Былғары шикізатын сақтау. Өндіріске жіберілмес бұрын былғары шикізаты қоймаларда сақталады. Өте жақсы тазаланып консервіленген былғары шикізатының өзі дұрыс сақталмаудың әсерінен өзінің сапасын төмендетеді, өндіріске мүлде жарамсыз болып қалуы да мүмкін.
4. Былғары шикізатының ақаулары
Былғарылық шикізаттың ақаулары деп терінің барлық ауданы бойынша немесе жеке жерлеріндегі өңделген былғарының сапасын төмендететін немесе оны пайдалану дәрежесін азайтатын бүлінулерді айтамыз. Бұл ақауларды міндетті түрде және анықтай алу қажет және де олардың тері сапасына қалай әсер ететінін білу керек.
Терінің сапасы ең алдымен малды асырау жағдайларына байланысты. Малды жақсы баққанда және дұрыс азықтандырғанда оның терісінің тығыздығы және барлық ауданы бойынша қалыңдығы біркелкі болады, тері ауруларының және зақымданған орындары болмайды,
терідегі жүн жұмсақ, қалың және тегіс келеді. Керісінше, малды нашар асырағанда немесе оның ауырғаннан кейінгі терісінің қалыңдығы біркелкі болмайды, арық болбыраған, тері ауруларының және зақымданған орындары болады, тері жүні қатты және сирек орналасады.
Ақаулардың пайда болу уақыты немесе себептері бойынша терілер негізгі үш топқа топтастырылады: тірі кезіндегі ақаулар, теріні дұрыс сыпырмағаннан пайда болатын ақаулар, дұрыс консервіленбеу және дұрыс сақталмаудың салдарынан пайда болатын ақаулар.
Тірі кезіндегі ақаулар. Жоғарыда айтылғандай, тірі кезіндегі ақаулар малды дұрыс асырамаудың нәтижесінде пайда болуы мүмкін, нақтырақ айтсақ, нашар азықтандыру, тері ауруларының салдары және әртүрлі механикалық мертігулер. Төменде ең көп тараған тірі күнгі ақаулар келтірілген: бөгелек шаққаннан кейінгі тесіктер, кене-безді ақаулары, кене жабынды ақаулары, микрофиляр, қамшының ізі, ағаш қамыт орны, ер-тоқым орны, таңбаның орны, біткен жараның орны, мүйізбен жаралану, сызат, жыланшық, бір бағытқа қарай қайырылған жүн, мойын терісіндегі қатпарлар, шикізаттың шорлануы және т.б.
Теріні дұрыс сыпырмағаннан пайда болатын ақаулар. Малды қате сою немесе теріні бей-берекет сыпыру соғынан әртүрлі ақаулардың пайда болуына әкеп соқтырады. Мұндай ақауларға жататындар: терінің кесілуі, терінің қиылуы, терінің жұлынып кетуі, қате кесу және т.б.
Терінің дұрыс консервіленбеу және дұрыс сақталмауының салдарынан пайда болатын ақаулар. Терілерді уақытында консервілемеу немесе дұрыс консервілемеу, сонымен қатар қате сақтау және шикізатты қате транспорттау нәтижесінде пайда болатын әртүрлі ақаулар. Мұндай ақауларға жататындар: шіріген көктеген тері, жауыр, тұз дақтары, тот дақтары, қамба күйесі, тышқанның кеміруі, сыну, мүйіздену, ақ таңдақтар, қыртыстар және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |