Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев


Саяси күрес тарихының кезеңдері



бет2/11
Дата04.11.2016
өлшемі2,79 Mb.
#317
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2. Саяси күрес тарихының кезеңдері

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейінгі кезең патша өкіметінің қазақ халқын ұлттық рухтан айыру үшін барын салып, экономикалық, саяси жағынан қанауды мейлінше күшейте түскен кезеңі болды. Оның бірқатар объективті себептері де бар еді. Алдымен Ресейдің өз ішінде революциялық толқулар, қозғалыстар күшейіп, оның соңы монархиялық режимнің құлауымен тынды. Ресей экономикасы бірінші дүниежүзілік соғыстан әбден күйзеліп шықты. Сол себепті ондағы экономикалық дағдарыс та өзінің шегіне жетті. Империяның аграрлық секторы дағдарысқа ұшырап, шаруалардың жаппай ашаршылыққа ұрынуы оларды ғасыр басында отар аймақтарға, оның ішінде қазақ даласына қоныстандыру процесін жеделдетті. Бұл өз кезегінде жергілікті қазақтар тарапының наразылығын күшейтті. Ресейдегі монархиялық режимге, самодержавиеге қарсы оппозициялық партиялар мен саяси күштер ықпалы қазақ даласына да келіп жетіп, жергілікті халықтың саяси санасын шыңдай түсті. Міне, осындай қат-қабат қайшылықтар 1916 жылғы көтеріліске әкеліп, оның соңы бүкіл қазақ даласын қамтыған ұлттық, саяси тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Қазақ зиялы қауымы осы қозғалыстың саяси жетекші күшіне айналды.

Адамзат тарихы әлденеше рет дәлелдегендей, ұлттың бірлігі, қоғамның күші, халық рухы сын сағаттарда сыналып, шыңдалады. Міне, осы кезде тарих сахнасына оның шын мәніндегі ел бастаған көсемдері мен біртуар перзенттерінің үркердей озық ойлы тобы шықты. Бұл кезең, Гумилевше айтқанда, қазақ пассионарлығының, яғни ұлттық интеллектуалдық күш-қуатының жанартаудай жартасты жара атылу кезеңі болды. Сондықтан біз пассионарлығының айқын көрінісі немесе ХХ ғасыр басындағы ұлттық ренессанс кезеңі саналатын осы кезеңді қазіргі жас ұрпаққа барынша тереңірек ұғындырып айтуымыз керек.

Қазақ халқының қадым ғасырлардан бастау алып, ғасырлар тоғысында ерекше сипатқа ие болған ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасуы мен дамуы – Ресей империясымен, оның қазақ даласында жүргізген отарлау саясатының ерекшеліктерінен туындайтын бірнеше кезеңдерден тұрады. Кеңес одағы дәуірінде мұндай кезеңдеу жүйесі партиялық әдебиетте қалыптасқан революциялық қозғалыс кезеңдерімен сәйкестендіріліп, оның қазақ даласындағы нақты көріністеріне, ішкі заңдылықтарына, тенденцияларына, ерекшеліктеріне, пайда болуы, дамуы, шарықтау шектеріне ерекше мән берілмеді. Сондықтан осы еңбекте қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыс кезеңдерін ғылыми объективтілікті басшылыққа ала отырып, жаңаша жүйелеуді жөн көрдік.

Кез келген халықтың ұлт-азаттық қозғалысы тарихын бүкіл әлемдік контекстен бөліп қарауға болмайды. Ал ұлт-азаттық қозғалыстың заңдылықтары жөніндегі зерттеулер саяси және құқықтық ілімдер тарихының негізін құрайды. Жаңа замандағы қазақ тарихын, оның ұлт-азаттық қозғалыстардан туындайтын саяси және құқықтық тарихын төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастыруға болады:

бірінші кезең – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі революциялық қозғалыстың өрістеуінен туындаған кезең. Бұл 1905 жылға дейінгі уақытты қамтиды.

екінші кезең – Қазақстанда отаршылдық езгі, патша өкіметінің қазақ халқын қанауды одан әрі күшейтуі негізінде туындаған әртүрлі бас көтеру, наразылық акцияларынан бастап, саяси күштердің «Қазақ» газеті төңірегіне топтасуына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл – 1905-1912 жылдар аралығы.

үшінші кезең – «Қазақ» газеті шығуымен ұлттық зиялы қауымның біртұтас саяси күшке айналып, оның Ақпан (1917) революциясына дейінгі азаттық жолындағы күресін қамтитын кезең.

төртінші кезең – Ақпан революциясынан бастап, Алашорда үкіметінің құрылуымен аяқталатын (1917 жыл, желтоқсан) – саяси тәуелсіздік жолындағы күрес кезеңі.

бесінші кезең – қазақ қауымының саяси жетекші күшін құрайтын Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің қуғындалып, қозғалыстың таратылу кезеңі (бұл 1919-1920 жылдарды қамтиды).

Енді осы кезеңдеу жүйесінің теориялық тұжырымдары мен заңдылықтарына тоқтала кеткеніміз жөн.

Бірінші кезең ХІХ ғасырдың аяғында Ресейде самодержавиеге қарсы әртүрлі идеялық-саяси ағымдар пайда болды. Дәл осы кезеңде империяның аса үлкен ғылыми орталықтарында кейіннен қазақ зиялы қауымының негізін құраған қазақ жастары білім алды. Олардың ішінде Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Ж.Сейдалин, Жаһанша Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов т.б. болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ХХ ғасыр басында Қазақстанның әр түкпірінен шығып, Ресейдің түрлі қалаларында білім алған қазақ жастарының саны 700-ге жуықтаған [41]. Олардың таңдаған мамандықтары, білім алған оқу орындарының беделі, ол оқу орындарының үлкенді-кішілі қалаларда орналасуына қарамастан, барлығы дерлік сол кездерде бүкіл Ресейді шарпыған саяси күреске тартылды. Олар студент кездерінің өзінде-ақ саяси қозғалыстар мен партиялар ісіне араласып, әртүрлі идеялық-саяси ағымдармен таныс болды. Егер сол тұстағы көптеген саяси қозғалыстардың «бауырластық», «теңдік», «азаттық» идеяларын ұстанғанын ескеретін болсақ, самодержавия мен отарлауға қарсы бағытталған мұндай ағымдар қазақ жастарының көңілінен шықты. Сондай жастардың бірі, кейін Алашорда қозғалысының көрнекті қайраткеріне айналған Әлібек Ермековтің Мұхтар Әуезовпен бірге 1932 жылы жазған әйгілі мәлімдемесінен айқын аңғаруға болады: «Менің саяси бағытым, өзім бұрын патша заманында езілген елдің баласы болған соң, әрқашан өзге мәселенің бәрінен бұрын ұлт қамын ерекше ғып жоғары ұстап, соны қалыптан асыра, көтере бағалауда болған. Оны туғызған патшаның отаршылдық саясаты. Қазақ жерін Ресей алпауыттарына жағынамын деп отаршылдыққа аяусыз тартып әпере беруі. Ұлт мектептерін жойып, шаруа жүзінде халықты жауша қанауы болған» [42].



Бұл кезеңге төмендегідей сипаттар тән болды. Біріншіден, қараңғылық жайлаған қазақ даласындағы орыс отаршылдарының озбыр әрекетін өз көзімен көріп өскен қазақ жастары туған халқын отаршылдық қамытынан құтқару үшін монархиялық режимді құлатуға бағытталған кез келген саяси күштер ісіне белсене араласып, түрлі идеялық-саяси ағымдардың теориясы мен тәжірибесін оқып үйренді. Екіншіден, орысша сауат ашып, тәлім-тәрбие алған қазақ жастары туған халқын еуропалық мәдениет пен ғылым-білімге жақындатудың бірден-бір жолы орыс тілін, мәдениетін, ғылымын үйрену деп білді және өз отандастарын оны меңгеруге шақырды. Ұлттық мемлекеттілігін бұдан бірнеше ғасыр бұрын жоғалтып алған қазақ қоғамын бірден емес, біртіндеп саяси тәуелсіздіктің сатыларынан өткізіп барып, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуді алға қойды. Осы орайда олар қазақ елін әуелі Ресей Федерациясының құрамындағы «құрдас» (тең дәрежедегі) автономия формасында көрді және бұл халықты орынсыз қантөгістен алып шығудың бірден-бір дұрыс жолы еді. Үшіншіден, толық мемлекеттік тәуелсіздік идеясы түпкі мақсат болғанымен, сол кездегі қазақ қауымында орын алған саяси-экономикалық жағдай мен саяси күштердің толық пісіп-жетілмеуі оны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Оған патша өкіметінің ғасырлар тоғысында қазақ жерін отарлауды жеделдетуі мен орыс мұжықтарын жаппай қоныс аудартуы, соның нәтижесінде қазақ қоғамындағы демографиялық, этникалық, саяси және әскери күштердің ара салмағының өзгеруі де әсер етті.

Екінші кезең бұл кезең – ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі монархиялық жүйеге қарсы саяси күштер мен қозғалыстардың бүкіл ресейлік сипат алып, жаңа кезеңге аяқ басқан 1905 жылдан басталып, Қазақстан үшін жалпы ұлттық саяси күштің трибунасы болған «Қазақ» газетінің шығуына дейінгі кезең. Бұл кезең іштей екі бөліктен: Бүкіл ресейлік революциялық қозғалыстың қазақ даласында ұлт-азаттық күштерді ояту мен әрекетке түсіруі және оның патша өкіметінің кең көлемде жүргізген жазалау шаралары негізінде ашық бой көрсетулерден ұйымдасқан, жария саяси күреске ұласу бөлігінен тұрады. Бұл кезеңнің де өзіне тән сипаттары болды. Біріншіден, Ә.Бөкейханов айтқандай, бұл кезеңде «бұл дала саясат ісіне тартылып, азаттық қозғалысының ағымына араласты» [43]. Әрине, бүкіл қазақ даласын қамтыған саяси қозғалыстардың басты күші – Ресейдің саяси күрес оты лаулаған орталықтарынан оралған оқыған қазақ жастары болды. Оның айқын дәлелі 1905 жылы Императорлық Санкт-Петербург университетінен еліне оралған Халел Досмұхамедов бірден саяси күрес ісіне араласып, жергілікті қазақтар арасында саяси үгіт жұмысын бастап және оның қаласында конституциялық-демократиялық партия құру жолында қазақ зиялыларының бас қосуы еді. Екіншіден, қазақ жастарының Ресейдегі самодержавиеге қарсы кез келген ашық наразылықты асқан жауыздықпен басқан әйгілі «Қанды жексенбі», «Лена қырғыны» оқиғаларынан кейінгі күрестің ашық, жария және өркениетті түрін таңдауы, ол түрлі питециялар мен арыз-шағым түсірулерден бастап, баспасөздегі өткір сынға, саяси күреске шақырған кітаптарға (мәселен, 1909 жылы қазақ жастарының саяси ұранына айналған «Оян, қазағының» жарық көруі) ұласты. Осылайша жария саяси күрестің ең төменгі сатысынан басталған қазақ зиялыларының бұл қозғалысы өркениетті елдердегі саяси күрестің күрделі формасы ең жоғарғы заң шығарушы билік органы-парламенттегі орынға, яғни Мемлекеттік Думадағы орын үшін күреске ұласты. Мәселен, 1906 жылғы қазақ зиялыларының алғашқысы болып Мемлекеттік Думаға Ә.Бөкейханов сайланды және т.б. Бұл қазақ зиялыларының саяси-күрес формаларын мейлінше меңгеріп, тәжірибесінің пісіп-жетілгенін көрсетті. Үшіншіден, бұл кезеңге қазақ даласындағы саяси күштер де өз ішінде жіктеліп, екі үлкен ағымның төңірегіне топтасты. Бірінші – орыс революциясынан кейінгі қазақ қоғамында орын алған саяси оқиғаларды саралай келіп, Ә.Бөкейханов 1910 жылы олардың екі бағытта дами бастағанын атап көрсетті. Олардың алғашқысы ұлттық-діни сипатта болса, кейінгісі еуропалық мәдениет үрдісін қабылдады [44]. Ә.Бөкейханов мақаласында 1910 жылға дейін қазақ даласында айқын сипатты белгіге ие болған саяси партиялардың болмағанын жазады. Сондықтан кейбір зерттеушілер жазып жүргендей, 1910 жылға дейін қазақ қоғамында жария яки жасырын түрдегі ешбір партия жұмыс істеген жоқ, тек саяси күштердің жоғарыда аталған екі бағыты төңірегінде топтасуы жеделдей түсті. Төртіншіден, бұл кезеңде саяси партиялардың әлі құрыла қоймауы өлкедегі саяси күштер жұмысын жоққа шығара алмайды. Бұл кезеңде Ә.Бөкейханов атап көрсеткендей, жасырын, қазақ съездері өтті [45]. Архив деректері дәлелдегендей, дәл осы кезеңде Ж.Ақбаев пен Ә.Бөкейхановтың саяси, шығармашылық, достық одағы басталып, олар Қарқаралыдағы саяси үгіт жұмысын өрістетеді. Батыс Қазақстан өлкесінде де саяси күрес, ереуілдер т.б. деңгейдегі наразылықтар күшейді.

Бесіншіден, дәл осы кезеңде саяси күрес жұмысы саяси-құқықтық идеяларға ұласып, болашақ қазақ қоғамы мемлекеттілігінің нысандары талқылана бастады. Осындай талқылауларда дербес автономия алу идеясы ұсынылды.

Үшінші кезең ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары жалпыұлттық саяси трибуна атқарған «Қазақ» газеті төңірегінде топтасуын одан әрі күшейте түсті. 1910 жылы Ә.Бөкейханов осы уақытқа дейін қазақ тілінде кітап басатын бірде бір баспа, бірде бір газет жоғы екендігінің өкінішін айта келіп: «Бұлар туралы ой қазақ даласында азаттықтың бақытты күндері басымызға келсе де, жүзеге аспап еді», –деген еді.

«Қазақ» газетінің қазақ халқын саяси күреске жұмылдырудағы рөлін большевиктік тарихшы Н.Мартыненко 1935 жылдың өзінде-ақ: ««Қазақ» газеті Алашорда съездерін шақырудың идеологиялық дайындығының ұйымдастырушысы болды. Кейіннен бұл газет Алашорда үкіметі мен партиясының орталық органына айналды. Ол большевизмге қарсы аяусыз сынды өрістетті», – деп атап көрсетті [47]. Бұл шын мәнінде тарихи шындыққа толық сәйкес келетін баға еді. «Қазақ» газеті қазақ қоғамындағы саяси күштерді топтастырып қана қойған жоқ, ол сонымен бірге жалпы қазақ Құрылтай съездерін өткізудің бас штабына айналды. Онда талқылауға ұсынатын саяси және құқықтық мәселелерді кеңінен насихаттап, халықтың құқықтық сауатын ашты. Осы саладағы алғашқы талдаулар мен зерттеулердің орталығына айналды.

Газет бетіндегі Ә.Бөкейханов [48], М.Дулатов [49], Ж.Сейдалин [50] және Шәкәрімнің [51] мақалаларында саяси күрес, қазақ елінің жаңа әкімшілік бөлінісінің зиянды зардаптары, сот ісі, Мемлекеттік Думаға депутат сайлаудың жай-күйі талқыланды. Мұндай мақалалар халықтың құқықтық сауатын ашумен бірге саяси күреске шақырған үгіт-насихат құралының рөлін де атқарды.

Төртінші кезең Ресейдегі монархиялық режимді құлатқан 1917 жылғы Ақпан революциясынан бастау алады. Бұл хронологиялық шегі қысқа болғанмен, қат-қабат саяси оқиғаларға толы тарихи кезең болды. Қазақ зиялылары Ақпан революциясын патша самодержавиесінің келмеске кеткені ретінде қабылдап, Ресейде демократиялық негіздегі қайта құрулар жүзеге асатын болады деген үмітпен қарсы алды. Мәселен, Әлихан, Мұстафа, Міржақып деп қол қойған «Қазақ» газетіндегі «Алаш ұлына» деген үндеуде: «Азаттық таңы атты... Ресейдің қол астындағы халықтардың бәріне дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай, азаттық әперді. Енді бәрі теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр» [52], – деп қуана хабарлады.

Ақпан төңкерісінен кейін Алаш арыстары өзгелермен терезесі тең ұлттық-аумақтық автономия құру жолында жұмысты өрістетіп жіберді. Олардың саяси күрестегі тактикасы мен стратегиялық мақсаты да осы ұлы идеяға қызмет етуге арналды. Төртінші кезең Алаш ардагерлері қозғалысының апогейі, саяси күресінің шырқау шыңы болды.

Бесінші кезеңді Кеңес өкіметі мен келіссөздер кезеңі деп бағалауға болады. Большевиктердің Қазан төңкерісінде жеңіске жетіп, Ресей империясы біртіндеп Азамат соғысының от-жалынына оранған кезеңде, Алашордашылар қазақ халқын қызылдардың қырғыны мен ақтардың лаңынан сақтап қалу үшін саяси күрестегі тактикасын өзгертіп, жеңген де, жеңілген жақпен де келіссөздер жүргізе бастады. Бұл кезеңде Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер Ресейдің түрлі орталықтарында болып, әртүрлі саяси, әскери күш өкілдерімен келіссөздер жүргізді. «Сарыарқа» газетінде 1917 жылдың маусымында жарияланған «Жақып Ақбаев туралы» [53] хабарда оның Құрылтай жиналысына қатысу үшін Петербургке кеткені туралы мәлімет бар. Осы кезеңде Ж.Ақбаевтың да саяси қызметі бұрынғысынан да күшейіп, заңгер-ғалым келіссөздер ісіне белсене араласады.

Алаш ардагерлері алғашында большевиктер жеңісін кездейсоқ деп бағалап, оны қабылдамағаны анық. Ә.Бөкейхановтың 1917 жылдың желтоқсан айында «Шаруа, жұмысшы және солдаттарға арналған жаднамасында»: «Халық Комиссарлар төрағасы Ульянов-Ленин ІІ Николай сияқты жеке дара билік жүргізіп, ешкіммен есептескісі келмейді. Билеушілердің жарлықтарына халықтық бақылау жасауды «буржуазиялық сарқыншақтар» деп есептейді.

Билеушілердің жауапкерсіздігін біз Николай патша заманында көріп едік. Большевиктер Төрағасы Ульянов-Ленин халықты Николай сияқты аузын буған малдай көреді.

Шаруалар, жұмысшылар мен солдаттар большевиктер ретіндегі революционердің қызыл маскасының ар жағында қаражүздіктердің бейнесі көрінеді» [54], – деп жазады.

Алғашында большевиктерге мүлде қарсы позиция ұстанған Алашордалықтар кейіннен біртіндеп саяси күрес тактикасын өзгертіп, олармен де келіссөздер жүргізеді. Оның нәтижесін туған халқының тәуелсіздігі жолындағы ұлы мақсаттарына пайдалануды көздейді.

1917 жылдың желтоқсанында большевиктер мен оның көсемі В.И.Ленинді аяусыз сынға алған Ә.Бөкейханов арада небәрі үш ай өткенде Семей қаласынан тікелей телефон байланысы арқылы В.И.Ленин және сол кезде большевиктік үкіметтегі Ұлт істері халық комиссариатын басқарған И.В.Сталинмен келіссөз жүргізеді.

Большевиктер Алаш қайраткерлерін жалған уәдемен алдап, өз жағына шығарады. Шын мәнісінде көптеген зиялы қауым өкілдері Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында партия, кеңес мекемелеріне жұмысқа тұрып, туған халқының саяси, рухани түлеуі жолында қызмет істеді. Өкінішке орай, көп ұзамай, 1920 жылдан бастап олардың басты тұлғалары қуғын-сүргінге ұшырап, айдауға жіберілді; сталиндік түрмелерде жазықсыз жапа шегіп, ату жазасына кесілді.

Қазақ халқының ХІХ ғасыр аяғы-ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық күресін жоғарыдағыдай кезеңдеу оны Ресейде ғана емес, қазақ жерінің өз ішіндегі саяси қозғалыстар мен күштердің пайда болу, даму, өрістеу заңдылықтарынан туындады және оны анықтауда саяси және құқық тарихы саласындағы зерттеулерде жинақталған тәжірибе де ескерілді.

ІІ ТАРАУ
ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДОВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
1. Саяси өмірбаяны
Бұлдырты бойы – ежелден құт мекен. Жер елімен құтты, ері елімен танымал болған осынау қалың елде бетке ұстар азаматтар көп болған. Орақ ауыз шешен де, еңсегей бойлы батыр да ел арасында мол болған. Көршілері Қызылқұрт, Барамық, Аталық, Ысықтардан небір атқамінер азаматтар шығып, елге тұтқа болған жер – бұл.

Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы бұрынғы Жымпиты, қазіргі Сырым ауданы (1992 жылдан авт. Д.С.) «Бұлдырты» кеңшары жерінде дүниеге келген (бұл жерлер бүгінде сақталған, тек кеңшар ауылдық кеңес деп аталады). Жаһанша Досмұхамедовтің туған жылы туралы бірнеше деректер айтылады. Мысалы: Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясында [55] және Мақсат Тәж-Мұраттың «Батыс Алаш-Орда» кітабында туған жылы 1885 десе [56], Алматы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатынан алынған материалда (28.08.2001жылғы) туған жылы 1883 делінген [57]. Ал Мәскеу мұрағатынан алынған (17.04.1997жылғы) құжатта туған жылы 1887 деп көрсетіледі [58]. Батыс Қазақстан облыстық мұрағатындағы 418-қор, 320-тізбе, № 529-істе «1905 жылы қарашада Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігі жөніндегі №991 нөмірлі аттестатында Жаһанша Досмұхамедовтің туған жылы 1887 деп көрсетілген [59]. Император атындағыМәскеу университетінің заң факультетін бітіргендігі жөніндегі №175 1910 жылғы 4 наурызда берілген дипломында Жаһанша Досмұхамедовтің туған жылы 1887 делінген [60]. 1930 жылы 7 желтоқсандағы Алматы қаласында тергеу ісінің хаттамасының көшірмесін Жаһанша өз қолымен толтырған. Сонда: «Мне 43 года» [61], – деп көрсетеді. Сонымен есептесек, Жаһанша Досмұхамедовтің 1887 жылы туылғаны дәлелденеді. Бұл – бұлтартпас ақиқат. (авт. Д.С.)

Жаһанша Досмұхамедовтің есімі жөнінде де бірнеше түрдегі жіктеулер бар. Бүгінгі күнге дейін оны – ««Жаһанша»_және_«Жаһаншаһ»'>Жаһанша», «Жаһанша» және «Жаһаншаһ» деп атап келген болатын. Алаш жетекшісінің есімі туралы деректерді тізбелесек: Батыс Қазақстан облыстық мұражайдың № 418-інші қор, 320-тізбе, №529 істе, №991 аттестатында және Император атындағыМәскеу университетінің заң факультетін бітіргені туралы №175 дипломында Досмұхамедовтің есімі «Жаһанша» деп толтырылған. Досмұхамедовтің Жаһанша есімі Орал әскери-реалды училищесі құжаттарында кездеседі. Дейтұрғанмен, содан кейінгі құжаттарының бәрінде Жаһанша деп жазылған. Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мұрағаттар мен құжаттама бөлімінен алынған материал бойынша оның есімі «Жаһанша» деп беріледі. (06.06.2003 жылы)

Сонымен қатар Жаһанша Досмұхамедов 1930 жылы 7 желтоқсанда Алматы қаласында өткен тергеу ісінің хаттама көшірмесінде оның есімі «Жаһанша» деп өз қолымен толтырылған. Жаһанша Досмұхамедовтің ақталуы туралы Мәскеу мұрағатынан алынған 17.04.1997 жылғы № 5 ПС-1811/57 ісінде оның есімі «Жаһанша» деп беріледі. Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағатынан алынған ГА РФ,Ф. 10035, тізбе 1, П-50151 істің 3-76 парақтарында оның есімі «Жаһанша» деп көрсетілген. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша департаментінен 28.08.2001 жылғы алынған анықтамада оның есімі «Жаһанша» деп көрсетіледі.

Осындай әртүрлі құжаттық деректерді салыстыра қарап, Досмұхамедовтің өз қолымен толтырылған құжат дерегін басшылыққа ала отыра, оның есімі туралы нақты шешімге келетін болсақ, Досмұхамедовтің есімі Жаһанша болып жазылуы керек. Мен Халел Досмұхамедовтің қызы Қарашаш Халелқызымен кездескенде, ол кісі маған: «Дәметкен, Жаһаншаның есімін дұрыс жазу керек, оның азан шақырып қойылған аты «Жаһаншаһ» деп арнайы тапсырған болатын. [62]. Ал ата-анасы оны еркелетіп, «Жаһанша» деп атаған. Осылайша, Батыс Алашорда жетекшісі, заңгер, саясаткер, шешен Жаһанша Досмұхамедовтің тағдыры өте ауыр сындарлы жылдарды басынан кешірген. Тарих өшкенді жағатын, болашақты болжайтын таразы екенін жадымызда ұстайық.

Мен құрастырған Жаһаншаның Ататек шежіресі:

Руы – тана, бөлімі: Қарақұнан – Сүйіндік – Қарағұл – Құлсары – Жақай – Қуанышәлі – Сұлтан – Досмұхамед, Досмұхамедтен Жаһанша. Әкесі Досмұхамед өз кезеңінде сол өлкедегі ауқатты адамдардың бірі, руластарының беделді адамы болған.

Ал шешесі – Мыжық (Ж.Ақбаевтың 2008 жылы шыққан «Жаһанша» кітабында анасының аты Рабиға деп көрсетілген). Анасы ауыл-аймаққа беделді, ағайынға қадірлі, кедей- кепшікке қайырымды адам еді. Осындай отбасында дүниеге келген Жаһанша жастайынан зерек, алғыр болып өсті. Ол ауыл молдасынан арабша білім алып, кейіннен әкесінің жалдап алған мұғалімінен орысша тіл сындырып, болыстық орыс-қазақ мектебінде оқыған.

Досмұхамед баласын оқуға жөнелтпекші болған кезде, баласына бата алу үшін дастархан жайып, ағайын-тума, көрші-көлеміне қосып, іргелес орналасқан байбақты, алшын, беріш руларының елбасыларын, атқамінерлерін қонаққа шақырды. Тойда бүкіл Сырым еліне белгілі Соналы болысының старшыны Ақшолақ Сарықожаұлы, оған көршілес Дат тұқымы Сырымның баласы Қазының ұлы Омар, Тайсойғаннан келген беріш руының танымал азаматтарының бірі – Досмұхамед және осы өңірдің әулиесі атанған хазірет Қуанай шақырылды.

Үй иесі Досмұхамед қасында отырған ұлы Жаһаншаны хазірет алдында бас иіп, екі қолын жайып, құдайға құлшылық етуін тіледі. Он жасқа жаңа толған Жаһанша үлкендердің айтқанын зейін қоя тыңдауды молдадан әрі орыс тілінен үйреткен ұстазынан ұққанын бұл жерде де танытты. Аллаға құлшылық етіп, отырғандар тағамға кірісті. Ас қайырып, бата қылғаннан кейін, әңгіме әрі қарай жалғасты.

Бұл жолғы жарасымды әңгіменің иесі Досмұхамед:

– Ата жауымыз қалмақтарға қарсы күресте аталарымыз орыстан көмек сұраған. Осыны сылтау қылған патша еркін елімізді отарлап, салдырып жатыр қамалды. Қайран Сырым атамыз қанша күш-жігерін жұмсап, елін қызғыштай қорғады. Ақыры бірлігі жоқ қазақ әлсіреп, ауылын атаманға талатты. –Міне, көріп отырсыңдар, қазір қу тақырға әкеліп тыққанын. Халқына зиян ойлаған басқалардың тілін білу бізге қажет. Сондықтан оның оқуын, әдісін білген олармен табан тіресіп күресуге қарсы тұра алмақ. Сондықтан, шырағым, Жаһанша, Текеге барып оқуың керек-ақ. Мына менің сенен екі-үш жас үлкен Халелім оқып жатыр. Екеуің достасып, сыр шертіңдер, бір кісінің баласындай болыңдар, – деп, баласын қатарластырып түрегелтіп, жұртқа жүздестіреді. Тап осы сәттен әкелері аттас Халел мен Жаһанша бірімен бірі өмір бойы достасып, білім мен күрес жолына аттанды. Осы отырыста Жаһанша мен Халелге:


Араб ашқан қаріптің

Жел жағына жота бол.

Панасызға пана бол,

Кек сақтамас бала бол.

Дос сүйеніп, қас сыйлар,

Асу бермес дана бол, –


деп бата қылды.
2. Орал әскери-реалды училищесінің студенті


      1. жылы Сырым елінің баласы Жаһанша Досмұхамедов Оралдағы әскери-реалды училищенің дайындық класына қабылданды. Бұл оқу орнының өмір сүруінің 22 жылдығы еді.

Сирень бағы алдында ұлы рух ескерткіші Александр Невский соборы орналасса, әскери-реалды училищенің екі қабатты ғимараты үлкен Михайловской (қазіргі Достық) көшесі мен Никольской көшесінің бұрышында орналасқан. Ғимарат ХІХ ғасырдың 70 жылдары салынған. Училищеде 200-ге жуық бала оқыды. Рух храмы мен ақыл храмы бір-біріне кедергі жасамай, керісінше бірін-бірі толықтырып тұрды.

Қазіргі кезде реалды училищенің ғимаратында педагогикалық колледждің оқу корпусы, ал оның артында колледж студенттерінің жатақханасы орналасқан. 1870 жылы ашылған классикалық ерлер гимназиясы 20 жылдан кейін әскери-реалды училище болып қайта құрылды. Бұл ғимарат сол үшін арналып салынған.

Училищеде 1902 жылы 21 ақпанда ұлы орыс жазушысы Н.В.Гогольдің қайтыс болуына 50 жыл толуын атап өтуде Жаһанша «Ревизордың» бірінші актісіне қатысып және «Майская ночь» повесінен үзінді оқуда өзінің әдебиетке көп көңіл бөлетінін танытты. Жаһанша өзінен ілгерірек оқып жүрген Халел Досмұхамедов, Жалмұхамед Сүйінтұрұлы, Ғұбайдолла Бердіұлы, Шабазгерей Көсепқалиұлы, Нұрғали Ипмағамбетұлы, Нұрғали Досбайұлымен әрдайым бірге уақыт өткізіп, олармен достасты, сырласты.

1913 жылы училищеде 521 адам оқыды, оның ішінде 17-сі қазақ. Оқушылардың арнайы формасы болды. Сопақ кокардалы фуражканы ерекше мақтанышпен киіп жүрді. Жапырақпен жиектелген жерінде алтын әріптер мен «УВРУ» Орал әскери-реалды училищесі (Уральское войсковое реальное училище) деп жазылған. Сонымен қатар міндетті кең белдік тағылды. Белдіктің қаңылтырында «УВРУ» деп жазылды.

Қазақ балаларына арналған жатақхана болды және 4628 сом (жылдық мөлшер) стипендия қоры қазақ ауылдары болыстарынан келіп түскен қаржыдан құрастырылды. Оқу ақысы әрбір сырттан келіп оқитындарға, яғни қазақтарға 50 сом есебінен келетін.

Оралдық әскери-реалды училищесінің жақсы жабдықталған оқу бөлмелері, физика, биология лабораториялары, оған қоса музейі, метеорология алаңы, музыка, би үйрететін үйірмелері қызмет істеді. Мектепте қосымша пәндер ретінде неміс, француз тілдері оқытылды.

Училищенің жақсы қалыптасқан ішкі дәстүрлерінің көпшілікке тәрбиелік маңызы бар. Мысалы, оқудың басталу күні – 16 маусым. Бұл күні Наказной Атаман, мектеп директоры шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаса, 7 қазанда барлық оқушылар болып орман шаруашылығының достары ретінде Шаған өзенінің жағасына және Никольск көшесі бойына барып ағаш отырғызып, күтіп -баптауды міндеттеріне алатын.

21 қарашада жыл сайын училищенің жұртшылық алдында есеп беру күні болып, онда хор, оркестр, қол шеберлерінің өнерлері көрсетіліп, оқу, қоғамдық жұмыс озаттарына сыйлықтар беру дәстүрі қалыптасып жүзеге асырылып отырды.

Бұл күндері салтанатқа, училищеге Наказной Атаман, әскери губернатор, жұртшылық өкілдері мен балалардың ата-аналары келіп, мұғалімдермен, шәкірттермен бірге болатын.

Училищеде барлық тапқа, соның ішінде қазақ балаларына арналған 25 оқу стипендиясы болды. Стипендия тек императорлардың және басқа ірі тұлғалардың атында ғана емес, оны бекіткен қарапайым қазақтар мен мұғалімдер атынан да берілді. Бір стипендия Икан шайқасы атында болды, бұл стипендия Икан шайқасы батырларының ұрпақтарына берілді. Сонымен қатар Саратов гимназиясындағы қазақ оқушыларына арналған стипендиялар да болды.

1895 жылы училищеге оқушылар жатақханасы үшін екі қабатты ғимарат берілді. Бұл ғимарат әлі күнге дейін канцелярия (қазіргі Тоқай атындағы авт. Д.С.) көшесінде орналасқан. Жатақханадағы толық пансионат бағасы өте жоғары – 250 рубль, ал жартылай пансионат бағасы – 190 рубль болды. Бірақ ата-аналарға ақы төлеуге тура келген жоқ. Мысалы, 1911 жылы жатақханада 14 адам тұрса, оның 12-сі қазына есебінен, тек екеуі ғана өз есебінен ғана қаржыландырылды. Ауылдық жерлерден келген оқушылар көбіне туыстарында немесе таныстарында тұрса, кейбіреулері пәтер жалдап жатты.

Училище түлектерінің астананың және басқа ірі қалалардың жоғарғы оқу орындарына қосымша дайындықсыз түсуі үшін жеткілікті білім берді.

Училищеде жаратылыстану негіздері, физика-математика ғылымдарының және тілдерді оқытуға көп көңіл бөлінді. Алғашқы жылдары жалпы білім беру пәндерінен басқа, қолданбалы-механикалық, химия-технологиялық, коммерциялық пәндер оқытылды. Кейін музыка мен би сабақтары міндетті сабақтарға айналды. Физикалық дайындыққа да көп көңіл бөлді. Училище өзінің керемет жабдықталған кабинеттерімен әйгілі болды. Кең шарбақта спорт және ойын алаңы орналасты, кішігірім мұражай мен метериостанция болды. Ата-аналар және басқа оқу орындары оқушылары үшін оқушылардың жасаған бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып отырды.

Училище түлектері білімдерін елдің және шетелдердің университеттерінің физика-математикалық және медицина факультетінде жалғастыруға құқылы болды.

Әскери-реалды училище оқушылары өзіндік көзқарастарының болуымен ерекшеленді. Алғашқы орыс революциясы жылдарында 1906 жылы тамызда «Оқушылар ұйымы» құрылды. Бұл ұйымның жарғысында «Бұрыннан қалыптасқан құрылысты құлату мақсатында құрылған революциялық қоғам» деп жазылды. Кейін бұл ұйым социал-демократиялық ұйымға қосылды.

Оқушылар ұйымының өзінің баспа станогы болды. 1906 жылы олар үндеулер, прокламациялар, манифестер шығара бастады.

1907 жылы 25 қарашада реалды училищенің жоғарғы сынып оқушыларның 26 адамынан және қыздар гимназиясының 6 адамынан жалпы оқушылардың қалалық ұйымы құрылды. Үзіліс кезінде сыныптарында және шарбақта оқушылар революциялық әндер айтты. Түнімен прокламациялар басып, заңсыз әдебиеттер оқыды. Ұйым мүшелері жиналыстар, дәрістер ұйымдастырды.

Азаматтық соғыс кезінде реалды училище қабырғасында әскери революциялық жасақ құрылған жоқ, керісінше Ақпан төңкерісімен жергілікті қазақ билігін қорғауға тұрған Ақ гвардия отрядтары құрылды.

Орал әскери-реалды училищесінен еркіндікті сүйетін Алашорда үкіметінің болашақ жетекшілерінің шығуы кездейсоқ емес.

1917 жылдың желтоқсанында және 1918 жылдың қаңтарында Оралда әскери ұйымдар құрылған жоқ. «Ақ гвардияға» біріккен реалды училище оқушылары казактарды қарусыздандыруға тырысты. Олардың арасында қақтығыс болды. Қарусыздандырған оқушылар емес, керісінше казактар оқушыларды қарусыздандырып, 1919 жылы 3-16 қаңтарда Оралда меньшевиктер мен эсерлерге кеңес билігін орнатуға көмектесті.

Әскери-реалды училище қабырғасынан атақты ғалымдар, қоғамдық қайраткерлер, болашақ академик, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты И.В.Ларен шықты. Мұнан еркіндік сүйгіштік ойларды алып шыққан болашақ әскери үкіметтің төрағасы Г.М.Фомичев, Алашорда үкіметін басқарған Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, Бақтығали Бисенов, Жұмағали Бүйішов, Ескендір Көпжасаров, Қожахмет Әзмұратов, Жалмұхамбет Сүйінтұров, Ахметжан Алтышев, Оспан Әзмұратов, Нұрғали Досбаев, Нұрғали Ипмағамбетов, Есенғали Қасаболатов, Беркінғали Атшыбаев, Бижан Жанқадамов, Иса Сабыржан Сарығожин, Ғали Халилов, Қашқынбаев, Ғұбайдолла Бердиев, Сұлтан Тамашев, Рабат Молдыбаев т.б. оқып тәрбиеленді.

1998 жылы колледжге Жаһанша Досмұхамедовтің есімі берілді. 2004 жылы ақпанда педагогикалық колледжде Жаһанша Досмұхамедовке арналған ескерткіш ашылды.

2006 жылы училище ғимараты орналасқан «Жұмысшы» көшесіне Жаһанша Досмұхамедов есімі берілді.

Жаһанша мектеп есігін ашып, алғашқы қадамын аттағаннан-ақ оқуға ынталығын, зеректігін танытты. Ол дайындық кластан негізгі бірінші класқа емтихансыз қабылданды.

Батыс Қазақстан облысының мұрағат қорында 418-қор, 320-тізбе, 529-шы іс бойынша Жаһанша Досмұхамедов – магометандық діннің өкілі, Орал облысы Жымпиты болысының 1 ауылында 1887 жылы дүниеге келген деп жазылған. Жаһанша Досмұхамедов әскери-реалды училищесіне 1899 жылы тамызда оқуға түсіп, өте жақсы тәртібімен 1905 жылы 31 мамырда негізгі бөлім бойынша толық курсын бітірген деп көрсетілген. Ол аттестатты 1905 жылдың 27 қарашасында алған [63]. Онда мынадай білім көрсеткіштері көрсетілген:

Орыс тілі - 4(жақсы);

Неміс тілі - 4(жақсы);

Француз тілі - 3(қанағаттанарлық);

Арифметика - 4(жақсы);

Алгебра - 5(өте жақсы);

Геометрия - 4(жақсы);

Тригонометрия - 4(жақсы);

Тарих- 5(өте жақсы);

География - 4(жақсы);

Жаратылыс тарихы - 4(жақсы);

Физика - 4(жақсы);

Сурет салу- 4(жақсы);

Сызу- 3 (қанағаттанарлық).

Сонымен қоса II разрядты аттестатқа ие болады. Жоғары оқу орындарында оқуын әскерге барып келгеннен кейін жалғастыра алады делінген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет