ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет5/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Мұндағылар вагонеткалардан құтылған, ыңғайлы салынған ұзын жатақхана көш жерден қараңдайды. Ертеңгілік болғанымен, қызыл бұрышта қағаз сызып отырған Дәулетқали Мүшкеновтен басқа механизатор атаулы далада жүр. Қарындашты тістелеп, әлденені ойлап, мазасы кеткен бригадир директордың желкесінен қарап тұрғанын сезбей қалды. Секен Ыдырысов:

- Бұл не шимай? Сәлем! – деген кезде ғана селт ете түсті.

- Ә, сәлем, сәлем. Ұлжанның қолтаңбасын тану бір азап, мынаны түсіне алмай...

- Малтабарова Ұлжан ба. Әлгі есепші ғой осындағы. – Ыдырысов бір аяғы сынық, жылауық орындықты шиқ еткізіп отыра берді. – Кәне, берші маған. Танымайтын несі бар.

Директор оқушы дәптерінің төрткөз жолдарына, айқыш-ұйқыш бірде қарындаш, бірде сиямен жазылған цифрларға, фамилияларға көз жүгіртті. Олай төңкеріп, бұлай төңкеріп, ақыры мырс етіп танауының астынан күліп жіберді.

- Түсінбесең, түсінбессің. Ұлжан күйеуін мұнша сүймесе қайтетін еді. Айдабол Малтабаровтың тұсында көп цифр тұр ғой, - деп Ыдырысов Дәулетқалиға қараған кезде, оның көзі бригадирге емес, таңырқағандай аңырып қалған Ұлжанның өзіне түсті. Ұлжан қалың, қоңыр көйлегінің кеудесі ашық қалған күйде:

- Директор жолдас, директор жолдас, - дей берді. Ауылдан шыққан Ұлжан сынық сөйлейді. Етженді, үлкен жүзі қызарып кеткен екен.

- Жоқ, әзілге бұра көрмеңіздер. Айдабол расында да алда келеді.

Осыдан үш жыл бұрын мына Ұлжан лақша секіріп жүрген, кекілі жалбыраған бойжеткен еді. Қай механизатор болмасын оған көзін сатып жүретін. Қазір ғой бұл сақабалы келіншек болып қалған, екі баланың анасы. Малтабарованың су өткізбейтін етігінің басына қараған Ыдырысов:

- Кім білсін, қанша десек те, күйеуіңе бір бүйрегің бұрмас деймісің. Жүріңдер, одан да орып жатқандардың өзіне барайық. Бригадир ерні сүйірленіп алып, есепшіні әзілдей береді:

- Кеше түнде, сағат екілердің тұсы болса керек, далаға шықтым. Жүйткіген бір жарық, не екеніне көзім жетпей қойды, машина деуге бері бұрылмайды, комбайндар тұрған. Сөйтіп не болды дейсіз ғой, - деп бригадир директор мен есепшіге алма-кезек қарап қойып, сөзін аналар қызыға түссін дегендей әдейі үзіп, содан соң тонның төс қалтасынан сигарет алып, оны тұтатып біраз тұрды. Секен Ыдырысов:

- Иә, сөйтіп, - дегенде ғана қозғалды. Дәулетқали Ұлжанға қарап күледі:

- Тағы сол Малтабаровтар: бұл шіркіндер қулығын асырғысы келді ме, басқа бірдеңе ойлады ма, ол арасына ақылым жетпейді. Қызықты қараңыз. Вагон шетінде тонға оранып Айдабол жатыр, ал мына қасында отырған Ұлжан комбайнды зулатып айдап жүр. Есепшіңіз үндемей жүріп комбайншы мамандығын үйреніп алған.

Ұлжанның қалың шаш жапқан құлағының ашық ұшы қызарды.

- Қойыңызшы, Дәуке. Бір рет болған әңгімені қоздата бермей. Кешкі асты Айдаболға өзім апарып бердім. Ал, рас, сағынып кеттім бір түрлі. Басқа комбайншылар қосқа қайтқанда біз егін арасында жүргенбіз. Ай жарық, бидай сыбдыр қағады. Мен штурвалға отырдым. Сол мезетте шаршап жүрген Айдабол мызғып кетсе керек... Сіз үстімізден түстіңіз, бар болғаны осы, соны дабырайтып... Бригадирдің өзі қызық...

- Жарайды, Ұлжан, жарайды. Айдаболды сүйетініңді тағы бір дәлелдегенсің ғой, - деді Секен Ыдырысов. Олар дестеде жатқан бидайды алақандарына салып, уқалап, бір уыс дәннің қауызын ұшырып үлгергенше, орамның бұл шетіне “СК - 4” жетіп те қалған. Ұзын мұрнының дөңкілдене біткен қырының бір қабат терісі түлеген жирен шаш жігіт штурвалдан түскен жоқ, жердегі директор, бригадир, есепшінің айқайлап сұраған жайттеріне дауыстап жауап береді.

- Орта есеппен күніне тоқсан гектар. Комсомолдық норма орындалған деген сол-дағы. Келін. Оны сәтін салса, “Спутник” лагерінен әкелетін шығармыз, - осыларды үзіп-жұлып айтқан комсомол Нартайлақ Сүйіндіковтің комбайны тағы да кетіп барады. КВН – 10 жаткасының ұстарасы бидай масағын баудай түсіріп жатыр.

Бұлар тапсырар астықтың алғашқы дәні.

Комбайн келіп қалды. Ұлжан оң қолын көтерді – жерге секіріп түскен Айдабол Малтабаров...

Секен Ыдырысов көш құлаш ойдан арттағы орындықтар сақырлай қозғалғанда ғана арылды.

Бес күндік қортындысын шыарған жиын тарап, жұрт қотарыла тысқа шықты. Қалмақша байланған аттар секілді ерсілі-қарсылы тұрған машиналардың есігі сарт-сұрт жабылып, директорлар совхоз қайдасың деп тартып-тартып жөнелді. Әрқайсысының алдында қыруар іс тосып тұр, мойындарында батпан салмақ.

Әлгі әзірдегі сирек, суық тамшы тұтасып, қалың жауынға айналды. Машиналардың алдыңғы көзі суға толып-толып кетеді. Шапырыш жарық жол езуінде қалтырай бүріскен бидай сабағын еміс-еміс шалып қалады. Секен Ыдырысов қолындағы Қызыл туды қысып ұстап отыр.

Астық айқасы жеңіл болмас, сірә.

Жаңбыр қатты жауып кетті.

ОНЫНШЫ НОВЕЛЛА


Мекештің көзі ілінсейші бүгін, олай дөңбекшиді, бұлай дөңбекшиді, тіпті майкасын да шешіп тастап, көрпені төмен сырып, кеудесін ашып қойды. Ұйқы деген мүлде оралмас жаққа ауып көшіп кеткен секілді, көзін қанша жұмса да, кірпігі ілінер емес, қайта көп сурет ереуілдей түсті.

Ойды ой қуып барады. Е, айтпақшы, ертең бидайды оруға кіріседі екен ғой. Мақтанбаса да, өкінбейді.

Үнсіз тыныштық. Аспан алқасы жалтырайды. Ертең жарыққа жарық қосылады, дала түні самаладай жайнайды. Сол қуат тізгіннің бір ұшын өзі ұстайтынын ойлағанда, жігіт кеудесінде жаңа сезім оянып келе жатты.

Сарғайып барып таң атты. Жалпақ жонның үстінде көтерілген тұман бірте-бірте іріп, ауаға бу болып сіңіп жатыр, тек әредік-әредік қана, кемпір қолынан үзіліп түскен шудағы ұзын, шүйке бұлт жер бауырлайды. Аспан бүйірін тесіп шыққандай шақырая көтерілген жалын күн аз уақытта тымырсықтанып алды.

Түндегі көп ойдан кейін қалың ұйқының құшағына бір-ақ сүңгіп шыққан бойы түрегеліп кеткен бригадир Мекеш Маңғұтов елдің ең алдымен атқан қонды.

Астындағы сымпыс шолақты зәу-зәуле бір тебінгендей болмаса, әзір осы асығыс жоқ, ит бүлкілмен келе жатыр. Қаршыға көздің қалт жібермес жанарын айналасына шоқтай қадайды. Егін, егін.

Мекеш теңіздің қалай толқитынын көрген жоқ, бірақ мынау көк ала атырап жыбыр-жыбыр етіп, ырғала қозғалып, сыбдырай шулап, көз ұшына дейін дария жайылып, сусып-толқып қимылдап жатыр. Құлақ салып тыңдаған кісіге әлгі сусылда мол үнді, сансыз ырғақты ән әуезі бар секілді.

Аттың басын тарта түсіп, сәл аялдай берген. Мекештің көз алдында әр түрлі сурет тірілгендей болды: тықпалай соққан қалың жентек астында жігіттер қар тоқтатып жатыр; қара күйе түн бетін жыр жыртқан трактордың адуын сәулесі тіліп-тіліп түседі, қызыл шырайлы келіншек сеялка тұтқасына жабысты...

Жөңкіле көшкен бұл сияқты сурет үстіне сурет үстіне сурет өтіп жатыр, ақырында Көкшенің көліндей керілген астық атырабы созылады.

Бағанағыдай емес, тып-тыныш, күніне қырық кезіп, алпыс аралайтын аймақ көрінді. Толып, пісіп қауыз жарған бидай басын иіп тұр, толқын да, ән де емес, тығыз қатарлы, толық дәнді жезмұрт бидай ғана. Алақаны толы дәнді майлы қалтасына сүңгітіп жіберіп, Мекеш Маңғұтов атын борбайға бір соғып, бесінші бригаданың дала қосына қарай жөңкілте шаба жөнелді.

Ұйқы меңдеткен жан жоқ, бәрі аяғынан тік тұр. Директор келіп қалған ғой, анау қақпағы көтеріліп тұрған соның машинасы. Атынан түскен бригадир көпшілік жүзінен қуаныш райын аңғарды. Директор Қасиет Текжанов есен-саулықты сұрап болмай жатып, парторг Әнуар Жекетов қолындағы қарындашын құлағына қыстыра салып:

- Бүгін бастайсыңдар ғой, - деді. Осы сәтте еңгезердей үлкен жігіт ағасы Әнуар алғаш жолығысуға асыққан бозбаладай тағатсыз еді:

- Сәтін берсін.

Қоста қалған ешкім де жоқ, көтеріле далаға шықты. Күн тас төбе қайдасың деп иектеп жүзіп барады. Көбі майкешең, денелі комбайншылар агрегаттарының қастарына барып-барып тұрысты. Тура іргеден басталып ұшы-қиырсыз көкжиекке меңдеген бидайды айдынға бір, кірпігін сирек қағып сұстанып алған бригадирлері Мекешке екі қарайды. Қайсысының маңдайы ашылып тұр. Тіпті солай деуге бола ма өзі. Еңбегімен, терімен лайық болған бар ғой, бос көкірек көрермісің... “Қайрат” совхозы азаматтарының бәрінде де осы ой, осы хал. Бригадир ащы шығатын даусымен әмір еткендей болды.

- Шарапов Зейден. Кошкин Николай.

Зейден көзі жұмыла, еріндері ашыла түсіп күліп тұр, шашын қайыра береді.

- Ал, комбайнға, - деп, Мекеш өзі атына ырғып мінді. Жеңіл машинаның шынысы алынған ашық терезесінен мойнын сала қараған директор ақырын күбір-күбір етеді. “Сегіз жүз алпыс мың пұт тапсыру. Аз салмақ емессің-ау. Гектарынан он бес, он алтыдан айналғаны ма. Миллионның да жалына қол салмаймыз ба”.

- Егінің егін-ақ. Тап-таза, бұйра айдын.

- Иә, - деп, аспандағы табақтай киіз бұлтқа қараған директор, шын нағыз қуаныш аулы әлі алыс екендігін сезеді.

Мекеш қызара бөртіп, терлеп алыпты.

Жотадан асып түскен комбайндар көрінді. Бригадир белгі берді. Алғаш орақ салған Зейден Шарапов. Жас жігіттің жанары мөлдірейді, шабыттың мөлдір шығы ма, немене.

ОН БІРІНШІ НОВЕЛЛА


Жас адам жаңа ортаға тез бауыр басып кететін секілді. Кеше ғана, осыдан он бес күн бұрын еді ғой.

Бейуақтың қоңыр көлеңкесі мол даланың ірге-іргесінен басын көтеріп, тіріле бастаған. Ұзақты жолда селодағы аз аяз болмаса, сонау Целиноградтан шыққалы, ат шалдырмаған жігіттердің көзіне төртінші бригаданың дала қосы оттай басылды. Оның үстіне бұл жер олардың ендігі үйі, училище бітірер алдындағы соңғы, тәжірибе өткізер мекені. Кеудесі бір құшақ, нар тұлғалы жігіт ағасы жатақхана алдында қарсы алды. Бұл – бригадир Абылай Айдаров екен.

Тұздалған қиярдан кейін, суық компоттың екі кружкасын төңкеріп тастаған Фанус Фахрутдинов асхана ішіндегілерге қарап ойланып кеткенін аңдамай қалса керек, төменгі ерні салбырап, қысқа, сарғыш кірпіктерін анда-санда бір қаққан күйде отыр. Бар болғыр, ойнамаса іші толып кетеді ғой, Қалқаман Уәлиханов Фанусты бүйірден түртіп кеп қалды.

- Жап аузыңды, шыбын кіріп кетпесін.

Фахрутдинов ұйқыдан шошып оянған кісіше селк ете түсті, сөйтті де, кінәлі болған жандай қаймыға жымиды. Ұзын үстелді ентелей отырған қалың механизатордың қарқыл күлкісі естілді.

- Фанус, Башқұртстандағы қалыңдығын еске алды ма?

- Шүл матур қыз килер мунда...

- Ну-ну, - деген бригадир Абылайдың өктем үні жеңіл қылжақты тыйып тастады. Бағана, жатка шалқысының аңдаусызда сынып түскен бір тісін алам деп шынашағын отап алған комбайншы Нәсен Жалықпасов аптечканы салдыртып иод пен бәтес іздеп тұр еді, жігіттер Фанусты қолға алып жатқанын естіп қап, жалт бұрылды. Уәлихановқа қарап:

- Қалқаман, екеуіміздің кісіге күлер не қауқарымыз қалды, осы. Сүр бойдақ. Фанустар жиырма беске келгенде, екі-үш баланың әкесі болады, - деді.

Уәлиханов жүре сөйлеп барады, бір қолында жуан кескен нан:

- Қанша балалардың болатынын қайдан білейін, әйтеуір, әзірше комсомолдық норманы Нәсен комбайны емес, Қалқаманның комбайны орындап жүр ғой, - деп салды.

Расында да Қалқаман мақтанса, мақтанғандай: күпәйкісінің қалтасына бір бөлке нанды салып алады, аузы содан босамайды, бірақ егін оруда онымен үзеңгі қағыстырып жүрген мықты шамалы.

Башқұртстаннан, механизация училищесінен келген жігіттердің бірен-сараны ғана комбайн алды, онда да таңдап-талғап нағыз сенімді дейтіндерге берді, ал Фанус Фахрутдиновтің мүмкін, бойының аласалығы кесір болды ма, әйтеуір, оның өзіне басыбайлы комбайн тиген жоқ, әзірше Жалықпасовтың көмекшісі, кейінірек тракторға отырғызбақ, зябь жыртады. Алайда көп сөйлемейтін, аузы ауыр адамдардың әдетіне басып, төңірегін жіті бағып, аяғын аңдып басады.

Анау отырған Қалғаман Уәлиханов. Екіні бірге, көпті азға айырбастап жүре береді, сонда неге қыңқ десін, ер мінезді қызық жан өзі. Арқаға келгеніне бес-алты жыл өтіпті, құрбы-құрдастары үйлі-баранды болды, бастарында бала, ол әлі сол жатақхана тұрғыны, көк костюмі, оның өзі дала қосында, төсегінің тұсында ілулі тұр. Қолы босап кетсе қиял-ғажайып, оқыс оқиғалар жайлы кітаптарды оқиды. Сол Қалқаман сынық айна алдында сақал алып отырған кездерінде ұстарасын бос салып қана, кейде үнсіз отырып қалады. Жазғытұрымның жері енді кеуіп, енді кеппеген өлі арасында да, трактор кабинасында өткізген түннен кейін екі қасының ортасына түскен қалың сызық не айтады. Бірбеткей жұқа еріндер неге дірілдегендей болады. Соның шешімін табар, жігіт мұңын жадыратар ақ білек, қайдасың.

Асханадан комбайншылар бірге шыққанмен, Уәлиханов жүгіре басып, өзгелерден озыңқырап барады. Оның Фанус аңғарған ерекше қасиетінің кілті де осы орайда. Қалай жұмыс басталады, Қалқаман солай өзгеріп сала берді. Дәл бір қажет, аса қат дүние болмаса, одан жауап алудың өзі қиын. Штурвалға жабысып қалған секілді. Аспан айналып бара жатпаса, неге бүлк етсін, артық-кем бір қимыл жоқ, қас қағым сәттің өзін есептеп қойғандай. Уәлиханов комбайнындағы қосарландырылған жатка бір алғанның өзінде он метр аумақты қамтиды. Комбайны төл басы ақ серке секілді топ алдында тағы да сыза тартты.

Фанус жойқын егін айдынында көл бетінде зулаған жеңіл катердей маңып бара жатқан комбайндарға көзі талғанша қарайды. Дестелердің су-су қиылып, жал-жал түсіп жатқанының өзі көңіл пернесін басып-басып қалады. Бүгінде алап көк қауызы жарылып тұр, алақаныңа салып, ақырын уқалап, үрлесең-ақ болды, торсық шеке қып-қызыл бидай домаланып шыға келеді.

Көпке дейін айтуға аузы бармаса да, осы жолы ашылуды Фанус жөн көрді. Нәсен Жалықпасов жаман істеп жүрген жоқ, ол секілді ору дейтін анау-мынау комбайншының тақиясына тар келмес, сірә. Дегенмен комсомолдық норма, ана Уәлиханов межесі қолға түспей тұр емес пе. Гәп неде. Әуелде қанша бой сала іздесе де Фахрутдинов таба алмай қоды. Содан соң Уәлиханов жұмысына көз жүгіртті. Қалқаман Нәсенге ұсап смена бітісімен жатақханаға тартпайды, қанша сақылдап жүріп тұрса да комбайнның о жер, бұ жерін қырық қарап, тоқсан тексереді, әйтеуір, бір дамылсыз қимыл. Содан агрегаттар жүріп кеп бергенде, Уәлихановқа ілесіп көр.

Әуелі Нәсеннің бетіне қарап еді, шаң басып, түтігіп кеткен екен. Жарылған еріндерін ақырын жалап қояды, терлете берсе керек, көзілдірігін алып тастапты. Дәл қазір Жалықпасовты жалқау, керенау деуге кімнің аузы барады. Сонда да... Фанус жіңішке шығатын бала үнімен:

- Нәсен, - деді, - Қалқаманнан неге қаласың?

Жалықпасов штурвалды қатты қысып ұстады. Маңдайына түсіп кеткен жирен шашын оңға қарай сілке қайырды да, көмекшісіне жалт қарады, біреу осал жеріңнен бас салғандағы қарас.

- Ол шайтанға қалай жетерсің, - деді Фанус жіпсік көздері қуақылана күле, “оның жұмбағын мен білем” деп тұрған сияқты.

- Айтайын ба? – деді Фанус. Шынында мынау үлкен бір түйткіл тұтқасын ұстап тұрғандай-ақ, Нәсен аңырып қалған еді.

- Айтсам, кілт – секундта. Уәлихановтың әр минуты есептеулі. Ол штурвалға отырды дегенше, бар зейіні комбайнға ауды деңіз.

Фанустың сөз желісін комбайнға тақап келіп қалған машина сигналы бөліп кетті. Кабинадан кесек денесіне қарамастан, жеңіл, ширақ қозғалатын адам түсті. Бұл совхоздың директоры. Ол комбайнға, жаткаға тез-тез көз тастады да:

- Жарайсыңдар. Бет жақсы. Мынау алғашқы қарлығаш, қуаныш. Элеватор біздің алғашқы астықты қабыл алды. Біріншіден сорт, - деді. Тез түйіліп, тез жазылып кетіп тұрған қабағы асығыс ойлардан із тастайды. Кабина есігін жаба беріп, есіне бірдеңе түскендей:

- Ах, ұмытып барады екем ғой, - деп қайта түсті.

- Сендер байқаңдаршы. Ана тракторларды жіберсе... Жатка керек оған. Соны тез шешу қажет. Астық жиналады, - деді, оң қолын басынан асыра бір көтерді де, күлген, сенген күйі машинаға отырды.

Бұл күні кешке Фанус Фахрутдинов дала қосына жаяу қайтты. Машинаға мінбей, ешкімге қосылмай әдейі оңаша қалды. Соңғы он бес күні осы бригадаға, далаға келген жарты ай жас жігіт өмірінің өзекті бір арнасының бастауы секілді. Тай қиялта тоят берер кең өлке, миллиард айқасы өтіп жатқан алып аймақ, әзіл таластырар көп дос, еліктеуге тұрарлық әз аға бар мұнда. Саусақпен санарлық аз күнде көргені, түйгені бір сала.

ОН ЕКІНШІ НОВЕЛЛА
Жолдыбай көңілі бір елі орта түскендей болды: бағана түнгі даланы самаладай жайнатып жіберген комбайн шамдары бірінен соң бірі жалп-жалп сөніп жатыр. Темекі тұтатқанда, түрік ерні мен дөңкіл танауы ғана көрінген комбайншы Сабыр Әшібаев қиналғандай үнмен:

- Тоқтаймыз. Енді жүруге болмайды, бастырылмайды, - деді.

Жұлдыздардың көздері суланып кетіпті. Түн ызғарлы. Шофер Жолдыбай Жандыбаев шолақ күпәйкесінің тамақ түймесін салды. Енді қосқа оралуға бет бұрған Сабырдың жүзіне жарық түсірді. Қалтасынан тозығы жеткен кітаптың шеті шығып тұр. Ерні шыт-шыт жарылып кетіпті. Жолдыбай бір-ақ ауыз сөз сұрады:

- Қанша бүгін?

- Елу тонна болса керек.

- Сексен тоннадай апардым білем. Жарайды, кеттім.

Машиналар жүре-жүре, жауын езіп, жетінші бригадаға баратын жол ойқы-шойқы болып кеткен. Сондықтан Жолдыбай жылдамдықты қырықтан асырмайды. Бидайдың шашылмауын және ойлайды. Ұсақ-түйекке аялдамай, кідіріссіз осы қалыпта жүріп отырса, ештеңеден кем қалмасына көзі жетті.

- Болды ма. Тағы машина бар ма әлде? – деді қырман меңгерушісі Әмірбек Болғанбаев Жолдыбайдың алдынан шығып. Сақал-мұрты тікенектей өсіп кеткен, жүзі тотығыңқы, даусы жарықшақ. Әмірбек кузовтағы бидайға қолын білегіне дейін сұғып жіберді.

- Ой-бой, су екен ғой. Анау тиегіштің іргесіне түсір.

Ойына бөлекше бірдеңе алғандай. Баған басындағы аяншақ шамдар жыпылық сәуле төгеді. Әріректе бір астық тиегіш бық-бық етіп жатыр. Анадай жерде, бидайға тығыла, аяқ-қолын бауырына алып, бүк түсіп жатқан екеуге қарап жымиды. Алматы медицина институтының қыздары. Соңғы машина тосқан күйлері. Суық мынау, әрі шаршап жүр, мүмкін, көздері де ілініп кеткен шығар. Шофер жігіт олардың қасынан мысықша өте шықты, мазалаған жоқ.

Әмірбек Жолдыбайдың бетіне ажырая қарады.

- Не жүріс? Кетпеймісің?

- Арқалыққа барып қайтсам, - дегенінде, Әмірбек таңырқағаннан қолындағы күректі тастай салды.

- Денің сау ма? Осыдан қашан ораларыңды сеземісің? Ертең комбайндарға мен барам ба. Сен барасың ба?

- Жоқ, анау-мынау сөзді білмеймін. Кеттім. Тағ бір рейс жасаймын...

Бұл астық қабылдайтын пунктің жайы Жалдыбайға белгілі. Күніне мың машина келіп кетеді. Жолдыбайдың алдындағы машина “КГД 98 - 63”. Кабинадан ұзын бойлы, иықты жігіт түсті. Оның алдында әлі алты-жеті машина бар және олар оп-оңай кете қояр емес. Қасына тағы бір жігіт келді, электр жарығымен жасыл шалбары жарқырап көрінеді.

- Қай тума боласыңдар? – деді Жолдыбай. Қызыл тоқымалының көзі үлкен екен, адырайып бір қарады.

- Қарағанды, “Шеңбер” совхозынан. Өзің?

- Бір жарым миллион тапсырғалы отырған “Қайыңды” совхозын естіп пе едің? – Жолдыбай ішкі мақтанын жасырған жоқ. Арқалық Қарағанды облысымен үзеңгі қағыстырып тұрғанда, несіне жасырсын.

Әлекедей жалаңдап лаборанттар жүр, қолдары қолдарына тимей, жып-жып етеді. Жолдыбайдың машинасы да тақап барады. Сырғасы жалтыраған Нұрғайша ұзын бидай алғышты Жолдыбайдың кузовына сұғып жіберді.

Жолдыбай бұлардың бәрін таниды. Мынау кіре берістегі аласа үстелде иығы көтеріліп, асығыс жазып жатқан Рабиға. Қай машина, қай жерден, тонна, жүрілген жол, соның бәрін жазып алады. Нұрғайша Жолдыбайға қара көзі мөлдіреп, жымиып қарады:

- Сен де құда түсемісің. – Сонша үңірейгеніңе жол болғай. Босағадан былай тұршы, - деді. Тексеруге әкелген бір уыс бидайды көк шалбар, қара кеудеше, сары орамалды, қысқа қыр мұрынды, шашы иығына түскен әдемі Сәлимаға берді. Ол ұзын, сүйріктей, аппақ саусақтары майысып, түрегеп тұрған бойда таразыға әлгі бидайды көзді ашып-жұмғанша өлшеп жіберді де, қайтадан Нұрғайшаға ұсынды.

Осындағы жас қыздар Арқалық астық қабылдау пунктінде үш жыл істеген Нұрғайшаны ес тұтады, ақыл қосар апа санайды. Мұның жасы жиырманың екеуінде, техникум бітірген. Ал, мына бойжеткендер августың ішінде келген, тұңғыш жұмыс дәмін осында татып жатыр.

Нұрғайша ылғал өлшегішке бес грамм бидай салып, тұтқаны басып қалды, шкала тілі селтең ете түсті.

- “Молодежный” тәуір.

- “Арқалық” өте жақсы.

Нұрғайша осыны айтқаннан кейін, қара торы, құмырсқа бел Рабиға кішірек ожаулармен әлгі совхоздардан келген бидайды қарпып алып, шағын шелектерге салады. Бәрінің де қимылына көз ілеспейді, минут сайын бір машина өткереді десек, артық емес. Салмағымен жердің бетін қайыстырып “Татра” гүрілдеп барады. “Бәріңнен мықтымын мен. Жол бер, түге”, - дейтін тәрізді. Астық қабылдау пуктінің түнгі қырманы алып завод алаңына ұқсайды: ана жерде машинаны алақынан салып қуатты көтергіш дүрілдейді, мына жерде дән селін ағызған транстортер зырылдайды.

Төртінші алаңға бидайды түсірісімен, қайта жүріп кетпек болған Жолдыбай стартерді басып қалған сәтінде, енді қозғала берген ұзын құрамаға көзі түсті.

Көңілі екі елі көтерілгендей болды.

ОН ҮШІНШІ НОВЕЛЛА


Кілт оянып кеткен Раушан жалма-жан жастығының астына шешіп тастай салған сағатына қарады. Оң жамбасына аударылып түсті. Көзін жұмып, көрпені қымтай жамылғанымен, енді ұйқыдан береке көрінбеді. Раушан киініп далаға шықты.

Ауада сыз бар, шөп басын шық шылапты. Дала қосының төрт үйі төңірегінде отыз қаралы комбайн, жиырма шақты трактор тұр. Таңғы тәтті ұйқыны қиып, әсте ерте тұрып кете алмайтын Раушан бұрын көріп, білмеген тамаша суретпен бетпе-бет кездескендей болды. Көкжиектен домаланып шыға келген сары күн анада Манабай ала жүгірген жез легенді көз алдына әкелді. Құлағын тесіп, оған жіп байлап, сонау мұзарт аспанда тұрған бір бала күнді ақырын-ақырын тартып, ойнап әкетіп бара жатқандай. Сентябрь шығы да ерекше екен, теңіз түбінен теріп алған маржандай мөлдіреп, қыз жанарын тарта береді. Қолын білегіне дейін, бетін мойнына дейін қос іргесіндегі “Ирек көлдің” тастай суына жуып алып, жағаға беттеген Раушан Болат Әкіжановқа қарсы кездесті.

- Жол болсын! – деді Болат кекесінмен күліп. Мұны сезіп қалған Раушан да есесін жіберген жоқ.

- Әлей болсын.

“Тың” совхозының үшінші бригадасында Алматы медициналық институтының екінші курс студенттері жұмыс істеп жатыр. Раушан мен Болат курстас. Бірақ әлгі “жол болсынның” астары бар еді. Әуелде Раушан жұмыстан кешіге берді. Жиналыс, одан қабырға газетіндегі сурет, енді міне, - құс ұйқы дейтін бригадир Рымқанның өзінен де бұрын тұрып, көл жағалап келеді.

Қос оянды. Дүние дүбірге толып барады. Тракторшылар моторларын гүрілдетіп, комбайншылар резиналарын тартып, әбігер басталды. Ескі дағдыға басып шоферлар қақпақтарын көтеріп, ток жүйесін байқап, радиоторларын шұқылайды. Жұрттың алды ішер-ішпестен, студенттердің басшысы Құрманғалиға бұрылды.

- Ал, шал, қабырғаңмен кеңестің бе? Не істейміз? – Құрманғали бір танауынан күлді.

- Жатайық. Дойбы ойнайық. – Сөйтті де, өзін қаумалап тұрған комбайншылардың көздеріндегі ұшқын ашуды жіті аңдып, жөнге көшті. – Жүру керек, әрине. Жалғыз гектар болса да, жинағанымыз абзал шығар.

Ең алдымен Құрманғалидың комбайны от алды. Ол құлақшынын баса киіп, құрғақ жөтеліп қойды. Ерте тұрып, кеш жатады. Қайда, астық айқасы басталғалы бір күн бел шешіп көрді ме екен. Сыртқа мақтан қылып бадырайтып айтпаса да, Құрманғали өзін сан рет сынап, қиынға салып, содан көзі жеткен бір шындығы – көнтерлі екен, алып-қашты бопсаға берілер боркемік емес. Бірақ қарашы енді. Жұлымыр табиғат, жылауық күз тұманын төгіп, суығын қаптатып, арда азаматтың өзін жүдетіп қойғанын.

Комбайн бір орнында шайқалақтап тұрды да, кілт жүріп кетті. Штурвал суық, ызғарлы екен, Құрманғали күпәйкесінің қалтасынан көнетоз былғары биялайын алып киді. Орындық та шыдатар емес, еріксіз түрегеліп тұратын болды-ау. Тас лақтырып, жүрер-жүрместен жинағыш қақала бастады, масақ та қалып жатқанға ұқсайды. Құрманғали жерге түсті.

Тіпті қарауға көз жасқанғандай. Бидай тегіс құлап қалыпты. Жаңбырға шайтан жел қосылып, есіл астықтың мүлде берекесін кетірген, сабақтар ұйқы-тұйқы болып, шатасып қалған, ескі киіздей ұйысып жатыр, қар аралас жауынның кесірінен суға шыланып, бүрісе түскен. Комбайншылардың қату қабақ, ашу көңілдерінің себебі де осы. Таңертеңгі астан соң, механизаторлар өзара керілдесіп алған-ды.

- Жалғыз сүйем болса да жүрейік.

- Бос терге малынғанша, күннің арты тосайық-тағы.

- Әй, қайдам, жер бауырлап жатып алған сол шіркін...

Ақыры, бәрінің көзі жүйрік Құрманғалиға түсті. “Сен сөйле, сен айт билігін, саған тоқталамыз”, - деген көзқарас.

Бір уыс ақ бидайды аузына салып, етегін қағып орнынан көтерілген Рымқан аз уақыт үндемей тұрды. Бірінші күні алақанын күлдіретіп, көзіне жас алған, әуелде боркемік көрінген Раушан ақ маңдайы жарқырап, күректі құлаштай сермеп жатыр. Үстіндегі пальто түскен, “ВИМ”-нің астына кіріп кетіп, зембілді жұлып алды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет