Тақырыбы:Кенесары Қасымұлы
Мақсаты: Кенесары Қасымұлының өмірбаянымен таныстыру,білімдерін жетілдіру.Ұйымшыл, батыл болуға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Кенесары Қасымұлы (1802, Көкшетау өңірі – 1847, Қырғызстан, Кекілік-Сеңгір аңғары) – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 – 1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 – 1847). Кенесары Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі.
Балалық шағы
Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің қызынан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Ресей империясы өзіне шекаралас жатқан Қазақ хандығын, күллі Азия елдері мен жерлеріне бастар қақпа деп есептегендіктен, оны Ресейге қосып алу қажеттігіне ерекше мән берген-ді. Қазақ хандығы аумағын империяға күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүрді. Ресей отаршылдығының ерекшелігі – «орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отыратындығында, сөйтіп, жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатынында» (М.Шоқай) еді. Атасы Абылай хан заманынан бері үдей түскен бұл процесс жас сұлтан Кенесары санасына ұлт тәуелсіздігіне төнген қауіпті терең түйсінтті. Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысы» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жойып, қазақ елін
16
жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеді. Сол мақсатта қазақ даласына орыс шаруалары ағылып келіп қоныстана бастады. Абылай ханнан кейін орнына билікке келген Уәли хан (1781 – 1821) патша әкімшілігінің Көкшетау алқабында қала құрылысын бастауына келісім берді. Уәли өлгеннен кейін хан сайланған баласы Ғұбайдолланы Ресей үкіметі бекітпей тастады және орта жүзде хандық билікті жойды. Қарсылық көрсеткен Ғұбайдолланы тұтқындап, Сібірге жер аударды. Осыған байланысты Кенесары Ресей мен Абылай хан арасында жасалған жазбаша келісімшарттың бұзылғанына наразылық білдірді. Оның: «Алла қостаса, қазақтардың басын біріктіреміз де, қайтадан Абылай хан тұсындағыдай дәрежеге жетеміз» деген пікірі әкесі Қасым сұлтанның, бауырларының, көптеген қазақ батырларының тарапынан қолдау тапты. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 ж. Қоқан билеушісінің нұсқауымен К-ның бауыры Саржан өлтіріледі. 1840 ж. әкесі Қасым төре қаза тапты. Кенесары Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды көздеді. Отаршылдарға қарсы соғысты бастамас бұрын К. бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап: Николай І патшаға, Орынбор ген.-губернаторлары В.А. Перовскийге, В.А. Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д. Горчаковқа хат жолдады. Ақылды саясатшы және әскери қолбасшы ретінде Кенесары жаудың мықты қарулы күші бар екендігін жақсы түсінді, сол себепті соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс және өзге ел шеберлерін тартуынан көрінеді. Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды. Кенесарының жауға қарсы жорығында Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан, Бұқарбай, Мыңжасар, т.б. батырлар аянбай шайқасты. Әскери қимылдар 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей әскері мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда әскери қуаты әлдеқайда басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Азаттық үшін шайқаста Кенесары қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда патша әкімдерімен құпия байланыста болған манаптар оған мойынсұнбады. Кенесары бағынудан бас тартқан қырғыздарға шабуыл жасады. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түседі. Кенесары айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді.
7-сабақ