Помещиктер Орал әскері күшімен қазақ шаруаларын теңіз жағасындағы қыстауына жібермей қояды. Бұл жөнінде Бөкей хан Орынборға, үкіметке 1814 жылы шағымдап көріп еді, еш нәтиже шықпады.
Патша әкімшілігі, Орал, Орынбор әскерлерінің офицерлері қазақ шаруаларының отырықшылануына, үй салып, қала болуына қарсы болған. 18-19.ғ.-да Кіші жүзді көп кезген орыс зерттеушілері, офицерлері бұл жерде ертеден көп қала болғанын, содан 17-18 ғ.ғ. қалмақ шапқыншылығына ұшырап үлкен күйзелісте болып, қалалар күйрегенін жазады. Әсіресе, Жайық, Елек, Қобда, Сағыз, Жем, Ырғыз, Торғай т.б. өзендері мен көптеген көлдердің Арал теңізі жағалауларында, Үстірт, Шың қыратында Сыр мен Жаңадария сағаларын атайды. Сағыз өзенінде Таскешу деген жерде бекініс, Ойыл, Жем бойында қалалар болғанын, олар жақында ғана қирағанын баяндайды. Қазір Қарашығанақтағы “Қос оба” мекені кірпіш күйдіру кәсіпорны, монша, су құбыры т.б. құрылыс қалдығы табылып, ескі қала орны екенін анықтауда. Патша әкімшілігі қазаққа қала, қоныс салуға жол бермеді. Тіпті өз қызметкеріне айналған сұлтандарға да қоныс салдырмады. Бөкейлікті билеуші Шығай Нұралиевке де 1819 жылы үй салуға орын көрсетуін сұрағанда сүйретпелеп, уақыт соза берді, 1820 жылы ол Коневский кордоны қасынан ағаш үй салып еді, жер граф Безбородконікі, үйіңді көшір, - деп ақырды губернатор. 1825 жылы Шығайдың ауруына қарамай, қыста қазақ әскері келіп көшіртті. (11:8) Кіші жүздің Батыс бөлігінің билеуші сұлтаны патшаға шын берілген Баймағанбет Айшуақовке мектеп үшін үй салып тұрақты қоныстануына күш көрсетіп бөгет жасайтынын, жазады. (12:2) Кіші жүздің 5 сұлтаны, 79 шаруалары 1829 жылы Орнбор губернаторына тұрақты қоныс салып, отырықшы болғысы келетінін, Жайықтың шығыс жағалауынан мекен салуға ұлықсат сұраған. Губернатор жер көрсетуді Орал әскеріне міндеттеген, атаман әлгі сұлтандарға 2 офицерді қосып қонысқа орын белгілеуге қосып жібереді. Будариннен шыққан сұлтандар Жайықтың Шығыс жағалауынан қолайлы жер іздеп шығады. Қай орынды көрсетсе де 2 казак келіспей Үйшікке дейін барып, іс аяқсыз қалады (13:3). Бұл зұлым саясат әлі әшкереленбей келеді.
Әскери линиядан қашықта кедейлер өздеріне қақыра үй /мазанка/, шымнан жер үй салып, кіріп отырады. Бірақ бұндай үйлерді бір жерге шоғырландырып салуға, немесе тәуірірек етіп салуға болмайды. Өйткені ел ішіне жиі шығатын әскери команда қиратып, мүмкіндік бермеді.
Патша өкіметі бұндай далада шашылған қақаралар мен тамдарды бәрін құрта алмайтын болғасын, олардан әр қайсысына салық салуды шығырды. Мысалы, 1837ж. қақырадан Кіші жүз 80621 сом ақша жинады (14:26).
Ішкі тарапта бұндай қақыра, жер кепе, жер үй, шым үй салуға патша әкімшілігі, Орал әскері тегжей алмады. Онда да шаруалардың үй-жәйін жөндеп дамытуға, тұрмысын жақсартуға жол бермей, оларды көшпелілікке, енжарлыққа, тоғылшарлыққа итермелейді.
Патша әкімшілігінің шектен шыққан аюандық ісінің бірі – қазақ даласына жоқты сылтау етіп әскери команда жіберетін. Бұл Орынбор, Орал, Астрахань әскерлерінің, пайда табатын бір көзі еді. Қарулы команда бейбіт, бейқам отырған ауылдарға келіп, ойына келгенін істейді. 1803 жылы Орал казак әскерлерінің бір тобы Кіші жүздің Байұлы атасына қарағандардың ауылдарын тонап, 32000 бас малды айдап алып, өздері бөліп алған (15:199).
Бұндай сұмдықты әуелі генералдар бастап, басқаларға үлгі көрсеткен. Орал әскері Алаша руының кей ауылдарын тонап кеткенін осы әскердің атаманы генерал Д.Бородинге айтып, әділ шешім жасауын өтінеді. Бұл шағымы үшін тежеусіз өскен генерал жаңағы Алаша руының Алтыбас атасының ауылына өзі әскери команданы бастап барып 1500 қойын, 20 жылқысын күшпен тартып әкеткен (11). Генералдан офицерлер, казактар қалыспаған, жиі қырға шығып бейбіт ауылды тонап, жәбірлеуді, мүлігін, малын тартып алуды, кәсіпке, дағдыға айналдырған. Григорьев форп-ң командирі Хорунжий Петров Б.Күшікбаев деген бидің үйіне барып 100 сом ақша талап етеді, би бермегесін оны сабаған. (17:11). Ал, губернатор Перовский басшылығымен оның көмекшісі Данилевский, Мансуров деген полковниктер 550 казакты жасырын дайындап, 1836 жылы 25 желтоқсанда елге көзге түспей шығып, мұздың үстімен тығыла Бозашы, Қайдақ түбіндегі Адай, Таз, Шеркеш ауылдарына тұтқиылдан шауып, бейқам елді “қарақшы іздейміз” деп талап, 7000 қой, 1000 түйе, т.б. малды тартып алып, 58 адамды жазықсыз айдап кеткен (18:36).
1824 жылы 1 июльде Новоилецк әскер линиясының командирі Есаул Аржанухин шағын командамен қырға қарай шығады. Бұны ести сала Шыңғырлау өзені өңіріндегі қазақ ауылдары шұғыл бөлініп дүркірей оңтүстікке қарай көше жөнеледі. Қашу соншалықты асығыс және үрейлі болады. Өзеннен өткенде адам, малдар бірін-бірі тапап, басып, адам, мал суға кеткен, көп шығынға ұшыраған. Әлгі ауылдар киіз үйлерін, заттарын тастай қашып, Шыңғырлау өзенін аптыға өткенде 2 бала, 1833 қой, 159 сиыр, 43 түйе суға кеткен. (19:180) Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф.Генс өзінің жағалбайлы руының биіне 1831 жылы 27 шілде де жазған хатында бұндайды мойындағанмен еш шара қолданбаған (20:116) Бұндай шабу, талау жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса берген. Ешбір тиым болмаған. Ал, қазақ қарулы әскерге қарсы бас қоса алмаған. Шапқыншылық тоқталмаған. Кіші жүзде жұмыс істеген полковник М.Ивашин губернатор Перовский кезінде қазақ ауылдарына әскер жіберіліп, ел таланбаған жылы болмады деп көрсетеді. (21:180) Губернатор Орал, Орынбор әскерлерінің және әскери сословие болып қалыптаса беруіне күш салып, оны орыс, башқұрт, татар, қазақ халықтарына қарсы жандарм ретінде де пайдаланды. Казактар басқа ұлттарға қарсы тәрбиеленді, әсіресе қазақтарға олар ең, тағы, дәрменсіз халық деп қарап, бар байлығын, адамдарың, талауды сабауды үйренген. Орынбор соғыс губернаторы генерал Перовский халық араздығын қоздырып, оларды біріне-бірін айдап салып отырды. 1836 жылы 1000 башқұрттарды Кіші жүзге жинап, басына генерал қойып, оған 2 зеңбірек беріп, 50 солдат қосып, Борсық құмына “керуен талағандарды жазалау үшін деп жіберіп, жазықсыз елді талатып, көп дүние тартып алынды.
Кейде бағынбаған, не салық төлемеген қазақ ауылдарына сұлтандар мен билер әскер әкеліп, бірге тонаған. Магнитная бекінісінің маңында тұратын Жағалбайлы руының ауылына Байзақ Арыстанов деген би казактармен келіп, 25 жылқысын, 5 түйе, 25 сиыр, 350 қойды тартып алып, 40 пұт бидай, 5 шапан, 2 түлкі терісін алған. Келесі бір келгенде бұл ауыл азаматтары әлгі биді ұрып жығып, сабап өлтірген (22:22).
Орал, Орынбор казак әскерлері орыс шаруаларының қозғалысын, тіпті Орал казактарының наразылықтарын басу үшін де (1803, 1825, 1835, 1837 ж.ж.) пайдаланылған. 1836 жылы Пермь губерниясындағы шаруалар көтерілісін басуға генерал Перовский Орынбор казак әскерінің бөлімшелерін жіберді. Сондай-ақ башқұрт шаруаларының қозғалысын басуға Орынбор казак әскерін жұмсады.
Орал әскері негізінен сауатсыз, саяси сауаты да кем, казактар еді. Орал казак әскері өте бай деп есептелсе де, осынша кең өлкеде бірде-бір мектеп болмапты. 1820 жылдары Теке қаласында бір мектеп ашылып, ол да өртеніп кеткен. Сондықтан сауатты адам мыңнан біреу болатын. Бұл жәй қоғам дамуына, ұлтаралық түсінісуге кесел болады.
Ашық шапқыншылықпен қатар, бұратана елге Орынбор, Орал әскерлерінің басқа да зорлықтары көп болды. Мысалы, шекараға жақын шабындықтарды линия тұрғындары тартып алып иемденіп, өз мекенінен алыста болса да шөбін шауып, шала-пұла үйетін. Жайықтың шығыс жағалауының шабындығын иеленеу үшін Орал әскерінің кеңсесі Тұзқаладан (Илецкі) бастап Бударин форпостысына дейін 15-20 шақырым, жағалауды қырлыққа дейін алғы пикеттер қойды. Олар қазақ ауылдарын Жайық жағалуына жолатпады. “Балық үркеді” деп өзен суынан малдарын суартпады. Бұндай пикеттер 22-ң үстінде. Олар қазақ шаруаларына озбырлық істеумен шұғылданды.
Бұнымен қатар, Жайық өзенінің шығысында қырда “қазақтардың шабуылын анықтау үшін” деген сылтау мен “қысқа жол” орнатып, ол Теке қаласы тұсынан Бударинге дейін Жайықтың шығысы мен одан Жайықтың батыс жағалауының қыры мен Каспий теңізіне дейін созылған, әр бір тәулік жерге пикет қойылған. (23:11) Верхнеуральск бекінісінің казактары, - дейді Орынбор шекара комиссиясындағы бір мәліметте, ішкі жақта жеткілікті жері бола тұра, тек қана қазақтарды қысымға алу үшін, пішен шабуды өне бойы қырлықта (Жайықтың арғы бетінде) істейді - делінген. Сол секілді Усть-Үй бекінісіне тұрғындарында шекарадан ішкі жағындағы шабындығын көрші орыс шаруаларына жалға бергеннің өзінде көп жері бос қалып, оны игере алмаса да шекарадан қазақ далалығына өтіп, әдейі линиядан қашықта шабындықты, тіпті қыстауларын тартып алып, пішен шапқан, көптеген скирдтер үшін қойған. Сосын күзде бұл өңірде мал жайғаны үшін және шөпті тапағаны, пішенді бүлдіргені үшін деп қазақ шаруаларынан алым мен айыпты тартып алып отырған. Орынбор шекара комиссиясы, өзендер өңірін линия тұрғындары шаруалардан тартып алуы, пішен шабуы тек арам пайда үшін ғана қажет” – деп мойындап, губернаторге мәлімдеді. Бірақ бұндай істерді Орынбор соғыс губернаторының өзі де бұрыннан біледі, оның үнсіз мақұлдауы мен өрбіп келген, енді бұл сорақылыққа қарсы ол еш шара қолданбады. Патша әкімшілігі мен жазалау орындары Орынбор, Орал казак әскерлерінің олардың офицерлері мен помещиктердің, саудагерлердің мүддесін қорғап, қолпаштап отырады. Мысалы, Өзен линиясының чиновниктері мен казакты Сары өзен бойындағы, Самар көлдеріндегі шабындықтарға өз бетімен қонса, оның шөбін бүлдіргені үшін және пішен шауып, тасып әкеткені үшін Ішкі тарап қазақтарын сотқа беріп, 2797 сом ақша өндіріп, алған. Бұндай жағдайда, казак офицерлері әрбір жүк пішенге өте қымбат баға талап етеді, мысалы, 6 сомнан 20 сомға дейін. Тіпті көбіне көп олар ойдан шығарылған, “шөп бүлдірдің” деп жанжал салып, айып төлететін.
Қазақ ауылдарынан пайда табудың тағы бір жолы – Орал, Орынбор әскерлері басшылары шаруаларды, көбіне-көп байларды өздерінің иесіз қалған жерлеріне талдарымен өткізіп, жайылым үшін ақша, мал алатын. Орынбор линиясындағы Верхнеозерная, Красногорск тұсынан Ішкі жаққа 1828 жылы тебінге 1000 бас жылқы өткізіп, әр жылқы үшін өлке басшылары мен келісім бойынша 25 тиын алуы тиіс еді. Қамал коменданты 8000 бас мал өткізіп, артық түскен ақшаны өзі пайдаланған (24:161).
Ал, Өзен линиясы басшыларының ұлықсаты мен Самар көлдеріне 1884 жылы қыста 3000 қожалық 92 мың жылқы, 15 мың түйе, 60 мың ірі қара мал, 300 мың қой, ешкі айдап келген. Сары өзен мен Қара өзен аралығына 2000 қожалық көшіп келіп, 60 мың жылқы, 10 мың түйе, 40 мың ірі қара мал, 250 мың қой айдап келіп, жайған. Осы істің басы – қасында болған сұлтан Шөке Нұралиевке берген қағазымда, өзен әскер линиясы бұл аталған өңірде 1834ж. 37 қоспен 179 бақташы, 13742 жылқы, 172 сиыр, 1403 қой өткізіп, 72502 сом, 70 тиын төлеген, 1835 ж. Байбақты руының биі Жүніс Жантемен, Тайша, Ақмырза, Бекмырза, Мәуленберді Жарылғаповтер 3237 жылқыны. Өзен әскерінің жеріне айдап әкеліп, тебіндегені үшін әр жылқыға 50 тиыннан алған. Бұдан басқа 2289 жылқыны тағы тебіндетіп, 1287 сом 50 тиын алған. Самар көлдері мен Сары, Қара өзендер арасына Ішкі хандық адамдары мен қатар Кіші жүздің батыс бөлігінде тұратындардың малдарын тебінге жіберіп, көп ақша алған.
Орал, Орынбор, Астрахан Өзен казак әскерлері мал жайғаны үшін тек ақша алып қоймаған. Енді оларды қанаудың тағы бір жолын тауып, еңбегін әншейін пайдаланатын болған. Осы Самар көлінен Қара, Сары өзендер бойында мекендеген Шөке Нұралиевтің жазуынша Орал, Өзен казак әскерлері жерлеріне олардың малын баққандарға да берген. “Казактар”, - дейді Шөке, еш уақытта өз отарларын өздері бақпайды, ылғи қазақ бақташыларына бақтырады” – деген.
1828 – 1829 ж.ж. Ішкі Орал немесе Өзен линиясында мал жайғаны үшін әрбір қожалықтан 1 қой алған, жылқы табының әр қостан бір жылқы, не 70 сом, немесе 12 қой алған, бермегеннен күшпен тартып әкеткен (23:161).
Орынбор, Орал казак әскерлері шаруаның түрлі қажетіне керек ағашты да шаптырмаған. Егер де біреудің қолынан жаңа ағаш бұйым көре қалса, ол тіпті біреуден сатып алса да оны жазалап, сабап, ағаштың құнын төлеткен.
Сөйтіп, Орал Орынбор казак әскерлері отар елге неше түрлі қысым жасап, олардың малына, жеріне, дүниесіне барынша қожалық етіп, тартып алып отырды. Орал казак әскері көрші қазақ, татар, башқұрт елдеріне қырғидай тиіп қана қойған жоқ. Олар көрші Саратов, Астрахань, Самар, Пермь губернияларының шаруаларына тіпті мемлекеттік орындары мен қызметкерлеріне зорлық жасап, дүниелерін талап немесе тәртіп бұзып отырған. Астрахань мен Жайық арасындағы жолды қарауылдаушы Орал казак әскері 1831 жылы Астрахань қарауындғы почта қызметкерлеріне, олардың үйінде неше түрлі қысым жасаған. Орал казактары, трактыны күзетудің орнына қоғамдық тәртіп бұзып, төңіректегі орыс, татарларды тонап келген. Гундук заставасы қасында Орал әскерінің 6-полк казактары сауда керуенін тонап жатқан кезінде қолға түскен (25.10). Бұл маңдағы көшпелі (қазақ, қарақалпақ, қалмақ, ноғай) елдердің мал, мүлкін ұрлап, тонап отырған. Бұл секілді сорақылдықтарды анықтау үшін Астрахань губернаторы майор Краснокутскийді тағайындады. Бұндай заңсыздық басқа жерлерде де кең орын алып, кеңінен жойылған.
Орал, Астрахань әскерлерінің зорлығына ұшыраған қазақ ауылдары Ішкі тараптан Жайықтың шығыс бетіне қашып көшіп кететін болған. Бұл наразылықтың бір түрі. 1804 жылы жазғытұрым Өтеміс Құлмәліұлы бастаған ауыл Жайықтан өту үшін қарулы қарсылық көрсеткен. Ішкі тарапта да елді ұстап қалу үшін губернатор П.К.Эссен 1817ж. бастап қазақтардың Жайықтан әрлі-берлі өтуге тиым салады. Егер де ұлықсатсыз өтушілер болса, оларды қатаң жазалап отыруды міндеттеген. 1836 жылы Жайықтан өтпек болған Ысық руының Ақсары бөлімінің азаматы Қожабеков Нұрманбетті ұстап алып, Сібірге жер аударған. (26:3)
Помещиктер мен саудагерлердің приказщиктері қазақ шаруаларының қамысты, сулы, жайылысы бар дөндер арасындағы ой мен өлеңтіге мұқтаждығын көріп, ұялмастан ойына келген ақыны сұраған. Әуелі теңіз жағалауында мал жайғаны үшін, қыстағаны үшін мал алып жүрді. Князь Юсуповтың приказчиктері Богаты кәсіпшілігі төңірегінде қыстағаны үшін шаруалардан мал, ақша т.б. бұйымдар алуы мен қоймай оларға қамыс шабу, мұз ою т.б. жұмыстарын зорлап істетті.
1820ж. А.Сапожников деген купецтің приказчигі Беріш руы ауылдарынан Каспий жағалауын жайлағаны үшін көп қой т.б. малдар алады. Бертін келе помещиктер мал мен қатар ақша, басқа дүние талап етіп, тіпті әншейін түрлі жұмыстарын істейтінді шығарды. Бұндай бассыздық қазақ шаруалары мен приказщиктер арасында наразылық туғызып, төбелеске дейін барды. Теңіз жағалауын жайлауға шаруалар приказщиктер мен әскери кордон офицерлеріне пара беріп, ұлықсат алып, оның үстіне жайлау (мал жаю), қыстаған ақыларын және төлеу керек болды. Егер де пара бермесе, немесе жайлаған, қыстаған ақысын төлемесе, онда приказщиктер сол адамның не ауылдың малын айдап алып, артынан оны қайтарып алу үшін, көп ақша талап етті. Мысалы, 1823ж. Новинская ватагасы жанына ежелгі жайлап, қыстап жүрген жерлеріне Шеркеш руының бір ауылы келеді. Осы жерде көшіп жүргені үшін приказчик ауыл биі Бекмамбет Тұрмамбетовтен ақы талап етті. Ауыл төлегесі келмеді. Приказчик жерді бүлдірдің (потрава) деп малын айдап алып, артынан 471 сом алғасын ғана қайырды. Шаруалар приказчиктердің қоқаңы мен қорқытуына, арандатуына берілмесе, онда әскери кордон бастықтарының көмегі мен қазақтарды қыстап отырған орнынан қыста құны шығатын болған.
Помещиктер адамдары жердің шекарасындағы мәжелердің тозғанын, немесе жоғалғанын пайдаланып, өз жерлерінен қашыққа апарып жаңа меже ағаштарын қоятын. Бұл келіп жер таласын шөпті, қамысты таптады деген жанжалды тудырып, ақыры шаруалардың мал дүниесін зорлық пен алу мен тынатын.
Теңіз жағалауындағы ойдымдарда, ойпаттарда, дөндер арасындағы сай, көлшіктерде өскен шөп пен қамыс бұрын ешкімге де керек емес еді, помещиктер еш қажетіне жұмсамай, қар астында қурап, шіріп қала беретінді. Одан помещиктерге келіп жатқан еш зиянда болған емес-ті. Енді приказчиктер бұл жерлерге қыстаған ауылдарға “шөпті бүлдіргені үшін” деп айып салады. 1831 ж. шөпті бүлдіргені үшін 3000 сом ақша өндіріп алды. Бұндай фактілер көп.
Онымен қоймай қазақ шаруаларының пішенге мұқтаждығын пайдаланып, Орал әскері мен помещиктер қазақтар көшіп жүрген теңіз жағалауындағы шабындық жерлерді сататынды шығарады. Мыс: Юсуповтің балық кәсіпшілік бастығы Шулетов әрбір түйеге артылған шөпке 10 тиыннан, 10 түйеге артылған шөп 1 сом деп шарт қойып, шөп шабуға ұлықсат берді. Шаруалардан екі есе артық ақша, яғни, 1157 түйелік жүк үшін деп 462 сом ақшаны сотпен өндіріп алады. Сөйтіп, жылдан-жылға помещиктер алым-салықтың түрін көбейтіп. Еңбекшілерді тонай береді. Бұл тек теңіз жағалауында ғана емес. Ішкі хандық пен Кіші жүз бен шекаралас помещиктер мен казак офицерлерімен бай-кулактарының бәрінің ісі.
Ішкі тарап шаруалары помещиктер мен Астрахан Орал әскерлері үшін “майлы қоға” болды. Помещиктер енді теңіз жағалауында көшкендері үшін көктемнен әрбір қожалықтан ақша талап етті. 1833ж. Юсуповтер әрбір түйе үшін 1 сом, жылқы мен сиырдан 10 тиыннан, әр қой басына 5 тиын төлеуді сұрады. Бұл жыл тым қатты болды, жұт басталды. Бұндай қиындықты помещиктер пайдаланып қалады. Бораннан 15000 жылқы сорға түсіп өледі. Көп мал шөпсіз, жайылымсыз аштан өледі. Бұған қарамастан князь Юсуповтер шаруалардан теңіз жағалауында қыстағаны үшін 6000 сом ақша талап етті. Оның үстіне, 1833ж, күзде шауып алған 3043 жүк шөбі үшін ақша төлеп, оған қосымша балықшы құрылыстары үшін қамыс шауып, және шабылған пішенді қонысқа тасып беруге міндеттейді.
Сөйтіп, помещиктер мен офицерлер феодалдық қанаудың ескі түрін – оброк пен барщинаны барынша қолданып, шаруаларды аяусыз қанады. Онымен қатар жұмысын тегін істетіп, еңбек пен өтеу рентасын (отработачная рента) кеңінен қолданды. Ал қанау жүйесін патша әкімшілігі көре тұра қолдап отырды. Мыс: Жанбай балық кәсіпшілігінің төңірегіндігелерден 25 мың бума қамыс шауып беруін талап етті.
1834ж. Астрахан губернаторы Пяткин помещиктердің бұл талабын қуаттап, теңіз жағалауында қазақтың көшкені үшін Юсуповтер 1600 сом ақша өндіруді сотқа тапсырады. Бұл шексіз алым кедей шаруалар үшін ауыр еді, әсіресе, Теңіз жағалауындағы Беріш руының көптеген шаруаларын қатты күйзелтті. Шаруалар тек помещиктер мен оның приказщиктерінің қанауында болып қойған жоқ, балық ваталарын жалға алған кәсіпші купецтерде барынша арамдық салып, шаруалардың көшкені, қыстағаны үшін ақыны көбейтумен болды.
Сапожников, Иван Кульпин, Бибиковтер т.б. саудагерлер қазақ шаруаларынан астық, былғары, түрлі мата, тұрмыстық бұйымдар сатып, ауыстырып көп мал алады да, оны теңіз жағалауында жаяды. Жоғарыда аталған саудагерлер 20 мыңнан астам қойларын жайған.
Саудагер Иван Кульпин помещик жерін жалға алдым деп, теңіз жағалауына қыстауға келгендердің әр бас малына 60 тиыннан төлегенін ғана жіберген. Ал, ақшасы жоқ болып, ештеңе төлей алмаған шаруаларды маңынан қуған. Әр үйден бір қойдан алуды өтінгенді де аямай, кордон әскерінің күшімен аязда жағалаудан қуып шыққан.
Помещиктер мен саудагерлер елді қанауын үдете береді. 1834 жылы күзде К.Н.Юсуповтер қазақтарға жайлайтын жерді азайтып, берген жердің бәрін қымбаттатуды ойлады. Осы мақсатта Теңіз жағалауындағы қазақтардың басқарушысы қарауыл хожа Бабажановпен жазбалы келісім шарт жасады. Бұл шарт бойынша Юсуповтердің Гурьев маңындағы дачалары, Никольск, Жамбай, Пороховин, Камчат кәсіпшіліктерінің маңын жайлауға тиым салған. Ал, егерде бұл жерлерге біреу көшіп, қонса, ондай әр қожалық 10 сом және мал басына 50 тиыннан помещикке айып төлеуге тиісті болды. Ал, бұл тиым салған жерлерде жақсы жайылым, қалың қамыс көп еді. Егерде бұл жерлерді жайлағысы келгендер Пороховин ватағасы үшін 40 мың, Жамбайға – 20 мың бума қамыс шауып беруге тиісті болады.
Шартта шаруалар бұл жерлерде ешбір құрылыс салуға, жер үй жасауға болмайтыны көрсетілген. Балық аулауға, немесе сатып алуға да тиым салған.
1835 жылы бұл шарт тағы жасалып, помещиктер енді Тудаң, Колпачи, Конаев, Болдырев, Кабанов, Мальцев, Будахин т.б. осындай тебіні мен қамысы көп 7 дөңдерді жайлауға тиым салған.
Онымен қатар теңіз жағалауындағы ағашты кесуге қамыс шабуға, балық аулауға да ұлықсат бермеді және 1833-1834ж.ж. шабылған шөптерге ақша төлеуге тиісті болды. Шаруалар дөндер арасындағы жайылымсыз, қыстаусыз күнелте алмайтын. Ал, помещиктер шөпті тапаттың, қамысты отадың деген сылтау мен айып тағып, тегін жұмыстарын істетіп, шөбін тасытып, қамысын шаптыру үшін әдейі неше түрлі шектеу қойған. Дөндердің арасында меже деген жоқ болғандықтан, бұндай айып тағу оңай еді. Бұл әділетсіз ауыр, шарт помещиктер қызметкерлерінің ойына келгенін істеп, шаруаларды аяусыз қалуына мүмкіндік берді.
Помещиктерден қазақтың ру басқарушылары, билері, мен байлары да қалыспады. Олар жер жайылым жалдаймыз деп шаруалардан артық ақша, мал жинады. Бұндай зорлық, озбырлық Кіші жүзбен шекаралас басқа жерлердегі помещиктер мен саудагерлер, жергілікті патша әкімшілігі мен кейбір тұрғындарда казактар мүмкіндігі келсе-ақ аяусыз істейтінді. Жала жауып айыптау, сабау, соттау т.б. көптеген заңсыздықтар істей берген. Отаршылардың не бір сұмдық зорлығы, қанауы, алдауы туралы жаза беруге болады. Осы айтылғаннан Бөкей ордасы, Кіші жүз Ресейге қосылғаннан шексіз қиянат көргенін білеміз. Шаруаларға ара түсер, қамқоршы болар ешкімі болмады. Би, сұлтандар, хан халықты отаршыға қосыла қанап, талаған. Бұл кесірлі бұзаудан азат болар жол көрінбеді. Патша өкіметінің отарлау саясаты, арамза пиғылы, зұлым әрекеттері, қарақшылық әскери шапқыншылығы қазақ халқының наразылығын туғызды. Әр жерде басқыншыға қарсы ашық бас көтерулер болды, қарулы қақтығыстарда жалғасты. Солардың бірі – Жоламан, Тіленшіұлы бастаған қимылдар. Тіленші Бөкенбайұлы Жетіру тайпасының ХІХғ. басындағы бас биі еді. Патша отарлауына ол наразы болып, үкіметке шағым жазып көрді. Нәтиже болмады. Жоламан Табын руының атамекенін тартып алуына қарсы болып, көнбей көріп еді, орыс әскері садуын күші тықсырып, қыстауларымен егін, жайларын тартып алып, өздерін Жайықтан өтіп, құмды, құнарлы аз жерге барып бас сауғалауға мәжбүр етті. Орск мен Трогщк қалалары аралығындағы қазақтар да оңтүстікке Торғай, Ырғыз өзендері алқабына қоныс ауды. “Жаңа линия” дегеннің құрылуына қарсы Жоламан Тіленшіұлы Барақ батыр, Амангелді патша саясатына наразы қазақтардың асын қосып, қаруланып, әскери линияға әлсін-әлі шабуыл жасайды, оны құртып жібермек болады. Бірақ, бірін-бірін шағын топ болып жүрген, қаруы нашар қазақ жігіттері әскери күшке айтарлықтай соққы бере алмады (27:274). 1820 жылдан басталған өз жерін қайтарып алу үшін, азаттық үшін ауыр күрес ұзаққа созылды. Стихиялы қозғалыс ұйымдасу жағынан нашар еді, бір-бірімен байланысы болмай әр жерде өз бетімен қимыл жасап, линия мекендерінің малдарын айдап кетіп, керуендерді тонап әуре болды. Алайда, Жоламан, Барақ, Амангелді бастаған топтармен Әлімұлы тайпасындағылардың қарулы шайқастарын патша үкіметінің қазақ жерін бұдан әрі оңтүстікке қарай тартып алуына кедергі болды. Линияны жылжыту тоқтап, отаршылар Кіші жүзді жаулап алудың басқа жолын іздеді.
Қазақтың отанын қорғауда, азаттық күресте басын қосып, бірігуіне жер алшақтығы да кеселін тигізді. Сонда да бірге қимыл көрсетуге талпыну болған. Жоламан т.б. аз күшпен Елек қалашығы маңына, жаңа линия бекіністеріне шабулын жалғастыра берді. 1822ж. желтоқсанда Табын руының биі, Ж.Тленшіұлы, Сүйінқара Үргенішбайұлы – Адай руының биі, батыр, Арыстан Тәнілұлы – Білеу ауылынан т.б. Орынбор губернаторы П.К.Эссенге хат жолдап, Бөкейліктегі Сары және Қара өзендер аралығындағы, Жайық пен Елек өзендері арасындағы қазақ жерін қайтарып беруді талап еткен. (28:444). Бұл жалпы халық мүддесін қорғау деген сөз. Патша үкіметі Жоламан қозғалысымен күресуге әскер шығарады. Полковник Ф.Ф.Берг басқарған жазалаушы экспедиция 3 топқа бөлініп, Кіші жүзде 3 жақтан шығып, көтерілісшілерді қоршап алмақ болады. Полковник Циолковский 800 Орал казактарымен 1823ж. мамырда Калмыков қамалынан шығып, Жем өзеніне бет алып, жолшыбай әдетінше бейқам, бейтарап ауылды зеңбірік пен атқылап, мылтық атып 79 қазақты өлтіріп, ауылдарды тонайды. Майор Мизинов отряды Сарайшық қамалынан шығып 20 қазақты өлтірген. Полковник Берг 1000 баскесерімен 23 мамырда Орскіден Оңтүстікке бет алады. Ойыл өзені бойлай жүрген ел қарсыласқанды тойтарып, 30 қазақты өлтірген. Отрядтар Ойыл өзені жағасында 17 маусымда кездеседі. Қобда өзенін ендей келген Щеглов отряды кісі өлтіріп, ел талаумен жүріп көтерілісшілердің негізгі күшін қоршай алмаған. Жоламан мыңдаған шаңырақ адамдарымен Мұғалжар тауына қарай сытылып кетеді. Ф.Бергтің жазалаушы әскері еш нәтиже шығармай, азып-тозып, кейін оралған. (29:498) Бұл сәтсіз жорықтың өзінше тарихи маңызы бар. Патша әкімшілігі Кіші жүз жұртын қару-жарақсыз болса да бағындыру, азаттық күресін тию қиын екенін көреді.
Сонымен ХІХ-ғ. Кіші жүзбен Ішкі тарап Ресейдің отарына айналып, ұзақ жылдары созылған бытыраңқылықпен шаруашылықтың күйзелуі халықтың әлеуметтік тұрмысын одан әрі күйзелтіп наразылықты өршітті. Отаршыға қарсы Кіші жүздің солтүстігінде, Сары, Қара өзендер алқабында Самар көлдерімен Теңіз жағалауында азаттық күрес әлсін-әлі жанданып, жалғаса берді. Бытыраңқылықпен бірігу кемдігі отаршының зымиян қимылы бұл күресте нәтиже бермеді. Наразылық қала берді.