1918 жылдың жазында Кеңес елі үшін ең басты Майдан – Шығыс майданы болды. Шығыс майданның жағдайы қиындауына байланысты 1918 жылы 2 маусымда Орынбор қаласынан Қызыл Армия бөлімдері кейін шегінуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Ақтөбе майданы құрылды (1918 ж. шілде). Ондағы Қызыл әскерлерге Ташкент, Шалқар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Черняевск (Шымкент), Әулиеата және т. б. қалаларда құрылған шоғырлар келді.
1918 жылы шілде айында Жетісу майданы құрылды.
1918 жылы 29 мамырда «Міндетті әскери міндеткерлік негізінде еңбекшілерді мобилизациялау» туралы декрет жарияланды. Осы декреттен кейін әскери міндетті өтеуге еңбекшілердің белгілі жас мөлшеріндегілер шақырылатын болды. Сөйтіп, 1918 жылдың жазында ұлттық әскери бөлімдер ұйымдаса бастады. Алдымен Жетісуда, одан кейін Орынбор мен Орал қалаларында, Батыс Қазақстанда құрылды. Қызыл армияның құрамдас бөлігі ретінде 1918 жылдың күзінде Бөкей ордасында құрылған қазақ атты әскер полкінде Хамит Чурин, Ж. Сәрсеков, Х. Иманов, В. Жәнекешев т. б. болды.
1918 жылдың аяғы мен 1919 жылдың басында Ә. Жангелдин мен А. Иманов Торғайда екі атты әскер эскадронын кіші командирлер даярлайтын оқу тобын, пулиметшілер тобын, Ырғыз қаласында тағы бір атты әскер эскадронын құрды.
1920 жылы Түркістанда байырғы халықты әскерге тұңғыш рет күштеп жинау жарияланды.
1920 жылы наурызда Торғай облысында 6 мыңнан астам адам мобилизацияланды. 1920 жылдың басында Жетісу облысында 5,5 мың адамдық полктер құрылды.
1920 жылы мамырда 19 – 35 жастағы орыс емес ұлттардың 25 мың өкілі армияға шақырылды.
Ә. Жангелдиннің экспедициясы Ақтөбе майданына қару – жарақ пен оқ – дәрі жеткізуде маңызды роль атқарды.
1919 жылы 22 қаңтарда Орынбор азат етілді, ал 1919 жылы 26 қаңтарда Орал қаласы жау шебінен босатылды. Бұл Кеңестік Россияның Қазақ өлкесі және Орта Азиямен тікелей байланысын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
1919 жылы көктемде Антантаның Кеңес еліне қарсы біріккен жорығы басталды.
1918 жылдың аяғында Дутов, Анненков, Колчак топтарына қарсы партизан соғысы өрістеді. Партизандық астыртын жұмысты ұйымдастырушылар: Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, Ә. Майкөтов, М. Жәнібеков, А. К. Вайцеховский, А. В. Азаданов, К. М. Михалкович, В. В. Мей т. б.
Солтүстік Жетісуда партизан соғысы кең өріс алды. Мұндағы қорғаныс орталығыЧеркасское селосы болды. Черкасск қорғанысы 1918 жылдың маусымынан 1919 жылдың қазаң айына дейін созылды, яғни партизандар атаман Анненков тобына 13 ай бойы тойтарыс берді. 1919 жылғы тамызда Жетісу майданының қолбасшысы Л. П. Емелев әскерлері көмекке келуге әрекет жасап, сәтсіздікке ұшырады. Шайқас барысында Л. П. Емелев ерлікпен қаза тапты, ақыры 1919 жылы қазан айында анненковшылар Черкасскіні алып, 1800 адамды қырып тастады.