Дипломатия ежелгі кәсіп
Иә, ертеректе Шығыс пен Батыста елшінің қызметі әртүрлі болды. Бір-біріне ұқсамайтын. Дегенмен қызметі аса жауапты әрі қауіпті кәсіптің бірі саналды. Әдетте, елшілер бір елдің сөзін сөйлейтін толық өкілі ретінде – «Alter ego», яғни «екінші мен» деген түсінікке келетін қағиданы ұстанды.
Қазақ «елдестірмек елшіден» дейді ғой. Елші барған еліндегі жағдайдың барысын бақылап, зерттеп, екі мемлекет арасындағы түрлі салалардағы әлеуеті жоғары нүктелерін тауып, сол бағытты дамытуға күш-жігерін салуы керек. Өз елінің ұлттық мүдделеріне қайшы келмейтін, оларды қорғайтын және ілгерілететін ұстанымды басшылыққа алып, сол арқылы өзара ықпалдастық пен сенімді нығайтатын қызмет атқаруы қажет. Әрине, барған жерінде өз мемлекетінің мәдениеті, өнері, салт-дәстүрі және кез келген салалардағы жетістіктерін дәріптеуді де ұмытпауы қажет.
57 елшілік бар
Көпшілік сыртқы саясатта елшіліктің қандай рөлге ие екенін біле бермейді. Бұл тарапта газет оқырманына Қазақстанның қанша елде елшілігі барын айтып берейін. Бұдан біраз баспасөз бетінен еліміздің шетелде 60-тан аса дипломатиялық өкілдігі бар дегенді көзіміз шалып қалды. Бұл дерек қате. Қазіргі күні әлемде 200-ге жуық мемлекет бар және біздің ел олардың басым бөлігімен дипломатиялық қатынас орнатқан. Шетелде еліміздің 89 дипломатиялық өкілдігі бар, оның ішінде 57 елшілік, 5 халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдік, 3 дипломатиялық миссия, 10 бас консулдық, 12 консулдық және 2 елшілік бөлімшелері.
Достарыңызбен бөлісу: |