9. Ғұмар Қожахметұлы Есенғұлов 1890 жылы 15 мамырда Орал облысы Темір уезі Ембі-Темір болысының №8 ауылында дүниеге келген. Оның әкесі – Қожахмед Есенғұлов, анасы – №3 ауылдан Балхия Таменова. Бұл дерек Батыс Қазақстан облысы мұражайының №27056 қорынан алынды [167]. Осы күнге дейін Ғұмар Есенғұлов 1886 жылы дүниеге келген деп көрсетілген болатын-ды. Жоғарыда көрсетілген құжатқа ауыл старшыны, №8 және №3 ауылдың ауылнайы Әлібек Қитмановтың және халық судьясы Әли Жылқамановтың қолдары қойылып расталған, бұған Ембі-Темір болысының старшыны Т.Санкебаев мөрін басқан. Есенғұлов Ғұмардың туу туралы куәлігі жоғары оқу орнына түсу үшін берілген [168]. (авт Д.С.) Әкесі елдегі көзі ашық, зерек адам болған. Ғұмар Есенғұлов болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық орыс-қазақ Романов училищесін бітіргеннен кейін Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түседі. Батыс Қазақстан облыстық мұражайының № 27047 қорында Ғұмар Есенғұлов аттестатының көшірмесі сақталған. Есенғұлов Ғұмар Орал әскери-реалды училищесіне 1903 жылдың қаңтарында қабылданып, өте жақсы тәртібі мен жақсы оқуымен көзге түскен. 1909 жылдың 6 маусымында Орал әскери-реалды училищесінің толық курсын тамамдаған [169]. Ғұмар Есенғұлов жоғары оқу орнына түсу үшін 1909 жылы тамызда қосымша бір жылдық әзірлік класында оқып, оны 1910 жылы 8 маусымда аяқтайды [170]. Бұл құжат 176 нөмірлі [171].
Училищеден соң курстастары Б.Бисенов, Ы.Шұғыловпен бірге 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шықты. Студенттік шағында Ғұмар Есенғұлов Орал облысының земство сборынан 350 рубль көлемінде жылына стипендия (шәкіртақы) алып оқыған [172].
1914-1916 жылдары Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде дәрігер-ординатор болып қызмет атқарған. 1916 жылы Орынбор қаласындағы жедел жәрдем стансасында дәрігер болды. 1916 жылы 15 сәуірде Ғұмар Есенғұлов Саратов қаласындағы Император атындағымедицина факультетінің сынақ комиссиясының төрағасына өтініш жазып, «Степень лекаря» «Емдеуші дәрігер» біліктілігіне емтихан тапсыруға рұқсат сұраған [173]. Бұл өтініші қанағаттандырылып, «Емші дәрігер» біліктілігін 1916 жылы 9 маусымда алады және әскери іске қатыстылығы туралы №7902 куәлігі берілген [174]. Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №2675 іс Ғұмар Қожахмедұлы Есенғұловқа арналған. 393-қор, тізбе № 1. Жалпы алғанда, бұл істе Орал реалды училищесі, әзірлік курсы, студенттік, емшілік кезеңдері жылдарымен сипатталған [175].
Ғұмар Есенғұлов 1917 жылы сәуірдің басында Орынбор қаласында өткен Торғай және Орал облысы қазақтарының съезінде қаралатын мәселелерді әзірлеп, өтетін орны мен уақытын анықтап, жұртқа хабар беретін айрықша бюроның құрамына кірді. 1917 жылы сәуірдің ортасында Орал қаласында өткен 1-інші Орал облысы Қазақ съезінде Жайық сырты облысы қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында өткен 2-інші Жалпықазақ съезінің қаулысымен Құрылтай жиналысы депутаттығына Орал облысынан белгіленген 7 кандидаттың бірі болды. Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан аталған депутаттар тізіміне де кірді. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизяновтың ұйғаруымен 1917 жылы Темір уезі бойынша Уақытша үкімет комиссары болып тағайындалды. 1918 жылы 11 қыркүйектегі орталық Алашорда үкіметінің Уфа мәжілісінің қаулысымен Уақытша үкімет берген құқықтарды уақытша пайдалана отырып, жергілікті земстволық басқару ісіне бақылау жасайтын Алашорда Темір уездік комиссары міндеті қоса жүктелді. Осыған орай «Ойыл уәлаятының» облыс комиссары Ж.Мергеновке бағына отырып, Темір уездік атқару комитетінің Халық шаруашылығы бөлімі деп аталған жергілікті земстволық басқару құрылымының жұмысына бақылау жасады. Осы қызметте жүріп 1918 жылы күзде ақ казактардан қашып, Темірге келген Ә.Әйтиевке, М.Ипмағамбетовке Уақытша үкімет комиссарының қолы қойылып, мөрі басылған куәлігін табыстап, елге жетулеріне көмектесті. Большевик И.Құрмановтың идеяластарына қарсы күреске қатысты, 1919 жылы маусым айында Батыс Алашорданың әскери бөлімшелерін Орал казактарының әскери үкіметі жағында ұрыс қимылдарына қатыстырмау мақсатында Темір стансасы маңында қызылдарды атағымен қашырған Жаһанша Досмұхамедовтің 300 жігітін халық жасағы сойылмен қаруланған «запас кісілер» есебінен 3 мыңға жеткізіп, үрей туғызған әскери тактикалық шараны ұйымдастыруға қатысты. 1919 жылы қарашада Темір кентін қызылдардың 1-армиясы алғаннан кейін, Кеңестер жағына 1919 жылы 20 желтоқсанға дейін шыққандардың қатарында ауылды кеңестендіру, жергілікті басқару органдарын қайта құру ісіне атсалысты. Темір кентінде эпидемолог дәрігер болды. Темір уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н.Қалменовтің ұсынуымен 1920 жылы қаңтарда сүзекке қарсы күресетін эпидемолог отряд меңгерушілігіне тағайындалды. 1920 жылы маусым айында РК (б) П Қазақ облысы бюросы төралқасының шешімімен жаңадан құрылған Орынбор-Торғай губерниясын атқару комитетіне мүшелікке тағайындалды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе қаласында орталық амбулаторияда дәрігер-терапевт қызметін атқарды. 1929 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, дәрігер болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.
Мақсат Тәжімұраттың «Алғашқы қазақ дәрігерлері» атты еңбегінде Ғұмар Есенғұлов 1930 жылдары қайтыс болғанын айтады, бірақ осы деректі әлі де нақтылау қажет. (авт. Д.С.)
10.Бақтығали Бисенұлы Бисенов 1889 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысы № 5 ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) дүниеге келген. Әкесі Бисен сауатты, дәулетті адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесін бітірген соң Орал әскери-реалды училищесіне 1901 жылдың тамыз айында оқуға түсіп, оның толық курсын «өте жақсы» тәртібі мен «жақсы» бағаларымен 1909 жылдың 6 маусымында аяқтаған, оқу орнын бітірген аттестаты 1909 жылдың 30 желтоқсанында берілген [176]. Осы жылы Бақтығали Бисенов Орал әскери-реалды училищесінің жанындағы әзірлік класында бір жыл оқып, жоғары оқу орнына оқуға түсуге даярланғаны туралы анықтама құжат берілген, оның нөмірі №177 [ 177].
Училище оқушылары Ғ.Есенғұлов, И. Қашқынбаев, Ы.Шұғыловтармен бірге оқыған. Оның училищеде оқыған жылдары Ресейдегі I Орыс революциясымен тұстас келді. Осы кезде Орал қаласында Бірінші Орыс революциясы жылдарында «Фикер» «Уральский листок» т.б газеттер шығарылып тұрды. Революция жылдарында осы газеттер маңына ұйысқан Қазақ кадеттер партиясына ниеттес болғандары үшін жандарм бақылауына ілігеді. Бақтығали Бисенов 1907 жылы Орынбор қаласына арнайы барып, Орынбор оқу-ағарту округі сынақ комитетінде ерлер гимназиясының 8 кластық білімімен латын тіліне сынақ тапсырып, қанағаттанарлық баға алады. Бұл куәліктің нөмірі №28929 [178]. Сөйтіп, 1910 жылы 14 тамызда Саратов қаласындағы Николай Императорлық университетінің медицина факультетіне оқуға түсуге арыз берген және латын тілінен емтихан тапсырған [179]. Медицина факультетініің 1 курсына 1910 жылдың 11 қазанында қабылданады [180]. Бірақ үш жыл өткенде бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты оқу курсының тоғыз семестрін мерзімінен бұрын аяқтайды. Бақтығали Бисенов Саратов қаласындағы медицина университетін бітіргендігі жөнінде бағалары қойылған куәлікті 1914 жылдың 14 қарашасында алып шығады [181]. Соғысқа байланысты армия қатарына кетеді. 1917 жылдың 30 сәуірдегі сынақ комиссиясының қорытындысымен дәрігер мамандығын алып, елге келеді. 1917 жылы жедел түрде мемлекеттік сынақтарды тапсырады [182]. Осы жылы Орал облысы 13-Қызылқоға ауылдық- дәрігерлік учаскесінде қызметке кірісіп, еңбек етеді [183]. Ауылдық жерде жұмыс істей жүріп, медициналық университетті бітіргені жөнінде дипломын алу үшін оқу орнына бірнеше рет өтініш жазған [184]. Сонымен қатар Бақтығали Бисенов «Емші дәрігер» біліктілігіне де емтихан тапсырған [185]. Бақтығали Бисенов 1917-1920 жылдары өлкемізде болыстық, уездік дәрежеде земство мекемелерін құру қызметіне қатысты. Оның інілері Орал әскери-реалды училищесінің түлегі Ишанғали Бисенов Жымпитыдағы «Ойыл уәлаятының» прапорщиктер мектебін бітіріп, штаб офицері болды, ал Зепқали Бисенов Ойыл юнкер мектебін бітіріп, Алаш полкінде жүзбасы қызметін атқарды. Батыс Алашорда үкіметі таратылғанға дейін Бақтығали Бисенов Алаш қайраткерлерімен бірге ниеттес болып қызмет атқарған. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін 1920 жылдан бастап, Орал облысындағы Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Уездің өзінде фельдшерлік пункт болған, азамат соғысының бастауымен уезд халқына қызмет көрсетуге көп кедергілер туындайды. 1924 жылы Жымпиты уезіндегі Байғұтты ауруханасының меңгерушісі болып істеген. Мұндағы медициналық қызметті жоғарғы деңгейге жеткізді. Бақтығали Бисеновті 1928 жылы Тайпақ аудандық ауруханасын басқару жұмысына жібереді. Тайпақ аудандық ауруханасын басқарған кезде, осы ауданның Базартөбе ауылында амбулатория мен аурухана салдырады. Денсаулық негізі, ең алдымен, сәби күтімі мен дұрыс тамақтану екенін жақсы білетін дәрігер, білгір маман ет-сүтті өндіру бағытында ірі қара табынды көбейтуді ұсынады. Одан кейінгі жылдары Жымпиты уездік ауруханасында дәрігер болып жүрген кезінде тұтқындалады. Бақтығали Бисеновтің құжаты Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің Департаментінде сақталған. Бұл құжатта Бақтығали Бисенов 1937 жылы 16 қыркүйекте ұсталып, оған «контрреволюционер, ұлтшыл ұйымға қатысты» деген айып тағылады. Тұтқындалғанда Бақтығали Бисенов 48 жаста, Жымпиты ауылының тұрғыны, Жымпиты аудандық ауруханасының кіші дәрігер қызметкері болды. Оның әйелі Жанша 37 жаста, баласы Махмұд 17 жаста, Мажит 12 жаста, қызы Зейнеп 9 жаста, баласы Әнуар 4 жаста, қызы Роза 1 жаста делінген. Бақтығали Бисеновтің тұтқындалған кездегі жауабында жеке-мүлкі – 2 сиыры, 1 жылқы, 1 түйесі болған. Бақтығали Бисеновтің тегі малшы деп жазылған [186].
Бақтығали Бисенов Орал қаласының түрмесінде 1938 жылдың 19-ыншы ақпанында ст. 58-26 58-11 УК РСФСР кодексі бойынша атылған. Оның қылмыстық ісі 1958 жылы 14.06. тоқтатылды, бірақ атылғаны жөніндегі мәліметі Батыс Қазақстан Облыстық Қауіпсіздік Комитетінде №6 қорында сақтаулы, бірақ ісінің нөмірі бізге берілмеді. (авт.Д.С.)
Бүгінде Бақтығали Бисеновтің қызы Роза Бақтығалиқызы Бисенова Алматы қаласында тұрады. Ал оның балалары Астана қаласында еңбек етуде. Роза Бақтығалиқызы көп жылдар әкесі туралы мәліметтерді іздестірумен, жинастырумен айналысқан. Мен Роза Бақтығалиқызымен 2008 жылы қараша айында Астана қаласында өткен Алаш мұрасына арналған Халықаралық конференцияда кездестім. Роза Бақтығалиқызы зейнеткер, мұғалім болған, көп жылдар комсомол, партия ұйымдарында қызмет істеген. Жанары өткір, сөзі мірдің оғындай, өте пысық, қазақша-орысша екі тілде сөйлейтін қайратты адам екен. Ол кісі Орал қаласынан келген делегацияны іздеп келіп, менімен өзі танысты. Өзін «Батыс Алашордашы Бахи Бисеновтің қызы Роза Бисенова боламын» деді және көп жылдардан бері әкесі жөнінде мәліметтер алу үшін бірталай жерлерде болғанын, әкесінің құжаттарын таба алмағанын айтты. Оның себептері:
Біріншіден, әкесінің туған жылы табылған құжаттарда әртүрлі көрсетілген, мысалы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясының 183-бетінде Бақтығали Бисенов 1889 жылы туылған десе [187], Батыс Қазақстан облыстық мұражай қорындағы № 393-қор, 1-тізбе, №2594 істегі аттестат пен куәліктерінде 1889 жылы дүниеге келген, ал Саратов медициналық университетін бітірген дипломдарында 1890 жылы деп оның туған жылы көрсетіледі. Батыс Қазақстан облыстық Қауіпсіздік Комитетінің қорында Бақтығали Бисеновтің аты Бах деп жазылған және туылған жылы 1890 деп көрсетілген. Осындай мәліметтерді сараптай келе, Бисеновтің 1890 жылы туылғанын және оның есімі Бақтығали екенін анықтадық [188]. (авт. Д.С.)
Роза Бисенова әкесі атында Орал қаласында не оқу орындарының, не көше аттары берілмегеніне өкінетінін айтып, болашақта Орал медициналық колледжіне Бақтығали Бисеновтің есімі берілсе деген өтінішін білдірді [189].
Бақтығали Бисенов – Батыс Алашорда мүшесі, өлкемізден шыққан білікті маман-дәрігер, Алаш қозғалысына қатынасқан, ұлтының болашағын ойлаған ұлтжанды қайраткер.
11. Мірахмет (Ахмет) Жүсіпұлы Ниязов 1891 жылдың 7 маусымында Ішкі (Қырғыз) Қазақ Ордасының Андарлы ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Юсуп (Жүсіп) Ниязов, атасы әскери старшын болған. Бұрынғы деректерде Мірахмет Ниязов 1891 жылдың 16 сәуірінде Казталовкада туылған делінген. Құжат бойынша бұл деректер тексерілді. Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №26629 құжатында Мірахмет Ниязовтың туылған жылы 1891жыл 7 маусым екенін растайтын куәлік берілген [190]. (авт. Д.С.)
Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №26622 қорының 3-4 парағында Мірахмет Ниязовтың №1059-ыншы аттестаты бар. Бұл аттестатта Мірахмет Ниязов 1891 жылы 7 маусым күні Ішкі Қырғыз Ордасының Андарлы ауылында дүниеге келгені, магометандық діннің өкілі, Астрахан қаласының № 1 гимназиясына 1904 жылы 26 қыркүйекте оқуға түсіп, өте жақсы тәртібімен 1912 жылы 5 маусымда оның 8 класының толық курсын төмендегідей бағалармен бітірген:
Шіркеулік-славян тілімен қоса орыс тілі 3 (қанағаттанарлық)
Философиялық пропедеватика 4(жақсы)
Құқықтану 4(жақсы)
Латын тілі 3 (қанағаттанарлық)
Неміс тілі 3 (қанағаттанарлық)
Француз тілі 5 (өте жақсы)
Математика 5 (өте жақсы)
Математикалық география 4 (жақсы)
Физика 4 (жақсы)
Тарих 3 (қанағаттанарлық)
География 4 (жақсы)
1871 жылғы 30 маусымдағы бекітілген гимназия және прогимназия жарғысымен бекітілген барлық құқықтарды беретін аттестат Ниязов Мірахмедке Астрахан қаласы 1912 жылы 5 маусымда Астрахан №1 гимназиясының директоры, инспекторы, мұғалімдерінің т.б. қолдары қойылып, гимназия мөрі басылған [191].
Мірахмет Ниязов 1912 жылдың 5 шілдесінде Император атындағы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылдау үшін университет ректоры атына өтініш жазған [192]. Осы жылы Саратов қаласындағы Император атындағы медициналық университетіне қабылданған. Батыс Қазақстан облыстық мұражайының №26627 қорында оның Саратов қаласындағы Император атындағы медициналық университетін 1916 жылы бітіргені айтылып, 1917 жылы «Емші дәрігер» «Степень лекаря» біліктілігін алу сынағына жіберуді өтініп жазған арызы тіркелген, сынақ 1917 жылдың 1 наурызында басталатынын жазған [193]. Бұл өтініші орындалып, Мірахмет Ниязов 1917 жылдың 30 сәуірінде емтихан сынақтарынан сүрінбей өтіп, төмендегідей бағалар алған [194].
-
2.03.1917
|
Патологиялық анатомия және патологиялық гистология
|
қанағаттанарлық
|
|
Жедел хирургия және топографиялық анатомия
|
қанағаттанарлық
|
16.03.1917
|
Жеке патология және терапия
|
қанағаттанарлық
|
16.03.1917
|
Жүйке және жүйке аурулары туралы білімдер
|
қанағаттанарлық
|
16.03.1917
|
Тері және сифилитикалық аурулар туралы білімдер
|
қанағаттанарлық
|
16.03.1917
|
Балалар ауруы туралы білімдер
|
қанағаттанарлық
|
27.03.1917
|
Десмургия мен бірге хирургиялық потология және сынықтар туралы білімдер
|
қанағаттанарлық
|
27.03.1917
|
Офталмология
|
қанағаттанарлық
|
27.03.1917
|
Әйелдер аурулары туралы білімдермен қоса акушерлік
|
қанағаттанарлық
|
28.04.1917
|
Гигиена және медициналық полиция
|
қанағаттанарлық
|
28.04.1917
|
Эпизоотикалық аурулар туралы және ветеринарлық білімдер
|
қанағаттанарлық
|
Мірахмет Ниязов 1917 жылы Ордада дәрігер болып жұмысын бастайды.
Батыс Қазақстан облыстық мұражайында Мірахмет Ниязовтың № 26620-В – № 26631-В бойынша студенттік кезеңдері туралы құжаттық деректер көрсетілген. Бұл материалдар №393 қор, тізбе №1, сақтау №1883 делінген. Саратов мемлекеттік университетінің медицина факультетінен алынған, Мірахмет Ниязов жеке ісінен. Бұл іс 1912 жылдың 9 шілдесінде басталған деп көрсетілген [195]. (авт. Д.С.)
Мірахмет Ниязов 1921-1928 жылдары губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. 1931-1932 жылдары Алматыдағы венерологиялық диспансер дәрігері, 1932-1934 жылдары Шымкент қорғасын зауытының медициналық санатория бөлімінің бас дәрігері, 1934-1935 жылдары денсаулық сақтау халық комитетінің жоспарлау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 1935-1943 жылдары республикалық оба ауруына қарсы күресу станциясының дәрігері болған.
Мірахмет Ниязовтің Бөкей ордадағы Алаш қозғалысына және «Ойыл уәлаяты» немесе Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны туралы деректер әзірше еш жерде кездеспейді. Оның өмірінің соңғы кезеңі туралы деректері де нақты емес, әлі де зерттеуді қажет етеді.
12. Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов
ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдің қоғамдық-саяси өмірінде күрделі оқиғалар қалыптасты. Ол қазақ жеріне, оның жолына үлкен өзгерістер алып келді. Әсіресе сол дәуірдегі саяси-әлеуметтік ірі оқиға Мемлекеттік Думаның шақырылуы еді. Жоғарғы заң шығарушы органның 12 жыл (1905-1917ж.ж.) арасындағы қызметі Ресей тарихында, оның құрамына енген халықтардың өмірінде айтарлықтай із қалдырған демократиялық идеалдың зор көрінісі болды. Мемлекеттік Дума ғасырдың бас кезінде Ресейде құрылған партия фракцияларының және аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің бас қосқан, маңызы зор мәселелерді талқылайтын бірден-бір өкілетті форумға айналды. Ол Ресей Империясының алғашқы Парламенті рөлін атқара бастады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің әзірлігіне мұрындық болумен бірге оның идеялық бастамасының негізі болды.
Мемлекеттік Думаның мәні мен мазмұнын түсіну үшін оның саяси өмірдегі қажеттіліктен туындағанын ескеру қажет. Бірақ оның түпкілікті орнай алмағанын тарихтан білеміз.
Ресейде Мемлекеттік Дума дүниеге келген кезде шаруалар елдегі халықтың басым көпшілігін құрады. Ал Ресейдің отарындағы қазақ даласының қалыптасқан саяси әлеуметтік жағдайы төменгідегідей еді. 1905 жылы қазақ даласындағы барлық халық саны 4442,8 мың болса, оның 10,3 % қоныс аударушы шаруалар, 6,3 % казактар, 83,4 % қазақтар құрады [196]. Яғни, қазақ даласындағы ілкі отарлау саясатының салдарынан халық құрамының едәуір өзгергенін көрсетеді. Ресейдің о шетімен бұл шетіне дейінгі жер жыртып, мал өсірген шаруалар – мемлекеттің ең басты тіректерінің бірі, бүкіл елдің азық-түлігін дайындап, күнкөрісін қамтамасыз етіп отырған бірден-бір әлеуметтік топ болды. Сондықтан империядағы өзгерістерге демократиялық сипат беріп, дамыған елдердегідей патша билігін жоймай-ақ, Мемлекеттік Дума Ресейдегі сан жағынан ең көп шаруалардың мұң-мұқтажын алғашқы кезекке қоймақшы болды. Шаруа үшін жердің ең маңызды мәселе екені әуелбастан белгілі. Сол себепті де Дума өзі өмірге келген сәттен бастап-ақ бұл мәселені өз назарынан тыс қалдыра алмады. Осылайша жаңа демократиялық басқару жүйесі мен ескі қоғамдық құрылыс арасындағы тартыстың өзегі болып жер мәселесі тұрды.
Мемлекеттік Думаға сайланатын адамның орыс тілін білуге міндетті екендігі І және ІІ Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде де сақталды. Өз жұмысын 1907 жылдың 20 ақпанында бастаған ІІ Мемлекеттік Думаға қазақтар арасынан депутаттар сайланды. Бақтыгерей Құлманов Астрахан губерниясынан сайланды.
Осылайша қазақ елі империялық түрлі кемсітушіліктер мен құқықтарының аяқ асты болуымен күресе жүріп, Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думасына өздерінің аттарынан уәкілдерін жібереді. Қазақ даласына әсерін тигізгенімен, социал-демократтар, кадеттер партиялары қазақ шаруаларының саяси санасын біржолата өзгертіп жібере алмады. Дегенмен де қазақ даласы демократияның шарпуымен саяси сахнаға шыққан болатын.
Қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі зиялыларының бірі және бірегейі, ұлт мүддесі жолында қызмет еткен қайраткер – Бақтыгерей Құлманов. Өкінішке орай, оның есімі мен халық игілігі үшін атқарған қызметі осы күнге дейін халыққа беймәлім. Коммунистік партияның таптық, партиялық саясатының нәтижесінде прогрессивтік, жалпы демократиялық бағыт ұстанған қазақ зиялылары тек қана әлеуметтік жағынан, яғни шыққан тегіне байланысты үстем таптың өкілі танылып, соның нәтижесінде олардың өз елін жалпы әлеуметтік прогреске, өркениетке жеткізуге талпынған реформаторлық қызметтері тарих беттерінен мүлдем сызылып тасталды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ұмыт қалған Алаш қайраткерлерін халқымызға танытуға бүгінде мол мүмкіндік туып отыр.
Осы күнге дейінгі мұрағат қоймаларында ұзақ жыл жатып, Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайының қорында сақталған №26 599-В қорында Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов 1859 жылы 22 желтоқсанда Астрахан губерниясындағы Никольск селосының маңайында (Бөкей ордасы, қазіргі Атырау облысы Теңіз ауданы) туған. Өзі төре тұқымынан. Әбілқайыр – Нұралы – Есім сұлтаннан тарайтыны айтылса [197], № 26600-В құжатта өзінің өте кедей отбасынан екенін, әрі қарай оқуын жалғастыру үшін Торғай облыстық әскери губерниясынан шәкіртақы төлеуді сұраған өтініші туралы айтылады, бірақ бұл үмітінің орындалмағанын айтып, Император атындағы Санкт-Петербург университетінің ректорына өтініш жазып, оқуға төлейтін қаржыдан босатуын сұрайды және өзінің жағдайын Санкт-Петербург городоначальнигі канцеляриясы жазбаша түрде беретінін жазып көрсеткен. Бұл 1881 жылдың 14-інші қазаны делінген [198]. 1881жылдың күзінде Санкт-Петербург радионачальнигінің канцеляриясына 1881 жылдың 20 қазанында жазылған өтініште Бақтыгерей Құлмановтың 21 жастағы жас адам екені, мінезі, өмірлік ұстанымдары жақсы, тәрбиелі, тек жоғары оқу орнында оқуға төлейтін қаражаты жоқ, өзі Красноярск уезінде тұрады, анасы ауру, басқа да балалар бар малшы отбасынан, оның өте кедейшілікте екенін растайтындығы жазылады. Осындай қиындықтармен Бақтыгерей Құлманов Император атындағы Санкт-Петербург қаласындағы университеттің заң факультетіне қабылданады [199]. 1883 жылдың желтоқсанында Бақтыгерей Құлманов университет ректорынан 1 курста үшінші жыл қалдыруын сұрап, өтініш жазған [200]. Осындай құжаттар арқылы Бақтыгерей Құлмановтың жоғарғы оқу орындарында оқуы өте зор қиындықтармен өткенін көруге болады және одан сабақ, тағылым алуға тұрарлық жай екенін айтуымыз керек. 1884 жылдың 3 қаңтарында Бақтыгерей Құлманов Санкт-Петербург қаласындағы Император атындағы заң университетінің ректорынан заң факультетінің араб-парсы бөліміне ауыстыруын сұрап, өтініш жазған.
Батыс Қазақстан облыстық мұражайындағы құжаттарды жіктеп қарайтын болсақ, Бақтыгерей Құлмановтың Орынбор гимназиясын және бір жылдық әзірлік класын бітірген құжаттарын, пәндік бағаларын, гимназияны күміс медальмен 1881 жылдың 17 маусымында аяқтағанын, оның оқуын жалғастыруға барынша ынтазар болғанын және жоғарғы оқу орнында оқып білім алу үшін шәкіртақы тағайындалғанын: бастапқыда 150 рубль көлемінде және бір кезекте 110 рубль, кейіннен 300 рубль деңгейінде шәкіртақы алғаны жөнінде Ішкі істер бөлімінің Астрахан губерниясының канцеляриясынан алынған құжаттар бар.
Осылайша 1888 жылдың 9 наурызында № 877 диплом алып шығады. 2006 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің №39 санында араб, парсы, осман, татар тілдері және орыс сөздігінен өте жақсы баға алып, 1888 жылғы 17 қыркүйек айында Санкт-Петербург университетінің ғылыми кеңесі тарапынан Бақтыгерей Құлманов жазған диссертациялық жұмыс жоғары бағаланып, оған ғылым кандидаты деген атақ берілгені туралы жазылған [201].
Университетті аяқтағаннан кейін Бақтыгерей Құлманов бірнеше жыл Баку қаласында өз мамандығы бойынша қызмет етеді. 1903 жылы туып-өскен жері Бөкей ордасына оралып, Қамыс-Самар правителі қызметін атқарып, өз халқының мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек еткен.
XX ғасырдың басында қазақ жерлерін Ресей империясы тарапынан отарлау барған сайын күшейген кезде, әсіресе қазақ халқының шұрайлы жерлерінен айырылуы шегіне жеткен шақта Бақтыгерей Құлманов бұл мәселені тайсалмай Ресей үкіметінің алдына қойып, шешімін табуды талап етеді. 1903 жылы Бақтыгерей Құлманов Бөкей ордасы қазақтары атынан арнайы делегациямен Санкт-Петербургке барып, қазақ даласындағы басқару жүйесін жетілдіру және халыққа ауыр тиген жер мәселесі туралы талқылауларға қатысады. Бақтыгерей Құлманов өзімен бірге барған С.Нұрмұхамедов, С.Жантөрин, Б.Шынтеміров сияқты қазақ зиялыларымен бірге, Ішкі істер министрлігінде болған кеңеске қатысып, өкіметтен тез арада жер мәселесін шешуді талап етіп, бірнеше ұсыныс енгізеді.
Әрине, жер мәселесін отарлық саясат жағдайында шешу мүмкін емес еді. Бірақ қазақ жерін тартып алып жатқан патша өкіметінің іс-әрекетіне қарсы шығып, әділетсіздікті дәлелдеуінің өзі – жоғары бағалауға тұрарлық күрескерлік қасиет.
Бақтыгерей Құлмановтың белсенді саяси қайраткерлік қасиетінің көрінуі, жоғарыда айтқандай, оның I және II Мемлекеттік Думаға сайлануы.
Бақтыгерей Құлмановтың саяси қайраткер ретінде белсенділік танытуы 1916 жылы айқын көрінеді. Осы жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы халықтың және көптеген қазақ зиялыларының наразылығын туғызады. Әсіресе, Бөкей даласында бұл саяси толқуларға ұласады. Бақтыгерей Құлманов патшаның 19 бен 42 жас арасындағы қазақ азаматтарын тыл жұмыстарына алу туралы жарлығына қатты наразылық танытып, үн көтереді, қазақтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қарсылық білдіруге шақырады. Ұлтшыл азаматтың бұл әрекеті патша өкіметінің назарын аударады. Губернатор Соколовский былай деп жазады: «Маған жеткен мәліметтер бойынша Бөкей қазақтарының арасынан патша жарлығына қарсы шыққан ІІ Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты Бақтыгерей Құлманов қазақтар арасынан ақша жинап, Петроград қаласына жұмысқа алынған қазақ жігіттерін тізімнен босатып алуға аттанды», – деген мәліметтер береді [202].
Бұл жөнінде белгілі қоғам қайраткері 1916 жылы Бөкей даласындағы көтерілістің ұйымдастырушысы болған Сейітқали Меңдешев те өз естеліктерінде айтады: «Бөкей ордасында жұртқа әйгілі, елге беделі бар, ІІ Мемлекеттік Думаның мүшесі болған Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов деген қазақтан жігіт беруге қарсы шығып, соны едәуір азайтуды жақтап, үкімет өкілдерінің алдына мәселе етіп қойғанын баяндайды. Астрахан губернаторы «осы өлкеден жігіт жинау науқаны өткенше» деген сылтаумен Бақтыгерей Құлмановты Астрахан губерниясына қараған Қамыс – Самар болысынан 1917 жылдың Ақпан төңкерісіне дейін Ақтөбе облысына жер аударғаны жөнінде айтылған». «Красный Урал» газетінде Бақтыгерей Құлмановтың елге оралған соң, сүзек ауруынан 1919 жылы Жаңақалада қайтыс болғаны жөнінде жарияланған.
Бақтыгерей Құлманов көптеген қазақ зиялылары сияқты Ақпан төңкерісін үлкен қуанышпен қарсы алады. Ресейдегі самодержавиялық монархияның күйреуін демократиялық өзгерістерге кең өріс ашар зор құбылыс ретінде қабылдайды. Ол Орда зиялыларының басын қосып, елді бастап іске кірісер сәттің туғанын терең сезініп, халық арасында Ақпан төңкерісінің мақсат-мұраттарын түсіндіріп, оның азаматтық идеяларын уағыздайды.
Алаш азаматы Бақтыгерей Құлмановтың өмірі мен қызметін, саяси-құқықтық көзқарасын кең көлемде зерттеп, халыққа таныту – бүгінгі тарих ғылымының міндеті. Тарихи тұлғаларды естен шығармау, оларды танып-білу – тарихи сананы қалыптастырудың бірден-бір қайнар көзі.
1917 жылы Ақпан төңкерісі және одан кейінгі көктем, жаз айлары қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірінің барынша жанданған кезеңі болды. Ол бірнеше бағыттарда: халық өкілдерінің мемлекеттік құрылысқа, елдің саяси-әлеуметтік өміріне араласуы, ұлттық-саяси ұйымдар құру, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламаларын жасау бағыттарында көрініс тапты.
1917 жылы Ақпан оқиғасынан басталған қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси белсенділіктің жарқын айғағының бірі – сол жылдың көктем айларында қалыптаса бастаған облыстық уездік дәрежедегі қазақ комитеттерінің жүйесі. Олар 1917 жылы, негізінен, сәуір, мамыр айларында өткен облыстық уездік қазақ съездері. Атап айтқанда, мұндай съездер сәуір айында Орынборда (Торғай облыстық), Оралда (Орал облыстық), Семейде (Семей облыстық), Омбыда (Ақмола облыстық), Ордада (Бөкей облыстық) т.б. қалаларда болды.
Осы съездердің ішінде 1917 жылы 21-25 сәуір аралығында өткен және оның барысында Бақтыгерей Құлманов ерекше белсенділік көрсеткен Бөкей облыстық қазақ съезі айтарлықтай орын алады. Бұл съезді шақырудағы негізгі мақсат облыстық қазақ атқару комитетін сайлап, Бөкей даласында үкімет билігіне ұмтылған әртүрлі саяси күштердің жіктелу мен топтасу үдерісі жүріп, әртүрлі комитеттер пайда болды. Бұл туралы белгілі мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов айтқан болатын [203].
Ақпан революциясының нәтижесінде Бөкей облысында да қос үкіметтілік жағдай қалыптасты. Бұрынғы Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің қызметін жалғастырушы төраға, генерал И.Г.Подгорский болып қала берді. 1917 жылы наурызда Астрахан губерниясының комиссары Бирюков И.Г.Подгорскийге жіберген жеделхатында: «Бөкей ордасына оралып, Уақытша Кеңестің төрағасы қызметін жалғастырыңыз», – деп тапсырма береді. Сонымен бірге осы мерзімде Бөкей ордасында Подгорский билігіне қарама-қарсы «Ханско-ставочный комитет» құрылды. Алайда бұл орган да халық мүддесін білдіре алмады, сол себепті оларға деген наразылық күшейді.
1917 жылы 21 наурызда Астрахан губерниялық комиссарына Бөкей ордасы халқының атынан Әбдірахман Ғайсин мынадай жеделхат жолдайды: «Бөкей ордасындағы Уақытша Кеңес үкіметінің төрағасы Подгорскийді қызметінен босатуыңызды Бөкей ордасының халқы атынан сұраймыз».
Осы себепті де 1917 жылы сәуірде өтетін қазақ съезінің күн тәртібіндегі мәселе Бөкей ордасының Уақытша үкімет комиссары және атқару комитетін сайлау болды. Халық наразылығын толастату мақсатында Подгорский қызметтен босатылып, 15 сәуірде съезд шақырылғанға дейін, Орда өкілдерінің келісімімен уақытша комиссар қызметіне Батырхайыр Ниязов сайланды.
Осы кезден бастап Бақтыгерей Құлманов, Батырхайыр Ниязов, Уәлитхан Танашевтардың басшылығымен съезге Бөкей ордасы қисымдары болыстарының өкілдері қатысып, келелі мәселелер талқыланды.
Съездің жүйелі түрде өтуіне Астрахан губерниялық комиссары да мүдделі болып, оған өз атынан екі өкіл жібереді: «Денсаулығыма байланысты съездің ашылуына қатыса алмаймын, өз орныма көмекшім П.К.Коханов пен кеңесшім Абдул Каримовты жіберемін» [204].
Сөйтіп, 1917 жылы 21 сәуірде Хан ордасында бөкейлік барлық болыстар өкілдерінің бірінші съезі ашылады. Бөкей ордасының 167 өкілі қатысқан съезд жұмысын уақытша комиссар Батырхан Ниязов ашып, съезд төралқасын сайлауды ұсынады. Съездің шақырылуы мен өтуі жөнінде сол кезде Ордадағы "Ханско-ставочный комитет" мүшесі болған, кейін РК(б)П-ның Бөкейлік губкомының бірінші хатшылығына сайланган В.И.Варламов "В огне революции" деген естеліктер жинағында: «1917 жылы 21 сәуірде Бөкей ордасы қазақтарының І съезінде Бөкей ордасының Орталық Атқару комитетінің комиссары болып Уақытша үкіметінің мүшесі, кадет Бақтыгерей Құлманов сайланды», – деп жазады [205].
Бөкей ордасындағы осы кездегі оқиғаларды өз көзімен көрген, Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатынасқан Х.Ирмуратов "Октябрь в ауле" деген еңбегінде де осы съезд жөнінде мәліметтер бере келе, Ордадағы Уақытша үкіметтің комиссары Бақтыгерей Құлманов елдегі саяси жағдай туралы Бөкей ордасының қоғамдық-саяси өмірінен толық мәліметтер беретін баяндама жасағанын айтып өткен [206].
Бұл съезд, негізінен, Бөкей ордасының басқару жүйесін жетілдіруді мақсат етеді. Оның қаулысында Ішкі қырғыз Ордасын басқарған уақытша Совет таратылсын. Сондай-ақ бұрынғы барлық қисымдар мен округтер, болыстар басқарушылары тарасын дей келіп, «жалпы, тең, жасырын дауыс беру негізінде жергілікті өзін-өзі басқару басқармасы сайлансын және 14 адамнан Астрахан өлкесінің Қырғыз /қазақ/ халқын басқаратын Орталық атқару комитеті құрылсын» делінген. Мұның өзі Бақтыгерей Құлманов және өзге де қазақ зиялыларының демократиялық принциптерді ұстана отырып, Бөкей даласында өзіндік басқару жүйесін құруды көздегенін көрсетеді. Сөйтіп, съезд өз мәжілісінде басқару ісін жүргізудің Орталық комитетін сайлайды. Сонымен қатар Бақтыгерей Құлмановты «қазақ халқының Астрахан өлкесіндегі комиссары» деген лауазымға тағайындайды, яғни оған билік жүргізуге құқық береді». Сөйтіп, ол ел басқару ісіне белсене араласа бастайды. Бақтыгерей Құлмановтың басшылығымен Орталық комитет ең өзекті жер мәселесін шешуге тырысады, земстволық басқармалар құрады, бұхара көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен өрістеткен «Ұран» газетін шығаруға атсалысады.
«Ұран» – 1917 жылдың қыркүйек айынан 1918 жылдың мамыр айына дейін Бөкей ордасында шығып тұрған газет. Оның саяси бағыты аумалы-төкпелі кездің заман талабына сай, бағыты өзгермелі болған [207].
Съезді дәрігерлер атынан М.Шомбалов, Астрахан губерниялық атқару комитеті атынан Н.Конюхов және солдат Бударин, Астрахан қаласы солдат депутаттары мен офицерлері атынан подпоручик Львов, мұғалімдер атынан Ш.Ақбаев, Астрахан қаласындағы мұсылмандар атынан А.Әбдікәрімов, Қазан мұсылмандары атынан Уәлитхан Танашев, хан ордасы шіркеуінен (екінші проход) Мусин құттықтайды. «Қазақ» газетінен және Басқұншақ тұз кәсіпшілігіндегі қазақ жұмысшылары атынан келген құттықтау жеделхаттары оқылады.
Менің пайымдауымша, Бөкей облыстық съезінің күн тәртібі айтарлықтай ерекше. Онда көлемі де, деңгейі де маңызды және әртүрлі бір-бірімен байланысты үш мәселе тобы – жалпымемлекеттік, ұлттық және аймақтық мәселелер тобы жеке-жеке жүйеленген. Бөкей ордасындағы осы кезеңдегі оқиғалардың куәгері Х.Ирмуратов өз еңбегінде атап көрсетеді:
«Бөкей облыстық съезінде қаралған келелі мәселелердің бірі – осы кезеңдегі қазақ қоғамы үшін өткір саналатын аграрлық мәселе. Бөкейліктер аграрлық мәселені түбегейлі шешуді Құрылтай жиналысының үлесіне қалдырады. Съезд делегаттары жер иемдену көлемі еңбек нормасына сай болу қажет деп шешіп, бұл мәселеде өздерінің, Ресейдің халықтық-социалистік партиясының бағытына жақын тұратындықтарын анық білдірді. Съезд делегаттары мемлекеттік жаңа жерлерді алу құқығына қол сұқпайтынын мәлімдегеніне қарамастан, облысқа сырттан көшіп келуге және қазақтардың пайдалануындағы жерлерді алуға тыйым салуды қалайтындықтарын мәлімдейді.
Съезде қабылданған маңызды шешімдердің бірі – Бөкей ордасын облыс деп атау. Съезде ауылды, болысты, уезді және облысты басқаруға тиісті өкімет пен атқару органдары жүйесін құрудың және оны іске қосудың нақтылы нұсқаулары анықталады. Жаңа өкімет өзінің мәні жөнінен азаматтық болуға тиісті еді, ескі мемлекеттік аппарат түгел қиратылуға жатты. Жергілікті үкімет пен басқару органдарының барлық салаларының құрылымы мен міндеттерін осыншама жан-жақты анықтау осы мәселелерді теоретикалық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да шешуге қабілетті зиялы күштердің Бөкей даласында жеткілікті болғандығын көрсетті. Бұл, біріншіден. Екіншіден, осы Уақытша ережелерді даярлау қазақ автономиясына деген құлшыныстың бір көрінісі еді.
Сөйтіп, съезд шешімімен демократиялық негізде 14 адамнан тұратын Орталық атқару комитеті сайланады: төраға – Батырхаир Ниязов, орынбасары – Сейітқали Меңдешев, мүшелері: Әміржан Мұханалиев, Мардан Қашқынбаев, Хамидолла Мендалиев, Хабидолла Әбенов, Шынтай Жүсіпов, Өтешқали Атаниязов, Мауби Жұмалиев, Мұхамбет Естанов, Нұрмұхамбет Сарбасов.
Жоғарыда атап өткендей, съезде талқыға түскен маңызды мәселелердің бірі облыстық комиссар сайлауы еді. Сондықтан комиссар тұлғасына аса маңыз берілді, бұл съезд қаулысында да көрініс тапты. «Астрахан өлкесін басқаруға халық қалауымен көзі ашық, оқыған, халықтың мұң-мұқтажын түсіне білетін адам тағайындалсын». Бұл қаулыдан аңғарғанымыздай, комиссар қызметіне тек шын мәніндегі халық қалаулысы сайлана алатын еді. Мұндай тұлға халық арасында зор бедел иесі болған Бақтыгерей Құлманов болды. Сонымен аса жауапты облыс комиссары қызметіне ғасыр басындағы қос төңкеріс жағдайында Бөкейлік бұқараның басты көсеміне айналған, ұлт қозғалысы қайраткерлерінің бірі, Алашшыл азамат Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов сайланды.
Еліміз тәуелсіздік алып, төл тарихымызда жабық тақырыптарға жол ашылып, бүкіл бір кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтандықтардың орны толтырылуда.
Достарыңызбен бөлісу: |