ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет11/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
#675
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

- Қызым, маған әрі ұнайсың, әрі ұнамайсың, - деді.

Әй жоқ, шәй жоқ, төбеден ұрғандай өзің туралы мынадай сөз айтқан кезде, аңырып қалады екенсің, басқаны ескеріп жатар шама жоқ, бетіне қарай беріппін. Баяғы қалпы, салмақты.

- Жассың, пысықсың, білімдісің – ұнайсың. Ретсіз жерге килігесің, күйгелексің – ұнамайсың, - деп барып, біраз үнсіз қалды. Сірә, алдымен осы айтқандарымның өзі жетті ме, жетпеді ме, соны байқап алайын деген кейіп. Адамның ең жанды жері – оның мінезі, ол жайлы бөгде біреу тіс жарса, қайдан суық қаласың, мен де кілт ойланып кеткен екем. Әмина сөзін қайта тірілтті.

- Жұмысшы бала-шаға емес, өзі ойлансын, өзі істесін. Шама-шарқы жетпегенде ғана инженер ақыл қосу керек. Кешір сөзімді, сен әр жұмысшының құлағына масаша ызылдап жүргенің, бүйте берсең, беделден айрыласың, ісің өнбейді... - Ә, автобус келді. Кеттім. Хош, - деп Бекеева сөзін аяқтай алмағанымен, маған ауыр ой, ауыр салмақ тастап, өзі машинаға мініп, кете барды.

Көшенің ортасында не олай жүрмей, не былай жүрмей тұқырып қалған екенмін. Лықсып бір туған ойлар. Сырт көз суық көз санаған жаным сұғын қадай сынап жүрген екен ғой. Ақыл сөз, нақыл сөздер. Кеш айтпады ма.

Сөйтіп, мен де өзімше ойланатын болдым, сырымды жиям, сөзімді екшеймін, өзіммен ғана емес, өзгемен байланыстыра қорытам, солай Рахимаш. Сонау бір хат басында жазған есею баспалдағы деген сөздер осы арнадан туып кетіп еді.

Өзіңді сағынғандығым болар, көбірек көсіліп кеттім білем. Айтпақшы, көңілділік туралы ұмытып барады екем ғой. Туған күніме өздерің сыйлаған мандолин төсегімнің басында қазір ілулі тұр. Оңаша ақырын ән салып, құлақ күйін тартып қана отырушы едім, бірге жататын Валя дейтін қыз соны комитеттегілерге жеткізсе керек.

- Тамаша. Оркестрімізге тағы бір үн қосылды, қазақ әні, - деп желпілдетсін ондағылар.

Бұрын ала көлеңке бір кештерде қыздар құшақтасып қана отырып, сыңсып салар әндеріміз бар еді ғой: “Зәуреш”, “Бірбала”, “Ақ қайың”, “Қайықта” – осыларды қазір сахнада шырқатып жүрмін.

Тағы бір қызықты тастап кеткенім жөн емес шығар. Ол осы аптаның ішінде болған оқиға.

Екі аппаратшы қыз күбір-күбір етеді.

- Ханым Сатыбалдиевамен ақылдассақ қайтеді.

- Күліп жүрмесе.

- Енді кімге айтасың.

- Білмеймін... Ұялам. Бірақ келгенін қалаймын.

Мен үстерінен түскенде қысылыңқырап қалды. Сәулені таяуда ғана комсомолдық той жасап, Жанәділ Молдашев дейтін токарь жігітке ұзатқанбыз. Байқаймын, мына екеуінің сөз әлпеті сол туралы секілді, мәймөңкені жаным жек көреді, бірден сұрадым.

- Не сыбыр? Айтсаңдаршы!

Сәуле қызарып төмен қарады, сөйлеген Зоя:

- Жан мен Сәуле бірге істесем дейтін көрінеді. Біздің цехқа аппаратшы болып ауысуды ойлайды.

- Несі бар, келсін, көмектесейік.

Қазір екеуі де бір цехта. Тіс қаққан өулар “Қайран махаббат-ай, бірге істемесе қайтер екен. - Әлі-ақ суынып сала бересіңдер” деп күлді.Қайдан білейін, болашаққа кім барып келді дейсің, дегенмен мен осыларға қызыққан жайым бар, Рахимаш”.

Ханым хатын аяқтаған кезде терезеден шуақты күн төне қарап тұр екен.

ОН БЕСІНШІ НОВЕЛЛА


Дайындау цехының аппаратшысы Бекеш Отарбаев май болған қолдарын қағазбен асығыс сүртті де, сағатына бір қарап қойып, есік жаққа көз қиығын тастады.

- Мынауың не? Кімді күлдірмексің? – деген Бекештің көзі Бауыржанның әлі қуаныш табы басылмай жадырап тұрған жүзіне түсті де, сұңғыла көңілі әлденені тез қайырып, әзілін кілт доғарды.

- Бекеш, құттықтасаңшы, сүйсеңші мені.

- Бауырым-ау, немен? – деп Бекеш шұғыл шаттық күткендей Бауыржан бетіне жалт қарады.

- Сүйді ғой мені, құшақтап тұрып өзі сүйді...

- Ғалия ма? – Бекештің көзі күліп тұр.

- Сол, соның дәл өзі.

Қуаныштан төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұрған Бауыржанның махаббат шырынын татқандағы тұңғыш қуанышы Бекештің көңілін босатты, досының қолын қысып қана қойды, шынында бұл жерде сөз атаулы орынсыз еді.

Дос бақытына ортақтасқысы келгендей Бауыржан қасында әжептәуір аялдап тұрып қалған Бекеш сөмкесін алып, кетуге ыңғайланды. Екі құлағы екі езуіне кеткен Бауыржан:

- Мен бүгін үш есе жұмыс істеймін, Ғали яүшін, өзім үшін, махаббат үшін, - дейді.

- Сенем.

Цех комсомол ұйымының кешегі хатшысы Бекеш Отарбаев қазір партия қатарына алынғанымен, бұрынғы ісінен қол үзіп кете алған жоқ, прожектор штабының бастығы, спорт секциясының жетекшісі, ең аяғы жас жұбайлар тұзы келіспей қалса да, соған жүгіреді.

Үйге бірден тартпай, Бекештің қазіргі келе жатқандағы беті – тоқу цехы. Назымға да жолығуы керек.

Сұлу біткен ақша жүзінде жарасымды қызылы бар Назым Бекеш кіріп келгенде жұмыс киімінің жеңінен жұмыр білегін шығара беріп:

- Сәлеметсіз бе, - деп сызыла үн қатып, ыңғайсыздау, қысылып тұрып қалғанымен, бұл цехқа кешелі-бүгін түскен бұла-болпаш шолжың жас емес, екі жыл істеп қабырғасы қатып, бұғанасы бекіген тоқымашының бірі.

- Былай, Назым. Жалпақ жаздың төбесі селтиіп көріне бастады. Қостанай жасанды талшық жасайтын заводы деген атағымызға дардай, рас қой. Сонда деймін, жазғы спорт дегенге не айтар едің? – Бекеш үнсіз бағынып тыңдап қалған Назым жанарындағы есті ұшқынға риза болып, темекісін бір сорып қойып, сөзді қайта сабақтады. – Шыбықша солқылдаған құрбыларының басын қосып жіберіп волейболшылар командасын қолға алсаң қайтеді.

- Осы ғана ма айтпағыңыз. Бұл қиын емес қой, - деп сыңғырлай сөйлеген Назымның келбеті расында да қажырлы көрінді.

- Ендеше, әкел қолыңды.

Бір қарағанда жалғыз ауыз сөз көрінсе де, Бекеш Назыммен жүздесіп, бетпе-бет сөйлесіп, уәделескеніне ырза болды. Көпшілік жұмыстарының кей шақтарында көзге көрініп, қолға ұстатуы қиын, бір дәннің жемісін сарыла тосатын беймезгіл сәттері мол, оған бұрауы босап, ұнжырғасы түскен жанның тындырары шамалы-ау.

Он сегіз – он тоғыздың бозбас белінде жүрген балғын күндерінде Бекеш машина рулі, қалтасына тиын-тебен қамынан өзгеге онша мойын бұра қоймайтын, бәрі осы жасанды талшық заводына кіруден басталды. Әу деп комсомолдық тапсырма берді, таңсықтығынан ба, құлшына кірісті, бір емес, қайта-қайта. Одан цех комитетіне сайланды, жыл өткен соң хатшы болды.

Бекеш бөлмеге ене бергенде, жүзін үй ішінің жылы ауасы шарпып, құлағын даң-дұң сөздер кесіп кетті. Ол аяғын бір аттап барып, өз көзіне өзі сенбегендей қарсы алдынан ор қазылғандай болып, шошып тұрып қалды.

- Масқара! – деп дауыстап жіберді.

- Құртты-ау мынау!

Он сегізге толмаған бозөкпенің былғаңдап тұрысын. Қой аузынан шөп алмайтын, кісі бетіне тура қарамайтын монтаны момын Кәрім Ошыбаев. Кім ішкізді екен, ә.

Кеудесіне лықсып келген ашу бетіне тепсініп шыға келген Бекеш Кәрімге атып жіберердей қарады. Айыл жиған Кәрім жоқ, қайта өршеленгендей, еліре түседі.

- Ну-ну, Бе-кешаға... түкірдім бәріне, - деп барып төсекке құлай кетті.

Химия цехының инженері Ордабек Тәшметов бұйра шашы бұрқырап, ашудан жарылғалы жүр.

- Ең арзаны сыра алмаушы еді аузына. Ішкізген. Табам мен оларды, көрсетем, - деп Кәрімді жұлқылап, киімдерін шешіп жатыр. – Таң атсын, көзіңе көк шыбын үймелетпесем бе, бәлем. Қара мұны, комсомолға кеше өте сап, бүгін екі езуінің көпіруін. Ішкішпен бірге тұра алмаспын, керек болса заводтан да қуғызармын.

Жағын таянып, үнсіз отырған Бекеш қабағын түйіп, қатты дауыстап қалды.

- Әй, Ордабек. Мұның қай байбалам. Есі кіріп, етегін жапқанда айтарсың.

- Жақтағаның ба? – деп Ордабек шоршып түсті.

- Түу, сен де бөктерде жүр ме едің? – деп кейіген Бекеш одан ары екі сөзге келмей, пальтосын жүре киіп, тысқа шығып кетті.

Тағы да салқын ауасы лүпіп, жұлдызды аспаны жайнаң қаққан түн құшағын ашады, бірақ Бекеш көңілі өз ішіне түскен жаңа бір салмақтың ауыр зілін сезініп, томырылғандай болады. Бекеш аяғын аңғырт басқан анау бала-бозбаланың қылығына өзін де кінәлі санап, мүйізі сырқырайды, оның енді батпаққа құламауы мойнындағы парыз жүктей көрінеді.

ОН АЛТЫНШЫ НОВЕЛЛА


Әркім-әркім әр жерден күбірлесіп қалды.

- Кім өзі?

- Қалай-қалай соғады мынауың.

- Жастық мастығы болар...

Сыптығырдай ұзын, қарағайдай мүсінді келген, қара қоңыр жүзіне қиықша мұрты ерекше сұстылық беріп тұрған жігіт қысылуды білмейді екен, - шешіле сөйлеп тұр. Түйдек-түйдегімен тастайды, кейде қою қабағын көтеріп қалады, сынайтын-шыдайтын түрі бар. Біресе кейбіреулерге түсініксіз атау терминдерді айтып кетсе, біресе көшқұлаш цифрларды жатқа соғады. Сірә, не десең де, мынау қалпында алған бетінен таяр сыңай жоқ қой. Әлгінде айтылған жайлардың көбін бір-бір сілкіп алып, ақыры талайды “жә” дегізер байламын түйді.

- Бір күндікті ойлау – соқырлық. Әсіресе болашағы үлкен қаланың ертеңгі келбетін қазір ойластырмау, асыра айтсам кешірім – қылмыс. Үйшік үйлер, шөже жаппалар онсыз да толық жатыр. Тағы сондайды салсақ, атағы айдай әлемге кеткен Целиноград тағдыры не болмақ. Қала құрылысы – кірпіш қалай беру ғана емес, ойлау-ойлау, тағы да ойлау. Ыңғайлылық, міне, қазіргі архитектура талабы.

Алдыңғы қатардағы бірінде отырған қасқабас адам еңкейе берді. Егде көздері жылы сәуле шашып, құлақ түре тыңдап қалған. Қазір бағзы жандар бас шайқап, ұнатпай отырған жайттерді ол үлкендікпен кешіреді, “жастық мінез, соған тән бас асаулық басылар, бастығар” деп түйеді, сол мінездің жалынына, жаңа бір тегеурініне мәз болады. Жымысқы астарсыз адуындық – тапталмаған, қуатты қайрат келбеті. Соны көргендей қуанады.

Әкем-ау, мынау жаңа төл, соңғы буын үні ғой.

Архитектор Наум Эренберг кірпік қақпастан қадалып отыр. Мұртты жігіт әлі мінбеде.

- Айтылған сындарға қояр дауым осы. Аз олжаға көп табысты айырбастамау керек. Біз жоспарлаған монша ұзаса жарты жыл кеш бітер, бірақ оның қолайлылығы, көрнектілігі, сәндігі сөзсіз қажет.

Целиноград қалалық атқару комитетіндегі бір бас қосу осылай өтіп еді. Олай ырғасып, былай ырғасып, ақыры, архитектор Ертай Нұрманов бастатқан топтың сөзі жүйесін тапты...

- Әшен, - деді Ертай.

- Әу.

- Ана қайық тоқтаған тұмсықты көрдің бе?



- Көрдім.

- Бір әңгіме айтайын ба?

- Айт, - Әшен күйеуінің бетіне қарап жымияды.

Ертай жартылай ғана тартылған сигаретті тағы бір сорды да, лақтырып жіберді, ол суға барып шыж ете түсті.

- Сол қара сирақ, қара борбай күніміз. Сәтмағамбет дейтін шал бар еді. Көз алдымнан кетпейді: бас терісі гармонының қатпарындай қыртыс-қыртыс, орақ тұмсық аузында қалған төрт тісі қарайып тұр.

Ертай жүзіне тіксіне қадалып қалған Әшен қабағын шытты.

- Айтпашы!

- Неге?


- Қорқам.

Ертай сақылдап күлді.

- Құдай-ау, Сәтмағамбет бе. Ол алтын шал еді ғой. Өлсем ұмытармын ба.

- Қазір құлап қалды, бір кезде, анау тұмсықта Сәтмағамбет шалдың үйі болатын. Сол соғыстың сұрапылы лаулаған шақ, жеті-сегіздегі күнім. Әкем майданда. Шешем күні-түні жалаң аяқ жар кешіп, ерні жарылып, белі үзіліп жүріп, бала-шағаға талқажау табады. Мені күндіз кім бақпақ. Қайда барсам еркім. Ақмоланың ақ топырағын бұрқыратып көше қыдырам, базар барам, одан қалса – ойын. Шешем жұмысқа кетерінде таптап ұрсып кетеді. Айналып-толғанып айтады:

- Әне жерге айран қойдым. Нан шкафта. Бір кесек қант тұр, тие көрме, әнеукүні шай берген Қайша қатын келсе, сол тістесін. Ал Есілге беттесең, тірсегіңді қиям. Суға кетіп өлесің, бір аттаушы болма. Айналайын, құлыным.

Қайдан, ол кісінің көзі тайды дегенше, бізді Есілден ізде. Өзен көшелерінде ұсақ бала көп еді. Бірінде қармақ, бірінде доп...

Есілдің ар жағындағы дөңгелек тоғайға бет алған кезде, Ертай әйелінің саусақтарын қысып күлді:

- Мылжыңдап кеткен жоқпын ба?

- Аздап.

- Онда доғарайын!

- Жо-жоқ. Бағанағы шал не болды?

Ертай тағы темекі тістеді. Әшен тұтатты, біреулер бұларды ұнатпағандай тыржиды. Өзен жақтан салқын леп келді.

- Бейшара шалдың жалғыз басы. Бізді, әйтеуір, бауырына тарта береді. Әуелде шақпақ қантқа, тәттіге көз салсақ, артынан бауыр болып кеттік. О күнде әркім әр түрлі кәсіп етеді, ал Сәлмағанбет ақсақал тірлік талшығын өз күшімен табады. Қаракеті пеш кірпіш құйып сату, пеш салу. Бұл оңай жұмыс емес: балшықты аяғыңмен араластыр, оған құм қос, әбден иін қандыр, сөйтіп құй, кептір, қырна, сындырмай жина. Ойын баласына бәрі қызық. Қой дегеніне болмастан сол жұмысқа біз де араласатын болдық, пеш салғанда қасында қарап тұрамыз, аузымыздан су ағады: төрт құдық, бес құдық, қалай шатастырмайды, түтін қалай шығады, түп-түгел таң дүние. Ал Сәтмағанбет шал жалаң аяғымен лай басқанда ертегінің Едігесіндей көрініп кетеді...

- Балмұздақ жейікші! – деді Әшен.

- Ақша бер! – деді Ертай.

Екеуі күлді. Бүгін халық көп екен: маңдайларын күнге қыздырып, газет оқып отырған пенсионерлер, шаштарын күрең түске бояп алған сәнқой қыздар, қоларба сүйреткен көзілдірікті жігіт, жапырақ тістеп бара жатқан кеуделі бойжеткен. Сәл жел соқса, жапырақ сыбырлайды, бұл жиналыс соңын еске түсіреді. Радио үздігіп тұр:

“... это новый танец, танец Аллюли”.

Әшен мен Ертай көпке дейін үнсіз отырды. Кешке жақынғы тыныс шағы. Қалың ағаш арасынан батып бара жатқан күннің әлсіз сәулелері сығалайды. Жұп-жұқа ернін сүртіп, оған қайтадан қызыл жаққан Әшен Ертайға қарады.

- Сонымен?

- Не сонымен?

- Шал қайда кетті?

Олар тағы жүріп келеді.

- Институт бітірген жылдың жазы, Ленинградтан келген бетім. Бір айдан соң, сенімен танысарымды қайдан білейін. Баққа беттеп келем. Біреу дауыстады. Жалт қарадым – Сәтмағанбет шал. Құдай-ау, өңім бе, түсім бе, Сәтмағанбет шал, сонда сексеннің тоғызында. Көзіне жас алып, үнсіз құшып, маңдайымнан иіскеді.

- Танимысың?

- Кім боп келдің?

- Архитектор, құрылысшы, үй салам, - деп мамандығымның жайын түсіндіріп жатырмын.

- Алда айналайын-ай, шалдың өзі өлімге бет бұрғанымен, арманын сен арқалаған екенсің ғой. Бол. Бол. Қарағым, - деп кете барды. Бойы әлі тік еді...

Жатып қалғанына көп уақыт өтсе де, Әшеннің ойына бағанағы әңгіме келе береді, пеш кірпіш, Сітмағанбет шал, архитектура. Бір-біріне мүлде байланысарлық, үш қайнаса сорпасы қосыларлық дүние ме! Бірақ күейуіне әсер еткен, өмірлік жолын, құштарлық-қабілетін табуға кілт болыпты. Әшен – дәрігер. Өзі қалай таңдап еді. Болашақ мамандығын қай күні, қай сәтте сүйді. Тап басып айта алар ма. Ақ халатты жандар үлкен үйге бір кіріп, бір шығып жүретін. Жас қыз соларға қарай беретін. Медицина... Архитектура. Рас, сүймесең дәрігер болармысың. Архитектор. Жүзден біреу шығады ғой...

Әшен бір жамбасына аунап түсті.

- Жатсаңшы.

Ертай дамылсыз сызып отыр, үстел шамының түскен сәулесі қырын отырса да оның жүзін ашып көрсетеді, шашы, маңдайы, мұрын, иегі. Алыс бір ойдан оралғандай:

- А-а, - деді созып. Қағазға қайта шұқшиды.

Әшеннің ұйқысы жел айдаған бұлт секілді тарап кетті. Кеудесі бір көтеріліп, бір басылып тып-тыныш рахат күйде, екі көзі күйеуінде, жанарында жұмсақ, биязы нұр, еркелеткендей, еркелегісі келгендей. “Тағы да бір соқпаққа түсіп кеткені ғой”, - деп ойлады Әшен. Кейінгі жылдары салынғандардан Совет Одағына теңдесі жоқ деп мақтанып жүрген Тың игерушілер сарайының іргесі қаланатын кезде осындай бір ұйқысыз, мазасыз түндер болған. Биіктігі отыз метрден астам, жеті этажды Советтер үйін жобалауға да аз тер төгілді ме. Темір жол вокзалы ше. Таңырқата қанат жайып, шоқтық көтеріп келе жатқан құрылыс Әшеннің көз алдынан көп сурет өтеді. Бейбітшілік проспектісіндегі көгершін түстес үйлердің әсемдігі қандай.

Бір сәт үлкен қаланың бас архитекторы мынау отырған Ертай Нұрманов болғанына Әшен керемет қуанып кетті: әйелдік өзімшілдігі елгезек жүрегін дүрс-дүрс соқтырды да, орнынан ұшып тұрып, күйеуінің бетінен сүйіп-сүйіп алды.

- А-а, - деді Ертай бойын құрсап отырған алыс ойлардан арыла алмай. Көргені - әйелінің махаббатқа толы қарақат көздері ғана.

ОН ЖЕТІНШІ НОВЕЛЛА


Экскаваторшы Жандархан Райымбаев бұйығы, үйкүшік жігіт емес, бірақ орынсыз сөйлегенді жек көретін аузы ауыр жас. Іштей әлденені беріле ойлап, тіс жармастан отыра береді. Ал мына таяуда ғана келген көмекшісі Сайын Орманов мұнша сөйлеуік болар ма. Қолы босап кетсе, Жандарханның желкесінен шүйіліп, сұрақты қардай боратады. Әлде жастығы, әлде қызба мінездігі, аяқ астынан масайрап қоя береді. Кабинадан қарап тұрып:

- Вот, керемет, - дейді. – Футбол алаңындай, мидай жазық, бұдыр-бұдыр тау болсайшы, құдай ақына. Жоқ. Ал асты тұнып тұрған байлық, қызық.

Жұмыс бітіп, жұрт асыға жиналып жатқанда да Сайын тез жөнеле қоймайды. Биіктеу жерге шығып алып, алақанында жатқан Соколов карьеріне балалық ұшқын шашқан көздерін қадайды. Техникумды таяуда бітіріп келген Ормановқа бәрі қызық: қат-қат жер қыртыстары, түрлі-түсті минералдар, тастар, зулаған составтар, руда тиеп ағызып бара жатқан алып “МАЗдар”.

Жиырма алты жастағы Жандархан анау кеудесін қиял буған бозбалаға қызыға қарайды, - өзінің кешегі бастан кешірген ыстық хал-сезімі, өшкен, үзілген күй емес, толығып, марқайып жаңа арнаға түскен сыры, сөйтсе де сонау бір кездер қызуы қандай еді.

Осы сөздердің алдына кесе-көлденең тартылатынын Жандархан сезген. Бірақ әке түйіні ауырлау болды.

- Балам, жас емессің. “Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аспассың” деген. Бәрі өзіңнің Қостанайың ғой, тескен тау кетіп бара жатқан жоқсың. Орта білімің бар. Ол ауыл-аймақ емес, көп ортасы, қырық жұрттың басы қосылар қан базар тақылеттес өндіріс орталығы болар. Атымызға кір келтірсең, кешпеймін. Сол, бар, - деді.

Жер жарып жатқан атағы болмаса, 1956 жылдың қысында қазіргі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының он екіде бір нұсқасы жоқ еді. Жаңа жер, қиындық, бұрын білмеген мекен – осылар жас жүректерді ғана қол бұлғап шақырып тұрады екен, болашақ кен алыбы құрылысына тұс-тұстан ағылған жастар қисапсыз көп болар ма. Аз күннің ішінде Жандарханның достары көбейіп сала берді, қазір бульдозерші болып істеп жүрген Айтбай Хамитов, Қазихан Жүндібаев, экскаватор машинистері Халел Зортаев, Сейдікәрім Жұдырықовтар бір палаткада жатып, бір кружкадан шай ішкен иткөйлек серіктер.

Алғашқы қиындықтар: темір жол жоқ, түрлі аппараттарды, станоктарды шанамен тасыды ғой, асығыс салынған жыртық-тесік баспана. Болашақ комбинаттың тұңғыш жиналысында 12-ақ адам бодды, сонда Жандархан директор Николай Сандригайломен қатар отырып еді-ау, бәрі тарих.

- Сайын, кетпейміз бе?

Анау балаша қиялға батып тұрып қалғанына қысылғандай селт ете түсті.

- Кетейік.

Карьерден Рудныйға дейін арнаулы машиналар жүреді, сменасы біткен жұмысшылар мініп жатыр, көбі жылтыр қара күпәйкелі. Кейін келген бірен-саран жасаң жігіттер болмаса, Жандархан бүкіл Соколов басқармасында істейтіндерді түгел біледі, талаймен істес болды.

- Ә, сәлеметсіз бе. – Алдыңғы қатарда Оңтүстік кен басқармасының бастығы Максим Вяткин отыр екен.

- Қалай хал, Жандархан?!

Райымбаев күліп жауап береді.

- Мың бес жүз, мың алты жүз.

- О, тамаша!

Бұрын Жандархан Оңтүстік кен басқармасында істесе, қазір Солтүстікке, жоғары қабатқа ауысқан. Экскаваторшылардың бір әдеті жағдайдың жақсы-жамандығын қанша текше метр жыныс алса, сонымен есептейді.

Максим Вяткин Жандарханның қасына келіп отырды, жұмысшыларға жұғымды, әңгімешіл адам.

- Шалыңды ұмытқан жоқсың ба?

- Николай Павловичты айтамысың, Новоселов ақсақалды өлмей ұмытармын ба, - деді Жандархан. Вяткин таңдайын бір қағып:

- Ох, шалдар қандай күшті! – деп қойды. – Ал мен түсем. Сау бол! – Автобус Рудный шетіне ілінді.

- Кездескенше.

Жандархан терезеге қарайды. Аспан ашық, күн зәрі сынған. Есіне Новоселов түсті. Ақ жүрек бір шал еді. Талай жыл істес болғанда аңғырт жастықпен неше рет қиянпұрыс кеткенінде де қабақ шытпады-ау. Дәл бір баласындай маңдайдан сипап:

- Экскаватор көмекшісі деген ілуде біреудің қолынан келетін, білімді, тәжірибені, әдісті керек қылатын ауыр да абыройлы мамандық. Екі жыл, үш жыл істедің, бұл аз уақыт емес, - дейді де шоферға айғай салады: - Ей, алаңғасарланбай көзіңе бақсаңшы, дұрыс қой машинаңды.

Қолы қайтадан босап кеткенде, Жандарханды тағы шақырып:

- Машинист куәлігі бар, білімің жетеді, енді істеп үйрен. Мә, осындайда дағдылана бер, - деп рычагқа отырғызар еді.

Тегі, көңілшек болғанмен Новоселов жұмыс дегенде әкесі келсе бұрылмайтын қатал, талап еткіш еді, орындатпай қоймайды. Жандарханды өз орнына отырғызып бақылап тұр. Самайын қырау шалған, әжім сызықтары тереңдей түскен, ұрты суалыңқырап бара жатқан Николай Павлович мұндай сәттерде ақырын ойға батады, алыс Магнитогорск, комбинат еске түседі, өзінің алғаш машинист болғаны.

- Қара күшке салма, әдіс, әдіс керек.

Қанша қайратты десеңіз де, алпыстан асып кеткеннен кейін, машинист болу оңай емес, Новоселов өткен жылы пенсияға шықты. Әлі есінде, Николай Павлович бас киімін алып, жылдар бойы өзі жүргізген 19 экскаваторға ұзақ қарап тұрды да, кенет кілт бұрылып асыға басып жүріп кетті, қоштасқаны сол шығар.

Жандархан өз экскаваторында машинист болып көп істей алған жоқ. Бір күні Максим Вяткин шақырыпты. Сол қағылез қалпы, орындық ұсынып, сыйлап жатыр. Әдеттегідей емес, бүгін тіпті сынай қарайтын сияқты. Айналсоқтап, мәймөңкелеп жатпады.

- Сен комсомол мүшесісің, әрі Новоселовтың жақсы шәкіртісің...

Мақтау ма? Немене бұл! Жандархан бастық ойының алдын алғысы келеді. Е, бәсе, сөзбұдайға салмай тоқ етерін айтқаны дұрыс.

- Солтүстік карьерге ауыстырамыз, Паствотың орнына машинист боласың.

Сол түні көпке дейін Жандарханның көзі ілінбеді.

Машинист болып тым құрығанда ай да істемеді, енді ауыстырып жатыр. Қатардағы біреудің экскаваторын берсе, о да құба-құп, ал СССР Жоғарғы Советінің депутаты, алдына жан салмайтын жүйрік Николай Иванович Пестовтың орнына машинист болу... көңіл дауамайды, жүрек дүрсілдейді. Қас-қабағынан ішкі тынысын қапысыз біле қоятын көп жылдан үзеңгілес істеген жігіттер емес, жаңа орта, Жандарханның ұйқысы шайдай ашылған. Бір шақ көз алдына Новоселов елестеп, буыны бекігендей болды да, мызғып кетті.

“Көңіл қорқақ, іс батыр”. Халық мақалын Жандархан өзінше қаусырды. Жаңа участокқа өткен жылғы ноябрь айының жиырма бірі күні келді. Аспан бұлыңғыр, күн бұлтқа бір батып, бір шығады, лай суға түсіп кеткен қалбыр сияқты. Қар ұшқындайды, жер сірескен тоң. Анау-мынау бопсаңмен өндіріп істей алмайсың, 17 экскаватордың төрт текше метрлік шөміші дамылсыз қозғалады. Шоферлар күлісіп қояды.

- Жаңа машинист жан шыдатар емес. Ләйім осылай болғай. Ертең титықтап қалып жүрмесе...

Жандархан тас-түйін, бар пейілімен жұмысқа берілген, қалың қыртысты қайтсем тез-тез алам деп шұқшияды. Машиналар толассыз келіп жатыр, кеудесі ақырын жылығандай, озбаса озбай-ақ қойсын, абырой бергенде көптен қалмаса игі еді, аты жаман. Он сегіз жасында әкесінен естіген сонау бір сөздер бой тұмарындай, жігітті қайраған шақпақ нақылдай.

Жыртық аспаннан күн сығыраяды. Жандархан ақырын күліп жіберді: күн мастың беті секілді. Жігіт көңілі бүгін көтеріңкі, неге екен, әлде тынып жатқан қыруар жұмыс қуанта ма, әлде ұзақ уақыттан соң, ақыры мақсаты орындалып машинист болғанына шаттана ма, әйтеуір сыртқа теуіп шығып тұрған бір ыстық сезім. Бойында керемет күш бар сияқты, жер қыртысын қопарып, тау-тау жынысты атып жатыр. Тау соғар. Алпамыс қайратыңмен тас қақыратқанға не жетсін...

Автобус “Достық” кинотеатрының қасына келгенде, Жандархынның ой желісі үзіліп кетті, ол сол араға таяу тұрады. Сайын қоштасып жатып:

- Кешке киноға келесің бе? – деді.

- Сендей бойдақ емеспіз, бізді бәйбішеміз билейді, - деп Жандархан күледі.

Қазір экскаватор машинисі болғанына аттай бес айдың беделі. Әуелде қу сөзге жеткізбейтін 6 экскаватордың машинисі Сағындық Кендібаев:

- Әлі “әліппесің”. Бір ышқынсам, жаңғақша шағылмайсың ба, - деп бірер жүз текше метр жынысты артық тиегеніне мақтанып, әрі намысына тие беруші еді. Қазір смена аяқталғанда:

- Әрине, жастың аты жас. Кәрі буын сықырлауық. Озуың заңды, - дейді. Көңілге алмайтын адалдығы ғой, бұдан аз бұрынғы кекесін сөздерді мүлде айтпаған адам секілді. Сонда участоктың жаңа бастығы Қоқыш Итемгенов Кендібаевқа әзіліне орай әзіл тастайды.

- Оу, Сағындық-ау, отыздағы мынау, ертең қырықта не күн көресің. Кендібаев жеңілсін бе.

- Әйелімнен сұраңдар, - деді.

Жандархан бүгін неге қайта-қайта ойлана беретініне таң қалады, сірә, көктем басы наурыздың бір сиқыры бар шығар. Есіктен аттай бере, кішкентайы Сара мойнына асылып, сәби еріндерімен бетінен шөп-шөп еткізіп сүйіп алды. Әке көңілі шалқи түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет