Балалардағы БСА нәтижелері. Ересектерге қарағанда БТЖ бар балаларда өлім едәуір сирек кездеседі. Алайда өлім себептерін зерттегенде БАЕ қабылдайтын балаларда қантамырлық аурулардың жоғары қаупі, сол қарынша гипертрофиясының және гиперлипидемияның жиі таралуы анықталады.
Туылған кезде нәресте салмағының төмен болуы нефрондар санының азаюымен тікелей ұштасады, соның салдарынан ересек жаста гипертония және бүйрек ауруы дамуы мүмкін. Балаларда бүйрек ауруының негізгі себебіне немесе қосымша қауіп факторларының болуына байланыссыз, бүйрек жетіспеушілігінің терминалды сатыға дейін үдеуі креатинин клиренсіне кері тәуелді екені айдан анық. Сонымен қатар, бүйрек жетіспеушілігінің алғашқы деңгейіне қарамастан, жыныстық жетілу және ерте постпубертатты кезеңде бүйрек ауруының жедел әрі қатерлі сипатта үдеуі байқалады. Кейбір себептердің арнайылығын ескере отырып, бозбала ағзасының патофизиологиялық ерекшеліктері бүйрек жетіспеушілігінің үдеуіне алып келетінін айта кеткен жөн. Бұл ерекшеліктерге жыныс гормондарының әсері және нефрондар қалдық массасы мен тез арада ұлғайған дене мөлшерінің арасында дамитын сәйкессіздік жатады.
Біріншілік ГН немесе туа біткен/тұқым қуатын торсылдақ ауруынан дамыған БТЖ бар балаларда 5 жылдық өмір сүру деңгейі екіншілік ГН немесе васкулиті бар балаларға қарағанда едәуір жоғары. Қосарланған аурулардың болуына байланысты диализдік ем қабылдайтын нәрестелерде өлім деңгейі үлкен жастағы балаларға қарағанда жоғары болып келеді. БТЖ бар балалардың емі (диализ және бүйрек трансплантациясы), соңғы 40 жылда өмір ұзақтығының едәуір жақсаруына алып келді. Алайда 10 жылдық өмір сүру деңгейі 80%-дан аспайды, ал жасқа байланысты өлім жиілігі сау популяциямен салыстырғанда 30-150 есе жоғары кездеседі. Диализ бен трансплантацияны салыстырса, диализдік ем қабылдайтын науқастар арасында өлім жиілігі жоғарырақ, яғни трансплантацияны неғұрлым ұзақ күтсе, науқас болжамы соғұрлым нашар болады. 0-14 жас аралықтағы диализ емін алатын балаларда орташа өмір сүру ұзақтығы – тек 18,3 жыл, ал бүйрек трансплантациясынан кейін баланың өмірінің ұзақтығы орта есеппен 50 жылды құрайды екен.