ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет3/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


ҮШІНШІ НОВЕЛЛА

Шіркін-ай, сөйлесер ме еді бір дейтін адамдардың болады.

Қызығы сол, сен танымайсың оларды, еш уақытта көрген де жоқсың. Алайда, қилы тағдыр, өнегелі өмір мұзарт асқар сияқты: қол бұлғағандай, еліктіре шақырғандай көрінеді. Бір жүздессем, сұхбаттассам деп жүресің. Ал кеудеңде оның әлі өзің көрмеген бейнесі бар. Жақында ғана сондай жанмен кездестік. Айтулы, ардақты азамат шаңырағында болдық.

Суық жел суырып тұр. Жалпақ жазықтың іргесінен көтерілген ызғар бұлт аспан төріне қарай бұлықсып бара жатыр. Бүлкекті жаяу борасын сырғиды. Ирек жолдың көп шоқалағы көне “Газикті” көтеріп-көтеріп тастайды. Рульде – Целиноград облысы, Жақсы аудандық комсомол комитетінің хатшысы Владимир Лазарец. Жаңбырдан кейінгі сасыр секілді ұйпаланған жирен шашы шығыңқы маңдайының сол жақ шекесіне жиылып қапты. Қаймақтай жұқа еріндері шаршағандықтан ба, әйтеуір шыт-шыт болып жырылып кеткен. Тілімен әлсін-әлсін жалап қойып, сөйлеп келеді.

- Бұған да шүкірлік. Кеше жаяу болатынбыз. Қазақтар айтатын “ортақ өгізден оңаша бұзауым артық” деген рас-ау өзі, жұрт көлігіне жалынбаймыз енді, ілдебай болса да өз машинамыз, - деген кезде, тормоз жөнді ұстамай “Газик” селкілдеді де қалды. Құтты арқасына ел батқанда сілкінген жауыр ат сияқты.

Комсомол жетекшісінің әр сөзінен көп істің, түрлі жайдың ұшығы білініп, тарау-тарау толғау төбе көрсетеді. Ол бір кез жастардың қарқынды қимылын баяндаса, бірде тоқмейіл жандарды сынап өтеді. Орайын тауып, ретімен сөйлейді.

Әсіресе аудан шаруашылығын, ондағы жастар тіршілігінің бүге-шігесін білетінін танытады. Комсомол жұмысындағы бір алуан олқылықтарды сынайды. Қағазбастылық, науқан, талап қоймаушылық - әсіресе шүйлігері осы тұс. Оның байлап, қарауыл төбе етіп, ұстап отырған бағыты мынау екен:

Жастар арасында жұмыс жандансын десеңіз, әр мінезді жетекші тап. Ісімен басқаға үлгі болсын, сонда ол талап ете алады, өзгеге істетеді.

Бағанағы тоқымдай бұлт жайылып, ыдырап, құрым киіздей болып, аспан бетін қаптап алды. Жазық өңір бетіне суық көлеңке түседі. Ауада жентек қардың сызы бар. Осы кезде жылан жол дөңнен асып түсіп, өзеннен өтіп, солға қарай тартты.

- Келдік. “Ярославский” совхозы осы. Батырдың мекені. Тың батыры Михаил Довжик тұрады мұнда, - деп Владимир Лазарец машинаны заулата түсті.

Ағаш көп, тротуарды қуалай өскен екен. Ана сылқым қайың, ертең жаз шығысымен тұлымы желбіреп сәнденеді ғой. Жасыл шырша аязға сыр бермей берік тұр. Еркек қарағай ақ тонын жамылып, әлдебір ойға шомады. Шаңқан үйрені, олардың салыну тәртібін былай қойғанда, қолдан тұрғызылған орман қиял қытықтағандай.

Машинадан секіріп-секіріп түскен бетіміз де осы. Етженді әйел оң қолының суын алжапқышына сүрте тұрып сөйледі, аспаз болса керек.

- Не сендер? Осындайда бригадир отырушы ма еді. Кеткен мастерскойға, - деп бәрімізге ажырая қарады. Түсі суық адам екен. Сірә, қарын ашқанда артық борщ ішу де оңай болмас мынадан. Бетіміздегі жұмсақ күлкіні тия алмаған қалпымызда кете бердік. Шеберхана болар анау көрінген: комбайндар тұр. Гүр-гүр еткен құж тракторлар. Бір детальды салып, бір детальды алып, жонып, кесіп, жөндеп жүрген көп жігіт. Доңғалақ астында жанбастап жатқандар да аз емес. Жуан білек, жуан кеуде, жуан санды механизаторлар.

Адамның көзі алдағандай болатыны бар емес пе? Бұл кездесуден де сол сияқты әсер туды. Тіпті сонау тың игеру шабуылы басталғалы Михаил Довжик суреті басылмаған газет шамалы шығар. Онда маңдайы жарты қарыс, ер кеуде адам қасқайып тұратын. Сонда сен ұзын бойлы, алпамсадай батырды елестетер едің. Ал мына дәл қасыңда тұрған адам ше? Үстінде жұмыс киімі бар, орта бойлы механизатор жымиып қана келе жатты.

Алғаш кездесу, алғаш туған әсер. Довжиктің көздері тап-таза екен. Жылылық, нұр атаулының ұясы секілді. Жұмыр денесі салмақты қозғалып, балғын қолдарымен қатты қысып амандасты. Бәрінен де көзі, анау тап-таза адал көздері әсер етеді.

- Жақсы, жақсы. Солай деңіздер. Көп қалған жоқ. Ал жігіттердің қимылын өздеріңіз де көріп тұрсыздар, техника жөнделіп бітуге айналды, - деді.

Совет парламентінің мүшесі, республиканың айтулы адамдарының бірі, майталман механизатордың қас-қабағынан, сөз қимылынан шынайы қарапайымдылық білінеді. Ол – қарабайырлыққа түсіп кеткен ұсақ пендешіліктен мүлде аулақ мінез. Күллі қуатын, бойындағы еркек қажырын тегреуінді іске жұмсап даңқ шоқтығынан ұстаған мына бригадирдің шын болмысы, азамат дидарының қадір-қасиеті, алтын сабыр, толғаулы ақылы сияқты.

Бригадир жастар жетекшісіне өкпе айтады.

- Төбе көрсетпегеніңе бір ай болды, Володя. Сен науқан кезінде арамтер болғанша, мұрсат кең, уақыт мол осындай шақта келіп, неге ғана комсомолдарды батыл істерге шүйлеп-шүйлеп кетпейсің, ә? Науқан кезінде даурығу әурешілік емес пе? Меніңше, жас бойындағы ең нәрсіз мінез осы. Кейін ол байбалам дәрменсіздікке айналады. Өз басым мың сөзден гөрі бір қимыл, тынып қалған бір істі артық көремін. Солай!

Довжик “Газик” терезесінен мойнын созып ілгері қарай берді.

- Жігіттер, мен сендерге бір қоймамды көрсетейін. Солға бұрылыңдар, - деді. Біз машинадан түскен бетте өзіміз сенбегендей, көп етек алмаған жайттың үстінен түстік. Қара бидай егіліпті. Көлемі де талай жерді алып жатыр. Біз біразға дейін үндемей қалғанбыз. Бригадир болса жүзімізге қадала қарайды.

- Құпиям осы еді. Былтыр күзде, август айында егілген қара бидай. Тұңғыш рет байқап көріп отырмыз. Ақпанның ақ түтегі мұртын да сетінетпепті, - деген Михаил Довжиктің даусында кеудеде жасырынып жатқан мақтаныш лүпілі бар.

Ол тағы бір алуан сөз жүйесін саралады:

- Қазір де көп жүретін болдық қой. Менің Липецк облысына барғаным бар, сол жақтың тәжірибесі. Әдейі байқап көрдім. Төрт гектар алқапқа бір дәне де жерде қалмастан бой көтерді. Бұдан былай егін аумағын кеңейтпекпіз.

Машина бригадаға қайта тартқан кезде Михаил Довжик өткен бір күндерін, көңілден кетпес, ойдан өшпес суреттерін қайта тірілтіп, қызық хикаяларды, тың шежіресін шерте отырды. Ешқандай мақтанышсыз, өзі көрген, білген, бастан кешкен жайларды сыздықтата төгеді.

- Е, бала шіркін не білсін, нені парықтайды. Бағана таңертең жұмысқа кетіп бара жатсам, Саша деген он екі, он үштегі жеткіншек үлкен талды сындырып жатыр. Қасына жетіп барсам, хоккей таяғын жасаймын дейді. Мен оған ләм-мим деместен, салқын қарап тұр едім, өзі де түсінсе керек, “енді қайталамаймын деп тұра қашты.

Сол кезде не ойлағанымды білесіз бе? Мен алыс 1954 жылдың көктемін есіме түсірдім. Алғашқы палатка, алғашқы боразда. Алғашқы егісті ойладым. Қазір қалың ормандай болып жайқалып тұрған совхоз орталығындағы тоғайдың алғашқы түбірі де сонда егілген. Оған енді қарап отырсаң, аттай он бір жылға аяқ басты. Алғаш осы араға келгенімізде қазақтың бес-алты үйі бар еді. Шіркіндер аузымызға дәмін тосып, үстімізге киімін жауып, кезек-кезек қонаққа шақырып, мәре-сәре болған. Қазір марқұм қайтыс болды, Байбөрі деген сексеннің үшеуіндегі ақсақал бар еді, денесі жұдырықтай болғанымен сондай қағылез, мықты адам еді. Біздің палатының қазығын сол сексен үштегі қазақ шалы қағып берген. Анау әлгінде өздерің танысқан механикаландырылған отрядтың бастығы, шіренген, ашыр мұрт Виктор Шибикин де сол 1954-тің толқынында бізбен бірге келген. Үйлі-баранды болмай тұрғанда, әзілкеш, ойнақы, дөрекілеу еді, қазіргідей қарын, арам ет болмайтын. Жас жалын ұшқан кезі. Сол:

- Ата, күресесің бе? – деді бір күні. Байбөрінің сонда көне көздері жылтырап, әжімдері қозғалып, ернінде кәрінің уытты күлкісі ойнады.

- Мен жығылсам да кемпірім тастамайды, сүр бойдағым-ау, шалдан құласаң, саған қандай қыз қарайды!” – деп бәрімізді күлкіге батырған.

Байбөрі дүниеден қайтқанда бригадамыздың қабырғасы қайысты. Әдейі Целиноградқа жіберіп мәрмардан ескерткіш белгі жасаттық. Онда мынандай сөздер бар: “Ярославский” совхозының тыңына тұңғыш қазық қаққан пенсионер Байбөрі Көпжасаров”.

Өздеріне әкедей болып кеткен сол ақсақалды ойлады ма, әйтеуір Довжиктің жүзі қоңыр тартып отырды. Кішкенеден кейін көздері ашық сәуле шашып, басқа бір орайда, өзгеше ыңғайда ақтарылды.

- Тағдыр деген қызық. Менің өмірім осы тыңмен кіндіктес. Бізді көтерген те тың. Рас, ақ қар, көк мұзды да көктемнің аласпарынын да, қуаңшылықтың қуырғанын да көрдік. Бәрібір тың игерушінің жоны қалың. Осы бір теңеуі келеңсіз көрінді білем, Михаил Егорович қабағын тыжырытқандай болды.

- Коммунистік еңбек коллективі атағын республикада бірінші рет біздің бригадаға берді. Мен комсомолдың он төртінші съезіне делегат болдым. СССР Жоғарғы Советіне депутатпын. Мұның бәрі қаншалықты үлкен абырой болса, соншалықты үлкен салмақ. Тракторды жөндеуді тез бітіру керек. Сеялканы сапқа қою, тыңайтқыш әзірлеу, қар суын тоқтату, кішкентайлы болған жолдасының шілдеханасына бару – бәріне, бәріне үлгеру шарт, - деп күледі Довжик.

- Неден басталып кетті осының бәрі? Е, айтпақшы, ағаш сындырған бала туралы еді ғой әңгіме. Рас, әкесі отырғызған, ағасы баптаған ағашты ұлы құлатса, ол – масқара! Бірақ әлгіндей ұсақ-ұлан кемістік емес, жас толқынның отызды орталап қалған біздерді өкшелеп келе жатқан балғын буынның қалың қайрат, қажы жігері, таза кеудесі қуантады.

Біздің бригадада Ерболсын Қажыкелдиев деген он тоғыз жасар механизатор бар. Мынадай қызықтар бола береді: кейбір тракторшы жігіттер әншіден де нәзік, ал кейбір машинистка қыздар комбайншыдан да әлеуетті келеді. Ерболсынды механизатор деп ешкім айтпастай: саусақтары домбырашының қолындай сүп-сүйір, белі жіңішке, жауырын шағын. Былтыр училищені бітіріп келген бетінде, шынын айту керек қой, бәріміз де қораш көріп, күлісуші едік. Мынадай денемен ауыр жұмысқа шыдамайтын сияқты еді. Бақсақ, Ерболсын шын еңбекшіл, жұмыс жанды, содан рахат табатын асыл жігіт екен. Көктемгі егіс кезінде, бидай орғанда, сабантойда, жұмыс біткен тыныш уақыттарда мен оны талай рет оңаша көрдім, ұзақ жолдан шаршап-шалдығып, көкжиекке жанбастай құлаған күнге, оның соңғы сәулелеріне бір түрлі сезім көзімен қадалып тұрғанын әлденеше рет тамашаладым. Қазір өзі “Спутникте” дем алып жатыр.

- Ойбай, әңгімемен отырғанда келіп те қалыппыз ғой. Ал, тез, біздің жігіттермен отырып тамақ ішейік, ендігі сөзді солар жалғасын, - деп Михаил Довжик бірінші болып машинадан ырғып өзі түсті.

Бір кездесу осылай болды. Абыройы Алатаудай әз азаматпен жолығысып, өзін көріп, даусын естіп, аз да болса сыр шертіскен жақсы кездесу. Алдымызда тағы да жол жатыр қасқайып. Жылы ұяларға, жақсы жандарға, ағарып атар таңдарға апаратын жол шіркін жақсы ғой.

ТӨРТІНШІ НОВЕЛЛА


Шешесі Мария Антоновна ызаға булығып жылап отыр еді. Кенет жаспен жуылып, өңменіңнен өтердей жайнаған көздерін жарқ еткізіп көтеріп алды.

- Сорлы-ау, анау жалғыз шолақ қолыңмен қайда қаңғырып өлмексің?!

Жасында орманда ойнап жүріп, Толя мина үстінен түскен болатын. Содан мүгедек.

Ағасы Василий анадай бұрышта қайдағы бас-аяғы жоқ бір журналды сүлесоқ ақтарып отырған. Әлгі сөз айтылғанда, әлдекім басынан зіл шоқпармен қаңқ еткізіп салып қалғандай, жүрегі аунап кетті. Әкесіне қарады. Қашаннан аузы ауыр Матвей Аремьевич ештеңе естімегендей, ештеңе сезбегендей қылтанақ мұртының арасынан мохорка түтінін будақтатып қояды. Шешесі түтіндеп барады.

- Пұшайман! Осы “Венинкс” совхозында, осы Могилев ауданында, осы Белоруссияда аштан өліп, күштен қалған кім бар? Сені түрткен қай түлен? Тым болмаса он екі мүшең де түгел емес, бір көзің көрмейді, бір қолың шолақ.

- Доғар! Өз балаңды өзің қорлама! Ойға алғаны – бекінгені. Бекінгені – кеткені. Барсын!

Бұдан кейінгі суреттер Анатолийдің көз алдынан киноның үзік-жұлық кадрларындай асығыс, тез-тез зулайды. Әуелі комсомолдық жолдама, содан Минск – Москва – Целиноград. Мынау “Қызыл жалау” совхозы, бақша, күзет. Тағдырдың тәлкегі-ай десеңші! Жиырма екі жасар жігітті қолды-аяққа тұрғызбай, Белоруусиядан Қазақстанға алып келген көкейін арман тескен жалын жүректің маңдайына жазылғаны күзетшілік екен. Тыңды, ерлікті аңсағанда, тапқаны – бақшаны қору... Бір қолың жоқ деп еркек қатарынан шыққаның ғой енді.

Анатолийдің тынысы тарылып бара жатты.


* * *
Қыздар вальсы. Баяншы жігіт танауы делдиіп өз-өзінен мәз болып құлаштай сермеп отыр. Кілең күлкілері қатты, мығым денелі жігіттер: “маған қайсың келмес екенсің” деген паң жүзбен бір бұрышта оңаша. Сырт көзден жасырғанымен, тракторшы Ахметтің өзін аңдыр тұрғанын Рая сұңғылалықпен сезе қойды. Мейлі, “Қызыл жалау” совхозындағы ең озық тракторшы болса, бола берсін, Рая енді онымен билемек түгіл, сөйлеспес те... Есікке таяу жерде көңілсіз тұрған Анатолий Старовойтовқа беттеді.

- Рұқсат етіңіз...

Толя жақсы билейді екен, бірақ оң қалтасынан қолын неге алмайды? Вальс толқынында ырғалып жүріп, анда-санда Рая ұзын кірпігін сирек қағып, Анатолийдің бетіне ұзағырақ қарап қалады. Толяның еті қашқан, ақ сұр жүзін мұң кіреукесі аша түседі: дөңкіл маңдайы, көтеріңкі біткен сұлу танауы, шешімді, жұқа еріндері, қобырамай, шашылмай бұйралана жататын шашы бірден есте қалып қояды. Құшақтары енді жазыла бергенде Рая:

- Мені шығарып салыңызшы, - деді. Басын үнсіз иіп қана келіскен Анатолийдің екі қасының ортасындағы сызықтың тереңдегенін Рая байқаған жоқ, шыға берісте шалбарының қалтасына қолын салып, басын асқақ көтеріп тұрған Ахметті көзге ілместен өте шықты.

- Бірдеңе айтсам ашуланбайсың ба? – деді далаға шыға бере.

- Айтыңыз, - деді Анатолий.

- Билегенде қолыңызды қалтадан неге алмайсыз?!

- Жай, - деді. Анатолий кішкене үнсіздіктен кейін.

- Оныңыз мәдениетсіздік болады, - деді Рая.

- Мүмкін...

Осыдан соң олар талайға дейін үндеген жоқ. Қақ маңдайдан көтерілген аппақ ай сәулесін төгеді. Жұлдыздар жарқырай түскен. Тағы да сөзді Рая бастады:

- Қайда істейсіз?

- Бақшада, күзетшімін.

- Жігіт басыңызбен?! О не дегеніңіз...

Раяны шығарып салып, одан түнгі селоны бойлап жапа-жалғыз көп жүріп шаршап құлаған Анатолийдің көзі ілінбей қойды. Құрылысшы қыздың бар кескін-келбеті көз алдына келеді – мәймөңкені білмейтін, бетке айтар таза жан. Иә, оның ұғымында күзетші боп жүрген жігіт жұмыр басты пенденің ең пұшайманы шығар. Енді билемес те болар. Үйге де хат жазбағалы не заман. Несін жазсын, немен қуантсын. Бұғалық сүйретіп кеткенде жетістіргені мынау.

Жарты жылдан астам уақыт өтті. Анатолий Старовойтов тракторшылар курсын бітіріп шықты. Совхоз директоры шынын айтты.

- Романтиканың аты романтика, бұл бір, - деп жағалай отырған бригадирлерге қарады. – Техниканың аты техника. Бұл екі. Сендер қызықпысыңдар. Мүгедек адамға дыңдай тракторды қалай ғана сеніп тапсырамыз? Жоқ, болмайды бұларың.

Ахмет Бабаев орнынан ұшып тұрды. Директорға көзін қадап алған, кірпігін қағар емес. Маңдайына дудырай түскен шашын да жимастан сөйлеп жөнелді:

- Нұреке, сізден, совхоз дирекциясынан біздер, комсомолецтер өтінеміз. Қажет болса, талап етеміз: Старовойтовқа трактор берілсін. – Бұдан әрі не айтарын ұмытқандай алақтап тұрып қалды. – Ал оның агрегатын бәріміз қамқорлыққа аламыз.

Директор ауыр, балуан денесімен жұмсақ орындықты бір қозғап, қолындағы көк қарындашпен шыныны тықылдатты. Қалың қабағы жібігендей күлімсірейді.

- Балалық-ай! Әуелден осылай демейсің бе?!

Анатолий Старовойтов бұл әңгіменің ішінде болған жоқ. Бірақ осыдан екі түн өткеннен кейін, үшінші бригаданың дала қосының алдында № 135 “ДТ-54” тракторы бір орнында шыр айналды. Тракторшылар Ахмет Бабаев, Иван Грищенко, шофер Асан Берікболов бас киімдерін аспанға атты. Шын тебіреніп кеткен жандардың ілтипаты еді.

Түйіліп келген қара бұлт ыдырап кетті, арты ашық өткінші екен. Дестеде жатқан бидайға бір қарап, аспанға екі қарап, табиғатпен және дауласып жүрген бригадир Қадыржановтың тоң қабағы жадырады. 14260 гектар өңірдің бидайының жартысынан артығы сенімді қазанға ақтарылды. Ақырғы асу, соңғы елес секілді күндер қалған.

Бригадир Анатолий Старовойтов жинап кеткен ауданды шұқшия қарап өтті де, шын ризалығын жасыра алмады.

- Тамаша! Көлденең жатқан сабақ жоқ.

- Кісі қателесе береді ғой, Толя. Сен кешір мені. Жазғытұрым көктемгі егіс қарсаңында саған трактор береміз бе, бермейміз бе дегенде, мен үнсіз отырғанмын, - бригадир Анатолийдің бұл әңгімені селсоқ тыңдап тұрғанын біле қойды.

- Әй-әй, тоқташы, мұны тегін айтқам жоқ. Адам қаласа бәріне де жетеді. Соны түсінбеген екем ғой.

Бригадирдің сөзін комбайншы Мұқан Лекеревтың даусы бөліп кетті.

- Тракторшыларды қайткелі жүр, бәтір-ау. Зябь жыртылмай қалар деймісің. Мұндағы жұрт жинағышын жөндей алмай жатса...

Анатолий олардың сөзінің аяғын тыңдаған жоқ, қан тамырлары білеуленген жуан сол қолымен рычагты бір-ақ тартты: “ДТ-54” орнында сәл қозғалақтады да, ауыр соқаны сүйрей жөнелді, иір жала артта қалып жатыр.

БЕСІНШІ НОВЕЛЛА
Ала көбеде оянған Мұраттың денесі сәл тоңазып, дірілдегендей болып тұрды да, кішкенден кейін жазылып сала берді. Дала қосының іші ақайранданып, қисық көлеңке құлап жатыр. Танау пысылдайды, сірә, осы дәу де болса батыр ұйқы тракторшы Ғазизат Ақаевтың мұрны болар.

Таң алдындағы салқын леп төбе белдердің маңдайын иіскеп, жалпақ алып төсін сипап, ақыры үздігіп келіп, сыртқа жаңа шыға берген Мұрат Бейсековтың бетін өпті. Мелшиіп тас ұйқыға кеткен тракторлар, автомашиналар жігіт назарын өзіне бірден тартып алса да, көп аялдатпады. Балағы енді бозғылт тартып, қара бояу оңып бара жатқан аспанның әр жеріндегі жесір жұлдыздар жантайып қалғып барады.

Мүлгіп тұрған дала қосының шыны көзі қараңғылықты үркіте жарқ ете түсті. Жыбыр-қыбыр, асығыс-сасқалаңқы мол тұрыс басталды. Есік ашылып, тысқа майкешең жүгіре шыққан Тасболат Сырғабаев анадай жерде төңірекке ынтыға, ұмсына қарап тұрған Мұратты көріп, аяғын бір аттап басып, таңырқағандай жымия берді. Жүзіндегі ащы әзіл енді-енді үзілгелі тұр.

- Тәйт! – деп дауыстап қалды. Сел ете түскен Мұрат жалт қарады.

- Бықсық ұйқыңнан тұрғанбысың? – деп Тасболатқа қарсы жүрген Мұраттың көзі табиғаттың таң алдындағы көрінісін тамашалағандай төңірекке мейірлене қарайды.

- Мен саған тәйтті көрсетейін, - деп Мұрат Тасболатты шап берді. Атан жілік екі соқтауыл жігіттің сырғауылдай қатты білектері сатыр-сұтыр етіп ұстаса кетті.

- Ой, ерлерің!

- Міне, зарядка...

- Аз-за-мат! – десіп қостан жүгіре-жүгіре шыққан өңкей жалаң төс мына екеуін кеу-кеулеп, қамшылап әкетіп бара жатты.

Тасболат шірене береді, ретін келтіріп, қатты сілкіп, жамбасқа салып атып жібермек-ау, шамасы. Мынаны қара, кенет тік көтеріп, басынан асыра лақтырғанда, анау мысық ептілікпен дік ете қалды. Жеңген де, жеңілген де ешкім жоқ, екеуінің де қандары беттеріне теуіп, өңдері шырайланып, жалын ата күліп тұр.

Айнала ақ сәулеге малына жайнады. Екі азамттың жаңағы бір қимылы маужыраған ұйқыны тегіс үркітіп жіберген секілді. Бөлімше агрономы Нұрмағамбет Оспанов тамақтарын апыл-ғұпыл асап жатқан механизаторларға жағалай көз тастайды.

- Жер – ана биыл бізге өкпелемес, ә, жігіттер. Кеше қайта бір есептедім. Талай тонна көң сіңіріппіз бойына. Қап-қап тыңайтқыш тағы дайын.

Компот толы стақанды аузына бір-ақ төңкерген Мұрат:

- Қапы қалмаспыз. Жігітке – жігер, - дейді.

Көп уақыт өткен соң тракторлар дала әуеніне өзгеше бір күшті, ұзақ сарын қосып, жосылта тартты. Ылғал жабуға аттанған беттері. Трактор әйнегінен сонау піл сауырлы егістік өңірге қыран көзін қалт қадап келе жатқан Мұраттың жүрегі жырлайды. Көктемнің ыстық буымен, адам еңбегімен сүйегіне жан біткен жер жырлайды. Бейбіт аспанында тыныштықтың орамал бұлттары қалқыған зеңгір көк жырлайды. Адам табиғатқа, табиғат адамға гимн айтады.

АЛТЫНШЫ НОВЕЛЛА


Көктем қабағы бір жосын: марттың бел ортасы болса да, жер аяғы әлі кеңімей жатыр, сабалақ жаңбыр көп. Мол түскен ылғал диқан көңілін қуантқанымен, егін қауырт салынбай уақыттың кешеуілдеуі қауіп ойлатады. Осындай мазасыздық үлкен істің қамы небәрі төрт-бес сағат ұйқыдан кейін, “Шығыс” совхозы комсомол ұйымының секретары Мереке Аяпбергеновты да жылы төсегінен суырып алды. Апасы ысытып қойған қонақ көжені абың-күбің ішіп жатып Мереке:

- Бүгін тоспаңыздар, бригадада, қоста қонам, - деді.

Кешегі келісім бойынша Қайырбек дәл уақытында келді. Кішкенеден соң, мал дәрігерінің арнаулы машинасы көктемгі батпақ жолмен малтығып, бірінші бригадаға қарай бет түзеді. Есі-дерті қазіргі жұмыс болса да, Мерекенің көзі жазғытұрымның кербез келбетіне селсоқ сабырлы қарай алмайды. Мұз тоңын жыртып-жыртып ағызып жіберген көл сабырлы толқындарын ақырын-ақырын шайқап қояды. Сәуірдің жаңбыры буын-буынына тараған жалпақ дала рахат тапқан сияқты.

Айналасына жіті қадалып келе жатқан Мереке кенет оқыс бір сурет ойлап кетті: анау дала аппақ қағаз, тракторлары гүрілдеп бара жатқан егістік тушпен сызылғандай, тайға басқан шақпақ таңбадай.

Қасқа жолға таяу, ұрымтал жерде трактор кетіп барады, сірә, Нұрым Ақанов шығар, кабинадан басын шығарып, бас киімін бұлғайды. Мерекені көз ұшынан таныған қалпы. Машина дала қосының жанына дік етіп бір-ақ тоқтады. Аты дала қосы, әйтпесе барлық жағдай жасалған тамаша пәтер. Асты-үсті тақтайлы, сыңғырлап тұрған жап-жарық бөлме. Жылы, жақсы жабдықталған қызыл бұрыш бар. Қостың төңірегі мұнтаздай, алыстан көз тартатын үйдің ішіне кірсең, риза болып, көңілің толады.

Бұл бригадаға комсорг осыдан екі күн бұрын келген-ді. Дегдіген-дегдіген, бапталған жерлерді іріктеп, алғашқы гектарға бұршақ егілді. Алдыңғылардың бірі болып, трактормен жосылта тартқан Байзолда Тасболатов. Сонда Карпаттан келген механизация училищесінің оқушылары, өздерімен құрдас жап-жас Байзолданың оза шыққанына шын шаттанып еді, балғын жігіттің шабытты шағына қызыққан.

Әп-әдемі қыр мұрыны ақшыл жүзіне ерекше ажар беріп, сұлу көрінетін Елена Данко өмірінің аса бір ыстық шағын басынан кешіргендей. Жас жүрегін сонша үлкен арман лүпілімен толқыта тебіренткен дала дәл қазір алдыңда жатыр. Енді, міне, палуан білек жігіттер буы бұрқырап жатқан майлы топыраққа дән себе бастады. Қылтиып шыққан арам шөпті жинасып, өртескен Елена бұл қуаныштың сырт тамашалаушысы емес, заңды басыбайлы еншілесі емес пе, ендеше толқыған көңіл толқысын, ассын қуаныш шарасынан. Ол мамандығымен тұңғыш рет бетпе-бет келген жанның ойындағы іздеген асылының жақсы бір қырын көріп қалған сәттегі діріл толқуы. Осындай шаттық үстіндегі Елена Данконың сондағы қалпы бір түрлі болатын: толықша келген денесіне жұмыс киімі сәнімен жарасқан бойжеткен жауқазын гүлін тістеп, тұқым сеуіп бара жатқан агрегаттарға көз тігіп, үнсіз тұрған.

Сөйткен Еленаның бүгінгі қуанышы тіпті көл-көсір екен, қабырғалы бригадирдің бірі Давид Финк оны қыз деп олқысынбай, өз алдына трактор жүргізуді сеніп тапсырыпты. Шырайлы дидарын жел сүйіп, сәл қоңырланған. Комбинзоны кейбір салтақ жігіттердің үстіндегідей емес, орынсыз майдан ада.

Елена бас изеп қана өте беріп еді, Мереке тоқтатты.

- Иә, жол болсын. Өзің комсомолға өтпексің, жетекшіңмен сөйлескің келмейді. Бұл қалай. – Жас шамасы құрдас болғанмен. Мерекенің сөзі орнықты, ысылып жол көріп қалған жастың ақылды кейпін танытады. Гайка бұрайтын тоғыз басты кілтті қайда қоярын білмей Елена қысылып қалды.

- Қалай, Уставпен таныстың ба. – Мереке ыңғайсызданып, қымтырылып тұрған Еленаға жақын келіп, жылы ұшырай сөйледі. Қыз жүзі құбылып, ақ тісін көрсете тіл қатты.

- Мен оқыдым, бір емес, үш қайтара оқып шықтым, - деді. Данко үнінде жасқа ғана жарасымды жеңіл мақтан бар.

Карпаттан келген механизатордың дені біртоға, қақсоқпен шаруасы жоқ жұмысжанды екен, той-томалақ, ойын-би десе жанып шығып келеді. Дала қосында кешқұрым орыс әні сызылады, қазақ әуені кетеді шалқып, украин, румын саздары шырқалады. Басы-аяғы бір ай ішінде алыстан келген жастар жақсы мінез сипатымен совхоздың етене тұрғындарындай сіңісіп барады. Сол бала-бозбалалардың әр қадамын қалт жібермей бағып, іштей сараптап Мереке Аяпбергенов өзгеше бір ой түйген: бұлар Ленин комсомолының қатарына осында, ерлік отаны – тыңда, тура дала қосында өтуі керек. Сөйтіп өткен жолы ВЛКСМ Уставнының бірнеше данасын ала келіп, комсомолға өтуге ниет білдірген лайықты-ау деген механизаторларға таратып берген-ді. Устав алғандардың бірі осы Елена Данко еді, енді трактор рулінде отырып, ұйым қағидаларын жаттып, қос қуанышқа кенеліп тұрған қалпы мынау. Бағанағы ұяңдық сәулесі сөніп, Елена мүлде өзгеріп кеткендей:

- Көшпелі бюро бола ма? Рас па? Қашан келеді? Қашан қабылданамыз? – деген бойжеткеннің көз жанары ұшқынға толы. Комсомолға өтуге соншалықты құмарта ынтыққан Еленаға риза болған Мереке:

- Майдың аяғында. Ол жақын емес пе. Сол күнге. Тарту әзірле. Осы серт қой.



Бірінші дәптер



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу