2.5 ОРМАНДАРДЫҢ ӨНIМДIЛIГIН АРТТЫРУ
Ормандар өнiмдiлiгiн арттыру мәселелерi мына төмендегi себептер салдарынан кейiнгi уақытта пайда болды:
1. халық шаруашылығының ағаш сүрегіне және басқа орман өнiмдерiне күннен-күнге артып отырған қажеттiлiгi;
2. адамның шаруашылық қызметiне байланысты кейбiр аудандардағы орманды алқаптары мен сүрек қорының азаюы;
3. топырағы құнарсыз, қолайсыз жерлерге (құмдар, батпақты жерлер және т. Б. ) ормандардың ығыстырылуы;
4. орман шаруашылығы өндiрiсiн қарқынды дамыту, орман өсiру шараларына жаңа техниканы, химиялық заттарды енгізу;
5. ормандар өнiмдiлiгiнiң су мен топырақ қорғау, агроклиматтық, санитарлық-гигиеналық функцияларымен байланысы. Осы функциялардың күшейтiлуi, көбiне, орман өнiмдiлiгiн арттырумен ұштасады.
Орманды пайдалану сипаты бойынша мыналарды ажыратады: сүрек өнiмдiлiгi, қосалқы пайдалану өнiмдiлiгi, қорғаныш және толық экономикалық өнiмдiлiк. Аталған санаттардың әрқайсысы нақты және потенциалды болуы мүмкiн.
И.С.Мелехов ормандар өнiмдiлiгiн арттыру мәселесiн мынандай үш топқа бiрiктiрiлген шаралар жүйесiн жүргiзу арқылы шешуге болады деп есептеген:
1) ормандарды тиiмдi пайдалану және орман шаруашылығы шығындарымен күресу;
2) ормандардың өсiп-өнуi табиғи жағдайларына орманшылық-техникалық әдiстермен ықпал ету арқылы олардың өсуiн жеделдету;
3) ормандарды қалпына келтiрудi және қалыптастыруды жылдамдату шаралары;
4) тез өсетiн және жоғары өнiмдi ағаштарды енгiзе отырып, ормандар құрамын жаңарту және жақсарту.
Н.М.Гаршенин мен А.И.Швиденко шараларды үш топқа бөледi:
1) ұйымдастырушылық шаралар;
2) сүрекдiңге ықпал етуші шаралар;
3) өсiп-өну орнының жағдайларына ықпал ететiн шаралар.
Орман шаруашылығындағы тәжірибелік жұмыстар үшiн сүрек өнiмдiлiгiнің маңызы зор. Оны әр түрлi көрсеткiштермен: 1га қорымен, орташа өсiмімен, бонитетімен, ағымды өсiмімен, жалпы өнiмдiлiгімен анықтайды. Бұл ұғымды “жалпы өнiмдiлiк” деген термин бiршама дәл бiлдiредi. Ол есепке алу мезгiлiнде сүректiң жалпы қорынан, аралық пайдалану ретiнде кесiлген сүрек салмағынан, кезең бойынша қураған ағаш шығындарынан құралады және мына формуламен көрсетiледi:
Ржал = Vk+Vара+Т
мұнда, Ржал. – жалпы өнiмдiлiк;
Vk– зерттеу кезiндегi сүрек қоры;
Vара– аралық пайдалану;
Т – қураған ағаш шығыны (барлық көрсеткiштер 1га-ға метр куб (текше метр) ретiнде келтiрiледі).
Тәжiрибе кезінде кейiнгi екi көрсеткiштi абсолюттік мөлшерде есептеп шығару қиын, сондықтан оларды өсу барысы кестелерi бойынша шамамен анықтауға болады.
Егер әр түрлі жағдайдағы алқа ағаштардың өнiмдiлiк көрсеткiштерi талданатын болса, салыстырмалы көрсеткiштердi, мысалы, ағым өсiмі пайызын сараптау ыңғайлы. Жас алқа ағаштар сүрек қорының шаруашылық маңызы жоқ болса, онда ағаштың орташа биiктiгi мен диаметрі анықталады.
Потенциалды өнiмдiлiктi бағалау үшiн сүрекдiңнiң жоғары биiктiгi бойынша, яғни, ең ұзын ағаштардың биiктiгi бойынша анықталған бонитет бiршама тиiмдi көрсеткiш болып табылады.
Орман өнiмдiлiгiн арттыруға әсер ететiн арнайы шаралардың iшiнен бiздiң республика жағдайында қолдануға болатын мына төмендегiлерді атауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |