Дәріс № 22 Дәріс тақырыбы: Педагогтік әдеп және педагогтық тактика құрамдастары Адамдық қадір-қасиетті құрметтеу.Ықпал жасау шамасы. Шешімге келу.
Көңіл қалдырмау. Оқушымен жеке әңгімелесудегі мінез-құлық.
Оралымды жолдар. Білімді бағалау. Көңіл күйі.
Дәріс мақсаты: педагогикалық этика мен такт туралы білім, білік, дағыдыларын қалыптастыру. Дәріс мәтіні 1.Көңіл қалдыру – адамдардың өзара қарым-қатысындағы бәлекет көзі. Ол ызаны қоздырады, кек тудырады, достарды араздастырады. Мектепте ол, атап айтсақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы көптеген қайшылықтардың, байлансытардың жоқтығының себепшісі. Көңілі қалған оқушы өзінің көңілін қалдырған мұғалімнің ешқандай талаптары мен кеңестерін іштей қабылдамайды. Көңіл қалдыру мұғалім мен оқушы арасында өзіндік психологиялық кедергі, ұзаққа созылатын психологиялық сыйыспаушлық тудырады. Көңілі қалған оқушы сырттай болмағанмен іштей сізге қарсы, ол сіздің шынайылығыңызға сенбейді, сіздің сөздеріңізге сезікпен қарайды, сіздің қайырым-ілтипатыңызға күмән келтіреді, сізден көңіл қалдырар жаңа қылық күтеді. Мұндай оқушымен байланысты қалпына келтіру қиынға соғады, бірақ ол бір кездерде өзінен-өзі қалыптасып кетеді деп күтуге де болмайды. Көңілдің қалуы әмәнде ізсіз өтпейді. Мұғалімнің өзінің кінәлі сіз бе, әлде оқушы ма, кінәлілігі үшін кешірімді оқушы бұрынырақ сұрай ма, әлде сіз сұрайсыз ба, тым санасып жатудың қажеті жоқ. Бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан: кім әдептірек, кім тәртіптірек болса, кешірімді сол бірінші сұрайды. Оқушыдан дер мерзімінде кешірім сұрамау оны мұғалімнен жырақтатады, онымен ішкі байланысты салқындатады.
Оқушымен жеке әңгімелесу кезіндегі мінез-құлық. Оқушымен жеке сөйлесу – мұғалім шеберлігінің көрсеткіші. Ондай әңгімеге сабақтан кем дайындалмау керек. Оның жоспарын, барысын, өзіңіз оқушыға қояр сұрақтарды, сонымен қатар ол тарапынан болуы мүмкін сұрақтарды, ол сұрақтарға жауаптарды, сіздің сұрақтарыңызға оның берер мүмкін жауаптарын ойластыру қажет.
Әңгіменің аяқталу варианттарын міндетті түрде ойластырыңыз. Бәлкім, сізге оқушымен әңгімені “кешеуілдетуге”, кейінге қалдыруға тура келер. Сондықтан тиісті сылтауларды ойластыру қажет. Бұл – мұғалім айқайлап, оқушы үндемейтін, былайша айтқанда, екі жақ та өз пікірлерінде қалатын әңгімеден құтылуға көмектеседі. Бұған қолайлы жағдайда ғана қол жетеді. Ал әңгіменің қиюы келіспеген жағдайда оқушы өз қылығын ертеңіне, енді өз мұғаліміне ерегісіп, әдейі қайталауға бел байлайды.
Кінәлі оқушымен әңгіме барысында оның алдын-ала қорғану тәсіліне көшетінін және ол жай, қайшылықсыз жағдайда ықыласпен мойындай салардық дәлелдердің өзін жоққа шығаруға тырысатынын ескеру керек. Оқушы сіздің логикаңыз, сіздің өзіңізге әбден орынды көрінетін дәлелдеріңізге құлақ асудан гөрі, өзін қалай ақтаудың және осы әңгімені тағы қанша уақытқа созу жайын ойластырады. Егер мынадай тактикалық тәсіл қолдансақ: оқушының позициясына көшсек, не болар еді? Онда оқушыға қорғанудың қажеті болмай қалады да ол бар назарын мұғалім логикасына аударатын болады. Ал мұғалім болса, оқушы позициясынан дәлелденуі оңай, олқы жерлерін таба алатын болады. Оқушы позициясын бұзбауға, оның дәлелдерімен келісуге де болады, бірақ әңгімені, олқылықты оқушының өзі мойындайтындай логикаға тіреу керек.
Мұндай жолдар өте көп болуы мүмкін олардың педагогикалық әдепті бұзуға жетейлейтіндерін қолдануға болмайды.
Оралымды (тікелей емес) жолдарды пайдалануда педагогикалық әдеп педагогикалық тактикамен ұштасады. Әрине, сіздер, педагогикалық тактика, біз қандай бір тәрбиелік әсер ету шараларын қолдансақ та ол әрқашанда оқушыларға тәрбие беру мүддесіне бағындырылуы керек деп түсінесіздер.
Оқушыларға тікелей ықпал ету ылғи да тиімді бола бермейтіндігі белгілі. Ең жақсы тәрбие – оқушыларды өздеріне білдірмей, ықтиярымен тәрбиелеу. Басқа бірегей жағдайларда оқушылар үшін “”мен сені үйретейін деп тұрғаным жоқ
Деу, “бар да оқы” дегеннен тәуірірек. Оқушылар мұғалімнің турашылдығын тұтас қабылдайды, бірақ оның тікелігін жатсынады. Сондықтан да оқушы “кездейсоқ” кездесулер мен әңгімелесулерде мұғалім алдын-ала белгіленген әңгімемен салыстырғанда өзін неғұрлым еркін ұстайды, сенгіш келеді. Оқушылар бұйрық, кеңес, құрғақ ақылдан гөрі өтінгенді жақсы қабылдайды. Мұғалімнің еппен, әдеппен аяғына дейін айтып шықпаған ойларын олар өз ойларындай көреді, ондай ойлар оқушы көзқарасына айналады. Осы тақылеттес, бірақ тіке, оның үстіне үзілді-кесілді айтылған ойды оқушылар қабылдамауы да мүмкін. Әдепті педагогтың оқушылары өз қалағандарын істейді, ал олары мұғалімге керектігінің өзі болып шығады.
Әдепті мұғалім оқушылардың бастама көрсетулерін шектемейді, тіпті қателікке ұрынарын сезсе де, оқушыларға күмәндана тұрып, сенім білдіреді. Әрине, оның тіктеу келетін кездері де болады, бірақ мұндай жайт мейлінше сирек ұшырасады. Әдепті мұғалім талап қойғыш, бірақ қазымыр болмайды. Оқушылар дәл осындай талап қойғыштық көбірек ұнатады.