ДӘн бірінші дәптер Пролог



бет12/12
Дата05.11.2016
өлшемі1,91 Mb.
#675
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ОН СЕГІЗІНШІ НОВЕЛЛА


Бакенбард қойған, күн май тоңғысыз жылы болса да жағасын көтеріп алып жүретін көп сыптығыр жігіттің бірі емес пе еді, мына Алпысбай Малдыбаев. Сынық амандасып, ізетпен жымиятын механик еді бар болғаны. Сөйтсе де келбеті бір бөлек: тегінде, Репиннің күші сыртқа тепкен казактары бар ғой, соған ұқсайды, әсіресе алға қарай томпия біткен маңдайы мен кере-қарыс шықшыты.

Бір сәт ойланып кеткен Владимир Данилов ұйқыдан шошып оянған адамдай, басын қалт еткізіп көтеріп алды.

Малдыбаев әлі сөйлеп тұр, шеті ақжем блокнотын ашып тастағаны демесең, оған көз қиығын да салмайды, жатқа соғады.

- Ат үсті, немкетті емес, шұқшия қадалып, барлай тексердік. Промспецтройдың механизмдерді пайдалануы нашар. – Малдыбаев жарты стақан суды көмейлете бір-ақ құйды. – Мұның ең басты кінәраты еңбекті дұрыс ұйымдастыра білмеуде. Мысалы...

Жалғанда кемшілігіңді өзіңнен мүшел кіші көп көзінше шыжғырып айтып жатқаннан ауыр не бар екен деп ойлаған Владимир Данилов терең күрсініп қойды. Шағын дүние болса бір сәрі-ау, ал мына бас-аяғы ат шаптырым, ішінде жөпшеңгі кісі адасатындай өңкей айбақ-сайбақ тұрба, қабырға ормандарының ортасында сапсалғыдай жұмыс істей қоймадың деп қадалуын мына “баланың”. Ал, керек қылсаң, Малдыбаевтың шоқпары артында екен ғой, төбеден шүйілді.

- Даниловтың участогы ең ауру буын. Көзі отыр ғой. Кеше неше экскаватор жұмыс істеді. Үндей алмайсыз. Төртеудің біреуі-ақ. Экскаваторлар сыныпты, өздері білмейді екен, кәрі қасқырлардан сұрап алса, қайтетін еді. Бір күн – айтуға аз, соның ғана зардабынан қанша зиян шегетінімізді әрқайсымыз сеземіз.

- Тексеру ерте басталып еді. Даниловтың участогына келдік. Ғажап, шоферлар карта соғады, анекдот.

- Жұмыс қайда? – дейміз.

- Қашан путевка жазылғанша, Миша мұз мұхиты үш айналар. Жоспарларында дүмбілез қалып басым, нақты жағдайға байланыстыру шамалы, басқа бригадалармен ағайындасу көрінбейді, әрине, сондықтан да істері мардымсыз.

“Промспецстройдың” бас инженері тұнжырап кетіпті. Бұрын “алып құрылыс, ұсақ-ұсақ кемшілікті жоямыз” деп сипай тарап қоя салмаушы ма еді, тәйірі. Енді мынау. Қаулы алынды:

1. “Промспецстрой” участоктарында механизм орынды пайдаланылмайтындығы ескертілсін.

2. Даниловтың участогының жұмысын партия жиналысында қарау сұралсын.

Орнынан ауыр көтерілген Владимир Даниловтың ойы астан-кестен. Адам байқамайды, кім білген, түймедей көріп жүргені түйедей екен, жуас дегені жуан шықты. Басында, тіпті көзге ілді ме. Жай, қоңыр ғана, қабырғалық үгіттің бір түрі көрді.

Ол осыдан үш-төрт ай бұрын әкеп іліп қойыпты, “Найзағай” “Жолдас Данилов, таңертеңнен екі машинеңіз тырп етпейді, ай қарап тұр ма”. Бала-шағаны сескендірмесе, сынның дойыр қамшысы болмаса, анау-мынау бопсаға Даниловтың қаражоны бүлік етер ме екен.

Енді ше. Мынау “Комсомол прожекторы” дегенің күшейіп-ақ кетіпті, салмағы, тіпті тізесі қандай еді, қой, байқау керек шығар, Данилов ойланып барады.

Кен байыту фабрикасы құрылысындағы “Комсомол прожектор” штабының бұл әдеттегі жұмыстарының бірі ғана. Рудный аймағында осы штабтың қызық істері ауызға алынып, үлгі есебінде сөйленеді. Кен байыту фабрикасы бірнешеу, соның алғашқы кезегі жұмыс істей бастаған, қазіргі барлық күш СССР-дегі тұңғыш кесектеу фабрикасы құрылысына төгіліп жатыр.

Штаб бәкене ғана вагонеткаға орналасқан, біреу кіріп, біреу шығады, терезеден бәрі көрініп тұр: алып мойындары сорайған крандар, ту биікте жүрген монтажшылар, темір пісіргенде шашыраған жұлдыз оты. Штаб мүшесі, жиырма бестердегі жігіт қарындашын тістеп, кірпік қақпастан ойланып қалыпты. Ол қазір карикатураға сөз жазуды мүлде ұмытып, басқа дүние құшағына еніп бара жатқандай. Көзі сонау мұнара басында.

Кесектеу фабрикасының беломыртқасы іспетті биіктігі 40 мертлік қабырға көтерілді. Осы алыпты қаз тұрғызған бригада ұшар төбеде тұр. Жігіт күбір ете түсті. Өмірдің өзінен жаңа бір өлең туа бастап еді.

- Жаңбырбай, - деді штаб бастығы Алпысбай Малдыбаев өлең жазып отырған жігітке, - бітсеңші.

- Үйлі-баранды Жаңбырбайдың қазіргі келбеті балалық уызынан арылмағандай, шуақ нұр бар, ішкі қызуы жүзіне теуіп тұр.

- Алпысбай, мен басқа жыр жазып кеттім, - деп Жаңбырбай кінәлі адамдай ақырын үн қатады. Малдыбаев күліп жіберді.

- Ой-бой, ақындарға қалдық қой, әйтеуір. Бірің қонаққа барып дүниені шулатып келсең, екіншің комсомол жұмысын істеу орнына махаббатты жазасың.

- Мен қазір, қазір... Жаңбырбай абдырап, асығыс қипақтап қалды.

Малдыбаевтың асықтыратын жөні бар. Кеше кезекті жорық жасалған. Соның қорытындысын шығару керек. Қазір даурықпалықтан арылып, күн санап жақсы бір арнаға түсіп келеді. Оны жігіттердің өзі де байқайды. Алғашқыда неден бастап, неден қоярларын да білмеген еді.

Осыдан бір апта бұрын болса керек, қалалық комсомол комитетінің хатшысы телефон соқты.

- Сүйінші!

- Ал.

- Құрықты алысқа сермейтін болған екенсіңдер, жарайсыңдар. Москва заводы қажетті заттарды жіберіпті. Бізге телеграмма келді.



Рас, әркім нақты істермен бағаланады, ал штаб бастығы политехникалық институттың сырттай оқитын студенті Алпысбай Малдыбаевтың комсомол прожекторы туралы көп пікірімен орайлас бір алуан ойы бар:

- Меніңше, прожектор тәрбиенің жаңаша мектебі тақылеттес. Мінің болса, жақын-жуық арасында ғана емес, айдай комбинатқа, қалса бүкіл Рудныйға әйгілей әшкерелейді. Табысыңды көрсетеді. Мынадай жағдай болды. – Малдыбаев қалың папканың ішінен бір протоколды алды.

- Сол жиналыс көз алдымда әлі тұр. Машинист Алдан Бөрібаев салынып ішкен, жұмыста итересалмен жүрген.

- Маскүнем керек емес, бетімізге салық, атымызға кір келтірді, шығарылсын.

- Түзелмейді, шығарылсын. Осындай қатты дауыстар әр жерден шығып жатыр.

Бөрібаевтың бетіне қарадым, төмен салып тұрған көздерінен екі тамшы тырс етіп, еденге домалап түсті. Еркектің жылағанынан ауыр не бар... Қайдан білесің, сол сәтте оның кеудесінде намысы күйіп, жер шұқыды ма, үйіндегі келіншегінің жүзіне қалай қараймын деп жүрегі жаншылды ма.

- Жолдастар, тағы бір апта байқасақ, - деппін мен, құтқарушысындай көріп кеткен Алдан жалт қарады, көзінде сенім, сезім бар екен...

Адамның ішін тануға пейіл салатын комсомол жетекшісі Алпысбай Малдыбаев есінде қалып қояды. Түрі Репиннің әйгілі суретіндегі казактар секілді.


ОН ТОҒЫЗЫНШЫ НОВЕЛЛА


Сарыбайдың ашық карьері. Тау-тау топырақ, төбе-төбе кен. Ауыр дөңгелекті не сан машина ұланғайыр, байтақ қазан шұңқырдың белдеу-белдеу, сақина-сақина кемерлерінде тұрған түрлі экскаваторлардың апандай үлкен болат шөмішімен бірер құйғаннан толады, кейде белдері қайқайғандай, бейне ауырсынғандай болып, өрге қарсы гүжілдей тартады. Мөлшерлеп айтқанда, аумағы тай шаптырымдай алаптың қалың қыртысы қопарылып, тереңге мегзеген қабат-қабат темірлі кен жүлгесі алынады. Анда-санда жер арқасын дірілдете жарылған қуатты қопарылыс естіледі.

Бойы бәкене, жүрісі ширақ жиырма төрт-жиырма бестердегі жігіт екінші карьердің үшінші участогына қарай асыға адымдап бара жатыр еді. Төрт текше метрлік шөмішті экскаватордың кабинасынан жаңа ғана түскен жалпақ бет, мосқал машинист, анадай жерде, тас үстінде отырған қоңыр қалпақтыға:

- Танисың ба, ананы? – деп, өтіп бара жатқан жігітті нұсқады.

- Сырттай. О не керек?

Жалпақ бет күлді.

- Бір жапырақ болып, бойына қарамай өзінше жаңашыл ол. Кеше жиналыста мінбеге шығып алып соқты дейсің. “Күш жетеді, мүмкіндік мол, неге тартынамыз, комсомол-жастар бригадасын құрайық... Пәлен де түген, артта қалған участок берсе тіпті жақсы... Тайынбаймыз біз”.

- Дұрыс айтқан. Ондай бригада құрса, мен де барар едім, - деді қоңыр қалпақты.

Мосқал машинист итініп кеп тұрды. Көзінің айналасындағы шеңбер-шеңбер әжім жыбырлағандай ма, немене.

- Володька, - деді. – Сол шолақ белсенділік неге қажет. Ол көйлек бола ала ма, ол тамақ бола ма. Одан да көбірек тиын жасағаннан артық не бар. Кәне, өзің, ойлашы, Вежлев. – Жалпақ бет машинист көмекшісімен емес, бейтаныс басқамен сөйлескендей-ақ, фамилияға ауысып кетті.

Владимир Вежлев қолындағы сигаретті құшырлана бір сорды да, лақтырып жіберді.

- Александр Петрович, - деп машинистің бетіне тіктей қарады. – Кешір, мен сені еңбектің торысы екекн десем, тиын құмар ма едің. Елуді еңсергендерді қайта тәрбиелеу әуресіне түспеймін. Бірақ менің жолым бөлек.

Владимир әжептәуір жерге кетіп қалған жаңағы жігіттің соңынан тұра жүгірді. Александр Дроздов жымиып тұр.

- Бозбастық. Бәріміз де сенше бұлқынғанбыз. Басыңа тас тигенде, көрер ме едім, сайрағаныңды...

Оның сөзін Вежлев естіген жоқ, әлгі жігітті өкшелеп қуып жетті. Күлімсіреген күйі.

- Таныссақ қайтеді, - деді.

- Несі бар, танысайық: Ақбек Көмеков, - деп қолын ұсынды.

- Владимир Бежлев.

Екеуі бұдан әрі не дерді білмегендей сәл үнсіз тұрып қалды. Владимир Вежлев Ақбек Көмековтың түзу түскен, қырлы, шешімді мұрнын, дөңкіл маңдайын, ұзын кірпікті, отты көзін, сұлу тұлғасын тез шолып өтті де, іштей разы болғандай пейілмен бірінші болып сөз бастады.

- Идея тамаша екен. Бір жақтаушың мен болайын. Экскаваторда істей бастағаныма екі жыл.

Ақбек қуып келіп танысқан жігіттің қандай шаруасы болуы мүмкін деп ала көңіл күйде тұрған қалпынан тез жадырап:

- Жақтаушы ғана емес, аяғына дейін жеткізушінің бірі болсаң ғой, - деді жұлып алғандай. – Сен, сірә, Оразовтың бригадасында емеспісің. Бәтір-ау, Сарыбай болғалы келе жатқан мықты емес пе ол. Табыс та мол ғой сендерде. Шын қиып кете алсаң жақсы.

Владимир қабағын шытып, жақтырмай қалды.

- Табыс... табыс. Жетпей жатқан не бар менде. Біріңнен соң бірің... Табыс... табыс.

Ақбек сынағандай, мысқылды шыраймен қалт тыңдап қапты. Асығыс сағатына қарады да:

- Менің сменам басталуға он бес-ақ минут қалды. Бәрібір қазір шешілер әңгіме емес. Ертең комсомол комитетіне түскі он екіде кел. Өзің бар, мен бар, басқалар бар, - бригада жайын сонда сөйлеселік.

- Келістік қой. Кездескенше.

Жұмыс аяқталып, Вежлев күндегідей автобусқа Дроздовпен бірге отырды. Талайға дейін үнсіз томсарған Александр Петрович кенет:

- Владимир, әлгі кездесуіңнің қорытындысын айтпадың-ау, - деді. Даусында жарықшақ кекесін бар-ды.

- Е, айтсам, айтам. Сәті түссе, ертеңдер менімен қоштасасың. Жастар бригадасына кетем.

Дроздов автобустағы жұрт тұтас естісін дегендей дауыстап күле сөйледі.

- Ойпырмай, ә, экскаваторшы көмекшісі табылмай қалар ма екен.

Біреулер жақтырмай қараса, екінші біреулер Дроздовпен қосыла күлді.

Комбинаттың ең салиқалы машинисі, өздерінің бригадирі Николай Кузьмич Афанасьевтің бағанағы сөзі сменадан қайтып келе жатқан Ақбектің қайта-қайта ойына түсе береді.

Түнгі Рудный ауасы салқын. Қала тыныш, сергек ұйқы құшағында. Қонақ үйдің тұсында автобустан неге түсіп кеткенін Ақбек өзі де байқамай қалды, сірә, осындай ой тербеген шақтарда адамның жаяу жүргенді, оңаша өз-өзімен кеңескенді ұнататын әдеті бар ғой.

Әрине, Николай Кузьмич жастар инициативасына сенеді. Бірақ көпті көрген көне көзжұмбай тәуекелден гөрі, есеппен шыққан тура жолды артық санайтынын неге жасырсын. Бір сөзінде “Бригада деген желеумен қызып кетіп, әлдекімдерден бас құрасып, ертең экскаватор норма бере алмай жатса, ол да масқара”, - деген.

Иә, Ақбек Көмековты қинайтын да осы тұс. Әйтпесе өзіндей кілең жастан не шикілік шығады. Ықылас, татулық болар-ау. Дегенмен экскаватор ойыншық емес, ол 2000 текше метрді әр сменада беріп отырса...

Комсомол комитетіне жиналғанда Ақбек бұл күдігін, өзін мазалаған қауіптерді ортаға салған жоқ. Басқа жігіттердің аңысын бағып, көп райынан ой түйіп отырды. Шіркін, алаулап тұрған он тоғыз жас-ай десеңші! Жаңа ғана жұмсақ орындықта тыныш отыр еді, бір сөздің тұсында шелек танауы делдиіп ұшып түрегелді.

- Экскаваторшы іштен тумақ па сонда. Әлде Афанасьев ерекше ме екен. Мен оның жұмыс тәжірибесін бажайлай көрсететін бюллетенді оқыдым. Гәп секунд санауда екен. Жұмыс кезінде Николай Кузьмич бір сәтті де бос жібермейді екен, - деп Ержан басын ашулана бастағанмен, аяқ жағында экскаваторды шапшаң, өнімді пайдалану жайына ойыса берді.

Ақыр, комсомол комитетінде бас қосып, сол жерде серттесіп, уәде байлаған жігіттер 104 экскаваторды алатын болды. Көп ұсталған қылтың-сылтыңы көп, ескі экскаваторға жастар бригадасы күшін салмақ...

Өз жігіттерімен Ақбектің оңаша қалғаны осы. Алыстан әкелген сәлем-сауқатты көк ала чемодан ішінен шығарып беріп жатыр. Түрлі түсті жапон қаламын суырып:

- Володька, - деді Велевқа, - мә, мынау саған, қыздарға хат жазғыш едің. Осы қалам көмектеспесе.

Ержан Сейфуллин:

- Қане, маған не әкелдің, маған, - дейді.

- Футболисім-ау, саған значоктан басқа не әкелуші едім.

- Аңшы ғой деп Серік саған су өтпейтін плащ әкелдім, - деп Нұрмұхамедовқа саудыратып итальян сулығын берді.

Қою шайды сіміріп отырған Володя қарқылдап күліп жіберді:

- Сен, немене, Ақбек, бүкіл Лейпциг жәрмеңкесін осында көшіріп келгеннен саумысың. Одан да сол Германиядан көргеніңді айтшы.

Диванға бір шынтақтай берген Ақбек ақырын жымияды.

- Ойпыр-ай, таңертеңнен сол Германия әңгімесін шертіп отырмыз ғой. Өзгерген, жасарған, жаңарған Германия бізді бауыр, дос раймен қарсы алды.

- Бухенвальдты көрдің бе? – деді Ержан.

- Көрдік.

Жігіттер қаумалай түсті. Қабақтары түйіліп кеткен, жүздерінде суық ыза тебіндеп келеді.

- Айтшы! Бухенвальд туралы айтшы!

Ақбек тартылып бітпеген шылымын күл салғышқа тастай салды. Қатты шытынап, есіне әлденелерді түсіргендей болды.

- Қарғыс атсын сол Бухенвальдты. Өлңм лагері. Тұтқындағылар үшін 58 мың гектар жер болған екен. Соғыс жылдары 32 ұлттың сан мыңдаған ұл-қыздары сонда азапты өлім тапқан, масқара қорлық көрген. Өлім бункері тұтқасын ұстаған Зуммер дейтін қарақшы жендет бүгін тірі дейді. Батыс Германияда әлі де тайтаңдап жүрсе керек, - деген шақта Ақбектің түсі қатты суып кетті. – Қайсыбірін тізе берем, 8 өлім пеші айлар бойы тынымсыз бұрқыраған, кремаорийларда адам өртелген. Тек ол сұмдық енді қайталанбасын деңдер.

- Иә. Сұмдық трагедия...



Жігіттер томсарып қалды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет