- Айтсайшы, бұлданасың ба!
- Жоға. Қазір пәлен-пәштуан дегенмен не түсінесің. Одан да заводқа кел, көрсетейін, білетінімді айтайын.
- Жөн. Айтпақшы, сені іздеп барамын деп, өзің мақтай беретін кісіні көрдім.
- Ивановичті айтасың ба? Алтын адам.
Бүркіт тақыстығына басып:
- Дұрыс-ау сендердікі. Ол Оразбаев – нағыз жігіт. Завод қазанында қайнап шығатын ертеңгі инженер сол, - деп көтереді аспанға. Сенің сөзің мынау, - деп лекіте күліп алды.
- Тұлғасын-ай десеңші: аңғал-саңғал, жарқабақ, шүңірек көз. Жатақхананы аралап, бөлме-бөлмеге кіріп, бізбен сөйлеспесе, көңілі көншімейді. Мені төрт айда құюшы еткен сол кісі ғой.
Тұманды түн. Сызды ауа. Екеуінің де жағасы көтерулі.
- Ал, Бүркіт. Мен кеттім. Қазір жұмысқа барам. Кәкен Комсомол көшесімен Тастаққа қарай асығыс жөнелген 4 трамвайға секірін мінді.
- Жолыққанша.
ЕКІНШІ НОВЕЛЛА
Көктен іздегендеріңіз жерден табылды. Жеңгесі алдынан шығатын жігіт екенсіздер, - деп қағылез, еті тірі келген шағын денелі кісі сәл күліп, мақалдай сөйлеп, іші-бауырымызға кіріп барады. Ол – осы жиырма екінші шахта комитетінің председателі екен.
- Жүздің түсін білгенше, бірдің есімін біл. Танысалық, атым – Төкен, фамилиям – Мұқашев. Өзім де бүгін шахтаға түспек едім. Жүріңдер, - деп киім ауыстыратын жерге алып жүрді.
- Бастық деген кеңседе отырмас па...
- Ежелгі кенші ғой, шахтаға түспесе ішкен асы батпайтын.
Төкен Мұқашев туралы айтылып жатқан түрлі сөздерді құлағымыз шалып қалды. Үстімізге кеншінің сырмалы күпәйкесін, басымызға каскасын, аяғымызға су өтпейтін етікті киіп алдық. Шам да тексерілді.
- Ел ертек етіп айтатын жеті қат жер астына түсеміз енді, - деді Төкен, клеттің есігі салдырлап жабыла бергенде.
Зор дауысты кеншілер айқайлап сөйлеп, мәз күлісіп, көңілді рәуіште. Кенші шамын жоғары көтерсең, таспен қиылып, бетондап тасталған қабырғаларды көресің. Клет әп-сәтте төменге дік етті. Кеншілер ақтарыла шықты.
- Қарағанды шахтасы дегеніміз осы, жігітім. Мынау бас штрек.
Киіз үйдің керегесін еске түсіретін темір тіреулер. Бетонмен қатырылған заңғар қабырғалар. Таза ауаны дамылсыз жеткізіп жатқан желдеткіш. Кәдімгі қос табан рельспен көмір тиеген вагонеткалар зулап кетіп барады. Су қақтары мол. Әр жерден жанған электр шамдары штрек ішіне ала көбедегідей ақ айран жарық беріп тұр. Жоғарыдан әлгінде ғана түскен кеншілер шамдары жарқырап, өзді-өздерінің лаваларына лек-легімен ширақ аттап кетіп жатыр.
Біз Төкеннің соңынан жүріп келеміз. Ол суда жүзген балықтай, тастан-тасқа секірген киіктей, тез қимылдайды. Штректі бойлап, құлдыраңдай жөнелді. Даусы саңқ-саңқ етіп, шахта жайын түсіндіреді:
- Бетіміз екінші участок. Қараңыз. Конвейермен көмір вагонеткаға саулап құйылып жатыр.
Кенет аяғымыздың асты солқылдап, тас қабырғалар дірілдеп, гүрс-гүрс еткен жаңғырық естілді.
- Атып жатыр екен ғой. Мына бір жерде аз ғана көмір қабаты бар еді. Көрсетейін, - деді Төкен.
Солға бұрылып едік, жол өзгеріп сала берді. Желдеткіш штрек арқылы өтіп келеміз. Әдейі ауа тазалауды реттеу үшін жасалған зілдей ауыр есіктерді бір кісінің ашуы оңай емес екен.
- Бір есіктен бір есік. Жер астында мың есік, - деп, әже ертегісінің белгілі жолдарын қайталап қоямыз.
Ағаш тіреулер молайды. Үстіңгі қабатты көк өгіз емес, көп діңгек ұстап тұр. Енді лава басталады. Құлатқыш мастер – тығыршықтай қазақ жігіті Төкен Уақасов кездесті.
- Өткен күнде есеп жоқ дегені рас-ау, - деп Төкен сәл күрсініп қойды. – Мынау Төкен осы шахтаға келгенде, мен кен мастері едім. Содан бері бес жыл өтті. Қазір бұл ортан қолдай маман. Биыл политехникалық институтқа түспек.
Төкен үлкен күрекпен конвейерге лақтыра көмір тастауға кірісті... Кете бергенде Төленнің каскасының астынан жарқырай от шашқан көздеріне көзім түсті.
- Еңкей, еңкей, - дей берді кенші екінші бір лаваға өткен кезде.
Ені тар, жақында ғана басталған лава екен. Кеншілердің ықтиятты жұмысының айғағындай лава табаны таза, көмір жақсы алынған. Құлаққа үздіксіз жұмыс істеген комбайнның даусы естіліп тұр. Құнтты комбайн ағаш жонған пышақтай тұтас көмір қабатын қуатты кескішпен баудай түсіріп, науаға ағызып жатыр. Одан әрі көмір селі конвейермен бас штректегі вагонеткаларға кетеді. Аға комбайншы көмекшісіне:
- Байқа, көзіңе қара, - деп қояды. Өйткені қызба жігіт екен. Жұмыспен елігіп кейде тіреу қойдыруды да ұмытып кетеді. Шахтаға түскеніне бас-аяғы үш жыл өтсе де, Елдос өз кісінің бүге-шігесіне дейін білетін айтулы кенші.
Қолма-қол алынған көмір қабатын қауіпсіздендіріп мықты тіреулерді бекітіп қоя бастады.
- Кіре берістегі діңгектерің осал көрінеді, - деген Мұқашевтың сөзіне кеншілер елең етіп қалды. Бәрі жамырап қоя берді.
- Ол ол ма, бүгін сменаға шыққан бетте, тіпті тіреу боларлық ағаш таппай жер сипалап қалдық. Бос тұруға жол жоқ. Әрі шауып, бері шауып көрші лавадағылардан тасыдық ағашты. Оның өзі бірі ұзын, бірі қысқа, - бригадир Федор Гинтер осының бәрін шахтком әдейі жасағандай зіркілдей айтты. – Бір бұл емес, ағаш жетпеушілік жиі кездеседі. Олардың жұмысын жолға қоймаса, шахта өткен айдағыдай жоспарды жүз проценттен көп асыра алмас...
Ойланып қалған Төкен сәлден соң көзі күліп:
- Бәрі дұрыс, - деді.
Төкен қуанышпен жымиып, бригадирдің қолын қысты.
Бізге ілгері жүре беріңдер дегендей иек қақты да, өзі қалып қойды. Ол:
- Екінші участокте ағаш аз екен. Тез жеткізіңдер, - деп қабырғадағы телефонмен диспетчерге бұйыра айтып жатты.
Аздан соң Төкен бізді қуып жетіп:
- Астыңғы қабаттағы бригадаларға барамыз, - деп өзі бастап жүріп кетті.
ҮШІНШІ НОВЕЛЛА
Күн ұясынан көтеріле қоймаған. Ұзын бойлы, алпамсадай зор денелі егде адам елу тоғызыншы кварталға қарай ентелей басып келе жатыр. Оны бұл төңіректегілердің бәрі таниды.
- Бектұрған, сәлеметсіз бе?!
- Қайырбаев, аман.
Жақында ғана пәтер алған сексен семьяның құрлысшыларға, оның бригадиріне айтар алғыс, жылы сөзі таусылар емес. Бригадирдің ойы он тарау. Іштей есептеп келеді. Жоспар бойынша бірінші тоқсанда екі үй пайдалануға берілмек еді, ол февраль айында орындалды. Қазір үшінші үйдің қабырғасы көтеріліп қалған. Сайлау күнгі тойға дейін мұны да бітірсе аз тарту болмас еді.
Бектұрған Қайырбаев әр звеноның бастығына қолма-қол тапсырма берді. Моторлар гүрілдеп, механизмдер қозғалып, қызу жұмыс басталып кетті. Қуатты кран бір қабырғалық панельді оп-оңай, әп-сәтте бесінші қабатқа көтеріп, баппен монтажшылар қолына тигізеді.
- Жарайсың, - деп қояды краншы Сарбасқа құрбылары, - политте оқитыныңды көрсетші бір осылай.
- Сазанбаев, өзің де сонда оқисың, мақтанғаның ба, немене, - деп бригадир әзіл айтты. Сөзге шорқақ Сазанбаев не дерін білмей, өзінен-өзі қызарып, қипақтап қалды. Мұны байқаған Асқар:
- Несі бар мақтанса. Күндіз үй саламыз, кешке оқимыз, ойыншық па бұл. – деп досын арашалай кетті. Сөз өзіне арнай айтылғанын біліп тұрған бригадир көзін сығырайтып, сынай қарап:
- Солайы солай ғой, жігіттер, - деді. – Бірақ кейде техникум бітіріп, институтта оқып жүрген сендерден қарапайым жұмысшы озып кететіні қалай. Кеше Рысқан Саттаровтың звеносы бұрыштағы бір панельді атүсті, қалай болса солай пісіре салыпты. Мұның аты брак, алдау. Егер білмейді екенсің сұра, ұялма. Жалған намыс алысқа апармайды.
Жұмыс істеп жатқандар звеноның мұнысы несі деп бір-біріне бажырая қарасты.
Жаңа өзі сынаған Саттаров звеносына келіп бригадир, баяғы әдетіне басып, жағдайды тәптіштеп сұрай бастады. Мұндағылар әлденеге әбігер секілді. Жұмыс басталғанға әжептәуір уақыт өткен. Кенет былқылдап, не айтып, не қойғанын білмей тұрған мас звеношыны көргенде, Қайырбаев селк етіп, жиіркенгендей болып орнында тұрып қалды.
- Бұл неткен ұятсыздық, - деді бригадир ашудан жарылып кете жаздап.
Рысқан құрылысқа үшінші разрядты монтажшы болып, техникум бітіріп келген еді. Қағылез, осы пысық жігітті Бектұрған Қайырбаев бірден ұнатып, баласындай жақсы көріп кетті. Звеношылыққа да өзі ұсынған болатын.
Бірақ соңғы кезде Рысқанның мінезі кілт өзгерді. Бес рет жұмысқа кешігіп келді. Бұған қатты ренжіп, оңашада ұрысқан да болатын. Үш күн бойы жұмысқа шықпай қалған Саттаровтан себебін сұрағанда: “Адамға сену керек қой, мен ауырдым, дәрігерге баруға жағдайым келмеді”, - деп дүрсе қоя берді. Кешегісі анау. Мына жиналысты шақыртқан да бригадирдің өзі еді.
Бірінен кейін бірі шығып, жігіттер сөйлеп жатыр.
- Рысқанның кеше жұмысты тастап, арақ ішіп кетуі кездейсоқ емес. Ол асқақтап кетті. Керек десең звеномен санаспайды да. Оның қылығы коллектив бетіне салық.
Отырғандар мойны салбырап кеткен Саттаровты оқты көзбен атып отыр.
- Бұл төзуге болмайтын нәрсе, - деді сылақшы Майра Орманбаева, - біздің коммунистік еңбек бригадамыздың атағына кір келтірді Саттаров. Оны комсомол қатарынан шығару керек.
Әркім бригадир не айтар екен деп тұнжырап, ойға түскен Бектұрған Қайырбековқа қарап қояды.
- Мен көп сөйлемеймін, - деді бригадир. – Рысқанға достары аз айтқан жоқ, қатты айтты. Кісіні сынау, мінеу, бетіне басу оңай емес, ал тәрбиелеу, адам етіп шығару одан да қиын іс. Саттаровты коллективтен қуамыз деушілерге қарсымын, оны монтажшылықтан алып, жай жұмысқа жіберу керек. Жөнделмесе, қуу ешқайда қашпайды...
Комбинат комсомол бюросы құрамынан шығарылды, сөгіс алды, монтажшылықтан босатылды, қара жұмысқа жіберілді. Осыларға әбден ыза болған Рысқан түтігіп, жиналыстан шығысымен ешкіммен сөйлеспестен үйіне де бармай, түн қараңғысында сенделді де жүрді. Басқа жұмысқа кетем, құрылысты тастаймын деген ашулы ой оны билеп алған. “Неткен қатал еді бұлар. Әлгі бригадир жақсы көргендей боп жүруші еді, ол да аз соққан жоқ. Кетем, Қарағандыдан кетем”. Сонда қайда бармақ. Әйеліне, кішкентай қызына не дейді. Жұмыстан қуған жоқ қой. Бірімен-бірі қабаттаса келген сан толқын ой мазалап әкетіп барады. Спорт сарайының жанынан өте бергенде Рысқан елу тоғызыншы кварталдағы түнгі сменаның отын көріп, селт ете түсті.
Енді бір сәтте мол толқу, қиын тебіреністен соң, шындық арнасына түскендей болған құрылысышы Рысқан Саттаров көзі күлімдеп, бетінің ұшына қан жүгіріп, аяғын нық басып, үйіне қайтып бара жатты.
ТӨРТІНШІ НОВЕЛЛА
Жатақханаға кіре бергенде Қалимаш, есіне бірдеме түскендей боп сәл тұрып қалды. “Даша бәрібір үйде жоқ екен-ау, екінші сменада. Одан да қыздардың біріне кіріп шығайын”. Қалимаш қолма-қол жуынып, киім ауыстырып алды да, 125 бөлменің есігін қақты.
- Кіріңіз.
Төрт кісілік бөлме мұнтаздай, оң жақ қабырғаға Левитанның бір картинасы ілініпті. Сөре толы кітап: оқулықтар, романдар. Үстел үстінде газет, журналдар жатыр. Бәріне көңілі толған Қалимаш үнсіз, томаға тұйық отырған Клараға таңырқап, мазасыздана қарады.
- Саған не болды? Аурусың ба? – Клара бірден жауап берген жоқ. Біреудің қайғысын біреу түсіну мүмкін бе дегендей көзқараспен қарап қойды.
- Мен достарыма ұяттымын, - деді Клара ішкі толқынды жасыра алмай, даусы қалтырап, - физикадан кеше екі алдым. Менің сонда қалай қызарғанымды көрсең сен.
Оның көзіне жас үйірілді. Реніш себебін енді түсінген Қалимаш досының көңілін аулай, жұбата сөйледі.
- Сондай уақ-түйекке бола кісі қамыға ма. Ертең-ақ жоясың.
Бір жағынан мына сөзге Клараның иланғысы да келеді, екінші жағынан үлкен бір кінә жасап қойғандай-ақ қайғырады.
- Коммунистік еңбек бригадасы атағын алу үшін күресіп жатқан тігінші достарыма не бетіммен көрінемін ертең. Жақында ғана Күлшайымды кешкі мектепте неге оқымайсың деп сынаған да мен едім. Оны коммунизмге апармаймыз деп те айтқам. Енді, міне, Клараны бұдан әрі Қалимаш сөйлетпей тастады.
- Жетеді, жүнжіп кеткені несі, әлдекімге ұқсап. Сен фабрикаға қашан келдің осы? Ұмытпасам екі жыл болды білем. Фабриканың қызы әлсіз болмас, сірә.
- Иә, алпысыншы жылдан бері қарай тігінші боп істей бастадым ғой. Бір жыл осы фабрика жанындағы арнаулы мектепте оқығам.
- Екі жыл, - деді Қалимаш бір түрлі үнмен. Мен фабрикада бесінші жыл істеймін. Айтуға оңай. Ойлап еске түсіріп көрсең, қайда, көл-көсір уақыт қой бұл. Қалимаш тесіле қарап қалған екен:
- Клара, мен театрға екі билет алып едім. Дашаны түнгі жұмысқа ауыстырыпты. Екеуміз барсақ қайтеді. Соған бола келдім, - деді Қалимаш. Клара келісе кетті. Бірақ оның есесіне қолқа сала сөйлегенін қайтерсің.
- Қалимаш, фабрикада өткен бес жылдық өмірің туралы айтшы, - деп болмай қойды.
- Қызықсың, сен осы. Менің бар сырымды өзің де білесің. Не айтам саған.
- Он жылдықты ғой жұмыс істеп жүріп бітірдің. Соны айтшы, - деді Клара тақымдап.
Қарағандыдағы тігін фабрикасы іске қосылған соң, мұнда балалардың, әйелдердің, еркектердің қысқы пальтосын тіге бастады, сондықтан жұмысқа арнаулы мамандығы бар шебер қолды адамдар көптеп керек еді. Бір топ маман Алматыдан келді. Бұлар астанадағы қолөнер училищесін сол жылы бітірген өңкей жас қыздар болатын.
- Қарағанды желі қатты соқса, ұшып кетпейсіңдер ме? – деп директор бұларды көрген беттен-ақ әзіл айта, қағыта сөйлеген.
- Қорықпаймыз.
Қалимаш айтуын айтқанмен, директор жөн-жосығын қазбалап сұрай бастағанда, қысылып қысқа-қысқа жауап берді:
- Әке-шешем жоқ. Туыстан ешкімді білмеймін. Әуелде Орал қаласындағы, кейін Алматыдағы балалар үйінде тәрбиелендім. Мамандығым – тігінші.
Қалимаштың еңбек жолы, алғашқы адымы осылайша фабрикада басталып еді. Әбден пісіп қатпағандығы ма, әлде жұмыс ретін білмей ме, әйтеуір, бастапқы кезде шаршап-шалдығып қайтатын. Талай уақытқа дейін маталарды олақ пішіп алып, мастерден сөгіс алып та жүрді. Бұған намысы келген Қалимаш киноға да сирек баратын болды. Қайтсем мамандығымды өсірем, шеберлікті меңгерем деп тігіншілікті өнерге қатты ден қойды. Училищеде жүргенде кітаптан оқығандары фабрикада жұмысқа пайдалануға келгенде олқы соғып жатты. Әуелде жұмыстан ауыз толтырып айтарлық нәтижесі болмағандықтан, Қалимаш директормен жүзбе-жүз кездесуден тайқып жүретін. Енді ол ұялмайды. Директормен оңаша сөйлесіп, сырын ақтармақ.
- Кешкі мектепке түсіп оқығым келеді, - деген қыз сөзін директор салғыр тыңдады. Көпті көрген көне жүзіне қанша шұқшия тінти қарағаныңмен, ішкі сырын білдіртпейтін астарлы кейіп.
- Қызым, сен жеті жылдықты бітірдің. Мамандығың және бар. Ендігі оқуыңның мақсаты қандай? – деді директор. – Біреулерді білем мен, кешкі мектепке бірер жыл барып жүреді де, әрі жұмыс, әрі оқуға шыдамай тастап кетеді. Жеті сағат жұмыс істеп, сонша уақыт оқу оңай дейсің бе.
Қиын. Шыдаймын деп келіп отырмын. Қалимаштың жігерлі сөзін естіп, тік қалпын байқап, бағанадан томсарып отырған директор жылып сала берді.
- Сенейін саған. Оқы.
Сөйтіп Қалимаш та фабрикадағы көптеген құрбылары сияқты кешкі мектепте оқи бастады. Ол фабрикада күндіз жұмыс істеп, пальто тіксе, кешке партаға отырады. Көз майын тауысқан көп күндердің, ұйқысыз өткен сан түндердің еңбегі далаға кеткен жоқ. Қалимаш онжылдықты бітіріп, кәмелеттік аттестат алды. Коммунистік еңбектің екпіндісі Қалимаш Төлешева енді институтқа түсуге әзірленіп жүр.
- Несі бар, Клара, күні ертең сен де аттестат алып шығасың, тек берік мақсат болсын. – Осы сөздермен әңгімесін аяқтаған Қалимаш құрбысын қолтықтап, кеншілердің Мәдениет сарайына келіп кірді.
БЕСІНШІ НОВЕЛЛА
- Құлыным-ау, ұйқтасаңшы.
Қызы сәл жымиғаны болмаса, тіл қатқан жоқ. Алдында жатқан табақтай үлкен ақ қағазға шұқшия түсіп, қайта сызып, қайта өшіріп көп отырды. Бір сәт жағын таянып, терең ойға батты. Қиналған қалпы байқалады. Орнынан тұрып, төсек қасына келсе, анасы мызғып та кетіпті. Үміттің көзі оның қайратты жүзіне түскенде, жаңағы ниетінен қайтып қалды. “Мен сопраматқа бола ұйқыдан оятып, онан сұрамақшымын. Осалдық-ау. Қандай өмір кешті анам. Қат-қабатты, шытырманды, мағынады өмір”. Үміт анасының жүзіне тесіле қарап, ұзақ ойланып тұрып қалды...
Зағина мұны күтпеген еді. Жаны сырлас болып кетпегенмен, бағыттас, қанаттас дос деп Мәкен Терекбаеваны іштей жақын тартатын. Және жол техникумы түгіл, бүкіл Семей қаласында техника жағалаған қазақ қыздарының өзі саусақпен санарлықтай. Әрі күдіктеніп, әрі ренжігендей болып жатақханаға келсе, Мәкен жүруге әзірленіп жатыр екен.
- Төрлет, - Мәкеннің даусы ақырын шықты.
- Мұның не? – деді Зағина қабағын түйіп.
- Оқымаймын, ауылға кетемін, - деді Мәкен, - ондағылар да күнін көріп жүр ғой, бүйтіп қиналып жеткен рақаты құрысын.
- Күн көру. Сен айтатын сөз бе осы. От басы, ошақ қасында қалған баяғы ауыл қызы айтса, бір сәрі. Ұялам сенен естуге мұны. Қайт райыңнан, Мәкен. Елестетші көзіңе: техникпіз, сан тарау жол саламыз...
Мәкен селт еткен жоқ. Мұңын шаққандай мүләйім қалыпқа түсіп, тағдырдың ісіне жылай бастады.
- Ауылда әкем, өгей шешем бар. Олар да маған көз қырын салмайды. Саған жібергендей қалта-қалта ақша жолдайтын кімім бар менің.
Зағина мына сөзге еріксіз күлді. Сонау жиырма тоғызыншы жылы әке-шешеден айрылған қызыл қарын жас бала, кекілі желкілдеген жеті жасар Зағина Семей балалар үйіне түсті. Мемлекет қамқорлығында тәрбиеленіп, мектеп бітірді. Зағинаның есінде Абыралы таулары, кең жазықты даласы бар-ды. Жол шаңын аспанға көтеріп ойнайтын ол. Балалық естелік мамандық таңдауға әсерін тигізді. Зағина техниканы меңгеруге бекініп, жол техникумына түсті. Мәкеннің жаңағы сөзіне күлгенде, ол осыларды ойлады.
- Мәкен-ау, мен қазақша айтқанда тақыр жетіммін. Туыстан Днепропетровскіде тау-кен институтында оқитын немере ағайым Жүнісбек қана бар. Жаңағың не дегенің, сыныққа сылтау-ау, ә. Достық сөзім, сен ойлан.
- Кетем.
Зағина көзін Мәкенге жалт еткізді де, есікті қатты жауып, үндеместен тез-тез басып шығып кетті.
* * *
Күн айналып жерге түсер аптап ыстық. Жол бойындағы жұмысшылар қара терге малынып, қайрат көрсетіп жатыр. Шаршап-шалдыққанмен, кейіс-қабақ, тұнжыр көздер байқалмайды, білекке-білек қосқан тас түйін адамдардың ынтымақты еңбегі.
- Ана қырдан ассақ, ар жағында кен орны тиіп тұр емес пе, - деп жүдеу сары шал бір атым насыбайды аузына қағып жіберді.
- Шіркін-ай, десеңші, - деп оған күрегіне сүйенген егде әйел қосылды, - бітірсек екен. Атасына нәлет, фашистердің көзін жоюға бір атқан оқ сол болар еді.
- Әлгі жаңа техниктің аты кім. Қазақтың қызынан мұндай жанып тұрғанды көргенім осы. – Шал бірдеңені есіне түсіргендей ойланды да, сөзін қайта жалғады:
- Семейден техникум бітіріп, Қарағандыға әдейі сұранып кепті. Қалада бол дегенге көнбей, жолшыларға жібер депті. От дедім ғой, от.
- Енді қайтсің. Отанға жау шапқанда жас қайратын қиын-қыстау арпалыста көрсетер болар. Сөйткен ерден айналсамшы.
- Амансыз ба, Сара апай, - деп орта бойлы, толық денелі, жұмыс киіміндегі қазақ қызы анадайдан сәлем берді.
- Шүкір, қарағым, Зағина. Кімді айтса сол келер деген-ау, - деп егде әйел жылы шыраймен сөйледі.
Зағина жиналған жұмысшыларды шолып қарап шықты, кілең қарттар, әйелдер, жас өспірімдер.
- Қуанышты хабарым бар. Бүгін Украина жері басқыншылардан толық азат етілді. – Отырғандар шулап қоя берді. – Мұнда ақ шашты ана сіздің де, еңкейген ата сіздің де, бойжеткен сенің де маңдай терің бар. Жау әлі құртылған жоқ. Түбі жеңіс біздікі болады, - деді де Зағина отырғандарға оқып берген газетті былай қойып, жұмыс тапсырмаларын беріп, басқа топтағыларға кетті. Оның артынан қарап қалған ақ шашты ана Сара кішкентай қызының шашынан сипап тұрып:
- Соғыс бітеді. Сен де Зағинадай инженер боласың, - деді бір түрлі арманды дауыспен. Жұмыс басталды.
* * *
Қарағанды шахта құрылысын жоспарлау институты директорының орынбасарлығына лайықты адам іздеу көп әңгіме болды. Ақыры таңдау аудандық Советтің депутаты, қалалық партия комитетінің штаттан тыс нұсқаушысы Зағина Қадырбайқызы Сейітжановаға тірелді. Ол бұл кезде қалалық жол құрылысы тресінде істейтін. Ленинградтың тау-кен институтында оқыған жылдарын былай қойғанда, Зағина бұл салада он бес жылдан астам істеп, қатардағы техниктен трестің жоспарлау бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Өзін ұята тәрбиелеп, қияға ұшырған етене коллектив, таныс жұмыс. Енді басқа саладағы, мамандығынан өзгеше іспен айналысуға тура келді.
Сөйтіп елу тоғызыншы жылы Сейітжанова директордың орынбасары болып, ғылыми институтқа барды. Сейітжанованың енді жұрт жақсы ұйымдастырушылық ісін көрді. Бірақ өндіріспен тікелей байланысты жол құрылысы тресі оны өзіне тарта береді. 1961 жылы Зағина Сейітжанова бұрынғы жоспарлау бөлімінің бастығы қызметіне қайта оралды.
Қызы Үміт жеті жылдықты бітіргенде, Зағина ол әрі қарай мектепте оқи береді деп ойлаған. Сегізінші кластың оқулықтарын сыйлап, қуантпақ ниеті бар еді. Күтпеген жерден баласы мойнына асылып:
- Мама, бірдеңе айтсам ұрыспайсың ба? – дегенде ол көзінен сүйіп:
- Айта ғой, - деді.
- Айтсам, мен геолог боламын.
- Мәссаған, соған ұрсам ба. Қызым өз жолыма, техника ғылымдарының кандидаты ағасы Жүнісбек Нұрмақанбетовтың жолына түссе, қуанбаймын ба шаттанып. Бірақ есіңе сақта, жадыңа тұт, жаны жасық пен табаны тайғақ басар өңір емес бұл – геология.
Шалқар ойға түскен Үміт өзінен-өзі: “жаны жасық басар өңір емес бұл” деп күбірледі де, ұйқыдағы анасын бас сап құшақтап, баланың пәк жүрегін жарып шыққан анасына деген шексіз махаббаты мен ризалық қуанышын білдіріп, оны сүйе бастады.
АЛТЫНШЫ НОВЕЛЛА
- Қиынды-жиынды, қыз-қырқыннан комплексті бригада болса, көзім шықсын.
- Ілдебай да, әйтеуір. Бос сараң. Басшылар ғой мұны шығарған...
Апрельдің аяғында “Аглостройда” Игнас Верикастың басшылығымен комплексті бригада құрылғанда, осы алуандас сыпсың сөз сан-саққа құбылып, ду ете қалды. Күдіктенушілер жаңа бригаданың әдейі мінін іздегендей, тесіле қарап қалған. Расында коллектив үлкен сын сағатта тұрды.
- Қазақтарда аталы бір мақал бар екен: “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді”, - деді бригадир Верикас. Литвалық жігіттің сөз саптасы әркімді таң қалдырды. – Жаңағы нақыл ынтымаққа меңзейді. Ал, комплексті бригада деген – ең алдымен ынтымақ. Бригаданың әр мүшесінің бес саусағынан бірдей өнері тамған шебер, ағаштан түйін түйердей іскерлігі деген сөз. Қазіргі шақта ондай бесаспап емеспіз. Көзі құрылыспен ашылған Данил Борисов, ақмылтық балташы Есбол Файзуллин – бұл екеуін қанша мақтасақ та бүкіл бригадаға тұтқа бола алмайды. Соларға теңелуіміз қажет бәріміздің.
Тегі, Верикастың көп жыл құрылысшы болып істеп ысылғандығы ма, әйтеуір, босбелбеу, былжырлықты жаны жек көреді, қысқа, нақ шегелей айтқанды әдетке айналдырған. Оның әлгі сөзі әркімді ойландырып кетті.
Тереңдеп бойлай қоймау, басына бірден келген ойын ортаға ақтара салу, әсіресе, жас қыздардың дағдысы ғой. Жұмысқа жақында келген Айтжамал Нілдібекова шұғыл сөйлейді:
- Басқа комплексті бригадағылар аяқтары аспаннан салбырап түскен ерекше адамдар ма. Дәлелдейміз қолдан іс келетінін, - деді. Жігіттер жағы оның құмырсқа беліне көз жүгіртіп, сәл езу тартып қойды.
Содан бері небәрі бір-ақ ай уақыт өтіпті. Қазір ұлан-асыр құрылыс алаңы, байтақ “Аглостройда” Игнас Верикас бригадасы озаттар қатарында құрметпен аталады. Жемісті еңбектің, қажырлы қайраттың символындай бригаданың жұмыс орнында Қызыл ту желбірейді.
Кеше олар реттеу пунктіндегі жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырған еді.
- Көз қуанады мұндайда. Иненің жасуындай міні жоқ екен істеріңнің. Жарайсыңдар. – порторгтың бұл сөздері комплексті бригада мүшелерінің мерейін үстем етіп кеткен.
- Ендігі майдан, - үлкен корпуста. Ылғи жүлделі жүйріктерді сонда салдық. Көрсетіңдер қайратты, - деген парторг.
Әрі осы қамшы болды, әрі озат бригаданың еңбек тынысы солай, бүгін, тіпті қимыл қабағат. Күннің шыжып кеткен көзі күйдіріп жіберердей шаңқиып тұр. Алып крандар, апан ауыз экскаваторлар, бұлшық еттері шиыршық атқан құрылысшылар. Верикас мастер Момыновты әрең тапты.
- Істейтін бастар қайда осы. Бізді қос қабырға арасында тығырыққа әкелдіңдер. Қиын да болса келістік. Ол жеріңе кран келе алмайды, - деп таусыла, танаурай сөйлеген бригадир жөпшеңгі кісіге құлақ асар емес.
- Еңбек өнімділігі деп бос сарнауға әуеспіз. Ол техникаға байланысты. Анау үйе тастаған құрылыс материалдары жолды және бөгеп тұр, - деп Верикас тіпті бастырмалатып барады.
- Жүр, көрейік.
Нарбай Берікболов пен Баржақсы Қорғанқұлов асығыс ағаш кесіп жатыр екен. Олар трансформатор тұратын жерге, бетон құю үшін қалып жасамақ. Қимылдары ширақ. Жұмыстары маңызды. Мастерді көрген бетте:
- Игнас Владович-ай. Қызық кісі ғой. Кейде өзі айтқанына ғана басып кетеді. Бұл жерге кранның көп керегі де жоқ. Қыздар қалап бітіп те қалды емес пе? - Өзара мырс-мырс күлісіп алды. Жағдайды көрген мастер:
Достарыңызбен бөлісу: |