- Осынша шу көтермесек те болатын еді ғой, - деп бригадирге басын шайқады да, жөніне кетті. Жоғарыда тас қалап жатқан бір топ қыз айқайлап қоя берді.
- Сенікі дұрыс, Игнас. Қолмен істеген қандай, машинамен істеген қандай. Бос шу дейді-ау анау.
Әсіресе Айтжамал Нілдібекованың даусы көтеріңкі шықты. Ол құрылысқа алғаш келгендегідей емес, тотығып, қолдары әлеуеттеніп, сүйектеніп қалған. Тас қалаушы мамандығына жетіліп келеді. Бірақ баяғы сөйлеуік қалпы сөйлеуік.
Биік қабырғаның соңғы кірпіштері қаланып жатыр.
- Әй, Мария, - деді Айтжамал звеношыға ерекше нұрлы, қиялға толы әдемі көздерін қадап:
- Анау ақмамыр, орамал бұлттар маңыған аспанға қарашы. Аспан қандай тамаша. Күндіз-түні толассыз гүрілдеген домна не деген керемет. Өзіміздің “Аглостройды” алшы. Алып апандар, заңғар қабырғалар, алып машиналар. Ал биыл құрылыс аяқталған кезде домна пештерінің өнімділігі бір жарым есе артады екен. Сонда біздің де еңбегіміз бар. Неткен мақтаныш. Әй, Мәрия. Мен іздеген романтика осы ғой.
Үйлі-баранды Мәрия іштей толғанғанымен, мынадай ағыл-тегіл кетуді білмейді. Сондықтан бастапқыда Айтжамал қылықтарын балалыққа теліп жүретін. Құрылыс қиындығын көрген соң, сейілдер деп түйіп еді. Олай емес, жас қыздың үдей түскен, алып ұшқан қалпы бар. Ендеше, шын сезім ғой ол.
- Рас, рас, - дей берді Мәрия. Оның сөзін төменнен:
- Қыздар, жиналысты кейін ашамыз, түсіңдер. Ана қабырғаны бүгін бітіру керек, - деген бригадирдің әмірлі даусы бұзып кетті.
ЖЕТІНШІ НОВЕЛЛА
Болат бүгін үйден ерте шықты. Смена басталуға әлі табандатқан үш сағат бар. Демалайын деді де, Құрылысшылар проспектісіне таяу жердегі баққа келіп отырды. Айтса айтқандай-ақ екен ғой, - деп ойлады ол. – Теміртау соңғы жылдары тіпті бойлап өсіп, сәулетті сән түзеген. Артық-ауыс, орынсыз әшекейленбеген. Ыңғайлы, бүгінгіге сай архитектура бірден көзге шалынады. Үлкен, ежелгі қаланың қалпын көрсетеді. Бірақ олардағы шуыл, ығы-жығылық жоқ.
Бір жолдасының: “Алматы студенттер мен пенсионерлердің қаласы”, - деген сөзі есіне түсіп, Болат күліп қойды. Ал, Теміртау еңбекшіл жұмысшы жастар қаласы ғой. Әлгінде сатып алған газетін енді оқи беріп еді:
- Ағай, “Аглострой” құрылысы қайақта? – деген қазақ жігітінің сұрауы зейінін бөліп жіберді. Қолында чемоданы бар, жүзі тотыққан жігіт екен. Сірә, оңтүстіктен келсе керек, сөз аңғары соны айтады. Болат дереу жөн сілтеді. Бірақ ана жігіттің кеткісі келмегендей айналсоқтай берді.
- Мені жұмысқа алар ма екен. Шофер едім. Балташылығм бар.
- Керегі де сол оларға.
- Ой, рахмет.
Оңтүстік жігіті жөнді жауабын алған соң, “Аглостройға” қарай ширақ басып жүріп кетті.
Әлгі он сегіздер шамасындағы, мұрты жаңа тебіндей бастаған бозбаланың сонау алыстан осында келгенінің себебі не. Болат кенет жымиды. – Мен де алысқа қол бұлғап шақыратын жастық жалын, албырт жүрек өміріне таң қалатын болғаным ба. Өткенін еске алып, ақ пен қарасын екшеу, бүгінгісін бажайлап бағалау, ертеңіне жіті көз салу – Болаттың жақсы бір әдеті еді. Осы жолы да өзіне-өзі есеп бергендей тағы да ойға түсіп кетті.
- Не керек, сонау алысқа қаңғып?!
- Нан тауып жесе болды емес пе.
Бұл сөздер Болатқа зәрдей тиіп, қарып түсіп жатты. Мұны айтқан жегжат, көрші-қолаңның кемпір-шалы, ақыл салар ағайын дейтіндер. Анасы Мақпуза қинала ойланып, ауыр толғанып, ел аузын бағып көп-көп үнсіз отырды.
- Ағайын, ақылыңа рахмет. Қазіргі уақытта аштан жүдеп, көштен қалып жатқан ешкім де жоқ. Болатым болат балқытушы болам десе бірдеңені біліп айтқан шығар. Бір жыл темір жонды, бір жыл кен қазды. Жиылыс өтсе Кәрімнің Болаты деген жақсы ат әркімнің аузында. Енді заман ағымына қарай көшіп отырған шығар ұлым. Әйтпесе әкесі марқұм жиырма жыл жер астында жүргенде жанын далаға тастай алмады, әлде жеңіл-желпі бірдеңе іліндірмеді дейсіңдер ме. Қиынға барып, ердің ерлігін көрсетті де, тағы айтам, балам қателесіп отырған жоқ. Бетінен қақпаймын. Барсын, - деген Мақпуза көзіне жастың қалай келгенін өзі де аңдамай қалды.
Бағанадан асыл бір затын келеңсіз топтың талқысына салдың деп шешесіне бұртиып отырған Болаттың мына лебізді естігенде, жүзі жайнап қоя берді.
- Ақылды ғой менің шешем, Магнитогорскіден жақсы келін ала келем, - деп қойды Болат. Мына тентек шын айтар дегендей кәрілер жағы алая бір қарады.
- Рас, апа. Алты ай ғана. Содан кейін Теміртауға көшеміз.
Кешікпей Болат Кәрімов Қарағанды шахтасындағы жұмысынан шығып, комсомолдық жолдамамен Магнитогорскіге оқуға аттанып кеткен. Қазақстанның байтақ өлкесінен не сан албырт жүректер шыққан жолға. Ылғи бір жайсаң, саңылақтар еді. Қызу қан алып ұшқан шақта мазасыз жастыққа жарасымды, орайлас келген үлкен мақсатпен арман ағысында шалқи бір жүзген жастар ортасы думанды болатын. Құштарлықпен кірісіп, мамандықты тез игеріп алды. Бәрі де он жылдықты бітірген жігіттер болғандықтан, оқу оларға қиынға түскен жоқ. Болат Магнитогорскіден келген күні шешесі:
- Әй, ескілік-ай. Баламның ақ жолынан тайдыра жаздапты ғой. Оқыған жері жаққан білем. Ұлым тіпті соқтауылдай болып кетіпті. Бірақ келін әкелмегені несі, - деп сәл ренжіп қойды.
Қай-қайдағы ойлар мазалап, заводқа қалай жеткенін Болаттың өзі де аңдамай қалыпты. Енді сейілгендей. Домна пештері екі иығынан демін алып, кең тыныстап тұр. Сменаға келушілер ығы-жығы. Болат киімін тез ауыстырды да, өзі істейтін бірінші домна пешіне дереу көтерілді. Басқару пунктінде газдаушы Төлеубек Хамзин, смена бастығы Николай Веремеенко, өзімен істес жігіттер жиналып қалған екен.
Жұмыстың жайын айтқан соң, әрқайсысы өзді-өзінің орындарына кетті. Болат домна пешінің дәл шойын ағызар аузына келіп тұрды. Ол аса жауапты да ауыр жұмыс. Арнаулы операцияларды былай қойғанның өзінде, бір сәт толастамайтын домна пешінің жалынының өзі жөпшеңгі адамды шыдатпайды. Бет шарпып, лебімен күйдіретін ыстығы қандай. Бұл жұмыстарды кейбір алпамсадай атпал азаматтардың өзі атқара алмайды.
- Ал, жігіт, көрсет қайратты.
Дәл осы сөздер дөп келгендей болды. Мерзімі жетіп, әбден балқыған шойын ағытылып, арнамен заулап, арнаулы қазандарға қарай ақтарыла жөнелді. Биікке көтерілген шойын алауы анадайда тұрған Болаттың бар тұлғасын қып-қызыл етіп көрсетеді. Беті күреңітіп, маңдайынан моншақтап тер ағып қоя берді.
Түннің бір уағында, металлургтар қаласы ұйқыға кеткенде жұмыстан енді қайтқан Болаттың бойы сергек, жаны бір түрлі көңілді еді. Борышын өтеген, арманын орындаған адамдарда болатын қуаныш бар. Оған, тіпті электр шамдары, аспандағы жымыңдаған жұлдыздар қазіргі сәтте өзі балқытқан шойынның ұшқынындай боп көрінеді. Үйіне жақсы бір қалыпта оралды.
- Қарағым-ай, қашанғы кәрі анаңды мазалай бересің. Өзі тұрып есік ашатын келін түсірген уақыт жетті емес пе, - деп, шешесі тағы да бір ескі базынасын айтып жатыр.
- Таяуда, - деп күлді ұлы.
Осы сәт Болаттың көз алдына құрылысшы Маржан келді.
СЕГІЗІНШІ НОВЕЛЛА
Ертіс зіл қайғымен түнерген адамша күрсініп ағып жатыр. Суық түсті, жұмыр толқындары қорғасындай ауыр. Анда-санда іші пысып, ашуы ұстап кеткендей, жағаны бір теуіп қалады. Ернін жалап, тілін тістеп шөлдеп қаталап жатқан жалпақ далаға көз қырын да тастамайды.
Қылаң атты құйғыта шауып келіп, кілт тоқтады. Алып ұшқан тұлпарының ауыздығын шірене тартып тұр. Жігіт әнге басты.
Ертістің ар жағында көрдім сені,
Қайық қылып сырғаңды өткіз мені...
Осынау жүректі елжіретер назды әуез қанатымен тау толқындарды сызып өтіп, шалқи әуендеп, арғы жағағ жетті.
Қыз да қиылады, тал шыбықтай майысады. Бірақ жігіттің арман буған кеудесіне, лапылдаған асық көңіліне бұл аз, ғашығын жұмыр білектен ұстап, ақ тамақтан өпкісі келеді.
... Қайық қылып сырғаңды өткізбесең,
Ханның қызы болсаң да көрмен сені.
Енді ән осылай шалқиды. Жігіт назы ма. Сеніскен берік көңілдер ғана айтатын сөз ғой мынау. Ер, өр жігіт кеудесі және бар. Қыз көйлегі көлең етті.
Қара өзен өзімен-өзі сөйлесіп жатыр. “Мен тұлмын. Жесірдей жалғызбын. Бауырым тастай суық. Шыққыр көзім сендердің қауышқандарыңды көрмесін”. Сол-ақ екен толқындар езуі көпіріп, жалдары үдірейіп шыға келді. Жылмыс, өткел бермес, қатал кейіп. Ар жақта үкідей ұшып қыз жүр. Қабағы қарс жабылып, тықыршып жігіт тұр. Тастай түйліккен Ертістің олармен ісі жоқ...
- Кешегі бір замандарда сөйткен тентек еді ғой бұл, - деп балташы Ермағанбет Қожахметов бағанадан айтып келе жатқан әңгімесін түйіп тастады.
- Ақ Жайық, Ақ Еділ. Мынаның аты Қара Ертіс. Сол тас бауыр қаталдығынан тағылған айдар, - деп және сөз қосты.
Атағы жер жарып, дыбысы алысқа кетіп жатқан Ертіс – Қарағанды каналының ұлы арнасы, Ермақ қаласынан 5 шақырым жердегі осы Ақсудан басталады. Мынау қырықтың жуан ішіндегі жұқалтаң, ақшыл маңдайлы, сырт көщге елеусіздеу көрінгенімен, іштей ұстамды адам участок бастығы Николай Васильевич Лисин. Қазақ қарттың аузынан естіген жаңағы сөздер оның көз алдына іркес-тіркес шұбатылған көп сурет әкелді. Жанды сурет. Лисин бетіндегі ұсақ әжімдеріне шейін күліп:
- Қазір момқан, монтаны деңіз, - деп Ермағанбет бұдан да асырып айтты.
- ГРЭС қылбұрау салып жатыр. Құлағын кескен тайдай мүләйім Ертіс болды ғой. Біз танауын тесіп, ноқталап, тайлақтай жетелеп, Арқа төсіне дедектете бұрамыз.
Лисинге Ермағанбеттің суырып салмалығы, төкпе айтқыштығы ұнайды. Орыс адамы болғандықтан ба, әйтеуір, әлгі сөздер өте бейнелі көрінді. Өзен... тайлақ. Қандай уластыру...
Жасаң кезінде, көңілдің алаң-бұлаңы басылмаған желкем жексенбі күндерінде Лисин де күнделік жазатын. Кейін оған қол да тиді ме. Тіпті соның қажеті бар ма деп те ойлаған. Сөйтіп мүлде қойып кеткен. Бұқтырма ГЭС-і салынып бітісімен, Лисин осында тартты. Ғасырлар бойы жалына қол тигізбей, сауырын да сипатпай жатқан байтақ өзенді ауыздықтап бұрады екен. Оны жасайтындар мынау қасында жүрген Қожахметов, Ерофеевтер. Реті келгенде қойын дәптерге түрте жүрсе кейін кәдеге де асар, кім білсін. Тым болмаса “Атамның көк дәптері” деп немерем оқып жүрмей ме. Жазған дұрыс. Мынау сол дәптердің кей беттері.
Февраль. Бораннан кейінгі қарлы дала жып-жылмағай. Күн көзі шығырмақ. Сірә, Антрактидада осы секілдес шығар. Төрт вагонда сегізбіз. Жаңа ғана кірпіш түсіріп келдік. Болашақ канал қазушылардың алғашқы қадамы осылай басталды дегенге өзің де сенбейсің. Николай Ерофеев қабылдағыш құлағын бүрағыштап, классикалық музыкадан бірдеңе ілігер ме деп отыр. Ауа саф. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш.
Март. Суық зәрі сынды. Дала көрпесі сетіней бастады. Қазір 16 вагонымыз бар. Алты құрастырмалы үй дайын, халық көбейіп келеді. Әуелде түксиген қабағына қарап: “Әй, осы сен жарытпассың”, - деп ойлауым бекершілік екен. Теміржан Ботбаев нағыз жұмысжанды, көңілдінің өзі болып шықты.
Апрель. Ертіс бір-ақ күнде астан-кестен болды да кетті. Сең қозғалды. Гүр-гүр еткен сарын екі-үш күнге дейін талмай естіліп тұрды. Құрылысшылар қалашығы сағат санап өсіп келеді.
Май. Қалқаман станциясына жер қазғыш алып машина “ЗФМ” жеткізілді. Жігіттер қолдарын уқалап, тықыршиды.
- Күн тусын. Білекті түріп тастап қара жер қыртысын айырмасақ па, - деп жалаң-жалаң етеді. Әсіресе жастар қылшылдап тұр.
Июнь. Канал құрылысы екі жерден екі уақытта басталды. “ЗФМ” – 2 машинасы Қалқаманда сынақтан өтіп жатыр. Кеше ғана алақанға сыйып кететін кіп-кішкентай станция қауырт өсіп барады. Арыстан Байболовтың екі езуі екі құлағында. Қалыңдығына “Трасса бойындағы тазалау жұмыстарым сенің туған күніңе сыйлық болсын”, - деп жазған көрінеді. Жігіттер жатып күлді. Аузына басқа сөз түспегендей, онысы несі. Ғашықтық-ай. Шал болғанымыз ба, қызыға қараймыз.
Июль, август. Тау-тау топырақ. Канал арнасының алғашқы километрлері қазылды. Неғылған керемет техника. Жастар жаңа машинаны асықтай үйіреді. Бала-шағалары да бар. Тезірек үй беруді қарастыру қажет.
Сентябрь. Шофер Борис Матвеевтің сол күнгі биде электрик Любовь Одарюшконың төңірегінен айналсоқтап шықпай қою себебін енді білдік. Махаббат.
Бір қазақ әйелі ұлының атын Каналбай қойыпты. Қызық дәстүр.
Октябрь, ноябрь. Бұлттар, бұлттар. Өңір сұр тартып, суық түсті. Мазасыз, мезгілсіз жаңбыр. Павел Дьяков бригадасы адымдағыш экскаваторды құрастырып бітті. Ақсу өсіп келеді.
Декабрь. Ертең Жаңа жыл. Жыл аяғының дірілі. Қазіргі тірлік қамы каналмен сабақтас. Жеңіс сонымен өлшенеді. Жыл жоспары орындалды, 685 мың сом жұмсалды. Алда қанша істер күтіп тұр.
Көк дәптерде жазу көп.
Лисин Ермағанбет айтқан әңгімені де дәптеріне түсіруді ойлап келе жатыр.
- Николай Васильевич, сәлеметсіз бе?! – Лисин жалт қарады. Прораб екен. Жүзі тотыққан, сақал, мұртын алуға да мұршасы жоқ. Олар насос станциясының алып шұңқырын қазып жатыр. Биылғы жұмыс қауырт. Прораб сөзін жүре айтып, тез кетті.
Қожахметов пен Лисин айналаға қарайды. Болашақ канал арнасында нағыз тамылжыған көктем. Ермағанбет тақпақтап, желдіртіп сөйлеп келеді.
Жер сүйегі жасарып, жапырақпен жайнап кеткен. Күллі өңір жаңа толқыған алашадай-ау, алашадай. Мамық бұғақ, құс төс бұлттар еркелене маңады. Аспан жуылған тегештей. Тас екеш тастың да маңдайы жіпсіп бусанады. Суық ызғар құшағынан сытылып шығып шуақ сәулемен балқығандай. Жауқазын гүл көзін ашып нұрға, жарыққа ернін тосады. Жеңіл қанат қарлығаш ауаны ақырын сызып өтті.
Жағада екеу тұр. Бірі участок бастығы – Лисин, екіншісі – балташы Қожахметов.
- Ертіс – байлық.
- Ертіс – ырыс.
- Рас.
Ертіс суы шалқып толқып, жұмсақ ағып жатыр. Сылқ-сылқ күлгендей. Ризалық кейпі бар. Шағала төсі жарқ етіп, аспанға қайқаң етіп көтерілді. Көңіл шағаласы одан да ұшқыр.
ТОҒЫЗЫНШЫ НОВЕЛЛА
- Мәссаған, біз күйбеңмен бүгжеңдеп жүргенде, кісілер келіп қалыпты ғой, - деді Нәмен үстелге гүл шоғын қоя беріп.
Жаулығын ежелгі әдетімен бір қозғаған кәрі ана Бәтиха салбыраңқы қабақтарын көтеріп, келінінің әлгі сөзінен соң, орындықтан тұрып, көгілдір перделі терезеге қарады. Ана көзі осы үйге беттеп келе жатқан бір топ адамға түсті. Бәтиха қашан болсын орақ ауыз, от тілді.
- О, жыбырлап қалғыр-ай. Дайындалғандарыңа бір жұма болды. Әлі әбігер бітсейші.
- Гүлсім-ау, Қаратай ағаң қайда? Қонақтарын қарсы алмай ма? – дес есігі ашық тұрған бөлмедегі қызына дауыстады.
- Біз дайынбыз, - деп сол бөлмеден Қаратайдың өзі де шыға келді. Нәмен қайнысының ажарын тамашалап, іштей мақтаныш тұтады. Иықты келген, орта бойлы Қаратай расында сымбатты. Көмірдей қара, қайратты шашы, ақылға біткендей жазық маңдайы, қыр мұрыны, әдемі ерні, бәрінен де салғырттығы жоқ қаршыға көздері және өз бағасын білетін адамдарда болатын салқын бір салмақ, жақсы келбет, нәрлі жастық бейнесін танытады.
- Сәлеметсіздер ме. Есенсіздер ме, - десіп, бір топ жас сау етіп, кіріп келді. Олар бірден төрге бас қоймай, босаға жақта сәл іркіліп, айналшықтап тұрып қалды. Осыны Бәтиха ұнатпай:
- Басқанікі басқа. Әй, Төлепбердінің Жәшеңі, сенікі не. Иіліп төсек, жазылып жастық бол дейсің бе. Өз үйің емес пе, өзің билеп, өзің төстеп, достарыңды бастамайсың ба, түге, - деп қағілез жігітке дүрсе қоя беріп еді.
Мына жігіттердің бәрі де бұл семьяның ескі танысы, Қаратаймен бірге істейтін кеншілер. Анау көккөз қара Оразалы осылардың ішіндегі үлкені.
Басқа жігіттер Қаратаймен құрбы-құрдас. Әсіресе балғын денелі, биік бойлы, Василий Власюкті шешей ұнатады. Вася келіп кеткен соң кейде Бәтиха жастығының астынан үнді шайы да шығып қалады.
- Осы сармантайым азамат, кісінің қас-қабағына қарайды. Қай қыздың бақыты ашылып тұр екен, - дер еді сонда.
Қазір үлкен бөлмеде қаздай тізіліп отырған жастардың бәрі көз таныс, анау иығы ашық, қара көйлекті қыздың оң жағындағы үлкен мұрынды ақ сұр, жауырынды жігіт Иманбай, су-су етіп сөйлемесе Есіркегеннің көңілі көнши ме; терезеге қарап отырған Лашынтай бүгін неге көңілсіз, анадағы ұзын бойлы қыз жоқ екен ғой...
Шампан шарабы тарс етіп ашылды. Жәшен Төлебердиев жүзі бал-бұл жайнап, орнынан түрегелгенде, достары оның аузына қарап қалған. Осындай отырыс, той-томалақта Жәшеннің алдына әзір ешкім шыққан жоқ.
- Дос бір қуаныш, бір қайғыда, - деп бастады Жәшен.
- Бүгін біз Қаратайды алақанымызға салып аялаймыз да, төбемізге көтеріп құрметтейміз де. “Отызында орда бұзбасаң, қырқында қыр аспасаң”, дейді қазақ. Жиырманың үшеуіндегі Қаратай коммунистік еңбектің екпіндісі, биыл техникум бітіргелі отыр. Ертең ол Социалистік Еңбек Ері де болар. Мына қаумалаған топтан, ата-анадан, аға-жеңгеден, дос-жараннан бірінші тосты ердің даңқын елге жаяр еңбек етуі үшін алуды ұсынам, - деді.
- “Орамал тон болмайды, жол болады”. Енді біздің бригаданың Қаратайға әкелген сыйлығын ұсынайық, - деп Жәшен жігіттерге белгі берді.
Заттарды әкеле бастады.
- Мынау – диван. Жұмыстан келгенде тынығуы үшін. Мынау – баян күй-жыр үшін. Мынау – радиола. Мынау – Бальзак. Миға ми қосу үшін... Екібастұздың кеншісі осал болмауы керек.
Төрде қасқиып отырған Бәтиханың шыдамы таусылса керек, орындығын бір шықыр еткізіп, даусын кенеп:
- Ой, шырақтарым-ау, бұларың не өзі. Баяғының болысына ат мінгізіп, шапан жабушы еді, сендердің мыналарыңа жол болсын. Сонша дүниемен бастырып тастайтындай Қаратай кім еді, - деп қайран қалды.
Ас ішіп алған соң жастар биге басты да, үлкендер өз бөлмелеріне беттеді. Ыдыс-аяқты ас үйге апарып, жуып жатқан Нәменнің үстіне Алма кіріп келді. Әр кез беті үлбіреп, көздері іш тартып тұратын қалпы. Ол қалалық ауруханада істейді. Қаратаймен танысқанына екі жылдың жүзі болды.
Нәмен екеуі әңгімелесіп тұрғанда, есіктен Бәтиха бір сығалап кетті.
- Мынау қыз менен басқаның іші-бауырына кіріп алды-ау, осы. Сұлу десең сұлу, жүзіктің көзінен өткендей, мінез десең мінез, - деді. Бұрынғыдай емес, кәрі көңілдің тоңы жібіп, осы бір қызды іштей ұнатып бара жатқанын Бәтиха өзі де аңдамай қалған секілді.
Алма мен Нәмен келгенде Жәшеннің:
- Қыздар вальсі, қыздар вальсі, - деген даусы естілді. Алма Қаратайдың қасына барды, галстугін түзетті, көзіне қарады.
Мың тыңдасаң да тоймайтын штраустың “Дунай толқындары” сызылады. Алма Қаратайдың қайратты жүзіне сүйсіне қарайды. Ақ білегі жігіт иығында. Қиял құсы шығандап, біресе шулап аққан өзен елестейді, біресе қайыққа тербелгендей болады.
Таң келеді ағарып атып. Сөніп бара жатқан жұлдыздар бірауық бояуы оңған ескі түйме болып, бірауық күл арасындағы көмескі шоқ болып көрінеді. Биік үйлер енді қарауытпайды, төңірек айқын. Салқын жел Қаратайдың шашын сипап қана кетті.
ОНЫНШЫ НОВЕЛЛА
Аспан бұлтты екен. Суық жел азынай соғып тұр. Тельман жалаңбас шыққанын өкініш тұтты. Мөлдір қара шаштары дудырай толқып, адымдай басып келе жатыр. Жұмыстың ең қызу жері – блок-насос станциясы объектісін ол көрмегелі аптадан асқан. Қолы боста аралап көріп кететін әдетіне басып, солай қарай бұрылды.
- ГРЭС-тің бірінші кербезіне сәлем. Тереңдігі он метрден астам қазаншұңқыр табанында тұрған мастер Юрий Сокольский Тельманмен айқайлап амандасты.
Ол үйлі-баранды жігіт, сөйтсе де өндірдей жас Тельманмен ырғасқанды жақсы көріп тұрады, құрдасынша ойнайды. Жар басында қалқиып тұрған жігітке тағы дауыстады.
Тельман қазу жұмыстарындағы жаңа бір өзгерістерге мазасызданып жүрген. Бұрын экскаватор машинистері Нұржан Бурабаев, Мақсұт Нәдірқановтар алып машиналарын дамылсыз гүрілдетіп, шыңырау түбінен үнемі балшық шығарып жатушы еді. Енді олардың орнында су мамандары. Өздері әбігер. Жүкшілерде де күйбең.
Төмен түсіп бара жатқан Тельман осының себебін ойлайды. “Не болды екен, ә”. Шұңқыр әлі дайын емес. Юрий Сокольскийдің танауы қызарып кетіпті. Бетінен боздағы шыға тоңған. Тельман бір мырс етіп:
- Не болған өзіңе. Жауын астындағы тауықша бүрісіп, - деді. Юрий Тельманның бас-аяғын, киімін түгел шолып, тесіле қарап алды, содан кейін барып:
- Сендер де құрылысшымын дейсіңдер, ә. Күніне Ертіс суына бес-он тас саласыңдар. Сол да жұмыс болып па, тәйірі, - деп дүрсе қоя берді.
- Жөн-ау, экскаватормен жер қазғанға мақтанғанды сенен көрдім.
- Жақсы. Аз күн күт. Тұрбаны орнатайық. Сенімен сонда сөйлесем. Оған нені қарсы қояр екенсің. Ол тұрба дүние жүзінде жоқ.
- Біз Ертіс суын бұрмасақ, сенің тұрба-мұрбаңның құны бес-ақ тиын. – Тельман зілдей қолдарымен Юрийдің иығына қағып-қағып қалды.
- Мынау біздің бригадирді сөзбен бір тұсап еді, енді боксерлігін көрсетіп тағы ықтырып алмақ, - деп маңайда тұрған жұмысшылар тұтас күліп жатыр.
- Ойын өз алдына, - деп Юрий Сокольский жөнге көшіп, түсіндіре бастады. – Құртқанда мынаның астынан су шығып кетті. Не істеу керек. Әбден дал болдық. Енді мамандар келіп деңгейін төмендетіп жатыр.
Тельман құрылысы алаңындағы өзгерістің бәрін енді ғана түсіне бастады. Беттерінен қайтпай, қажырмен еңбектеніп жатқан жігіттерге іштей риза.
- Юрий Яковлевич, расында темір-бетоннан салып жұмысты жоспардағыдан екі есе қысқартамыз деді, ә. Тұрбаларыңның диаметрі өзі 7 метр ме? Ғаламат екен! Тельман жасқа тән ашық пейілмен сөйлеп тұрды. Осының алдындағы дауды ұмытып, ГРЭС-те салынатын зәулім тұрбаны, басқа да құрылыстарды көз алдына елестеткендей, сәл аңырып қалған.
- Солай, жігітім. Айта бар, - деп Юрий Тельманмен асығыс қоштасты да, анадай жерде тас түсіріп жатқан машинаға қарай тұра жүгірді.
- Әй, көз қайда? Жараның орны ма? Келесіні қалай төгесің? Бұр былай! – деп зілмен бұйырады.
Тельман Юрийдің әзілін, осы бір қатал талап қойғыштығын ұнатады. Онымен өткен күзде, Өскемендегі құрылыс техникумын бітіріп келгенде танысқан-ды.
Содан кейін екеуінің жұлдызы жарасып кетті. Бірақ кездескен жерде қазақтың қушыкеш, құрдас шалдарынша бір-біріне сөзіне ит жүгіртіп, құс салады. Күліп, достарын көріп, көңілі көтерілген Тельман сағатына қараса, жұмыс уақыты болып қалыпты. Қол көтеріп, бір машинаны тоқтатты.
Жұмысшылардың алды келе бастаған. Прораб алғашқы тапсырмаларын айтып жатыр. Осы кезде қатты естілген әйел дауыстары шықты:
- Кел, бәс. Бір шампан ғой. Оля, сен куәсің, - деп Әйкен мен Бәтен алақандарын сарт-сұрт ұрысып қалды.
ГРЭС-ке қарай Ертіс суын бұру үшін өзеннің табаны, жаға бекітіледі. Талдан шарбақ тоқылып, оған тас толтырылады да, өзен түбіне батырылады. Бетондау басталғанша істелетін жұмыс осы. Анау екі келіншек – тоқушылар. Тағы не қызық шығады екен деп Тельман тыңдай қалған. Даусы жіңішке, ұзын бел, сұлу Әйкен өзі де келе жатыр.
- Қайным-ау, Тельман-ау. Қартайғанда техникада неміз бар десеңші. Мына Бәтен екеуміз бәстесіп тұрмыз тағы да, - деді күлкі араластыра. Сонда жасы жиырма бесте.
- Е, не дау?
- ГРЭС-іміздің қуаты қанша болмақ?
- Миллион киловатт.
- Ә, бәлем, - деп Әйкен қуанып кетті. – Сен бес жүз дегенсің, - деп Бәтенді ішіп-жеп барады.
- Станцияның негізгі корпусының өзі ғана жарты шақырымға созылмай ма, қазан цехының биіктігі жиырма қабат үйдей болмай ма, әр қазанға тәулігіне жиырма эшелон көмір кетпей ме, - деп Әйкен бастырмалата жөнелді.
- Бәрі рас, - деді Тельман. Мұнша дәл жайттарды Әйкеннің қайдан біліп алғанына таң.
- Жеңілдің, жеңілдің, - деп Бәкенге тап-тап береді Әйкен.
- Иә, саған. Тельман техникум бітірсе, мен он жылдықты бітіргем. Оның сөзіне тоқтай алмаймын. ГРЭС бастығының тура өзіне жүгінеміз...
Біресе шарбақ тоқушыларға барды. Біресе тасшылармен болып, шоферларға тапсырма айтты. Әрлі-берлі жүгіріп жүргенде жұмыс күнінің қалай біткенін ГРЭС-тің жаға бекіту участогінің мастері Тельман Жұмағалиевтің өзі де аңдамай қалды. Жатақханаға келсе, төсегінің үстінде хат жатыр. Өскеменнен, Серіктен. Сурет жіберіпті. Ол өте сұлу жігіт. Бойы ұзын. Кірпігі қандай. Отты қара көздері тұңғиық, тобылғы торы ма, қоңыр ма, әйтеуір, әдемі. Мүлде сәніне келіп түскен екен. Серік былтыр техникум бітіргенде, Өскеменнен орын тауып қалып қойған. “Өзіңе белгілі қала емес пе, қызық деген шексіз. Сенің Ермағың біздің Өскеменге қарағанда кіп-кішкентай шығар...” Серіктің хаты осылай басталған.
- Түу, ұмытып кете жаздаппын-ау, комсомол жиналысы бар екен-ау, - деп Тельман өзімен-өзі сөйлесіп, дос хатын жүре оқып, сулығының түймесін жолай салып, далаға жүгіре шықты.
Жиналыстан шығып, жатақханаға келген бетте Тельман шекесін ұстап бірталай отырды. Бүгінгі күн оған ұзақ көрінді.
ОН БІРІНШІ НОВЕЛЛА
- Түу, күн бар болғырға не болып кеткен. Уәли Оразбаев үйінен шыққан бетте бірталай үнсіз тұрып қалды. Аспан аласарып, жерге төне түскендей, Көше-көшені қуалаған жаяу борасын. Кеудеге итеретін, бетке мұздай тиетін суық жел ағаштарды қопарардай шайқап-шайқап қалады.
Үшінші автобус қала сыртына қарай бұрыла берді. “Жұмысқа қолбайлау болмаса игі еді”. Уәли арты ақтүтекке айналғалы тұрған ауа райына мазасызданды. Оның бригадасы Павлодар топырағында қоныс тебетін шина жөндеу заводының іргесін көтере бастағанына бір ай болды. Жылына жүз мың шина жөндейтін заводтың жалғыз облыс, өлке емес, бүкіл елдің халық шаруашылығында қандай қызмет атқаратынын олар жақсы біледі. Сондықтан да жатпай-тұрмай заводты мезгілімен іске қосуға күш салады.
Достарыңызбен бөлісу: |