«Айтылған сөз – атылған оқ»
Елшінің еліміздің келбетін қалыптастырудағы орны ерекше. Оның әрбір айтқан сөзі атылған оқ қой! Әрбір қадамы жіті бақыланып, ол туралы және тиісінше Қазақстан туралы ой-пікір қалыптасады. Елші барлық келіссөздерді, жиынды, іс-шараны біздің елдің атынан өткізеді, оның кәсібилігі, біліктілігі, тіл білімі, жан-жақтылығы және адамгершілігіне қарап, мемлекетімізге баға беріледі.
Елшіге жүктелетін ең негізгі міндет – Қазақстанның халықаралық сахнадағы жағымды келбетін қалыптастыру. Себебі біздің ел туралы білгісі келетін шетелдіктер ең алдымен елшілікке келеді, сол жерде алғаш рет Қазақстан туралы анық-қанық ақпарат алады. Көптеген елшіліктерімізде арнайы бөлмелер киіз үйдің стилінде әрленіп, ішіне ұлттық киім үлгілері, музыкалық аспаптар – домбыра, қобыз, сыбызғы, шаң қобыз, сырнай, бұдан сырт үй жиһаздары – сандық, кілемше, көрпеше, текеметпен безендіріледі.
Бұған қоса, жыл сайын ашық есік күндерін ұйымдастырамыз. Шетелдіктер ұлттық тағам түрінен дәм татады. Жеке бақылауымды айтар болсам, Еуропа тұрғындарына біздің бауырсақ пен жент көбірек ұнайды.
Достарыңызбен бөлісу: |