ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет4/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
#675
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

- Серт.


Таңертеңгілік асты механизаторлар еттері қызып, талай іс тындырып тастағаннан кейін, сағат тоғыз-ондарда ішеді екен. Тың тарландарының бірі, қазір жігіт ағасы болып қалған бригадир Давид Финк етжеңді, қызыл күрең жүзі әсте кірбіңді білмейтін кең пейіл мінезіне басып, анадайдан күле сөйлеп жатыр:

- Комсорг, комсорг. Өзің бізге көмек бергелі емес, қызымызды алып жүргеннен саумысың. Мен қазақтарды білем...

Сонда оның көмекшісі Байзолда Тасболатов әзілге-әзіл қосады:

- Несі бар, тағы да комсомолдық той өткіземіз. Былтыр ғана комсомол комитетінің секретары Нұрхан Ысқақовты Москвадан институт бітіріп келген орыс қызына үйлендірдік емес пе. Енді Мерекені украинкаға үйлендірсек, несі бар. Интернационализм деген осы...

Финктың қолын шымыр қысып, сәлем берген Мереке:

- Ай, Давид Давидович-ай. Қызғаншақсың. Бригадаңдағы бір бойжеткенге әзілдесек, пәлеге қалғанымыз. Ойбай-ау, он тоғызға толмай жатып үйленіп, мені бір жанын далаға тастай алмай жүр деймісің.

Бригадир мен комсорг арасындағы ендігі әңгіме арнасын тауып, шаруа жайына ауысты. Екі күнде тағы да жүздеген гектарға бидай егіліпті. Бел шешпей қимылдап, арам шөпті мезгілімен отап тастағандарына қуанатын ойлары бар көрінді. Әнеукүні бас қосқанда ұйымдастырып кеткен комсомолдық топтың қимылы жақсы екен: әр агрегаттың дұрыс пайдалануын қатал бақылайды, техникаға бас-көз болады, агротехника ережелерінің бұзылуына титтей де жол жоқ... бәрін жастар мойнына алған.

Ұзын ақ столдың басы тағы да әзіл, механизаторлардың ащы қалжыңы. Еңселі жігіт. Батырбай Шахметов жұмысқа алып, сөзге орамды. Қатты шығып жатқан соның даусы:

- Қазақ айтады: “Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық”, деп. Басқасын қойғанда осы комсорогтың мына томаты-ақ оңды болған жоқ па, о, жігіттер.

Ол бұдан бір апта бұрын болған. Дала қосында томат жоқ, “мен оны табам” деп кеткен Мереке Аяпбергеновке механизаторлар күліп қалған еді. Шелектеп селдеткен жауынға қарамастан, орталық барып, ракоптың бастығын тауып, қоймашыларды аяғынан тік тұрғызып, жеті түнде томат алып келген Мереке шын жігіттің бетінен қайтпас нағыз жігер мінезін танытты. Сөйтті де, өзі күндіз-түні бел шешпей ерлік шеруінде жүрген механизаторлардың бір жақын сүйктісіне айналды. Соны жігіттер әлі күнге шейін “Томат әңгімесі” деп қоймайды.

Мереке бүгін де құр қол келмеген: волейбол және тор әкепті. Қазір Нұрым Ақанов, Николай Самыкин баған орнатып жатыр. Аяпбергенов болса, әр комсомол агрегатының көрсеткіштерін тексеріп, үнемделген жанар майды есептейді, сеялкашылар тұқым сеуіп жатқан егістікке асығыс жөнелген Давид Финктің көзінде мазасыздық ұшқыны бар. Осы диқан болған он-он бес жыл ішінде машина мінерлердің талайын көрген-ді, көріп те жүр; біреулері зыр етіп келіп, бес-алты цифрды блокнотына асығыс түрте сап қайта шапқылап жөнеледі, екіншілері қызыл бұрышқа тас сұғады, асхананы көреді; механизатордың тұрмысымен танысқаны; үшіншілері егістікке барып топырақты уыстап, тракторды тамашалағандай болатын... Қазір де сондай қарбалас шақ. Ерсілі-қарсылы зулаған машинадан қисап жоқ, біреу келеді, біреу кетеді. Бірақ солардың талайының тигізер пайдасы, берер көмегі шамалы, халмен танысты – кетті.

Финктың көзі дала қосының биік маңдайшасына зулап келіп қонған қарлығашқа түсті, үйден шыға берген Мерекені көрді. Неге екенін кім білсін, осы екеуінде бір ұқсастық бар сықылды. Тап басп айта алар ма. Қарлығаш қанатымен су құяды. Мереке... комсомолдық топ, волейбол алаңы, томат... Бәрі бір апта жемісі, титтей де болсын нақты істер. Ендеше, бұл да қарлығаш қой.

Орта мектеп бітіріп, туған совхозында еңбек етіп жүрген он сегіз жасар комсомол жетекшісі Мереке Аяпбергенов бригадир қиялында болашақ бір жақсы басшы бейнесіндей көрініп, өсіп, өркештеніп бара жатты. Ал Мерекенің бастықпаған, табанының бұдыры таймаған жас та асау жүрегі шын қалауын таппағандай, диқан көңіліне, іл жүлгесіне тура жол іздеп қысқа күндер қырық төңкеріледі. Қалайда, Финк болсын, Аяпбергенов болсын, екеуінен де көктемгі аттаныстағы диқан тамырының дүрс-дүср соққан тынысын танисың.

ЖЕТІНШІ НОВЕЛЛА


Шаң аспанға шығып жатыр. Зу етіп өте берген машина доңғалағынан дауыл тұрғандай. Қайыңдар әбден толысып, жапырағы шулайды. Тұқым тастап жүрген машиналардың жүгін өлшейтін шикіл сары қыздың танауының ұшында екі-үш тамшы тер тұр.

Тағы бір “Газ-51” келіп тоқтай қалды. Бұйра жирен шашты, жұмыр, орта бойлы, бауырсақ танау келген жігіт кабинасын тарс еткізіп жапты да, жүк өлшейтін жерге дабырлай кірді.

- Болыңдар, тез өлшеңдерші, - деп жүкші қыздың белінен бір қысып қойды. Шофер жігіт жүзінде шаршау жоқ, мықты, қайратты жан секілді.

Машина қайта гүр ете түсті.

- Иә, жетінші бригадаға барам. Мін.

Руль ұстап отырған қолына көзім түсті, күлдім; туған жылы, сүйген қызының аты жазылыпты.

- Татармын, - деп жымиып күледі. – Пысықтығым айтып тұр емес пе. Туған ауыл Қазаннан түстік жерде. Е, ати-ани кімді қияды. Бірақ жастық адамды алысқа тартпай ма. Дәл бүгін, 25 май күні менің тыңға келгеніме үш жыл толды. Үш жыл. – Машина арқасы жауыр ат секілді шоңқып-шоңқып кетеді.

Жирен кірпіктерін анда-санда қағып отырған шофер Фаттых Хасанов әлгі сөзден кейін бірталайға дейін үнсіз қалды. Мұндай кезде кісі ойын бұзатын сұңғылалық қандай жаман, мен үнсізбін. Ойдым-ойдым орман болмаса, айнала тегіс егіндік, туырыла төңкеріліп жатыр. Фаттых сарғыш тістерін көрсетіп, қайта сөйледі.

- Мен келгенде совхоздың бас бәйгелі бригадирі Эдмунд Штоль еді. Іскер, атақты механизатор. Артта қалғандарды биікке көтеріп шығарам деп, биыл үшінші бригадаға кеткен, әзір орта деңгейде. Қазіргі жүйрік – Мұса Шаяхметов.

Қысаң жол тоғай арасынан суырыла шығып, тура агрегаттар жүрген алқапқа қарай қасқиып жатыр. Кең алқап бойында төрт агрегат көрінеді, жағалай қайың. Бір қараған көз сұқтана, сүйсіне тамашалар сурет.

Тұқымдары таусылуға айналып қалыпты. Бәрінен бұрын қуана қарсы алған тракторшы Серік Мұқамадиев.

- Татар малай жарадың. Соңғы айналым қалғанда жаныңды салдың, азамат. Ал тез құйып алайық, - деп дереу тракторды тоқтатып, сеялкалардың қақпағын ашып, маржандай төгілген тұқымдық бидайды машина кузовынан тез-тез аудара бастады.

Шоқша сақалына ақ селеу енгенімен кеудесі тік, қол қаруы қайтпаған қария Абдол Қасенов бір қап бидайды дік еткізіп көтеріп алады.

- Кәрілік деген ит күшіңді алады екен, шырақ. Әйтпесе кеше ғана қап бидай түгіл, түйенің жарты етіп допша домалатып жүруші ек... Әттең, кәрілік, - дейді. Әжімі аз, қызыл шырайлы жүзі жылы екен, іштегі сәулелі ой ұшқыны көзінен білініп тұр.

- Қарақ, алпыстан асса да дікектеп жүрген жұлымыр шал деп ойларсың. Сен түгіл тізелес замандастардан соны естіген сыңайым бар. Ал сол сөзді мен ғой пәруайыма да қыстырмаймын. Неге. Құдайға шүкір, ұлым ұяда, қызым қияда. Қажет десем, Меке түгіл Әмірикаңа баруға жетерлік тиынды қалтама қазір салып береді олар. Сонда несіне жүр деймісің. Қорадан шықпай өлетін өлекселіктен сақтасын.

- Қарақ, баяғыша айтқанда, тескен таудан өтіп келіп, Сарыарқаны қайта түлетуге тоқсан жұрттың ұлы келіп жатқанда, мен қазан басында, ошақ қасында отырсам, тәңірінің атқаны да. Әркім әр қилы соға береді ғой, қарақ. Маған осы туған жерде кәрі маңдайымнан терді сорғалата жүріп, егін сеуіп жүріп, о дүниеге аттанып кетсем, өкініш емес.

Белін таянып, басын шалқайта көтеріп, қасын керіп тастап сөйлеп кеткен Абдол ақсақал шұрай топта билік айтып отырған бұрынғының данасы секілденіп кетті. Сол-ақ екен, тракторшы Серік Мұқамадиев көк көзі күле түсіп, сөзге араласты. Әзілі жарасып, атамен ойнаған жақсы дәстүрдің жалғасы.

- Пой-пой, Әбеке. Өлімі несі, өмірді айтсайшы.

Осы кезде аяғындағы керзі етігінің қоншын бір елідей қайырып алған, иықты, көтеріңкі қыр мұрынды, салмақ келбеті шешімділік пен оттылықты қатар аңғартардай бригадир Мұса Шаяхметов келді. Толғағы қиын болған аса ауыр көктемнің ізі ме, екі қасының ортасында үлкен бір сызық бар. Таяу жеңіс қуанышы дидарында шым-шым білінеді.

Серік Мұқамадиев агрегаты жүріп кетті. Трактор маңдайында: “Коммунистік сақтамға алынған” деген жазу қызарады: тұқым себуші Маржан Рысжанованың шарқаты желбірейді: Абдол қарияның жалпақ жауырына көрінеді. Дән жылы топырақ қойнына түсіп, алқап беті бұйраланады.

Мұса бригадир келесі агрегатқа аяңдайды. Егілген дән, талайдан бері төгілген тер оның көңілінде әлі үлкен қуаныш емес секілді. Қайратты, жігерлі жігіттерді нағыз азамат деп атағанымен, мақтан дегеннен бойын мүлде аулақ ұстайды. Тәулігіне үш-төрт сағаттан ғана мызғыған ауыр шақты жай бір қалыпты кез етіп көрсетеді. Бұл бірнеше жыл өзі тракторшы болған, қазіргі бригадирдің жақсылықты көрмейтін кекірттігі емес, қайта оның, ерліктің өзін әдетке айналдырған жан жомарттығы шығар.

СЕГІЗІНШІ НОВЕЛЛА


Сарыарқа төсі дүбірге толы. Барлықтырып барып, көп тостырып келген шуақ сәуле ылғалға тойған жердің танауын тершітті. Кеше көкек шақырған. Әнеукүні Бурабай тауында күн шатырлап, қолаттағы жауқазын түйін түйді. Бұл жаздың белгісі, сарша тамыз хабаршысы.

Тың дала, жайқын атырап қызылды-жасылды гүл атқан сан алуан шөптермен безеніп, қайыңы сыланып, қарағайы бой түзеп, нар биігі көкшіл торғын оранып жайнап тұр. Піл сауырлы өңірдің жайын кеудесінде тракторлар таңның атысы, күннің батысы демей, бір сәт те толастамастан тұқым сеуіп жатыр.

Сары уыз күн Тотықұс тауына иегін сүйеп тұр: ұзақ жолдан шаршап, бір сәт тыныстаған секілді. Жалқын сәуле дала қосы терезесін қызартады. Эстрадалық музыка әуені кешке жақынғы қоңыр салқын әуеде қалқиды. “Победа Ильича” совхозының үшінші бригадасы “Шүйгін сайдың” бойын түгел қуалап тұқым сеуіп жүр. Рузаев ауданында бірінші болып бастаған осылар. Күн райының бұларға ала бөтен оң көзбен қарағандығынан емес, ылғалды үш қайтара жауып, жерді тез дайындаған іскерліктерінің бодауы болса керек-ті.

Қазір түнде істейтіндер шығады. Бұл кез дала қосының нағыз бір думан шағы. Радиоқабылдағыш құлағында дамыл жоқ, волейбол тарс-тарс соғылады. Бөлімше меңгерушісі Өтеубай Шәкеев атынан түсіп, доп ойнап жатқандарға аяңдады. Қызыл шырайлы, орта бойлы, тығыз етті келген жігіт тор үстіне көтерілген допты секіріп ұра беріп еді.

- Ау, заңғар, - деп Өтеубай анадай жерден айқайлап жіберді. Доп түйіп түскендей қатты-ақ соғылғанымен, қарсы жатқан әлекедей жаланып шыға келген ұзын бойлы тракторшы Оразбай Есбаев қарсы атты.

- Әй, Өтеген-ай, - деген меңгерушінің үнінде кәдуілгідей өкініш бар.

Нағыз жанкүйер, футбол репортажы берілсе, қасында отырғандарды ұрғылап, санынан сан қалдырмайды. Ойын тез аяқталды. Өтеубай жігіттердің ортасында. Қырықты қуырса да, өңі таймаған, шағын денелі, қолды-аяққа тұрмайтын қағылез. Жай бір үйреншікті әңгіме секілді, әр тракторшының тындырғанын, толып жатқан цифрларды қағазға қарамай айта береді.

- Бригадир Қабдуәлиді айтам. “Сере жалдың” бауырындағы агрегаттарда жүр. Келіп қалар. Ал, бүгінгі, күндізгі жарыстың жүлдегері тағы да комсомолдық агрегат.

Осылайша ширатып, Өтеубай бір күннің жемісін ортаға байжайлап жайып отыр. Табиғат тамылжып тұр, тек себуіңді біл, кешіксең ұтылғаның. Бұл шындық механизатор атаулының бой тұмарындай.

Бағана доп ұратын қызыл шырайлы жігіт – Мұрат тал қабырғаны екі айырып, бірін Насиха Серкешоваға ұсынды.

- Сені жемдейін. Күндіз емес, түнгі жұмысқа шығып барамыз ғой, - деп бала күлкімен жымияды. Жылтыр қара өңімен салыстырғанда, әдемі қыр мұрны, ойнақы көзі ерекшеленіп тұратын аспаз Торғай Қайралапова Мұрат пен Насиханың сөзінің басын ести алмай қалды білем, өзі даярлаған дәм аналарға ұнамады деп ұғып, әбігерге түсті:

- Мұрат-ау, кеше ғана сойған малдың еті ғой. Асығыс емес, әбден бабымен пісті. Не істейін енді, - деп кірпігіне ілінген бір тамшы мөлт-мөлт етеді. Мұрат жарыла күліп жіберді.

- Осы, дереу комсомолдық топтың жиналысын шақыртайын ба. Мынадай тамақты рестораннан да таппассың... – Торғай әлі түсінген жоқ, айналымға келмейтін аңғал қалпы. Насиха жеңінен тартып қалып:

- Туу, қызық екенсің, Торғай. Мұрат барболғырдың мақтанғаны емес пе...

Мұрат Қоспанов тракторына, ал Насиха Серкешова, Ғалия Қажығалиевалар сеялкаларына отырғанда “Аққұс” адырын түннің қара шекпені қымтап алды. Жер ыңғайын жақсы аңғару үшін агрегатқа қосалқы жарық орнатылған. Мұрат анда-санда тұқым себушілерге көз қиығын тастағаны болмаса, үнемі алға қарап отыр.

Аспанның тұс-тұсынан жаңа жұлдыздар жағылып жатыр. Төгілген айрандай болып, құс жолы ағараңдайды. Біреу байлап кеткендей, орнынан тапжылмайтын Темірқазық, ожауға ұқсап салбыраған Жетіқарақшы Мұратты түрлі ойға салады. Қалай тауып айтылған. Кім атады екен. Қанша ғасыр, неше заман өткен. Әне, бір жұлдыз ағып түсті. Құтты мейрам түніндегі салют сияқты.

Жігіт денесі алғашқыдай емес, тоңазығандай болып, қалың күртесін киіп алды. Трактордың тынбай соққан жүрегінің даусы ұйқыдағы даланы басына көтереді. Фардың күшті сәулесі бір жерге тіктеп түскенде, дәл күндізгідей жап-жарық болып кетеді. Сағат түнгі үштен асып бара жатқанда, тағы тұқым алатын уақыт жетіп, Мұрат тракторын тоқтатқан. Күндізгідей емес, түнде оңаша шаң көтерілмейді, Ғалия Қажығалиева көзілдірік шынысын сындырып апты.

- Сен байқадың ба, байқамадың ба. Әлгі бір әзірде ғана сонау “Сөре жалының” тұсынан жұлдыз ағып түсті. Сонда Розаға қара деп дауыстағанымша, бір қолымдағы көзілдірікті сеялка рычагына тарс еткізіп соғып алғаным.

Тұқым тасып жүрген шофер Серболат Баймолдин қалта шамының сәулесін шоқтай тура Ғалияның оң көзіне түсірді.

- Бол, бол, - деп асықтырады. Қыздар бірінен-бірі қалыспастан сеялкаларын тұқыммен толтырып жатыр. Бірақ Серболат күтіп тұр:

- Бүйтіп сынған көзілдірікке жоқтау айтып жүргенде, мың жерден комсомолдық агрегат болсаңдар да, ана Сандыбаевтардың қарасын да көрмессіңдер.

Насиха Серкешова қолындағы шелегін былай тастай беріп, сығымдап әкетіп бара жатқан түрі бар.

- Әй, “57 - 55”, қыздырма бізді. Үш қыз жабылып, осы қазір масқараңды шығарып, топыраққа басыңды шаншып қояйық па, - деген кезде жұмыстарын тындырған Роза мен Ғалия Серболаттың түп етегінен жармасты. Қаткенмен де жан керек, Серболат қол-аяғы сереңдеп қайрат көрсетпек еді, аналар мүлде тықсырып әкеткен соң, енді жалынайын деді.

- Ағатайлар, алтын қыздар, - деп алдаусыратып көрді. Болатын түрлері жоқ. Өзіне соққы боп тиген сөздің шетін Серболат сонда шығарды:

- Тезірек күйеуге тиіңдер, бала табыңдар...

Анадай жерге, топырақтың үстіне теперіш көріп титықтап барып құлаған Серболатқа үш қыз шек-сілесі қатып, мәз болып күлісіп тұр.

- Иә, қалай екен агрегатымыз. О, сорлы “57 - 55”, шалбарыңды шешіп алайық па осы.

- Ойбай, мынау қалыптарыңмен анау Айды жерге түсіресіңдер.

- Ә, солай ма...

Қоңыр қайқаңда тағы бір агрегат жүр. Онда да ылғи жастар. Күшікбай Шәкеев бас киімін маңдайына түсіре киіп, темекіні будақтата тартып отырған шығар: өзіне трактор тимегенін іштей өкпе тұтып жүрген Оразбай Есбаев сеялка рычагын көтерген сайын, қолға тұлпар тиетін сәт сағатты ойлап қалатын болар. Мүслима Биқадамованың қоңырлатып ән сызылтып жүргеніне шәк жоқ; Ораш Нағыманова мен Ақлима Шуақбаева тоқтай қалған жерде сеялкаларын майлайды.

Серболат пен қыздардың әзілін тамашалап, теңіздегі алау шырақтай жарқырап жүрген досының агрегатына қарап ойланып қалған Мұрат тракторына дереу от алдырды. Агрегат тағы да маржандай дәнді төгіп бара жатыр. Қыздар тіпті көңілді. Серболаттай жігітті жәукемдеп алғандарының буы ма, кідіріссіз жұмыс қуанта ма, Роза бастап, Ғалия көтеріп, Насиха шырқап, әнге басты. Осы өңірдің қашаннан сүйіп, ардақтап, әлпештеп айтатын әні – “Сырымбет”. Керек десеңіз, Ақан серінің сол толқынды әуенге қосқан Сырымбет тауының өзі жүріп кеткен кісіге ана дөңнің асты емес пе.

Қыздар әніне тағы бір әуен қосылды. Табиғаттың өз төсін жарып шыққан әуен. Есілге жетіп жантаятын Шарық өзені қыспа тасқа шекесін жарғызып, биіктен сарқырап құлап жатыр, содан туған толқынды саз дүн-дүние маужыр ұйқыға кеткен шақта аса нәзік, аса шетін шертіліп, қараңғылықтың дегбірін алған жігерлі жігіттері мен сұлу қыздарының кеудесіне махаббат болып құйылады.

Шығыстан Шолпан туды. Таңсәрідегі ерке самал қыздардың алма еріндерінен сүйіп, жігіттердің шашын сипап қана қойды.
* * *
Ненің де болмасын тұңғышының рахат, азабы қат-қабат, қос қыртыс. Бірнеше жыл көмекші болып істесе де, іс жөнін, адамдардың мінезін бүге-шігесіне дейін білдім деуі бекершілік екен. Мұны Қабдуәли биылғы көктем жұмыстары үстінде, өзі бригадир болғалы сезе бастады. Үш-төрт сағат мызғығаны, тамаққа қараған кездері демесе, басқа уақытта құрақ ұшып жүргені. Тұтас жүріп жатқан 6 агрегат бесіктегі бөлеулі баладан бетер мазасын алды. Жігіттер сайлы, тұқым себуші қыздар берік, техника зулап жүріп жатыр, бәрібір тыныстар күні емес. Жаңа ғана Аманкелді Мұқановтың агрегатында болды. Күн көзі жылығаны соншалық, кей жерде бұрқырап шаң көтеріледі. Аманкелдінің тісі ғана ақсияды.

- Қабеке, бүгін-ертең дендеп-ақ қалармыз, - дейді. Тұқым себуші Күләш Баймолдина сықпа құрттың біреуін аузына салып, екіншісін агроном Іргебай Орашовқа ұстата берді.

- Же, же, деймін. Өліп кетсең, жауабыңды мен берейін, - деп Күләш тақ-тақ етеді.

- Жо-жоқ. Өлуге ерте, - деп күлген Іргебай құртты ашырқана аузына салды. – Мынау құрт қой...

“Ә солай ма” дегендей сықақ жүзбен жымиып бара жатқан Күләш сеялка үстінен қол бұлғайды. Бригадир, агроном өздері қалды. Қабдуәли отыздан асып бара жатқан жігіт ағасы, он шақты жыл бойы жер жыртқан, егін орған, бесаспап механизатор, тәжірибе сабазы. Іргебай жиырма бір, жиырма екілердегі балғын жас, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылылық академиясының төртінші курс студенті, оқу озаты, қазір практикант, бөлімше агрономы. Біреуі қоңырқай, екіншісі ақ сары. Айналып келіп тірелетін жерлері – егісті біту, ертеңгі астық қамы. Іргебай албырт. Кейде шарасынан асып төгіліп, басқаның не ойлайтынын қаперіне де ілместен, есіп кетеді, бірақ сол мінезі жас бойына лайық секілді, іште жатқан күштің әлі қалыбына түспеген асау толқынындай.

Бригадирдің байсалды, ойлы қара көзіне өткір шегір жанарын қадап, соғып қалды.

- Қабеке, мен бәс тігуге барамын. Биыл молшылық жылы болады. Тыңайтқышты айтпағанда, мынаған құлақ асыңызшы. Дәл бүгінгі таңда топырақта жыл бойына қажетті ылғалдың алпыс проценті бар, алда қанша күн жатыр. Майы шығып жатқан қара топырақ мынау... жауын анау... Ох, биыл көрсетеміз, - деген Іргебай студенттік әдетімен Қабдуәлиді иығынан салып жіберді.

Бұл сөлекет мінезін өзі аңғарған да жоқ. Бригадир бір сөзді ұстап алды, ылғал молдығын әбден сезіп жүргенімен, әлгі цифрды білмеуші еді. Оқығанның аты оқыған деп түйді. Спортшы көйлегін киіп жүрген осы сидам жігіт Қабдуәлиге күн сайын ұнап барады. Сырты абыз, іші желқабыз жігіт-желеңнің бірі емес, жерді сүйеді, еңбекті сүйеді, ғылым тілін жақсы меңгерген. Алдыңғы күні совхоздың бас агрономының өзін ұрымтал орайдан отырғызып кетті ғой. “Шүйгін сайдың” сол жақ балағына дән түсісімен каток жүргізу керек.

Агроном Серәлі Қалыбаев басқаратын жүгерішілер отрядына кетті де, бригадир дала қосының үстін басып, “Қыспа тасты” жанай Қайыржан Қошановтың агрегаты сеуіп жатқан бөктерге тартты.

Күн тастөбеге шығуға қамшы бойы қалыпты. Әр жерде қалқыған бұлт шарбысы болмаса, аспан ашық. Ақ балтыр қайыңның бұтағы қызарып, көк атып келе жатыр, құс атаулы тойға дайындалғандай, шықылық әнге басады. Қабдуәлидің өз есебі өзінде, жүгері бұршақ демесе, екі жарым мың гектар жерде бидай егілді, бір секірсе, ар жағында төбесі көрініп-ақ қалады. Жұмыстың бел ортадан асқандығы болар, бүгін көңілінде қуаныш бар. Алпыс гектар бұршаққа арналған аудан арам шөптен тазаланып болған, егіп жатыр. Ал енді жүгерішілер отряды қауіпсіз. Анау “Сары адырдың” оң төскейінде жүрген агрегаттың тракторшысы Қайыржан Қошанов ер мұрынды, еңсегей бойлы жігіт. Даусы жуан, әрі қатқыл шығады. Сөйлегенде жанарын қадап, шегелеп, түйдектеп тастайды. Қабдуәли таянғанда, қалың қасын көтіреп қалып, бір алуан сыншыл ойын айтып салды:

- Бәтір-ай, бригадир екенсің ғой. Өзіміздің комсомолдың жігіттері ме деп бүйрегім бүлк ете түсіп еді. Мақтан емес, бригаданың сексен проценті комсомолдар, бақандай төрт агрегат солардікі. Тұқым себуді бірінші болып бастаған біз, кешегі газеттегі мәліметке қарап есептеп отырмын, аяқтайтын да біз.

Бейне бұл білмейтіндей тәптіштеген Қайыржанның соңғы сөздеріне бригадир езу тартты. Және оның өз басы жұмыстың тезірек дөңгеленгенін көп ойлады, әлдекімдердің келген-кеткенінде шаруасы жоқ. Ол ойын жасырмады да:

- Дұрыс сенікі. Мұң шағарың мен болған екем-ау.

- Мұң емес, сын.

- Көп сөзді доғар. Әне, машина келіп қалды. Тұқым алмаушы ма едің, - деп Қабдуәли тәжікелескісі келмей, үлкендерге тән ептілікпен сөз аяғын жіңішкертіп жіберді. Трактордан секіріп түскен Қайыржан машинаның сеялкаға таяп келуіне қолын көтеріп белгі берді де, қайта сөйледі.

- Олар бастама десе, аттарын борбайлап шабады. “Бурабай” совхозында қоғамдық негіздегі техникалық совет құрылыпты - өте жақсы. Ал біздің тартпада тракторлардың паспорты әлі жатыр. Оны бухгалтер толтыру керек. Шынтуайтқа келгенде, техника заңды түрде бізге әлі бекітілген жоқ. Егіс бітсін, өзім іздеп барып тұрып, шаңырақтарына қобыз ойнатпасам...

Қайыржанның қажырлы жүзінен қызыл арай сәуле көрген келіншегі Күлзия үнсіз жымияды.

- Қызықсың, Қайыржан. Бұларды Қабекеңе неге айтасың. Қазір кімнің селеңдеуге мұршасы бар. Солар ойнап жүр деймісің, басқа совхоз да бар, - деген әйелінің сөзін аяқтатпастан анау тракторын дар етікізіп жөнелді.

Агрегат сеуіп барады. Ақырғы гектарлар. “Қызылжалдың” төбесінде қара топырақты керзі етігімен тертіп басып, күнге қарап бригадир Қабдуәли тұр.

ТОҒЫЗЫНШЫ НОВЕЛЛА


- Азамат, - деді “Үлгілі” совхозының директоры күректей жалпақ алақанымен қысып-қысып жіберіп.

- Алдағының жүгі ауыр. Бекін, - деді “Коммунизм жолы” совхозының директоры жарысқа шақырғандай қатқыл үнмен. “Коммунизм”, “Алға” совхоздарының директорлары да орындарынан тұрып, ұмтыла берді.

Ал Секен Ыдырысов күн қақты болып, бозаң тартқан көне шляпасын кешегі соғыстан аман қалған сол қолының екі саусағымен қысып, оң қолымен шашын салалаған бойда күліп тұр. Маңдайындағы, көзінің айналасындағы шыт-шыт әжім бір жазылып, бір жиырылады, әсіресе дауыстап күлген шағында, ирек сызық созылып бара жатады. Ұзын коридордың сол жақ бүйірінен қарлығып шыққан қатқыл дауыс естілді:

- Кіріңдер.

Хатшы тарс-тарс етіп, кабинетке еніп жатқан совхоз директорларына, мамандарға оқыс бұрылып қарап қалып еді. Мына дені кесек бітімді, ер жүзді адамдардың қазіргі сырт пішін, киім пошымдары бөлек: керзі етік, қарабайыр китель, қаудыр сулық, - мұның бәрі солардың бүгінгі қам-қимылының айны-қатесіз айғағы секілді. Тек тотыққан деуге келмейтін, күнге күйіп, желге қағылған, жауын шайған жүздер сом болат іспетті, қара нар қайратын атқандай батыл. Аз аялдап қалған Халықов, кішкентай кіріспеден соң, тиянақты бір сөзін айтты.

- Алғашқы бес күндікте егін орудан “Дала” совхозы бірінші орын алды. Ту қайда? Ауыспалы Қызыл туды әкеліңдер, - деді.

Жақсылық жата ма, жұрттың алды бұл хабарды бағана машинадан түсер-түспестен біліп алған, “Даланың” директоры Секен Ыдырысовты біреуі құттықтасс, екінші “Мақтан аулы алыс, көрерміз әлі” деп қарсы қамшы сілтеген. Жиын үстінде көп дүние төбесі көрінді. Кейбір совхоздар алғашқы күннен мимырт. Комбайндар түгел жүріп кете алмай тұр: электр жабдықтары жетіспейді, аккумуляторлар мардымсыз, реле, подшипниктерді ат мініп іздесең де таба алмайсың. Хатшы бір стақан суды қылқ еткізіп жұта салды да, залдағыларға қарады:

- Биылғы құлшыныстай тегеурінді көрсем не дейсіңдер. Кереметтің өзі. “Үлгілі” совхозындағы комбайншылардың қимылын айтсаңдаршы. Биылғы жыл ерлік жылы болуға керек, - деді.

Директор атаулы үйнсіз ойға батады, әрқайсысы әуелгі сөзді мақұлдап отыр, дәл биыл бойкүйездікке жол жоқ, дәл биылғы егінді мезгілінде жиып алмау... жоқ, ондай сөзді айтуға ауыз бармайды. Сонда орақ басталмай жатып комбайндардың тұруы деген не сұмдық. Секен Ыдырысовтың “Астрахань” совхозы директорына көзі түсіп кетті, анау төмен қарап отыр екен. Халықов сөйлеп тұр. Күн райы бірде бетін берсе, бірде сыртын береді. Сондықтан да астық тағдыры комбайншылар қолында.

Иә, хатшы дұрыс айтады, барлық кілт штурвалда тұрғандар қолында. Секен Ыдырысов бүгінгі жұмыс күнін еске алды...

Тұрған бойда қол-аяғы сырқырағандай еді, Отан соғысы сұрапылында ет пен терінің арасына, сүйек-сүйек жықпылына кіріп алып, шықпай қойған ежелгі дімкәсі. Жолға түсіп, машина соққан соң, құрылысы жазылып, денесі сергігендей болып отыр. Түндегі сабалақ жаңбыр көк соқтасын шығарып кеткен, әлі кеуіп үлгірмеген, кей аралықта еңкейе бастаған егінге қарап Сәкен Ыдырысов қабағын шытады: “Ойпырым-ай, мына күн қайтеді өзі!” Төртінші бригаданың алқабы аса қауіпті екен. Машина солай бет түзеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет