Дәріс Жоғарғы мектепте информатиканы оқыту әдістемесіне кіріспе



бет1/6
Дата01.12.2016
өлшемі1,95 Mb.
#2915
  1   2   3   4   5   6
Дәріс 1. Жоғарғы мектепте информатиканы оқыту әдістемесіне кіріспе
Қомпьютердің пайда болуы адамзат қоғамына көптеген өзгерістер әкелді. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы және әлеуметтік экономикалық өзгерістер жас ұрпақты тәрбиелеуге жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Бүгінгі білім беруді жаңарту жағдайында оны ақпараттандыру басым мәнге ие болып отыр. Жалпы бүгінгі күні әлемнің барлық елдерінің қоғамдық даму негізі - білім, ақпарат және ақпараттық технологиялар болып табылады. Соған сәйкес өркениет дамуының қазіргі кезеңін ақпараттандырумен және ақпараттық қоғамды қалыптастырумен байланыстыру кездейсоқ нәрсе емес.

Қазіргі таңда республикамызда білім беруді ақпараттандырудың негізгі мақсаты – бұл қазіргі ақпараттық технологияларды қолдану негізінде біртұтас біліми ақпараттық орта құру арқылы мемлекеттік білім сапасын арттыру.

Оқыту жүйесінде ақпараттық технологияларды қолдану қазіргі таңда білім беруді жетілдірудің негізгі бағыттарының біріне айналды. Яғни, оқу үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану:


  1. оқу үрдісін жетілдіруде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың беретін мүмкіндіктері;

  2. бастауыш мектепте мұғалімдердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың мүмкін нұсқалары;

  3. ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақта қолдану үшін пән мұғалімі мен оқушыға осыған сай дағдылары мен білімінің болуы.

Қазақстан Республикасы «Білімді дамытудың 2011-2020 бағдарламасына» сәйкес ақпараттық қоғам құруға көшуде. Бүгінгі күні ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды қолдана білу қабілеті - қоғамның әрбір мүшесі үшін қажетті оқу, жазу біліктерімен тепе-тең саналуда.

Қазіргі білім беру электрондық оқытуға көшу жолында жер-жерлерде ақпараттық технологияларды - компьютерлер, программалар, ақпаратты сақтау және тарату құралдарын т.б. қолдануға негізделген. Ол өз кезегінде әр түрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінің түлектерімен қатар бастауыш сынып оқушыларының білімдерінің өзгерістерін жедел бақылауға мүмкіндік береді.

Расында, мектеп түлектерді қазіргі заман өндірісі жағдайында - ақпараттық технологияны қолдана алатын, өндірістік қызмет үрдісінде жұмысқа дайындауы керек. Бұл тек компьютердің тетіктерін басып, түрлі бағдарламалармен жұмыс жасау деген түсінік емес, ол ақпаратпен жұмыс жасай білу, ақпаратқа сараптама жасай білу, дұрыс сараланған шешім қабылдай білу, қабылданған шешімді соңғы нәтижесіне дейін жеткізу болып табылады.

Ақпараттық қоғамға көшу үрдісі ол ақпараттандыру деп аталады. Мектептер де қазіргі қоғамға сай болуы үшін ақпараттық технологияны қолданып оқыту негізіне көшуі керек. Сондықтан да білімді дамытудың басым бағыты ол – электрондық оқуға (e-learning) көшу мәселесі болып табылады. Осыған орай, білім беру мекемелерін ақпараттандыру мәселелері тек информатиканы оқытуды ұйымдастыру ғана емес, ақпараттық технологияларды қолдануды барлық пәндерді оқытуға тиімді қолдану, информатика кабинеттерінің осыған сай жабдықталуы және мұғалімдер мен оқушылардың осындай жаңалыққа дайын болуы.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану оқушылардың берілетін білімді игерулерулеріне айтарлықтай үлес қосады, сабақ материалын балаларға жеткізуді жақсартады, сабақты түсіндіргенде оның көңіл-күйлік, эстетикалық және ғылыми маңыздылығын арттырады.

Компьютерді сабақта қолдану оқушылардың сол пәнге, оқытушыға деген көзқарасын өзгертеді, тәртіп пен үлгерімді де жақсартады.

Ақпараттық технологияны қолдану арқылы пәнді оқыту: оқушыларға сабақ барысында мұғалімнің жалаң сөзін тыңдап қана қоймай, көптеген мағлұматты өз көзімен көру арқылы қабылданған ақпаратты есінде  жақсы сақтап қалуына мүкіндік береді. Пәнді оқыту барысында мұғалімнің оқушыларға қоятын талаптардың бірі: ақпараттық мәдениетінің дамуы, яғни:  ой-өрісінің дамуына, түрлі ақпарат көзімен жұмыс істей білу және оны оқушыларға түсінікті етіп жеткізу арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығы арттыру. Егер де, оқушының пәнге деген қызығушылығы жоғары болса, ол оқушының пән бойынша білім сапасының жоғары болуына әсер етеді.   

Бұл мұғалімнің жауапкершіліктері мен міндеттері немесе өмірлік жоспарларын жүзеге асыруда қосымша мүмкіндіктер алу, бостандықтың бір түріне қол жеткізуі, кәсіби өсуі, оқушыларға жақындай түсу, олардың алдында беделінің артуы, балалармен бірігіп атқаратын шығармашылық жұмыстар, компьютер экранында тірек-конспектісінің болуы, әдістемелік материалының электрондық түрде жүйеленіп сақталуы, басқалардың тәжірибелерін сабақ барысында қолдануға мүмкіндіктердің пайда болуы және т.б. Осының барлығы да мұғалімнің қажет деп тапқан жағдайында оңай қолжетімді болады. Ал, егер мұғалім ізденбесе, алдыға жылжу болмайтыны белгілі. Сондықтан, әр бір педагог алдында осы бағытта өз қызығушылығын тауып, барлық күдік қорқыныштарын артқа тастап, сол тақырып бойынша балалармен бірігіп тереңірек жұмыс жасау керек.

Бүгінгідей таңда, ақпарат стратегиялық ресурс болып тұрған жағдайда, қоғамның дамуы, қазіргі заман білімі бұл үздіксіз үрдіс екеніне көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта білім беру үрдісін заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып ұйымдастыру орынды болып тұр. Бұл жерде ақпарат көзі ретінде электрондық құралдар кеңінен қолданылады.

Модернизацияның негізгі міндеттері ол - бүгінгі мектеп білімінің сапасын арттыруға қол жеткізу. Білімді ақпараттандыру екі мәселенің шешілуіне көмектесуі керек. Білім бұл – барлығына және білімнің жаңа сапасы –әр қайсысына.

Бастауыш сынып үшін бұл білімнің мақсаттарын анықтатаудағы басымдылықтарының ауысуы: мектепте алғашқы сатыда білім алу мен тәрбиенің нәтижелерінің бірі ол – баланың заманауи компьютерлік технологияны меңгере отырып білім алуға дайын болуы.

Осыларды жүзеге асыру мақсатында бастауыш сынып мұғалімінің тәжірибелік қызметінде балаларды үйрету үшін білім беру мен тәрбие жұмыстарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың қажеттілігі туындады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың бастауыш сыныптардың сабағында қоршаған ортадағы ақпараттық ағында бағдар таба білуге, электрондық-техникалық құралдар арқылы ақпарат алмасуға, қажетті ақпаратпен жұмыс жасай білу әдістерін үйренуге мүмкіндік береді. Бастауыш сыныпта АКТ қолдану сабақты біржақты түсіндіруден екі жақты байланыс арқылы түсіндіруге ауысады. Бұнда оқушы оқу үрдісіне белсенді қатысу арқылы берілген материалдарды оңай меңгеруге мүмкіндік алады. Балалар «сабақты түсіну қиын деген» ойларынан оңай арылады. Бастауыш сыныпта АКТ қолдану мынадай мүмкіндіктер береді:



  • оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға;

  • сабақты жоғары эстетикалық дәрежеде өткізуге (әуен, анимация);

  • әр оқушыға түрлі деңгейдегі тапсырмалар бере отырып әрқайсысымен жекелей жұмыс жасау.

Осылайша, заманауи мектепте білім беруде оқу үрдісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану өзекті мәселе болып табылады. Бүгінгі күн мұғалімі өзі беретін пәні бойынша АКТ қолдана отырып сабақ дайындап оны өткізе білуі тиіс. АКТ қолдануымен өткізілетін сабақ бұл – түсті бояудағы көрнекі, ақпаратты, интерактивті, оқушы мен мұғалімнің уақытын үнемдейді, балаға өз жылдамдығында жұмыс жасауға мүмкіндік беретін, әр оқушымен жеке жұмыс жасауға ыңғайлы, білім сапасы мен нәтижесін жылдам және толық бағалауға да мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бастауыш сыныпта қазіргі ақпараттық технологияларды оқу үрдісінде қолдану оқушылардың білімді сапалы да шығармашылық деңгейде қабылдауларына мүмкіндік берумен қатар, олардың білімді енжар қабылдаушы ролінен осы үрдістің белсенді субъектісіне айналуына да қолайлы жағдай туғызады.

Бұл мәселені шешудің негізгі мақсаты білім беру үрдісін жетілдіру, бірыңғай білім беру ортасын құру, білім беру сапасын арттыру. Ол үшін мыналар қажетті:



  • әр түрлі пәндік салаларды интеграциялау;

  • пәнді оқытудың дәстүрлі жүйесін модернизациялау;

  • білім беру ресурстарын жинақтау;

  • мұғалімнің заманауи ақпараттық технологияларды игеруі;

  • тұлғалық-бағытталған оқутуды ұйымдастыру;

  • оқушы мен мұғалім, мұғалім мен мұғалім арасында шығармашылық өзара байланыс.

Бұл мақсаттарға жету үшін келесі мәселелер шешілуі тиіс:

  • оқушыларда заманауи ақпараттық технологиялар кеңістігінде бағыт-бағдар таба білу дағдыларының дамуы;

  • жүйелі-талдап ойлай білетін адамдарды тәрбиелеу;

  • оқушылар мен мұғалімнің шығармашылық бірлесіп жұмыс жасауына жағдай қалыптастыру және дамыту;

  • оқушыларда компьютерге деген танымдық құрал ретіндегі көзқарасты қалыптастыру;

  • білім беру қызметінің барлық бағыттары мен формаларында АКТ қолдана білу.

Болашақта отандық білім беруде басқа да білім беру формаларын енгізу қажет. Бүгінгі күннің өзінде барлық өзектілігімен АКТ негізінде қашықтықтан оқыту мәселесі тұр. Егер біз оқушыларымыздың расында жүгін жеңілдеткіміз келсе, онда бұның шешімін АКТ қолдану мен қашықтықтан оқытудан іздеуіміз керек. АКТ тек білім беру үрдісінде ғана емес тәрбие жұмыстары мен ұйымдастырушылық, әдістемелік жұмыстарда да қолдануды үйрену керек.
Дәріс 2. Қазіргі заман оқыту технологияларының теория-әдіснамалық негіздері

Мазмұны:

1Технология, педагогикалық технология, білім беру технологиясы туралы түсінік

2 Негізгі заманауи оқыту технологияларының сипаты
1 Технология, педагогикалық технология, білім беру технологиясы туралы түсінік
Қазіргі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жолында Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлесі қалыптасуда. Бұл үрдіс білім бағдарламасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Ол балаға өзін-өзі дамытуға, өзін толытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған.

Дүниежүзілік білім кеңістігіне кіру мақсаты көзделіп, еліміздің дамыған елдермен қатар тұра алатын өркениетті ел ретінде танылып, олармен білімі мен ғылымы, мәдениеті мен технологиясы теңесуі үшін маңызды істер атқарылуда. Мұндай өзгерістер білім беру жүйесінің даму бағыттарын 2011-2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында нақтылайды.

Білім беру жүйесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқыту үрдісін жетілдіру, оқушының танымдық қабілетін дамыту саналы деңгейге көтеру – бүгінгі күнгі күрделі мәселе. Білімді жеке тұлғаға бағыттау, оқушының өзін-өзі тануы, өзін-өзі тәрбиелеуі, ақыл-ойын дамытуы, яғни, жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу мұғалімдер алдына тың міндеттерді жүктеп, жаңашыл іс-әрекетке жетелейді.

«Технология» дегеніміз не?  Технология – tehne  (шеберлік, өнер, білім) деген мағынаны білдіретін грек сөзі. Академик В.М. Монаховтың айтуы бойынша: технология- оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы, оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты ойластырылған үлгісі. Ал педагог- ғалым Беспалько өзінің «Слагаемые педагогической технологии» деген еңбегінде былай дейді: «Оқу тәрбие процесінің алдын ала жүйелі түрде жоспарлануы және оның тәжірибеде жүзеге асуы – белгілі бір педагогикалық жүйенің тәжірибеде жүзеге асу жобасы».

        Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімнің алдына қазіргі таңда қойылатын талап өте үлкен болып отыр. Мұғалім өзінің инновациялық іс -әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, сол жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі пайдалану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруы қажет. Сонда ғана жаңа педагогикалық технологияларды меңгерген, өз практикасында қолданған  әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алады.

Мұғалім алғаш жаңа педагогикалық технологияларды: оқып үйренеді, екнішіден, меңгереді, үшіншіден, жаңа педагогикалық технологияларды тәжірибеде қолданады, төртіншіден, оны дамытып, нәтижесін тексереді.



Технологияның артықшылықтары. Әдістемеге қарағанда технологияның артықшылықтары көп.

Біріншіден, технологияда түпкі нәтиже дәл анықталады. Дәстүрлі педагогикада мақсатқа жету жолдары анық болмайды. Технологияда мақсат негізгі болғандықтан, оны дәл анықтауға мүмкіндік бар.


Екіншіден, мақсат диагностикаға сүйеніп қойылғандықтан, оған жету үшін істелетін жұмыстардың нәтижесі объективтік әдістер арқылы тексеріледі.
Үшіншіден, мұғалім дайындықсыз оқыту процесін жүзеге асыра алмайды.
Төртіншіден, әдістемеде сабақ жоспарлары - мұғалімнің жоспары, оқыту процесінде жұмыс істейтін мұғалім. Ал технологияда оқушылардың оқу іс-әрекетінің түрлері және мазмұны көрсетілген жобада жасалады. Әдістеме бойынша әр мұғалім сабақ жоспарын өзінше жасайды, демек сабақта оқушылардың іс-әрекеті де түрліше ұйымдастырылады.

Мақсат бізге керекті түпкі нәтиже, нәтижені көріп "Мақсатқа жеттік пе?"- деген сұрақтарға жауап беру. Мұндай мақсатты педагогикада "диагностика арқылы анықталған мақсат" дейді. Диагностика арқылы оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлері және қабілеті анықталады, нәтижесінде оқушыға тағы да қандай білім, іскерлік, дағдылар беру керектігі жоспарланады.



Технологияның кезеңдері:

•  Оқытудың мақсатын диагностика арқылы қайта тұжырымдау;


•  Жаңа мақсатқа жету кезеңдерін белгілеу;

•  Диагностика негізінде оқытудың жаңа мақсатын қою. Технологияда оқушыда қалыптасатын сапа, қасиет, іскерлік, анық суреттеледі.

Тексеру құралдары арқылы оқушының сапасы, қажеттіліктері, іскерліктері, даму, қалыптасу деңгейлері анықталады. Оқушының деңгейі бұрынғы деңгейімен салыстырылады, жаңа мақсаттар қойылады.

Сонымен, мақсат анық болмаса оқу процесінің жетілдірілуіне кедергі жасалады.


Педагогикада "технология" ұғымын қолданатын салалар

Бүгінде педагогикада технология ұғымы үш жерде қолданылуда.


•  қазір кейбір әдебиеттерде әдістемені немесе оқытуды ұйымдастыру түрлерін технология дейді.

•  нақты педагогикалық жүйені технология дейді. (В.В.Давыдов технологиясы, дамыта оқыту технологиялары, т.б.)

•  қасиеттері белгілі өнім алу үшін қолданылатын әдіс-тәсілдердің жиынтығы және жүйесі технология деп аталады.

Технологияның бірінші анықтамасы педагогикаға ешқандай жаңалық енгізбейді. Екінші анықтамада бір сөз екінші сөзбен алмастырылған. Бұрын В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин, Л.В.Занков, т.б. әдістемесі десе, қазір технологиясы дейді.

Екінші анықтамада "технология" ұғымы өндіріс саласынан педагогикаға алғаш енген кездегі мағынасын жоғалтады.

Сондықтан, үшінші анықтама дұрыс, себебі ол өндірістік технология ұғымына жақын. Технология дегеніміз - өндірістік процесті және оның тәсілдерін ғылыми тұрғыдан суреттеу. Технологияны педагогикада қолдану шекарасы бар, себебі технологияның нақты мақсаты болады. Білім беруде мақсат қою мүмкін бе? "Білім - оқыту мен тәрбие" - деген анықтамаға сүйенсек, онда мүмкін емес. Оқыту мақсаты - оқушыны болашақтағы мамандығына керекті іс-әрекет тәсілдеріне үйрету. Оқушының оқу материалын қалай меңгергенін оңай тексеруге болады. Олай болса, оқытуда технологияны қолдану әбден мүмкін.

Тәрбиеде жағдай басқаша. Бұл салада технологиялық жоба арқылы керекті қасиеттерді алу мүмкін емес деген пікірлер бар. Себебі, адамға неше түрлі жағдайлар әсер етеді. Сонымен тәрбие процесінде бір сапаны қалыптастыруды мақсат етіп, оның технологиясын жасау мүмкін емес. Ол технологияны тексеретін нақты құралдар жоқ.

Берілген тапсырма қызықты, маңызды болған кезде ғана оқушылардың сабаққа қызығушылығы артады.



Оқыту технологиясының негізгі сатылары:

1.     жаңа тақырыпты түсіндіру;

2.     төменнен, жоғарыға қарай деңгейлік тапсырмалар беру;

3.     оқушылардың тақырыптан алған білімдерін бекіту;

4.     оқушылардың білімдеріне сай үлестірмелер тарату. Яғни, «5», «4», «3»-тік білімге сай;

5.     оқушылардың білімін қолма-қол бағалау.

     Мақсаты:

1.     әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту;

2.     денгейі төмен оқушылармен жеке жұмыс жасау, қолдау көрсету;

3.     дарынды оқушының тереңірек білім алуына жағдай жасау;

4.     оқушының ынтасын қабілетін арттыру.

     Ерекшелігі:



  1. таланттылар, дарынды оқушылар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі, әлсіздер оқуға ниет білдіріп, сенімсіздіктен арылады;

  2. оқушылардың оқуға деген ынтасы артады;

  3. білім дәрежесі бірдей топтарды оқыту ісі жеңілдейді;

  4. түрлі құралдар арқылы оқушылардың білім, іскерліктерін жиі тексеру;

  5. үлгермеушілерді анықтау және іріктеу;

  6. олармен қосымша жұмыстар өткізу, материалдарды қайталау. Осы жұмыстардан кейін оқушылардың білім, іскерліктерін тағы тексеру;

  7. оқушылардың жаңа материалды меңгермеу себептерін зерттеу және анықтау.

    Күтілетін нәтиже:

1.     оқушылардың психологиялық ерекшелігін, ақыл-ойының дамуы және  өзін-өзі жетілдіру;

2.     дарынды балалар болса қушының – зерттеу жұмыстарын дамыту;

3.     мұғалімнің жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызады;

Соңғы кезде оқытудың әр түрлі педагогикалық технологиялар жасалып, мектеп практикасына енгізілуде. Сондай технологияларының  бірі –деңгейлік саралау  оқыту педагогикалық технологиясы. Бастауыш сыныптарда деңгейлік саралау оқыту технологиясы арқылы оқушылардың өздігінен жұмыс жасау дағдылары мен  танымдық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің елімізде осы технологияның негізін қалаушылары Кобдикова Ж.У., Қараев Ж.А. болып отыр. Оқыту практикасында деңгейлеп оқыту технологиясын енгізуге оқу ақпараттары көлемінің ұлғаюы, оқушыларға түсетін «салмақтың» артуы басты себеп болып отыр.

Білім беру технологиялары білім сапасын тексеруді жеке алып қарау оны жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Оқушылар материалды қаншалықты деңгейде меңгергені анықталып, атқарылатын жұмыстар белгіленеді. Мұғалім оқу материалын бекіте алады, бірақ оны меңгермеген жеке оқушылармен оқу жұмыстары ұйымдастырылады. Ал оқу материалын сыныптың көбі меңгермесе, онда өткен материалды бекітумен қатар оны меңгермеу себептері анықталады. Ол үшін диагностикалық құралдар (тест, бақылау жұмыстары, сұхбат, әңгімелесу) қолданылады.

Өмір талабы бойынша оқушы қазіргі кездегі сабақта қонақ болып отырмай, оның негізгі кейіпкері болу керек. Осыған қарай нәтижеге жеткізсе, әр технология тиімді. Оқу үрдісіннің тиімділігін арттыру жолдарын іздестіру мақсатымен, жеке технологиялармен танысып, оларды оқып, үйренуге әр бір педагог міндетті.

Педагогикалық əдебиеттерде қандай да педагогикалық технологиялар сипатын айқындаушы көптеген терминдер ұшырасады, мысалы: оқу-үйрену, тəрбиелеу, оқыту технологиялары, білімдендіру жəне дəстүрлі технологиялар, бағдарламаластырылған жəне проблемалық оқу технологиялары, авторлық технология жəне т.б.



Жаңа педагогикалық технологиялар педагогика ғылымының жаңа саласы. Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Инновацияны «жаңалық», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «әдістеме», «жаңашылдық», ал инновациялық үрдісті «жаңа әдістеме құралы» деп атауға болады.

       Инновацияны қолдану дегеніміз, инновацияны шаблон, трафарет ретінде пайдалану емес, өйткені әр мұғалімнің өз іс тәжірибесі бар. Бірақ, инновацияны қолдану арқылы мұғалім өз іс тәжірибесін байытып, еңбегін жеңілдетіп, белгілі бір нәтижеге жету- педагогиканың ең асыл заты болып табылады. Ушинский К.Д. айтқандай, іс-тәжірибе толық көшіріліп алынбайды, тек оның негізгі ойы ғана алыну мүмкін. Осы негізгі ойды түсініп оларға шығармашылық көзқараспен қараған мұғалім технология бойынша жұмыс атқара алады.



Қазіргі заманғы білім беру үрдісінде оқу үрдісін жақсарту мақсатында көптеген білім беру технологиялары қолданылады. Соларға қысқаша тоқталып өтейік. Олар:

Бағдарламалап оқыту технологиясы

Ғылыми негізде түзілген бағдарлама негізінде оқытудың тиімділігін арттыру, баланың жеке қасиеттерін ескере отырып оқыту. Оқыту құралдарының көмегімен бағдарламаланған оқу материалдарын кадр, файл сияқты оқыту бөлігі арқылы логикалық бірізділікпен берілген.

Ойын арқылы оқыту технологиясы

Дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімдік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді.

Дамыта оқыту технологиясы

Баланы оқыта отырып, жалпы дамыту. Даму нәтижесінде әр оқушы өзін-өзі үйренуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделеді. Оқыту дамытудың алдында жүруі керек, дидактикалық құралдардың дамуға әсері зор. Дамытудың тиімділігі үшін: кешенді даму жүйесі негізінде мақсатты даму, мазмұнның жүйелілігі мен тұтастығы,теориялық білімнің жетекші ролі, жоғарғы қиындық деңгейінде оқыту,материалды меңгеруде жедел ілгерілеу, оқу үрдісін баланың сезіну, оқыту үрдісінің әртүрлілігі, жекелеп оқыту, барлық баланың дамуы жолындағы жұмыстары болуы керек.

Түсіндіре оза оқыту технологиясы

Барлық баланы табысты оқыту. Оқу материадардың бірізділігі, жүйелілігі, саралау, әр оқушыға берілетін тапсырманың қолайлығы; бағдарламаның, кейбір тақырыптарда біртіндеп ойнату әдісін қолдану. Сабақты пысықтауға әуелі озаттар, сосын ортаншылар, ең соңынан нашар оқушылар қатыстырылады; бірте-бірте толық дербестікке жету; сыныпта қалыпты жағдай қалыптастыру, түсіністік өзара көмек, ынтымақтастық қарым-қатынас; оқушының қателігін ескерту, бірақ жазғырмау; үй тапсырмасы тек оқушының мүмкіндігіне қарай беріледі; білім, білік дағдыны дамыта меңгерту; түсіндіруді қабылдау.

Өздігінен даму технологиясы

Баланы жан-жақты дамыту, дербестікке тәрбиелеу, бала санасында нәрселер әлемі мен ойлау әрекетінің бірігуі. Оқыту баланың дамуына сәйкес табиғи (жасанды емес) болуы керек, сонда бала өзін-өзі дамытады. Монтессори педагогиканың ұраны баланың мұғалімге: “мынаны менің өзімнің жасауыма көмектесіп жібер” деуіне жету

Ынтымақтастық педагогикасы

Талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына көшу.Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту. Оқыту мен үйретудің моделі: қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс. Сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды әрекет болып табылады. Осы сабақ кезінде үйренуші не  үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Белсенді түрде өз білім үйрену жолына қайта қарап, өзгерістер енгізеді.
Проблемалық оқыту технологиясы

Оқушыны өз бетімен ізденуге үйрету, олардың танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамыту:

оқушының белсенділігін анықтау;

оқу материалында баланы қызықтыратындай мәселе туғызу;

оқушы материалды сезім мүшелері арқылы ғана қабылдап қоймайды, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгереді;

оқытудың бала өмірімен, еңбегімен байланыстығы.



Оқытудың компьютерлік технологиясы

Ақпаратпен жұмыс істей білуді қалыптастыруды  және қатынас қабілетін дамыту, жеке басты “ақпараттық қоғамға” даярлау. Мұнда оқыту оқушының тікелей комьпютермен қатынасы арқылы орындалады. Яғни баланың жеке қасиетіне қарай компьютерге бейімделу, т,б
Модульдік оқыту технологиясы

Оқытудың тұтас технологиясын жобалау, алға қойған мақсатқа жетуді көздейтін педагогикалық үрдіс түзу, мұғалімге нәтижені талдап, түсіндіріп бере алатындай жүйені таңдау және құру. Жобаланған технологияны іске асыратын жаңа тәсіл қалыптастыру. Технология жобасындағы негізгі объект – оқу тақырыптары, дидактикалық модуль. Оқушылар әр сатыға жоғарылаған сайын олардың білімді қабылдауы өзгеріп, өтілетін пәндер жүйесі күрделене түседі. оқушылардың жас ерекшеліктерін, әр сатыдағы қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып...

Оза оқыту технологиясы

Оза оқыту технологиясында грамматикалық ұғым, түсініктер тірек сызбаларды пайдалану арқылы  блок бойынша оза оқытылады. Тірек сызбалардың проблемаларды шешеу құзіреттілігін қалыптастыруда  үлкен рөлі бар. Өйткені мұндай сызбалар арқылы тілдік категориялардың ұқсастығын, айырмашылығын, өзіндік ерекшеліктерін салыстырып көрсетуге болады. Сызбаларда  көбінесе дерексіз байланыстар мен қатынастар көрсетіледі. Мәселен, тірек сызба  бойынша сөйлем құратуға, сөйлемдегі сөздердің байланысын    көрсетуге болады. Сонымен қатар тірек сызбалар дербестікті дамыту үшін де қолданылады.

Жеке тұлғаға бағдарланған технологиясы

Жеке тұлғаға бағдарланған  технологияда (Хуторской А.В.) оқу- тәрбие процесінде балалардың  жеке ерекшеліктерін ескеру, әр білім алушының оқу тапсырмаларын орындауына қолайлы жағдай жасау көзделеді. Аталған технологияның негізгі ұстанымдары төмендегідей:

- жеке тұлғаның өзіндік ерекшелігін ескеру ұстанымы (әрбір шәкіртті өзіндік еркшеліктері мен қабылдау мүмкіндіктеріне сай оқыту);

-білім беру траекториясын таңдау еркіндігі ұстанымы  (міндетті білім беру - деңгейінен төмен болмауы тиіс); -оқытудың жағдаяттылығы  ұстанымы (құзыреттілікке бағдарланған -тапсырмаларды орындауға тілдік жағдай туғызу).

Жеке тұлғаға бағдарланған технология бойынша оқыту мазмұнының әдістері мен тәсілдерін таңдауға төмендегідей талаптар қойылады:

  • қарым-қатынастық әрекет; шығармашылық әрекет;

  • баланың жеке дамуын қолдау;

  • баланың өзіндік және шығармашылық әрекетін дамыту.

Бұл технологияны іске асыру екі жолмен жүзеге асырылады:

1) сыныпты дифференциациялау арқылы «жоғары-орташа-төмен» топтарға бөлу және оқу материалын күрделілік  деңгейіне байланысты іріктеу;

2) білім траекториясын өзіндік мүмкіндіктеріне ыңғайлау.

Мұны жүзеге асыру оқытудың  ерекше шарттарын қажет  етеді: әр түрлі мазмұн мен көлемдегі білім нәтижелерін әкелетін әрбір білім алушының жеке білім траекторияларын таңдау оқу әрекеті арқылы үйретуші (мұғалім), үйренуші (білім алушы) рөлін өзгертуге ықпал ететін  белсенді оқыту технологиясы шәкірттерді жаңа білімді өздіктерінен ізденіп алуына мүмкіндік  жасайды. Бұл үшін сабақта төмендегі мәселелерге баса назар аударған жөн:

  • сабақ құрылымының икемділігі;

  • оқығаны бойынша пікірталастың болуы;

  • дидактикалық ойындар;

  • интенсивті өзіндік әрекет;

  • тілдік бірліктерді салыстыруды, топтауды, жүйелеуді және тілдік құбылыстар заңдылықтарын дәйектеуді ұйымдастыруы;

  • білім алушының белсенділік көрсетуіне мүмкіндік беретін педагогикалық жағдаяттарды құруы.


Саралап (деңгейлеп) оқыту технологиясы

Саралап (деңгейлеп)  оқыту технологиясының  психологиялық негізі болып табылатын теория – Л.С.Выготскийдің “оқыту процесінде білім алушының ақыл-ойының дамуы“актуальді даму” аймағынан “жақын арадағы даму” аймағына ауысу “ теориясы.

Бұл ауысу тапсырмаларды қайталап орындауға арналған 1-деңгейден өнімді іс-әрекетті қажет ететін жоғары деңгейлерге ауысу негізіндегі іс-әрекет арқылы жүзеге асады. Осындай іс-әрекет деңгейлері арқылы білім алушылар оқу материалдарын әр түрлі деңгейде қабылдайды. В.П. Беспалько бұл деңгейлерді төртке бөледі: бірінші деңгей-“міндетті, білім алушылық”, екінші – алгоритмдік, үшінші – эвристикалық және төртінші – шығармашылық деңгейлердегі қабылдау. Бұл деңгей әрбір тақырыптың ең негізгі де, басты қарапайым мазмұнын ашып, сол тақырыптың білуге міндетті тұтас бейнесін береді.

1 – деңгей базалық деңгей ретінде қабылданған. Бұл міндетті деңгей болғандықтан барлық білім алушы тапсырманы толық орындауы тиіс.

2 – деңгей Қосымша мәліметтер алғашқы деңгейде алған білімді одан әрі кеңейтіп, тиянақтайды, негізгі мазмұнын нақтылайды, ұғымдардың не үшін, қалай қолданылатынын көрсетеді. Бұл деңгейде өтіп кеткен материалды білім алушы талдап, бұрынғы тапсырмаларға ұқсас орындайды. Бірақ бұларды орындау үшін алған білімдерін түрлендіріп пайдалану керек.

3 – деңгей Өз бетіндік жұмысты қалыптастыру мақсатында білім алушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген қарапайым білімдерін жетілдіріп тереңдетеді. Жаңа білімді талдау, жинақтау, салыстыру арқылы меңгеруіне, қорытындылай білуіне жол ашылады. Бұл деңгейде ребус, сөзжұмбақ, анаграмма құрастырады.

4 – деңгей Бұл деңгейде берілген тақырып бойынша өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланады. Реферат, баяндама, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш құрастыру тапсырмалары беріледі.

Деңгейлеп оқыту, біріншіден, білім алушының жеке қабілетін анықтауға, екіншіден, білім алушылардың бір-бірінен қалмауына мүмкіндік берсе, үшіншіден, әр білім алушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады, төртіншіден, әр білім алушы өз деңгейімен бағаланады.

Оқытуды ізгілендіру технологиясы

Оқытуды ізгілендіру технологиясы (Таубаева Ш.Т., Апатова Н.В.) шәкірттердің  рухани дамуын (қазақ тілінің мәдени-этникалық лексикасын, сөйлеу әдебі ерекшеліктерін, жағдаяттық қарым-қатынасты игеру), жеке тұлға ретінде қалыптасуын жүзеге асыруға бағытталады.

Мысалы, 2-сынып Қазақ тілі сабағында “Сөйлеу мәдениеті” тақырыбын өту барысында “Телефонмен әңгіме” ойынында телефонмен сөйлесу мәдениетін үйрету мақсат етіліп, кім сыпайы әрі ұтқыр екенін бағалау көзделеді. Білім алушылардың өздеріне қай жұптың сөйлеу мәнері дұрыс шыққанын таптыруға болады.

Педагогикалық технология – бұл педагогикалық əрекеттер табысына кепіл болардай қатқыл ғылыми жоба. Əрі сол жобаның дəл жаңғырып іске асуы. Педагогикалық технология кешенді, бірігімді процесс. Ол өз құрамына адамдарды, идеяларды, құрал-жабдықтарды, сонымен бірге жоспарлау, қамсыздандыру, бағалау жəне білім меңгерудің барша қырлары жөніндегі мәселелер шешімін басқаруды қамтиды.

Педагогикалық технологиялар көп түрлі болуына қарамастан, олардың іске асуының екі ғана жолы бар. Біріншісі – теориялық негізде орындалуы (В.Б.Беспалько, В.В.Данилов, В.К.Дьяченко жəне т.б.), екіншісі – тəжірибемен жүзеге келуі (Е.Н.Ильин, С.Н. Лысенкова, В.Ф.Шаталов жəне т.б.).

Қазақстанда саралап, модульдік, дамыта-деңгейлеп оқыту технологиялары бойынша көптеген ғалымдар: Қараев Ж.А., Кобдикова Ж.У., Жампеисова М.М., Тұрғымбаев Т. зерттеулер жүргізіп, еңбектенуде. Бұл технологиялар оқыту үрдісі мен білім сапасын жақсарту мен жетілдіру жолындағы негізгі бағыттар болып табылады.


Дәріс 3. Оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың мазмұны, мүмкіндіктері мен ерекшеліктері

Оқу үрдісінде компьютерді қолдану білім беру үрдісіне қатысушылардың барлығының қызметтерінің тиімділігін айтарлықтай дәрежеге көтеруге мүмкіндік береді.



Сабаққа дайындалу

Сабаққа дайындалу кезеңінде компьютер келесі мүмкіндіктерді береді:

*сабақ тақырыбының, жалпы курстың конспект-жоспарының компьютерлік үлгісін дайындауға;

* оқу материалын барынша орынды үйлестіріп пайдалануға;

* негізгі материалды қосымша ақпараттармен қамтуға;

*жекелеген оқушылар мен сыныптың ерекшеліктеріне қарай материалдарды жүйелеп жинақтауға.



Сабақты өткізу

Сабақты өткізу барысында компьютердің беретін мүмкіндіктері:

* уақытты үнемдейді;

* оқу материалын түрлі бояулармен қанық безендіреді;

*сабақты түсіндіруде оның көңіл-күйлік, эстетикалық және ғылыми маңыздылығын арттырады;

* түрлі талдамалар анализаторы арқылы білімді игеру үрдісін жақсартады;

* әр оқушыға жеке көңіл бөлуге;

* сабақтың маңызды деген мәселелеріне көңілдерін аудара білуге;

* кез-келген уақытта өтіп кеткен материалға қайтып оралуға;

* оқушылардың оқу материалын өздіктерімен қолданып, жұмыс жасауларына.

Әдістемелік мағынасы

Оқу үрдісін әдістемелік әзірлеу барысында мүғалімде қосымша мүмкіндіктер пайда болады:

* мұғалімдердің бірлескен жұмыстарын тереңдетуге;

*электрондық материалдарды дамытуға, модернизациялауға, түзетулер енгізуге;

* жүйелі түрде материалдарды жинақтап отыруға;

* оқу мен білім алуға деген негізді арттыру.



Тексеру

Сабақтағы экрандағы иллюстрацияларды дидактикалық материалдармен толықтыруға болады және оларды кажет кезінде балаларға таратып, тапсырма беріп, артынша жылдам тексеруге болады

Жалпы компьютер мұғалімге сабақ беру әдістемесін жақсарту мақсатында үнемі еркін тәжірибе жасауға мүкіндік береді. Компьютерлік сыныптарда сабақ өткізу ашық бояулы, қызықтылығымен балалардың ойында ұзақ сақталады.

Үлкен көлемдегі ақпаратқа алуға мүмкіндік береді

Компьютердің көмегімен үлкен ақпарат көзіне оның ішінде білім үрдісі бойынша ақпараттарға мүмкіндік алатынымызды жеке атап өткен дұрыс болар. Бір ғана лазерлі дискте 1 миллион бет мәтінді енгізіп, сақтауға болады, ол - бірнеше мың кітапқа пара-пар деген сөз. Бұндай дискілер әр мектепте мыңдаған дана болуы мүмкін. Яғни, әр бір мектептің электронды түрде бірнеше миллион кітап сақтауларына мүмкіндіктері бар. Адам баласының тіршілік ету тарихында шамамаен осынша кітап жазылған екен. Бұл мектептің білімдік ақпаратқа қатысты қол жеткізуін жақсартады.



Ақпаратты сақтау

Компьютерде радионы, музыкалық дискілерді тыңдауға болады, телевизиялық бағдарламаларды көруге болады және кәдімгі теледидарға қарағанда дыбыстық жағынан да анық, бейнелік жағынанда сапалы толыққанды көркем фильмдерді де көруге болады.

Ал ұнаған ақпараттың немесе бағдарламаның біз электрондық нұсқасын компьютерге сақтай аламыз. Бұл үшін ақпаратты енгізу ішкі қондырғадан дыбыстық карта арқылы сканердің немесе видеоадаптердің көмегімен жүзеге асырылады. Арнайы бағдарлама мәтіндік ақпаратты тануға мүмкіндік береді.

Кері байланыс

Келесі компьютердің дидактикалық маңызға ие қасиеті ол – оқу үрдісіне қатысушылардың арасында кері байланысты орнатуды ұйымдастыру мүмкіндігі болып табылады.

Көптеген мектептерде оқушылар мен информатика пәні мұғалімінің атсалысуымен түрлі сауалнама жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалар жасалуда.

Олар қарапайым интерфейс, сондықтан, оқушылардың немесе информатика мұғалімнің көмегімен сіз оны пайдалануды оңай меңгеріп аласыз.

Тестілеу нәтижесін бекіту, сабақтың әр кезеңінде ауызша сауалнама алу, қандай-да бір жағдайға дауыс беру нәтижелері сабақ барысында білімнің сандық жағынан бағалауы болып табылады және бұл сабақ барысында қолданылуы мүмкін. Осындай мүмкіндік оқу үрдісінің барлық қатысушыларының жұмысын жақсартуға жағдай жасайды және сабақта компьютерді қолдануларына негіз болып табылады.

Сабақ басында мұғалім оқушыларға өздерінің сабаққа дайындығын бағалауды сұрайды, одан кейін, үй тапсырмалары жазылған дәптерлерін тексереді, бағаларын қояды. Мұғалім бұл мәліметтерді компьютерге енгізеді, осы кезде мониторда әр түспен берілген диаграмма түрінде нәтиже пайда болады және сынып пен әр оқушының дайындық дәрежесі, өткен сабақтағы білім көрсеткіші мен басқа сыныптармен салыстырмалы сызбасы да көрсетіледі.

Жаңа оқу материалын түсіндіргеннен кейін де осындай тестілеу жүргізіп оқу үрдісінің сапасын бағалауға болады (мысалы, математика бойынша әр оқушыға шығарылмаған есепті есепке алатын журнал ).

Сабақ соңында оқушыларға бүкіл сабақ бойынша баға қоюды ұсыну қызықты болады. Әр бір оқушы 10 балдық шкала бойынша «бүгінгі сабақ менің үмітін қаншалықты ақтады?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Осыдан алынған бағаның орташасы шығарылады. Оған көптеген факторлар әсер етуі мүмкін: сабақтың кіріспе сөзі, сабаққа мұғалім мен оқушылардың дайындық дәрежесі, олардың жұмыс істеу тиімділігі және алдыңғы сабаққа қарағанда қаншалықты шаршағандығы және т.б.

Бұндай талдау жасау сыныптағы, метептегі, сол ортадағы және отбасындағы әр түрлі құбылыстарды анықтауға көмектеседі. Оқу үрдісі бойынша мәліметтер базасының бар болуы мектепте шексіз зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұндай зерттеулердің объектісі ретінде - оқу үрдісіне қатысушылардың өздері, олардың алған бағалары, жалпы оқу үрдісі және оны оңтайландыру да қабылданады. Жалпы зерттеу объектісі ретінде сыртқы ортамен байланыста болатын мектеп өмірінің өзі де кіреді деуге болады.

Кері байланыс талдау нәтижелері әртүрлі ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді: жеке оқушының да, жалпы сыныптың да, әр мүғалімнің сабақты, оқу материалын ұйымдастыруын және оны балаға жеткізе білуін. Кері байланыс арқылы мұғалім оқушылардың үздігін анықтауға, артта қалып жатқанына да көңіл бөле алады. Және неге артта қалып жатқан себептерін анықтайды (оған түрлі факторлар себеп болуы мүмкін, мысалы, ауырып сабақты босатқаны, отбасындағы жағдайға қатысты, ата-анасының сауаттылығына байланысты, ата-анасының жиналыстарға келмеуі және т.б.). жалпы, мұғалім оқу үрдісін шексіз жетілдіріп жандандыруға арналған құралға ие болады. Компьютерді қолданбай, қандай-да бір салыстырмалы оқу үрдісін жетілдіруге арналған басқа құралды не әдісті бүгінгі таңда көре алмай тұрмыз.

Ақпараттық білім беру ортасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін педагог келесі талаптарға сай болуы керек:



  • компьютерде жұмыс жасау негізін білуі керек, ақпараттық білім кеңістігіне қол жеткізе алуы және ол ақпараттарды қолдана білуі керек;

  • кәсіби шыңдалуы мақсатында өзінің ақпарат кеңістігін құрып оны ұйымдастыра білуі керек;

  • мультимедиялық бағдарламалар сияқты ақпарат ресурстарын меңгере білуі керек;

  • Ғаламторда жұмыс жасау негізін білу керек, оқушыларға білімді меңгеру барысында Ғаламторды қолдануда жолкөрсетуші бола білуі және ақпараттармен дұрыс жұмыс жасаудың тиімді жақтарын үйретуі керек.

Мектептің ақпараттық білім ортасының инфроқұрылымы функционалды-бағдарлы сфера түрде берілуі мүмкін:

  • Пәнді оқыту бойншы – оқушылардың білімдік қызығушылығын іске асыратын (информатика негізі мен есептеу техникасы (ОИВТ) кабинеті);

  • инженерлік-техникалық камтамасыз ету (ИТО ИОН) (оқу үрдісінде барлық пәндерге бойынша АКТ қолдануға арналып жабдықталған компьютерлік сыныптар);

  • ақпараттық-коммуникациялық, барлық телекоммуникациялар мен ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге арналған кабинет (Ғаламторға қосылған негізгі нүкте мен медиа-, видео- және кітапхананы біріктіретін медиаорталық);

  • компьютерлік шығармашылық (мульмимедиалық зертхана мен компьютерлік бейне, баспалық қызмет, Web-шеберханасы);

  • әкімшілік.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жетілдіру негізінде ақпараттық білім беру ортасын құру оқу үрдісінің негізгі қатысушыларының қызметтерін келесі түрдегі өзгерістерге әкеледі. (2-сурет.)

2-сурет – оқу үрдісінің қатысушылары.
Оқушылар:

• оқу мәселелері шешу бойынша ақпарат іздеуде;

• олимпиадаларға, викторина, байқауларға, жобаларға қатысады;

• қашықтықтан тестілеуге қатысады;

•сабақ барысында қолда бар білім беру ресурстарын қолданылады (тренажёрлар, репетиторлар, энциклопедиялар, анықтамалықтар және т.б.);

• жолдастарымен хат жазысады.

Кітапханашы:

•электрондық кітапханалық кітаптар тізбесін жасау жұмыстарын жүзеге асырады және қадағалайды;

• жаңа басылымдар түсімі туралы ақпарат береді;

• Ғаламтор желісінде орналастырылған ақпараттарды пайдаланады.

ЖОО әкімшілігі :

• жоспарға сәйкес жұмыстарды, олардың орындалуы бойынша мектеп қызметкерлерімен бірлескен жұмыстарды ұйымдастырады;

• сабақ кестелерін жасайды;

• басқа да мекемелермен және олардың басшыларымен, қызметкерлерімен жедел хабарласады;

• ЖОО сайтында жасалған жұмыстар нәтижелері бойынша ақпараттарды орналастырады;

• ЖОО сайтында педагогтарға, ата-аналарға және қоғамдық сала өкілдеріне білім беру мәселелері бойынша кеңес беруді ұйымдастырады;

• оқу материалдарына, оқу құралдарына тапсырыс береді.

Техникалық мамандар:

• Ғаламтор-сервері мен мектептің локальді желісі бойынша жұмыстарды бақылап, сол бойынша қызмет көрсетеді.

• ақпараттардың сенімді сақталуын және мектептің локальді желісінің вирусқа қарсы қорғанысын қамтамасыз етеді;

• Ғаламторға кірудің барлық жұмыс орындарынан мүмкін болуын қамтамасыз етеді.

Ата-аналар:

• өз балаларының білімі мен тәртібі туралы хабардар болады;

• балалардың ғылыми жобаларымен таныса алады;

• нормативтік, медициналық, педагогикалық ақпараттармен таныса алады;

• сынып жетекшісімен электрондық пошта арқылы хабарласа алады.

Оқу орында ашық ақпараттық кеңістіктің негізі ол бір желіге қосылған жұмыс орындарының компьютерлендірілуі.

Пән мұғалімі:

• педагогикалық-әдістемелік әдебиеттер мен оқу үрдісіне арналған Ғаламтор-ресурстары туралы ақпарат ала алады;

• білім беру жобаларын, викториналар, байқаулар түрінде мектеп жұмысын ұйымдастырады;

• виртуалдық әдістемелік бірлестік аясында сабақ беру әдістемесі бойынша ақпаратпен алмасады;

• мұғалім кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында өзінің ақпарат кеңістігін құруда ақпараттық-коммуникация құралдарын пайдаланады;

• веб-парақтар, сайттар құрып, басқа аймақтардан жаңа ақпараттық ресурстар ала алады, педагогикалық ғаламтор-бірлестіктердің жұмыстарына қатыса алады.

Білім берудің қазіргі жағдайында маңызды бөлігі – ақпараттық технологияны тиімді пайдалануға және білім беруде уақытты тиімді пайдалана отырып, оқушылардың артық жүктен арылту мүмкіндік беретін, бастапқы ақпараттық құзіреттіліктің қалыптасуы болып табылады. Бүгінгі таңда сапалы білім беруді қалыптастыруда дәстүрлі білім берумен қатар жаңа алдыңғы қатарлы технологияларды үйлесімді қолдана білу қажетті жағдай болып табылады.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық оқу-әдістемелік комплекстер және басқа да білім берудің дамытушы жүйелері бүгінгі ақпараттық қоғамға көшу талабына сай білім беру басымдылықтарына өзгерістер енгізуді ұсынады.

Бұнда бастысы:

• үлкен көлемде дайын білімді есте сақтамай-ақ, оларды орынды қолдана білу керек, сол жүйеде бағдар ала білу, өз бетінше білімін кеңейтіп, оны қажеттілігіне жарата білу, туындаған мәселелерді шеше білу яғни, оқу үрдісінде жан-жақты сауатты тұлғаның тәрбиеленуі.

• барлығын қатарынан жаттап алмай, керсінше, ең негізгісі мен қызықтысын айыра білу, бұндай шеберлікті қалыптастыруда минимакс принципі көмектеседі. Осыған сай, оқушылар өздеріне таңдау жасай алады.

• дайын жауаптарды іздеп оларды қайталамай, өз беттерімен жаңа дүние іздеп тауып, солар арқылы АКТ қолдана отырып, қорытындылар жасап, шешімдер қабылдауға үйрену керек. Бұл оқушылардың біріншіден, қызығушылықтарын тудырады. Ең бастысы олардың өмірлерінде кездесетін мәселелерді, жағдайларды өз беттерімен шешуге осы алған білімдері мүмкіндік береді.

Біздің мектептерде оқу үрдісін ақпараттандырудың негізгі мәселелерінің бірі: педагогикалық тәжірибеде қазіргі ақпараттық технологияларды, сандық білім беру ресурстарын қолдану арқылы оқу деңгейін көтеру болып табылады. Қазіргі мектептерде энциклопедиялар, сөздіктер, интерактивті репетиторлар, оқыту бағдарламалары, дамытушылық ойындар мен мультимедиялық сабақтардың жиынтығы сақталған медиатекалар жұмыс жасайды.

Мультимедиялық құралдарды сабақта пайдалану нақты бір пән немесе бағыт бойынша (электрондық оқыту комплекстері, ЭУК) ЭОК мен (сандықбілім беру ресурстары, СБР) СБР жинақталуына мүмкіндік береді. Бұл сақталатын ресурстардың мәліметтер қорын құруға мүмкіндік береді. Ал, бұл өз кезегінде мәліметтердің жеткілікті жағдайында жүйеленген каталог құруға көмектеседі, яғни ол каталогтар арқылы оқушылар мен мұғалімдерге өздерін қызықтыратын сандық білім беру ресурстарының материалдарын жылдам іздеп табуға көмектеседі. Қазіргі кезде білім беру мекемелерінде ЭОК, СБР мәліметтер қоры құрылды. Қағаз тасымалдағыш ресурстардағы Ғаламтор сайттарына сілтемелерді табу біраз қиындық тудырады.

Зертаханалық, тәжірибелік және топтық сабақтар жүргізгенде СБР әдістері қолданылуы мүмкін.

Бұл жерде интерактивті СБР туралы айтылып отыр. Ол зертханалық жұмыс жасағанда алмастырушы болып табылады. Сөзсіз, бұндай СБР қолдану бірқатар кемшіліктерге ие болады: оқушыға әдіс жасағанда тікелей араласуға мүмкіндік болмайды; әдісті оқушыға толық көрсетсе де, алынатын нәтижесі де виртуалды болады; балаларға өлшеу қондырығларын ұстап, зерттеу жүргізуге мүмкіндік берілмейді. Дегенмен, осындай СБР қолдану жоғары дәрежедегі көрнекілікке ие болады. ЭОК мен СБР қымбат әрі ауқымды зертханалар мен зертханалық қондырғыларын алмастыруға мүмкіндік береді. Келесі әдіс жаратылыстану-ғылыми пәндер мен информатика және АКТ салаларына тән болады. Бұл жерде интерактивті СБР-дың тренажер ретінде пайдаланылуы айтылады. Яғни, бұнда бағдарламалы түрде объект үлгісі жасалады және шынайылыққа жақын болады. Бұл әдісті қолдану тек информатика және АКТ пәніне ғана пайдалы емес. Бұнда кез-келген құбылысты немесе үрдісті модельдеуге болады, демек, басқаларға да оқу үрдісінде қолдануға болады.

ЭОК мен СБР қолдану тиімділігі қашықтықтан оқыту әдісінде қолдануда артуы мүмкін. Онда берілген мүмкіндік арқасында оқушыға, ата-анасына, қажет жағдайда мұғалімге де сабақ материалымен танысып, тестілеуді, тәжірибелік тапсырмаларды орындауға болады. Бұл оқушының мектепке бара алмаған жағдайында, жол жүрген кезінде немесе үйден оқитын оқушыларға өте өзекті болып табылады.

СБР қолдана отырып біз - жақсы нәтижеге жетуде қолайлы жағдайдардың болуын, оқушының психологиялық жайлылықта оқу материалымен жұмыс жасауын қамтамасыз ете аламыз. Зерттеу барысы көрсеткендей, қате жіберу қорқынышы бұл шығармашылық қалыптасу жолында мықты бөгеттердің бірі болып табылады. Сондықтан, бастауыш сыныптарда сабақта СБР қолдану ондай мүмкіндікті болдырмайды: себебі, компьютер балаларға жасаған кемшіліктері үшін ұрыспайды, жаман қабақ танытпайды, керсінше қателерін түзетіп, жұмысты жақсы орындағаны үшін мадақтайды, осылайша, баланың тұлғалық дамуын бұзбай, білім алуға ынталандырады.

Заманауи оқыту құралдарының бірден бір ерекшеліктері - ресурстардың бейімдеуге икемділігі болып табылады. Көпшілікке пайдалануда анағұрлым құнды болып келетін әдіс ол – копьютерде мұғалімнен неғұрлым аз, ал, оқушылардан неғұрлым көп жұмысты талап ететін әдістер. Осы арқылы бала барынша өз бетімен, өзінің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып жұмыс жасауды үйренеді. Бірден бір танымал – ол федералдық деңгейде «білім беру жүйесін ақпараттандыру» жобасы барысында құрылатын Бірыңғай сандық білім беру ресурстар жиынтығы. Олардың қондырғылық құралдары сондай-ақ, оқу материалдарын желіге орналастырып, оларлы үнемі жаңартып тұруда өз жемісін беруде. Ақпараттық ресурстарды қолданудың анағұрлым ашық мысалы ол - Ғаламторда орнатылған: білім берудің жекелеген саласына, оқыту деңгейіне, пәндер саласына және т.б. арналған веб-сайттар.

СБР оқу үрдісінде және сабақтан тыс жұмыстарында қолдану оқушының білім алуы мен өздерінің қалыптасу жолында қиындықтарды жеңіп, өз мүмкіндіктерін аша білуге көмектеседі. Сандық білім беру ресурстарымен жұмыс жасау оқушылардың шығармашылық және танымдық белсенділіктерін дамытатын, өздерінің жақсы жағынан тұлғалық қасиеттерін көрсететін кеңістік болаып табылады. Яғни, дәстүрлі сабақ барысында көріне бермейтін, ашылмай қалатын қасиеттерінің ашылуына жағдай туады. Осының барлығы сабақтың жемісті болуына жақсы жағдай жасайды, бұл өз кезегінде оқу үрдісін одан әрі жетілдіруге үлкен ықпал жасайды.

Дәріс 4. Білім берудегі қазіргі технологиялардың оқыту әдістері

Мазмұны:

1. Оқыту әдістері, тәсілдері және құралдары туралы ұғым.


2. Оқыту әдістері және оларды жіктеу проблемасы.
3. Оқушыларға білім беретін дерек көздеріне сәйкес топтастырылған әдістер: сөздік әдістері, көрнекілік әдістері, тәжірибелік әдістер.

Білім берудегі қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен жаңа білім беру парадигмасы іске асатын құрал ретінде қарастырылады. Білім беру технологияларының даму тенденциялары тұлғаның өзін-өзі тануына және өзін-өзі дамуына мүмкіндік беретін гуманитарлық білім берумен тікелей байланысты. "Білім беру технологиялары", "педагогикалық технология" терминімен қатар ''оқыту технологиялары” термині қолданылады. Оның біріншісі көлемді болып келеді. Өйткені, білім беру технологиясында оқушының, үйренушінің тұлғалық сапасын дамыту және құрумен байланысты болатын тәрбиелік аспекті бар.

“Оқыту технологиясы – белгіленген мақсатқа нәтижелі қол жеткізуді қамтамасыз етуде оқытудың формасы, әдістері мен құралдарын ашып көрсетіп, оқу бағдарламасында белгіленген оқытудың мазмұны жүзеге асырылады”, – деп С.Әбенбаев айта келіп, оның құрылымын төмендегідей етіп көрсетеді [1]:

-         оқытудың мақсаты;

-         білім берудің мазмұны;

-         педагогикалық өзара әрекеттестіктің құралы (оқыту және мотивация), оқыту процесін ұйымдастыру;

-         оқушы, оқытушы;

-         әрекеттің нәтижесі (сонымен бірге кәсіптік даярлықтың деңгейі).

Сонымен қатар, С.Әбенбаев нақтылы педагогикалық процесті талдап жүзеге асыруды “... оқыту технологиясын жобалау процесі деп атауға болады” деп айта келіп, оның құрылымын төмендегідей анықтайды:

-         оқу жоспары және бағдарламасына сай оқытудың мазмұнын таңдау;

-         оқытушы бағдарлай алатын оқытудың басымды мақсатын таңдау, яғни жобалау барысында білім алушыларда қандай кәсіптік және тұлғалық сапа қалыптасады, міне соны анықтау;

-         мақсаттарға немесе басымды бір мақсатқа негізделіп оқыту технологиясын таңдау;

-         оқыту технологиясын талдап жасау.

Педагогикалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес білім берудің қазіргі заманғы технологиясының нұсқауы, төмендегі принциптердің қатысуымен жасалуы тиістігі анықталуда:

-дидактикалық жүйені көрсететін технологияның бүтіндік принципі;

-қойылған мақсатқа жету үшін нақты педагогикалық ортада технологияларды қайта өндіру принципі;

-сәйкес келетін педагогикалық жүйелердің өзін-өзі дайындау механизміне әсер ететін факторлардың приоритеті және педагогикалық құрылымдарының сызықтық емес принципі;

-оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына және оның танымдық қабілеттілігіне оқыту процесінің бейімделу принципі;

-біріктірілген білімдерді құру үшін оптимальді жағдай жасайтын оқу ақпараттарының потенциалды көп болу (артық болу) принципі.

Педагогикалық технологияның міндеттері:

-         әр түрлі қызмет саласындағы іскерлік пен дағдылардың шыңдау, білімнің тереңдігін, беріктігін арттыру;

-         мінез – құлықтағы әлеуметтік құнды әдеттер мен формаларды нығайту және арттыру;

-         технологиялық құрал-саймандармен жұмыс істеуге үйрету;

-         технологиялық ойлау дағдыларын дамыту;

-         оқу міндеттері мен қоғамдық пайдалы еңбек ұйымдастыруда технологиялық тәртіпке сай нақты әдеттерді тәрбиелеу.

Педагогикалық технология әр түрлі жағдайлардағы нақты өзара іс-қимылдарды,  жүйеленген, бағдарланған, оқыту және тәрбиелеу стандарттарына сай тәсілдер негізінде компьютер мен техникалық құралдар қолдану арқылы да ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің құрылымдарында оқытудың айқындалған көптеген технологияларын пайдаланып жатқандығы белгілі. Болашақ маманға тәжірибе беруде ақпаратпен жұмыс істеу әдістеріне, жаңа білімдерді құру әдістеріне, ең маңыздысы - әлемнің дамуы туралы білімдердің қажетті деңгейін қалыптастыратын әдістерге үйрету. Сондықтан әрбір оқытушыға және оқушыға "оқыту" мен "үйрену" процестерін игеру үшін 3 тілді меңгеруі қажет: ана тілін, ғылым тілін және технология тілін. Сонымен технология көмегімен білімдерді, іскерлікті, дағдыларды игеру процесінде тұлғалық қасиеттің дамуында нәтижелі шешімге жету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. "Педагогикалық технология" оның ішінде "оқыту технологиясы" ұғымын анықтауда, басым көпшілік мамандар оларды үш маңызды жағдайлармен біріктіреді:

- іс-әрекетінің жиынтығы түріндегі қажет ететін үлгіні дәл анықтау негізінде оқытуды жоспарлау;

- оқытуды талап ететін әрекетті  қалыптастыруды іріктеген  қатаң тізбекті әрекеті түріндегі оқытудың барлық процесін "бағдарламалау".

- алғашқы белгіленген эталонмен оқытудың нәтижесін салыстыру.  М.Чошанов оқыту технологиясы негізінен педагогикалық процестегі «Қалай нәтижелі етіп оқыту керек?» мәселесін шешуге бағытталатынын айтады. Оқыту технологиясы жөніндегі ой-пікірлерді саралай келе, біздер оны: біріншіден, оқытудың мақсатқа сәйкес нәтижесіне қол жеткізудегі нақты қадамдарды және олардың үйлесімділігін зерделейтін ғылым саласы; екіншіден, оқытудың нақты жағдайда нәтижелі жүзеге асырылуын белгілейтін жобалау немесе модельдеу; нақты оқыту процесін нәтижелі етіп оқытудағы процес деп білеміз.

                Б.Қуанбаева өзінің зерттеуінде әдістемелік жүйені технологиялық негізде жетілдіруді төмендегідей дидактикалық талаптарының орындалу негізін белгілейді:

а) оқытудың мақсаты диагностикалық операционалды анықтаулы тиіс, яғни иерархиялық тізбек түрінде берілген мақсаттар таксономиясы құрылуы қажет;

ә) білім мазмұны мақсаттар таксономиясына сәйкес анықталып, оны анықтау принциптері ізгілендіру тұрғысында қайта қаралуы қажет;

б) оқытудың белсенді әдістерін басым түрде түрде пайдаланып, оқыту әдістерінің басты аспектілерін ескерілген үш деңгейлі моделі құрылып, кеңінен пайдалануы қажет;

в) оқытудың формасы оқушының жеке даму траекториясын, сондай-ақ педагогикалық жағдаяттарға сәйкес жеке, жұптық және топтық формалардың тиімді үйлесуін қамтамасыз ететіндей түрде жетілдіруі тиіс;

г) оқыту құралдарын жетілдіру компьютерлік техника мен ақпараттық технологияларды олардың дидактикалық мүмкіндіктері нақты анықталып, дәстүрлі құралдармен үйлесімді бірге пайдалануға бағытталуы қажет [2].

         Жалпы "Педагогикалық технология" түсінігі қаншалықты қолданыста болғанымен, ол жөніндегі түсінік ұғыныңқы болмаған. Білім берудің қазіргі кездегі практикасында бұл ұғым стандартты емес ғылыми көріністерде ереже ретінде қолданылып, педагог жұмыстарының өндірілген әдіс-тәсілдерін, құралдарын білдіреді. В.П.Беспалько технологияны түсіну үшін ең алдымен педагогикалық іс-әрекеттің өндірушілік белгісіне көңіл аудару қажеттігіне зейін аударады, әлеуметтік тұрғыдан бұл белгі, технологияның басқа белгілерінен оның жалпылық сипатымен байланыстылығын сипаттайды. Қазіргі білім беру технологияларын Г.К. Селевко технологияның классификациялық параметрлері тұрғысынан: қолдану деңгейі, негізгі дамыту факторы, меңгеру тұжырымы, жеке тұлғаның құрылымына бағдарлау, мазмұн сипаты, басқару типі, ұйымдастыру формалары, балаға ықпал ету тәсілдері, әдістердің басымдылығы, жетілдіру бағыттары, оқушылар категориялары бойынша нақтылап көрсетеді [3].

Ш.Т.Таубаева оқытудың қазіргі технологияларының аттарын атап көрсетіп, олардың мақсаттарын, тұжырымының және мазмұны мен әдістерінің ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді. Жұмыста педагог-ғалымның зерттеулері басшылыққа алынған [4].

Сонымен педагогикалық технологиялардан төмендегілерін бөле жарып көрсетуге болады:

-             ойын арқылы оқыту технологиясы;

-             проблемалық оқыту технологиясы;

-             тірек сигналдары арқылы оқыту;

-             деңгейлік саралап оқыту;

-             міндетті нәтижелерге негізделген деңгейлік оқыту технологиясы;

-             бағдарламалап оқыту технологиясы;

-             оқытудың компьютерлік технологиясы;

-             дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы;

-             дамыта оқыту технологиясы;

-             модульдік оқыту.

Сондай-ақ Қазақстандық ғалымдардың  оқыту технологиялары белсенді түрде білім беру жүйесінде қолданылуда. Бұл технологиялардың өздеріне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, В.Ф.Шаталовтың тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясының ерекшелігі:

-         үнемі қайталау;

-         ірі блокпен оқыту, тіректі қолдану;

-         жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал;

-         ізгілік;

-         зорлықсыз, еркімен оқыту;

-         әр оқушының табысының жариялылығын түзетуге, өсуге, табысқа жетуге жағдай жасау;

-         оқыту мен тәрбиелеуді біріктіру.

Сондай-ақ әрбір педагогикалық технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың негізгі қарастыратыны оқытуды нәтижелі ету.

Педагогикалық жүйедегі негізгі өзекті мәселе - оқушылардың, студенттердің ойлау қабілетін дамытып, өздігінен жұмыс істеуге баулу, өз ойын тұжырымдауға дағдыландыру болғандықтан сабақ барысында кеңінен деңгейлеп, дамыта оқытудың модульдік әдісін жиі пайдалану қолдау табуда.

 

1.    Оқыту әдістері, тәсілдері және құралдары туралы ұғым.

Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.

Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.

Оқыту тәсілдерінің түрлері:


• ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
• мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
• оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
• жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару
тәсілдері.

Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің


жүзеге асуына көмектеседі.

Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.

Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, станоктар, оқу кабинеттері, зертханалар, ЭЕМ және ТВ, нақты объектілер, өндіріс, құрылыс.
2. Оқыту әдістері және оларды жіктеу мәселесі.

Әдістер белгілі бір негіз бойынша топтарға бөлінеді.


XIX ғасырдың 20-30 жылдарында Б.Е.Райков, К.П.Ягодовский түсіндіру, тәжірибелік, зерттеу, зертханалық әдістерін жетілдірді.

Оқушылар сөзден, кітаптан, көрнекіліктен, тәжірибелік жұмыстардан білім алады. Осыны ескеріп 20-30 жылдарда Н.М.Верзилин, Е.Я. Голант сөздік, тәжірибелік, көрнекілік әдістерін ұсынады. Қазір компьютерлік жүйелер арқылы білім алу мүмкіндігі бар.М.А.Данилов (1899-1973), Б.П.Есипов (1899-1967) дидактикалық мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістерді топтастырды. Олар: білім алу, іскерлік және дағдыларды қалыптастыру, білімді қолдану, шығармашылық іс-әрекет, бекіту, білім, іскерлік, дағдыларды тексеру. Аталған авторлардың пікірлері бойынша оқыту әдісі - дидактикалық мақсатқа жету үшін оқушылардың іс-әрекетін реттеп, ұйымдастыру тәсілдері. Бұл саралауда әдістер оқытудың алдында тұрған міндеттермен сәйкестендірілген.

И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин оқыту әдістерін оқушылардың танымдық жұмыстарының түріне қарай топтастырған. Авторлар балаларға ақыл-ой жұмысының, өз бетімен білім алудың жолдарын көрсетеді.

Оқытушының басшылығымен жұмыс істейтін оқушылардың танымдық белсенділігі әртүрлі.

Репродуктивтік әдіс арқылы оқушы "дайын" білімдерді есінде сақтап, кейін қатесіз айтып бергенмен, оның ақыл-ой белсен ділігі төмен болады.
Эвристикалық әдіс арқылы ақыл-ой жұмысы күшейеді, оқушы білімді өзінің танымдық іс-әрекеті арқылы алады. Бұл әдіс бастауыш мектептерге де таралған. Бірақ сабақты тұрақты түрде мәселелік, эвристикалық, зерттеу әдістерімен өткізу мүмкін болабермейді.

Ю.К. Бабанский оқу-танымдық іс-әрекетті ынталандыру әдістерін топтады. Ол іс-әрекет 3 бөліктен: ұйымдастыру, ынталандыру, бақылаудан тұратынын атап көрсетіп, әдістерді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру, ынталандыру, бақылау әдістері деп бөледі.

М.И.Махмутов оқыту әдісіне сәйкес келетін оқу әдістерін і іріктеген. Оқыту әдістері: а) ақпарат беру әдісі, ә) түсіндіру әдісі, б) ынталандыру әдісі, в) тәжірибелік әдіс.

Бинарлық әдістер бір-бірімен тығыз байланысты оқыту мен оқудың тәсілдерін (хабарлау, міндеттер қою, мұғалімнің тапсырма беруі, оқушылардың тыңдауы, жаттығулар орындауы, есептер шығаруы, мәтінді оқуы, т.б.) қолдануды талап етеді. Мысалы, мұғалім оқушыларға фактілер мен ережелерді хабарлайды, заттарды көрсетеді, фактілердің мәнін түсіндіреді, оларға сұрақтар қояды. Егер оны тәсілдердің арасында түсіндіру тәсілдері, дәлірек айтсақ фактілерді талдау, салыстыру, хабарлау, т.б басым болса, онда оқыту әдісін түсіндірмелі деп атауға болады. Егер негізгі тәсіл - ақпараттарды, фактілерді ұсынумен шектелсе, (мысалы: мұғалім оқушыларға ережелерді жаттауды ұсынады, бірақ ереженің мәнін түсіндірмей, оны жаттау тәсілін айтады), онда оқыту әдісі ақпараттық- хабарлау, немесе оны жай ғана хабарлама әдісі деп атайды. Осыған сәйкес бірінші жағдайда оқушылар заттарды бақылап, фактілерді есінде сақтайды, мұғалімнің түсіндіргенін тындайды және ой елегінен өткізеді, ақпараттық сұрақтарға жауап іздейді. Бұл жерде оқу әдісі репродуктивтік, дәлірек айтсақ жаңа ережені оқушылар дайын күйінде меңгереді (оқушылар фактілерді талдап, ережелер шығармайды). Егер оқыту әдісі хабарлау әдісі болса, оқудың негізгі тәсілі жаттау, оқушылардың үлгі бойынша жұмыс істеуі. Мұндай оқу әдісін шартты түрде орындаушылық деп атаймыз.

Сондықтан оқушының кітаппен жұмысы оқу әрекетінің тәсілі болып табылады. Егерде оқушы мәтінді талдаса, түсінгенін өз сөзімен айтса, онда кітаппен жұмыс оқу әдісі болып табылады. Егер монологтық баяндау әдісі қолданылса, онда мұғалім әңгімелейді, ғылымның дайын қорытындыларын, ережелерін, фактілерін хабарлап оқиғаларды суреттейді, іс-әрекеттің үлгілерін көрсетеді және оқушыларға тапсырмалар береді. Эвристикалық әдісті қолданғанда мәселелік деңгей (оқушылардың белсенділігі) едәуір көтеріледі, эвристикалық әңгімелерге танымдық (логикалық) есептер және проблемалық тапсырмалар қосылады. Оқушылар мұғалімнің көмегімен "жаңалық" ашады, бірақ негізінен оқушылар өз бетімен жұмыс істейді. Зерттеу әдісін қолданғанда мұғалім оқушыларға тәжірибелік сипаттағы тапсырмалар (тәжірибе жүргізу, қосымша ақпарат, фактілерді жинап оларды өз бетімен талдау және қортындылау, өз ойын дәлелдеуге керекті материалдарды жинау, т.б) береді. Оқушылар оларды өз бетімен орындайды, бірақ бұдан мұғалімнің басшылығы керек емес деген сөз тумайды.

3. Оқушыларға білім беретін дерек көздеріне сәйкес топтастырылған әдістер: сөздік әдістері, көрнекілік әдістері, тәжірибелік әдістер.
  
Оқыту әдістерін тандау әдетте сабаққа оқу материалының мазмұнын таңдаған кезде жүреді.

Ол дидактикалық мақсатқа, оқушылардың білім деңгейіне мұғалімнің өзінің дайындық деңгейіне байланысты.

Әңгіме – оқу материалын ауызша баяндау. А. Байтұрсынов "Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне үқсас" дейді. Сөз өнерінің айшықты болуы сөздің дұрыстығына, тілдің анықтығына, дәлдігіне, көркемділігіне, тіл тазалығына байланысты екенін дәлелдеп, алмастыру, кейіптеу, бейнелеу (ұқсату), әсірелеу тәсілдерінің мәнін ашады. Міржақып Дулатов Оқытудың баяндау, әңгіме, түсіндіру әдістеріне ерекше мән беріп, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды әсерлі баяндаудың тәсілдерін көрсетіп берді. Ол "баланы толық жауап беруге әдеттендіру керек", - дейді. Сөйтіп, оқытушы көркемдеп оқытудың жаңаша жолдарын ұсынып, мұғалімдерден соны іс-әрекеттерді талап етеді. "Балалар дұрыс оқи алмай, қиналған жерде мұғалім өзі оқып, көрсету лайық", - дейді.

Сөздік әдісі мектептің барлық сатыларында қолданылып, әңгіменің сипаты, көлемі, ұзақтығы өзгереді. Әңгіме арқылы жаңа білімді хабарлау үшін оған кейбір талаптар қойылады.

Олар:
•    әңгіменің оқушылардың адамгершілігіне әсер етуі;
•    әңгімеде дәлелді және ғылыми фактілердің болуы;
•    ой пікірдің дұрыстығын дәлелдейтін жарқын және нанымды мысалдардың, фактілердің жеткіліктілігі;
•    әңгіменің жүйелілігі болуы керек;
•    әңгіменің әсерлілігі;
•    тілінің қарапайымдылығы және түсініктілігі;
•    мұғалімнің фактілер, оқиғаларға берген бағасының болуы.

Түсіндіру – жеке ұғым, құбылыстарды, құралдар, көрнекі құралдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін ауызша баяндау. Мысалы, шет тілі сабағында жаңа мәтінді өтер алдында оқушыларға жаңа сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мұғалім оқушыларға таныс емес құралдарды немесе басқа көрнекі құралдарды сабаққа алып келіп, жаңа материалды түсіндірмес бұрын оларды оқушыларға түсіндіреді.

Түсіндіру әдісі жаңа тақырыпты түсіндіргенде жиі қолданылады, бірақ бекіту кезінде оқушылар білімді дұрыс меңгермегенде де қолданылады.
Химиялық, физикалық, математикалық есептерді шығарғанда теоремаларды оқығанда, табиғат және қоғам құбылыстарының түбірлі себептерін және салдарын ашу кезінде түсіндіру әдісі жиі қолданылады.
Түсіндіру әдісіне қойылатын талаптар:

•    сұрақтарды дәл және аңық тұжырымдау;


•    себеп-салдар байланысын ашып, дәлелдер келтіру;
•    салыстыру, қатар қою, ұқсату, жарқын мысалдар қолдану;
•    жүйелілік.

Түсіндіру – оқыту әдісі ретінде әр жастағы балалар тобымен жұмыста кең қолданылады. Бірақ орта және жоғары сатыларда оқу материалының күрделеніп, оқушылардың ақыл-ой жұмысының мүмкіндіктері өскенде бұл әдіс кіші жастағы оқушылармен жұмысқа қарағанда көбірек қолданылады.


Әңгімелесу – оқытудың диалогтық әдісі, мұғалім оқушыларға мұқият ойластырылған сұрақтарды жүйелі қою арқылы олардың жаңа оқу материалын меңгеруіне жағдай жасап, бұрын оқылған материалдарды қалай меңгергенін тексереді. Әңгімелесу - дидактикалық әдістің ескі түрі, оны Сократ шебер түрде қолданған, сондықтан әңгімелесу әдісін Сократ әдісі деп атайды.

Оқу материалының мазмұны, оқушылардың шығармашылық танымдық қызметіне қарай дидактикалық процестегі әңгімелесу әдісінің көптеген түрлері бар. Олар: кіріспе, немесе сабақты ұйымдастыратын әңгіме, жаңа білімді қалыптастыру (сократ, эвристикалық), жинақтаушы, жүйелеуші және бекітуші әңгімелер арқылы оқушылардың іс-әрекеттің жаңа түріне, жаңа білімді тануға дайындық деңгейі анықталады.

Әңгімелесу әдісі. Оқушыны жаңа білімді алуға белсене қатыстырып, оны білім алу әдістеріне, мұғалім қойған сұрақтарға өз бетімен жауап беруге үйретеді. Эвристикалық әңгімелесу барысында мұғалім оқушылардың білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, олардың жаңа білімді түсінуін, қорытынды жасауын жеңілдетеді. Бірлескен іс-әрекет арқылы оқушылар өздері еңбектеніп, ойланып жаңа білім алады.

Білімді жинақтайтын, бекітетін әңгіме оқушылардан теориялық білімдерін, оны қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталған. Оқушы өз білімін жаңа оқу және ғылыми мәселелерді шешуге қолданады.

Әңгімелесу барысында мұғалім сұрақты бір оқушыға (жеке әңгімелесу) немесе барлық сынып оқушыларына (жаппай) қояды. Әңгімелесудің бір түрі - оқушымен әңгімелесу. Оны сыныппен, оқушылардың жеке топтарымен өткізуге болады, әсіресе жоғары сынып оқушылары өз пікірлерін айтып, сұрақтар қойып, мұғалім ұсынған тақырыпты талқылайды. Әңгімелесудің нәтижесі көп жағдайда сұрақтардың дұрыс қойылуына байланысты.

Әңгімелесу әдісінің артықшылықтары:


•    ес пен тілді дамытуы;
•    оқушылардың оқу-танымдық қызметін белсенді етуі;
•    оқушылардың білімінің белгілі болуы;
•    жақсы диагностикалық құрап;
•    үлкен тәрбиелік күші бар.

Әңгімелесу әдісінің кемшілігі:


•    уақыттың көп кетуі;
•    қауіп элементі бар (оқушы дұрыс жауап бермеуі мүмкін, оны басқа оқушылар естіп, есінде сақтап қалады.

Оқу пікірталастары оқытудың сөздік әдістерінің ішінде елеулі орын алады. Оның оқыту процесіндегі ең басты қызметі - танымдық қызығушылықты ынталандыру, оқушыларды қандай да мәселе бойынша түрлі ғылыми көзқарастарды белсенді түрде талдауға қатыстыру, басқа жеке тұлғанық және өзінің көзқарастарының негіздерін түсінуге жағдай жасау. Пікір-сайыс өткізу үшін оқушылардың дайындығы, талданатын мәселе бойынша кем дегенде екі ңарама-қарсы көзқарас болу керек. Білімсіз өткен пікірсайыс жүйесіз мәселеден ауытқып, нәтижесіз өтеді. Оқу пікірсайыстары оқушылардың өз ойларын анық және дәл тұжырымдау іскерлігінің болуын, дәйекті дәлелдерді құрастыра білуін талап етіп, оларды ойлауға, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге, ой жарыстыруға үйретеді. Мұғалім сөз мәнерінің үлгісі болып, оқушылардың ой-пікірлерін тыңдап, оған әдепті түрде түзетулер енгізіп, өз пікірінің ақиқаттығына таласпай, соңғы сөзді айтуға құқығы бар екендігін оқушылардың естеріне салуы қажет.


Оқу пікірталасы негізгі мектептің жоғары сыныптарында, ішінара, орта мектептің бастауыш сыныптарында қолданылады.

Жақсы өткізілген пікірсайыс балаларға білім және тәрбие береді, мәселені терең түсінуге, өз пікірін қорғауға, басқалардың пікірімен санасуға үйретеді.

Кітаппен және оқулықтармен жұмыс – оқытудың маңызды әдісі. Бастауыш сыныптарда кітаппен жұмыс сабақта мұғалім басшылығымен жүзеге асады. Одан әрі оқушылар кітаппен жұмыс істеуге өздері үйренеді. Баспа материалдарымен өз бетімен жұмыстың кейбір тәсілдері бар.

Олар:
•    конспектілеу - кітаптың мазмұнын қысқа баяндау;


•    мәтіннің қарапайым және күрделі жоспарын жасау. Жоспар құру үшін мәтінді оқып болған соң оны бөліктерге бөліп, әр бөлікке атау беру керек;
•    тезистеу - кітаптың негізгі ойларын қысқа баяндау;
•    цитаталау - мәтінді сөзбе сөз көшіру. Міндетті түрде автор, кітап (жұмыс) аты, баспасы, шьққан жылы, беттері көрсетіледі;
•    аннотация — мәнді, елеулі мағынасын жоғалтпай мазмұнды қысқа баяндау;
•    рецензиялау - оқу материалы туралы өз ойын қысқа жазу;
•    справка жазу - тапқан кітап, т.б. мағлұмат көзі туралы мәлімет. Анықтамалар статистикалық, библиографиялық (өмірбаяндық, терминологиялық, географиялық, т.б) түрде болады;
•    формалдық-логикалық модель - мәтіннің сызбасы;
•    тақырыптық тезаурус – бөлім, тақырып бойынша негізі ұғымдарды ретке келтіру.

Оқушылар үшін білім көзі – бақылау, мұғалім сөзі, баспа материалдары. Оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми – көпшілік әдебиеттер және журналдардан оқушылар түрлі ақпараттар алып, сабақта алған білімдерін бекітуге, кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік алады, өз бетімен білім алу әдістерімен қаруланады. Кітаппен жұмыс әдісін меңгеру үшін ең алдымен оның тәсілдері меңгеріледі.

Кітаппен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруде бастауыш мектепте қолданылатын, көп уақыт алатын статикалық оқу үлкен рөл атқарады. Мұндай оқудың мақсаты мәтінді түсіндіру, оқушыларға мәтінді толық меңгерту, оған мәтіннің негізгі идеясын ұқтыру. Жаңа ақпаратты түсінудің құнды әдісі – мәтінді талдау.

Мұғалім кітаптар мен журналдарды тақырыпқа сай қолданады. Осы өздік жұмыстың жиі қолданылатын тәсілдері:

1. Белгілі бір ақпарат алу және оны бекіту мақсатымен кітапты оқып шығу. Осы мақсатқа жету үшін, мұғалім оқушыларға қысқа мерзім ішінде мәтінді қалай түсінуге болатындығын айтады. Әдетте, оқушылар мәтінді бір рет оқып шыққан соң, оны талдап, мәтіннің жоспарын жасайды.

2. Түсініксіз сөйлем және сөздердің мағынасын сөздік немесе энциклопедия арқылы ашып, қосымша әдебиеттерден ақпараттар алып, керекті мәліметтерді конспектілеп, оқығанын өз сөзімен айтып көреді. Мұғалім оқушыларды мәтіндегі негізгі ойды бөлуге үйрету керек. Жоспар жасау үшін мәтіндер бір-бірімен өзара байланысты бөліктерге бөлінеді де, әр бөлікке атау беріледі.

3. Қосымша әдебиеттерді қолдану үшін оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу қабілеті болуы керек. Оқушылардың кітаптар мен журналдарды сыни тұрғыдан оқуының да үлкен маңызы бар. Идеялардың матрицасы - әртүрлі авторлардың еңбектеріндегі біртекті ойлар мен құбылыстарға салыстырмалы сипаттама беру.
Оқытуда қолданылатын көрнекілік әдістер

Көрнекілік әдісі. Әл-Фараби "Оқытудың негізгі әдісі - көрнекілік" деп, оның мақсаттарын, тәсілдерін (түсіндіру, әсерлендіру, есте қалдыру) ұсынады. Оқу материалын меңгеру көп жағдайда оқыту процесінде қолданылатын көрнекі құралдарға және техникалық құралдарға байланысты.


Көрнекілік әдісі оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерімен өзара байланыста қолданылады және құбылыстармен, объектілермен оқушыларды таныстырранда олардың сезім мүшелеріне әсер етіп, алуан түрлі сурет, көшірме, сызба арқылы құбылыс, процесс, объектілердің символдық бейнелерін немесе оларды табиғи күйінде қабылдайды. Қазіргі мектепте осы мақсатпен экрандық және техникалық құралдар кең қолданылады. Көрнекілік әдістерін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: иллюстрация және демонстрация.

Иллюстрация әдісі арқылы оқушыларға иллюстрациялық құралдар – атап айтсақ: плакат, кесте, картина, карта, тақтадағы суреттер, үлгілер көрсетіледі.

Демонстрацияның (көрсету) оқыту әдісі ретіндегі ерекшеліктері
Демонстрация әдісі арқылы заттар мен құбылыстар тәжірибе жасау арқылы немесе техникалық құралдардан, кино-фильмдерден, диафильмдерден көрсетіледі.

Оқу процесіне жаңа техникалық құралдарды енгізу (теледидар, видеомагнитофондар) оқытудың көрнекілік әдісінің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазіргі уақытта көрнекі құралдың жаңа түрі – жеке тұлғалар қолданатын компьютерлерге ерекше көңіл бөлініп, мектептерде электронды-есептегіш техникасы кабинеттерін құру міндеті шешілуде, оқу процесіне белгілі бір жағдаяттарды және процестерді үлгілеуге мүмкіндік беретін компьютерлерді енгізу міндеті де қолға алынуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен меңгерілген көптеген процестерді қозғалыста, көрнекі түрде көруге мүмкіндік береді. Компьютерлер, көрнекілік әдістерінің оқыту процесіндегі мүмкіндіктерін елеулі түрде кеңейтеді.

Оқытудың көрнекілік әдісінің шарттарды:

•    көрнекіліктің оқушылардың жасына сәйкестігі;


•    көрнекілікті сабаөтың керек сәтінде қолдану;
•    демонстрацияланған затты барлық оқушылардың көруі;
•    иллюстрацияның ең бастысын, мәндісін нақты бөлу;
•    құбылыстарды демонстрациялау кезінде берілетін түсініктерді мұқият ойластыру;
•    демонстрацияланатын көрнекіліктің оқу материалы мазмұнымен сәйкес келуі;
•    көрнекі құрал мен демонстрациялық қондырғылардан керекті мәліметтерді табуға оқушыларды ңатыстыру.

Оқытудың тәжірибелік әдістері арқылы оқушылар тәжірибелік қызметпен айналысып, тәжірибелік іскерліктері мен дағдыларын қалыптастырады. Тәжірибелік әдістер: жаттығулар, зертханалық және практикалық жұмыстар.

Жаттығу көмегімен ақыл-ой және тәжірибелік іс-әрекет меңгеріледі. Ол барлық пәндерді оқуда, оқу процесінің түрлі кезеңдерінде қолданылады. Оның сипатыжәне әдістемесі оқу пәнінің ерекшелігіне, нақты оқу материалына, оқушылардың жасына байланысты. Жаттығу сипатына қарай ауызша, жазбаша, графикалық және оқу-еңбек деп бөлінеді.
Оқушылардың өз бетімен жұмыс істей білу деңгейіне қарай жаттығулар бірнеше түрге бөлінеді:

•    белгілі білімдерді еске түсіріп, оны бекіту мақсатындағы жаттығулар;

•    білімді жаңа жағдайда қолданып жаттығу.

Егер оқушы іс-қимылдарды ауызша айтса, онда оны түсіндіру арқылы жаттығу деп атайды. Мұғалім оқушы іс-әрекетінен қателіктер тауып, оқушылардың іс-әрекетіне түзетулер енгізеді.

Жаттығулардың ерекшеліктері:

Ауызша жаттығулар логикалық ойды, есті, тілді оқушылардың зейінін дамытуға көмектеседі.

Жазбаша жаттығулар білімді бекіту және оны қолдану іскерлігін жасауда қолданылады. Оларды қолдану логикалық ойды дамытуға, жазбаша тіл мәдениетін, өздікті дамытуға көмектеседі. Әрбір оқу пәнінің міндетті бөлігі - ана тілінен шет тіліне аудару, берілген тақырыпқа шығарма жазу, суретпен жұмыс, өз бетімен мысалдар және есептер, кесте құрастыру, диаграмма, баяндама, көрініс әзірлеу. Жаттығуды орындау алдында оқушыларға теориялық материал түсіндіріліп, нұсқау беріледі.
Жазбаша жаттығулар: ана тілі, шет тілі, математика, т.б. пәндерде орындалады.

Оқушы оқуға үйренгенде, мәтінді мәнерлеп оқып, грамматикалық ережелерді қолданып, көптеген жаттығулар жазады.


Графикалық жаттығулар: кесте, сызба, технологиялық карта, альбом, стенд жасау, экскурсия кезінде салған суреттер.

Оқу-еңбек жаттығулары: оқу шеберханаларындағы қағазбен, картонмен, ағашпен, металмен жұмыс істеу, әр түрлі құралдар қолдану, станок, тетіктерді басқару, "Конструктор" ойыншықтармен жұмыс істеу.


Жаттығу әдісіне қойылатын талаптар:

•    оны орындауға деген оқушылардың саналы көзқарасы;

•    жаттығуларды орындаудағы дидактикалық сабақтастық: алдымен оқу материалын түсінуге көмектесетін, содан кейін есте сақтауға, қолдануға, оқылғанды жаңа жағдаяттарда өздігінен, шығармашылықпен қолдануға, жаңа материалды бұрын меңгерген білім, іскерлік және дағдылар жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін жаттығуларды орындау.
Дәріс 5. Білім берудегі қазіргі технологиялардың оқыту әдістері

Мазмұны:


  1. Оқушылардың таным-белсенділігі деңгейіне қарай топтастырылған әдістер

  2. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру әдістері. Импрессия және экспрессия.

  3. Ынталандыру әдістері. Ойын - оқыту әдісі.



1. Оқушылардың таным-белсенділігі деңгейіне қарай топтастырылған әдістер (И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин)

Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс. Бұл әдіс арқылы оқушылар ақпараттарды меңгереді. Оны басқаша ақпараттық-рецепция (қабылдау) әдісі деп атайды. Осы әдіс арқылы мұғалім дайын ақпараттарды оқушыларға түрлі құралдармен түсіндіреді, ал оқушылар ақпараттарды түсініп, естерінде сақтайды.


Ақпараттар әңгіме, дәріс, түсіндіру, кітап, қосымша құралдар, көрнекі құралдар арқылы беріледі. Мұғалім – есептер шығарады, теоремаларды дәлелдейді, жоспар құруға үйретеді. Оқушылар - мұғалімнің іс-әрекетін қайталайды, тыңдайды, көрнекіліктеріне қарайды, заттармен жұмыс істейді, оқиды, бақылайды, жаңа оқу материалдарын бұрынғы білімдеріне қосады.
Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс арқылы адамзат жинақтаған тәжірибені аз уақыт ішінде беруге болады. Оның пайдасы ғасырлар бойы тексерілген және көп елдерде қолданылады.

Көп ғасырлар бойы білім беру үшін мұғалімнің сөзі, оқу кітаптары, жұтаңдау көрнекі құралдар қолданылады. Қазір ақпараттар техникалық құралдар арқылы да берілуде. Олар арқылы ғалымдармен, жазушылармен, суретшілермен, әртістермен, конструкторлармен, т.б. кездесу өткізуге болады.

Оқу кинолары, телехабарлары зат және құбылысты жақсы қабылдап, түсінуге көмектеседі. Олар арқылы өсімдіктің қалай өсетінін, ғарыштағы микроағзалардағы құбылыстарды көреді. Жұмыс істеп тұрған үлгілерді, табиғи объектілерді демонстрациялауды кең қолдану керек.
Түсіндермелі-иллюстративтік әдіс бастауыш мектептерде кең тараған. Ол арқылы білім "дайын" күйінде беріледі. Мұғалім материалды қабылдауға көмектеседі, оны оқушылар түсініп, естерінде қалдырады. Бұл әдісті шектен тыс қолдануға болмайды.

Репродуктивтік әдіс. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушының іскерлігін және дағдыларын қалыптастырып, тапсырмалар беріп, өзі меңгерткен білімді, үйреткен іскерлік дағдыларын оқушыларға қайталатады. Оқушылар мұғалімнің есебіне ұқсас есептер шығарып, тіл сабақтарында үлгі бойынша жіктейді, септейді, жоспар құрып, мұғалімнің нұсқауымен станоктармен жұмыс істеп, химиядан, физикадан тәжірибе жасайды.


Репродуктивтік әдіс мұғалімнен ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Мұғалім сөздік, көрнекілік, тәжірибелік әдістер арқыл ы жаңа оқу материалын түсіндіреді, ал оқушыл ар оларды тапсырмаларды орындау үшін қолданады.

Оқушыларға берілетін нұсқаулар жетілдіріліп, жауаптары бар бағдарламаланған оқулықтар жасалуда. Оларға ауызша түсіндіру, қалай жұмыс істеуді айтумен қатар, жұмыс істеуге керек сызбалар, кинодан үзінділер көрсетіледі.

Білімнің көлемі көп болғанда репродуктивтік әдіс түсіндірмелі-иллюстративтік әдіспен бірге қолданылады.

Оқушыларға алгоритм беріледі. Алгоритм - оқушыға зат не құбылысты толық білуге көмектесетін бағыт беретін іс-әрекеттердің жүйесі. Оқушыларға конспектілеудің, салыстырудың, есеп шығарудың алгоритмдері беріледі. Алгоритмдер бірнеше операциялары бар дағдыларды қалыптастыруға пайдалы, себебі күрделі іс-әрекеттен оның жеке операциялары бөлінеді.


Репродуктивтік әдіс бағдарламалық оқытумен тығыз байланысты. Ол арқылы тәжірибелік жұмыстар атқарылады. Оқушылар өз бетімен меңгере алмайтынын, олар үшін мүлдем жаңа тақырыптарды репродуктивтік әдіспен беру керек.

Аталған әдісті шектен тыс қолдану жаттандылыққа әкеліп, оқушының шығармашылығын, ақыл-ойын дамытпайды. Себебі репродуктивтік әдісті қолданғанда оқушылар үлгі, нұсқау бойынша жұмыс істейді.


Мәселелік әдісті қолданғанда оқушылар орындайтын іс-әрекеттен шығармашылық іс-әрекетке көшеді. Бастауыш мектептің оқушылары мәселелік міндеттерді өз бетімен шеше алмайды, сондықтан мұғалім оларға мәселені шешу жолдарын көрсетеді, мәселені толықтай өзі шешеді. Оқушылар мәселені шешпесе де, танымдық қиындықтарды шешу жолдарын көреді. Мәселелік әдістің орта және жоғары сыныптарда пайдасы көп. "Токты күшейту және әлсірету үшін, температураны көтеру және түсіру үшін не істеу керек?" - деген сұрақтар мәселелік сұрақтар.

Қиын жағдаят мәселені шешуге керекті білімдерді, ақыл-ой жұмысына қабілетті, үлкен белсенділікті талап етеді. Оны оқушылар өз беттерімен немесе мұғалім көмегімен шешеді.

Мәселелік жағдаятты тудырудағы мақсат - оқуды қиындату арқылы оқу материалдарын меңгерту, баланың ақыл-ойын жұмыс істету. Мәселелік жағдаят сұрақтар қою, болжам айту, дәлелденбеген пікірлерді талдату арқылы жасалады. Оқылып отырған құбылыстың сызбасы, диаграммасы жасалады. Оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеп, білімдерін емін-еркін естеріне түсіреді. Мәселелік әдіс оқушыларды тапқырлыққа, қарама-қайшылықтарды түсінуге, болжамдар айтуға, дәлелдер келтіруге, шешім табуға үйретеді.

Ішінара ізденіс немесе эвристикалық әдіс. Оқушыға мәселені өз бетімен шешуге үйрету үшін, оған шағын зерттеу жұмыстарын беру керек. Мұғалім картиналар, құжаттар көрсетіп, оларға сұрақ қоюды ұсынады, фактілерден қорытынды шығартады, ұсыныстар айтқызады. Эвристикалық әдіс арқылы сабақ өткізетін мұғалім алдын ала мәселені шешуге алып келетін, оқушылардың білімдерін еске түсіртетін сұрақтар әзірлейді.


Эвристикалық әңгіме үшін құрастырылған сұрақтар мәселелік сипатта болады. Оқушылар ізденеді, шығармашылықтарын көрсетеді. Оқушылар жеке мәселелік сұрақтарды шешсе, онда ішінара – ізденіс әдісінің қолданылғаны. Мұғалім тапсырма әзірлеп, оның қай жерлерін оқушылар зерттеу арқылы орындайтынын белгілейді.

Зерттеу әдісі шығармашылық жұмыс тәжірибесін жақсы үйрену үшін қолданылады. Зерттеу әдісі арқылы оқушы білімін қолданып, ғылыми таным әдістерімен жұмыс істеп үйреніп, жаңа мәселелерді шешу тәжірибесін жинақтайды.

Зерттеу жұмыстары сабақта, үйде орындалып, бір аптада, бір айда орындалатын тапсырмалар жоспарланады. Мысалы, әдебиеттің мұғалімі "Қазақстан жазушыларының нарық кезінде жазған шығармалары" - деген тақырыпта тапсырма береді. Оқушылар барлық жұмысты өз беттерімен орындайды. Өсімдіктер өсіру үшін қолданылған агротехникалық тәсілдердің пайдасын анықтау жөнінде тапсырмалар беріліп, зерттеу жұмысының жоспары жасалып, қорытындыларының дұрыстығы тексеріледі. Осы жоспармен туған өлке тарихын зерттетуге болады. Оқушылар эксперимент жүргізеді, ғылыми эксперименттерге қатысады, ұзақ уақыт кететін тапсырмалар көп болмау керек. Әр пәннен жылына бір рет тапсырма берген жақсы. Бір оқу жылы ішінде барлық пәндерден зерттеу жұмыстарын беру тиімсіз. Зерттеу жұмысының түрлері: өсімдіктерді, жануарларды, табиғат құбылыстарын бақылау, баяндамалар оқу, технологиялық процестерді жетілдіру туралы ұсыныстар айту, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді талдау, т.б.
ІХ-Х сынып оқушыларын әдебиетті іріктеуге, аннотация жасауға, конспектілеуге, картотекалар жасауға, жоспар жасауға, материал жинауға, оның жоспарын жасауға, құрастыруға, баяндауға үйрету керек.
Зерттеу кезеңдері: 1) факті, не құбылыстарды бақылау, зерттеу; 2) зерттелетін мәселелерді анықтау; 3) мәселені шешу жөнінде жорамал айту; 4) зерттеудің жоспарын жасау; 5) зерттеу; 6) нәтиже; 7) оны қолдану туралы ұсыныс.

Оқушының шешетін мәселелері оқу бағдарламасына ену керек. Оқушының зерттеуі ғалымның зерттеуіне ұқсас, күрделі болмау керек. Оларды әдіскер-ғалымдар жасайды.


2. Оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру әдісі.

Дедуктивтік әдіс арқылы мұғалім ережелерді, формулаларды, заңдарды түсіндіріп, оны оқушы меңгереді. Аталған әдіс оқу материалын тез меңгеруге көмектесіп, абстрактылы ойлауды дамытады. Оны теориялық материалдарды оқуға, есептер шығаруда қолданған дұрыс.Эвклидтің элементарлық геометриясы дедуктивтік әдіспен оқытылады. Бірақ оқушылардың дайындығын қатаң түрде ескеру керек. Егер олар кейбір ұғымдарды, теорияларды білсе, онда мұғалім оларды жеке зат және құбылыстарды меңгерту үшін қолданады.

Дедукция әдісі арқылы оқушы өзі білетін қорытындыларды, ережелерді, ғылыми заңдарды бақылау жүргізгенде, тәжірибе жасағанда, жаттығу жазғанда қолданады. Мысалы, теңіз кемелерінің қанша тонна жүк көтеретінін білу үшін Архимед заңы қолданылады. Жазбаша жаттығу жазғанда белгілі грамматикалық ережелер қолданылады.
Индуктивтік әдіс. Индукция - латын сөзі. Оқушыларды белгілі бір қорытындыларға әкелу. Алдымен оқушыларға жеке заттар, құбылыстар түсіндіріледі, фактілерден қорытындылар шығартады. Индукция әдісі дедукциямен бірге қолданылады.

Осы екі әдіс арқылы ой-тұжырымдарын жасау - оқытудың логикалық негізі болып табылады. Оқу пәнінің мазмұны, логикасы бағдарламасы индукция әдісін қолдануды талап етеді. Индукция әдісі бастауыш сыныптарда жиі қолданылады. Себебі Бұл жастағы балалар нақты жеке құбылыстарға қызығады. Олардың кейбір белгілерін анықтап, талдап, қорытындылар жасайды. Осылайша жасалған ұғымдарын сөз арқылы айтады. Осы кезден бастап дедукция әдісі қолданыла бастайды.


Импрессивтік әдістер. Импрессия (латын сөзі, әсер, толғаныс, сезім) әдісі арқылы балалар мен жастар немесе ересектер шығарма және оның авторы туралы ақпарат алып, оны талдап, шығарманық негізгі идеясын айтады.
Оқушы шығарманық негізгі идеяларын оның кейіпкерлерінің мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен салыстырады, өзінің сөзі мен ісіне ойлана қарай бастайды.

Осы әдісті әдеби шығармаларды, сахналық қойылымдарды, кинофильмдерді, сәулет өнері, саз өнері шығармаларын және адамның мінез-құлқын талдау үшін қолдануға болады. Бұл әдісің тиімділігі ең алдымен шығармаларды іріктеуге, мұғалімнің оқушыларды әсерлендіре білуіне, оқушылардың өз ойын басқалармен бөлісе алуына байланысты.


Экспрессивтік әдістер. Экспрессия (латын сөзі, бейнелеу) әдісі арқылы жасалған жағдайда оқушылар нақты құндылықтар жасап, өздерін танытады. Оның жақсы мысалы оқушылардың сахналық қойылымдарда түрлі рөлдерде ойнауы, сценарий жазулары, режиссер, ұйымдастырушы болулары, қарапайым шығарманы сахнаға лайықтап қоюы.
Мұғалім экспрессивтік әдіс арқылы топқа және жеке оқушыларға сурет салдырып, мүсін жасатады, қысқа метражды фильм шығартады. Оқушылар жұмысының көрмесі, тарихи оқиғаларды сахнаға лайықтап қою да экспрессивтік әдіс арқылы жасалады.

Адамдардың қарым-қатынасын әнмен айтылатын қысқа комедиялы пьеса немесе психологиялық драма түрінде көрсету оқушыны жақсы болуға тәрбиелейді.

Бала тебірене, толғана отырып рухани құндылықтарға баға береді. Бұл баға өзгермейді.

Экспрессивтік әдіс оқушылардың шығармашылық белсенділігін туғызады, фотоаппарат, ұнтаспа, радио, теледидар, ұлғайтқыш аппараттар, кинокамера, күйтабақ, бейнемагнитафондар адамдар жасап шығарған рухани мәдениетті көруге, үйренуге көмектеседі, тәрбиеленушілердің біліктілігін арттырады.


3. Ынталандыру әдісі

Қызығушылықтың үш түрі:

•    іс-әрекетке деген оң көзқарастың болуы;
•    танымның баланы жақсы сезімге бөлеуі;
•    іс-әрекеттің баланы ынталандыруы.

Оқыту процесінде баланың оқу іс-әрекетіне оң көзқарасын туғызу керек. Оқылып отырған материалдың оқушыны тебірентуі, қуанышқа бөлеуі, таң қалдыруы, аяушылық сезімін тудыруы сабақтың мақсатына жетуді тездетеді.

Педагог ақын М.Жұмабаев ақыл көріністері әсерленуден пайда болады, әсерленудің күшті болуы, жалғасып дамуы ұғымның дұрыс болуының кепілі деп көрсетеді. Жаңашыл мұғалім Е.Н.Ильин әдеби шығармалардың адамгершілік туралы жазған жерлерін оқушыларға талдатады. Қызықты мысалдар, тәжірибе жүргізу, бір-біріне кереғар келетін айғақтар оқушының түрлі сезімдерін туғызып, оны оқуға ынталандырады. "Тұрмыстағы физика", "Ертегілердегі физика" деген тақырыпқа мысалдар жинату да пайдалы жұмыс.

Атақты ғалымдардың және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы кештер, көркем әдебиеттен үзінділер оқу танымдық қызығушылықты арттырады.

Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті де оқушы сезіміне әсер етеді. Оқулық тақырыптарының мазмұны - оқу іс-әрекетіне қызықтыратын негізгі құрал.
Оқуға қызықтырудың өте жақсы әдісі - танымдық ойындар. Пікірсайыстар да оқушыны оқуға қызықтырады. Үлгерімі төмен оқушыларды жеткен жетістігіне қуанту да олардың оқуға ықыласын арттырады.
Жауапкершілікті қалыптастыру әдістері.

Тәсілдері:


•    оқушыға оқудың өзіне және қоғамға пайдасын түсіндіру;
•    талап қою;
•    талаптарды орындауға үйрету;
•    өз міндеттерін жақсы атқаратындарды мадақтау;
•    керек жағдайда жазалау әдісін қолдану;
•    оқушыға кемшіліктерін айтып, оларды түзетуге көмектесу.

Оқушыға оқудың өзіне және қоғамға пайдасын түсіндіру үшін мұғалім өндірістің дамуына ғылымның қалай әсер еткенін айтып, білімділік еңбек өнімділігін арттырып, жаңашылдыққа әкелетінін дәлелдейді.


Оқушыға оқудың пайдасын түсіндіру. Жаратылыс-математика бағытын таңдаған балаларға қоғамдық ғылымдардың, қоғамдық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқитын оқушыларға жаратылыс-математика бағытындағы пәндердің пайдасын түсіндіру үшін өндіріске экскурсияға, мәдени орталықтарға, кітапханаларға экскурсияға апарудың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің дарынды балаларға жасап отырған қамқорлығын, түрлі олимпиадаларға қатысудың, мамандығын растайтын құжаттардың тіршілік үшін маңызын түсіндірудің пайдасы зор.

Оқуға байланысты талаптар қою әдісі арқылы оқушыларға барлық пәндер бойынша бағалау өлшемдері, мектептің ішкі төртібі, оқушылардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Оқушыларды оқу жұмысының алуан түрін орындауға үйрету, жаттықтыру борыш пен жауапкершілікті қалыптастырады. Үлгілі оқушылар мен мұғалімдердің де бала оқуына ықпалы зор.

Оқудағы мадақтау және жазалау әдістері.

Мадақтау түрлері:

•    баға қою;
•    тапсырмалар арқылы оқушыны табысқа жеткізу;
•    оқушыны тәжірибе және зертханалық жұмыстарды жүргізуге көмекші етіп алу;
•    топтық тәжірибелік жұмыс кезінде оқушыға бөлімшелерді басқарту;
•    үлгерім және сабаққа қатынас көрсеткіштерін шығару;
•    білімнің қоғамдық байқауының қорытындылары бойынша мадақтау;
•    жақсы оқитын оқушылардың үлгерімі төмен оқушыларға көмектесуі, т.б.
Жазалау түрлері:
•    сабақта оқушыға ауызша ескерту жасау;
•    күнделікке, дәптерге "қанаттанғысыз" баға қою;
•    қателерін айтып, қосымша жұмыс істеуді талап ету.

Ойын - оқыту әдісі

Оқыту мақсатында қолданылатын ойындардың түрлері көп. Ойын - қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың іс-әрекетінің негізгі түрі, ал оқушылар мен ересектер ойынды сабақтан және жұмыстан қолы бос кездерінде ойнайды. Бірақ оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады. Ойын туралы көптеген теориялар бар. Солардың бірін алғаш рет жасаған Ф.Врубель. Ол ойын арқылы бала өзін-өзі көрсеткісі келеді дейді. М.Лазарус жұмыстан кейін демалу теориясын, Г.Спенсер ойын арқылы денедегі артық энергияны шығару, К.Крус тіршілік үшін күреске әзірлеу ойындарының, С.Л.Рубинштейн еңбекке дайындайтын ойындарының теорияларын жасады. Ойын туралы қазіргі көзқарастар оның көптеген қызметін анықтап отыр. Ол баланың қажеттіліктерін, қызығушылықтарын қанағаттандырып, оның өмірге бейімделуін жеңілдетеді (Д.Б.Эльконин), болмысты тануға көмектеседі. Ойын арқылы бала білім алады, тәрбиеленеді, қоғамды құрметтеуге үйренеді, ынтымақтасып жұмыс істеуге дағдыланып, ұтылуға емес, ұтуға тырысады. Оқушылар ертегілерді, аңыздарды, әдеби шығармаларды, өмірден алынған оқиғаларды сахнаға лайықтап қойып, өздері түрлі рөлдерде ойнайды.


Симулятивтік ойындар кезінде оқушылар өз бетімен күрделі мәселелерді шешеді. Бұл ойындар алғаш рет әскери училищелерде кескілескен шайқастарды бейнелеу үшін қолданылған. XX ғасырдың 60 жылдарының басында көптеген елдердің білім беру ұйымдарында іскерлік ойындар қолданыла бастады.

Іскерлік ойындар арқылы бала түрлі оқиғаларға қатысып, еңбек, отбасылық, қоғамдық қатынастарға енуге әзірленеді. Енді отбасындағы өмірді түсінуге көмектесетін іскерлік ойыннан үзінділер келтірейік.


Бірінші кезең "Жас отбасының бюджеті" деген жағдаят. Жоғары сынып оқушылары "отбасыларына" бөлінеді, әр отбасында жас жұбайлар мен олардың туысқандары тұрады. Эксперттер құрамына мұғалімдер, ата-аналар, жоғары сынып оқушылары енеді. Эксперттердің міндеті - ойыншыларға "тұрмысқа" керекті қаржы, құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беру.
Мысалы, бір жұп тамаққа күніне 200 теңге жұмсаймыз дейді. Ал эксперттер оған қандай тамақтың түрлерін сатып алатындығын айтуын сұрайды. Азық-түлікті сатып алған соң, ойынның екінші кезеңі басталады. Ойынға қатысушылар бір-бірімен пікір таластыра бастайды. Қалған ақшаға "әйелі" өзіне киім алғысы келеді, ал "ері" жинақтау қорына салғысы келеді.
"Ата-аналары" нені сатып алу жөнінде ақыл айтып, жас жұбайларға ақшалай көмек беретіндіктерін айтады. Эксперттер оларға өздерінің мүмкіндіктерінді ескердіңдер ме? Балаларыңыз сендерге неге көмектеспейді? "Масылдарды тәрбиелеу жақсылыққа әкелмейді" деген пікірлер айтады.
Кейін жоғары сынып оқушыларының келісімімен ойынға ата-аналар қатысады. Бұл ойын болғанмен, ондағы жағдаят өмірде болатын жағдайға жақын. Ойында оқушылар түрлі шешімдерге келіп, әрекет жасайды. Олар үшін отбасылық экономика, отбасындағы психологиялық ахуал деген ұғымдар анық бола бастайды. Бұл мысалдан іскерлік ойында нақты жағдай көрсетілетінін білдік. Біз отбасылық өмірдің бір сәтінен үзінді келтірдік. Ойын барысында жасалған шартты үлгі өмірде болатын жағдайлар. Осылайша тарихи оқиғаларды балаларға іскерлік ойындар арқылы меңгертуге болады.

Ғалымдар зерттеуі іскерлік ойындардың оқушылардың оқу үлгеріміне жақсы әсер ететін дәлелдеп отыр. Іскерлік ойындар оқытудың тиімді, үнемді, негізгі әдістерінің бірі. Олар оқушыны ңысым жасамай оқытуға мүмкіндік береді, оқушының оқиғаны терең толғаныстармен түсінуіне себепші болады.


Мұғалімдер көптеген танымдық ойындар өткізеді. Ойын түрінде болатын саяхат, электрлендірілген викториналар арқылы белгілі бір ауданның жануарлар дүниесі, ұшақ, корабльдердің түрлері оқылады.
Алуан түрлі ребустар, сөзжұмбақтар, құпияхаттар, сөзтуымдар, логикалық есептер білім береді және оқушыларды ынталандырады. Математикада "Кім жылдам", "Ең үздік есепші", "Хоккей" ойындары тез санауға үйретеді. "Бағдаршам", "Дым білмес"ойындары арқылы жол жүру ережелері қайталанады. Ал "ғарышкерлер" ойыны ғылым жетістіктерімен, "Футбол", "Хоккей" ойындары еліміздің спорт шеберлерінің жетістіктерімен таныстырады. "Ағашты кім тез отырғызады" ойыны табиғатты күтіп ұстауға тәрбиелейді. Іскерлік ойындар ойнағанда бала нақты оқиғалардың куәгері болып еңбек етуге отбасылық өмірге, қоғамдық қатынастарға әзірленеді.
Идеялар банкі. Бұл әдіс ой майданы деп аталады. Топтық алдына бір міндет қойылады, осы міндетті шешу үшін топ мүмкіндігінше жаңа, тың ұсыныстар айту керек. Барлық ұсыныстарды топ жинап алып, оларға баға береді. Бұл әдіс арқылы проблемалық жағдаят жасалып, оны шешу туралы ұсыныстар айтылып, ол ұсыныстар тексеріліп, бағаланады және ең жақсы ұсыныстар таңдалып алынады.

Ой майданы әдісін 1939 жылы А.Ф.Осборн бірінші рет қолданған. Ол балаларға ұнаған, себебі олар өздеріне қызықты мәселелерді шешіп отырған. Ой майданының ұзақтығы 1-2 сағатқа созылған. Бұл әдіс арқылы өткен сабақтың нәтижелі болуы мұғалімнің біліктілігіне, топтың даму деңгейіне байланысты. Топта он адам болғаны жақсы, бірақ топ мүшелерінің санын көбейтугеболады.

Бұл әдіс арқылы педагогикалық бөлімнің студенттері шағын топтарға бөлініп, мектеп оқулығынан бір тақырыпқа әзірленіп 5-20 минут сабақ береді, содан кейін сабақ талқыланады, бағаланады, оны келесіде жақсы өткізу жолдары белгіленеді. Сабақты түгел бейне жазбаға жазу оны талдауды жеңілдетеді. Бұл әдіс мұғалімдік жұмысқа дағдыландырады. Оны шет тілін оқытуда пайдалануға болады.

Оқыту әдістерін жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Оқыту әдістерінің тиімділігін арттырып, оқытудың жаңа нысандары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша маңыз беріледі.

Алайда, оқыту әдісін таңдау - күрделі процестің бірі. Кейбір әдістерді қолдануда біржақты асыра сілтеушілікке жол бермеу керек. Әр тақырып оқытудың ерекше тәсілдері мен жолдарын талап етеді. Соңдықтан, оқытуда әр түрлі әдістерді қолдану қажет.

Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқу әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады.

Оқыту әдісін таңдауға ықпал ететін шарттар:

1. Оқыту әдістерін оның мақсат-міндеттеріне, оқушылардың жас және таным әрекетінің ерекшеліктеріне сай қолдану;

2. Мектептің материалдық - техникалық негізін ескеру;

3. Мектептің орналасқан жерін ескеру. Мысалы, қала мектептерінде оқушыларды өндіріс орындарына экскурсияға, ауыл мектептерінде мектеп жанындағы учаскелерге, табиғатқа, ауылшаруашылық өндірісіне апару;


4. Мұғалімнің шығармашылығы және шеберлігі. Оқытудың нәтижелі өтуіне негіз болатын сабақ мақсатының айқындығы. Себебі оқу материалын баяндауда негізгі идеясын немесе оқушылардың іс-әрекетін анықтап алмай, оқыту мақсатына жету мүмкін емес.

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет