл көтеріле берді де оң аяғын қайта жерге қойды.

– Төреке, абайлаңыз, бір жеріңіз ауырып қалған-ау!

– Сол иығым көтертпейді.

Сөзге мен де араластым:

– Аға, сіз мүлде қорықпайсыз, жаныңызды аямайсыз-ау деймін.

Мұхтар ағай тағы бір ұмтылып, тағы міне алмады атқа.

Жездем аттан түсіп, Мұхтар ағайды сүйемелдеп жатып әрең мінгізді ақжалға.

– Ештеңе етпейді, сүйек аман, еті кеткен, — деп Мұхтар ағай маған қарады. — Алданыш, қорықпайсыз, дейсің ә. Қалекең қорқады. Ол кісі сендер үшін қорқады. Қалекең бірдеңеге ұшыраса, сендер жетім қаласыңдар. Мен кім үшін қорқамын? Менің жаным кімге керек? Бала жоқ..

Жүрегім дір етіп, өкпем аузыма тығылды. Тұла бойым ұйып бара жатты.

Осы сәт жанымызға тазылар жалаңдап жетіп келді. Ақ тазының аузының айналысы — қан, түлкіні жайратқан.

Тазылар түлкі алғандарын сездіріп, бізге маңғаздана қарайды. Түлкі қалған жаққа бізді бастап жүрмек болады.

Оған ешкімде құлық қалмаған.

Үшеуміз үн-түнсіз ауылды бетке алдық.

Әжінің қорасының жоғарғы жағындағы жолмен мойнақты асып Мұхтар Әбиірбайға, біз өзенді бойлап ауылға тартамыз енді. Жол айрығына жеткенше ешкім ләм-мим деп үн шығарған жоқ, өзді-өз ойымызбен келеміз.

"Айналайын ақ құдай, бар болсаң, Мұхтар ағайға бір бала бере көр!

Апамның: "Құдай жақсыны бір нәрседен қысады",— дейтіні осы екен ғой.

Айналайын ақ құдай, бар болсаң, Мұхтар ағайды қыса көрме.

Қатша әжей мен Ақтамақ жеңгей қандай жақсы адамдар!

Айналайын ақ құдай, бар болсаң, жақсы адамдарды жарылқай көр!

Бұлар өмірден перзент көрмей өтуге лайықты адамдар емес.

Айналайын ақ құдай, мына үш мүскінді есірке, көз жастарын көл қылма!".

Жол айрығына келдік.

– Мұха, қалай, аяғыңның ауырғаны қояйын деді ме?

– Шүкір, Қалеке, сіз жаңағы сөзімді қалай түсінді екен деп ыңғайсызданып келемін.

– Төреке...

– Қалеке, балаңның жоқтығы жан қиналғанда білінеді екен. Жас ұлғайған сайын ол қайғыға айнала ма деймін.

– Қайдағы жас ұлғайған, қырықтан енді астың емес пе?

– Ия. Мені қойшы, Ақтамақты айтсаңызшы, сол жақындап қалды ғой қырыққа. Әйел қырықтан кейін бала көтермейді.

– Көтереді. Әй, Мұхтар, жай қолыңды, бата берейін. Құдай саған қошқардай ұл береді!

Мұхтар елпеңдеп екі қолын жайды.

– Айналайын ағатай, айтқаның келсін! Ақсары бас айттым, а, құдай!

Айналайын ақ құдай, сүйген құлың Мұхтарға бір ұл бер! Жақсы адамды жабырқатып жасытпа, жаратқан ием!

– Әумин!


– Әумин!

– Әумин!


Мұхтардың еңсесі көтеріліп, қанаттанып бара жатты.

Былай шыға бере жездем:

– Құдайым жақсы адамды жақсылықтан құр қалдырмаса керек. Біздің батамызды қабыл қыла көр, алла! — деп бетін сипады.

– Бата берген сіз ғой, неге "Біздің бата" — дейсіз?

– Батаға қол жайған адамның бәрі ортақ. Мұхтарға сенің де тілегің осы шығар?

– Осы!


– Мұның дұрыс. Басқаға жақсылық ойлаған адам жаман болмайды. Күн суытып барады. Әкем: "Ертеңгі суыққа ұрынсаң, ұрын, кешкі суыққа қалма" — дейтін. Сол рас, ал, кеттік, — деп қарагерді тебінді.

Мен де бурыл аттың тізгінін босаттым.

Арада екі күн өткенде кешкілік біздің үйге Мұхтар ағай келді.

Мұхтар ағай қыстап отырған Әбиірбайдың қорасы мен біздің үйдің арасы — талай жер. Қораның аяқ жағындағы қалың қамыс сыңсып тұрған сай түн тұрмақ күндіз жүруге қауіпті. Қалың қамысты жарып өтетін жол түнде түнек шығар тегі. Мұхтар ағай ақжалға ер салмай, жайдақ мініп келіпті. Иттерін ертпей, тастап кеткен. Белгілі, олар — Қатша әжей мен Ақтамақ жеңгейге абай.

Мен аяғым сынып шоқиып отырып қалғанда дойбы ойнайтынды шығарғанмын. Әрі-беріден соң әжептеуір ойнайтын болғанмын.

Үлкендер әңгімелесіп отырғанда біз Шәкен екеуміз дойбы ойнамақ болдық.

– Қайсың жақсы ойнайсың, кел, ойнайық — деп Мұхтар ағай бізге бұрылды.

– Алданыш жақсы ойнайды.

– Өзім де солай ойлап едім. Қане, тік, Алданыш.

Дойбы тақтасын жазып тастарын тіктім.

– Ақпен мен ойнайын ба, жоқ сен ойнайсың ба?

– Сіз ойнайсыз. Жол — үлкендікі.

– Мұның жөн. Ендеше "Ойыншы болсаң, ортадан жүр" – деген, ал жүрдім ортасынан ойып тұрып.

– Мен оң иықтан жүрейін.

Ойынды осылайша қызу бастап, үнсіз ойлануға кірістік.

Үш-төрт жүрістен соң тас беріп-тас алу басталды. Сәті түсіп, Мұхтар ағайды ұтып кеттім.

– Мен қарайып қалыппын. Қой, жөндеп ойнамаса, болмас.

Мұхтар ағай алғашқыдай емес, әр тасын ойланып жүрді. Шынымен ойыншы екен, ұтты.

Тағы да төрт рет ойнадық. Жалпы есеп 3:3 болып тең түстік.

– Қалеке, мына Алданыш адам болады екен. Дойбыдан маған адам шақ келмеуші еді, Алданыш жаман састырды. Ұтатын түрі бар, әуелім, — деді Мұхтар ағай ойын біткен соң.

Жездем үндеген жоқ әрине, іштей қуанып отыр.

Содан Мұхтар төре қыстай оқтын-оқтын келіп, менімен дойбы ойнап кетіп жүрді.

Қыс аяғы болып, көктем келіп қалған.

Тірлік көбейіп, Мұхтар ағай келгенді қойған.

Ертеңгі шайға отыра бергенбіз, Мұхтар ағай кіріп келе жатты.

Дәл бір біздің үйдің біреуі алыс жолдан келгендей дәудірлесіп қалдық.

Мұхтар ағай төрге шығып отырар-отырмастан:

– Қалеке, білем, сіз осал адам емессіз, әулиесіз, батаңыз қабыл болды, — деді жүзі алабұртып.

– Ия!

– Ақтамақ — екіқабат!



– Айналайын ақ құдай, бар екенсің ғой!

Бұл сөзді айтқан жездем.

– Түу, жақсы болған екен!

Бұл — апам.

– Бәсе, Ақтамақ — бала туатын кең-мол әйел.

Бұл — әпкем.

Біз, балалар жағы, жымың-жымың етіп қуанып отырмыз.

"Айналайын ақ құдай, бар екенсің ғой! Менің ақ тілегім қабыл болыпты. Жаратқан ием жар бола көр Мұхтар ағайға. Бәрімізді жарылқа!"

Ақ тілеуім осылайша ақтарылды.

Құдайдың құлағына жете гөр!

Жақсы сөз жерде жатқан ба, Ақтамақ жеңгейдің аяғы ауырлағаны тау еліне тез тарады.

– Әуелі құдайдан, содан соң Қалқабайдан жәрдем болды. Қалқабай — құдайдың сүйген құлы. Бата беріп еді, қабыл болды, — депті Мұхтар ағай өзі сияқты баласы жоқ туысқаны Ысқаққа.

Бір балаға зар болып жүрген Ысқақ төре дереу біздің үйге қарай тартыпты.

Ысқақ төре — Далауызда қорықшы. Оң аяғының басын, яғни жіліншігінің қылтасынан әрі қарайғы жағын соғысқа беріп келген, ақсақ Аяғының басы — протез. Таяқ ұстамайды, протезін сықырлатып ақсаңдап жүреді. Өмірі ат үстінде өтіп келе жатқан адам. Көкпаршы. Көкпарды осы протезді аяғының тақымына басады.

Ысқақ пен Мұхтар — ағайынды адамдар, екеуінің әкелері бірге туған. Ысқақ төреде де бала жоқ жақын бір інісінің қызын асырап алған, әйелі Шолиман екеуі соны өбектеп отыр.

Шай ішіліп болып, дастархан жиналған соң біздің үйдің адамдары далаға шығып кетіп, жездем, Ысқақ төре және мен орнымызда отырып қалдық.

– Қалеке, сізде бір әңгімем бар еді, — деп Ысқақ төре маған қарады.

Мұнысы — әңгімесіне мені куә қылғысы келмегені.

Жездем түсіне қойды:

– Сен, Алданышқа қарама, айта бер. Баланың үлкендердің әңгімесін естігені жақсы, — деді.

– Онда айтайын, Қалеке. Мен сізден бала сұрап келдім, батаңызды беріңіз!

– Құдай сақтай гөр! Бұл не сөз?

– Сіз Мұхтарға бата берген екенсіз, Ақтамақ жүкті болыпты.

– Өй, қой! Мұхтарға берсе, құдай берді.

–Дұрыс қой, бәрі бір құдайдан. Қалеке, сіз тегін адам емессіз, батаңызды беріңіз. Сіз батаңызды берсеңіз, құдай перзентті қылады мені де.

– Айтқаның келсін! Не істесем екен ә? Ысқақ шынымды айтсам, саған қазір бата беруге болмайды.

– Неге?

– Құдай сүйер ісің жоқ сенің.



– Қойыңыз. Абайлап сөйлеңіз. Мен — Абылай ханның тұқымымын. Маған тіл тигізгеніңіз — Абылай ханға тіл тигізгеніңіз, аруақ атады.

– Аруағыңнан айналайын Абылай хан сендей тұқымына разы болса, аруағы ата қойсын. Мен бірдеңе білсем, Абылай атаң саған өкпелі.

– Қалқабай, сен мына сөзіңе жауап бересің. Төреге бүйтіп тіл тигізуге қақың жоқ. Не күнәм бар, айтшы.

– Міне, көрдің бе, шын сөзге шытынап шыға келдің, шамшылсың. Сен бүйткенше құдайға құлшылық ет. Қазір сенің әр қадамың — күнә. Көктем шықты болды, қағынасың. Содан ала жаздай Кербұлаққа көшіп келген көрші колхоздардың малшыларына бүйідей тиесің. Жер қорығансып бәрін қан қақсатасың. Сен — Далауыздың қорықшысысың, бұл жақта нең бар? Қармағыма бірдеңе ілінер ме екен деп жүрсің ғой. Жоқ Ысқақ төре, мен батамды ақ адал адамға беремін.

– Қалеке, айтыңызшы, айналайын, мен сонда не істеуім керек. Бір перзент үшін мен құл болуға бармын.

– Ештеңе істеудің де, құл болудың да қажеті жоқ. Құдайдан қорық!

– Қорқамын. Қорқып жүрмін. Тұяқсыз қаламын ба деп қорқамын. Әкемнің оты өше ме деп қорқамын.

– Құдайдан қорықсаң, оныңды құдай да, адам да көреді. Бір мен емес, бүкіл ел береді батасын. Батаменен ер көгереді. Көгересің.

– Айтқаныңыз келсін, Қалеке! Бәрін қойдым, ешкімнің ала жібін аттамаспын енді. Осыдан перзентті болсам, көк тазының бір күшігін беремін сізге.

– Әне, сен осыған үйренгенсің, дүние дегенің бәрі сатылады деп ойлайсың. Жоқ ақ бата сатылмайды.

– Қойдым-қойдым, Қалеке!

– Қойсаң, бір құдайдан жәрдем болсын!

– Айналайын құдай, өзің оңда!

Ысқақ төре ақсақтығын ұмытып елпілдеп басып есікке беттеп барады.

– Төреке, жолың болсын! Құлқың өзгеріпті, құры қалмассың!

– Аузыңа май, ағатай!

Төренің есікті жабуға шамасы келмеді, асығып барады. Жездем екеуміз далаға шықтық. Төре торы атының басын ауылына бұрыпты. Жездем екі қолын жайды.

– Ия, алла, пендеңе жақсылық жасай көр!

Жездем екеуміз батаны байытып, алақанымызбен бетімізді сыйпадық. Дүниеде адамға жақсылық тілеуден асқан не бар екен!

Осы ой мені көпке дейін тербеді.

Құданың құдіреті! Әкемнің аузы уәлі болды.

Осы әңгімеден бір жыл өткенде Ысқақтың әйелі Шолиман ұл туды.

Бұл кезде Мұхтар ағайдың ұлы Қуат аяғын арпыл-тарпыл басып жүрген.

Менің әкем әулиелік жасаған адам емес, мына екі жағдайда да, Мұхтар төре айтқандай, батасы қабыл болды. Жездем үйге жүзі алабұртып кірді.

Мұны мен ғана емес, апам да байқапты.

– Қалқабай, не болды, өңің сынық қой,— деді.

– Диірмен құлайтын болды. Жаңа көрдім иесі — ақбас диірменді тастап кетті.

– Қалайша? Жылан інінен шығатын уақыт болғаны ма?

– Таңданарлық әңгіме болды. Жаңа диірменнің тұсынан өтіп бара жатсам, есігінің көзінде ақбас жатыр екен. Мені көре салып, оқтаудай болып қадалып ысылдап біраз тұрды. Содан соң диірменге қарап лоқсыды ма, өксіді ме, мойнын құлқылдатты келіп. Аузынан зар-запыран атты, сірә. Ізінше сарт етіп ұзынынан түсті. Бір сәт сол бойы қозғалмай жатты да Қарабетке қарай ақырын жылжып кете барды. Диірмен енді көп тұрмайды, құлайды. Қайран диірмен!

Жездем күрсінді.

Бәріміздің қабағымызға кірбің ұялады. Неше жыл асыраушымыз болған ескі диірмен бәрімізге қымбат еді. Қанша өміріміз өтті оның төңірегінде, қызығын да, шыжығын да көрдік. Бізді ашықтырмай, тарықтырмай өмірдің бір өріне шығарып тастады ғой осы диірмен.

Костя атай екі диірменді бірдей жүргізе алмады. Екеуінің арасы — талай жер. Төменгі диірмен жөндемділеу болды-ау деймін, соның қасындағы бос тұрған үйге көшіп кеткен. Мұнда шолақ құйрық торысымен ертеңді-кеш келіп-кетіп тұратын. Оған ескі диірмен көнбеді. Ақыры келгенді қойған. Диірмен қаңқайып тұрған.

Жездемнің айтқаны келді, ертеңгілік қарасам, диірмен құлап қалыпты. Жүгіріп келсем, диірменнің морыған қара кірпіші, шіріген қара қамысы үйінді болып жатыр. Су жоқ науа, арбиған пәрек жетімсіреп қаңқайып тұр.

Біздің үйдің бір де біреуі үйіндінің маңайына жолаған жоқ.

– "Бүлінгеннен бүлдіргі алма" — деген, аулақ жүріңдер, – деп тиып тастаған жездем.

Костя атай бірнеше күн арбасымен келіп, диірменнің жарарын алып кетті.

Әттең, ескі диірмен. Кербұлақтың берекесі еді, тып-типыл болды. Жан-жақтағы малшылар үн тартқызуға келіп, қауқылдасып ұшырасып, дәудірлесіп әңгіме-дүкен құрар еді. Аспан мен жердің арасындағының бәрі айтылатын, жым-жырт болды.

– Ақбас Қарабеттің дәу қара тасын мекендепті. Ол енді ашулы, қара тасқа жоламаңдар, барсаңдар, абайлаңдар, –деді жездем.

Біз қара тас жаққа қарай аяқ баспайтын болдық.

Кербұлаққа көктем ерте келеді. Көктем тұрмақ қыста да қар жатпайтын күнгей беттер күннің көзі жылт етті болды, еріп жүріп береді. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз дейтін кездің өзінде-ақ жер қап-қара болып кетеді. Көктем лебі жеткен соң тұра ма, көк дүр етіп көтеріледі. Күнгей көктеп тұрғанда теріскейде, терең сайларда қар жатады.

Күнгей мен жотада мал аяғы ұзарады, көк қуалайды.

Жылқы енді кешке қарай қоғамдағаныңмен, таң атқанша бытырап, жан-жаққа шашырап кетеді. Сондықтан да жылқыны көп жинай бермей, сол өрістен түгелдеп қайтамыз.

Кезінде аты шыққан жүйрік болған бөрте ат жанында бір құнан, бір тай бар Шатыртөбе жақта жүретін. Шатыртөбеден әрі қарай біраз жүрсең, көрші Қордай ауданының жері басталады. Жерді адам ғой шекаралап иемденіп жүрген. Мал картаның сызығына, қағылған қадаға қарамайды, оған құдайдың жерінің бәрі бір, бұйырған шөпті жұлып жеп жүре береді.

Бөрте ат та сөйтіпті, көк қуалап Қордай ауданының жеріне өтіп кетіпті. Көрген адам айтыпты, бөрте атты жанындағы құнан және таймен бірге "Соғанды" колхозының қорықшысы айдап әкетіпті. Жездем "Соғандыға" іздеп барса, бөрте атты бригадир колхоз орталығына мініп кетіпті. Бөтеннің малын аямайтын жаман әдет бар ғой, мынау — сол. Әйтпесе, бригадир мінерге көлік таппай, жаяу жүрген адам емес шығар. Құнан мен тай сарайда нәр сызбай тұрып, қаншырдай қатып қалыпты.

Жездем құнан мен тайды айдап келді. Бөрте атты келіп алып кететін күнді қамбаның қарауылына айтып кетіпті.

Көк қуып бытырап кеткен жылқыны түгелдеп, жинап болғанымызша сәске түс болған. Бөрте аттан басқа жылқы түгел.

– Әлдеш, бөрте атты сен барып алып қайтсаң қайтеді?

Бұл сөзі, әлбетте, жездемнің таңдауды менің өзіме салғаны емес, жұмсағаны.

– Мақұл, барайын.

– Онда осы жотамен тарт та отыр. Қырғыздар Аңырақайға мал айдайтын үлкен жолға жеткен соң, соған түсіп оңға қарай біраз жүрсең, сол жағыңда "Соғандының" қамбасы көрініп тұрады, бөрте атты соның қарауылынан аласың. Ал, жолың болсын!

– Шүу!

Жайсаң жотасын өрлеп келемін.



Жайсаң жотасы — бұл бір алып жонарқа.

Шудың кемерінен өрге қарайғы дала Бала Жайсаң, Теректі өзенінің тұсындағы үстірт Орта Жайсаң, мына белбелесті алып дала Жайсаң аталады. Мұны кейінгі кезде орыс ағайындардың ауанымен "Дальний Жайсаң" дейтін болған. Аудан орталығында сорайып тұрып, мойнын созып Жайсаңды алыссынап осылай атаған ғой ұлы халық өкілдері. Әйтпесе, бұл жер жершарының ешқандай нүктесіне алыс-жақыны есепке алынып емес, географиялық қасиетіне сай Жайсаң аталған.

Қазақ — жер-суға ат қоюға шебер.

Мына Жайсаңның жері жайсаң-ақ. Мұны Жайсаң жотасы деп те атайды. Шынында, алып жота бел-белес, ұзын-ұзын сай болып тарамданып жатады. Сол сайлардың бәрінің табанында мөлдіреп су ағады, жыра-жыра толған қайнар. Бір сөзбен айтқанда, Жайсаң — жасыл жайлау. Бірақ соңғы жылдары Жайсаңды Шу, Қордай аудандарының шаруашылықтары егін салып, аңызға айналдырып жіберген, малдың еншісіне түрен түспейтін тастақты, ойлы-қырлы жерлер қалған.

Алып жота — Жайсаң асқар Алатаудың сілемі — Қордай тауларына барып тіреледі.

Мен сол Қордай жақты бетке алып, Бурыл атты желе аяңдатып келемін.

Сәске түс. Ойымда ештеңе жоқ, уақытты бір мөлшерлеп қояйыншы, деп күнге қарадым. Күн жоқ, бетін үлкен қара бұлт басыпты. Бұлт ішінде аппақ мұздай сәл иілген бөрене іспетті бірдеңе тұр. Бұл не, айдаһар емес пе? Зәрем ұшып кетті, әлгіден көз алмай тесіліп, ат тізгінінен айырылып қалыппын.

Сол сәт алып бөрененің төменгі ұшы созыла бастады. О-о, оқ жылан екен ғой. Оқ жылан адамды тесіп өтеді. Астапыралла-астапыралла! Екі көзім — оқжыланда, "Астапыралланы" айта беріппін.

Алып бөрене солтүстікке қарай созылып, басы бұлт шетіне жетіп, кері қарай бұрылды. Содан бұлттың оңтүстік шетіне жетіп, кері қарай жылжыды. Енді бас жағы бұлттың солтүстік шетіне сүңгіп кіре берді. Сөйтіп біртін-біртін қысқарып, бұлтқа шым батып, ғайып болды. Сол-сол-ақ екен қара бұлт бір шөкім ақшарбы бұлтқа айналып, Шатыртөбеге қарай жылжып бара жатты. Қара бұлттың орнында күн көз шағылыстырып жайнап тұрды. Апырау, бұл не сұмдық? Шеті-шегі жоқ ойға батып келемін. Қанша ойлан-ойланба, анық-қанығына жете алмайтын бір кереметке кезігіппін мен.

"Соғандының" қамбасына келсем, бригадир кеткен жағынан әлі келмепті.

Отағасы үйінде жоқ екен. Мектеп жасына жетпеген екі қыз, бір ұлы етегіне оралған әдемі жеңгей:

– Қап, әуре болатын болдың-ау, қайным, — деп жік-жапар болды. — Отыр, шай іш, уәдесінде тұрса, бригадир бүгін келеді.

Бригадир дастархан жиналмай-ақ келіп қалды. Арақ ішкен, мас. Мені көрді де:

– Мынау қайдан шыққан бала? Сұлушаш, Сұлушаш, пәлесің сен, — деп қамшысымен етігінің қонышын сарт дегізіп бір салды.

– Бөрте атқа келген бала.

– Сола-ай, ма? Сұлушаш, сен өзің айт бұған, балаға беретін ат жоқ. Әкесі келсін, поллитр әкелсін. Әй, бала, әкеңе айт, сөйтсін. Өйтпейді екен, бөрте атты әктілеп, оприходит етіп жіберемін.

Мен не дерімді білмей, титығып отырмын.

– Ей, жүгермек, дабай, шәгө марш!

Бригадирдің оң қолы әдемі жеңгейдің иығына қарай созылды.

– Слушай, Сұлушаш, қыздай болып кетіпсің сен өзің.

– Қойыңыз!

– Қоятын не бар? Ха-ха... Қоятын кез қалған.

– Ағай, ұяттағы!

– Какой ұят! Ұялатының мына бала ма? Бала, жөнел!

Мен есікті көздедім.

– Ағай, енді кішкене шыдасаңызшы.

– Какой шыдаған? Үш күн шыдағаным аз ба?

Далаға атқып шықтым.

Мама ағашта бурыл мен бөрте ат байлаулы тұр. Көп ойланып жатпай, бөрте аттың ер-тоқымын, жүгенін сыпырып алып, босатып қоя бердім, бурылға міне салып қамшы бастым.

Бөрте ат ауылдың қайда екенін біледі екен, алдыма түсіп алып безіп берді. Маған да керегі осы — демде ұзап кету.

Үйдегілерге жолда көргенімді айтып келдім.

– Мұны енді ешкімге айтпа, — деді апам үрейлі үнмен.

– Неге?

– Құдайдың сүйген құлына көрсеткен киелі нәрсесі ол, айтуға болмайды.



Көп ұзамай белгілі болды, "киелі нәрсені" Кербұлақтағы малшылардың талайы көріпті, не екенін, бірақ ешкім ажырата алмапты. Сол "киелі нәрсе" сол жұмбақ күйінде қалып қойды.

Қыстай Кербұлақты еркін шарлаған күш көліктер көктемде серейген-серейген құр ат болған, көкке аунаған соң асыр салып ойнақтайтынды шығарды.

Бір күні қасында екі адам бар бригадир Мұзафар келді де аттарды санап алып, алдарына салып Шуға айдады да кетті. Енді олар жаппай алдымен соқаға, содан соң арбаға, шөп машинасына, тырмаға жегіледі.

Жездеме қорыққа мін деп қарагер атты тастап кеткен.

Содан бір апта өткенде төменгі мұрыннан құрық сүйреткен екі салт атты шыға келді.

Біз ойнап жүрген балалар, елеңдеп қарай қалдық. Бірі мосқал, екіншісі — жас жігіт екен. Жасы бізге жымыңдай қарап:

– Әй, балалар, Қалқабай қарияның үйі қайсы? — деді.

– Анау ортадағы.

– Іштеріңде ол кісінің баласы бар ма?

– Бар, мына бақыр бас.

– Бақыр бас, әкең қайда?

Вова тағы тақылдады:

– Қалқабай мұның әкесі емес, жездесі.

– Мейлі, әкесі ме, жездесі ме, бізге бәрі бір, ауылда болса, болғаны.

– Ауылда жоқ

– Қайда?


– Шатыртөбеге кеткен.

– Онда не бар?

– Жездем — қорықшы.

– Мейлі. Жездең енді қорықшы емес, жылқышы болады.

– Қалайша?

– Асықпасаң, көресің.

Солай болды.

Екі жылқышы сол күні-ақ мұрынның арғы жағындағы сазға тастап кеткен жылқыны жездеме санап өткізді. Үлкенді-кішілі ұзын саны алпыс төрт екен. Осы қыста біздің колхозға қосылған "Көктөбе" колхозының жылқысы — бұл. Биыл Теріскейде қыс қатты болып қырылған жылқыдан қалғаны көрінеді. Бір сөзінде жас жылқышы бұларды "қотыр жылқы" деп қалды.

Кербұлақтың мөлдір суын ішіп, шүйгін шөбін жеген соң мұның бәрі жазылып, жұнттай болып семіріп кетеді, –деп көңіл тоғайтты Сағал қария.

Жездемде үн жоқ. Сезем, ''қотыр жылқы" деген сөзден сескенеді.

Сағал қария тағы бастырмалатып жатыр:

– Қалеке, үнжырғаң түсіп кетті ғой. "Ат — арыса, тулақ" — деген. Бұл жылқы сөйтіп келіп тиіп отыр сенің қолыңа, әйтпесе, қайда. Қотыр түгі жоқ, жұттан шыққан мал қайбір оңсын, арып-ашқан, үсті-басын жара басқандары да бар. Сен босқа өкінбе. Бұл — "Көктөбенің" атақты күрең айғыры мен зауыт қара айғырынан тараған жылқы. "Көктөбенің" өрен жүйрік күрең биесі мен торы биесі де бар мұның ішінде. Соларды бір мезгіл мініп-түссең, көңілің өседі. Бұл жылқыны баққаныңа әлі-ақ қуанатын боласың.

Жездем үнсіз мырс етіп күлді. Қайтеді енді, елсіз тауда басқа жұмыс жоқ. Бізді жұмыссыз қайтіп асырамақ? Қотыр тұрмақ қышаңқы жылқы болса да бағады әкеміз біз үшін.

Шынында да, жылқының ішінде не бір атақты жануарлар бар екен, бірақ бәрі жүдеу, қотыры да бар. Талайды шулатқан жүйрік күрең айғыр шор аяқ болыпты, күрең бие қартайған, тәуірі торы бие екен.

Мен күрең биеге, анығырақ айтсам, оның күрең тайына өлердей қызықтым. Тұрқы есік пен төрдей келіскен күрең бие өмірінде бір-ақ рет құлындапты, онысы — өзінен айнымаған күрең тай.

Жылқыны күндіз бағу маған жүктелді. Жездем күндіз ұйықтап, түнде жылқы ішінде болады. Кербұлақта қасқыр қалың, иесіз малды аямайды.

Күрең тай менің көз құртыма айналды. "Шіркін-ай, менікі болар ма еді?" — деген арман көкейімнен кетпейтін болды.

Осы ойымды жездеме айттым:

– Жезде, күрең тай менікі болсыншы!

Жездем іле жауап қатты:

– Әй, баламысың, деген. Күрең тайдың шешесі күрең бие — бәйгенің алдын бермеген жүйрік. Сағал күрең биені әдейі үйірге қосып, құлынын алып отыр. Оған мына жылқының бәрі бір төбе де, күрең тай — бір төбе. Маған оңашалап айтып, тапсырып кеткен, жазылған соң алып кетеді.

– Жазылмағаны жақсы екен ғой онда.

– Неге?

– Күрең тай көз алдымда жүреді.



– Жоқ жазылсын жануар. Ертең екеуміз жылқыны Қызылқайнарға айдаймыз. Мен саған бір ақыл айтайын ба?

– Айтыңыз.

– Ақылым — ешқашан бөтеннің мүлкіне көз алартпа, қанағатшыл бол. Осы айтқаным өмір бақи есіңде болсын, пәле-жаладан аман жүресің.

Күрең тай жөніндегі әңгімеден туындап айтылған осы ақыл санама мықтап ұялап еді, өмір бойы ұстанып келемін.

Мамырдың ортасы. Жайсаң жотасы еміп тұр.

Қотыр жылқы қоң алған, кейбіреуі болмаса, жазылып кеткен. Сонда да емдеу керек.

Жездем екеуміз ертелеп атқа қонып, жылқының бетін Қызылқора жаққа қараттық.

Аққайнар басындағы жалғыз қараша үйде әпкем, Здән, Бекежан қалды, апам, Бағдаш, Шәкен, Кенен — өзендегі тамда.

Ауылдан әудем жер ұзаған соң жездем:

– Ал, Әлдеш, біз енді жылқыны суыт айдаймыз. Қызылқораға бұларды терлетіп апару керек, дәрі сонда денелеріне жақсы сіңеді, — деп қарагерді тебінді де, жылқыны қоғамдап айдауға кірісті.

Мен де кер дөненге қамшы бастым.

Біз жылқыны қуып отырып



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет