10. Тоғызқұмалақ ойынының ережесі Ойын құралдары. Тоғызқұмалақтың арнайы тақтасы болады. Оның бетінде тоғыз-тоғыздан екі жаққа бөліп орналыстарған 18 отауы және екі жақта екі қазаны бар. Ойын кезінде пайдаланылатын 162 құмалағы болады. Екі жақтың отаулары содан оңға қарай сандармен белгіленеді. әр отаудың өзінің аты бар. Мысалы, белбасар, қандықақпан, көкмойын, т.б. бұл отауларда тұздық жасай алған ойыншының артықшылығы болады, өйткені жүрістің көпшілігі осы отаулар арқылы өтеді. Сондай- ақ таңдық және көшпелі аталатын отауларға құмалақты көп жинаудан аулақ болу керек, өйткені ол отауларды қарсы жақ ұдайы шабуылдап отырады.
Ойынның мақсаты. Тоғызқұмалақ ойнында да екі жақ кезектесіп жүріс жасайды. Ал жүрісті қай жағы бірінші жасайтынын білу үшін жеребе тартылады. Ойынның мақсаты қарсыласынан бұрын өзінің қазанына 82 құмалақ жинап алу. Егер екі ойыншының қазанында да 81 құмалақ болса, ойынның тепе-тең аяқталғаны.
Жүру тәртібі. Жүріс жасағанда ойыншы кез-келген отауындағы құмалақтың біреуінен басқасын (біреу болса, онда ештеңе қалдырылмайды) түгел қолына алып, сағат тіліне қарсы бағытта араға отау қалдырмай бір-бірлеп салып шығады. Осылайша жүріс жасағанда ең соңғы құмалағы қарсы ойыншының отауына түскенде сол отаудағы құмалақ саны жұп болса, ондағы құмалақты түгел өзінің қазанына салады. Мұндай жүріс, табысты жүріс деп аталады. Ал ең соңғы құмалақ түскен отауда тақ құмалақ болса немесе ол ойыншының өз отауына түссе, бұл жай жүріс деп аталады. Қарсы жақ та осындай тәртіпте жүреді.
Тұздық. Жүрген ойыншының ең соңғы құмалағы қарсыласының екі құмалағы бар (9-шы отаудан басқа кез-келгеніне) отауына түссе онда ойыншы ол құмалақтарды өзінің қазанына салады. Содан бұдан былайғы жүрістің бәрінде де осы отауға түскен құмалақ әлгі ойыншының қазанына салынып отырады. Міне, осыны тұздық алу деп атайды.
Ойынның аяғында екі жақтың бірінің құмалағы таусылады да отаулары бос қалады. Құмалағы бар жақтың тақтадағы барлық құмалақты өзінің қазанына салып алуға қақы бар. Осылайша бір ойыншы отауларының бос қалуын атсырау дейді.
Ойын үстінде өзінің немесе қарсы жақтың орынсыз қол тигізуіне тыйым салынады. Егер ойыншы отауындағы құмалақты қолына алған болса, жүрген болып саналады. Сондай-ақ ол құмалаққа қол тигізген отауынан, егер қарсыласының құмалығына қол тигізсе, ең соңғы тасы сол отауға түсетіндей етіп жүруге міндетті.
Партияны жазу. Екі жақтың отаулары санмен белгіленіп қойылатындығы жоғарыда айттық. Соны пайдаланып, тақтадағы жағдайды жазып отыруға болады. Сонда алғашқы сан отаудың рет саны, ал одан кейінгі сан (сандар) онда неше құмалақ барын көрсетеді. Жүрісті көрсеткенде жүріс басталған отау мен аяқталған отаулар жазылып, арасына сызықша қойылады. Егер сызықша орнына қос нүкте қойылса, онда оның табысты жүріс болғандығы. Ал тұздық алынған отаудағы құмалақ санынан соң X таңбасы жазылады. Сондай-ақ жүрістің сипатын көрсететін басқа белгілер де пайдаланылады.
Партия қағазға түсіргенде екі жақтың жүрісін бағана етіп жазған дұрыс.
Тоғызқұмалақтан ресми жарыстар және жолдастық кездесу өткізіледі.
Жеңімпазды анықтау. Ойыншылардың бірі қазанына 82 құмалақ жинаса, қарсыластардың бірі ұтылғандығын мойындап, ойынды тоқтатса, ойыншының бірі атсырағанда да екіншісі жеңіске жеткен болып табылады.
Сонымен қатар ойыншының бірі уақыттан ұтылса, кездесуге 30 минут бойы келмесе, жарыстан шығып қалса, тәртіп бұзса, екіншісі жеңді деп хабарлайды.