Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев


«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің атқарған істері



бет6/11
Дата04.11.2016
өлшемі2,79 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

«Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің атқарған істері:

Жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады;

– Халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті;

– Ақша-финанс жүйесі жасалынды;

– Халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы блып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды). Ол – М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі.

– Жер пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде көптеген қаулы-қарарлар қабылдады.

Батыс Алашорданың Жаһанша Досмұхамедов басшылық еткен үкіметінің атқарған істері 1919 жылы 20 желтоқсанда әдейі халықтық ұйымдар мен қызметкерлер Кеңесінде қорытындыланды, онда былай делінген:


  1. Қазақ жұртының өзін-өзі билеу құқығы іске асырылды;

  2. Азамат соғысы жағдайында бірімен бірі қырқысып жатқан екі саяси ағым арасында белсенді іс атқарылып, қазақ халқын бүліншілік пен тонаудан сақтады.

Бұл екі міндетті атқаруда Батыс Алашорда басшылары екіжүзділік саясат жүргізуге мәжбүр болды. Ол өмір талабынан туындаған еді.

4. Батыс Алашорда жетекшісі – Жаһанша Досмұхамедовтің

(1920-1938 жылдары) Кеңестік дәуірде атқарған

қызметі
1920 жылдың 11 қаңтарында Қызылқоғада Алашорданың Батыс бөлімінің соңғы Кеңесі өткізілді. Сөйтіп, 1918 жылдың 18 мамырында дүниеге келген «Ойыл уәлаяты» кейін Алашорданың Батыс бөлімі үкіметі 19 ай 3 күн өмір сүріп, өз өкілеттілігін тоқтатты.

1919 жылы сәуір айында Орынбордағы Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің мүшесі Мұхамедияр Тұңғаншинге Орталықтан телеграмма келіп, онда қазақ халқына Россия Советтік Федеративтік Социалистік Республикасының Федеративтік бөлігі ретінде еркіндігі жарияланып, оған сай өз үкіметін құру қақысы берілгендігі айтылды. Телеграммадағы бұл ой мынандай сөйлемге ұласқан еді. «Қазақтар үшін тарихи маңызы бар осы үкіметтік шара жөнінде хабарлап, Орталық Атқару Комитетінің бұл қаулысын бүкіл қазақ халқына жария етуді өтінеміз және Алашорда өкілдеріне олардың бұрынғы істері үшін бұдан былай Совет билігі тарапынан ешқандай да қуғындауға түспейтіндігін тез арада мәлімдеу қажет» [135].

Көп уақыт озбай жатып, 1919 жылдың күзінде-1920 жылдың басында-ақ өзінің уәдесінен жалтарып, Кеңес үкіметі алаш басшыларының соңына түсті. Әлихан Бөкейханов Семейде, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер Оралда тұтқынға алынды. Бірақ олар көп кешікпей, қазақ зиялылары: М.Әуезов, С.Қапанов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешовтің араласуымен тұтқыннан босатылды.



1920 жылы Алашорданың бұрынғы басшыларын өз топырақтарында қалдырмай, басқа аймақтарға ауыстыру туралы жасырын нұсқау берілді.

Осылайша, 1920 жылы ақпан айында Батыс Алашорда басшылары М.Фрунзенің нұсқауымен халықтан оқшауландырылып, Жаһанша Досмұхамедов бастаған неғұрлым беделді бес басшы: Жаһанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Беркін Атшыбаевтар Орынбор қаласына айдалды [136].



1922 жылы Күнбатыс Алашорданың басшысы Жаһанша Досмұхамедовке Орынборда сот болды. Сотта Жаһанша өзінің кінәсыз екендігін, Кеңес үкіметіне ешбір зиян келтірмегенін, Орал қорғанысы кезінде ақ гвардияшылар мен казактарға алаш тарапынан көмек бермегенін, тіпті Қызыл армияға 500 жылқы бергізіп, көмектескендігін айтып, ақталып шығады.

Сол жылы наурыздың орта шенінде ресми түрде «делегация» аталған топ Киревком төрағасы Песковскийдің бастауымен Мәскеуге келіп, осында Петроград көшесіндегі қонақүйге жатып, «Батыс Алашорда үкіметінің қызмет-әрекеті туралы баяндама хат» әзірледі [137]. Баяндама хатты Жаһанша В.И.Ленинге, И.В.Сталинге және Л.Д.Троцкийге өз қолымен табыс етті. Осы хаттың негізінде Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің Батыс Алашорда басшыларын қызметке пайдалану жөніндегі «үшінші шілде қаулысы» қабылданды. Нәтижесінде Жаһанша Досмұхамедов Бас тоқыма өнеркәсібі басқармасының жүн-жұрқа бөлімшесіне инспектор болып орналасты. 1920 жылдың қыркүйектің аяқ шенінде аталмыш мекеменің жолдамасымен Түркістан Республикасы халық шаруашылығы Орталық кеңесінің жүн-жұрқа бөлімшесіне меңгеруші болып, Ташкент қаласына жіберілді және Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті Қазақ бөлімінің хатшысы міндетін қоса атқарды.



1921-1922 жылдары мешін-тауық жұты кезінде Қазақстанның аштыққа ұшыраған Батыс және Солтүстік аймағы халқына азық-түлік жинап жөнелту үшін Түркістан атқару комитетінің тапсырмасымен Қарақол (Пржевальск) қаласына барды. Кейінірек, 1922-1924 жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары Білім комиссиясы жанынан құрылған «Талап» мәдени-ағарту қауымының тапсыруымен «Жауыздық низамы» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы Кеңестік қылмыстық кодексті әзірледі [138]. Осы кезде Досмұхамедовтің зайыбы Ольганың әпкесі Надежда Константиновна Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шықты. Жаһанша Досмұхамедов 1927 жылы қарашадан 1929 жылға дейін Қызылорда қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық банкісінде заң кеңесшісі қызметін атқарды. 1928 жылы Қорғаушылар коллегиясына мүше болып қабылданады. Астана Қызылорда қаласынан Алматыға көшкен кезде 1930 жылдардың басына дейін осы Алматы қаласында болды. [139] (бұл деректер Халел Досмұхамедовтің қызы Қарашаш апайдың айтуы бойынша беріліп отыр. авт. Д.С.) Жаһанша Досмұхамедов отбасымен сол жылдың ақпан айында Мәскеуге жұмыс ауыстырады. Жаһанша Досмұхамедов 1930 жылдың қазан айында «Скотовод» басқармасында істеп жүрген кезде, Замоскворечье ауданындағы Шаболовка көшесіндегі үйінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалды, кейінірек Алматыда жауапталды. 1932 жылы 20 сәуірде Қазақстан ОГПУ үштігінің «1921 жылы Ташкентте М.Тынышбаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы қимыл жасады» деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударылды, осы қалада 9 қаңтар көшесінде тұрған үйі бұл күнде сақталған. Воронежде жоғары оқу орындарында сабақ берді. Жаһанша Досмұхамедовтің бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне қарсы келетін ауызекі бірнеше дерек бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң, 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен, енді бір деректер бойынша, бет-әлпетін өзгертіп Қарақалпақстанды бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерінде ұсталды десе, үшінші бір дерек үйде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне салынғанын көрсетеді деп жазылған. Осы деректің ішінде үшіншісі, яғни өз пәтерінде жатқан жерінде тұтқындалғаны құжаттар негізінде анықталды. Нақты Жаһанша Досмұхамедовтің өмірінің соңғы кезеңі туралы дерек – осы. Себебі бұл деректі анықтайтын Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатынан жіберілген мұрағаттың анықтамасының көшірмесі ГАРФ, Ф.10035, Опись 1. Д.П-50151, Лл.3-76. 2003 жылдың 07.08.Мәскеу қаласынан алынды [140]. (авт. Д.С.). Осы анықтамада Жаһанша Досмұхамедовтің Мәскеу қаласында Хавско-Шаболовский переулок, д.11, кв. 265 мекенжайда тұрғаны және отбасы туралы мәліметтер берілген: әйелі-Досмұхамедова Ольга Константиновна 40 жаста, Пушкарева Ольга Федоровна 72 жаста, Жаһанша Досмұхамедовтің әйелінің анасы, жиені Досмұхамедов Хадия (Қадес) Жаһанша мен Ольга Константиновнаның асырап алған баласы 26 жаста, Жаһанша Досмұхамедов Мәскеу облыстық НКВД үштігінің 1938 жылғы 16 шілдедегі шешімімен ату жазасына кесілген, ату жазасы 1938 жылы 3 тамызда жүзеге асырылғанын да осы құжаттан көруге болады. Сонымен қоса 1938 жылғы 16 шілдедегі Мәскеу облыстық УНКВД СССР үштігінің шешімі 1957 жылғы 2 желтоқсан Мәскеу қалалық сотының отырысындағы шешімімен Жаһанша Досмұхамедовтің үстінен қозғалған іс тоқтатылғаны жөнінде жазылған [141].

Жаһанша Досмұхамедовтің ақталуы туралы Мәскеу мұрағатынан алынған 1997 жылдың 17.04. құжатта № 1811/57 ісі бойынша анықтама көрсетілген: «Жаһанша Досмұхамедов саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде толықтай ақталды», – деп жазылған [142].

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы Алматы облысы бойынша департаментінен 2001 жылдың 28 тамызында алынған Жаһанша Досмұхамедов туралы құжатта: «Қазақ ССР Жоғарғы сотының Жаһанша Досмұхамедовке қатысты 1932 жылғы 30 сәуірдегі Үштіктің шешімінің күші жойылып, оған қатысты іс тоқтатылып, 1958 жылғы 28 ақпандағы шешімімен оның ақталғаны көрсетілген...» [143].

Осылайша, Батыс Алашорда үкіметінің жетекшісі, заңгер Жаһанша Досмұхамедов өз өмірінің соңғы кезеңіне дейін халқының болашағы үшін күрескен, елінің тәуелсіздігі жолында өзінің алған бағытынан қайтпаған Алаш басшыларының бірі.



ІҮ ТАРАУ
БАТЫС АЛАШОРДА ҮКІМЕТІ МҮШЕЛЕРІ

ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨМІРДЕРЕКТЕРІ
1. Халел Досмұхамедов 1883 жылы 24 сәуірде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмында дүниеге келген. Қазақстандағы Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым. 1894 жылы Орал әскери-реалдық училищесінің дайындық класына қабылданып, оны 1902 жылы үздік бітірді. Осы жылы жоғары оқу орнына оқуға түсу үшін даярлық класында оқыды. 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери медициналық академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып, оқуға түсті.

Орал қаласының Батыс Қазақстан облыстық мұражайының қорында №26318-В құжатында Халел Досмұхамедовтің 9 маусым 1903 жылы жазған Санкт-Петербург Императорлық әскери медицина академиясына өтініші бар және оқу орнына жіберілген құжаттар тізімі тіркелген:

1) Орал әскери-реалды училищесін бітіргені туралы аттестат және әзірлік класын бітірген бағалары берілген;

2) Туу туралы куәлік (анықтама);

3) Әскери қызметін өтеу жөніндегі анықтамасы;

4) Барлық құжаттарының көшірмесі;

5) 3 дана суреті [144].

Осы жылдың қыркүйегінде Халел Досмұхамедов Санкт-Петербург Императорлық әскери медицина академиясына студент болып оқуға қабылданады. Студенттік шағында Орал облыстық земстволық стипендия тағайындалған.

1908 жылы 2-інші желтоқсанында Халел Досмұхамедовтің Тоқтыбаева Сағира Жармағалиқызына үйленгені жөнінде анықтама құжаты тіркелген. Сағира -18 жаста, Халел - 25 жаста делінген [145].

Сонымен қатар Халелдің оқу орнына жазған өтініштері бар, үйленуге рұқсат сұраған, жас семьяға бөлме сұраған, стипендия туралы жазылған. Бұл өтініштерінің бәрі де қанағаттандырылған [146]. Стипендияны (шәкіртақыны) Сағираның әкесі № 6 ауыл старшинасы ай сайын 50 рубль мөлшерінде Халел Досмұхамедовке төлеп тұрады делінген. Барлық стипендия 90 рубль деп белгіленген.

Сонымен қатар 5 жыл бойына оқытылған сабақтары мен өткен практикаларының бағалары қойылған анықтама қағазы - выпускное бар [147].

Ал медицина академиясының дипломы Халел Досмұхамедовтің қолына әскери борышын және практикасын толық аяқтаған соң берілетіні айтылған.



Халел Досмұхамедовтің студенттік өмірі империяның саяси толқуларға толы кезеңімен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикер», «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, болып жатқан саяси толқулардың мән­­-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1905 жылы Орал қаласында бес облыстың делегаттары жиналған съезде Ресей кадеттері партиясының жергілікті бөлімшесі есепті құралған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының 9 адамнан тұратын Орталық комитетіне Б.Қаратаев, М.Бақтыгереевтермен бірге сайланды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен бітіріп, офицер ретінде келісімді мерзімге әскери міндетін өтеуге жіберілді [148]. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-інші Түркістан, 2-інші Орал казак-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. Осы жылдары Орал қалалық ауруханасында бір жыл мамандандыру курсын өтеді. 1912-1913 және 1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне қатысты. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталады. 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасты. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Темір дәрі хақында», «Сары кезік-сүзек, «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» деген кітабы өз кезінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болды.

1917 жылы Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін қазақ даласында облыстық жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысты. Орал облыстық қазақ съезінде Жаһанша Досмұхамедов екеуі «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері» атты жергілікті және облыстық деңгейдегі басқару жүйесін толық қамтыған заң жобасын ұсынып, оған делегаттар бір ауыздан дауыс берді. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы желтоқсанда 2-ші жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесі құрамына енді. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскери-халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық, қаражат жинау ісіне күш салды. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, 1918 жылы наурыз айында Жаһанша Досмұхамедовпен бірге Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен, ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен келіссөздер жүргізеді. Большевиктер Кеңес үкіметін толық мойындап, сөзсіз бағынуды талап етсе, олар Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік, сот жүргізу, өз әскері болу), қазақтар шоғырланған жерді түгел қазақтарға қайтару, әр жерде Кеңес органдары тұтқындаған Алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мәселелерді батыл қоя береді. 1918 жылы 18-21 мамырда Жымпиты қаласында өткен Орал өңірі қазақтарының 4-съезінде Қазақстанның бүкіл батыс өңіріне ықпал етерлік ұлттық-территориялық құрылым – «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін жариялауға қатысты. Алашорда қайраткерлері бұл құрылымды қолдап, оған «Алашорданың батыс бөлімшесі» деген ат берді. 1919 жылы Кеңес үкіметін амалсыз мойындаған соң, Қазақ өлкесіне басқару жөніндегі революциялық комитеттің 1920 жылы 5 наурыздағы Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бір тобымен Досмұхамедов Ресейдің орталық губернияларына жіберілді. Осы жылдың жазынан бастап, Ташкентке келіп жұмыс істеді. 1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының, мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімнің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Жауапты қызметтер атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына мол үлес қосты. «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Оқушылардың саулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер» т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды. 1922-1925 жылдары мәдениетті көркейту мақсатында құрылып, жұмыс жасаған «Талап» қауымының жұмысын ұйымдастырып, халқымыздың мәдениетіне, тарихына қатысты материал жинақтап, тілдің дыбыс жүйесін зерттеді. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» (1924), «Шернияз шешен» (1925), «Алаш не сөз», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана» (1927) т.б. жинақтарын шығарды. 1924 жылы Ресей ҒА-ның орталық өлкетану бюросының мүшесі болып сайланды, осы жылы Түркістан халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеуде өткен Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты. 1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді. Алайда келесі жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеді. Сондағы бір жыл келісімді мерзім бітсе де, елге оралмады. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, Мәскеуге, кейін Алматыға әкелінді. 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. 1939 жылы 19 тамызда «түрме ауруханасында өкпе туберкулезімен қайтыс болды» деген хабар келген. Бірақ бұл дерек толық анықталған жоқ. 1958 жылы 11 ақпанда ақталған. Қазіргі туған жері Атырау облысының Миялы кентінде оған ескерткіш қойылған, Атырау университетінде, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелердің біріне Халел Досмұхамедовтің есімі берілген.

Халел Досмұхамедов мамандығы дәрігер бола тұра, тарихты, саясатты, тілдің даму үйлесімділігін зерттеген ғалым. Оның көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері баршылық әрі медицинаны да дамытуға көп еңбек еткен адам.

Батыс Алашорда үкіметінің басшысы Жаһанша Досмұхамедовтің айнымас қанды көйлек жолдасы. Олардың достығы жөнінде Алаш қайраткерлері арасында мәнді әңгімелер сақталған. Мысалы, 1930-1932 жылдары Алаш қайраткерлері жаппай тұтқындалып, әуелі өлім жазасына кесіліп, кейіннен көпшілігі Воронежге жер аударылған жылдары, бір-бірінен хабар ала алмаған уақытта Мағжан Жұмабаевтың «Екі дос» деген өлеңінде:
Қайда екі дос?

Орал боп-бос...

Қайда олар?

«Алла хақ, –

Біз нахақ», –
деп жүр деген сөзі адамға үлкен сезім тудырады.

Бүгінде Орал қаласында көшеге, колледжге Жаһанша Досмұхамедовтің есімі берілді және ескерткіші қойылды, ал Халел Досмұхамедовке көше атын беру кейінге қалдырылуда, алда тұрған үлкен міндет осындай олқылықтардың орнын толтырып, болашақта Халел Досмұхамедов есімін көшеге беру. (авт. Д.С.)


2. Дәулетше (Дәулетшаһ) Күсепқалиев 1874 жылы 23 тамызда Орал облысының Калмыково уезінде ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының мұражайындағы Дәулетшах Күсепқалиевтың ісінен алынған [149].

Дәулетше Күсепқалиев жеті атасынан тараған хан тұқымы – Әбілхайыр ханнан тарайды. Дәулетше Күсепқалиевтің әкесі құжат бойынша Юсуфгирей деп жазылған, негізінде Жүсіпкерей, ал анасы – Хадиша [150].



Дәулетше Күсепқалиевтың арғы ата-тегін растайтын құжатта 96 адам қол қойып, рулық таңбасын басқан, 2-інші Өлеңті болысының басқармасынан деп мөрі басылған [151]. Басқа деректерде 1869-1870 жылы Кіші жүз қазақтарының патшалық жаңа басқару жүйесіне қарсы көтерілісті бастаған Күсепқали көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін, Ахметше, Шәңгерей, Сәлімгерей, Әділгерей, Сахыпкерей, Жүсіп дейтін алты баласымен бірге Сібірдегі Екатеринослав уезіне жер аударылды. Жүсіптің баласы Дәулетшаһ Старосербск қаласында дүниеге келді. 1880 жылы тірі қалған ағаларымен бірге елге – Жайық өңіріндегі Азынабай-Тайпақ атырабына, атамекені Ақбақай жайлауына (қазіргі Қаратөбе ауданы Саралжын ауылы маңына) оралды. Дәулетше Күсепқалиев болыстық орыс-қазақ мектебін және Орынбор гимназиясын тамамдады.

Дәулетше Күсепқалиев 1895 жылдың 8 маусымында Орынбор қаласындағы ерлер гимназиясын күміс медальмен оқып, аяқтап шығады [152]. 1895 жылдың 1-інші шілдесінде Император атындағы Мәскеу университетіне қабылданады [153]. Ал 1900 жылы 12 маусымда осы оқу орнын тамамдап, «Емші» деген біліктілік жазылған № 911 дипломын алып шығады [154]. Студенттік жылдары Дәулетше Күсепқалиев Орал әскери Казахствосының басқармасынан стипендия (шәкіртақы) алып оқыған [155]. Кейбір деректер бойынша осы университеттің заң факультетінде қатар оқып, екі дипломды бірге алған. Сол жылы Орал облысына қарасты Ілбішін уезіндегі 2-інші медицина-ауылдық учаскіге дәрігер болып бекітілді, Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрігерлік қызмет көрсетті. 1903 жылдан Орал облысындағы Гурьев уезіне қарасты 2-учаскінің Есбол, Қарабау, Кермеқас, Тайсойған және Қызылқоға болыстарына қызмет көрсететін дәрігер әрі осы учаскіде крестьянский начальник, Кермеқас 1 кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі. Көрнекті қазақ ақыны Шәңгерейдің ағасы Мұхамедкерей Бөкеевтің қызы Айшаға үйленеді. 1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі, сондай-ақ крестьянский начальник. Облыстық земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйытқы болды. Саратовтық эпидемиолог-дәрігер Г.Кольцовпен бірге алғаш қазақ даласында обаға қарсы күресетін лаборатория ұйымдастырды, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. 1914 жылы Самара қаласында өткен облыстық обаға қарсы күрес съезіне қатысып, жан-жақты баяндама жасады. Бұл оқиғаға Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады. Дәулетше Күсепқалиев, сондай-ақ «Қазақ» газетіне қалам қызметімен қолдау көрсеткендердің бірі. Осы еңбегі үшін газет басқармасы 1914 жылы 45-ші нөмірінде оған басқа азаматтармен бірге алғыс айтты. Ол 1915-1916 жылдары Жайық өңірінде сауда-кәсіпкерлік ісінің өркендеуіне үлес қосты. Мал тұқымын асылдандырумен айналысты, бір өркешті бактриян түйелері мен жергілікті тұқым арасынан төзімді де өнімді жаңа нар тұқымын шығарды, шағын несиемен жұмыс істейтін шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйытқы болды. Х.Тоқберлиновпен бірлесіп, «Қазақ» газетінде 1916 жылы шағын қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады. Ақпан революциясынан кейін іле-шала әлеумет жұмысына араласты. 1917 жылы 10 наурызда Жайық сырты қазақтары өкілдерінің жиналысындағы Ғ.Әлібековтің төрағалығымен құрылған Жайық сырты бөлігі облыс комитетіне мүшелікке сайланды және осы комитет Орал облыстық азаматтық комитетіне Ғ.Әлібеков, Б.Қаратаевпен бірге өкіл болып кірді. Сол жылы сәуірде өткен 1-ші Орал облыстық қазақ съезінде Орал облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылғы желтоқсандағы 2-інші жалпықазақ съезінің делегаты, съезд хатшысы. Алаш автономиясын дереу жариялауды жақтап дауыс берді. 1918 жылы қаңтарда өткен земство мекемелеріне дауыс берушілердің облыстық мәжілісінде Г.Попов, К.Жаленов, Ы.Топаев, Қ.Ғалиев, Ы.Шұғыловпен бірге Жайық сырты облыстық управасының мүшесі болып сайланды. Айтылмыш управа төрағасы Халел Досмұхамедовпен пікірлес, идеялас болды. Сол жылы сәуірдің аяқ шенінде Попов, Жаленов, Топаевпен бірге Барбастауда Орал казактарының әскери үкіметімен арадағы әскери-саяси одақтық келісімшартқа облыстық управа атынан қол қойды. Мамырда Жымпитыда өткен 4-інші Орал облыстық қазақ съезінің делегаты, съезд төрағасының орынбасары. 1918-1919 жылдары Ж.Мергенов, Жаһанша Досмұхамедовпен бірге «Ойыл уәлаятындағы» Алашорда үкіметі кеңесінің мүшесі болды. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруінен кейін Халел Досмұхамедов капитан Волковпен бірге Орал казактарының әскери үкіметі мән-жайды баяндап, көмек алып келу үшін жіберілген делегация құрамына кірді. Батыс Алашорда таратылған соң, оның жауапты қызметкерлері қатарында Орынборға әкетілді. 1920 жылғы наурыз - 1920 жылғы шілде аралығында Қазақ әскери-революциялық комитетінің денсаулық сақтау бөлімі санитариялық-эпидемиологиялық қосалқы бөлімінің меңгерушісі болды. Өз өтінішімен және Орал губревкомның төрағасы, күйеубаласы Есенғали Қасаболатовтың сұрауына орай, 1920 жылы шілдеде Жымпиты уездік ауруханасына меңгеруші етіп жіберілді. Есенғали Қасаболатов Орынборға ауысқаннан кейін, 1921 жылы Тайпақ дәрігерлік учаскесіне меңгеруші етіп жіберілді. Осында жүріп Жымпиты уезі бойынша медициналық- санитарлық көмек ісін жолға қоюдың жан-жақты жоспарын жасап, 1921 жылы Орал губревкомы мен денсаулық сақтау бөлімі төралқасының мәжілісінде баяндама жасады. Сол жылы мамырда Орынборда өткен 1-інші Бүкілқазақ медицина қызметкерлері Кеңесінде «Орал губерниясына қарасты Жымпиты уезінің географиялық, этнографиялық, тұрмыстық жағдайы және медицина-санитарлық ахуалы» атты тақырыпта баяндама жасады. Денсаулық жағдайына байланысты өз өтінішімен қызметтен босатылып, атамекені –Азынабай-Тайпақ жерінде шаруамен айналысты. 1928 жылы күзде «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі категориямен тәркіленіп, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округіне жер аударылды. 1929-1934 жылдар аралығында Алматыда, республикалық венерологиялық диспансерде дәрігер әрі Алматы ауылшаруашылық институтында оқытушы. 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысының Қаскелең аудандық ауруханасының, Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданындағы ауруханасының, Семей облысы Абай ауданындағы аурухананың бас дәрігері. 1944 жылы соңғы қызмет еткен жерінде қайтыс болды. Дәулетше Күсепқалиев еңбек еткен ауруханасының лазареті бүгінде Жымпиты елді мекенінде сақталған. Осы лазаретті күрделі жөндеуден өткізіп, емхана ретінде қолдануға болады және Дәулетше Күсепқалиевтің есімі Жымпиты ауылының көшесіне берілсе, өте орынды болар еді.


Батыс алашорда тарихы
Несколько слов о киргизском обычном праве и народном суде
Тобанияз әлниязов



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу