ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет6/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
#675
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Ет қызуы, қимыл рахаты ұмыттырды ма, әлде де соны шабыт қанатында зулады ма екен, әйтеуір, қырман көрігін қыздырған студент тобы дәл қазір кәрі диқан жүзіндегі көне әжімге ұялаған қанжығасы берік сенімнің отты сәулесін байқаған жоқ, өйткені тұтатқан оны өздері болатын.

ОН ТӨРТІНШІ НОВЕЛЛА


Қайыркен Байтасов оң аяғын шұңқырға тығып алды: ботинкасының лайын төгіп, шұлығын сығып жатыр: дір-дір етеді.

- Қырсыққанда қымыран іриді.

Әлдебір ауырлық, әлдебір ашу буғандай қыстығып тұрған комбайншылардың өңі бригадирдің суықтан тоңып тұрған бақайын көрген мезетте, күлкінің бұлаң жымиысымен қызғылт тартты.

- Байқа, бақайсыз қалма.

- Бригадир құлап жатыр, комбайн қалай жүрмек.

- Өй, сендер де... – Қолын бір-ақ сілтеді. – Жоқтан өзгені сөз қылып... Ырду-дырду жөні ме қазір. Аспанға, анау талағы қарс айрылғалы тұрған аспанға бірдеңе десеңші онанда...

Тоғызыншы бригада “Ұзынағаштағы” бидайды түп-түгел жинап алып, кешелр осы “Көкшеталдың” бойына жеткен болатын. Үлкен белден асып, соңғы иек артпаға ілінген беттері, қарашы енді, жер бауырлай қаптаған мылқау тұман аз көрінгендей-ақ көктің жүзін сабалақ бұлт жауып кетіпті.

- Көк темірге бапандайсың, дауым жоқ, жігіттер. Ал әзілге... Құр текірексің. Үйбай-ау, фашистің оғы түк те қыла алмаған бақайға қыркүйектің сүмелек жауыны бірдеңе істер деймісің.

Енді, міне... Жинағыш саусағына сулы сабақтар шырмауықша байланып, жүрісті бөгейді. Өнбейтін құмырсқа қимыл. Сонда да бос тұрғаннан көш ілгері емес пе. Жаңағы бір бункер бидайды қырманға жеткізіп, шофер сынаптай зырлап тағы жетті.

- Құраға, соңғы гектар, соңғы асу. Немене, шаршағанбысың, бір машинаны әрең үлгересің, - деп жымың-жымың етеді. – Мен білсем, сірә, шалдардан жастар артық. Анау комсомол комбайншылар өздеріңе шаң қаптырды, білем. Өтірік айтсам, жаным шықсын.

Қос ішіндегі қоңырқай сәуле механизаторлар жүздеріне ауыр көлеңке түсіреді. Жиналмай жатқан төсек, шашылған киім, бензиннің исі, май табы. “Есіл” совхозына келген “Баян” бөлімшесінің комбайншылары осылар. Мынау келеңсіздеу әңгімеден өздері қысылатынға ұқсайды.

Жауын. Жауын. Құлаған бидай... Әйтпесе күніне он гектар егін бастырып не көрінді дейсің. Бір жүрген жерді он жүрсе де соқыр сабақ қалдырмас. Қайтсе де берген серт үдесінен шығуға жұмылдырар қажыр атаулыны.

Жастар жағы Қайыркенге қарайды. Енді қалған бидайды күзгі көк-соқта тырнағынан қалай жұлып алмақ, соның жауабын іздейді.

Бір қауіп, бір қатерде кәнігі шеберлікпен жол көрсеткен әйгілі комбайншы да ойланып отыр. Қиналып отыр.

Ертең кімнің қай өңірге баратынын бағана агрономмен ойласып, шешіп қойған бригадир қойнынан дәптерін суыра берген еді. Дәл осы кезде дүрілдеп келген мотоцикл даусы естілді. Ызғар, суық атып, есік ашылды.

- Иә, жол болғай. Жеті түнде бұл не жүріс? – деп бәрі комсорг Жұматайды қумалады. – Сен оныншы бригадада комбайншы емес пе едің. Бітіпсіңдер ғой. Ой, азаматтар.

Жұматайдың танауы сорайып, жақ жүні үрпиіп кеткен. Байғұс бала қай қыз қарайды деп жүр екен, тізесінен шыққан ақ плащ не қамзау болады, жылырақ киінсе етті, әй, жастық-ай.

- Тамақ ішуге де үлгірмедім. Комбайн тоқтай сала тарттым. Комсомол жарнасын... Обком грамоталары. “Ораққа қатысушы” значогі. – Жұматай саудырап барады. – Қарным ашты. Нелерің бар, әкеліңдерші.

Үлкендер ендігі бір қалған алақандай алаптың астығын қалайда жиюды ойлап, ұйқылары келмей, қолдарын төбелеріне қойып тып-тыныш жатты.

Сағат түнгі екіден бес минут кеткен кезде “Көкшеталдағы” дала қосында комсомол жиналысы ашылды.

Кірпігі айқасып бара жатқан бригадир құлағына еміс-еміс сөздер шалынды:

- Бидай... Ақырғы десте... Бидай...

ОН БЕСІНШІ НОВЕЛЛА
Тың игерушілер Сарайының қарсысындағы гастрономның жанында, қала қазақтары әлі күнге дейін “Ақ жапа” дейтін алаңда киоскі бар. Ақ туфлиінің тұмсығы біздей, өкшесі қаздиған, шашын сәнмен көтеріп, тараған сұңғақ сұлу бойжеткен газеттің бірінші бетін қарап жіберді де, қасындағы қызға иек қақты.

- Вот это да. “Аршаты” совхозы...

- Қой.

- Мә, оқы.



Сулықтарының жағасы көтерулі екі жігіт “Советский спортты” сұрап тұр еді, “Аршаты” ауызға алынғанда, жалт қарады.

- Солай.


Бойжеткендер жігіттердің бүйірден қосылып, сөзге араласуын, сірә, танысудың сылтауы болар деп жорамалдап, жақтырмай, қабақтарын шытып, асфальтты тық-тық еткізіп жүріп кетті.
* *
- Сөйтеміз. – деді бригадир Мәми Жәнібеков жуан жұдырығымен үстелді қойып қалып.

- Өйтпейміз! – деді агроном Рамазан Аминов кірпігін қақпастан.

Құдайым-ау, мынау сасырбас агроном қайтеді. Тіпті осының өзін агроном деуге бола ма. Студент. Бар болғаны Целиноград ауыл шаруашылық институтының төрт курсын бітірген бала. Әріп кеміріп, сөз шайнаған оқушы. Қарашы енді, топырақпен көзін ашып, темірмен арпалысып ер жеткен механизатор, білікті бригадирге шақшиюын... Бұл адамды қойсайшы, бір-ақ күнде өзгерейін десе, сүттей іріп қоя береді. Терісіне сыймай ашу буып отырған Мәми тағы деп қалды:

- Жібересің комбайндарды.

- Ол болмайтын әңгіме.

Агроном жирен шаштарына шекті тікірейіп кеткен бе, немене. Ай, кісі танымайды ғой, Жәнібеков кісі танымайды. Әйтпесе несі бар еді сонда, шатасып. Ұмытпаса апрельдің он тоғызы болар. Совхоз директорының бес адам жиналса, ауасы қапырық тартатын тар бөлмесі. Сапар Туғанбаев әсте асықпайтын сабырлы мінезбен маңғаз отыр. Төс қалтасынан темекісі көрінеді. Көзілдірігін бір киіп, бір алады. Көнетоз дивандағы үшеуге қарады.

- Мына жігіттер Целиноградтан. Бес минутсыз агроном. Бізде штатта істейді, танысыңдар.

Сол жолы Мәми Жәнібековке дөңгелек жүзді, сарғыш маңдай Рамазан Аминов қой аузынан шөп алмайтын момын торы көрініп еді. Қалбалақтаған байғұс емес пе, “Сапар Туғанбаич, Сапар Туғанбаич. Аминовты біздің жетінші бригадаға жіберсеңіз қайтеді. Бір-бірімізді ұнатып отырмыз”, - деп күлгені қайда. Ақылсыз бас.

- Ақырғы рет айтам: комбайндарды жібересің.

- Жоқ. – Аминов Жәнібековтың білегінен қысып ұстап, орындыққа қайта отырғызды.

Бә... Жұлқысудан тайынар сыңай жоқ қой өзінің.

Опырмай, ә, әуелде ғой Мәке-Мәкелеп жүрді. Бір қисық мінез көрсетсе не ант іш дейсің. Қырық құбылып, арқасы жазылмай қойған мазасыз көктемдегі қысылтаяң егіс жұмыстарында нағыз бір қаражон агрономдай қайрат көрсетті. Құлқын сәріден оянған кім? Аминов. Тұқымды әлсін-әлсін тексеріп, әр агрегатты қайта-қайта бақылайтын, дән себілетін алапты жүз тексеріп, мың қарайтын кім? Аминов. Тағы бір мінездері адамның күлкісін келтіреді. Бейне құйрығын тақтай тесіп, дене қимылына зар боп жүрген үй күшіктерше, гимнастика жасауды да қалт жібермейді-ау... Мәмидің өтірік айтқаны емес, бригадалары Қорғалжын ауданында бірінші болып егіс жұмыстарын аяқтап, мақтау алып, даңқ баспалдағына көтерілгендегі жүректі дүрсілдете соқтырған қуаныш Аминов екеуіне ортақ болатын.

Түсінбейді, бала неме. Әйтпесе Жәнібеков жамандық ойлап отырған жоқ. Қаулай өсіп, сыңси шулаған астықты жиып алудың айла-шарқы. Онда да емес әңгіме. Жиюын жияды. Гәп... гәп бәйгінің маңдай алдында қасқайып келуде, осы бір дүбірі жер жарған айхай жарыста шауып озбаған диқан диқан ба...

Рамазан Аминов түнеріп кеткен Мәми Жәнібековке қарап күледі. Бағанадан айтылған сөз, бұлттай түйілген ашу, ерегістей отырыс, бәрі-бәрі далаға кеткені ме. Қылжақтамақ па... Мәми тағы қозғала бергенінде Аминов және жымиды.

- Мәке, баланың сөзін мен емес, сен айтып отырсың. Ашуланбақ түгіл, атып тастасаң да бір комбайнды тура шабуға жібермеймін. – Рамазанның жүзі сұрланып, даусы қатайып барады.

- Көп егін құлатылды. Қалғаны дестеге түсірілді. Қос бүйірден не қысып әкетіп барады. Жұрттан бұрын болу... Жалған атақ па... Тоналған бидайды рәсуа етіп жеткен даңқтың, сөзімді кешір, бұты бір тиын.

Агроном Рамазан Аминов бригадир Мәми Жәнібеков не жауап айтады, сөз жүйесі қалай түйілмек, - мұның біреуіне де қарамастан асығыс адымдаған бойда, есікті қатты серпіп вагонеткадан шығып кетті.

Рамазан жүрегінің қатты соға жөнелгенін сезіп тұрды. Басын шайқайды: көз бояу... даңқ... табандылық. Қарсы маңдайдан шыға келген күн оған қызыл көз болып көрінді. Бәрі менікі болсын дейтін қызғаншақтың қызыл көзі.

- Рамазан.

Жалт қарады.

- Оралбай. – Ол агрономның құбылысына зейін салып жатқан жоқ, бірден гүжілдей жөнелді.

- Рамазан, айтшы, кәні.

- Не?

- Күлмесең... – Оралбай түрік еріндері дүрдиіп, танауы қайқайып, жігіт басымен балаша қипақтайды.



- Мен өзі онша емеспін ғой. Былай ғой. Білмеймін ғой. Дудкин ше. Тоқсан екі тонна бидайды бір күнде бастырды. – Оралбай Рамазан көзінен күлкі ұшқынын көрмеген соң, сөзін жалғады. – Көп пе осы.

Агроном күліп жіберді.

- Сен, өлдім-талдым дегенде отыз төрт тонна бастырдың. Шамаламайсың ба сонымен.

- Ә-ә. – Оралбайдың аузы ашыла берді. – Солайы солай екен ғой. Бірақ қазір рекорд көбейіп кетті. Ну, ничего, комитетке жазу кеш емес, “Спутникке” бізбен де біреу барсын да...

- Барсын, барсын, - деп күлген Рамазан комбайнды шұқылап қарап жатқан жігіттерге беттеді. Ашуы тарқап, арқасы жазылып, көңілі көтеріліп барады. Аспан ашық. Күн қызыл емес, аппақ домалақ шар сияқты...

Бәрі мәз. Дала қосының ұзынша асханасында қалай кружкалар сатыр-сұтыр соғылады.

- Аудандық көшпелі Қызыл ту анау. 500 сом сыйлық та осы бригадада. – Терлеген жүзін орамалмен сүрткіштеп, совхоз директоры тост көтерді.

- Ұмытылмасын бұл күн. Жадында сақта сентябрьдің жиырма бесін. Жеңіс күні есіңде жүрсін, ендеше. Алып қойыңдар...

Жуан біліктер көтеріле берді. Бригадир қарсысындағы агрономға қарап дамылсыз сөйлейді:

- Сонда мені де шайтан түртті екен.

- Кісінің пейілі ме, пейілі әй-и, қомағай да жұтыңқы.

- Менің тіліме көнсең, он жеті, он сегіз центнер түгіл, онға зар болар ма едік, қайтер едік?! Оқығанға дауа жоқ, оқығанға. Ай, оқыған!

* * *
Целиноград. Бейбітшілік көшесі. Гүл алаңда аяқтарын айқастырып тастап екі жігіт отыр. Ораққа қатысқан көптің бірі. Өтіп жатқан қыздар бұлардың кім екенін қайдан білсін. Білсе, танысар ма еді, қайтер еді.

ОН АЛТЫНШЫ НОВЕЛЛА


Абысынды Қуан, Рая қоя бүйірден Ажарды түртіп қалды.

- Бетім-ау, шайтан ба өзі. Жылмаң етіп тағы келді, әне, әне, - деп “ВБ 35 -11” машинаны нұсқады. Далия жайылып жатқан бидайдың етегін қайырып болып, енді тізе бүге берген он алты-он жетілердегі бойжеткен Зүбайра бетінің ұшы ду ете түсті. Әй, осы келіншектер ме.

- Басқаға бұрылмай, бізге тартуын айтам.

- Тападай тал түсте қыз айналдырмақшы, сығыр.

Зүбайра Ажарға ұнамаған суық кескінмен жалт қарады.

- Тасташы, жеңеше.

Кабинадан жалпақ бет, домалақ танау, шашын қысқа ғана қойған сұңғақ жауынгер Абдолла шықты. Тісі ақсиып, шекесін сипай береді:

- Тағы кеп қалдық.

Қуан Күзенбаева басын изейді.

- Оның рас, кеп қапсың.

Ажар Зүбәйраның әлгі сөзін құлағына да қыстырған жоқ.

- Қайным, қай күшіміз тасып барады. Жас болса отызға келді. Мына Зүбайражан екеуің түсіріп тастасаңдаршы.

Осының айтылуы мұң екен, Абдолла тіс жарып, тіл қатпастан ыржиған күйі, әлденеге мәз болып кузовқа секіріп шықты. Зүбайра да күрегін білеп жатыр. Жауынгер жігіт көзінің астымен Зүбайраның ашық, күнге күйіп тотыққан толық балтырына, жұмыс қызумен бір көтеріліп, бір басылып тұрған алма кеудесіне ұрланып қарап қояды. Кузовтағы бидай таусылмаса, түсіре берер еді, қарай берер еді. Оның осы рахаттай күйін қырман меңгерушісі Тұрғали Қылышовтың гүж даусы бөліп кетті.

- Солдат, солдат. Торға түсіп қалма, көзіңе бақ. Біздің қыздар бір уысқа іліккенді, әсте жібермес, - деп кеңк-кеңк күледі. Қып-қызыл болып Зүбайраның ұялғаны, қысылғаннан Абдолланың теріс айналып кеткені бақайынан да келмейді. Таудан тас домалатқандай, айқайлап сөйлейді.

- Қызбен кешке кинода кездесу керек. Машинаның бір минут аялдауы қазір қылмыс. Неге? Машина жүрмесе – комбайн тоқтайды. Комбайн тоқтаса – бидай алынбайды. Бидай алынбаса... Оны айтпай-ақ қояйын, Рая, Қуан. Тиегішке Ажар жалғыз өзі жетеді. Екеуің тұқым тазалауға барасың. Болды. Жөнеліңдер.

Шолақ жарлығын келте қайырып, анадай астық тиеп жатқандарға беттеген қырман меңгерушісі өзіне қарай аңдаған үшеуді көргенде, тамағын кенеп күлді.

- Ой-бай! Тағы тексеріс пе? Шалдың басын шарадай етем десеңдерші!

Бұл үшеу совхоз комсомол прожекторының мүшелері: мұғалім Бәкір, сатушы Адай, кітапханашы Торғын. Сөз саптауларына қарағанда, жалғыз мұнда ғана емес, өзге қырмандарды да тексеріп, көп дүниені түйгенге ұқсайды. Және келген беттеріңде шоферлармен, қырмандағы жұмысшылармен сөйлесіп үлгеріпті.

Мұғалім Бәкір Қылышовтан емтихан алатындай шұқшия қарайды. Қабағын түйген кезінде кісі жасқанар айбын бар жүзінде.

- Төке! – деп шаңқ ете түсті. – Анау екі машина неге түсіріліп жатыр?

Қырман меңгерушісі үлкен адамға келеңсіз көрінетін мінезге көшті, - иығын қиқаң еткізіп:

- Көрмеймісің? – деді.

Торғын біз өкшесін тықылдатып қырманшыға таяп кеп тұрды. Мұздай көздерінің ұзын кірпіктерін бәстескендей-ақ, шаңда бір қағады.

- Төке, көреміз. Көргендіктен айтамыз. Тыңдаңыз, Адай сөйлесін.

Сатушы жігіт оң жұдырығын түйіп алды, даусы жуан, жарықшақ екен:

- Қабылдау пунктіне бардым. Бір деңіз. Мүлде суы шылқыған астықтың өзін жіберетін көрінесіз. Екі деңіз. Әңгіме қырмандағы бидайдан құтылу да емес. Үш деңіз. Төрт тонна жүкті әрлі-берлі тасыған машина шығынын дәп сіздің мойныңызға қойғызады “КП”, Вот. Мұнымен бес, - деді Адай.

Бағанадан бақайына да отырғызбай “осы жаман-жәутік бала-шанаңы сөзі кім” деп сырт беріп тұрған Қылышовтың “шығын” деген кезде жүні жығылып, мойны босап сала берді. Тіс қаққан мұндар емес пе, іштей томырылғанымен, сырт құбылған жоқ.

- Қырманнан кетсе, қауіптен кетті деген келте ой менікі. Брезент болмаса басқа жабар ештеңе жоқ. Жауын құйып кетсе...

Торғын бұл сылтаудың амалы екенін ұққан бойда тағы сөйледі:

- Тұқым тазалауға күштің басымын беруіңіз де дұрыс емес. Алдымен міндеттеме, Отанға берген сертті ойлау керек.

Қырман меңгерушісі кекесінді күлді.

- Қызым, маған мораль оқымақсың ба?

- Бір көргенде туған байламының шолақтығына кейіген Торғын қабағын шытты. Расында да бұл орталық қырманда күндіз-түні жұмыс тоқтамайды. Бәрі сол совхоз міндетіне алған астықты өткізудің қамы. Жоспар орындалды. Кемшілігі, олқылығы бар шығар, айт, көрсет, бірақ Қылышовты бозөкпе деуге кімнің аузы барады. Машиналардың графигі, бидайдың тазалануы, оны жөнелту, рапорт берілер сәті – осылардың бәрін сөз еткен комсомолдық прожектор мүшелері орталарына қырман меңгерушісін алып, гүрілдеп тұрған “ВИМ”-нің артын айнала берді.

Бұл кезде Абдолла машинасы да түсіріліп біткен-ді. Ол әлгі әңгімені тұтас естіді. Тексерушілердікі дұрыс, осыдан екі күн бұрын мұның да апарған бидайын қабылдамай әуреге салған болатын. Абдолла кабина терезесінен қараған кезде, күрегіне сүйенген Зүбайра көздері қиықша тартып күліп тұр екен. Жауынгер жүрегі тулағандай болды.

Машина жолға шықты. Қамысты көлдің бойын қуалай салған “Архангелка” селосының басынан аяғына шыққанға дейін он минуттай жүресің: іргесі көтеріле бастаған жаңа үй, совхоз кеңсесі, мектеп, революция алдында салынып, қазір шөгіп кеткен шіркеу, қаңқылдаған қаз, өрістен қайтқан сиыр, будақ түтін, - осыншаның бәрі шұбатылып көз алдынан өткен кезде жігіт көңілі толқып-толқып кетеді.

Абдолла Орынбор қаласында туып-өскен. Өзі қазақ болғанымен, Қазақстанды көргені осы. Әжесі айтатын жұлдызының оңынан туғаны шығар, биыл Сарыарқаға келіп астық тасыды. Миллиондардың үрейі бомба емес, мыңдардың ырысы бидай тасыды.

Бір алаңқайдан бір алаңқай. Паң қарағай мен сылаң қайың жол бойы жарысып отырады. Абдолла егінін жинап алып, енді таспадай тіліп тастаған көмір қара даласына қарайды. Комбайндар қайтып келеді. Мынау елуді еңсерген қарт тарлан Мұса насыбайын шырт түкіріп, мұртының сапарын басады, “миллионды жыққан батыр біз боламыз” деп күледі, “дәл биыл тың диқанының тұсына аспандағы Айды байласа да артық емес шығар”.

Табиғат өз сыйын ұсынып, тойға шашу шашып жатқан сияқты – теп-теңбіл, сап-сары жапырақ иыққа келіп қонады, көз алдында билегендей болып, ұзақ қалбақтап ұшады. Дөңгелек жапырақ сау-сау түседі, жел соқса-ақ болды, саудырай көтеріліп, діріл қағады.

Абдолланың көзі күлімдеп, тісі ақсияды. Байтақ жатқан апай төс даланы бауырына басып, құшырлана сүйгісі келеді. Ерні күбірлеп, “Айналайын атыңнан, Сарыарқа”, - дейді. Осында қалып қойғысы келеді.

ОН ЖЕТІНШІ НОВЕЛЛА


Бір сағат өтті, - жоқ.

Бір жарым сағат, - жоқ.

Екі сағат өтті...

- Өңкей ақымақ. – деді Федор тістеніп, - Жынданғаннан сау ма өздері? Құдай-ау, не сұмдық бұл?

Жыртық қолтық күпәйкесін астына салып, бір жамбастап жатқан Боранбай Федордың бетіне таңырқай қарады: “сенің де ашуың таусылмайды екен, қашанғы айта беруге болады”, - деп ойлап қояды. Қалтада жүріп, су тиіп, үгілген, бүріскен темекінің біреуін алып тұтатты. Аяқ жағына тастай салған қоңыр қалпаққа қолын созды. Щербаковтың желкесінен тартып:

- Фед... Құрысын бәрі. Істеді ғой бізге, істейік біз де, - деді Федор. “Сонда кімді қиратасың”, - деген дүдәмәл кескінімен ажыраяды. Бетінің түгіне дейін ереуілдеп, ашу буып, көтеріліп бара жатқан сияқты. Боранбайдың оң көзінің алды ақырын жыбыр ете қалды:

- Кетеміз! Комбайнды тастап кетеміз! Қарашы-ей, өздерін! Кімді ит қылғандары! Ойпырм-ай десеңші!

Самал соқты. Тығыз, қатар, бойшаң бидай ақырын ырғалып, бұйра толқын жүгірді. Алысқа, жолға көзі талғанша қарап шаршаған Федор Щербаков егінді өңірге бетін бұрып отыр. Әлгі ашу үстіндегісінен төмендеп, кішірейіп, бар болғаны Боранбайдың емеурініне бас изеуі ғана қалғандай.

- Жаяу кетеміз бе?

- Тоқтай тұр, - деп Боранбай қара сөмкенің ішінен көк шүберекке оралған түйіншекті суыра бастады. – Тоқтай тұр. Алдымен жүрек жалғайық та.

Жарты бөлке нан, шет-шеті қарайып кетіпті, қашаннан жүрсе керек, екі сарымсақ, бір бөтелке ақ арақ шықты. Бағанадан өзі жатқан күпәйкесінің үстіне Боранбай нанды төрт опырып, сарымсақты қабыршақтап тастай салды. Аузы ашылып кеткен Федорға күледі.

Қоярда қоймай Қатираның салғаны. “Шаршап жүрсің, діңкелеп жүрсің. Бөліп іш жігіттермен” деген. Танауыңнан шаншылғанда, соған мұрсат бар ма өзі. Енді...

Федор сөзін аяқтатқан жоқ.

- Ішеміз.

Боранбай қалайы күрішкені толтыра құйған арақты алдымен Федорға ұсынды.

- Алып қой.

- Не үшін?

- Машиналардың дамылсыз келуі үшін, комбайндарымыздың тоқтамауы үшін.

- Тағы.


  • Әйелдеріміздің ұл табуы үшін.

Бір бөтелке арақты бөліп ішіп, екеуі нанға сарымсақ қосып, асап отыр. Федор үнемі тастамай киіп жүретін, қазақы, торғайлық тоқыма тақиясын шешіп апты, тез келіп, тез қайтып тұрған бетінің ұшындағы қызылы, көзіндегі әнтек ұшқын ыза табының ізін де қалдырмаған. Боранбай аузына нанды апара берген бойда:

- Машина! Директордың “Бобигі” ғой мынау, - деп дауыстап жіберді.

- Келетін уақытын білген екен, - деді Федор.

- Қорқамысың?

- Жоға, тәйірі. Күткеніміз осы емес пе? – деген Федор совхоз директоры Жақан Ақаев машинадан түсіп, дәл қасына таяп келгенше, басын көтеріп, аяғын жиған жоқ.

Директордың сақал-мұрты өсіп кетіпті, қоңырқай жүзі әбден тотығып, келбетін қазақтан гөрі кавказ әулетіне ұқсатады. Қаңқиып тұрған екі комбайнға бір, теңкиіп жатқан бөтелкеге және бір қарап, шүңет, қызғылт сәулелі көзін алдымен қол беріп амандасқан Боранбай Көпірбаевтың көзіне қадады.

- М... да. Құйрықтарына көпшік қойып, арқаларынан қаққан озаттардың сыйқын. Сендердің резиналарың үзілген шығар...

- Түгіміз де үзілген жоқ, - деп Федор мен Боранбай қатар жауап берді.

- Сонда... арақ ішуге тоқтағандарың ғой. – Ақаевтың даусы қатты шықты. - Довольно смешно.

Щербаковтың жүрегі жиірек соққандай болды. Бұл қай әкіреңдеуі. Бастық болса, шын директор болса, екі сағат бойы машина келмей комбайн тоқтағанда қайда жүрген. Сонда қайда қалған. Енді шіренуін өзінің.

- Әй, Жақан Васильевич, - деді күйіп кеткен Федор. – Дәл бүгінге дейін қырық гектардан кем бидай жидық па. Сонда бізді ешкім зорлаған жоқ. Өз еркіміз, өз ынтамыз. Текке тоқтап бүгін қай албасты басады. Транспорт тоқтағалы, міне, бақандай екі сағат.

Директор осының алдында ғана мына комбайндарды қамтитын шоферларға жолыққан-ды. “Машина сынып, аз бөгелдік” деген, бірақ екі сағат келмей кеткендерін айтпап еді. Қара енді, аспан ашық, күн тынықта босқа тұрған түрлерін. Жас шофер Нәркестің ботинкасының басына қарай беруі жаман еді, сірә, сыр жасырғандары рас болды ғой.

Өзіне таяп тұрған Федор Щербаковтың аузынан арақтың иісі мүңкіп қоя берді. Комбайндардың жүрмегеніне іші күйіп, арқасы құрыстаған директордың ашуын осы бір иіс тұтатып жібергендей болды.

- Машина келеді. Әне, келе жатыр, - деді Жағапар. Қалың қабағынан қар жауардай, көзі оқтай атылып тұр. – Біреуді екеу, екеуді төртеу қыла алмай жүргенде, анау не? – деді. Директор анадай жатқан бөтелкені нұсқады. – Орақ үстінде, жұмыс мезгілінде арақ ішкендерің үшін сөгіс аласыңдар.

Осы сәт Жақан Ақаевтың оң жақ шекесіндегі тамыры көгеріп, білініп еді. Күндіз-түні жүріс, бір қиюы келсе, бір қиюы келмей жатқан мол жұмыс, егін жинаудың бас қаңғыртар қарбаласы кезіндегі екі жігіт мінезі директордың сыпайыгершілік, жұмсақтық сатысынан аттап түсіп, қатал, шолақ байлау түюіне себепші болды.

Боранбай Көпірбаев кінәсін мойындаған, айыпты кескінмен асығып күпәйкесін кие бастады. Шарт кеткен Федор Щербаков:

- Сөгіс... Қазір неге шығарып жібермейсіңдер. Қорқыта ма, о несі.

Директор сазарып алды.

- Щербаков!

- Жоқ! Бітті! – деді Федор. – Бүгін машина тосқан ызам жетеді. Әне комбайн, сақылдар жүріп тұр. Ал, қабылда. Мүмкін директор жолдас өзі жүргізер... – Федор кекесінмен күлді. – Кеңседе отырып, қағаз шимайлағаннан басқа не білесіңдер, сендер.

Бағанағы тентек су еліртті ме, тегі, мінезі қызба ма, - Щербаков екі оралымға келместен, директорға бақырайып қарады да, теріс айналып жүре берді.

- Тағы айтам. Жүргізші, кәне. Қолыңнан келер ме екен.

Боранбай Көпірбаев көз алдындағы оқиғаға таңырқайды. Щербаков расымен-ақ кетіп барады. Директордың түсі бұзылып, машинасының есігін тарс еткізіп жауып, комбайнға беттеді.

Жақан Ақаевтың мамандығы механик. 1954 жылы, 18 жасар жігіт орта мектепті бітірген бойда трактор руліне отырып, Октябрь ауданы “Шолақсай” совхозында тың көтерген. Одан Петропавлскінің техникумы, қатардағы механик, “Дәмді” совхозының бас инженері, - Жақанның еңбек жолын Боранбай біледі, Федор білмейді. Щербаков ұғымында Ақаев қалтасында көк дипломы бар, боз өкпе, әсте тракторға, комбайнға жолап көрмеген ақ саусақ, оған қоса ақыл тісі шықпаған бала директор. Осы жолы бір тақырға отырғызайын деген.

Әудем жерге жетіп қалған Щербаков артына жалт қарады: екі комбайн қоса қозғалды. Ойпырмай, расымен-ақ жүргізгені ғой. Тоқтамай барады. Ал, Федор қиқалақта. Аузына қақпақ қоймай несі бар еді, деймін-ау. Директор ашуы қатты, құрыдың енді. Ертең жұмыстан шығасың, әйеліне не бетін айтпақ.

Арт жақтан директор жүргізіп бара жатқан өз комбайнының таныс даусы келеді. Алда ирелеңдеген ұзақ жол. Аяғын қалай басатынын білмей Щербаков тұр. Қиналды жігіт.

Щербаковтың комбайнын түннің бір уағына дейін жүргізген Ақаев қайтар жолда көп нәрсені ойлап келе жатты. Қат-қабат, иіндесе келген мол толқын. Әсіресе қаусырып, табандата тартатын директор келбеті деген түйткілдің тұсы. Сан-сала шаруашылық, оны басқару, өністі, өсімтал перспективаны күні бұрын көріп, бағыттауды айтпағанда, талай мінез, қилы тағдырмен бетпе-бет қауыштыратын жұмыс бабы – мол салмақ. Түс шайысу, “осың қалай” деп келетін жұмсақ алақан емес, нар тәуекел, тіпті тізеге басар шақтар бар.

Үйінің іші жатып қапты. Жақан бақайының ұшымен мысықша басып жүріп, тамағын ішті де, басын қолымен шеңгелдеп қысып, бірталай уақыт отырып қалды. Кішкентай ұлы тәтті ұйқы құшағында маужырайды. Қабырға сағат түн тұнығын селк-селк оятады.

Жақан ілулі тұрған костюмінің қалтасынан ұйпаланған блокнотын алды. Бірде сия, бірде қарындашпен жазылған көп шимайды өзі де әрең таниды. Анда-санда “аха” деп қояды. Қайратты қою қара шашы тікірейіп, алынбаған сақал-мұрты ереуілдейді. Түн ауып барады, астық орған комбайншы да, бидай тасыған шофер да, тамақ пісірген аспаз да түп-түгел ұйықтап жатыр, ояу отырған директор ғана.

Таңертең кеңсеге келген бойда Жақан парткомның кабинетін ашты. Хатшы жазып отырған қағазынан басын қалт жұлып алды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет