Назарымыз Газа секторында. Себебі... Шетелге саяхаттап шығатын азаматтардан «Қазақстан азаматы болмаса шетелде тұратын қазақтар қиын жағдайға қалғанда оларға қандай көмек беріледі?» деген сұрақты жиі естимін. Мемлекет басшысы бекіткен ҚР сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында біздің азаматтарымыздың шетелдегі жеке, отбасылық, іскер мүдделері мен құқықтарын қорғауды күшейту керек деген нақты тапсырма бар.
Шетелге шыққан әрбір азаматтың консулдық тіркеуден өтіп-өтпеуі өз еркінде. Тіркеу, бірінші кезекте, азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет екен. Мысалға, қазір министрлік азаматтарымызды Газа секторынан эвакуациялаумен айналысуда. Белгілісі, мұндағы консулдық тіркеуде 115 азаматымыз болған, әзір олардың ішінен 40 азамат елге оралды.
Өз басым 2007-2012 жылдары АҚШ-та қызмет атқарғанда қазақстандықтармен байланыс орнатуға үлкен мән беретінмін. Менің білуімше, бүгінгі таңда Америкада 30 мыңға тарта қазақстандық бар. Олардың басым бөлігі Вашингтон, Нью-Йорк, Остин, Хьюстон, Лос-Анджелес, Сан-Франциско қалаларында тұрады. Вашингтонда «Қазақ-Американдық бірлестік» пен Хьюстонда «Шаңырақ» атты отандастарымыз құрған бейресми ұйымдар белсенді түрде қызмет атқарып, нәтижесінде 2012 жылы Хьюстон қаласында алғашқы қазақ мектебі ашылды!