Қошақан: Өй, ошаған, ошаған!
Қоймаушы едің түйремей.
Неден жұмсап босаған
Тікендерің инедей.
Ошаған: Келе жатқан жаңбыр бар,
Өн бойымды алды ылғал…
Қошақан:Әй, ошаған, ошаған.
Бүгін қалай қадалдың?
Қастығың ба жасаған,
Қадалғаннан қан алдың?!
Ошаған: Ашық болса, күн жаумай,
Қатаямын жұмсармай,
…Жаумай ма, әлде жауа ма,
Қандай болмақ күн бүгін-
Тікеніме қара да,
Ауа райын біл бұрын.
Ертеңбай: Мұзафар Әлімбайдың көптеген өтірік өлеңдері тақырып, таным жаңалығымен ерекшеленеді.
Білгішбек: Балалар, ендігі кезекті “өтірік өлеңшілерге” берсек.
Өтірік өлең оқитын балалар ортаға шығады.
Қақ жарып шоғын жұлдыздың,
Ұшқанын көрдім құндыздың.
Құдықтың суын төктім, төңкердім де,
Теңізді жалдап өттім, жөн көрдім де.
Құлынның мүйізіне мініп аттай,
Бүгін –ақ барып қайттым ертең күнге.
Алдайды деп аптықпа,
Үйір емен дақпыртқа:
Ай қасында түнедім,
Орандым да ақ бұлтқа.
Ұлу озды елікпен жарысқанда,
Тышқан жеңді аюмен алысқанда.
Арбама атты қойып, қоңыз жектім,
Бір емес қатарынан тоғыз жектім.
Ертеңбай: Ақын атамыз нағыз Данышпан десе, Данышпан екен ғой. Білмейтіні жер астында көрінеді. Сегізаяқ деген не? Қол, аяқ, көз, құлақ неге екеу? Минут деген немене? Сөз жоқ осындай, тіпті мыңдаған сауалдарыңа жауапты Мұзафар атаның өлең қоржынынан табасың. Оған кәміл сене бер! Міне, еңбекқор данышпан деп осыны айт!
Балалар ортаға шығып М.Әлімбайдың “Минут деген немене?”, “Бұлақ деп неге аталған”,”Қараңғылық деген не?” өлеңдерін оқиды.
Білгішбек: Енді Мұзатамыздың сұрақтарына жауап беріп көрейік.
“Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?” өлеңі оқылады.
Жазыпты бала,
Сен оқып қара,
Қайсысы дұрыс?
Қайсысы бұрыс?
Шөлінде-бұлан,
Інінде-ұлан,
Тайгада-құлан,
Елінде –қыран
Көгінде-жылан.
Балалардың жауабы.
Білгішбек: Сендер қанша сөз білесіңдер? Әрине, айта алмайсыңдар. Тіл ғылымымен айналысып жүрген үлкен ғалым ағалар да қанша сөз білетінін айта алмауы мүмкін. Әйтсе де, газет-журналдарды, алуан түрлі кітаптарды, көркем әдебиетті көп оқитын, үлкендерден естіген сөздерін есте сақтап қалуға тырысатын зерек балалардың өзге балалардан гөрі сөзді көбірек білетіні, сөздік қорының молырақ болатыны ақиқат қой. Ондай балалар сабаққа да алғыр келеді.
Ая: Атамның ұсынып отырған мына бір топтамасынан сендер көпшілік біле бермейтін талай-талай атауларға қанығасыңдар. Ол сөздерді естеріңе сақтап, сөздік қорларыңды байытып жатсаңдар нұр үстіне нұр.
Білгішбек:
Пәйке-бұғы танасы
Саһар-аққу қоразы
Тағылан -жайран
Қауыр-тау құсы
Бандал-еменнің бас бұтағы
Шөндік-жолбарыстың күшігі.
Осылай жалғастыра беруге болады.
Білгішбек: Балалар, ақын атамыздың жаңылтпаштарын білесіңдер ме?
Ұшы үшкір ұшқыр үш жебе алдым,
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.
Шығардағы шынжыр шылдыр-шылдыр,
Шылдыр-шылдыр шынжырдағы шынжыр.
Ал, мықты болсаң жаңылмай оқып көр.
Ортаға екі бала шығып, жаңылтпаш айтып жарысады.
Білгішбек: Ақын атамның тағы бір өнері - әнге өлең жазу. Оның 1949 жылдан бастап 300-ге жуық өлеңі ән-әуенге айналыпты. Ол әндердің көбі өздеріңе арналған: “Мен - баласы даланың”, “Мұғалім ол біздің”, “Менің атам - майдангер”, “Көктем дала - Алматы”, “Біздің балабақшада”, «Жұлдызым» тағы басқа көптеген өлеңдері. Ендігі кезекті Ибрагим Нүсіпбаев ағаларыңның әніне жазылған әсем әнге берейік.
“Мұғалім ол біздің” әні.
Ая: Балалар, Мұзафар атамыздың көп еңбектенетінін білдіңдер. Ал осылай көп еңбектенуді кімнен, қалай үйренгендігі жайлы білгілерің келе ме? Бұл туралы атаның өзі былай дейді: (кітабын ашып оқиды) «…Дімкәс әке-шешеміз бізге кезекпен үй сыпыртатын, су әкелдіретін. Алты-жеті жаста мал жайлауды үйрендім. Тезек теру, шілік шабу, отын жару - бала шақтағы күнделікті үрдісіміз еді. Ауаны қалай жұтсақ, суды қалай ішсек, бұлар да сондай үйреншікті машық еді, арба жегу, етік жамау, түйме қадау, кір жууды да жатырқаған емеспін, кейде апама болысып, сиыр сауған күндерім де болды... Осының бәрінің өсе келе пайдасы тиді, әсіресе әдебиетте. Солардың бәрі еңбектене білуге, еңбектен ләззат табуға үйретіпті” - деп есіне алады.
Ертеңбай: Шәкірт болсаң,
Шоқандардай озық бол,
Оқу-білім бейнетіне төзіп көр.
Ертеңгі істі бүгін ойлап, бейімде,
Бүгінгіңді ысырма тек кейінге.
Қадари-хал талабы бар әркімнің,
Жастан шырқа әнін туған халқыңның.
Кітап құмармен сырлас бол,
Кластастармен мұңдас бол.
Қылқалам, бояу сөйлесін,
Сал туған ауыл бейнесін!
Үлкеннен үйрен,
Кішіге үйрет.
Жаманнан жирен,
Тозғанды күйрет, - деп Мұзатамыз маған да, сендерге де өсиет жолдапты. Достар, мен сендердің орталарыңы келгеніме қуанып тұрмын. Өзім сияқты Жалқаубай, Ертеңбай, Олақбайларға: кітапты көп оқып, өлең-жыр, аңыз-ертегімен дос болыңдар демекпін!
Ая: Атам - кітап, мен – дәптер,
Ақыл толы сөзіне.
Қызығам да, әлбетте,
Көшіремін өзіме.
Еш дүкенде сатылмас
Тегін кітап - сарқылмас
Өмір – кітап - атамыз!
Беттері ашық ұдайы,
Оқылатын кітап ол.
Сырын ашып ұдайы,
Тоқылатын кітап ол.
Еш дүкенде сатылмас
Тегін кітап - атамыз!
Қанша оқысаң, сарқылмас
Өмір-кітап - атамыз!
Қонақтар балалармен қоштасып шығып кетеді.
Кітапханашы: Міне, достар, мерекеміз аяқталуға жақын қалды. Келіңдер, жыр ақсақалы - Мұзатамыздан ақ бата сұрайық. Соңғы сөзді (бір баланың аты аталады) берейік. Ол бізге Мұзафар атамыздың ақ батасын оқып береді.
…Бола білсең, Күндей бол,
Барлық жұртты бірдей көр
Мейіріңді аямай
Жылуыңды бірдей бөл…
Кітапханшы:
Әумин,батаңыз қабыл болсын дей отыра.
Құтты болсын, ата туған күніңіз!
Алдымызда аман-есен жүріңіз,-деген жыр жолдарын арнағымыз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |