1.2 ОРМАНМОРФОЛОГИЯСЫ 1.2.1 Орман фитоценозы туралы ұғым. Орман – бұл жекелеген өзара байланыстағы бөлiктерден (ағаштардан, бұталардан, шөптесін өсiмдiктерден, мүктерден, қыналардан, микрофлоралардан және жануарлардан) тұратын күрделi кешен. Орманның барлық өсiмдiктерінің құрам бөлiктерi (компоненттері) күрделi өсiмдiк кешенiн – өсiмдiк қауымдастығын, «орман фитоценозын» (гректiң «фитон» – өсiмдiк, «ценоз» – жалпы, қауымдастық) құрай отырып, бiр-бiрiнiң ықпалында болады. Оның сипатты сыртқы ерекшелiктерiнiң бiрi – сатылық болып табылады.
Орман өсiмдiк қауымдастығын (фитоценоз) өсiмдiктердiң қарапайым механикалық жинағы деп қарауға болмайды. Ол қоршаған орта, табиғи сұрыптау және өсу үшiн күрес тудырған өсiмдiктер жиынтығын, орман қауымдастығын көрсетедi. Бұл жерде өсiмдiктер арасындағы, сондай-ақ, олармен қоршаған орта арасындағы көптеген өзара байланыстар аңғарылады.