Бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың желілік нұсқасы. Бұл нұсқа бойынша бағдарлы оқыту мақсаты мен міндеттері өзге білім беру ұйымдарының ресурстарын қатыстыру есебінен жүзеге асырылады. Білім берудегі мұндай ынтымақтастықтың 2 нұсқасы қарастырылады:
жалпы білім беретін бірнеше ұйым ортақ желіге бірігеді; мамандармен, материалдық ресурстармен және оқу-әдістемелік жағынан неғұрлым жеткілікті қамтамасыз етілген оқу орны олардың орталығы болады. Бұл желі бойынша базалық жалпы білім беретін пәндерді, бағдарлы жалпы білім беретін пәндерді немесе таңдау бойынша міндетті пәндер мен таңдау бойынша курстарды жүзеге асыру механизмдерін және тақырыптық тізімдерін ұйымдардың өздері айқындайды.
оқу орны қосымша білім беретін, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беретін ұйымдардың қосымша білім беру ресурстарын пайдаланады. Оқушының мемлекеттік стандарт аясында «негізгі» оқу орнында ғана емес, сонымен бірге қашықтықтан оқыту курстары, сырттай оқытатын мектептер арқылы желіге енетін басқа ұйымдар бойынша да жалпы орта білім алуға мүмкіндігі болады.