Сөйлеудің патологиялық зақымдалып бұзылуы, оның психологиялық жағдайы (сөйлеу бұзылыстары, динамикалық локализациясы. П. Брока және К. Вернике афазиялары. Афазия мәселесі).
Сөйлеу тіліндегі мүкістердің патологиялық дәрежелеріне, белгілі бір мүшелерінің атқаратын қызметтерінің бұзылуына, зақымдануының уақытына, басты кемістіктердің ықпалынан пайда болатын екінші бір ақаулықтардың көрінуіне байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтары да әр алуан болып келеді. Олар әрқайсысының өзіне тән симптоматикалық және динамикалық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі салаға бөлінеді. Мұндай салаға дауыстың бірқалыптылығының бұзылуы, сөйлеу тіліндегі дауыс ырғағының бұзылуы, тұтықпа, дислалия, ринолалия, дизартрия, алалия, афазия, жазу тілі мен оқу тілінің бұзылуы жатады.
Тіл бұзылуының себептері органикалық және функциональдық болып бөлінеді. Органикалық – түрлі зақымдардың нәтижесінде тіл аппараты мен жүйке жүйесінің бөлімдерінің бұзылуы. Функциональдық – мұнда органикалық зақымдану болмайды, тек сөйлеу механизмдерінің функциясы бұзылады. Тілдің бұзылуы түрлі жаста, әсіресе жас балаларда көп кездеседі. Сөйлеудегі бұзылу келесі топтарға бөлінеді: Фонетикалық бұзылулар – бір дыбысты немесе бір топқа жататын дыбыстарды айта алмау (ызың, шұғыл, тіл ортасы, тіл алды дыбыстардың бұзылуы; дауыссыз дыбыстардың қатаң – ұяң – үнді айтылуының бұзылуы, дыбыстарды дұрыс қабылдау қабілетінің бұзылуы). Бұған дислалия, дизартрия, фонетикалық-фонематикалық жетілмеу жатады. Лексикалық-грамматикалық бұзылулар. Бұған енетіндер: шектеулі сөздік қор, жадағай фраза; фразадағы және сөйлемдегі сөздердің өзара қиыспауы, шылаулар мен жалғау-жұрнақтарды қате қолдану (сөйлеудің жалпы жетілмеуі). Әуендік – екпіндік бұзылулар: екпінді дұрыс қоймаумен байланысты, дауыстың күші мен жоғарылығы, тембрінің бұзылуына қарай (ақырын, қарғылыңқы, бақылдақ және т.б.). мысалы: дисфония, ринолалия, ринофония т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |