Дәрістер. Жас ерекшелік физиологиясы мен психологиясы
1 дәріс. Адамның өсу және даму заңдылықтары. Жүйке жүйесінің құрылысы мен қызметі және дамуы
Жас ерекшелік физиологиясы адамның жеке басының өмір сүруінің (онтогенезінің) әр түрлі кезеңдерін сипаттайтын, морфологиялық және функционалдық ерекшеліктерін, өсу мен дамудың жалпы заңдылықтарын, қызмет атқаруын реттейтін физиологиялық механихзмдерді, тіршілік ету ортасындағы алуан түрлі өзгерістерге организмнің бейімделуінің қалай іске асатындығын, организмді құрайтын жүйелер (жүйке жүйесі, қан айналу, тыныс алу, ас қорыту, зат алмасу, сыртқа шығару, сенсорлық жүйе) қызметтерінің мәнісін, олардың денсаулыққа қатысты орындары мен маңызын зерттеп, зерделеп түсіндіреді. Денсаулық ойдағыдай дұрыс қалыптасып, сақталуы, оның нығаюы үшін әрбір организмнің барлық физиологиялық көрсеткіштері адам жасының кезеңдерінде тиісті, қажетті деңгейлерде болуы шарт. Бұл көрсеткіштерді (қай пәннің маманы болмасын) саналы түрде білсе, ол өзіне тиесілі оқу-тәрбие жұмысын мақсатты, жүйелі жүргізеді, яғни қажетті пайдалы нәтежиеге қол жеткізеді. Бұл мақсатқа мектеп гигиенасын (оқушы мен оны қоршаған орта өзара қатынастарын, олардың жасқа байланысты ерекшеліктерін зерттейтін ілім) меңгеру зор көмегін тигізеді. Ғылыми негізделген гигиеналық талаптар мен нормативтерді орындау арқылы оқушылар денсаулығын нығайтуға бағытталған дене шынықтыру, сауықтыру іс-шараларын тиімді жүргізуге болады, баланың жан-жақты үйлесімді өсуі мен дамуына іс жүзінде көмектесуге мүмкіндік туады.
Балалар мен жастардың организмі үнемі өсіп дамуда болады. Организмдегі клеткалардың саны мен салмағының ұлғаюына байланысты дене көрсеткіштерін өсу деп атайды. Организмнің негізгі үш дене көрсеткіші бар: бойы, салмағы және кеуде шеңбері.
Даму – сапалық көрсеткіш. Организмнің дамуы дегеніміз ұлпалардың жекешеленіп белгілі бір қызмет атқаруға бейімделуі, организм мен оның жеке мүшелерінің қызметінің артуы, баланың ақыл-ой өрістерінің молаюы. Организмнің дамуы екі түрлі болады: физикалық және функциялық.
Физикалық дамудың көрсеткіштері барлық мүшелерге бірдей: мүшенің ұзындығы, ені, тереңдігі, көлемі, аумағы, салмағы.
Функциялық дамудың көрсеткіштері мүшенің атқаратын қызметіне байланысты әртүрлі. Мысалы, жүректің функциялық дамуын анықтау үшін оның систолалық немесе минутық көлемін өлшейді.
Өсу мен дамудың барлық адамдарға ортақ бірнеше заңдылықтары бар:
1. Өсу мен даму гетерохронды болады, яғни үнемі біркелкі болмайды. Өсу мен даму адам өмірінде бірде жылдамданып, бірде баяуланады. Тіпті бір жылдың ішінде бойдың өсуі бірдей емес: бала жазда тез, қыста нашар немесе түнде бойы көбірек, күндіз аз өседі.
Өсу қарқыны адам өмірінде үш рет күшейеді: 1) туғаннан 3 жасқа дейін; 2) 3-7 жас аралығы; 3) жыныстық жетілу кезеңінде.
2. Мүшелер мен мүшелер жүйелерінің өсу мен даму қарқыны әртүрлі. Баланың алғашқы жылында миы тез өседі, 7 жасқа жеткенше оның миы ересек адамның миының 80-90% шамасында болады. Ал лимфа ұлпаларының өсіп дамуы 10-12 жаста күшейеді, жыныс мүшелерінің өсіп жетілуі 12 жастан әрі қарай болады.
3. Өсу мен даму баланың жынысына байланысты. Жыныстық жетілу қыздарда 9-10 жаста, ұлдарда 10-11 жаста басталады да жынысына сай бойжеткендерде 16-18 және жігіттерде 18-20 жаста толық жетіледі. Жыныстық жетілгенге дейін ер баланың антропометрлік көрсеткіштері қыздардан жоғары болса, жыныстық жетілу басталған кезде, керісінше қыздардың салмағы, бойы, кеуде шеңбері анағұрлым жоғары болады. 15 жастан әрі қарай ер балалар тез өсіп жетіледі де олардың көрсеткіштері қайтадан қыздардан жоғары болады.
4. Өсу мен дамудың тұқым қуалау қасиеттері мен сыртқы ортаның жағдайларына тәуелділігі. Организмнің өсу және даму қарқыны, жыныстық деморфизм және жеке мүшелер мен мүшелер жүйесінің жетілуі тұқым қуалау қасиеттеріне байланысты. Дегенмен олар сыртқы ортаның жағдайына байланысты ауытқуы мүмкін.
5. Өсу мен дамудың акселерациясы. Акселерация дегеніміз өсу мен дамудың қарқынды жүруі. Яғни, қазіргі балалар мен жастардың белгілі бір мерзімінде олардың ата-аналарының сол жасындағы денесінен ірі болып, ерте жетілуін айтады.
Өсу мен дамудың акселерациясының бірнеше белгілері бар:
- жаңа туған нәрестелердің ірі болуы;
- белгілі бір жас мерзімінде балалар мен жастардың денесінің ірі болуы;
-ерте жыныстық жетілу;
-баланың сүйегінің ерте қатаюы;
-бойдың өсуінің ерте тоқтауы.
Адам жасының кезеңдері
Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырғанда балалардың жасын белгілі бір топқа бөлуге тура келеді. Ол топтардағы балалардың жасын белгілі бір мөлшермен шектеу қажет. Осыған байланысты адам өмірін бірнеше жас кезеңдеріне бөледі. Жас кезеңдері деп өсу мен дамуы ұқсас физиологиялық ерекшеліктері бірдей уақыт мөлшерінің шегін айтады. 1965 жылы Мәскеу қаласында адам организмін зерттейтін түрлі ғалымдар өкілінің қатысуымен болған дүниежүзілік жас кезеңдерінің жиналысында адамның барлық өмірін 12 кезеңге бөлген:
1. Нәресте- алғашқы 10 күн;
2. Емшектегі сәби -10 күн-1 жас аралығы;
3. Алғашқы балалық шақ - 1-3 жас аралығы;
4. Бірінші балалық шақ - 4-7 жас аралығы;
5. Екінші балалық шақ - 8-11жас (қыз бала), 8-12 жас (ұл бала);
6. Жасөспірім шақ - 12-15 (қыз бала), 13-16 (ұл бала);
7. Кәмелеттік немесе бозбала, бойжеткен - 16-20 (қыз бала), 17-21 (ұл бала);
8. Кемел жас (ересектіктің 1- кезеңі) - 21-35 (әйелдер), 22-35 (ерлер);
9. Ересектіктің 2- кезеңі - 36-55 (әйелдер) , 36-60 (ерлер);
10. Егде жас - 56-74 (әйелдер), 61-74 (ерлер);
11. Қарттық жас - 75-90 (әйелдер, ерлер);
12. Ұзақ жасаушылар - 90 жастан жоғары.
Достарыңызбен бөлісу: |