ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет10/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
#675
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

- Сәлеметсіз бе?! – дөңгелек қана дене бітімі бар, көзі үнемі күлімдеп тұратын прораб Дмитрий Кирсей Уәлидің қолын алды. “Өзі бір құс ұйқы. Жұмысқа осыдан ерте келетін ешкім жоқ”. Балташылардың бригадирі Оразбаевтың егде көздері дәл қазір сынай қарап тұрғанын Кирсей аңғарған жоқ.

Прораб пен бригадир болашақ үлкен кәсіпорынның қазіргі келбетіне қарайды: жабырқау қоймалары, үзілісте бас қосатын кішірек үй, тау-тау топырақ, алпауыт қазан шұңқырлар, ең бастысы завод құрылысының баршасы өз қолдарымен тынған іс.

Қалың қарды борт-борт басып, жұмысшылардың соңы да жиналды. Алып кран гүрілдеп, алау от лаулап, балта жарқылдап, құрылыс басындағы еңбек күйі тағы да тартыла жөнелді.

Өңкей сайдың тасындай ірі жігіттерден тұратын Уәли Оразбаевтың бригадасымен жарысқа түсуін түскенмен, Иван Бабий іштей қуыстанады. Рас, қазір аналар ту деп озып кеткен жоқ, бірақ ылғи жастардан құрылған өз бригадасын, шынын айтқанда, Бабий көңілі қомсынады, жалын болғанымен, шеберлік аз.

Жел қатайып, айнала бұрқырады да кетті. Жентек-жентек қарды аямастан ұрады, бет тоңады, танау суланады, көз жыпылықтайды.

Уәли қарды лақтырып-лақтырып тастап, қаданы ұтқір бір күшпен соғып жатыр. Ал Ержан Көбеков майысып, маңдайшада жүр.

- Хэй, хлопцы, - деп қойып, Бабий әр жұмысшының қасына келеді.

Оның шәугім басындай жұп-жұмыр қолдарына бұл жалғанда бағынбайтын дүние жоқ сияқты. Уәлиге айқайлай сөйлеп, әзіл-шынын айтады:

- Но-о, оз, оз. Бір ай, екі ай. Содан соң көрем.

Орақ мұрын, дүмдей жуан Иван Бабийдің мықты екенін Уәли біледі, алайда жеңіс тұғырынан оп-оңай түсе қояр ниеті жоқ.

- Көрсек көрерміз.

Екі бригадир дау түйінін осы шешсін дегендей, балталарын құшақтай сермеп, қимылдап кетті.

Біресе толассыз келіп жатқан материалдарды қабылдап, біресе монтажшылармен болып, әркімге жұмыс белгілеп, олай-былай жүгіріп, әбден титықтап прораб Кирсей жүр, сонда да жүзінде күлкі, қызық жігіт өзі. Жұмысқа кесел келтіреді демесе, мына боран оған ұнайды. Сәп-сәтте ақ түтекке қарап тұрып, ойға түсіп кетеді.

Молдаван Кирсей селода туған, шынын айтқанда, он сегіз жасына дейін үлкен қала түгіл деревнядан қия аттап басқан жоқ. Жаздың ұзақ түндерінде барқыттай қара аспандағы шоқтай жайнаған алыс жұлдыздардың сәулесіне көз тіккенде, жүрек өз-өзінен дүрсілдеп, белгісіз бір шақтарға шақырғандай болушы еді. Мазасыз, әрі рақат сол бір сезім құшағында жас көңіл қияға беріліп, елтіп толқитын.

Мектепті жақсы бітірген бозбаланың ендігі қалауы – институт еді. Әлде албырттық сезім өзімшілдігі ме, әйтеуір оған мамандық атаулының ең қымбаты құрылысшы көрінді. Мүмкін соғыс қаңыратып кеткен молдаван селоларын өз көзімен көрген жастың сол масқаралыққа қарсылығы осы шығар.

Кишиневтің зәулім биік үйлері, асфальттары айнадай жарқыраған көшелері, сыңсып тұрған бау-бақшалары, студент күннің ащы-тұщысын бірге татқан достар, институт, - мұның бәрі Дмитрий кеудесінде мәңгі өшпес, жастық күннің ыстық суреттері ғой.

Машинадан құрылыс участогының бастығы Ержеткен Дүйсенбеков түсе берді. Қатал, қылаудай қисыққа жол бергісі келмейтін турашыл кісі. Таңертеңнен бері істелген жұмысты тез-тез шолып, көңілі толғандай болған соң ғана байыздап сөйлей бастады. Темекі сарғайтқан саусағын шошайтып қалатын әдетіне басып тұр:

- Жігіттер, бәрі бізге қарайды. Химия өндіріс орны дегенде, Павлодардың қазір ауызға алатыны – біз. Құрылыс материалын тағы да төгіп жатыр. Работать надо, - деп барып, темекісін құшырлана соңғы рет сорып, лақтырып жіберді.

Балташы Көбеков, краншы Ысмайылов. Монтажшы Мақашев, бригадирлер Оразаев, Бабийлер мына сөздің салмағын іштей өлшегендей ойланып қалған.

- Сағат бірден ауыпты. Асқа бармайсыңдар ма?

Біреулері асханаға беттесе, екіншілері сөмкелерін ашып, тамақ шығарып, термостарының аузын бұрап жатыр.

- Таңертең әйелім Дуся асханаға бар, ыстық ас іш, жүдеп кетесің дейді. Маған салса, шошқаның майын ешбір тамаққа айырбастамас едім. Бұл әйел деген халықты қойсаңшы.

Иванның сөзін жігіттер бұрмалап алып кетті:

- Әрине, сен жүдесең жүдеп кетерсің, салмағың жүз килограмм... – Бәрі қарқылдап күледі. Сөзді басқа жаққа аударғысы келген Иван Бабий:

- Кәне, жолдас инженер, бірер партия тастап жібереміз бе? – деп Кирсейге бұрылды. Бригадирдің малақайының бір құлағы түрулі, бірі салбырап тұр, аузында ет пен нан. Шахматты тарс-тұрс еткізіп тіге бастады.

Көбіне Кирсейдің есесі кетіп жүр еді. Бабий жақсы ойнайды, әсіресе эндшпиьлге мығым. Мұндайда маңайдағылар тыныш тұра ма, балташы Көбеков:

- Шалың сицилия қорғанысына түсті ғой, - деді Дмитрий шашын бұрап қанша ойланғанымен, оң иықтағы фигурасынан айрылып қалды. “Мынау ат тағы бір пәлеге бастайды-ау”.

- Шах берсеңші...

- Пешкасын ал.

Бабий көзі жымың-жымың еткені болмаса, мұның бірін де сезбеген кісі секілді. “Мәссаған, пешкаға ат пен офицердің бірі ұшқаны ма”. Бұл жолы да Кирсей бригадир ойындағысын таппады.

“Қап, Бабийдің офицерін жаңа айырбастай салмай, фигураға несіне қызықтым екен”. Кирсей ұтылып қалды.

Участок бастығы Дүйсенбеков күліп қояды.

- Димка-ау, шахматта дүниеге қызықтың – біттің. Жеңіс үшін бәрін құрбан ет, сол ғана ойыншы. Философия осында...

Жұмыс қайта басталды. Монтажшылар заводтың улы денесінің тағы бір қабырғасын көтеріп жатыр. Анадай жерде әзір мамандыққа ие болмаған әскерден жақында ғана келген екі жігіт Амантай Бөрікқұлов пен Бейсенхан Назаркелдиев цемент жаймалайды. Туған ошақ, ата-ана қасында небәрі екі апта болмай жатып, осы жігіттерді құрылыс алаңына жетелеген қандай күш екен, кім айтады. Бойларынан әлі әскер киімі түспепті. Күбір-күбір сөйлесіп қояды.

- Амантай, мен қайтсем де краншы болам, - дейді Бейсенхан. – Қарашы ана Жолмырзаға, осы алаңда одан күшті кім бар. Дайын блоктарды жаңқа құрлы көрмей тік көтеріп жатқан соның краны...

Екеуі бір сәт краншы Жолмырза Ысмайыловқа қызыққандай қарап қалды. Амантай қалың қасын бір қағып қалып:

- Маған Оразаев ұнайды. Оны көргенде дирижерды елестетем. Қолыңдағы балта емес, таяқша дерсің.

Бұл екеуіне сырттай қарап тұрған, Кирсей ойына ой жалғайды.

Аспанның бір жері тесіліп кеткендей, әлдеқандай алыптың құдіретті қолы қарды төгіп-шашып тұр. Жел көтеріп, ала құйын бұрқаққа айналған. Қазір Дмитрий кеудесінде сезім құйыны ойнаған сияқты, жүзі суықпен қызара бөртіп, іштей толассыз келіп жатқан ыстық толқынмен тербеледі. Бұл тебіреніс – жас молдаван инженерін сонау алыс Кишиневтен – қазақ топырағына алып келген мазасыз тамырдың дүрс-дүрс соғуы, қайрат көрсетіп жатқан тізелес достарының қимылына мақтануға хақысы бар жүректің дүрсілі.

Молдаван Дмитрий Кирсей боранға кеудесін тосып тұр: жүзінде шаттық, көзінде сезім... Қасында қазақ Уәли Оразаев.

ОН ЕКІНШІ НОВЕЛЛА
Мол сырды қойнына бүккен қат-қабат төбелерді артқа тастап, тепловоз алға зырлаған сайын машинистің өңі құбыла түседі. Өзі өткен жолдар қайта тіріліп келе жатқандай болады.

Сұрапыл соғыс басталғанда, бесінші класс оқып жүрген бала еді, жеті жылдықты бітіруге ғана шамасы келді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған Матай “Алайғыр” руднигіне жұмысқа кірді: әкесі Ақым атақты кенші Қайырбектермен бір сапқа тұрып, шахтада қайла соқты. Балуан білек, өр кеуде шахтерлер қауымының ортасына көк-қауырсын күйде келген Матай тез жетілді, ешкімге еңсесін бастырмас еңгезердей жігіт болып ер жетті. Күшті, тарамыс.

- Әке, - деді ол бір күні, - өрісті өңірге барғым келеді. Мұндай сөзді күтпеген әке басында тұтылып қалды. Ұлының шахтадағы ересен қажырын көрген шағында “Әкеден ұл туса игі еді, әке жолын қуса игі еді” деген мақалды еске алып, сол арман орындалды ғой деп масаттанатын. Алпыс жылғы өмірінің көбін кен жұмысында өткізген Ақым шахтерлікті дүниедегі ең қызықты жұмыс деп есептейді. Ал, ұлының мына сөзіне қарағанда, ол тереңнен қаппақ қой. Жоқ, бұл болмайды.

- Қалай? – деді әкесі бірталай үндемей отырып, үнінде мысқыл бар.

- Апырып-жапырып істеліп жатқан түк те жұмыс жоқ, дәл осы Еспеде. Ана жер, мына жердің топырағын шұқылап, бұдан әрі жүре алмаймын.

Матайдың жауабы осы болды. Әке көп дау айтты. Шеше қарсылығы өз алдына. Бірақ олар қанша үгіттегенмен, Матай ұзақ толғап шешкен берік байламынан таймайды.

Ақыры бекінгендей болды. Дегенмен бұрын ұзап шығып көрмегендігі ме, әйтеуір, көңіл шіркін жүркесінуін қоймайды. Қиял алып ұшып, бол-болдайды, жастық жалын маздай түсетіндей көрінеді. Іштей екі-ұдай боп шарпысқан сезім Матайды бұрын бастан кешірмеген толғаныс толғағы көп ерекше бір күйге түсіріп қойғалы қашан.

Бір тұтанып алған сезім жанып бітпей тынбайтынын жас жігіт ол кезде қайдан білсін. Тынымсыз, мазасыз сезім шақырады. Бірақ Матайға алда жатқан жолдар, өмір жолдары бұлдырап, тұмантып көрінеді. Қай бағыт, қай өңірді қаламақ. Әзірге белгісіз.

Ыстығын, рахатын сезгенмен, шын мәнісіне түсінбеген осындай аума-төкпе сезім жетегіндегі жігіт қаладан шықты. Оны әкелген ұсақ тірліктің жыбырына дес бермейтін құштар қалау мен махаббатты жүректің тегеуріні еді. Кеңдікті, самғап ұшуды тілеген көңіл жаңа бір дүние қалағандай.

Көңілі алабұртып, сезімі шиыршық атып отырған жігіттің осындай сыры бар.

Шарға келе жатыр. Алда бейтаныс қала, беймәлім болашақ. Белін бекем буған Матай солармен кездесуге құлшынған құштарлықпен ұмтылып келеді.

Қайда, сонау соғыс басталардан бұрын Матайдың темір жолды тұңғыш көргені әлі есінде. Бол-болдап, бірін-бірі қуалаған доңғалақтарын зырлатып, ұзыннан-ұзақ созылған үлкен құрамды асыға сүйреп паравоз кетіп бара жатыр еді. Сонда Матайға рельс солқылдап, жердің белі қайысқандай көрінген. Көзді ашып-жұмғанша поезд Матайға сыры белгісіз, алыс көкжиекке қарай зулап өте шықты. Жас бала аузының суы құрып, ұзақ қарап қалған.

Өмірден айдын, қасқа жол іздеген жас жігітті балалықтың сол бір естелігі депоға алып келді.

- Кочегарлық, - деді депо бастығы, - темір жол өнерінің әліппесі. Оңай әліппе емес бұл – сынау, шыңдау мектебі. Жаман кочегар ешқашан тәуір машинист бола алмайды. Соны есіңе ұста.

Бұл сөзден қорқып қалтақтаған Матай жоқ. “Шахтерліктен қиын ол неғылған жұмыс еді”, - деп күліп алды.

Әуел баста Матайға жұмыс оңайға соқпады. Бір сапарға бес-алты тонна көмір лақтыру ойыншық емес қой. Кезекті сапарда сел-сел болып, жан тері шыққан Матайды көріп, машинист күліп тұр екен: кекеткені емес, қиналғаны секілді.

- Кочегарлыққа алпамыстық жасау жарамайды, достым. Әр істе шеберлікті үйренуге тырысу керек.

Матайдың қолынан күрегін алды. Аға машинист Әрін көмірдің ұнтағы мен ірісін араластырып, оттық аузына дәлдеп лақтырып жатыр. Қимылында еп, әдіс басым. Жаңа Матай сөндіріп ала жаздаған оттықтағы көмір қызыл күрең жалын атып, дуылдап қыза бастады. Бұны көрген Матай өз қимылына қысылғандай болды.

- Талпын, жақсы теміржолшы боласың, - деген Әріннің сөзі Матайдың жабырқаған көңілін жадыратып, бір көтеріп тастады. Маңдайынан тері тамшылаған жас жігіт тағы да паравоз оттығына көмір лақтыра бастады.

Бел ауыртып, балтыр сыздатқан көп түндерден кейін Матай аңсаған өнеріне жетті, - машинист болды.

Ауыр құрамды поезд Шардан Семейге қарай зулап келеді. Бір сәт терезеге көз салып еді. Жазғытұрымның масаты кілемін жамылған дала бейне бір бой жеткендей сылаңдайды. Көкте қазбауыр бұлттар қонаққа асыққан адамдардай асығыс қалқып барады. Есейіп марқайғанын сезінген жігіт жүрегін шаттық кернеп кетті. Қазір пенсияға шыққан машинист Әрін кездескен кезде:

- Жігіт! Азамат! – дейді даусы дірілдеп.

Бұл сөзде өзі мәпелеген түлектің шыңға шыққан шырқау биігін көргендегі ұстаз атаның көңілде іркіп қала алмас шексіз қуанышы мен дән ризалығы бар шығар.


  • Заула, тепловоз.

ОН ҮШІНШІ НОВЕЛЛА


Адам көп екен. Оған қарап, әдеп сақтап, кезек күтіп тұруға Бәтима Үлесованың мұршасы жоқ. Завод комсомол комитеті хатшысының танауы қусырылып, асығып келгенін сезген жұмысшылар ығысып жол берді.

Бас инженер Марк Соломонович Зябько телефон трубкасын иығына қысып, бірдеңелерді асығып жазып жатқан күйі Бәтимаға иек қағып отыр еді. Үнемі жинақы жүретін бас инженер бүгін босаң, аз ұйқтады ма екен, көзі сәл қызарыңқы. – Иә, қызым, әңгіме айт. Жаңағы жылт еткен ойынан қысылғандай Бәтима кірпігін қағып-қағып қалды:

- Тұрбадан не хабар бар? Соны білейін деп едім.

Мазасыз бір әңгіме шеті шыққанда кейіген қабақты қалай жасырарсыз, инженер маңдайын тыжырды.

- Болмай жатыр. Телефон соқпаған жер қалмады. Білмеймін. Не істейміз? – Шарасыз, амал таппаған, дағдарыс күй.

Директор командировкада, өндірістің қазіргі тұтқасы бас инженерде. Оның мына түріне Бәтима риза емес. Задында “Казахсельмашқа” тұрба бірінші Орал заводынан түседі. Соңғы аптада белгісіз себептерден осы аса қат дүниенің жеткізілуі сібер тартып кетті. Оның ар жағы түсінікті – орындалмаған жоспар. Егер осылайша бас инженер шұғыл байлам жасамаса, не істеу керек. Қағаз шіркін саты-сатыда жатып қала береді ғой. Ойында жаңа бір ұшқын лып етіп, Үлесова бас инженерге жалт қарады.

- Марк Соломонович, тұп-тура Орал заводына суыт телеграмма берейік.

Зябько риза болғандай жымиып, ақырын басын изеді. “Жиырманың үшеу-төртеуіндегі жап-жас инженер, жақсы ұйымдастырушы, комитет секретары... кейінгі толқын қандай мықты”.

Бас инженерден шыққан бойда Бәтима жөндеу цехына тартты. Жаңа, жақсы бір өрісті бастаманың қайнар көзі сонда. Комсорг Серік Кәкенов бір жосын жігіт, ұршықтай иіріліп тұрған пысық, көп ісі десе жанып тұр. Анада сол емес пе еді, суырылып шыққан. Жастар газеті бір топ дубининшілердің суретін басыпты, үнемделген қаржыдан жасалған арнаулы тракторлардың жанында төбелері көкке жетіп, шаттық құшып тұрған бес жігіт.

- Ай, азаматтарың-ай! Жарайсыңдар, механизаторлар!

Шетірек үнсіз тұрған Кәкенов достарына баппен, шола бір қарап алып:

- Менің ойымдағыны табыңдаршы, - деді.

- Жөн сенікі.

- Бізді сиқыр деймісің?

- Әзіл емес, табыңдаршы.

- Есі-дертің қалыңдығың болар.

- Ой, пәлі-ай, Серік көздері күлім қағып, оп-оңай нәрсені қалайша білмей тұрсыңдар деген кейіппен шешіле берді. – Біз де сөйтсек...

Жігіттер аңырып, таңырқаған кескінмен тұрып қалған. “Сөйтсектің” ар жағындағы мағына... Несі бар. Қой жайлауды сүйсе, машина майлауды сүйеді. Пейіл салса, ықтиятпен күтсе, ұсақ-ұлаң жөндеу өз қолдарында, сонда станокты бес жыл орнына алты жыл пайдалан еді-ау.

Үлесова жөндеу цехына ене берді. Сыртта көп жүріп барып, қайта оралғанда болмаса, қазір оған завод тынысы шұғыл әсер етпейді, өзі жылдан артық мастер болып істеді, секретарьдың жұмысы қайбір оңай, үнемі ат үстінде дерлік, сондықтан да Бәтимаға цех ауасы әбден сіңісті болып, мынау толып жатқан алуан станок дабдыры құлағын кеспейді, қайта жағымды.

Смена аяқталғанмен, шетінеп шыққан біреу көрінбейді, әр жұмысшы өз орнында, сәбиін құндақтаған анадай, станоктарды тазалап, майлап, о жер, бұ жерін қарап тексеріп жатыр. Бәтима күле сөйледі.

- Мына қарқындарыңмен қыр асып кетіп жүрмеңдер.

Серік Кәкенов сөзден тосылсын ба!

- Қыз-қырқынды ала кетпейміз бе, тәйірі, - деп салды. Бар болғырдың білегі қандай жұп-жұмыр еді, әрі сыбанып апты өзі. Қызыққандай қарап қалған Үлесова іле көзін тайдырып әкетті.

- Сендерді механикалық цехтың комсомолдарының жиналысына шақыра келдім.

- Шампан қоя ма бізге? – Серіктің тісі ақсияды.

- Жүр, көресің!

Механикалық цехтың жігіттері орынсыз ырғалмады, әу дегеннен іс аңғарына түсіп, сөз бетін солай бұрды. Серік енді сезді, хатшы сөзінің мәні бар екен. Заводтың үлкен химия қорына үлесі, комсомол ролі, цехаралық жарыс, тізелес үзеңгілес жүріп біліп-танып бағалау – осы орайда туып жатқан ойлар бар. Иегі әлі ұстара көрмеген, мына бозбала не деп кетті. Айшықсыз, өрнек-бояусыз, қарабайыр ғана бес-алты ауыз сөзінде қорғасын салмақ жатқан жоқ па. Не деп еді.

Жігіттің жүзі ойлы, көзі жанарлы екен. Үлкен бір жауапкершілік арқалап, басын асқақ көтерген нар азамат сияқты.

- Үнемделген электрондармен жылына 24 күн жұмыс істеймін. Менің қолтаңбам осы болсын.

Есептеп көрейікші, әр электросварщик осылайша еңбек етсе, бүкіл завод болып ел қорына қанша байлық құяр еді.

Бір цех құрал-жабдықты коммунистік сақтауға алып жатыр, екінші цехтан және бір бастама, осының бәрі көктем жылғаларындай үлкен бір арнаға құйса ғой.

Жөндеу цехынан келгендер иектерін ұстап, ойланып қалыпты. Завод комсомол комитетінің бюро мүшесі Боранбай Омаров түрегелді. Сырықтай ұзын бойлы жігіт жиналыс десе бәйгеге шабатын жүйріктей алағызып, қыздыра, жандыра сөйлеуші еді, онысы құрғақ шешендік, сылдыр көмей, жез таңдайлық емес, татып көріп, біліп жүрген адамның бет жүзің демейтін ойлы айтқыштығы.

- Бір мақтанымыз – дайындап жатқан механизаторларымыз 63 комбайншы, 107 тракторшы. Инженерлеріміз жанын салып-ақ жүр. Осымен болды ма? – деп Боранбай алақанын жайды. Кілт үзілген сөз ағысының жүйесі бұзылғанына таңырқаған жұрт оның бетіне тесіледі. Боранбай шашын бір қайырып қойды. – Атағымыз тау жарады. “Казахсельмаш”. Шығаратынымыз тырма, деталь. Отан ауыл шаруашылығын интенсивтендіруге 180 градус бұрылды. Іргемізде тиіп тұрған совхозға тырнақтай көмегіміз қайсы. Дайындап жатқан механизаторларымыз ба. Кешіріңіздер, ол әлі көмек емес, қашпаған сиырдың уызы. Гармоньдатып барып қайту аз, артта қалған бір совхозды шын аялы қамқорлыққа алсақ, алға шығарсақ. Бұл сөз ертеңдер бүкіл завод комсомолының талқысына түссе деймін, - Боранбай икемге көне қоймайтын қайратты шаштарын бір уыстады да, - сөзім бітті, - деп кілт доғарды.

Шығып бара жатқанда, Серік Бәтимаға: - Мына жиналыстың өзі он шампанға бергісіз болды-ау, - деді. Жігіттер қоштасып, қалып қойды.

Бәтима Москва көшесін бойлап, қыздар жатақханасына жалғыз аяңдады. Арқа қысы, әсіресе қара көк аспанда жұлдыз жусаған Есіл түні ыстық. Жұмсақ аяз, томырылған салқын ауа, қара барқыт түн құшағында күндізгі көп күйбең, әбігері мол істі қайта бір көз алдынан өткізіп, байлам жасап, өзінше екшейтін қыз мінезі бар.

Сөз жоқ, цехтың жұмысы бұдан жеңіл болатын, жауапкершілігі аз, тиыны көп, уақыты бітті, - кімнің шаруасы бар, кітап оқы, киноға бар. Қазір. Завод комсомол комитетінің хатшысы, ол мансап карьера емес, ерте тұрып, кеш жату, станокқа бүгін келген он алты-он жеті жасар бала-бозбалаға жаның ашып, соның қамын жеу, жас инженер бос уақыты қайда өтеді, ресторанда ма, кітапханада ма – соны қадағалау, ел игілігін өндіруде жаңа төлдің үлесі, ең бастысы, соған жетекшілік, бұл шындықтарға Бәтима Үлесованың көзі жетіп келеді. Күн сайын әр жастың жан пернесін басып, жаңа әуез, соны бір үн тыңдағандай болады.

Бүгінгі аңғарғаны жастар соңғы кезде өздері толғана ойланатын болған, басқадан нұсқау, билік күтпейді, бағанағы жиналыс соның дәлелі. Бәтима көп ортасынан ой жинайды, құдды бір бал арасы секілді, өзінше соқпақ тауып, өрісті өрге басқысы келеді.

ОН ТӨРТІНШІ НОВЕЛЛА


Ханым құс ұйқы. Әсіресе күндіз әсте көз іле алсайшы. Түнгы жұмыстан шаршаңқырап келсе де, жаңа бір әзірде оянып кетіп еді. Бөлме ішіне мол сәуле ақтарыла құйылады. Нұрлы тыныштық. Анда-санда зулап өткен машина дыбысы естіледі. Терезе тұсындағы жалғыз терек мойны сорайып, жел қаттырақ соқса, дірілдеп, қалтырандай болады.

Орнынан түрегелген бойда Ханым еркін бір қимылдар жасады, әлі ұмытыла қоймаған, кешегі студент күннің жақсы машығы. Радионы қойды.

Күлген кезде көзі кішірейіп, тісі ақсияды екен. Өзіне жарасатын сияқты. Кеше әкеп қойған айранды ішіп отырған Ханым жүзі ойлы, өзінің қазіргі күйіне іштей күле ме, өткен бір күндерді еске ала ма, болашақтың тәтті көрінген суреттері қызықтыра ма.

Алыстағы достың көңілі мен ыстық жүрегінің лебін ала келген бір хат жатыр. Оны Өзбекстанның Наманган қаласындағы жасанды талшық заводынан жолдаған Рахима Төрешова. Бес жыл Ташкентте бірге оқыған, бір алманы бөліп жеген, бір күліп, бір ренжіген құрбы. Әуелде Рахиманы Қарақалпақстанға жіберген болатын, міне, жаңалық, хат адресі – Наманган. Ханым ұзақ отырды, ойлары ұстатпайды, ұстатса сөз таппайды, жеңіл-жеңсік жайларды жазғысы да келмейді. Ақыры шешілді...

“Рахима. Өзіміз айта беретін жақсы әннің қайырмасы бар емес пе еді: “Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай”. Мен өкініп отырғаным жоқ, бірақ ұзақ көрінген стдунеттік өмірдің бес жылы қас қаққандай-ақ зу етіп өте шығыпты-ау. Жатсам-тұрсам студент күндер ойдан шықпайды, қазіргі өмірімнің көңілсіз сұрқайлығынан емес, әрине, сірә, сол бір шақ жалынды жастықтың нақ бейнесі сияқты, ендігі бет – есею баспалдағы, марқаюға аттанған жол секілді көрінеді. Бұрын көп нәрсені оқыған, естіген, көрген болып жүрсек те, түюіміз, іштей берік байлам табуымыз аз екен, ағынмен сырғып жосу басым болыпты. Мен қазір ойланғанды жақсы көрем.

“Қызықты айт, барша тірлігіңді жаз” депсің, егер сөз тауып, ретін келтіріп айта білсе, менің Қостанайға келгеннен бері өмірім көп сала әңгіме. Қарашы, басқаны былай қойғанда, анамның сағыныш хаттарының өзі неге тұрады. Кешегі бір хаты:

“Айналайын, Ханымжан-ай. Қыз боп туып, неге еркек мінезді болдың екен, ә. Бүй демей қайтейін, елдің өзің секілді қыздары бір-бір үйдің иесі, бауырында бала, өз құрбың мұғалім, дәрігерлікті қалады, сен, тіпті мына тұрған Талдықорған, анау Алматыдан оқу таппағандай шу қарақұйрық деп Ташкент тарттың және таңдағаның еркек оқуы – инженерлік...”

Шеше сөзіне әрі күлем, әрі қабырғам қайысады. Қайран ана емес пе оның аты, көзінен таса болсаң, өлетіндей шыбыны шырқырайды. Әйтпесе тірлік жұмағы анамның басында, қолы жылы суға малулы, немере, жиен сүйіп отыр, бәрі аузына қарайды. Сөйте тұра менің алыста жүргеніме қапа болып жас төгеді.

Ұмытқан жоқ шығарсың, жастардың басы қосылған жерде университет пен политехникалық институттың студенттері кеуделерін соғып, мақтанып, шыға келмеуші ме еді, солар қазір менің қолыма түссе, шіркін. Үндемей ғана алдына газет үйіп тастар ем, радионы нұсқар едім. Шынын айтқанда, тоқыма институтында оқып жүргенімізбен, оған онша мән бермеуші едік қой. Қазір ше. О, инженер-химик мамандығын алғаныма қандай мақтанам.

Сен сырт естігенің болмаса Қостанайды, қазір мен істеп жүрген жасанды талшық заводының жай-жапсарын біле бермейсің ғой. Бірер сурет: самолеттен түскен соң, екі жүз қадамдай жүргеннен кейін, темір жол үстінде көпір бар, жан-жағыңа қара, қала алақаныңда: тыныш, арсы-күрсілігі жоқ шағын шаһар, одан әрі тағы жүресің – вокзал, анау ерлер ескерткіші, көшелер кең, тыныш, ағашты, жазда жасыл желекпен безеніп кетеді. Сөз бар ма, алып Ташкенттің фонтандары, думанды көшелері, қызылды-жасылды театрларымен бұлар бәсекеге қайдан түссін, бірақ меніңше, әр қаланың өзіне ғана тән сұлулығы, келбеті бар сықылды. Қостанай – жалпақ дала төсіндегі момын тыныш мекен. Мен сүйем оны.

Рахима, сен менің бөтен сөзді айтып, бұрылып кеткенімді кешіретін шығарсың. Сенің көкейіңді тескен әңгіме – завод, ондағы тірлігімді қолдан келгенімше жазып көрейін.

Тәулігіне жиырма тонна талшық шығарамыз. Өзің де түсінесің ғой, шикізатымыз – целлюлоза, мақта екшендісі, түрлі тоқыма фабрикаларынан сұрау көп, негізінен, біз шығарған талшықтан кілем тоқылады.

Мен дайындау цехының смена бастығымын. Сезем, осы араға келгенде қара көзің бір жымың етті, “ой-шіркін-ай” деуің де кәдік. Үш ай істегеннен кейін, қоярда-қоймай тағайындады. Әсіресе комсомол комитетінің хатшысы тақылдап болады деген не.

- Жас маман. Комсомолка. Қиындықта көрсетсін өзін, - деп өңештеді. Менің мінезім белгілі, намысқа тиердей я ерегістірердей болса, отынан да бой тартар түрім жоқ, келістім.

Ай, қиын-ақ болды, несін айтасың. Дайындау цехы дегеніңіз бұлақ басы секілді, басқа жұмыстүгел сонымен сабақтас, сен сәл бөгелсең, мезгілімен ертінді дайындамасаң, түгел шулап қоя береді.

Теориясын жаттадық, практикада болдық, басқа не білеміз, ал заводта көп жылдан талмай келе жатқан небір саркідір тартқан тәжірибе сабаздары бар. Менің әуел баста қысылғаным солар еді, бір жерінен шиін шығарып алып, абыройым төгілердей, бақайымның ұшынан басынан жүрдім. Бекершілік екен, бәрі сол әлі ширамаған, қатаймаған шалағайлығымыздың әсері.

Кездескенде жылы ұшырап, иек қағып амандасып қана жүретін тоқыма цехының смена бастығы Әмина Бекеева дейтін әйел бар еді. Жиырма жылдан артық химия өндірісінде тер төккен еңбек тарландарының бірі ғой деп, іштей қатыр тұтып, жасының егде тартып кеткеніне қарамастан мүсінінің бұзылмағанын, ажарының түспегенін тамашалап қоятынмын. Одан әрі тереңдеген мен жоқ. Бірде жұмыстан қайтып бара жаттық. Әуелі бетіме қарады, көзіме көзі түсті, жанары нұрлы екен. Майда қоңыр, бірақ ашық, күмілжімей шығатын даусымен:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет