Сұрыптау әдісінің түрлері.Сұрыптау өсімдіктер селекциясының негізгі әдістерінің бірі болып табылады. Сұрыптау әдістері өсімдіктің белгілі бір түрінің көбею формасына байланысты. Сұрыптау -жаппай және жекеболып екі негізгі формаға бөлінеді.
Жаппай сұрыптау дегеніміз бастапқы материалдан селекционер үшін тиімді белгілері бар особьтар топтарын бөліп алу. Жаппай сұрыптау айқас тозаңданатын өсімдіктерге жиі қолданылады. Қарабидайдың көп тараған (мысалы Вятка сорты) сорттары осы жолмен шығарылған. Жаппай сұрыптау арқылы біртекті генотиптік материал бөліп алуға болмайды, өйткені айқас тозаңданатын өсімдіктер популяцияларында әрқашан да көптеген гетерозиготалық особьтар болады. Жалпы сұрыптау әдетте келесі бірқатар ұрпақта әлденеше рет, кейде бір рет қолданылады.
Жеке сұрыптау адамдардың назарын аударатын белгілері бар және олардан ұрпақ алуға болатын жекелеген особьтарды бөліп алуға негізделеді. Ол да бір реттік немесе қайталанбалы бола алады. Бұл әдіс өздігінен тозаңданатын (бидай, арпа, сұлы) өсімдіктерге қолдануға қолайлы. Өздігінен тозаңданатын бір особьтың ұрпағын таза линия деп атайды. Жеке сұрыптау өздігінен тозаңдану арқасында гомозиготалық формалардан тұратын таза линия бөліп алуға әкеп соғады. (Гетерозиготалар санының кеміп, гомозиготалар санының артуына әкеп соғатфн моногибридтік шағылыстыруды естеріңе түсіріңдер). Жеке сұрыптаудың нәтижесінде бір немесе бірнеше гомозиготалық таза линия болып табылатын сорттар алынады. Алайда таза линия ішінде де мутация болып гетерозиготалы особьтар кездеседі. Вегетативтік жолмен көбейетін өсімдіктер сорттарында шаруашылыққа пайдалы блгілері бар кез-келген гетерозиготалы форманы сақтап, көбейтуге болады. Жынысты жолмен көбейгенде гетерозиготалы особьтардан тұратын сорттардың қасиеттері сақталмайды және олар ажырай бастайды.
Сұрыптаудың тиімділігі.Бастапқы материал неғұрлым алуан түрлі болса, сұрыптау да соғұрлым тиімді болмақ. Гибридтендіру, әр түрлі географиялық аймақтан шыққан өсімдіктерді пайдалану, әр түрлі сыртқы факторлармен әсер ету арқылы мутациялық өзгергіштікті жоғарылату селекцияға арналған материалдың алуан түрлілігін арттыруға себепші болады. Сұрыптаумен ұштастыра жүргізілген будандастыру – селекция жұмысының тиімді жолдарының бірі. Бастапқы материалдың тұқым қуалайтын алуан түрлілігі аз болса, сұрыптаудың тиімділігі де шамалы болмақ. Гендердің көбі гомозиготалы болып келетін таза линияларды сұрыптаудан іс жүзінде ешбір нәтиже шықпайды. Бұл жағдайда мутация ғана тұқым қуалайтын өзгерістің көзі болуы мүмкін.
Өздігінен тозаңданатын өсімдіктерде сұрыптау әдетте тұқым қуалайтын құрамы әртекті бастапқы популяциядан таза линия бөлініп алынғанға дейін ғана тиімді болады. Бара – бара оның әсері жойылады. Линия қасиеттерін өзгерту үшін гибридтендіреді, ол комбинациялық өзгергіштікке әкеп тірейді. Бұдан сорт генотиптерінің құрамы әртекті болып, сұрыптау қаййтадан тиімді болып шығады.